Қазақ тілі… бағдарлама

 

         Қазақстан Республикасының Негізгі Заңы мемлекеттік тіл дәрежесін бергенімен қазақ тілі әзірге Негізгі Заң бекіткен мәртебесіне лайық өз орынын ала алмай келеді.

Республика тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін қазақ халқы өз ана тілінің мемлекеттік тілге айналуына жеңілдік туатындай секілді боп көрінген. Бірақ олай болмай шықты. Осы жағдай республика жұршылығына «неліктен?» деген сұрақ маңында ой ойлауға итермелейді.

Сонымен:

·        басты кедергі не?

·        қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдыруды тежеп тұрған қарсылық қалай туындайды және кімдер туғызады?

Қазақстанда қазақша тілді игеруге, пайдалануға кесірін тигізіп жатырған мен кедергілер қарсылықтар түрін бір-бірлеп емес он-ондап санап шығуға болар еді. Бірақ оларды санап шыққаннан да соларды туындатып жатырған себептер маңайында ой қозғаған дұрысырақ секілді.

Республикамыздың бірнеше облыстары сондай кедергілерді аттап өтіп (“шешіп емес аттап өтіп” деп айрықша ескертеміз) жиналыс тілдері мен іс қағаздарын қазақ тіліне көшіруге шешім қабылдай тұрса да, сол аймақтардың әрекеттері көбіне іс жүзінде тындырылған жұмыс емес екені байқалуда. Олардың бұл істері қазақ тіліне жандары ашығаннан туған әрекет екендігін байқата бастады.

Солай болуға тиіс те еді. Өйткені жойылып кету қаупі төне бастаған қазақ тіліне мемлекет болып, ел болып тұтастай бет бұрмай, бүкіл елді, барлық оқу орындарын, барлық өндіріс, шаруашылық мекемелерін қамтитын арнайы бағдарламалар жасап, олар жүзеге асырылмай, сан салалы өндірістер мен шаруашылықтар ерекшеліктері ескеріле дайындық жұмыстары жүргізілмей, балалар тілі мен  іс жүргізушілерді машықтандырмай қазақ тілін мемлекет тілі ету үшін жасалынып жатқан қазіргі шаралар босқа төккен тер, босқа шашқан қаржы болып қала бермек.  

Қазақ тіліне көшкен мекемелердің жұмыстарымен таныса, тындырған істерін зердеден өткізе келе қазақ тілін толық қанды мемлекеттік дәрежеге көтеру үшін біраз дайындық жұмыстары жасалынуы қажет екенін мойындау қажет секілді.

Ең алдымен мойындалуға тиіс жағдайлар:

·        арнайы дайындықсыз қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге көтеріле алмайтынын мойындау;

·        жүздеген жылдар бойы қалыптасып қалған тарихи жағдайлардың елге және тілге тигізген кері әсерлерін сарапқа салу керектігі;

·        тілді тазарту жұмыстарын жүргізу;

·        адамдар санасын бағыттау жұмыстары;

·        тіл аясын кеңіту барысында дайындық жұмыстарды жүйеге келтіру;

·         қазақ тіліне көшуге орыс тілді мекемелерді дайындау;

·         қазақ тіліне көшуге қазақ тілді мекемелерді дайындау;

·        қазақтарды және қазақ тілін меңгеруге ниеті бар азаматтарды «мемлекеттік тілге көшіру» атты арнайы дайындықтан өткізу қажеттігін түсіну;

·        қазақ әдебиеті мен ел тарихының, ана тілі мен әдет-ғұрпының қазақ халқының болмысы екенін мойындау.

Осы мәселелерді ел болып зердеден өткізіп, зердеден өткізгенді санамен қабылдағаннан соң барып қазақ тілін мемлекеттік тілге іс жүзінде пайдалану  жұмысына кірісу өз нәтижесін береді деп ойлаймыз.

Сондай дайындықтардан кейін ғана өндіріс пен шаруашылықты дайындау, ел мен тілді бейімдеу және соған жүйелі түрде соларға дайындық жұмыстарын жоспарлау қажет екені түсінікті бола бастайды.

Қазақ тілі мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатының, шаруашылық пен экономиканың, әрбір қазақстандық пен тұтас ел санасының сұранысына айналғанда ғана мемлекеттік тілге айналуы қолға алынады. Ал ондай сұранысты үлкен дайындықсыз жүзеге асыру мүмкін еместігі түсінікті нәрсе. Содан барып қазақ тіліне деген қарсылықтар мен кедергілердің қазақ халқына, не қазақ тіліне қарсы әрекеттен туындап жатырмаған нәрсе екеніне көз жеткізіле бастайды.

Қазақ тіліне деген қарсылықтар мен кедергілерді бірте-бірте (бірден емес бірте-бірте екеніне назар аударамыз) жою мемлекеттік дәрежеде орасан зор қаржы  жұмсау арқасында, арнайы дайындалған бағдарламалы шаралар өткізу арқылы, ғылыми  пайымдар мен тәжрибелік тұжырымдар қортындыларын зерделеу арқылы іске асырыла алады.

 

Асыра сілтейтін баспасөздер мен асыра сөйлейтін қазақ тілінің жанашырлары жазғырып келе жатқандай қазақ тілінің мемлекеттік тіл есебінде бірден іске асып кетуіне негізгі кедергі кейбір іс басындағылардың қазақ тіліне қарсылығынан емес,  ол жалпы орыс тілділердің, солармен бірге қазақ тілділердің де қазақ тілін дұрыс пайдалана алмайтындығын мойындаудан туындап жатырған қорқыныштарының салдарларынан. 

 

Жай ғана мысал арқылы жоғарыда айтылған тұжырымды дәлелдеп көрелік.

Жауапкершілігі шектеулі бір серіктестік іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізбек болды екен делік. Бірінші кедергі сол серіктестік қызметкерлерінің сан жылдар бойы пайдаланып келген шетел сөздері мен техникалық атауларын өз беттерінше қазақшаға аудара алмайтындығынан туындайтын болып шықты. Бұны бірінші кедергі деп алалық… Дегенмен олар өз беттерімен аудармамен айналыса бастады делік. Бір маманы өз бетімен «плита перекрытия» деген сөзді қазақшаға аудармақ болсын…

Плита перекрыия?.. Қалай аударамыз… Жапқыш тақта дейміз бе?.. Төбе жапқышы… Төбелік… Сол маман ойлана келе ақыры бірнеше қазақша балама сөз табатыны сөзсіз… Бірақ соның төл баламасы қайсысы болмақ?.. Белгісіз… Тура осындай бір мекеме басқа жақта дәл осындай жұмыс жасап жатуы, қаржы шығарып жатуы мүмкін ғой… Мүмкін… Себебі пайдаланар ортақ сөздік жоқ… Екінші кедергі…

Тіл білімінен хабары жоқ о кісілердің аудармасы әлгі сөздің қазақшасы болып шыға ала ма?.. Оны басқалар қабылдай ма?.. Тағы кедергі…

Содан барып қазақ тіліне өтпек болған мекеменің қазақ тілі алдындағы қорқынышы, өтуге деген енжарлығы пайда болады.

Содан барып мекеме басшыларының қазақ тіліне деген амалсыздықтан туған қарсылықтары өмірге келеді.

Содан барып олардың іс қағаздарында:

Плита  перекрытия – 10 дәне

Іргетас блоктары – 10 дәне

Пісіргіш аппарат – 1 дәне… деген секілді пайдалануға жарамсыз қойыртпақтар пайда бола бастайды.

Сондай мекеменің іс қағаздарына көз жүгірте отырып сол мекеменің қазақ тілінде сөйлейтініне, іс қағаздарын қазақша жүргізетініне қуана аламыз ба?..

 Қазақшаға көшу үшін жалпы мемлекеттік дәрежеде дайындық шаралары жүргізілмегендіктен қазақ тіліне көшкісі келетін жеке мекемелер осындай кедергілерге кездеседі. Содан барып жоғары орындар алдында ақталу үшін «пәлен мекеме іс қағаздарын қазақша жүргізеді» деген жалған ақпарлар жасақталады.

Қоғамымыз үшін ең маңызды мәселелердің бірі ретінде, нақты шешімі әлі табыла қоймаған бұл аса күрделі ем қонбай келе жатқан жанды түйінді (халық жанымен жандас) шешу және іске асыру мақсатында бағдарлама авторы «Қазақ тілін толық меңгеру және пайдалану аясын кеңіту бағдарламасын» ұсынады.

Бағдарлама мектеп пен оқу орындарында, кәсіпорындар мен өндірісте, шаруашылық пен экономикада, мемлекеттік басқару мен іс жүргізу барысында қазақ тілін толық меңгеру және пайдалану аясын кеңейту жолындағы жүзеге асырылуға тиісті басты шараларды қамтиды.

Осы мақсатта автор Республика Президентіне тікелей бағынатын «Тіл комитеті» және оның құрамында бірнеше комиссиялар құрылуға тиіс деп санайды.

 

Тіл комитеті

         Тіл комитеті Қазақстан Республикасының қазақ тілін толық меңгеру жолындағы және қазақ тілінің пайдалану аясын кеңейту бағытындағы тындырылатын  жұмыстарын ұйымдастырады. 

Тіл комитетінде тілімізде пайдаланылып жүрген шетел сөздері мен техникалық және басқа кәсіби терминдердің қазақша аудармалары және қазақшаға аударылмай пайдаланылғаны дұрыс деп табылған шетел сөздері мен  басқа кәсіби терминдердің тізімі бекітіледі.

Тіл мәселесіне байланысты соңғы шешімдерді академиялық ғылыми-зерттеу институттары жұмыстарының қортындыларын пайдалана отырып, жоғары, орта оқу орындарының және орта мектептің жетекші мамандарының пікірлерін ескере отырып, керек жағдайда  арнайы комиссиялар талқысынан өткізе отырып қабылдайды.

 

Сөздік қор жасақтау комиссиясы

Сөздік қор жасақтау комиссиясының саны жұмыстарының бағыты және мөлшеріне байланысты бірнеше болуы мүмкін. Өндіріс және басқа да мамандық иелерінен жасақталатын бұл комиссия мамандықтары бойынша іріктелген топтарды біріктіріп:

·        зерттеліп, сөздік дайындалып жатырған сала бойынша сол салада жиі пайдалыналтын қазақ сөздік қорын;

·        өндіріс пен шаруашылық салалары бойынша пайдаланылып жүрген шетелдік сөздік қорын;

·        өндіріс пен шаруашылық салалары бойынша пайдаланылып жүрген қазақша аудармалар қорын дайындайды.

Комиссия дайындаған сөздік қорларды, аудармаларды қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясына тапсырып отырады.

 

Қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясы

Тіл мамандарынан жасақталған бұл комиссия өздеріне түскен сөздіктерді салыстыру, зерделеу арқылы:

·        зерттеліп, сөздік дайындалып жатырған сала бойынша сол салада жиі пайдалыналтын қазақ сөздік қорын;

·        дайын аудармалардың;

·        аударылуға жататын шетелдік сөздердің;

·        аударылмай пайдаланылатын шетелдік сөздердің сөздік қорларын анықтайды.

 

Білім министірлігі

Қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясы қабылдаған құжаттар негізінде:

·        барлық қазақ, орыс мектептерінде қазақ әдебиеті мен қазақ тілі және қазақ халқының тарихы атты сабақтар сағатын көбейтеді;

·        қазақ тілі мамандарын дайындау қолға алынады;

·        барлық мектептерде «қазақша іс қағаздарын жүргізу» атты сабақ кіргізеді. Бұл сабақтарда балаларға іс қағаздарын жүргізу мәселесімен қоса «қазақ тілінде аударусыз пайдалыналатын шетел сөздері» таныстырылады;

·        кейбір жоғары және орта оқу орындарында «Қазақша іс қағаздарын жүргізу» мамандығы ашылады;

·        «Қазақша іс қағаздарын жүргізу» атты мектеп аралық, аудан аралық жарыстар ұйымдастырылады. Оны облыс және одан да басқа дәрежелерде өткізеді.

 

Министірліктер мен өндірістік бірлестіктерде

Министірлік пен өндірістік бірлестіктерге қарасты оқу орындарына білім министірлігіне   жүкетелген міндеттер жүктеледі.

Қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясы қабылдаған құжаттар негізінде:

·        қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту басқармаларын құрады;

·        қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясының дайындаған ресми құжаттары негізінде өндіріс және шаруашылық мемелелері «қазақша іс қағазын жүргізу» атты қысқаша курстар ұйымдастырады.

·        қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясының дайындаған ресми құжаттары негізінде «Іс қағаздарын жүргізу» атты мекеме аралық, аудан аралық жарыстар ұйымдастырылады. Оны облыс және одан да басқа дәрежелерде өткізеді.

 

 

Запись опубликована в рубрике Ұлт болмысы. Ана тілі. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.