Ұлы сөзден ұлағат алайық

 

 

                                      Егемен қазақстан. 14.04.06

 

Ұлы сөзден ұлағат алайық    

 

Біраз жыл өмір сүрдік.

Біраз көргеніміз бар.

Азды-көпті түйгеніміз де  бар секілді…

 

Сол көргендер мен түйгендерді ой-електен өткізіп барып “шүкір” дейді екенсің. Содан барып қилы замандарда құрып кетпегені үшін, артына қазақ халқы атты ұрпақ қалдығаны үшін ата-бабалардың тындырған ісіне, қалдырған мұрасына деген мақтаныш сезімі оянады екен.

Дегенмен, ел ішінен жау шығып, бірлік-берекеден айрылып, іні ағаның жағасына жармасып, бала әкенің абыройын аяққа таптап,  артынан есін жиып “әттең дүние-ай қайтейін, баста бірлік болмады-ау!” деп бармақ тістейтіні кезеңдер де бастан өткен екен.

Соның қырсығынан сүттей ұйып отырған ел бірлігінің алауыздыққа айырбасталуы сияқты оқиғалар да кездескен көрінеді. Соның салдарынан  ұлы мемлекеттің ыдырауы, басқаға бодан болуы, ағайынның араздасуы, ел ырысы мен берекесінің кетуі секілді жантүршігерлік жағдайлардың орын алғандығы тарихтан белгілі.

Ойлап қарасақ, қай заманда да “өсер елдің баласы бірін бірі батырым..” дегізер береке-бірлік іргесінің сөгілуіне, ел ырысының төгілуіне көбінесе үш жағдай әсер ететін секілді.

Біріншісі – таққұмарлар мен баққұмарлардың билікке таласының нәтижесінде халықтың әртүрлі (әскери, саяси, діни) топтарға бөлінуінен туындайтын алауыздық.

Екіншісі – сыртқы күштердің әсері.

Үшіншісі –  нағыз жымысқы саясат. Елдің саяси, діни көзқарастарына алауыздық туғызу арқылы әлсірету саясаты. Бұл бір күндік емес, ұзақ уақытқа негізделетін, бірақ өте оңай іске асырылатын саясат. Бұл жай көзге байқалмайтын саясат.

Осындай саясат арқасында мұсылмандар бірлестігі ыдыратылды. Түркі тектестер таратылды. Біз бүгін осы үшінші жағдай туралы ой қозғамақпыз.

Саяси қарама-қайшылықта көзқарасы алшақ адамдар бірге тұрып,  бірге өмір сүре беретін болса, діни қайшылық адамдарды ажыратып тындырады. Қазіргі болып жатқан дүниежүзілік діни қақтығыстар — соның айғағы. Бұрын да аз болмаған…

Ал ертеңіміз қандай? Бізді ертең не күтіп тұр?..

Иран дейтін елдің басшысы (ең ірі мұсылман елдерінің бірі) еврейлердің өмір сүруге қақысы жоқ деп қортынды жасапты… Бұл Гитлердің идеясы емес пе еді?..  Бұл бір ауыз сөз – үшінші дүниежүзілік соғыстың лебіндей боп сезіледі, маған…

Дүниежүзін шарпитын саяси, діни қақтығыстар басталып кетсе Қазақстан Республикасы аман қалады дегенге ойсыздар мен ақымақтар ғана иланар!

Олай болса біз не істеуіміз керек?

Жай адамдардың қолынан келері – бейтарап болмау!

Ол үшін біз мемлекетіміз ұсынып, ұстанып отырған және сол арқылы тыныштық пен берекеге жеткізіп отырған саясатымыз бен дінімізге жат пиғылдардан жұртымызды таза сақтауға тырысуымыз қажет…

Жаңадан пайда болатын діни ағымдар атам-заманнан бастап елді ыдыратудың ерекше жолы екені дәлелденген. Кейбір ағымдар қоғамдағы қайшылықтардан өздеріне бақ пен тақ іздейтін, абырой мен атақ іздейтіндерге таптырмайтын құрал болды. Ел тыныштығына, мемлекет бірлігіне қауіп төндіреді.

Діни үгіт – елге ең қабылданғыш, ең сенімге ие болғыш үгіт!

Бір кездерде діни қамқоршысыз қалған қазақ жастарының біразы басқа діндерге кіріп, енді біразы қауіпті секталарға тартылып жатыр деп, баспасөз жар салып жатыр.

Жастар неге адасады?.. Себептерін санап көрелік:

Негізгі себеп – халықтың діни сауатының кемдігі.

Тағы бір себеп – мемлекетіміздің діни үгіт таратушыларға шамадан тыс ерік беріп жіберуі. Адам баласы имандылық істерге құмар болса керек, сондықтан олар соған жеткізер жол іздейді.

Тағы бір себебі тыңдаушыға діни үгітші сөзінің бәрі құран сөзіндей шындық болып көрінетіні (содан барып ол кім бұрын барса, соның жақтасы).

Діни үгітті жүргізу оңай. Олардың пайдаланатын басты құралы бар, ол – үгітке ергендердің ана дүниедегі баратын жұмағы! Бірақ олардың ашып айтпайтын бір нәрсесі бар, ол бұ дүниедегі – “ел тыныштығы, жұрт берекесі” деген түсінік.

Ойланатын жағдайлар көп секілді…

Ойлануға тұрарлық, сақтануға тұрарлық бір қауіп бар, ол –дінге сенгіш пенделерді оп-оңай діни фанатизмге дейін жеткізуге болатындығы. 

Ал фанатизм мен терроризм арасы екі көздің арасынан қашық емес делінеді. Солай екендігінің дәлелі –  Ирак пен Палестина.  Фанатизм дертіне шалдығып, өздерін өздері өлімге қиғандарды, террорлық әрекеттерге барып мыңдаған жазықсыз жандарды мерт еткендерді көре отырып, қалай ойланбассың, қалай қорықпассың?..

Мәселен, Ипакта мұсылмандар бірі шиит, екішісі сунит болып қырылысып жатыр. Кейбір сыртқы күштерге керегі де сол.

Жаратылыс атты ғажайыптың адам баласы жаралғалы өзгермес бір заңы бар, ол –  әке мен бала арасындағы қайшылық, жарлының байға қызғанышы, бағыныштының басшыға қарсылығы! Бұлар сөз жоқ адам бойына туа бітетін қайшылықтар!

Міне, адамдардың осындай табиғи сезімдерін әдемі пайдалана алатындар, сол қайшылықтарды үдете түсетіндер оп-оңай ел беделіне ие бола алады, санасы қайшылыққа құмарларды соңдарына ерте алады. Әлгі аты аталғандарды бір-біріне жау ете алады. Пенде бойындағы бұл осалдықты діни үгітшілер әдемі пайдалана алады. 

Мемлекет пен дін бөлек деген тұжырымға мен қарсы жанмын. Заң мен ереже де, дін мен қоғамдық бірлестіктер де, молда мен жеке адамдар да, барлығы да өз мемлекеті үшін, өз халқы үшін еңбек етуі ти"с.

Қажет болған күні Америка өзінің өмір бойы пайдаланып, басқаның басына әңгір таяқ есебінде пайдаланып келген демократиялық қағидаларынан айнып шыға келді. “Адам правосы” аталатын атақты уағызын қазір өздері таптап, өздері аяққа басып жүр.

Дін мемлекеттен тыс деген қағида – өзің отырған бұтағыңды өзің аралау деген сөздей көрінеді, маған.

Қазақстан – көптеген ұлттардың өкілдері, көптеген дін өкілдері тұратын республика. Маңғыстау облысы да сондай облыс. Сондықтан да осындай күрделі аймақтарда ұлт пен ру, дін мен сенім мәселелеріне аса сақтықпен бару қажет дер едік. Ел тыныштығына нұқсан келтірер ағымдар туып жатса, оған дер кезінде тосқауыл қою керек.

“Мен ешқандай партияның мүшесі емеспін” деп мақтанатындар бар. Бірақ солардың көпшілігі біреудің ықпалында жүреді. Біреудің сөзін сөйлеп, сойылын соғады.

Бір партияға мүше бола жүріп елімізде болып жатырған саяси-әлеуметтік өзгерістерге еш назар салмастан, бабаларының кеше кім болғанын, ұрпақтарының ертең кім боларына қам жеместен ас ішіп, аяқ босататындар да бар.

Бірақ солардың қай-қайсысына да “сен неге менше ойламайсың” деп кінә артуға бола ма?

Әрине, болмайды. Біз басқаларға саяси, не діни көзқарасың менің көзқарасыммен үйлеспейді, үндеспейді деп кінә артудан аулақпыз. Бірақ әлгі баяндап өткен ел берекесі, ел тыныштығы секілді мәселелерге келетін болсақ, біз жеке кісіге емес (қайталап айтамын, жеке кісіге емес, сондықтан да көкірегімізде аты тұрғандардың бір де біреуінің атын атамай отырмыз), елге қауіпті деп есептеген ағымдарға қарсы пікірімізді ашық айтудан жалықпауға тиіспіз.

Шынтуайтқа келгенде менің – дінде де, сопылықта да, зікіршілікте де жанымды қинайтындай шаруам жоқ. Құдайым -  жүрегімде! Бірақ менің жанымды шырылдататын бір нәрсе бар. Ол – қазіргі Егемен еліміздің тағдыры! Сол ел тыныштығы! Болашақ ұрпақ қамы! Өз отбасымның қамы!

Мемлекетіміз егемендік алғалы зор табыстарға жетті. Біз нәтижесін көріп отырмыз. Соның арқасында ұйқымыз тыныш, өміріміз қауіпсіз, нан-шайымыз бар. Сондықтан да, мен зор ризашылығыммен, мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатын қостауға тиістімін!

Ау, елу-алпыстан асқандар! Біз, бүгінгі жастарға жаны ашитын, ертеңгі ұрпақ тағдыры толғандыратын жасқа жеткен адамдар емеспіз бе!

Қыркүйек айында Абайдың 160 жылдық мерекесіне шақырылып, сол елде мен Абай ауданының Құрметті азаматы (1996 жылы беріпті), Семей мемлекеттік педагогикалық институтының Құрметті профессоры деген  атақтарға ие болып қайттым.  Сол елде: “Маңғыстаулықтар келіп бізге сопылық үйретіп кетіп еді. Солардың ішінде сен де бармысың?” деп кекеткендер болды.

Жақында 31 каналдан басын бұлғақтатып, бірдеңелерді айтып, арпалысып отырған біраз сопылық жолға түскен жастарды көргенде мен қатты шошынып қалдым. Өйткені, сопылық тәрбие, зікір салу адамды экстаздық деңгейге дейін жеткізеді дейді… Ал экстаз бен фанатизм арасы да онша қашық емес болса керек. Фанатизм мен терроризм деген ұғымдар егіз секілді.

Еліміз демократия бағытында үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Әсіресе сөз бостандығы дегені шексіз шырқап кетті деп ойлаймыз.

Біздің елімізде кейбір газеттер Елбасы атына қаншама қара күйелерін жағып жатады. Оларға ешкім ештеңе деп жатқан жоқ.  Бұ не сонда? Бейқамдық па?

Мемлекет пен қайраткерлер аттарына да қаншама атақтар тағылып жатады. Ешкім ештеңе деп жатырған жоқ.  Бұл не сонда? Баяғы қазақшылық па?.. 

Сонда біз демократия, сөз бостандығы деген түсініктердің ең жағымсыз жақтарына өз еліміздің тыныштығына қарсы әрекет етуіне мүмкіндік беріп отыра береміз бе?

Қазақ “бұқсаң,сұға береді” деп осындайда айтты ма екен?..

Қарт бураның ғұмырындай қанша ғұмырымыз қалды (“Үш Қиян” газетінің болжамы), оны тек қана бір Алла біледі. Қанша қалса да, біз ендігі жерде тентектерді тезге салатын, күйлегендерді қайытатын (бұл сөз “Үш Қиян” журналисінің сөзі) жобадан өтіп кеттік. Біздің барлық ойымыз да, барлық ісіміз де  “ел тыныштығы, егемен еліміздің болашағы” деген тамырлардан нәр алып жатпақ.

Біздің дін мәселесі жөнінде бір-ақ пікіріміз бар… Ол:

·        Еліміздің барлық діни басшылары жиналып діни басқарма құрған екен, біз сол басқарманы мойындаймыз! Солардың сөзіне сенеміз, айтқанымен  жүреміз!

·        Діни басқарманың басшысы облысымызда бас имамды тағайындаған екен, біз сол кісіні мойындаймыз. Сол кісімен ақылдасып, кеңес сұраймыз.

Танымдарымыз да, түсініктеріміз де — естіміш пен оқымыштан жинақталған нәрселер. Сондықтан да анау айтты деп ананың соңына, мынау айтты деп мынаның соңына ере алмаймыз. Басқалардың да солай еткені дұрыс дер едік. Өйткені біздердің көпшілігіміздің арнайы діни білімдеріміз жоқ.

Кез-келген дін, діни түсініктер, діни ағымдар – Қазақстан Республикасының тыныш өмір сүруін қамтамасыз етерліктей, тек қана Алла Тағалаға емес, жастардың  Қазақстанға деген де сүйіспеншілігін оятарлықтай мақсатта қызмет етуі қажет деп есептейміз.

Біздер, жай адамдар, ендігі жерде діни басқарманың да, мешіт имамдарының да өз рольдерін көтеру үшін анық бағдары бар жұмыстар жоспарлап, соларды іске асырғанын көргіміз келеді.

Қалай болғанда да жастар санасы үшін күресте ешкімге де есе жіберуге болмайды. Бұл – ақиқат!

Бұл шаруа тек қана оқу-ағарту мекемелерінің, діни басқарманың жұмысы емес, ол — әкімшіліктердің де, қатардағы жай азаматтардың да парызы.

Алдағы уақытта барлық бала тәрбиесімен айналысатын мекемелер, ата-аналар жастар санасын жат ел мен жат дін үгіттерінен қалай қорғау керек екеніне назар аударса дейміз.

Жастарды имандылық уағыздардан шет қалдырмай, бірақ олар санасын бүгінгі дін менен ертеңгі жұмақ үшін деп емес, жеріміз Қазақстан, еліміз қазақ үшін деп еңбек ететін қайраткерлер дайындауға баса назар аударылса деген тілек айттамыз…

Бұл мақала діндар аскеттердің, сопылардың соңына ергендерге қарсылық ретінде жазылып отырған жоқ.

Мақала:

күштілер әлсізге күш көрсете бастаған заманда;

әлемде діни қайшылықтың беттері ашыла бастаған кезеңде;

мұсылман мен мұсылман баласы бір-біріне жау көзбен қарайтын шаққа жеткенде;

мұсылман елдер мен мұсылман елдер бір-біріне қару жұмсай бастаған сұмдықта;

күніне қырық құбылып тұрған әлемдік саяси тұрақсыздық жағдайында  жазылып отыр…

Сөз соңында айтарым, “Мұсылман мен мұсылманның үш күн араздасып жүруі жарамсыз қылық” деген екен пайғамбарымыз. Осы ұлы сөзден ұлағат алайық, ағайын.

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Бүгін. Ертең. Болашақ. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.