Қара нарым, Әбішім, кемеңгерім

 

         Қазақтың Қара Нары!

         Көкірегі ояудың Кемеңгері!

         Менің Әбішім!

 

"Қайран жұртым, қазағым!" деп жаныңды жалдаған, қауіпті кездерде қара бас тағдырын талқыға салған, ар менен жан, ақыл менен төзім додаға түскен алмағайым заманда арпалыстан қаймықпаған Сіз едіңіз!.. Оны халқыңыз біледі, Әбеке!..

Жиырма жылға жуық арпалыспен өткен бұл жылдар Сізді шаршатқан да болар… Шаршаған да шығарсыз, Әбеке!..

Дегенменен тап осындай тағдыр үшін, халыққа қызмет ете алған мүмкіншілік үшін, тындырылған істердің маңызын ойлағанда "шүкір" деуге де тұрарлық жылдар болмады ма… Айтып та жүрген шығарсыз, Әбеке!..

 

Қара нарым, Әбішім! Кемеңгерім! –

Дауылдарда "майыспас емен" дерім!

Жұқардың ба, қабаққа мұң толыпты,

Білмей отыр, Сайының, неден дерін?..

 

Қара нарам, қаймықпай тартқан алға,

Жол ауырын білгенсің жатқан алда.

Айнымасқа ант еттің, зәр ішсең де

Лоқсымауға, бұ жолға аттанарда.

 

Секілді еді елуде халің тәуір,

Болды ма әлде бұл жылдар қомың ауыр?..

Жирма жылда айылды бір босатпай,

Бел кетті ме, ағажан, жоның жауыр?..

 

Жел сөз сөйлеп желігетіндерге, дау туғызып даурығатындарға билік тиген заманда, ұлт намысы көкпар етіліп талқыға тасталып, әлгілердің тартуына түскенде топқа түсуден қорықпайтын да,  жасқанбайтын да Сіз болып едіңіз!

Өйткені Сіз қазақ елі үшін жан пида етуге дайын болатынсыз!

Өйткені Сіз сол кезеңге сәйкес келген Елу жасыңызда "Ол – қазақ!" дегізер қазақылық қалпыңызды Табиғат сыйлаған  дарыныңызбен арқаулап, қазақтың қуанышы мен мұңын бойға сіңіріп  үлгерген едіңіз! Сіз күреске дайын болатынсыз! Сізді қазақ халқын қамқорлап тұрған құдіретті күш дайындап үлгерген секілді еді, сол тарихи жылдарға…

Сіз, сол заманға сәйкес келген Елу жасыңызда,  "Әбіш – Азамат!"  дегізер кісілік пішініңізді әлемдік озық ойлармен, елу жылдық тәжірибемен өрнектеп үлгерген едіңіз!..

Өз қамыңыз түгіл, әлемді он айналып келе аларлық ақылмен жүрегіңізге жара түсірер қауіпті сезе тұрсаңыз да:

 

Аузы сасық, жаны пасық, имансыз

Жандар менен күреске өмір қиғансыз!

Кісіліктің, парасаттың пішінін

Зерлі сөзбен, "қазақ қалпын" құйғансыз!

 

Өтті сол кез… Өмір жылжып барады,

Ашылды да, қазағыңның қабағы.

Біраз інің: "Дейді Әбіш ағаның –

Ғажап еді бізге берген сабағы!"

 

Бейтаныстар алды өзіңді Аға қып,

Біраз көңіл өз сөзіңмен тазарып,

Міне енді, бурыл шашқа қарасам,

Жарасып тұр, Сізге –  "Асыл Ағалық!"

 

Қазақ Егемен Ел атанып, Тәуелсіздік Көк Байрағы аспанына, Елбасы көгіне көтерілген сәтте:

Елдің сөзін кім айтып еді!..

Ел қуанышын кім жеткізіп еді!..

Елдің ене көкірегін кім иіте алып еді!

Көзінен қанды жас ағызып әдеттеніп қалған қазақ жанары, шүкіршілік пен мақтаныш отын шашып тұрмап па еді сол күні!..

Сол күні тазалығы мұхит түбінде жатар маржандай, асылдығы сап алтындай  ғажайып сөздер сағынышты немересін көрген кәрі кемпірдің омырауынан аққан сары уыздай құлаққа бал болып жағып, жүрекке нәр болып құйылмап па еді!..

Ел бірлігіне, ел рухына деп шашылған парасат дәні содан тамыр тарта бастамап па еді!..

Ой қандай  сәт еді!.. Сөз қандай еді!..

 

Әр сөзіңе "па" дегенді, бұ халық!..

Әр ойыңа "е" дегенді, бұ халық!..

Со сезімін жоғалтпайды бұ халық!..

Сол мәртебең мәңгілік деп ұғалық!..

 

         Әбеке! Біздің бұл ой Сізді жақсы көргендіктен жазылып отырған жоқ. Ел ортасында жүрген  сөз сөйлерлік жұрты бар, сөз тыңдарлық құлқы бар адамның көңілге түйгені.

Халқыңыз Сіздің соншама өлшеусіз дарыныңызбен, соншама жылдар ат үстінен түспеген мәртебеңізбен бір де бір рет асып-тасып артық кеткеніңізді көрмепті!..

Әттеген-ай, дейміз біз!..

Мүмкін, анда-санда тасып төгіліп, босап сөгіліп те тұру керек пе еді, пендеге?..

Мүмкін ондай мінез Сізді әлі де болса таныта түсуге, тындырған істеріңізді халық құлағына жеткізе түсуге септігін тигізер ме еді?..

Өз еңбегіңіз өз атыңызға жазылып қалар ма еді?..

Мүмкін анда-санда босап, сөгіліп тұрсаңыз, анау сезім мен еттен жаралған жүрекке де жеңілдеу болар ма еді?..

 

Артық кетті, еңбегім демегенді бұл алып,

"Кемеңгерім" атаған сол шамада бұ халық…

Оза шапқан тұлпарға қойыңдаршы ағайын,

Әдетіңді, әуелден, әзірлейтін "Бұғалық"?..

 

         Ана тіліміз деп айқасқан, қазағым деп қасарысқан сол жиындар, ел болашағын анықтаған сол кезеңдер Әбіш Кекілбайұлының шын мағынасында "Ел Баласы" екенін анықтап берген шағы болатын.

 

Ана тіл деп айқасқан жарыс қандай…

Арыстанмен алысқан барыстардай!

Еңбек етті қазаққа Әбіш мырза,

Тарихтан, заманнан қалыс қалмай.

 

Ұмытшақпыз, қалайша, ұмытшақпыз?..

Ер еңбегін елеуге –  ұмытшақ, Біз!..

"Әділеттік моделі" сол емес пе,

Қалай өмір сүреміз "Үміт-шақсыз"?..

 

Өзі қандай, сөзі де жарасады,

Талай дұшпан қасында аласарды!..

Талай түйін шешіліп, талай рет,

Мәмілемен  ел тыныш тарасарды.

 

Неге шалым, дем алып, отықпадың?..

Неге отырдың әр түннің "түтіп" таңын?..

Аялдасаң не етер ед, анда, санда,

Әбекежан, со Шалдың, күтіп жанын?..

 

Бірақ сол кез толысқан, керім едің!,

Сенен ерлік күткенді Жерің, Елің.

Бір сөзіңмен қайтарып Маңғыстауға

Облыстық атағын беріп едің.

 

Не талайын тындырдың шаруаның,

Аспандаттың Бекеттің аруағын!

"Әбіш айтты" дейтінді, қажет кезде,

 Әлсіздердің, біраздың қаруы едің.

 

         Қазақ халқының бақытына бола жаратылған аймаңдай ұлдарының маңдайын жарқырата жазылған Сіздің мақалалардың құны мемлекеттің берер ордені мен ел-жұртының берер атағы секілді құрметтерден кем түспеді десек, бізге ешкім артық айтты дей алмас деп ойлаймыз.

Манастың мыңжылдығын марапаттауға, Құрманғазының құдіретін танытуға арналған сияқты ондаған ғылыми мақалалар жазушының ұшан теңіз білімі мен пайымының дәлелі.

Әбіш Кекілбайұлының өзінің біз танымайтын  Жұмекені, Төлегені, Олжас ақыны, Серке Қожамқұловы, Шыңғыс Айтматовы, Ахмет Жұбановы, Сұлтанмахұмұты, Махамбеті тағы сол сыяқты тұлғалары жетерлік. Ол жазған зерттеу, таным мақалаларына кейіпкер болғандар атын санап шығу міндет емес болар. Оларды оқу керек. Ол мақалалар өнертану, адамтану ғылымының әліппесі іспеттес, жақсыны жақсы көру, өнерлінің өрге басқанына тілектес болу оқулықтары секілді.

Ол еңбектер – халқымыздың өнердегі, мемлекетіміздің әлемдегі тұлғалану процесінің күнделігі. Қазақ халқы өзінің рухани күшінің қаншалықты ілгерілеп келе жатқанын байқау үшін, Әбіш Кекілбайұлының ұлт ұлдарына арнаған зерттеулерін, мақалаларын, арнауларын бір қарап шықса жеткілікті болар еді.  

Әбіштің әлгі атақтыларымызды түсінуі ерекше зерттеуді қажет ететін құбылыс.  Жан жібітер сөздер, сезім тербер теңеулер, кейіпкер шығармашылығының тереңін түсіне алған білім, тек қана халқына деген сүйіспеншіліктен, оған деген табынудан бастау алатын болар. Содан барып, халқына адал еңбек еткендерді көргенде, өнері ел абырайын асқақтатар азаматтарын көргенде, сол сүйіспеншілігі әлгі тұлғаларға деп ақтарылатын болар. Оның еңбегінен бір де бір жаттанды сөз, қайталама қайырма кездесе қоймайды. Оның себебі ол барлық жұртқа бірдей қарай алмайды. Оның пейілін анықтар бір ғана көрсеткіш бар. Ол – кейіпкерінің таланты, кейіпкерінің елге еткен еңбегі. Олар әр түрлі жандар. Әр қырлы еңбектер. Содан барып Әбекең әр кейіпкерін өз сезімі арқылы өз жүрегінен өткізеді де қайталанбас тұлғалардың қайталанбас образдары мүсінделіп шыға береді…

 

Тындырылған іс қаншама!..

Өтелінген парыз қаншама!..

Мойынан түскен борыш қаншама!..

 

Осылар туралы ойлағанда, Сіздің бақытты сезінуге, өзіңізге риза боп жүруге толық хақыңыз бар Азамат деп ойлаймыз, Әбеке!..

Кеше ғана бодандықта жүрген халқыңыздың қабырғалы ел болуына сүбелі үлес қосқан Қайраткер ретінде қабағыңызды мұң шалмауға, атағыңызды кір шалмауға тиіс жандардың бірі болуға құқылы деп ойлаймыз, Әбеке!..

Соншама жыл ауыр жүк арқадан түспеген шыдамыңызға бола Сіздің Шүкіршілігіңіздің шамасы шексіз деп ойлаймыз, Әбеке!..

Ойлайтынбыз…

Бірақ, бұл қалай?.. Ойға бір күдік кірді…

Біздің соңғы кездесуіміз кезінде Сіздің даусыңызда ызғар  бар екенін сезгендей болдық, қабағыңызда мұңдар бар екенін байқағандай болдық…

Осыны жүрегіммен сездім…

Осыны болмысыммен байқадым..

 

Қара нарым, Әбішім! Кемеңгерім! –

Қай дауылда "майыспас емен" дерім!

Жұқардың ба, қабаққа мұң толыпты,

Білмей отыр, Сайының, неден дерін?..

 

Шаңырақ нар!

Жампозым, арқа жауыр,

Біз білеміз болғанын жүгің ауыр!

Тәрбиелеп үлгермей бар қазақты,

Ұрпақ қамы, сыздай ма бүгін бауыр?..

 

Мойындалды, дарынды дара Тұлғаң!..

Қаратаудың Отпаны, дара тұрған!..

Өзің дейміз, Әбеке, бұйрықпенен,

Бақытына қазақтың жаратылған!..

 

Шыдап едің уақыт тепкісіне,

Келе жатыр жақындап Жетпісің де.

Сенем сенің атағың "Мәңгі Мезгіл",

Ондай атақ тағылар тек Кісіге.

 

Беріп кетші, түгелдей қазынаңды!..

Менің саған осындай базынам бар!..

Бар әлемнің байлығы бір басыңда,

Жетпіс емес жүз нарлық қазынаң бар!

 

                                               Сайын Назарбекұлы

                                               мектептес досың.     

                                                        14.11.2007 ж.

                                                       

 

Запись опубликована в рубрике Тұлғалар туралы. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.