Тобықты ойындағы Бекет-ата мешіті

 

Маңғыстау, 22.04.2004

 

 

         Суфизм ағымының ғылым екені мойындалды. Сопылар даналығы ауызша айтылатын жер бетіндегі ең көп таралған, ең ұтымды пікірлер жиынтығы. Сопылардың табиғатқа көзқарасын кеңес заманында қуғынға салып, оны адам баласына зиянды құбылыс ретінде таныстыратын еді. Оны халыққа фанатик-мұсылманшылық, соқыр сенімге еру, надандықтың көрінісі ретінде қабылдатуға тырысты. Сондықтан да біздер сопылар туралы көп біле бермейміз.

Суфизм жетістіктеріне, олардың бұлтартпас дәлелді сөздеріне (көбінесе Қожанасыр әңгімелері боп таратылған) көзі анық жеткен әлемнің озық ойлылары оны тек мұсылман даналарының жетістігі емес, ол бар әлемдегі ойшылар ойының жемісі деп дәлелдеуге тырысуда.

         Біздің бұл мақаламыздың негізгі мақсаты суфизм жетістіктерінің тарихын зерттеп, тамырын анықтау болмағандықтан осы жерден негізгі мақсатымызға бұрылалық. Біздің әңгімеміз Бекет-Ата мешіттері туралы…

         Халық жады бізге Бекет-Атаның өз қолымен бес мешіт салып кеткенін жеткізеді. Оғыландыдағы өз мүрдесі қойылған, табиғи әктасты үңгіп жасаған мешіті осы кезде түгел мұсылман қауымының қасиет тұтары десек артық кете қоймаспыз. Бейнеудегі ұлутасты үңгіп жасаған мешіті мен Ақкиізтоғай маңындағы мешіті де елге танымал. Ал Бекет-Атаның Арал теңізінің жағасына салған Баялыдағы мешіті туралы маңғыстаулықтар көп біле бермейтін болса, Тобықтының ойындағы мешіті туралы тек қана Бозашы түбегінің қарттары хабардар. Бекет-Ата бес мешіт салған дедік. Мүмкін “салған” деген сөз Бекет-Атаның мешіт тұрғызу әдісіне сәйкес келмеуі…

Бекет-Атаның барлық мешіттері дерлік үңгу арқылы  тас жартастар қойнауына орналастырылған.

Бекет-Ата білімі бойынша – сопы, іргетасын Нажмедин әл Күбра қалаған Хиюадағы сопылар мектебін бітірген.

         Осы жерден амалсыздан біз сопыларға қайта ораламыз. Сопылар әлемдегі бар нәрсені табиғатпен байланыстырып барып ақиқатына жетуге, жаратылыс пен адам табиғатынан үндестік іздеп, сол арқылы Ұлы Жаратылыс құпияларын ашыуға тырысқан. Жердің астыңғы қабаттарындағы біздерге мәлім емес энергия көздерінің адамға жақсы әсер ететінін софылар тым ерте аңғарған. Сондықтан да бала оқыту үшін көбіне жер асты, немесе жартастардан ойылған арнайы жайлар көбірек пайдаланылған. Халықтың Шейх Күбра, Нишапур, Шікәбір-Ата дейтіндерінің бәрі де сол әл Күбрә. Нажмедин әл Күбраның өмірден өткен кезі белгілі. Шыңғыс хан әскерлері Хиюаға жақын келіп әл Күбраға хабаршы жіберіп, ертең үлкен соғыс болатын хабарлап ғұламаға шәкірттерін ерітіп қаладан шығып кетуіне мүмкіндік беретінін хабарлайды. Бірақ әл Күбра басқыншыларға қарсы күрескен халықпен бірге соғысып мерт болады. Дүние жүзінде ғұлама сопыларды дайындайтын оннан астам сопылық мектептер болған. Солардың ішінде әл Күбрә мектебінің “даналар” дайындайтын мектеп деген аты шығады.

         Сол даналар мектебін бітірген Бекет-Ата барлық мешіттерін ақ тастардан ойып, үңгіп жасаған. Құрылысшының көзімен қарағанда қабырғасын тастан қалап жасаған ғимраттың тасты ойып жасағаннан әлде қайда оңай екені белгілі. Бірақ табиғат қуатын пайдалану үшін сопылар ауыр еңбектен қашпаған. Сондай мешіттердің бірі Бекет-Ата қолымен жасалып, кезінде Бозашы түбегін сауаттандырған “Тобықтының ойындағы Бекет-Ата мешіті”. Білмейтін кісілерге ол мешіттің Шетпе-Қызан жолынан Қаранар төбесінің тұсына жете (Шетпеден 80 шақырым) оңға бұрылса он екі шақырым жерде орналасқанын хабарлаймыз. Тобықты ойы Ақтау қаласынан Қаражамбас жолымен жүргенде 200, ал Шетпе арқылы жүргенде 250 шақырым қашықтықта орналасқан.

         Жақын арада “Маңғыстау” газетіне бір топ Бозашы ақсақалдары обылыс әкімі Болат Палымбетов мырзаға хат жолдап, осы мешітті қайтадан жандандырып, елдің рухани тірлігі үшін пайдаға асыруды сұрап еді. Сол хат көтерген мәселе бойынша обылыс әкімінің тапсырмасымен, жаңадан сайланған орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов мырзаның сұрағы бойынша біз мешіт жағдайын біліп қайттық.

         Шетпеден 90 шақырым жерде Тобықты ойындағы мешіт бір әк шоқы бауырын ойып жасаған екі бөлмелі жай екен. Бір бөлмесінің төбесінде қалдырылған терезе тесігінің тұсынан опырылып құлаған, ғимрат қазір жартысына дейін көмілген. Маңындағы елдердің айтуынша алыс-жақыннан келген адамдар мешітке түнеп, садақа беріп жататын көрінеді. Мешіт ішінде қазан, балта секілді құралдар сақталған. Тобықты ойға жаңбыр кезінде су жиналып көлге айналады екен. Мешіттен 750 метр жерде ойды жиектеп жатырған биік жал бар. Егер мешітті жандандыру мақсаты қойылса онда жаңа мешітті жал басына орналастыруға болады. Біз әңгіме етіп отырған жалдан 700 метр жерде Еділ суын жеткізіп жатырған құбыр  мен электр жүйесі өтеді. Мешіт туралы Тұщықұдық, Шебір, Қызан ауылдарының халқымен, ақсақалдарымен сөйлескенде егер әкімшілік мешітті жандандыруға шешім қабылдаса ел болып көмектесетіндерін айтып, қуанышты хабар үшін бізге рахметтерін жаудырып жатты. Сонда халық деген кім? Халық кімді қадір тұтады? Ел бірлігі деген не? Ел басын қалай біріктіруге болады?

Біз бұл сұрақтарға жауап іздегенде ойымыз Маңғыстауда отырды да, біз үшін халық дегеніміз маңғыстаулықтар болып елестеді. Ел дегеніміз де сол Маңғыстау елі еді. Ал қалған сұрақтарға бір адам аты жауап береді екен. Ол Бекет бабамыздың аты. Осы жерде орыс халқынан үйренер бір нәрсе туралы айта кеткім келіп отыр. Орыс этнографтары, тарихшылары, әдебиетшілері, жалпы орыс халқы өздерінің ұлы перзенті Пушкин туралы, оның 37 жылдық ғұмыры туралы ерінбей-жалықпай деректер жинақтап, ақынның барлық ғұмырын, әр күнін, әр сағатын қағазға түсірді. Осы кезде елге белгісіз Пушкин өмірінің тек қана бірнеше сағаттары қалғанға ұқсайды. Пушкин орыс халқының басын біріктіріп тұратын көптеген құрсаулардың бірі.

Егер маңғыстаулықтар, Бекет-Атамыздың өз қолымен қашап жасаған үшінші мешітін (біреуін Атыраулықтар іске қосты) іске қосып, ел қадесіне жарата алса, ел рухына қаншама игілікті сенімдерді сіңірген болар еді…

Біз облыс басшысының осы жұмысты аяғына дейін жеткізіп тынатынына сенгіміз келеді.

Осы обылысқа басшылық еткен аз ғана уақыт ішінде Болат Палымбетов мырзаның ел қамы үшін атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

Көптеген елді мекендер газдандырылды…

Жабылып қалған қаншама дәргерлік орындар қайтадан елге еңбек ете бастады…

Құрылыс жұмыстары тоқтап қалған мешіт пен театр ғимраттары аз ғана уақыт ішінде іске қосылды…

Ғасырлар бойы суды тасып ішіп отырған Тиген, Ақшымырау секілді елді мекендерге су тұшытатын қондырғылар қойылып, ел тазартылған су іше бастады…

Жыл сайын кем болғанда жаңадан салынған екі-үш мектеп өз шәкірттерін қабылдап жатса, бірнешеуі күрделі жөндеуден өтуде.

Облыс экономикасы мен өндіріс орындарындағы жұмыстары туралы әңгіме етпегенде, қалаларымызға, өндірістерімізге тартылып жатырған шет елдер инвестицисы мен бюджеттік қаржылардың тиімді пайдалану барысы да облыс басшысына рахмет айтуға тұрарлық шаруалар.

Осындай жақсы істерді санай келе, ризашылық сезімімімізді білдіре келе біздің ел атынан облыс басшысынан сұрарымыз – аудан, облыс көлемінде басшы қызметтегі дәрежелілердің елдің рухани тірлігіне деген көзқарасы түбегейлі өзгерсе екен…

Осы мәселеге салқын қарағандықтан обылысымызда әлі күнге бір айтыс ақыны жоқ. Бұрынғы облыс басшыларынан қолдау таппағандықтан күйші, термеші, айтыскер ақындарымыз басқа облыстарды жағалап кетіп, сол жақтарда республика бойынша үлкен жүлделерге ие болып жүр.

Адам баласына керегі тек қана тән азығы бір үзім нан емес, жан азығы рухани байлық пен сенім. Рухани сұраныстарды өнер қанағаттандырса, халыққа сенім мен қанағатты бүгінгі әңгіме еткет Бекет-Ата мешіттері секілді бабалар мұрасы әкелмек…

 

Запись опубликована в рубрике Өнер. Кесенелер. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.