Тегін тануға ұмтылу — кісілік қамы…

 

 

 

                  

 

ТЕГIН  ТАНУҒА  ҰМТЫЛУ –   КIСIЛIК  ҚАМЫ,

ТЕКТIЛIККЕ  ҰМТЫЛУ –  ЕЛ  ҚАМЫ.

 

Көргенсiз дегенде арланба, тексiз дегенге арлан.

     Қазақ мақалы

 

Тегiн тануға ұмтылу – кiсiлiк қамы!

         Құдайға шүкiр: тарих ожауы қанша сапырып, өмiр күрегi қанша араластырса да, уақыт диiрменi қанша ұнтап, тағдыр табаны қанша езгiлесе де өз тегiн бiлмейтiн қазақ баласы кем де кем.

         Ата көргендер өзiнен бастап ұлты басталар қазағына дейiн, тегi басталар тайпасына дейiн, ең болмағанда қыз алыспас ағайын руына дейiн ежiктеп бере алары сөзсiз. Ауылдық жерлерде тәрбиелi немерелер атын сұраса руының атын айтып күлкiге қарық қылып жатады. Қазақта, әрине, бұлар көпшiлiк.

         Ұлттық тәрбиесiнiң кемдiгi мен қоғам талқысына тап болып тексiзденiп кеткенiн жасырғысы келетiндер – “жүзге бөлiнгеннiң жүзi күйсiн” деген мақалдың философиялық өзектi мәнiн қасақана бұрмалап, бабалардың айтпақ ойына көңiл аудармай, көбiгiн көпiртiп пайдаланып жүр. Жүзге әдейi бөлу бар және ата-баба салты бойынша жүзге бөлiну бар. Үш жүзге салт бойынша бөлiну қазақ үшiн табиғи құбылыс. Үш жүзге бөлiну – Алла тағаласы аузына салғасын бiр данамыз айтты ма, әлде ел мен жер жағдайы соған жеткiзедi ме, әлде үш деген қасиеттi санның аруағы ма, тiптi “екеу бiреуге жапқан көрпедей” деген қазақ мақаланың мағнасынан туындай ма, неде болса бабаларымыз бар қазақты Үш Жүзге бөлiптi.

         Бұл мақала Қазақ елiнiң үш жүзге бөлiнуiн ғылыми тұрғыдан талқылауды мақсат етпейдi, тек қана Үш Жүзге жататын тектiлерiмiздiң және мәдениетпен, озық бiлiммен қаруланған қазақ игi жақсыларының, әрбiр iстеген iсi мен сөйлеген сөзi, иттiгi мен кiсiлiгiнiң кәзiргi қалыптасып келе жатқан “жаңа қазаққа” тигiзер ықпалын ойлап болашағымыз үшiн мәнi өте зор екенiн ескерте кетпек болдық.

         Ұлттық екершелiгiмiздi бойына сiңiрген, елге үлгi боларлық ұрпақ өсiруге тырысу – бүгiнгi басты мiндет.

         …Бiрде кездесоқ ит базарына кездесiп қалғаным бар. Аралап, ит бауырларымыздың бағаларын сұрастыра жүрiп, көзiм жеткен бiр нәрсе – жетi атасы, он атасы белгiлi иттердiң (iшiнде үлкендiгi тышқандайлары да бар) бағасы кәдiмгi арғымақ аттан, айтулы машинадан кем түспейдi екен. Ал кейбiр  арландар, қасқыр түгiл арыстанға айбат көрсетердей көкжалдар жаңағы жетi атасын бiлетiн тышқандай қанденнiң тырнағына сатылып кетiп жатыр. Ойсыз кiсiге обал-ақ сияқты.

         …Тағы бiрде бiр қырғыз досымның аулына бардым. Жексенбi күнi бүгiн қайда барасың дегенде, аузыма неғып түскенiн, мал базарына баралық деппiн. Аралап жүрiп бiр алып қошқарға кездестiк. Бағасын сұрасам, сатушы қырғыз, “соятын болсаң сатпаймын” дегенi… Жазығымды сұрадым. Бiр қошқарға екi айғырдың бағасын сұрайды, аламын деген кiсiге “соятын болсаң сатпаймын” дейдi… Бұл өмiрде санаң бiрден қабылдай қоймайтын түсiнiксiз жағдайлар кездесiп қалады… Сонда жаңағы мал сатушы қарт қырғыз:

-      Шырағым, бұл ежелгi қазақ қойдың тұқымы, бұны тек қана мал өсiретiн кiсiге тұқымдыққа сатамын – деген едi…

Сол қырғыз байкенiң сөзiне кезiнде айтарлықтай мән бере қоймаппын.

…Осы екi уақыға жермен жексен болып жатырған Сарайшық қаласының

жұртында тұрғанымда қатар есiме түстi. Бiр заманда Әз-Жәнiбек сүйiктi қызының еркелiгiне орай қолдан аққу қонатын көл жасатып, аққулар тез үйрену үшiн керуен-керуен қант төктiрген “тәттi көл” орны, Алтын Орда, Ноғай Орда, Қазақ Орда мемлекеттерiнiң астанасы болған, бү күнде ұшатын да күлi қалмаған Сарайшық қаласының опат болған жұрты кiсiге ауыр сезiм туғызады екен.

         Баба тарих әрiде қалды, ата тарихымыз қыпшақ бiрлiгiне тиiстi десек, әке тарихымыз Алтын Орда, Ноғай Орда, Қазақ хандығы мемлекеттерiне сәйкес. Ал сол кездердегi тарих қазанының бiрi, көбiрек от жағылып, сарқылдап қайраңқырағаны -  Сарайшық.

         Қазба жұмыстарының нәтижесi – Сарайшық қаласының он бiрiншi ғасырда өмiр сүргендiгi, орат болған шағында Жайықтан қалаға ауыз су тартатын құбырлары болғаны, моншаның ерекше формалы сызбасы, жаққан оттың түтiнiмен жылытылатын еден-төсек жайлар, керуен сарайы, мешiт орны, аталы ұрпақ сүйектерi деп ойлауға болар (қазып көмбей қатар-қатар жерленген Бекет-Атадағы жерлеу тәсiлi сияқты) адамдар сүйегi, алтын жалатқан ерекше жазулы құмыралар, еске ақшалар… әттең сан ғасыр Сарайшықтың бiзге сақтағанын Жайық өзенi 1947-жылы арнасын ауыстырып (қаланың үштен екiсiн) жуып кетiптi. Жарқабақ бойын қазып жатқандар шығарған топырағын өзенге тастап жатыр. Археологтардың айтуы бойынша қаланың орталығын өзен шайып кеткен. Бiзге жеткенi Шығыс жақтағы керуен сарай маңы.

         Кемеңгерлiгiн жоғалтқан Алтын Орда, бiрлiгiн жоғалтқан Ноғай Орда әбден жүдеп-жадап әркiмнiң жемтiгiне айналған кезде елге бас болар патшасы, сөзiн ұстар биi, қолын бастар батыры қалмаған Сарайшықтың орнын 1580-жылдар шамасында Ермак бастаған Дон қазақтары талқандап, елiн қырып, моласын қазып, атақтылар сүйегiн зираттан шығарып өртеп жiберiптi…

Тарихи құжаттардың айтуынша сол заманда қазақ хандығы осы жағдайларды орыс патшасына жеткiзгенде Дон қазақтарының оларға бағынбайтын ел екенiн сылтау етiптi.

Бiрақ Дон қазақтары Жайық бойына Гурьев, Уральск бекiнiстерiн салып Россия жерiн кеңiте бастады, ал орыс тарихшылары қазақ халқының тарихын өз қалауынша жазып, қазақтардың бұрын көшiп-қонып жүрiп бұл дүниеге ешқандай үлес қоспаған ел деп сендiре бастады. Тексiздендiре бастады.

Неге солай iстедi?..

Неге канден арланнан қымбат?..

Неге тектi қошқар екi айғырдың бағасына сатылады?.. Осы көп негелердiң бiр-ақ жауабы бар. Ол — тектiлiк. Teгi бардың бәрi қасиеттi, бәрi қымбат.

Құнын кетiргiң келгендi тексiздендiрiп жiбер. Сүйенерi жоқ, қимасы жоқ, iздеушiсi жоқ, табынары жоқтарды айдаған жағыңа жүргiзу оңайға соғары белгiлi.

Iздеп оқып, бiлгеннен үйренiп, көргеннен ой түйiп жүрген қазақ — кәзiр өздерiн тектiмiз дейтiн кез-келген ұлтпен бой таластыра алады. Эрамыздан көп бұрын басталар мәдени және ұлттық тарихы бар Рим, Грек, Египет халықтарымен тек таластыруға, аруағыңнан айналайын, Анархисис Скифский маған құқ бередi. Дәуiрiмiзге дейiнгi өмiр сургендер iшiндегi таңданылып танылған жетi данышпанның бiрi — Скифский. Солар iшiнде ағылшын жоқ, немiс жоқ, француз жоқ, орыс жоқ… бiздердiң, Скиф ұрпақтарының бабасы бар.

Ұлы мемлекеттердiң бiрi кеше ғана жазба мәдениетiнiң басталғанына 1000 жыл толғанын атап өтiп жатса, бiздер сақ, ғұн, скиф, түрiк, қыпшақ тұқымдары жазба мәдениетiмiздiң табылған мұраларындағы ең 6epгi мерзiмдерiнiң бipi — 1500 жылдықты әлi менсiнбей жүрмiз.

Бүкiл саналы ел барлық даналықты ғылымды, философияны Аристотельден бастаса бiздiң атамыз Аль Фарабидi  "екiншi Аристотель атады".

Ибнь Синаның трактаттары соңғы жүз жылға дейiн бүкiл әлем дәрiгерлерiнiң жұмыс орнына көрiк берiп,  сол кiтаптың тек қана стол үстiнде жатуы кiсi бiлiмдiдiгiнiң куәсiндей болды… Сонда бiз кiмнен кембiз?..

Айтпақ ойымызды түсiнiктiрек ету үшiн сонау ескi заманнан атақтылар iздемей-ақ мысалға осы мақала авторын ала салалық…

… Мен мақтанайын. Өз шыққан тегiме өкпем жоқ, қандай ортада отырсамда өз тегiмдi мақтанышпен айта алатын кiсiмiн. Тоғызыншы атам, Тоқтамыс батыр, қазақтың ата жауы қалмақты талай қан қақсатып аты шыққан, жекпе-жектiң маманы болған батыр екен. Ол өз ұлдарын да, ел талаптыларын да жас басынан жекпе-жекке дайындаған. Үлкен ұлы Бабеке он жетi жасында алғаш жекпе-жегiне шығып жеңiске жеткен. Осыдан кейiн менiң қорқақ  болуға  хақым  бар ма?..

… Мен Адаймын, Адай iшiнде Абыл мен Мәтжан шыққан руданмын. Егер ана-тiлiмдi солардай  қастерлемесем олардың  рухтары маған ырза  болмас…

… Өз әкем сегiз қырлы шебер болатын. Барлық iстеген iсiне өзi риза болып, ләззат алып "ic ажарға тоймайды" деген сүйiктi мақалын қайталай беретiн. Мен сол Назарбектiң тәрбиесiн көрген кiсi қалайша сапасыз ic iстей аламын. Ол мүмкiн емес. Әке аруағын сыйлардай мен тектi жанмын. Менiң тегiм бар, соларды мақтаныш тұтамын. Солардың атына  кiр келтiрмей ғұмыр  кешу — менiң  өмiрлiк  мақсатым.

Мiне қазақ екенiндi бiлу, қай жүз, қай руға жататыныңды бiлу не үшiн  қажет!

Баяғы Анархисис Скифский, Бейбарыс, Томирис, кешегi Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Абай мен Абылай, бүгiнгi Әбiш Кекiлбаев пен Олжас Сүлейменов, кiлең атақты Мүхтарлар менiң тегiм. Бұлардың қай-қайсысын да мақтана мойындаймын.

Тегiңдi таны, сонымен мақтана бiл…

Тектiлiкке ұмтылу  -  ел  қамы!

Сан ғасырлар аңсай күткен бостандық заманы басқа орнаған шақта революциялық құйындар тудыратын қара бұлт қазақтар аспанынан көлеңкесiн түсiрмей коймайтындай. Азаттыққа қол жеткен кейбiр отандастарымыздың жалпы адамгершiлiк, кiсiлiк жобадан ауытқу, ұлттық салт-сана мен әдет-ғұрып нормаларын қасақана бұрмалау, ана-тiлiн мойындамау, қасиеттi саналған жәдiгерлiктердi ардақтамау, туған жермен туған елге деген немқұрайлылықтың пайда болуы — қорыта айтқанда өз ұлтын менсiнбейтiндер мен мәңгүрттер санын асыра тусе ме деген қауiп ойлатқандай.

Октябрь революциясының кесiрiнен ұлт тектiлерiнiң құрып кету, азғындау қаупiн бiраз Европа, Азия халықтарымен бipre қазақтар да бастан кешiрдi. Ендi-ендi оңала бастаған, ендi-ендi жаңа сана пайда бола бастаған шақта қоғамдық жаңа төңкерiс (бақытымызға қарай бейбiт төңкерiс) жерiмiзде, елiмiзде мiнез-құлқы, iс-әрекетi, салт-санасы өзгеше  жаңа  ұрпақты  өмiрге  әкеле  жатырғандай.

Таңертеңнен кешке дейiн көлеңкелеп отырар талапсыз қарттар, iшiмдiк андыған бозбалалар, қонақжай маңында жүзi күлiм қаққан қаракөз қыздар, ала дорбасын мойнына салып бүкiл дуние жүзiн кезiп кеткен келiншектер, амалсыздықтан аюандыққа аяқ басқандар… санаған сайын, атаған сайын жаның түршiгетiн, бұрын көрмек түгiл естiмеген сан түрлi қылмыстар мен қылықтар…

Осындай жағдайда өciп келе жаткан ұрпақ болашағынан қауiп күттiргендей. Тәрбиелеген елге, өскен жерге, туған ата-анаға деген бұрын қазақ қанына ана сүтiмен сiңетiн ұлт қасиеттерiнiң бойларына дарымай туа жетiм, өсе тексiз, бойы жалғыздыққа, пейiлi жалмауыздыққа тартып тұратын ұрпақ қалыптасып кете ме?… Ел өзiнiң Құдайтағала жаратқан пiшiнiнен айырылып қала ма… деген уайымға түсiргендей.

Үкiметiмiз "нарық" деп жүрiп "парық" мәнiн ұмытып, ала дорбасын салпылдатып дүние кезiп жүрiп тапқан әйелдердiң тиын-тебенiнiң шетiнен қалайша көбiрек жырып қалуға баса көңiл аударып кеткендей. Ал үкiметтiң өз азаматтарына көз карасы қандай болса, сол азаматтардың өзi жүрген ортасына көз қарасы сондай болмақ.

Мемлекет  "есектiң көтiн жу да мал тап" мақалының iзiмен кетсе, азаматтар да сол жолға түспек. Жаңағыдай жолмен мал тапқандар көбейген сайын оған елiктеушiлер де көбейе түспек.

Қазақ елi Әлiмсақтан өзiнiң мәрттiгi мен қонақжайлылығы, адалдығы мен бiрсөздiлiгi арқылы танылғанды.  Ендiгi жерде елге түсiнiктi, рухани әсерлi шаралар қолданбаса және ол шаралар ұлттың өзiнiң тамырларынан нәр алып жатпаса аз уакыт iшiнде қазақтар қатыгездiк пен қорқаулық, қанағатсыздық пен пәтуасыздық мiнездерiн көп елдерден асырып жiберуi де мүмкiн екендiгiн дәлелдеп қалған сияқты.

Рак (қылтамақ) деген ауру бар. Ол аурудың адамзатпен жолдас болғанына сан мыңдаған жылдар болса да емi әлi табылмапты. Жалғыз-ақ емi — ауру тәннiң етi мен терiсi, сүйегi мен тамырын қоса сылып тастау, ештеңенi аямау. Ол денеге бiр жайылып кетсе адам ағзасын түгел шiрiтiп барып жанын жаннамға жiбермей тыныш таппас. Жалғыз жол бар, ол — елдi тексiздiк атты рак ауруынан сақтап қалу. Ендiгi жерде-жеке кiсiлердi тексiзденiп кетуден қорғау, қауымды мәңгүрттiк жағдайдан шығару — негiзгi бағдар.

Не iстеу керек?..

Елдiң елдiк пiшiнiн қалай сақтап қалуға болады?..

Бұл мәселелердi қалай жүзеге асыру дұрыс?.. Қазiргi көзi ашық азаматтардың бұл сұрақтарға жауап тауып беру негiзгi мiндетi. Осы үш сұраққа жауап тапсақ онда ұлттың ұлттық формасын сақтап қалу жөнiнде iстелiнер жұмыс жоспарын айқындап оны кiмдер iске асыра алатынын дәл басу мүмкiндiгi пайда болар едi.

Бұл сұрақтарға дұрыс жауап табу тек қана бабаларымыздың сан ғасырлар бойы осы айтылған мәселелерге көз қарасы қалай болды, ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптарын қалай сақтап қалды деген сауалдарға жауап iздеу барысында жүзеге асырған дұрыс болар. Тек осылай iстеген де ғана бiз нәр берер тамырдан алшақтамаймыз, демек ұлттық көзқарасқа жақын тұрамыз.

Бiздiң естiмiш әңгiмелерден жақсы бiлетiн бiр нәрсемiз ол — аталар әртүрлi өнерге жастарын әдейi дайындаған, және жарыс өткiзiп отырған, тiптi мешкейлер мен өтiрiкшiлер бәсекесiн өткiзетiн болған. Елдiң — сасқанда арка сүйерлiктей сүйеүi, ерегесте қарсыласын қақ бөлiп тастар сенiмдi алмас қылышы, қара басының қамынан ел мүддесiн жоғары қоятын сенiмдi жандары болған. Бұлар кiмдер ед!?…

Олар ел арасынан кездейсоқ  тәрбие алып шыққандар ма?..

Әлде табиғи дарындармен көзге түскендер ме?..

Бiздiң пайымдауымызша ата-бабамыз өз өнерлерiмен ел мәртебесiн биiктете, ауыртпалығын арқалап кете алатын, ел басына күн туғанда етiгiмен су кеше, ауыздықпен су iше алатын, керек болса "малым жаным садағасы, жаным арым садағасы" дейтiндей қимылға бара алатындарды ел iшiнен керек болғанда кездейсоқ iздемеген, оларды дайындаған.

Октябрь Революциясы, одан арғы екi жүз елу жылдық орыс отаршылығы кезiнде бұл әдiстер жойылып, тек  қана кейбiр жекелеген  элементтерi сақталып қалған.

Мысалы: хан, төре тұқымдарын қамқорлауды, қорғауды мойнына көтерген төлеңгiттер, суыт хабар кезiнде күндеп емес айлап аттан түспейтiндер, болашақты болжайтын жұлдызшылар, бақсылар, құсбегiлер, атбегiлер… не түрлi тұқым қуалаған өнерлер мен қасиеттiлер… бұлардың барлығы да ұлттық тамырдан нәр алып, дами берген, жетiле берген.

Бiздiң 6ip көзiмiз жеткенi — адам баласы ешкiмге айтып үлгi бере алмайды, үгiттеп ақылды ете алмайды, тек қана iстеген ic үлгi бола алады. өз қолыңмен iстеп көрсеткенде ғана өзге қайталай алады екен, көзбен көргенiн ғана қолмен iстей алады екен. Осы мысалдар арқылы бiз өзiмiздiң үш сұрағымыздың "не iстеу керек" деген тарауына жауап бергендеймiз. Демек елге үлгi боларлықтай, көзбен көрiп ғибрат аларлықтай нәрсенi iстеп, көрсету қажет.

Тек қазақтарда ғана емес, әрбiр ұлтта, ұлт дiңгегiндей, рухани өзегiндей аптал азаматтар, сондайларды тәрбиелейтiн қауымдар болған. Орыс дворяндары, поляк шляхтерi, жапон самурайлары, қазақ сардарлары — соның  дәлелi.

Көп жылғы отаршылық саясат қырсығынан мәңгүрттене бастаған қазақ халқы ендiгi жерде өздерiнiң ұлттық үрдiстерiн еске түcipiп, жақсы жағын жаңа заманға лайықтап ала алса, ондай ic болашақ ұрпақ қамы болмақ. Ол үшiн мектеп жасындағы балалар мүше бола алатын ұйым кұрған дұрыс деп есептеймiз. Абырой- атағын жоғары ұстау үшiн ұйымға ең үздiк, ең тәртiптi, ең кiшiпейiл, ең iзеттi, ең қайырымды, ең Отан сүйгiш жастар қабылданса…

Ұйым  атын — "Сардарлар Одағы" деп атаса…

"Сардарлар Одағына" мүшелiкке 13 жастан бастап қабыдданып, аталарымыздың "он үште отау нес!" деген қағидасын негiзге алса… Бастауыш мектеп балалары 13 жасқа дейiн соған дайындық барысында тәрбие алса… Мектеп бiтiргендер сардарлықтан шығып кетпей жаңа барған аймағында мүшелiкке турса…  Бұл Одақты әрбiр аудан аймағында құрып, бiрақ eceпciз  көбеймеуiн қадағалауды iске асырса…

Сарлдарлыққа  қабылдауды мына  құжаттар арқылы iске асырса:

1. Мемлекеттiк тiлдi бiлетiнiн және 4 пен 5 ке оқығанын растайтын куәлiк.

2. Iзгiлiгiн, мiнезiн растайтын ауыл, не аудан ақсақалдарынан үш растама, мiнездеме

3.  Үш сардардан кепiлдеме.

4. Спорттық жетiстiктерi  туралы анықтама.

5. Ұстазының кепiлдемесi.

6. Денсаулығы туралы анықтама.

7. Өзiнiң арызы мен ата-анасының келiсiмi.

Сардарға өткен талапты жасқа бүкiл өмiр бойы тындырған icтepi тiркелетiн ic кағазы ашылады да, iскерлiгi мен iзеттiлiгi, бiлiмi мен Отансүйгiштiгi және басқа қасиеттерiнiң негiзi  сол құжатта жазылады.

Сардар куәлiгi — ел үшiн құрметтi. Ондай куәлiк иесi — денi сау, жаны iзгi, еңбекқор, талантты, батыл, кайырымды жан ретiнде қабылданбақ. Сардарға мүшелiкке жас бойынша шек жоқ. Елге сiңiрген еңбегi, iзгiлiк ниетi кез-келген адамды сардар ете алады.

Сардарлар ұйымы өздерiнiң сенiмдi мүшелерiн әр түрлi мансапты жұмыстарға ұсына алады.

Алғашқы қауымдасу кезiнде ұйым жұмысын ұйымдастыруды, уақытша, 6ip жауапты Отансүйгiш,  ұлтжанды, жан-жақты бiлiмi бар кiсiге тапсырады. Ұйымның басшылығына сөз өнерi мен бiлiмi, iзеттiлiгi мен қайырымдылығы, iскерлiгi мен талабы, Отансүйггiштiгi мен дiни түсiнiгi озық  адамдар таңдалады.

Сардарлар бiлуге тиiс (жастарына байланысты) мiндеттi түрде бiлiм, өнер көлемi белгiленедi.  Мысалы орта мектеп бiтiрген әрбiр сардар он мың жол өлең бiлуi, тарих, география тағы басқа пәндерден мектеп программасынан тыс әдейi жасалған программаны игеруi тиiс.

Мүшелiкке қабылдау мiндеттi түрде Қазақстанның бостандық алған күнi өткiзiледi. Сардарларды әскерлерге шығарып салу бүкiл Одақ үшiн негiзгi жұмыс. Қызметке араласқан сардарлар мүшелiк жарна төлейдi. Сардарлар мемлекеттiк қаулыларға, Республиканың негiзгi   заңына  қарсы  шықпайды.

Сардарлар Қазақстан Республикасының Конституциялық мемлекетiне оппозициялық ұйымдар мен партияларға мүше болмайды. Мүше болғысы келген жағдайда ұйымнан өз еркiмен шығады.

Бұл мақала көпшiлiктен қолдау тауып жатса "Сардарлар" мен "Сардарлар Одағы" ұйымының жарғысын дайындауға негiз бола алады деп ойлаймыз.

Мақсат бiреу-ақ — бұлшық ет сiңiрiндей қайратты, омыртқа жұлынындай қасиеттi, не iстерiн бiлмей қысылғандар "Сардарлар не дейдi" деп акыл сұрар, ұлт өзегiндей ұрпақ өcipy. 

 

Запись опубликована в рубрике Бүгін. Ертең. Болашақ. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.