Ұлы елдің ұлы да ұлы. Серікбол

 

Қираған елдің жұртында қалып, қалған-құтқаннан өз шаңырағын жасақтап, өз мәдениетін қалпына келтіріп, әлем таныған мемлекет атануға Қазақстан Республикасына, қазақтарға бар болғаны он бес-ақ жыл жеткілікті болды!..

Балалықтан даналыққа жету үшін Серікбол Қондыбайға да бар болғаны он-ақ жыл керек болды!… 

Бұлар заңды құбылыс еді. Өйткені сан мыңдаған жылғы тарихы бар, Адам Атаға дейін тамыр тартып жатырған тегі бар қазақ халқы жер бетіндегі ұлы халықтардың бірі.

Ұлы халық ұлыларды өмірге келтірмек…

Ұлы елдің – Ұлы да Ұлы!

Байтағымыздың бір қиыр шетінде өмір сүріп, аты әлем түгіл әлі өз аулына танылып болмаған, шығармашылық еңбектері толық зерттеліп, құндылығы мойындалып үлгермеген Серікбол Қондыбай шығармашылығына республика дәрежесінде ғылыми-теориялық конференция өткізілуі еліміздің ғылымға, ғылыми адамдарға деген қазіргі көзқарасы деуге тұрарлық құбылыс.  Бұл еліміздің озық елу ел қатарына ұмтылуының тегін еместігін байқатқандай. Мақсатына жететінінің дәлеліндей.

Серікбол Қондыбай кім еді деген сұраққа жауапты біз оның өз басының танылуынан емес, оның ұлтының қазіргі кезеңдегі даму қарқынынан тапқандай болдық. Ол дұрыс та шығар. Өйткені Серікбол аты – ұлттық ұлы тұлғаға айналар, аты – болашақ әлемдік дейгейге көтерілер тұлға.

Қазақ халқы кеше ғана бұғаудан босап, аз жылдар ішінде аты әлемге танымал елдердің біріне айналғаны секілді, оның еңбегі елінің егемендігімен құрдас бірнеше ұлдарының аты өзіне тартып, еркіндік пен ерліктің үлгісін көрсетті.

Осы, елдің егемендігі мен ердің еркін ойлылығын, екі тағдырды салыстыра ойланған жан, Серікбол Қондыбай ерлігін, Серікбол рухының күшін –  қазақ халқының ерлігі, қазақ халқының рух күшінің символы секілді екен-ау деп қаларлық құбылыс.

Қазақ халқы өз аңыздарында батыр кейіпкерін аждаһалармен соғыстырып, бір кезде халық батырының күші кеміп, қайраты азайған шақта туған жер топырағына аунатып күш-қуат жинаттырып алатын.

Сол кезде, біздің бабалар мифтік қаһарман образына бір бой теңестіріп алса, мифтік аңыздар топырағына бір аунап алса, өз кемеліне тез келе қалар еді, көңілі көкжиекке дейін кеңейіп кетер еді, ойы орманға, сөзі шалқарға айналып жүре берер еді.

 

 

Сол бабалары секілді, рухани күші мен тірлікке деген сенімі мүрдемге кетіп бара жатқан Серікболдың қолы қазақ мифологисына іліккен сәтте, бойын да, ойын да жинап алып еді.

Қазақ халқы ұлдарын өздерінің ертектерімен, мифологиялық аңыздарымен тәрбиелеуден жалықпаған халық. Қазақ сарбаздары келесі шайқас алдында ерлік дастандар тыңдап ширығатын болса, жалпы қазақ халқы шаршап шалдыққан шағында ертегі мен аңызды, жыр мен термені  күш қуатын қалыптастыратын дәрісіне айналдырған халық. 

Серікбол Қондыбай тұлғасы да дәл сол қазақ мифологиясының бас кейіпкеріне ұқсас тұлға. Ол бар болғаны отыз жыл өмір сүреді. Оның қақ жартысын балалыққа жұмсаса, үштен бірін білім толтыруға жинақтайды.

Жемісті еңбек етуге тым аз уақыт қалып еді…

 

…Өз ұлдарын мифтік тұлғалаларға айналдыруға құмар халқымыз секілді біз де Серікболдан мифтік образ жасап көрелікші…

…Серікбол деген жас жігітке түсінде періште аян береді… Періште Серікболға "сен ел санасы үшін жаратылған жансың" дейді… Тындырар ісің көп. Уақытыңды үнемде, кенже қалып, үлесін толық ала алмай келе жатқан халқыңның бір шаруасын тындыр дейді…

…Ол бүл түске мән бермейді. Жастық шақтың қауіпті соқпақтарымен қатерге толы өмірін жалғастыра береді…

…Сол жолда тағдыр оны  апатқа, айықпас дертке ұшыратады…

…Сауығып кету үшін біраз тырысқан жас жігіт өмірден торыға бастайды. Тіршілікпен қоштасқысы келеді. Сол күні түнде түсінде періште тағы да аян береді…

…Сен періште аянын орындамадың. Сондықтан Құдірет күші сені осындай етті. Алла сенің жарты денеңді алып кетті. Бірақ саған керек ой менен ақылды, қол менен жүректі қалдырды. Өйткені сен халқыңды шын жүрегіңмен сүйесің. Жаныңмен беріле қызмет етуге даярсың. Сен енді өзім деп еңбек ете алмайсың, елім деп еңбек етесің. Қалған ғұмырыңда сол мақсатты орындау үшін қажетті дене мүшелерің сау қалдырылды…

…Саған жазу, ғылыми еңбекпен айналысу керек. Саған қол керек еді. Қолыңды қалдырды…

…Саған жақсы шығарма жазу үшін ақыл мен ой керек еді. Оқығанды тоқу керек еді. Санаң мен ақылыңды қалдырды…

…Ендігі жерде саған қамқор адам керек. Сол үшін саған Тәрбиедей ана,  Балсұлудай апа берілді…

…Апа отырмасын. Іздесін. Сен болып ізденсін…

…Бір кісіге кездесер. Со кісінің батасы мен қамқорлығы Сенің бар шаруаңа жол ашар депті…

…Балсұлу Серікбол жазған шағын "Маңғыстау географиясы" атты кітапты баспаға бастырып шығармақ болады.

…Ол көмек көрсетер адам іздепті. Ұзақ іздепті…

…Ағайындарға барыпты. Көмек көрсете алмапты…

…Байларға барыпты. Барынан бөліп бере алмапты…

…Бастықтарға барыпты. Көмегі түгілі көңлін де аяпты…

…Бір сәтті күні Балсұлу Сайын Назарбекұлына кездеседі. Кейін Серікболдың өзі Дон Кихот аға атаған, Сайын Назарбекұлы Серікболдың жай адам емес екенін бірден түсінеді. Батасын береді. Қолынан келген көмегін көрсетеді. Содан бастап Серікболдың бар шаруасы оңға басып жүре береді…

Серікбол өмірінің жаңа кезеңі, қазақ халқының мифология дәуірі  басталады…

 

Бұл кезең қазақ елінің де  жаңа кезеңі болатын.

Ұлы Жаратушы әлсіз елді жарылғағысы келсе сол елге дырынды, алғыр ұлдарды бере салады екен. Ұл болғанда да ел бақытына бола жаратылған ұл береді. Өткен ғасыр өкілдері –  Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы секілділер, қазақ көгін жарқыратқан шоқ жұлдыздар, солар болатын. Солар болашақ қазақ елі мен азаматының моделін жасап беріп кеткен болатын.

Бұ ғасырдағы Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған: Әзілхан Нұршайықов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев, Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбеков, Бекболат Тілеуханов тағы сол секілді мыңдаған тұлғалар, Ұлы Құдіреттің қазақ халқының бақытына бола жаратқан тұлғалары деп ойлаймыз.

Осындай тұлғаларды, әрқайсысы бір ел аспанына жарық болар тұлғалардың қатарын біз Серікбол Қондыбаев атымен де толықтырғымыз келіп отыр. Оған не себеп?..

Оған себеп – Серікболдың, бар болғаны он жылдық, жемісті еңбегі.

Қазір – жаңа заман, жаңа кезең.

Ендігі кезең – ежелгі тарих тақырыбында еңбек еткендер еңбегі өз бағасын алатын кезең.

Ұл туған елдің ұлынан көрер құрметі сол болмақ!

Түркі жазуларын алғашқы оқыған В.Томпсон да, түркі тұқымдастардың, солардың бірі қазақ халқының тарихтағы сыбағасы мойындалып жүрген жобадан әлде қайда мол екенін дәлелдеп, ондаған том ғылыми еңбек жазған Л.Н.Гумилев те әлемдік деңгейде атақты болды. Өзіміздің Олжас Сүленйменов пен Қойшығара Салғарин де,  сондай деңгейге көтерілді.

Осы мақаланы жазу үшін, осы сөздерді айту үшін дайындық барысында біздің алдымызда атақты авторлардың ойынан туындаған, қаламынан шыққан бірнеше кітаптар жатырған болатын.

Сол авторлардың бірі Серікбол Әділбекұлы Қондыбаев. Біз Серікбол мырзаның кітаптарының аттарын санап шығуға ерінбедік:

"Маңғыстау географиясы", 1996 ж.

"Қазақ даласы және герман тәңірлері", 1998 ж.

"Қазақ мифологиясына кіріспе", 1999 ж.

"Маңғыстау мен Үсттірттің киелі орындары", 2000 ж.

"Есен-қазақ", 2002 ж.

"Гиперборея: түс көрген заман шежіресі", 2003 ж.

"Арғықазақ мифологиясы".  Төрт том. 2004 ж.

Қолымызға түспей қалғандары болса, сол қасиетті кітаптардан кешірім өтінеміз. Бірақ біз Серікболдың алғашқы шыққан "Маңғыстау географиясы" мен көзі тірісінде соңғы шыққан төрт томдық "Арғықазақ мифологиясы" атты еңбектерінің жарық көруіне септігіміз тигендіктен, осы шығармалар арасындағы уақыттың бар болғаны сегіз жыл екенін білеміз.

Ойпырмай! Қыршын жасын қырыққа жеткізе алмау, ғылыми ғұмырын он жылға соза алмау деген қандай өкінішті. Өкінішті болғанда Серікбол Қондыбаев секілді біртуарларға қандай өкінішті. “өлмейтұғын артына сөз қалдырған” деп данышпан Абай айтпақшы, Серікбол да артына жаны мәңгілік, ауқамы мол мұра қалдырды.

 

Серікбол қандай жағдайда еңбек етті? Осынша мол дүниені, бар болғаны он жылға жетпейтін мезгілде, қалай жазып бітірді?

Бұндай еңбекті жазу үшін оқу керек емес пе? Оқығанды зерделеу қажет емес пе? Ойға тоқып ойланып, тоқығанды қағазға түсіру қажет емес пе?..

Осыларды істеу үшін тұрмыс жайғдайы мен денсаулық, рухани күш пен уақыт қажет емес пе?..

Серікболда солардың бірі де болмады.

Ол рахаттанып отырып тамағын да іше алмайтын. Шалқайып жатып демін де ала алмайтын.

Оның отыра алмайтыны қоңында, шалқайып жата алмайтыны – арқасында  жазылмайтын, бірі жазылса басқасы балалай беретін алақандай, алақандай аузы ашық жаралары болатын.

Ол апатқа ұшырағаннан кейін аяғымен жүруді армандап та көрген жоқ.

Сонда ол қалай еңбек етті?

Бұл сұраққа жауап беру мүмкін емес… Ол енді жабулы көрпе күйінде қалатын болар…

Дегенмен бұлар туралы жауап алу дәмесі сақталады. Өйткені Серікболдың Балсұлу апасы жазар естелігінде бұл сұрақтарға жауап берілер деп  ойлаймыз…

Дегенмен біздің қолымыздағы Серікболдың жазған хаты мен қолтаңбаларынан, әлгі жабық көрпенің бір шетінің астына үңілуге мүмкіндік бар секілді…

 

САЙЫН  АҒАМ  ТУРАЛЫ  БIРЕР СӨЗ

 

         Өзiмнiң аздап та болса таныстығым бар, солай болса да мен үшiн ең қадiрлi кiсiлердiң бiрiне айналған Сайын Назарбекұлының Қазақстан парламентiнiң мәжiлiсiне депутаттыққа үмiткер ретiнде тiркелгенiн естiп, өзiмнiң ол кiсi туралы ойларымды оқырманға таныстаруды ұйғардым. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демекшi, менiң тағдырымдағы соңғы үш-төрт жылдағы өзгерiстерге тiкелей қатысы бар, өзiнiң жәрдемiмен менiң болашағымды анықтап берген Сайын ағамның қандай адам екендiгiн айта кетер сәттiң ретi келiп тұрған сияқты.

         Мен бұл кiсi туралы көп бiлем деп айта алмаймын. Айтпақшы болып отырған сол бiр оқиғаға дейiн онымен жүзбе-жүз таныстықта болып көргенiм жоқ. Рас, кейiн де оны бiр-ақ рет көрдiм, онда да тiкелей өзiме iстеген жақсылығынан кейiн ғана. “Өзiмнiң жақын танитын аталас туыстарым менiң азын-аулақ қабiлетiмдi байқай алмай, байқағандарының көмек беруге мүмкiндiгi болмай тұрған шақта маған туыстығы жоқ, атын тек анда-санда баспасөз бетiнен көрiп жүрген бейтаныс кiсi қалай байқап калды екен, қалайша сенiп көмегiн бердi екен?”  деген ойлар анда-санда басқа да түсiп тұрады. Мынадай құбылмалы заманда, адамның бiр-бiрiне деген дәстүрлi көзқарасы өзгерген тұста жәрдем ете бiлу – мен үшiн үлкен ерлiкпен тең. Сайын Назарбекұлы осындай ерлiк iстей алды деп айта алам. Өйткенi қайдағы бiр ешқашан көрмеген алыстағы мүгедектiң жазған кiтабын не бай мекеменiң не бюджеттiң қаржысына емес, қалтасынан шыққан өз қаржысына шығарып беру бүгiнгi байшiкештердiң қолынан келедi дей алмаймын. Қалай болғанда да мұндай болған жайт туралы бiлмеймiн. Сөйтсем, Сайыннан көмек алған жалғыз мен емес екем, оның алдына барғандарға ағамыз қолынан келгенiнше өз жәрдемiн жасайды екен. Бұл жөнiнде кейiнiрек, басқалардан естiдiм. Сонда не мемлекеттiк қазынаның қапшығының аузын ұстап отырған, қажет болған жағдайда шетiнен көсiп алып бере қоятын басшы не шенеунiк болмаған, не қалтасы соңғы он жылда қалыңдап үлгерген iскер байшiкеш емес, не ақшалы мекеменiң басшы емес – жай ғана құдды Дон Кихот сияқты қазақ даласының әр түпкiрiн кезiп жүрген, қазақтың өткенi мен болашығын ұштастырмақшы ниетпен рух-елестi қуып жүрген Сайын Назарбектiң байлығы тасып бара жатыр дейсiң бе? Әрине, жоқ. Бiресе маңғыстаулық өткен заман ақындарының мұраларын бiрнеше том етiп бастырып шығаруға ұмтылса, бiресе өткен замана тұлғаларын әспеттеуге, оларға белгi қоюға ұмтылып жүрген оған осы iстердi жүзеге асыру үшiн талай мекеме мен әкiмшiлiк бастықтарының табалдырығын тоздыруына тура келгенiн естiп жатырмыз. Рас, оның әуелi ойға, сосын қолға алған iстерiнiң бiразы кешiгiңкiреп те болса жүзеге асып жатыр.

         Әңгiме басына қайта оралсақ. Мiне, содан берi үш жыл өттi. Оның берген көмегi дер кезiнде жасалды дер едiм, өйткенi кенеттен зұлматқа тап болып отырған мен өмiрден гөрi өлiм туралы көп ойлай бастаған едiм. Опат болып, мүгедектiк дегеннiң жазмышын көрiп, қарға адым басудың өзiне зар болып отырған шақта өмiрге деген түңiлу мұнарын сейiлте алған, жаңадан үмiт отын жағып берген осы Сайын ағам едi. 1992 жылдан берi шаң басып жатқан кiтап араға бес жыл салып барып, онда да Сайын Назарбекұлының тiкелей көмегi арқасында жарық көрдi. Сол кiтаптың артынан үлкен армандар мен ой-идеялар ағыны басталды десем де болар. Мен сол кiтапты жұртшылыққа өткiзген соң түскен ақшасына компьютер және онымен iстес принтер, сканер, ксерокс сияқты қағаз кемiргiштерге таптыртпайтын құралдар сатып алдым да ендiгi жазатын дүниелерiмнiң барлығын да осы компьютерде терiп жазатын болдым. Содан берi екi-үш ғылыми-көпшiлiк тақырыптағы дүниелерiм жазылып қалды да. Рас, осы ойларым әзiрге нақты затқа айнала қойған жоқ, бiрақ сол бiр жәрдемнен туған үмiт оты әлi маздап жана түсуде. Солардың бiрi – қазақ мифилогиясы мәселелерi жөнiндегi тұңғыш еңбек жуырда жарық көредi деп күтудемiн. Соны күткен сайын, құдайға шүкiрлiк етумен қатар осындай мүмкiндiктердiң бастауында болған ағамды да ризашылықпен еске алып қоямын. Мен ол кiсiге бiр-екi ауыз алғысымнан басқа ештеңе айтқан жоқпын, мiнез-құлқымыздың болмысы солай ма — әйтеуiр, ағынан жарылып, кiсiнiң көзiнше iшкi сезiмдi бiлдiру жағы, яғни бетiне қарап отырып мақтау жағына нашармын, бiрақ бұл сол iшкi ризашылық, алғыс сезiмнiң жоқ дегенi емес қой. Айта алмағанымызды, шүкiр, жаза аламыз. Сол уақыттардан берi хат алысып, телефонмен сөйлесiп көргенiм жоқ, тек басқа адамдар арқылы хабар алысып тұрамын. Қанға сiңген адайлығымыз бар ғой, Сайын Назарбекұлы, менiң түсiнуiмше, бiреуге жақсылық жасадым екен деп бәлсiнбейтiн, мiндетсiмейтiн кiсi. Ал, мен қайта-қайта жария түрде алғыс айта берсем оның арты жалбақайлыққа ұласып кететiндей көрем. Сондықтан алғыс сөзiмдi де, ол кiсi туралы да сирек те болса бiр жөндi сәтке ұштастыра айтқаным ыңғайлы болар.

         Сайын Назарбекұлының еңбек жолдары жөнiнде оның жақын-жоралары, iстес болғандар бiлер. Ал оның ақындық туындылары мен әдебиет сүйетiнi көпшiлiкке таныс. Оның сәулетшiлiгi жөнiнде бүкiл Маңғыстау, тiптi бүкiл Қазақстан бiледi. Ұлы Абай мен оның туыстары жатқан Семей өңiрiндегi Жидебайдағы ғимараттардың қазақтың ұлы жүз – үйсiнiнiң арғы анасы Нұрида – Домалақ ененiң Оңтүстiк Қазақстандағы кесенесiнiң, қазiр салынып жатқан Атырау-Жайық өңiрiндегi Сарайшық ескерткiш кешенiнiң авторы да, сол идеяларды жүзеге асырушы да Сайын Назарбекұлы екенiн көзi ашық азаматтарымыз тегiс бiледi. Бұл- Маңғыстау сәулетшiлiк өнерiнiң бүкiл қазақ даласындағы идеялық үстемдiк құруының көрiнiсi. Сайын ағамыз – сол идеяны қазақ арасында нисахаттаушы iспеттi. Ал Алматының орталық алаңындағы тәуелсiздiк монументi – Алтын адамның мiнiп тұрған тұғыры – маңғыстаулық құлпытастың үлкейтiлген көшiрмесi екендiгiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Оның авторы болған Шотаман Уәлиханов осы идеяны берген Сайын Назарбекұлы екендiгiн айтады. Осы ағамызды мен “идеялар генераторы” дер едiм, өйткенi ол Маңғыстаудың және бүкiл қазақ даласының жансыз тарихына, ландшафтына жаңа әр берелiктей, жаңа келбет берерлiктей идеялар туғыза алады. Кезiнде оның ұсынған Ақтау қаласында салынуы тиiс “Маңғыстаудың ойында 360 әулие” сәулет кешенi жобасы қаржы болмағандықтан салынбай қалды, бiрақ жобаның құндылығы сондай, болашақта ретi келiп салынып жатса, көрер кезге дымы жоқ Ақтау үшiн үлкен мәдени орын болар едi. Ал әлгi Шымкент, Семей, Атырау жақтағы салынған құрлыстар- сол идеяларды қорыта бiлудiң нәтижесi.

         Сайын ағамыздың басты қасиетi – оның ерiнбейтiндiгi және жалықпайтындығы. Дала төсiндегi аптап пен шаңға бiрер күн шыдауға болар, ал сол аптап бен шаңда апталап, айлап жүру кез келгеннiң қолынан келе бермейтiн нәрсе. Сайында бiрде сол Атыраудағы Жайықтың масаға толы жағасынан көрсек, ендi бiрде Қарашүңгiлден, тағы Оғландыдан көремiз. Оның Бекет атаның бейiтi тұрған жердiң жойылып бара жатқаны туралы мәселе көтеруi – осындай туған жерге, туған өлкеге, ата-баба мұрасына деген жанашырлықтың белгiсi бұл да бiр осы күнi сирексiп кеткен елгезектiк пен ынтаның (энтузиазмның) көрiнiсi.

         Сайын Назарбекұлы – қазiргi демократқа айналып кеткен бұрынғы партиялық номенклатураның қорасынан шыққан адам емес. Соған қарамастан ол жоғары жақтағы тоңмойын шенеунiктермен де, қалың бұқарамен де байланыс жасай алатын, ең басты, айтқан сөзi далада қалмай, өз ойы мен сөзiн оларға жеткiзе алатын адам. Оған көзiмiз жетiп отыр. Ең бастысы – қара басының қамынан қоғамдық табысты жоғары қоя бiлгенi үшiн ризамыз. Оның қазiргi бай-шоралардың қатарына қосылып кетiп, асып кетсе өзiнiң мерейтойлары мен презентацияларының төңiрегiнен шықпай қалуға мүмкiндiгi болған, әлi де бар. Ол бұлай iстеген жоқ, оған сол үшiн рахмет айтамыз. Жасампаздар, арманшылдар белгiлi бiр дәуiрлерде өмiр сүрiп, айналаны өзгертедi, өздерiнiң ой-қиялдарымен болашақта болар үлкен рухани төңкерiстерге iргетас қалайды, бiрақ өздерi сол жолда жүрiп лаулап жанған алаудай бiр кездерi жанып бiтуi мүмкiн. Оның қызығын басқалар, ең алдымен ондай адамдарға кедергi жасаған пенделер көрiп жатады. Тарих сабағы сондай. Сайын ағамыздың жер мен адам үшiн жасамақшы армандары да осындай болашақ үлкен iстердiң басында тұр. Оны болжай бiлуге көпшiлiк қазiр қабiлетсiз, заман сондай. Бiреудiң ойын екiншi бiреу насихаттап халыққа түсiндiресе күндердiң күнi ол көпшiлiкке түсiнiктi, қарапайы әрекетке айналады, үшiншi бiреулер оны жүзе асырады.

         Бүгiнгi парламентiмiзге идея туғыза алатын адамдар жетiспейдi. Қазақ идеясын нақты заңдар мен нормативтiк құжаттарға айналдыра алатын адамдар жетiспейдi. Рас, мұндай қабiлетке ие адамдар парламентте бар, бiрақ, олардың қазақ жөнiндегi түсiнiгi қарабайыр деңгейде олардан қабiлетiне қарамастан ұлты үшiн, жерi үшiн бiрдеңе жасай қояды деуге келмейдi. Ал өзiмiздiң мүдделерiмiздi қорғайды деп үмiттенген адамдарымыз қаншама экономиспiн, өндiрiсшiмiн (производственник), бәрiн түсiнем, бәрiн бiлем деп уәдесiн үйiп төгiп кеткенiмен рухани жағынан тайыз, олардың бiразы –тек тойлар мен атаулы күнгi кездесулерде сөз сөйлеп, үлкен адамды мақтап көрiнiп қалуға бейiмделген, жаңадан салынған нысанды өзiнiң тiкелей қатысы болмаса да лентасын қайшымен қиып, осы арқылы өзiн халық үшiн үлкен; iс тындырып жатырмын деп түсiнетiн динозаврлық зерде деңгейiнде қалып қойғандар. Олардан не үмiт, не қайыр!  Сайын Назарбеков осылардан ада, ол – бәрiн бiлiп жүрмiн дейтiн экономист те, кәсiпкер де емес, сонымен қатар оны келесi шеттегi тек аузынан ақыл айту, кiсiмсу, шешенсу, дiмәрсiнiп, ұлт үшiн өтiрiк аһы-үһiлеп зарлануға дағдыланған “интеллигенцияға” да жатпайды. Ол ой мен iстi ұштастырған, материалдық бiлiм мен руханиятты астастыра бiлетiн кiсi. Ол ойға алған iсiн өз қолымен iске асырған кiсi. Оған Шымкенттiң Түлкiбас өңiрiндегi ұлы жүз үйсiннiң пiр-анасы Домалақ ененiң риза рухы куә. Оған Жайық жағасындағы Сарайшық топырағында жатқан ата-баба рухы куә. Оған Семейдегi Жидебай жерiндегi Ұлы Абай мен оның төңiрегiндегi Дiлдә, Әйгерiм, Ақылбай, Омархан, Мамай, Көкбайлардың ескерткiшке айналған рухтары куә. Мен Сайын ағамның Маңғыстаудағы iстерiн тiзбелеп жатқаным жоқ, оны көпшiлiктiң өзi бiледi. Тек Абыл, Нұрым, Ақтан, Сәттiғұлдардың мұраларының осы кiсiнiң қаржыландыруы мен жұртқа таратуының арқасында танымал болғандығымен шектелгiм келедi.

         Сайын Назарбекұлы Тоқтамыс болашақ парламентте Маңғыстау мүддесiн қорғайтын, басқалармен бiрiгiп ұлт мүддесiн қорғайтын адам бола ала ма? Ол сайлаушының қолындағы iс. Бiз тек тiлекшi ғана. Ағамыздан үлкен көсем шыға қоймас, бiрақ болашақ парламентте Сайын сияқты ерiнбей-жалықпайтындар саны көп болып, олардың бәрi бiр идеялық топ құрайтын болса, тек сонда ғана нақты нәтижелердi күтуге болады.

         Кезiнде ол Маңғыстау мұраларын насихаттау мақсатында жұмыс жасайтын “Парыз” атты шағын интеллектеуалдық мекеме құрған едi, ол “Парыз” бiраз iстi тындырды. Ендiгi Парыз -  Сайын ағамыздың халық алдындағы парызы тағы бiр өмiр жолы арқылы өтелсiн деген тiлегiмiз бар. Тағы да айтарым, бiз тек қана тiлекшiмiз.

        

Серiкбол Қондыбаев

Шетпе кентi.    1999 жыл 5 қыркүйек.

 

 

 

1. Серікбол Қондыбаев

"Маңғыстау географиясы"

Алматы  Қағанат – ҚС  1997

 

Қадірлі Сайын аға!

Үміт отын қайта жаққаныңызға, өзімді тірі адам екенімді сездіргеніңізге сізге ғұмырлық риза

ініңіз Серікболдан.

                                               15.02.97.

 

2. Серікбол Қондыбаев

"Қазақ мифологиясына кіріспе"

Алматы "Зерде", 1999.

 

                                   Сайын ағайыма!

Мына кітаптың қолжазба түрін өзіңізге таныстырған едім. Енді жаңа нұсқасын ұсынып отырмын. Алыстан желеп-жебейтін періштедей, ниеті түзу, тілекші аға бола білгеніңіз үшін.

                                               ініңіз  Серікбол Қондыбаев

                                               19 қараша. 1999 ж.

 

3. Серікбол Қондыбаев

"Маңғыстау мен Үстүрттің киелі орындары"

"Полиграфсервис" баспаханасы, 2000 ж.

 

Сайын Назарбекұлына

Сәке (Сайын аға)

Мынау ініңіздің үшінші дүниесі. Айқайлап жар салмасам да осының бәрі

1996 жылы өз қолыңыздан бастау алғанын мен жалған дүниеден өткенше ұмытпаймын.

Сізбен таныс еткен тағдырыма ризамын.

Ініңіз Серікбол Қондыбаев

                                                                      16.05.2000 жыл.

 

 

 

4. Серікбол Қондыбаев

Қазақ даласы және Герман Тәңірлері

Алматы "Зерде"  2000

 

Сайын аға!

Мынау ініңіздің төртінші дүниесі. Бұның бағасын кейінгілер берер, әзірге осы істердің куәгері ретінде өзіңізге естелік ретінде ұсынып отырмын. Қабыл алғайсыз.

Игі тілекпен ініңіз.

                                               Серікбол Қондыбаев   2000. 19.08.

 

 

         Серікболдың өзі туралы да, еңбектері туралы талай ойланып көргенбіз. Оның өзі туралы не десек те, қандай мақтау айтсақ та олқы соғатынын сеземіз. Серікболдың ғұмырбаяны туралы қаламы мен тілінің ыңғайы бар біреу табылып, биографиялық туынды жасаса біздің жастарымызға үлгі боларлық дүние болар еді.

Мен осындай кітапты жазу қажет екенін Балсұлуға бұрын да айтқанмын. Жазылып жатқандары да бар болар. Балсұлудың жазуға қолы тимейтін болса, не басқа себептері болса біз, диктофонға жазылған естелікпен, жұмыс жасауға, аяқтап шығуға, Балсұлуға соавтор болуға дайын екенімдігімізді білдіреміз.

Енді Серікболдың шығармашылығы туралы сөз етер болсақ, онда біздің ойымызға оралатыны, ол алғашқы “Маңғыстау географиясы”  мен  “Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары” атты еңбектерін өз мамандығы алдындағы азамат тұлғаның өз парызын өтеу жолында жасалған кісілігі болса керек дейміз. “Атым адам болғасын қалай адам болмайын” деген секілді, географ деген мамандық алып шығып, оқушыларға географиядан дәріс берген кісі,  жарытылысында табиғат сыйлаған зерттеушілік қасиеті бар жас ғалым өз ісінің алғашқы зерттеу жұмыстарын географиядан бастамай неден бастаушы еді. Аты аталған екі кітап жарық көрген. Серікбол алған мамандық пен туған жерге деген парызын осылайша өтеп тастайды да енді мида сақылдап қайнап жатқан, әлі қағаз бетіне түсіп үлгермесе де бас қазанында пісіп үлгерген негізгі шаруасына кіріседі.

Тың жерге түрен салғандай қайсарлықпен кіріскен Серікболдың бұл тәуекелін біз оның тек қана отандастары алдындағы емес бүкіл адамзат баласы алдындағы негізгі міндетін түсінуі деп атар едік. Табиғат берген ерекше дарын ол тек қана дарын иесінің меншігі емес, ал әуелі елдің, қала берді бүкіл адазаттың еншісі. Серікбол сол жобада түсініп, сол мақсатта еңбек еткен, аты үлкен әріппен терілер азамат деп ойлаймыз.

Көп зерттеушілер, сол секілді шығармашылық соңында жүрген адамдар, өз шығармасына кірісіп жаза бастаған кезде, оның қалай аяқталатынын біле бермейді. Еңбек ету барысында піседі, мүшеленеді дейді. Серікбол мырзаның шеберханасы басқаша.

Ол әлі жазыла қоймаған, басында дайындығы жүріп жатырған  “Арғықазақ мифологиясы” аталмақ төрт томдық кітаптарға алғы сөз ретінде бірнеше томдық кітап жазады. Болашақ кітаптар мағынасын түсіне алуы үшін, зерделей алуы үшін ерте бастан келешек оқушыларының санасы мен түсінігіне әсер ете бастайды. Автор өзінің алғы сөз секілді сол еңбетерін ғылыми еңбек деп те ойламайтын болуы керек. Негізгі жұмысына алғы сөз деп қараған секілді.

 Ол 1999 жылы жарық көрген “Қазақ мифологиясына кіріспе” атты еңбегінде: “… Бұл кітаптың тағы бір мақсаты – “қазақ мифологиясы” деген түсінікке оқырманның да, зерттеушінің де “құлағын, бойын үйрету”,  –  деп, ашып айтады. Бұл кітапты зерттеуші мифтік аңыздар мен оларды зерделеу барысында кездесер сөздерге оқушының құлағы мен бойын қалыптастырмаққа арнаса, “Есен-қазақ” атты еңбегінде Маңғыстаулық мысалдар арқылы әлгі “құлақтар мен денелерді” миф деген құбылысты  қалай зерделеу керек екенін үйретеді.  Осы кітаптың 14 бетінде: “… Екі-үш сүйегі арқылы динозаврдың бейнесін көз алдына келтіретін палентолог, екі-үш метостанцияның мәліметтерімен қателік ауқамын жылдан-жылға кеміте отырып, ауа райын болжайтын климатолог, бірнеше жерді аршу немесе ойып қазу арқылы шөгінді жыныстар қабатының сұламасын айқындай алатын геолог сияқты тарихшы  да этнологиялық әдістемені қолдана отырып, ұлы немесе кіші империялардың, кінәздіктер немесе еркін қалалардың құрылуы мен талқандалуы процесін суреттей алады” –  деп, ғалым В.И.Вернадскийдің ойынан үзінді келтірілген екен. Атақты ғалымның осы ойы арқылы біз де Серікбол Қондыбаевтың мифтік аңыздар мен жырларды ой елегінен өткізуі, пайдаланылып жүрген жеке сөздер мен  басқа тілдерге ауысып кеткен сөз түбірлерін зерделеу барысында осы “Қазақ мифологиясы” атты зор ғылыми еңбектің пайда болғандығын, оқушыларға осы еңбекте келтірілген тұжырымдардың ғылыми шындығының, тарихи тамырының бар екеніне көз жеткізгенімізді айтпақ болып отырмыз.

“Қазақ мифологиясы” кітабынан бастау алып, “Арғықазақ мифологиясы” атты төрт томдықта ғылыми арнаға айналған “Абақ таңба” өзіне амалсыз сендіреді. “Абақ таңба” ортасында нүктесі бар шеңбер болатын болса, ол Серікбол зердеханасынан өткенде  жаратылыстың негізгі заңы екені жай көзге де байқала қалады. Содан барып қазақтың “төр” және “төре” сөздеріне біз осы уақытқа дейін қалайша баға бермей келдік екен деген таң қалу сезімі де өзінен өзі туындай қалады. Енді бізге: атақты “Туран”, “Түрік”, “Төр” және солардан туындап тараған “ар, “арилер”, “арыс (үш арыс)” сөздері біздің осы уақытқа дейінгі соқырлығымыз үшін мысқылдай қарап, “ақыры зердеңе жетті ме” деп тұрғандай. 

Ғалым біз әңгіме етіп отырған төрт томдық “Арғықазақ мифологиясы” атты кітабының біріншісінің 58-61 беттерінде Ұлы Жаратушының шексіздік атты кеңістігіндегі адам баласының өсіп жетілуіне, бүгінгі күнге дейінгі эволюциялық сапарының іздерін оймен шолып қайтады.

 

Біз С.Қондыбаев еңбектерін ежіктеп оқи отырып осы уақытқа дейін өз  тегімізге заңды түрде мақтанып жүргенімізді сезінеміз, олардың тіршіліктің қай тереңіненен болса да өз тамырларымен нәр алып, өз тарихынан қуат алып жатқанына сенімді боламыз. Бұл еңбек сонысымен құнды. Сол қасиеттері оны ешуақытта ескіртпейді, бағасын төмендетпейді. 

Қазақи мифология емес тіпті дүниежүзілік мифология астарларына ғалымдар әлі көз салып, ой жүгіртіп үлгеріп болған жоқ. Қазақ ғылымдарының мифология жөніндегі бұл еңбегі көшпелілер туралы центроеуропалық менсінбеушіліктің қалың тоңына қаққан қазықтай болатынына сенгіміз келеді.

Қазақ халқының бір туар азаматтары Қойшығара Салғараұлы мен Ақселеу Сейдімбек Серікбол Қондыбайдың “Арғықазақ мифологиясы” кітабына жазған алғы сөздерінде: “…ғылым мен өнердегі пассионер тұлғалар ең алдымен дүйім жұрттың санасы мен сезімін баурап, мыңдардың жүрегіне шапағат нұрын ұялатады. Нәтижесінде сол мыңдардың таным-түйсігі мүлде жаңа сапаға көтеріліп, қоғамдық ой-сананың өресі биіктеп, өрісі ұзарады.

Мұндай ойдың жосығы білікті де білімдар азамат Серікбол Қондыбайға қатысты тілге оралып отыр” – дейді.

Адамға өз еңбегі үшін осындай тұлғалардың аузынан шыққан осы бағадан артық ештеңе қажет те емес болар…

С.Қондыбаев дарынды жаратылған тұлға. Оның ойлау қабілеті, уақиғалар мен сөздерді зерделеу әдісі (методикасы) оған кез-келген тақырыпта еңбек етуіне мүмкіндік беретін еді-ау деп ойлаймыз. Бірақ ол  өз ұлтына еңбек етудің, оны өз әлінше әлемге танытудың жолы деп мифология тақырыбын таңдапты. Оның неге миф туралы ғылымды таңдағанын өзінің мына жолдарынан аңғаруға болар…

Миф – адам баласы үшін барлық уақытта да бейне бір өзгермейтін, тұрақты нәрсе. Мифте бар жалпы модельдер, сюжеттер, тіпті ұсақ детальдар барлық жерде, затта кездеседі. Бұл былайша түсіндіріледі: миф – ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан біздің ата-бабаларымыздың естелік мұраларының жиынтығы. Миф тіпті біздің түйсігіміздің (подсознание) құрылымына кіреді. Ол тіпті, сірә, біздің қанымызда, генімізде таңбаланған (закодирован) болуы керек…

Серікбол Қондыбаев санасына соншалықты таным, жігеріне соншалықты талап берген Тағдыр (Жаратушы) оның пенделік болмысына келгенде сәл қаттылау да кеткен секілді. Жаратылыста бәрі есептеулі дейді ғой. Барлық жерде тепе-теңдік заңы сақталады екен. Мүмкін Серікболды төсекке таңып, жүріп-тұру мүмкіндігінен айырған табиғат сол қуаттарынан алынғандарды ойына, сезім түйсігіне қосып берген болар. Олай болған жағдайда біз, Серікболдың жанашырлары, ол істі қатеге санамаймыз. Қалай дегенмен біз осы өмірімізде ғалымдар ішінде қол-аяғы балғадай боп, астында тағы, басында бағы бар бола тұра жетпіске келіп докторлығын қорғаған, өліп-талып қартайғанда бір монографиясын жарыққа шығарып, бар әлемді жаратып шыққан өзіндей боп той жасап жататындарды да көрдік.

Серікболдың ғылымдағы, өмірдегі орны адам таңқалғандай. Ол әлемдік сыбаға бөлісінде өз сыбағасына тиген 15 шаршы метр бөлмесінде “мен” деп айқай салмастан, ешкімге міндетсіместен, ешкімнен ештеңе сұрамастан Алла тағала әлі әлемді жаратпай тұрғанда бір нүкте болып тұрған (кіндік), жаратқаннан кейін “абақ таңба” деп Серікбол ат қойған тіршіліктің негізгі заңына дейін ой жүгіртіп, өз ойымен Көкке жетсе де, өз аяғымен есікке жете алмай жай ғана пенделік тіршілігін жалғастырған болатын. Оның бақытына бар тірлігін баласына бағыштаған қарылғаш ана Тәрбие мен қамқоршы апа Балсұлудай қамқоршылары болды.

 

Адал еңбек қашан да бағаланбай қалмайды. Оған төзім мен қанағат сезімі жеткізбек. Елі бар, елдің азаматтары бар дедік қой жаңа. Серікбол еңбегі қазақ өнері мен тарихының үлкен жанашыры Иманғали Тасмағанбетов мырзаның назарына ілігіп, соның арқасында  төрт томдық “Арғықазақ мифологисы” жарық көрді.

Елім деп еңбек еткен еріне елі риза болып жатса, сол елдің елдік дәрежесінің көрсеткіші сол емес пе!..

         Серікболдың ұзақ ғұмыры енді басталды деп ойлаймыз.

 

Серікбол Тұлға. Оны жаратты.

Серікбол Қондыбай – ғасырларда, мыңжылдықта бір кездесер құбылыс.

Серікбол – қазақ халқының ұлылығының, даналығының тағы да бір дәлелі.

Серікбол – Ұлы Жаратылыстың, Құдіретті Жаратушының осы кезеңдегі қазақ халқына деген пейілінің түзулігі деп түсіндіруге боларлық құбылыс.

Серікболдың мәңгілікке басқан алғаш қадамын біз арқылы жасатқан Құдіретке разымыз.

Серікболдың өзіме жазған ризашылық сөздері маған да өзіме деген сезімдеріме қамқоршыдай боп, бағытымның дұрыстығына сенім орнатады.

Баламмен жасты Серікбол ендігі жерде жалына қол жетпейтін тұлпарға айналды.

Кеше ғана өзім қамқорлаған Серікбол енді шыңына көз жетпейтін асқарға айналды.

Көзім көрген мүгедек жан Жаратқан нұрына бөленген Әулиеге айналды.

 

                   Сайын Назарбекұлы

                            Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

                            Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

                            Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі

 

Запись опубликована в рубрике Тұлғалар туралы. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.