Қаратау өңірі, Қазығұрт бөктері

 

Ескi ай өсiркей гөр, жаңа ай жарылғай  гөр…

Халық мәтелi.

 

         Кеше ғана, ұлан-ғайыр қазақ жерiн жыл бойы даналықтың самалына саялатқан, сан ұлтты қазақ елiн жыл бойы асқақ рухымен демдендiрген, сол дана самал мен асқақ рухтың кең байтақ Қазақстанға симай бүкiл дүние жүзiне таралып, қазақ халқының атын әлемге әйгiлеу үшiн ғана туғандай болған 1995 жыл, бiзге асқартау Абай ұлылығын сан қырынан таныстыра, атын аңызға айналдыра, бiз ендi осы тақтан түспеспiз деп бой үйрете бастаған шақта барып қош-қош деп қол бұлғаған жыл болды. Қазақ халқы үшiн бұл жыл аса қимас қымбат жыл едi. Абай жылы боп есте қалар сол бiр қымбат жыл бiрте-бiрте алыстан бара жатыр. Қиыншылығымен қатар қызығы да аз болмаған бұл жыл елiмiздiң саяси және экономикалық бағытында, азаматтарымыздың психологиялық және кiсiлiк қасиетiне бiраз тұрақтылық әнелген жыл болды. Алдағы үмiттен жаралған адам баласы артымызға қимастық кқзiмiздi бiр тастап, алдымызды үмiт көзбен мол шола қарағанымызға да бiраз күн болып қалыпты. Үмiт көзi неден дәметедi, мынау қиындығы, шытырманы молдау заманның келесi кезеңi ертең қоштасарда бiздi қай қасиетiмен тандандырар екен, өзiн қай жақсылығымен қимасындай етер екен?…

         Ылайым, жаңа жылдың жақсылығы көп болғай. Ел басының, үкiмет басшыларының сөздерiн пайымдап қарағанда бұл жыл бiр жақсылықтың басы болатын секiлденедi. Бiраз заводтар, фабрикалар кәзiрдiң өзiнде-ақ iске қосылып жұмыс жасай бастады. Елiмiз бүкiл дүние жүзiлiк адамзат қауымдастығының толық қанды мүшесi болуға айналды. Барлық бағытта да бiр жаңа серпiлiс байқалатын сияқты…

         Осындай  бiр мол қуатты, мол ауқамды серпiлiстi мен Шымкент облысының азаматтарынан байқағандай болатын. Абай кесенесiнiң бас құрылысшысы ретiнде, сол кесенеге пайдаланылған ақтастың маманы ретiнде менi жақын арада Шымкенттiктер елiне шақырып, бiраз қыдырып, жiгiттермен жүздесiп, ақсақалдарымен сәлемдесiп деген сияқты, тiптi облыс Әкiмiнiң қабылдауында да болып қайттым. Облыс азаматтары Маңғыстау жерiнен қазылып алынатын сәндi ақтаспен-аты аңызға айналған, көзi тiрiсiнде-ақ әулиелiгiн көрсеткен, бұдан алты ғасыр бұрын ғұмыр кешкен, Қожа Ахмет Яссауидiң немере жиенi, Бәйдiбек бабамыздың жұбайы, кәзiргi, тараған ұрпақтары қазақ халқының мол бөлiгiн құрайтын – “Домалақ — Анамыздың” зират кесенесiн салдырмақшы.

         Бiз, Абай кесенесiнiң құрылысшылары, шымкенттiктер тапсырмасы бойынша жоба жасап бiтiрдiк. Жоба бойынша ескерткiш биiктiгi 13м, Кесене қабырғасын сегiз дөңес жазық болып бiрiккен жазықтықтар құрайды. Сол қабырғалар тоғыз метр биiктiктен кейiн әуелi он алты, сосын отыз екi дөңес секторлардан тұратын күмбезге жалғасады. Кесене алдында сәндi портвлы, екi шағын мұнарасы болмақ. Кесене маңында жер асты төрт түнек орны бар, Домалақ-Ана қабiрiне баратын жер асты жолы бар, тұғыры жер бетiнен екi метрге көтерiлген бұл ғимрат көз тартарлықтай сәндi болып шығады деген дәме бар. Облыс Әкiмi Зауытбек мырзаның бұл ғимратқа бөлiп отырған пейiлiне қарағанда бiздер кесене құрылысын қазан айның басында аяқтап қалуымыз әбден мүмкiн. Көңiлге жылы сезiм орнатар тағы бiр жәй бұл ғимрат үшiн мемлекеттен қаржы сұралмақ емес. Шымкенттегi “Мұхит”, Ташкенттегi “Сейтқожа” фирмаларының басшылары, өз өлкесiнiң аптал азаматтары, iскер табыскерлерi халықтан жылу жинатпай, мемлекетке алақан жайдырмай барлық шығынды өз мойындарына алмақ.

         Бұл, әрине, кешегi Абай жылынан әсер алған, халқының қуанышын, рухани тiрлiгiн өз қалтасының қалыңдығынан қымбатырақ көретiн азаматтар iсi. Осы бүкiл елiмiзге үлгi боларлықтай iстi қолға алып отырған Алтын мен Атымтай мырзалардың жан-дүниесiнiң, рухани байлығының ақша байлығынан көбiрек қадiрлейтiнiнiң дәлелi болса керек.

         Тағы да айта кетерлiк бiр жайлы хабар – ол, осы облыс өткен жылдың соңғы айында Шымкент қаласының ең көрнектi, ең әсем жерiне Фараби бабамызға ескерткiш орнатыпты. Ескертiш маңындағы жиналған халыққа әңгiме айтып тұрған облыстың бас сәулетшiсi Ғабит мырзаның сөзiн тыңдай менiң алған әсерiмнiң шегi жоқ едi. Бабамыз сонау алыс қалған ғасырдан қанат байлап үшып келiп сәулетшiнiң сөзiн тыңдап тұрған, адамдар арасындағы перiштедей, осы арада болып жатқан жақсылыққа, имандылыққа арнайы ұшып келiп куә болғандай, егер жер пенделерi кiсiлiк жолдан сәл ауытқыса қайта көкке көтерiлiп кетуге дайын, қанатын серпiп қалса болды көзден ғайып боларлықтай, сонысымен кiсi көңiлiне жамандық кiргiзуге мүмкiндiк бермейтiндей әсер қалдырады екен…

         Айтылып жүрген әңгiмелерге қарағанда бұл облыста Орда басында және тағы да бiрнеше қасиеттi мекендерде болашақ адам жанының рухани байлығына айналар дүниелер салынып жатса керек…

         Қазақ халқының дендi үлесi тұрып жатқан  қасиеттi Қаратау өңiрiнде, Қазығұрт бөктерiнде болып жатқан бұл iс-әрекеттердiң көпшiлiк көңiлiне иман шырағын жағардай, қолмен iстегендердiң мақтаныш сезiмiн қозғайтын, көзi көргендердiң көңiлiн оятатын,естiгендердiң әуестiгiн қоздыратын, жалпы қоғамды парасат пен жақсылыққа бастайтын құбылыс екенiнде сөз жоқ.

         Ләйiм, тек бiр өңiр емес, бүкiл қазақ даласында әр жылымыз қадiрлi қимасымыздай, аяулы анамыздай, қамқоршы атамыздай әсер қалдыра, бiзге берiп үлгермегендерiн орнын басар жаңа жылына аманатқа өткiзе отырып қоштасқай!

         Барлығымызға да, 1996 жыл, имандылық пен мейiрiмнiң, тоқшылық пен молшылықтың басы болып келгей!

         Бұл жыл – Аллатағаланың шапағаты жауған, шаңырағымызға iзгiлiк пен қайырым, ақ пейiл мен таза ниет деген балапан ұшыратын бақыт құсы  ұя салған баянды қоңыс тапқан жыл басы  болып келгей! Бұл жылда қолымыз iзгi iстерден, ойымыз имандылық ниеттен босамағай!

Запись опубликована в рубрике Отан.Жер. Ел. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.