Үлгі ала білген үлгі бола да біледі

 

 

Үлгі ала білген үлгі бола да біледі

 

         Тәуелсіздік!..

Қазақ халқы үшін ұмытылуға айнала бастаған “Тәуелсіздік” атты осы қасиетті де, құдіретті түсінік туралы он бес жыл бойы сөз тигендер ауыздарын толтыра айтып та, қалам ұстайтындар құмарлары қанғанша жазып та келеді.

Бұл кезең – қазақ халқының басына бағы қонған, бақыты оралған кезең болды. Оған басты себеп тарих дөңгелегінің бақыт нүктесінің қазақ халқының маңдайына тап келуі болса, екінші осы шақта жан-жақты білім мен тәжрибе иесі, көргені мен өнегесі мол Нұрсұлтан Әбішұлының билік басына сәйкес келуі болды.

Осы 15 жыл бойы жұрт тәуелсіздігіне деген сағынышын ұлан-ғайыр тойлары арқылы көрсетіп жатты.

Бірақ бәріміз бірдей тәуелсіздік атты құбылысты болмысымызбен қабылдап, оның рахатына жан-тәнімізді бөлей, мағынасына ой жүгірте түсіне алдық десек артық айтқан болар едік. Біреулер жаңа мемлекетке сенбеді. Біреулер билікке іліне алмағанына өкінді.

15 жыл бойғы айтылған сан түрлі пікірлерге бұ күндері ой жүгірткендер ел ішінде Тәулсіз Қазақстанымыздың осы жылдар ішінде жеткен жетістіктерін ауыз толтыра аспандататындар  мен аузын қу шөппен сүртіп бәрін жоққа шығаратындардың да, кеудесін қуаныш кере мақтанатындар мен  жылдан-жылға ойбайын үдете, қара аспанды төндіре түсетіндердің де, ел қуанып тойлап жатырғанда жұртта қалған жетімдей зар қақсайтын заржақтардың да, істі дөңгелетіп алып кететіндер мен қолына алғаны кері кететіндердің де кездесетінін байқар еді.

Тәуелсіздігіміз 15 жасқа толып, “Азамат” атанып жатқан шақта біз әлгілердің қай-қайсысына да іш тартпай, өзімізге “шұкір, шүкір” дегізіп, қанағат пен парасатқа жүгіндіртіп келген, сонымен қоса “ай, әттеген-ай” дегізіп қабақты шыттырмай, таңдайды қақтырмай қоймайтын мәселелердің де кездескенін сөз етпек болып отырмыз. 

Алдымен, біз өзіміздің, республикамыздың әрбір басқан сәтті қадамына гүл төсеуге дайындардың, әр тындырған ісіне көкірегін қуаныш кернеп, аузы жеткенше мадақтауға бейімдердің,  әр іс тындырған ел азаматын ардақтауға құмарлар сапында екендігімізді де ескерте кеткіміз келеді.

Сонымен…

Бүкіл әлемдегі тілдестер мен ниеттес адам пенделері жеке-жеке мемлекет құрып алып, мыңдаған жылдар бойы өздерінің тарихтарын парақтап жатқанда тәуелсіздігіне жаңадан ие болып жатырған біздер кімбіз?..

Кеңестік тарихшылар дәлелдеп, құлаққа құйып кеткендей, жаңа қалыптаса бастаған жас халықпыз ба?..

Әлде кейбір мәңгүрт бауырларымыз бен қазақ халқының ел болып қалыптасуы жандарына бататындардың айтып жүргеніндей әлі ұлт болып үлгермеген, екі аяқты тіршілік иелеріміз бе?..

Біздің халықты саналы тіршілік басталғалы батыстың тілін шығысқа ұғындырып, оңтүстік ісін солтүстікке жалғастырып, әлемдік тарихты жасасуға атсалысып, көшпелілер атанып жүргендер еді дейтіндер ойы шындыққа жақын ба?..

Қалай дегенменен де, біз алдымен бірнеше сұрақтарға жауап іздеп көрелікші…

Қазақтардың тез тіл табысып, тез бауырласып кететіні неліктен?

Қазақ неге алғашқы танысқаннан бастап бөтен біреуді бауырым деп, тағы сол секілді біреуді тамырым деп атап, тіпті біреулерге өкіл әке атанып, мойнына міндет қамытын кие салатыны қалай?

Қазақ халқының қай заманда да сөзі мен уәдесінің құлы болғандығы неліктен?

Осындай ойларға батқанда біз қазақ халқының шындығында да ерекше халық екеніне көз жеткізе бастағандай боламыз.  Содан барып біз қазақ халқын әлемдегі ең бір ежелгі, ең бір адал, бір сөзді, дарынды халық дегендер пікіріне қосылғымыз келіп тұрады.

Ежелгілігіне – Аллатағаланың өз қолымен илеп, өз демімімен жан беріп, атын Адам атаса, қазағымыз сол Алла сөзін жоғалтпай әлі күнге Адам атын ардақтаумен келе жатуы дәлел  бола алмас па екен дейміз…

Бұдан 5-6 мың жыл бұрын өмір сүрген шумерлер тілінің біздің тілге жақын болуы да сол пікірді дәлелдеуге еңбек етіп жатқандай көреміз…

Сол секілді жұртымыздың басқаларды бауырға тартқыштығы, қамқорлағыштығы тек қана бүгін пайда болған қасиет еместігін, оның ежелден келе жатқан, тегімен тамырлас мінезі екендігін де есепке алуға болатын дәлел деп ойлаймыз…

Қазақ халқының болмысында қалыптасқан:

·        жаратылыспен біте қайнасқан табиғатпен үндестігі;

·        даналықтан туындар шешендігі;

·        ақындықтан туындар айтқыштығы;

·        ұлылықтан туындар аңқаулығы;

·        қайырым мен ізгілік белгісіндей бауырмалшылығы;

·        дархандық пен бейқамдықтан туындар қамсыздығы;

·        мыңға жалғыз шабатын батырлығы…

секілді қасиеттері сын айтуға болатын жағымсыз қасиеттерінен айқын басым түсіп жатады. Осылай түсіну қазақ халқының  ескілігі мен естілігінде жатырғандығы деп ойлауға мүмкіндік бергендей… Бұл қасиеттерді  қазақтар бойынан ешкім алып тастай да, өшіре де алмайды. Қазақтардың Жаратқан берген сол қасиеттерін 300 жылдық бодандық бұғауы да өшіре алмады.

Орыс тілді қазақтар мен “асфальт қазақтары” аталып жүргендер мынау өтпелі нарық кезеңде қазақылық төл мінезін қанша өзгертсе де ертеңгі туар ұрпақ өз болмысымен, қазақтығымен өмірге келмек. Өйткені әлгі қасиеттер қазақтың  болмысымен бірге жаратылған.

Сондықтан да қазақ халқының бағы жанған барында да, жолы болмаған жоғында да бар елге жүзі жарқын, қойны кең, құшағы ашық болған! Қандай қиыншылықтан өтсе де, басына қандай сын сағаты туса да солай болып қала бермек.

Бабаларымыздың көпшілік жағдайда өзіне зиянға шығып жататын әлгідей қасиеттері үшін біз өкінбеуіміз керек секілді, тарылмауымыз дұрыс деп ойлаймыз. Қайта қазақ болып туып, әлгі қасиеттердің бойымызда бар екенін мақтаныш тұтуымыз керек!

Ойланып көрелікші, басына іс түскен кезде басқа елдер қалайша қазақ халқынан пана тапқыш?

Қазақ халқы неге басқаларды бауырына басқыш!

Неге қазақ халқы соңғы бір асым етін аш баласына асып бермей, қонақ келіп қалар деп сақтайды?..

Себебі – қазақ халқы солай жаратылған!

Мүмкін Аллатағала қазақтарды жалпы адам пенделеріне үлгі болсын деп осылай жаратқан болар…

Сол табиғи болмысты ұлт кемшілігі деп есептемей, құдайының берген сыйы деп қастерлей білу қазіргі қазақ азаматының парызы деп түсіну қажет болар.

Соған келіссек қазақ керуенінің ноқтасын қолына ұстағандардың басты міндеттерінің бірі жұртымыздың бойындағы сол қасиеттерді сақтауға тырысу, ұрпақ  болмысынан жоғалмауын қамтамасыз етуге еңбек ету деп қызмет еткені дұрыс болар еді.

Бұл іс қазақтардың тек қана ана тілінде ойлауы, қазақ тілінде сөйлеуі арқасында қамтамасыз етіле алады.

15 жылдық тәуелсіздігімізде көптеген жетістіктерге жетіп, Қазақстан аты әлемге аян болған шақта, қазақтар спорт пен өнерде,  ғылым мен өндірісте жетістіктерге жетіп жатқан кезде, өздерінің ерекше дарынды халық екенін дәлелдеп жатқан кезде, ана тілін ардақтау мәселесінде ілгері баса алмауы өкінішті-ақ.

Осы 15 жыл бойы, Қазақстанның аты әлемге танылған жылдарының ішінде біраз “ай, әттеген-ай” дегізген, біраз бас шайқата өкіндірген, ілгері басуға қанша талпынғанмен аяқтағы тұсау аттатпаған ісіміз осы мәселеде, тіл мәселесінде кездесті.

Содан барып ұлттық намыс қамшыланбады. Содан барып жағымпаздық пен пара, қатыгездік пен қанағатсыздық қазақтың төл қасиеттерінен оза бастады.

Қазақтардың билік пен байлық тұтқасын ұстағандардың ұлттық намысын қалпына келтіре алмауы – ұлдарын ұлттығынан айырар, қыздарын қылығынан айырар қауіп.

Біздің ойымызша тіл мәселесі шешілсе, ұлт намысы қалпына келеді. Ұлт намысы қалпына келсе әлгі жаман қасиеттер таза тәнде бит өмір сүре алмайтыны секілді, өз-өзінен жоғала бастайды. Сондықтан да коррупцияға қарсы күрес, параға қарсы күрес, арақ пен есірткеге қарсы күрес деп шығарылатын қаржылардың негізгі бөлігін баланың оқуы мен тәрбиесіне, адам жаны мен тәнінің сауығуына жұмсаса әлгі кесапаттар өз-өзінен құрып кетері сөзсіз.

Ұлдарымыз бен қыздарымызды ана тілінен айыру оларды қазақтық болмысынан ажырату деп түсіне еңбек етпейтіндер халқымыздың тәніне еңбек еткенменен жанына еңбек ете алмайды.

Кеңес өкіметі кезінде тәнді қамдап, жанды ұмыту кеселіне ұшырағандар міне енді тәуелсіздігіміздің 15 жылдығына дейін ана тілімізді ілгері бастырмай отыр.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің болашағы қазақ халқының рухани тәуелсізденуіне байланысты, ал рухани тәуелсіздік ана тіліміздің тағдырына тәуелді!.. 

Елбасымыздың “15 жылда аю да бірдеңе үйренетін еді ғой”  деген қанатты сөзі бұл мәселе тағдырына оң әсер етеді деп дәметеміз. 

 

 

Қазақстан және Әлем

 

Қазақстан бар болғаны он бес жыл ғана жаны мен тәні қазақтікі, ойы мен сөзі өзінікі, істеген ісі мен алдына қойған мақсаты елінікі болып өмір сүре бастады.

Осы аз уақыт ішінде қазақ халқының үш жұз жылдық бұғау кезінде өз болмысын, басқа ұлттардан ерекшелендіріп тұратын табиғи ерекшеліктерін сақтағаны, жоғалтпағаны анық байқала бастады. Сөзі мен өнері де, тойшылдығы мен дархандығы да, қонақжайлығы мен бауырмалшылдығы да, Құдайға шүкір, бойларынан өшіп үлгермепті.

Жаратылысынан Адам табиғаты сан түрлі дейді…

Аллатағаланың өзі жаратқан Адам пайғамбардың Абыл мен Қабылының бір-біріне ұқсамағаны секілді, қазақ атам балалары да сан қырлы, сан мінезді. Оны осы он бес жыл ішіндегі қылықтары мен мінездері көрсетіп жатты.

Бірі егемен ел болдық, өзіміздің мемлекетіміз құрылды, ана тіліміз азат болды деп қуанып, басымыз бос, жан-тәніміз тәуелсіз, енді өзіміз тек қана қазақ елінің болашағына еңбек ететін болдық деп, бөріктерін аспанға атып жатса, енді бірі қазақ дейтін халық әлі қалыптасып болған жоқ, қазақ тілі мемлекеттік тіл есебінде өз жүгін арқалап жүре алмайды деді.

Бірі қазақты ел алдына шығаралық деп ұрандатып жатса, бірі біздің санамыз дамыған жоқ, күрделі технологияны ойлап таппақ түгілі пайдалана да алмаймыз деді.

Бірі ана тілімізді ардақтайық десе, бірі бұл тіл қойшылық межеден артықты түсіндірмейді, орыстарсыз бізге өмір сүруге болмайды деп, ел түсінігіне отаршылдық саясаттан үйренгендерін мойындатпақ болды.

Бірі біз егемендік алдық, өтпелі кезеңнен аман өтеміз, болашағымыз жарқын деді. Екіншілері – бізге егемендік не әкелді, халқымыз аштан қырылып жатыр, құритын күніміз жақын деді.

Бағымызға ма, сорымызға ма біздің замандастар маңдайына жаһандану атты құбылыс қоса жазылыпты. Ол құбылыстың бір мінезі –  өзін басқалар ұната ма, ұнатпай ма ойланбайтын секілді. Бар әлемді, құшағына ала, өзімсіне бауырына басып, ілесе алмағанды наны мен тұзынан айыра, бағынбағанды бастағы еркінен айыра, сәл қалт кеткенді қатал әкедей жазалай әрекет етіп келе жатқан құбылыс. Ол құбылысты түсінуге тырыспасаң, ыңғайына жығыла тіршілік етпесең қапы қалдырар қауқары бар күш секілді.

Бұлар туралы ойланбайтындардың, әлемдік өзгерістер мен ғылыми жетістіктер туралы хабары аз жандардың жалпы өмір туралы өте кәте пікірде жүретініне көз жетті. Ондай жандар үшін жаһандану басшылардың ойдан шығарылған ертегі іспеттес. Саясатшылар мен сарапшылар жаһандануға кім ерте бастан бейімделе алса, халқын дайындай алса, болашақ сонікі дейді.

Әйтпесе қазіргі кейбір ел адамдарының американдық, азияттық, россиялық деп аталатыны секілді, ұйымдасқан бір  тобырдың мүшесі боп кете баратын болса керек…

         Сондықтан да…

         Көп ұлт өкілдеріне қатар өмір сүруге жағдай жасай алған Қазақстан өз ұлтына да жағдай жасауы қажет деп ойлаймыз.

         Ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастыру үшін әр қалада, әр оқу орындарында ұлттық мәдени орталықтар құрылып, кәдімгі сабақ оқытқандай, шет тілі мен географияны  оқытатыны секілді факультативтік сабақ жүргізіп, драмалық қойылымдарға ұқсатып тәжрибе жүзінде көрсетілулер ұйымдатырылып, мектеп аралық, аудан аралық жарыстар өткізіліп тұрса…

Ондай мәдени ұлттық орталықтарда жастарымыз үйренер үлгілер жетерлік.

·        Отан мен отбасына деген сүйіспеншілік;

·        Елбасына, елағасына, үлкенге деген құрмет;

·        жастарға қамқорлық;

·        әдет пен ғұрып, ұлт пен дін түсінігі;

·        әке мен анаға, ата менен енеге көрсетілер пейілдер;

·        қонақ (шақырылған, шақырылмаған) күту;

·        көршілік қарым-қатынастар;

·        қазақи ізет пен ілтипат;

·        қазақи кішіпейіл мен ізгілік істер..  тағысын тағылар…

Қазақтар аз халық. Бар болғаны, асырып айтқанда жиырма миллионға әлі жете қоймаған ел. Осындай аз халық әлемдік өркениетте, мәдениетте қандай орын, қандай беделге ие бола болмақ?.. Әлем өркениетіне қаншалық әсері болмақ?..

         Бір мысал келтіре кетелік.

Басқаларға үлгі болсын деп жаратқандай Біріккен Эмираттар Елі дейтін, екі миллион өз халқы, бес миллион келімсегі бар, Жаратушы ерекше жаратқан бір ел бар. Жері құнарсыз. Шөпке де суға да тапшы. Шетсіз, шексіз ақ шағылдар. Жұрты соңғы қырық-елу жыл шамасына дейін жаңбырдың ізін қуалай, азғантай малының өнімімен тіршілік етіп келсе керек.

Дегенмен  жерінде аз ғана мұнайы бар болып шығыпты. Олар сол мұнай өнімдерін тамаша пайдаланып, соның қаржысына барлық басқа істерін жөндеп алулы. Теңіз жағасындағы жерлерін шетел байларына сатып, шетел қаржыларының арқасында далаларына жол салып, қалаларына гүл егіп, мекен-жайларын жұмақтай жайнатып жіберулі. Олар әлемді билеп келе жатқан саяси, экономикалық заңдылыққа, жаһандану құбылысына бейімделе алыпты. Олар өздерінің барлық  жетістіктеріне себепші болған нәрсе халқының ауызбірлігі деп санайды екен. Ел басшысының айтқанына көніп, халқы татулықта болалық деп келіскені, сол сөздеріне адал болғаны. Елі басшыларын батырым деп бағалапты, сөзіне сеніпті, ұранына үн қоса біліпті.

Ал мемлекет басшылары ел азаматтарын жұмылдыра алыпты. Сонымен қоса шетел қаржысын тартудың, шет ел тәжрибесін пайдаланудың тиімді әдістерін қолданыпты. Шетелдік оқымыстыларды көмекке шақырыпты, алған ақылын дұрыс, ұтымды пайдалана біліпті.

Қу медиен даланы гүл жайнатып, әлемдік озық ойлардан нәр алып, әр түп бұтаның астына тамшылап тұратын су құбырын жүргізуге ерінбепті, ақшасын да аямапты.

Содан барып бұ күнде адамға өмір сүрудің, тіршілік қамдарын  ұйымдастырудың, әлемге үлгі боларлықтай, ерекше моделін қалыптастырыпты. Алғашында өзіне көмектескен Америка сияқты алпауыт елдерге бұл күндерде кейбір мәселелер бойынша үлгі болуға да жарап қалыпты.

Тек қана Америка емес олар әлем жұртшылығының пайдасына асар көп жұмыстар тындырыпты. Солардың ең бастысы – ол  елде не істелсе де “жеке адам пайдасына емес, жалпы жұртшылық пайдасына” деп істелетін секілді.

Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаев мырза Эмираттар елінің теңіз жағасын игеру жұмыстарын зерттей келе, олардың үлгісін Қаспий жағасын халық пайдасына асыру жобаларына пайдаланбақ боп шешім қабылдапты.

Соған байланысты ондаған миллиард долларлар қажет етілетін жобалар жасалуда. Каспий жағасынан салынатын Ақтау Сити атты, 100 мың тұрғынға есептелген жаңа қала Эмираттар Елінің қаржысына салынбақ. Алғашқы кірпіштері үстіміздегі жылдың желтоқсан айында қойыла бастайды деген келісім бар дейді. Бұл іске Біріккен Эмираттар Елінде үлкен табыстар мен байлыққа қолы жеткен қазақ азаматтары да өз үлестерін қосуда.

 

 

Үлгі ала білген, үлгі де бола алады

 

         Тәуелсіздігімізге 15 жыл толар толмаста Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Өркендеген елу елдің қатарына жетелік!” –  деп ұран тастады. Дана халқымыз жыл санап емес, күн санап өсетін Ертөстігін өзінің осы кезеңі үшін ойлап шығарғандай.

Бұл ұранның “Менің Қазақстаным!”, “Мен қазақпын!”, “Қазақстан – менің Отаным!” дей алар кез-келген қазақтың, қазақстандықтың елі үшін мақтаныш сезімін оятары, атқарар жұмысына ынталы етері, ертеңінен үлкен үміт күттірері, ұрпағының болашағы үшін сенімін арттыра түсері даусыз.

Осы ұранды нақты өмір шындығына айналдыру үшін елін сүйген, жерін сүйген барлық азаматтардың осы ұлы іске өз үлесімді қалай қосамын деп ойлануы керек-ақ.

Өркендеген елу елдің санына тек қана экономикалық көрсеткіштермен жету – жартылай жеңіс болған болар еді. Елбасымыз сол орынға азаматтардың саналылығымен де жету қажеттігін міндеттейді.

Біздер бұл ұранды ұлттық санамыздағы “отансүйгіштік” деген көрсеткіш бойынша да ең алдыңғы орынға көтеру деп қабылдау керектігін түсінеміз.

Осыған орай мемлекет тарапынан, ел санасын елуінші емес ең алғашқы орындарға шығару үшін оқу, тәрбие, еңбек салаларына жағдай жасалса деп ойлаймыз. Жас ұрпақ тәрбиесінде пейілін ақшасүйгіштіктен отансүйгіштікке, ниетін батысшылдықтан бауыршылдыққа бұра алса, болмысы тәрбиеге бейім біздің халқымыздың азаматшылдық, адамсүйгіштік, қанағатшылдық, қайырымдылық көрсеткіштері бойыншы жер бетінде ең жоғары орынға шыға алатынына сенімдіміз… 

Қазақстанды өркендеген елу ел қатарына шығару, ол – озық технологияны меңгерген білімді азаматтардың жүзеге асырар ісі. Осы мақсатта істелінер барлық жұмыс экономикалық көрсеткіштердің жоқтаушысы болып қалмай, ұлттық идеологияны, рухани сананы қамдай, елдің экономикалық көрсеткіштерін жоғары шығару ел азаматтарының азаматтық санасы арқылы іске асырылар іс екендігін жарыстыра үгіттей, отырса жеңісіміз мәндірек болмақ.

Елбасының бұл ұраны елімізді біз де ел екенбіз ғой дегізер, ерімізді біз де ер екенбіз ғой дегізер ұран болды.

Біздің замандастарымыз елулік деп ұмтылса, ұрпағымыз өркендеген ондыққа жетуге ұмтылатын дәрежеге жетер.

Біздің мақтанышымыз, біздің шүкіршілік айтарымыз, тәуелсіздіктің алғашқы жемістерін көзіміз көрді. Өзіміз секілділер әлі көш-керуенін жолға түсіре алмай жатқанда біз Тәуелсіздік даңғылына түсіп, бұл ұлы сапардың біраз жолын жүріп тастадық.

“Шүкір, шүкір” дейміз… “Тәуба, тәуба” дейміз…

Елбасы шуылдақтар шуын елең етпей, керіс құмарлар дауын керек етпей Тәуелсіз Қазақстан атты ұлы көшті абыроймен ілгері бастап келеді.

Кемеңгер уақыт кімнің дұрыс жолда екенін, кімнің адасып жүргендерін сарапқа салып берді. Біз талас пен ерегес жолындағы емес, өркендеу, өсу жолындағы ел қатарына қосылдық. Басқаның кемшілігіне кешіріммен қарай алдық. Басқаның озығынан үйрене алдық.

Осындай жетістіктердің ұйымдастырушысы әлемдегі сан соқпақты даму жолдарынан, шытырман саяси қарым-қатынас арасынан, ұстанған саясатының ішкі-сыртқы қарсыластарынан аман-есен жол тауып өтіп, Қазақстан елін басқаларға үлгі боларлықтай дәрежеге жеткізген, қазақ халқының қиын кезеңде бақытына бола көшбасшысы болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Отанына берері әлі де мол секілді.

Кемеңгерлік жасқа келіп, елін тар соқпақтан ұлы жолға шығара бастаған Елбасшысының қайраты мен ақылы кемеліне келіп толысқан кезде, сол қасиеттерді ел пайдасына асырар шақтың дер кезі секілді.

Қазақ ұлтының жай ғана бір азаматы ретінде бізді жұртымыздың бүгінігі тіршілігі мен ертеңгі тағдыры толғандырады. Көш керуенінің бидасы кімде болатыны ойлантпай қоймайды.

Қазақстанның аз уақыт ішінде өзінен озықтардан үлгі алып, қарқынды даму жолына түсіп қана қоймай, сол өзінен озық болғандарға үлгі бола бастауы, тіпті алдыңғы ондықтағы мемлекеттердің өздері Қазақстан жүзеге асырып жатқан кейбір істердің әлемге үлгі боларлық нұсқа екенін мойындауы мақтандырады. Біз бұл жетістіктер жөнінде ойландық та. Бұл жетістіктер Елбасының білімділігі мен озық ойлылығының арқасы, көпті көріп көргенінен үлгі ала білгеннің арқасы. Ісіміздің алға басуы соның жемісі.

Енді осындай кемеңгерлік дәрежеге жеткен шақта өзіміз дауыс берген Негізгі Заңымыздан, Негізгі Заңның қамқоршылары депуттатарымыздан, ел-халқымыз бізді қоштап жатса бір ойымызды ортаға салғымыз келеді.

·        Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздің Алғашқы Президенті болған құрметі үшін;

·        көп ұлт өкілдері тұратын елде ұлттар достығын қамтамасыз ете алғаныны үшін;

·        сан түрлі сенімдегі дін өкілдерінің бір-біріне деген сенімін тудыра алғаны үшін;

·        аз уақыт ішінде елімізді жоғары қарқынды даму жолына түсіре алғаны үшін;

·        көптеген жобаларының жемісті аяқталып жатқанына ризашылық білдіре;

·        көптеген жаңа жобаларын іске асырып шығуға мүмкіндік беру үшін –

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлына тағы да бір рет Президенттік сайлауға түсуге мүмкіншілік беру мемлекет мүддесіне де, халқымыздың пікіріне сәйкес келер еді деп ойлаймыз.

Әйтпесе, Президенттерін қайта-қайта тағынан жұлып, ауыстырып жатқандардың көсегесі көгеріп жатқанын көре алмай отырмыз…

Әрине бұл ұсынысқа біздің бірде Украина, бірде Грузия демократтарының деміккен демін жұтып желігіп қайтатын, енді бірде өзбектер мен қырғыздардың суырған  сойылын көріп, халықты алаңға шақыратындарға ұнамасы белгілі. Бірақ олар халық емес, олар жеке адамдар. Олар өз пікірлерін айтып та жазып та келеді.

Біз де жеке адам ретінде пікірімізді ұсынып отырмыз. 

Тәуелсіздігіміздің 15 жылдық қортындысы бойынша халық аузындағы “әттеген-ай” дегізер деректерді жинақтап, Елбасы болып, ел болып түзетуге тырыссақ, ана тіліміздің абыройын қорғауды, қазақ халқының намысын қорғау деп түсінсек қазақ халқының рухани байлығын елуінші емес жоғарғы ондықтан кездестіретінімізге сеніміміз мол…

Запись опубликована в рубрике Бүгін. Ертең. Болашақ. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.