Қызылсай және Жаңаөзен

 

 

            Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесi. Қазақ Халық “Экология” Академиясының академигi, ҚР-ы “Құрмет” орденiнiң иегерi, Махамбет Өтемiсов атыңдағы сыйлықтың лауреаты, ақын, жазушы, сәулетшi- құрылысшы Сайын Назарбекұлы — өзiнiң азаматтығымен және шығармашылық еңбегiмен көпшiлiкке танымал жерлестерiмiздiң бiрi, Ол – “Парыз”, “Абай басқан Жидебай топырағы”, “Шерқала” өлең кiтаптарының, үш томдық шығармалар жинағының авторы.  “Абай iшiп үлгермеген у”, “Ең асыл мұра” пьесаларын жазды.

            Сәулетшi ретiнде “Домалақ Ана”, “Хан Ордалы Сарайшық” кесенелерiн, “Өмiрхан-Нұржамал”, “Абыл ақын”, “Досан батыр”, “Тоқтамыс батыр” күмбездерiн, “Дiлдә”, “Әйгерiм”, “Ақылбай”, “Шәкiр Әбенов” сағаналарын тұрғызды.

            Осындай еңбектерi еленiп, Қазақстан Республикасы ескерткiштер қорғау одағының құрметтi мүшесi, Махамбет ауданының құрметтi азаматы атағына ие болды. Алғашқы еңбек жолын автокөлiк жүргiзушiлiгiнен бастап, Маңғыстау түбегiн игеру кезiнде аймақтың әр қиырын аралайды. Барлаушы бұрғышылармен бiрге жүрiп, мұнай қазынасын табуға өзiндiк қолтаңбасын қалдырады.

            Биыл Өзен кенорнын игеруге қырық жыл. Осыған орай САЙЫН НАЗАРБЕКҰЛЫНЫҢ естелiгiн көпшiлiк назарына ұсынып отырмыз.

                                                                                                          Редакция

 

         Маңғыстаулықтар жер аттарын қосақтап айтуды үрдiске айналдырған ел. Солардың бiрi – “Өзен-Талақ”. Бiз жүргiзушi болып ел аралап, жер танып жүрген алпысыншы жылдары қазiргi Жаңаөзен қаласы, Қызылсай мекендерiнiң аумағын бiр тiркеспен “Өзен- Талақ” дейтiн едi. Талағы-  Жаңаөзен қаласының терiдегi мұнайлы ой. Сол ойдың солтүстiк батыс жағында қарыңға жабысқан талақтай бiр әдемi төбе болатын. Мүмкiн “Талақ ойы” осындай атауды сол төбенiң талаққа ұқсастығы арқасында алған болар… Ал “Өзен” атауы… Бұл туралы ендi қарттардан естiгенiмiздi еске түсiрелiк…

         Қазiргi Қызылсай елдi мекенiнiң ортасын қақ жарып Қызылсай деп аталатын аңғар өтiп жатыр. Сол кездерде аңғар бойында мал суаратын құдықтар болушы едi. Бiр күнi Жаманадай Құлшық молданың түйесiн суарысып тұрып бұл жер неге “Қызылсай аталған” деп сұрадым. Құлшекеңнiң ата-бабалары “Қауында-Қорғанбай”, “Өзен-Талақ” маңын жайлаған екен. Құлшық молда көргенi көп, терең ойлы, сөзге  ұста кiсi  болатын…

         … Бұл жердiң аты – Қызылсай. Осы маңайға күн сәл шықтаса осы саймен қарғын ағады. Кей кездерде жерде  бұлттың көлеңкесi жоқ аспан ашық болса да, жаңбыр түгiл ауада иiсi жоқ болса да, батыс пен терiстiк жақтан нағыз тау өзенiндей күркiреп қарғын ағатын. Ағысы күштi болғандықтан ба, әлде аққан лай судың түсiне бола ма, атын Қызылсай атапты. Нағыз өзенге айналады. Бұл сайдың аяғын “Өзеннiң ойы” деп атайды. Бұл маңайды дәл өзен деген жер атауы жоқ…

         Мен 1962 жылы “Өзенмұнайгазбарлау” экспедициясының алғашқы басшысы Дүйсен Үсеновке қарасты ГАЗ-69 деген машинаны айдайтынмын. Бiр күнi экспедицияның бас геологы Халила Махамбетов маған: “Столярный цехта ағаш қазықтар бар, машинаңа салып ал. Құбалды балға тап” – деп тапсырма бердi. Айтылған тапсырманы орындағасын жолға шықтық. Машинаға Халекеңнен басқа тағы екi кiсi отырды. Бекдашы бағытындағы алғаш мұнай атқан ұңғының қасынан өттiк. Халекең сөйлеп келедi… Бiр кезде менi сәл оңға ойыстыра бағыииап жолсыз жүргiздi де тоқтатты. Халекең машинадан түскесiн де жалғыз өзi сөйлеп келе жатты…

         — … Ана жақ “Талақтың ойы”. Ол маң шалқыған мұнай. Ана жақта жер астында булыққан газ. Ал мына жақтың мұнайы да аз болмас. Осы бiз тұрған жерден оңтүстiкке қарай мұнай жоқ. Бiз мұнайшылар қаласын осы жерге саламыз. Сайын, қазықтарды әкел. Тура мен тұрған жерге алғашқы үйдiң қазығын қақ!…

         … Мен қазықтарды алып келдiм. Бiрiншi қазықты тура оң өкшесiнiң iзi түскен жерге қақтым. Әлгi екi кiсi рулеткамен өлшеп қалған нүктелердi көрсетiп жүр. Мен қазықтарды бiрiнен соң бiрiн қағып жүрмiн…

         … Ол уақытта сол сәттiң үлкен тарихи уақиға екенiн кiм ойлаған?… Бiз қосшы баламыз. Басшы ағамыз жұмсады. Бiз орындадық. Ойда ештеңе жоқ. Сол уақиғаға қырық жыл өткенде ой жүгiртiп қарасақ … мен Жаңаөзен қаласының алғашқы қазығын қағыппын…

         … Бiр кездерде Маңғыстау мұнайшыларының бас қаласы Жаңаөзен тарихы да жазылар. Мүмкiн бұл қысқа мақала сол шежiренiң бiр жерiне жамаулққа жарап қалар…

 

 

 

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Отан.Жер. Ел. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.