Әркімнің бір Мен-і бар

 

Марцел деген көне заманның бір данасы:

-         Кім болғың келеді?

-         Әлі шешкен жоқсың ба?

- Онда ешкім болмайтын күніңе жақындап келесің – деп, өзі сұрақ сұрап, өзі соған жауап береді.  Шынында да адамды ойландырмай қоймайтын сөз емес пе?.. Әрине Марцел өз көкірегіне сондай ой ұялағанша, аузынан осындай жауап шыққанша біраз ойға батқан болар. Сонда қазіргі ғарышты игеріп жатқан біздің заманымызбен қайыққа әлі желкен таға қоймаған сол заман адамдарының ой ойлау жобасынан айырма таба қою қиын секілді ме деп қаласың.

         Сол Марцелдің сұрағын мен өзіме қойып көрейінші…

         Мен кім болғым келіп жүрген кісімін?

         Біріншіден, сөз жоқ, мен барлық уақытта өзімді жастарға ұстаз сезінемін. Жастарға, сол арқылы халқымның болашағына табиғат берген сананың, ерінбей-жалықпай ізденіп, оқып, ойланып қалыптастырған білімім, кісілігім арқылы пайдалы болуға тырысамын. Жастарға Отан алдында, ел алдында парыздары бар екенін естеріне салуға құмармын.

Екіншіден елдің өткен тарихы Адам болмысы дұрыс нәр алар жалғыз тамыр екеніне көз жеткізген кісімін.

Үшіншіден сөз қадірін түсінемін.   Мүмкін осындай қасиеттеріммен елге пайдалы болуға, сол арқылы көзге түсуге тырысып, атақты болғым келетін шығар…

         Қаншама тырысқанмен кей-кейде ештеңе тындыра алмайтын, ешкімді түсіндіре алмайтын кездерің болады. Осындай кезде Табиғатқа, Ұлы Жаратқанға таң қаласың…

…Егер Ұлы Жаратылыс адам пенделерінің тілдерін, құлықтарын, өмірге деген көзқарастарын бірдей етіп жарата салса қолынан келетін еді ғой. Адамға бәрін беріпті. Тек қана бірдей ойлауды, бірдей сананы қимапты. Соның салдарынан адамдар қаншалықты қиындықтарға кездесіп жатады. Бірін-бірі түсінбейді. Біріне ұнағаны екіншісіне ұнамайды. Біріне дұрыс боп көрінген нәрсе екіншісіне бұрыс боп жатады.

Адам жаратылысының бір ғажап жұмбағы,  көпшілігімізге ортақ бір қасиет бар. Ол әр адамның өзін осы әлемнің кіндігіндей сезінетіні. Сондықтан да біреудің тындырған ісі туралы «мынаны жақсы істеген екен» деген тынған іске ризашылық сезімнен бұрын көбіне «бұны неге бұлай істемеген» деген сыншылдық, түп негізінде күншілдіктен туындайтын сезім лезде бас көтереді.

 

Әрине, бұндай сезімсіз өмір сүретіндер де баршылық. Тынған істің ел пайдасына асатынын көріп, өзі тындырғандай ләззәт алатындардан да адамдар қауымы құр емес. Дегенмен ойдағыдай тынған іске де, орынды айтылған ойға ойланбастан қарсы тұратындар көп кездеседі.

Олар әлгі іс тындырғанды бірден найзаның ұшына, қылыштың жүзіне салады.

Олар ешқашан өздеріне:

·        Өзім қалай істер едім?

·        Мен өзім өмірде не тындырдым?

·        Қоғам үшін, адам үшін деп ой ойлап, іс істеп көрдім бе? – деген секілді сұрақтарды қоймайтын да болар.

Ал, ондай сұрақтарды өзіне қоя алатындардың басқаларға деген талабы аздау болатын болар деп ойлаймыз. 

 

…Студент кезімізде басталып, кейін де жалғасқан Ұлы Отан деген сөзге тек қана СССР деп емес менің Қазақстаным деген мағынада түсінетін кейбір ниеттестер оңаша кездесіп, ел рухы, мемлекет тәуелсіздігі, қазақ болмысы деген тақырыптарда ой таластыратын кездер болатын. Сол кездерде көп ішінде ана тіліңде  ойыңды айтып шығу деген бір арман еді ғой…

 

…Егемендік алдық, билік қолға келді. Ендігіміз не?..

…Неге егемендік ел басына оралған кезде елдің кейбір ғасырлар бойы  арман еткені жүзеге аспай жатыр?..

…Амалсыз ойландыратын сұрақтар…

…Ойлап қарасақ ел байлығы «Төңкеріс» кезінде билік басында болғандардың қолында кетті, есепсіз байып кетті, бағы асып кетті, ниеті тасып кетті дейміз…

…Осы сөздер, барлық адамдарға болмағанмен кейбір қызғаныш пен күншілдікке бейім адамдарға билік басындағыларға деген ерекеше көз қарас тудырады.

Сол сөздер әлгі адамдардың жүрегінде патриоттық сезімнен көрі қызғаныш сезімін басым түсіре береді екен. Қазақ халқының болашағы үшін бұндай сезімдер өте қауіпті.

Осы сезімдердің соншалықты тұтанып, етек алып кетуі мүмкін-ау деп ойласаң, осындай егемендік қажет емес екен дегізері кәдік…

Бұрын ондайлар орыстардың ұлы империясын, олардың  адамдарының тәуелсіздігін қызғанатын. Қызғаныш сезімі оларды орыстарға қарсы әрекетке итермелейтін…

Енді сол қызғаныш обьектісі ретінде өз бауырлары, қандастары… Енді олардың қызғаныш сезімі қазақтарды қазақтарға жау ете бастады…

 

…Сонда тіршілік мағынасы не?..

…Сонда адам баласы заман өзгерген сайын өзгеретін түлкілер болғаны ма?..

 …Сонда адам баласы өз замандарының бөрісі мен бөлтірігі, өз заманының қойы мен қошақаны болғаны ма?..

…Жоқ!… Олай болуға тиіс емес қой!.. Адамда сана бар емес пе!.. Сол сананы іске қосу қажет. Барлық озық ойлылар адамдар бойындағы:

·        Кісілік,

·        Парасат,

·        Ізгілік,

·        Қанағат,

·        Кешірім,

·        Шүкіршілік,

·        Тәуба… т.с. секілді қасиеттердің қызғаныш пен күншілдік, мәңгүрттік пен надандық секілді қасиеттерден бой оздыруы жолында еңбек етпек керек…

 

…Егер адамдардың есін жинайтын кезі келсе…

…Егер адам пенделері ойланатындардың ойына ортақтасса, оқып-тоқитындардың сөзіне құлақ қойса…

…Егер мемлекет басшылары  табиғат байлығын соғыс мүддесіне жұмсамаса…

…Егер адамдар бар тапқанын ізгі ниетке жұмсаса

…Егер осындай шексіз егерлерге адам біткен ақыл көзімен, сана сезіммен қарайтын болса… онда не болар еді?..

Онда қамшы сабындай шолақ ғұмырды мәндірек, сәндірек  өткізуге болар еді…

…Адам баласының барлық озық ойлылары өз ұрпақтарын осы ниетке тәрбиелей алса, қоғам еркін, әсіресе билеушілер мен ақшалылар жұртын сол ойға бағындыра алса, онда аспандағы о дүниелік арман жұмақ жер бетіне өзі келе салар еді…

 

 

Запись опубликована в рубрике Ойлар……. Ойлар…………. дәптері. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.