Қазақ — мәңгілік мекен үшін үй салатын халық

 


ҮЙ САЛАТЫН ХАЛЫҚ

 

            1992 жылы Маңғыстауда Абыл, Досан күмбездерiн, 1995 жылы Семейде Абай-Шәкәрiм кесенесiн, 1997 жылы Шымкентте Домалақ ана, 1999 жылы Атырауда Сарайшық хан ордасы тарихи ескерткiштерi құрылысын салды.

            Бiрнеше пьеса, өлең жинақтарының авторы. “Маңғыстау мұралары” атты өнер энциклопедиясы мен “Маңғыстау сәулет өнерi” томдарын құрастыру үстiнде.

            “Құрмет” орденiнiң иегерi.

 

         -10 жыл iшiнде айтулы кесене, күмбез, өлең,  пьеса, естелiк тудырып үлгеруге ерекше бiр оқиға әсер еткен шығар?

         — … 1989 жылы ауыр науқасқа шалдықтым. Алдымда 4 ауыр операция тұрды. Содан өзiме эксперимент жасатып, 4 операцияны бiрден жасатуға бел  будым. Дәмтұзым таусылса, кете барармын. Таусылмаса… Сол уақыттарда үш жылдай бос болдым. Өлең жаздым. Әбiш Кекiлбаевқа көрсеттiм. Бiраз пiкiрлер айтты… Салған эскиздерiмдi де көрсетiп едiм, “Мен ендi, сызбанды бiлмеймiн. Бек Ибраев деген архитектор бар, сонымен ақылдас” дедi.

         Сонымен, 1992 жылға дейiн операциялардан аман өтiп, бүгiнгi күнге жеттiм. Сол уақыттарда жазған өлеңдерiмдi қарап отырсам, ешқандай жабырқау, мұңаю деген болмапты. Содан ой келдi: “Ай,осы, менi аурудан ата-бабам аруағы алып қалды. Алла тағала ниетiме алып қалды. Ендi мен солардың аруағына еңбек етейiн. Әрi қоғам өзгерiп, рухани тiрлiгiмiзге үлес қосуға жағдай туғызып отыр ғой. Менiң қолымнан не келедi? Абайдай ақын, Әуезов тей жазушы емеспiн. Менiң  қолымнан келетiн ретi – сағана салу. Аруаққа еңбек етпедiм десем, ұят болар. Бiрақ, мен, негiзiнен, қазақ халқына, дүние жүзiнде тендесi жоқ ұлттық сәулет өнерiне үлес қостым. Егерде қазақ халқының дүние жүзi мәдениетiне қосқан рухани жетiстiгi болса, оның бiреуi – аруақтарға салған сәулет ескерткiшi. Бұның философиялық мағынасы бар. Мысалы, жер бетiнде кез-келген байыған ел, халық өзiнiң басына үй салады, керемет зәулiм сарай тұрғызады. Ал, қазақ халқының ұлылығы, оның философиясының күштiлiгi сондай, мына өткiншi өмiрде уақытша баспана – киiз ғана тiгiп алады. Онда да, оның өзi ғаламның кiшкентай моделi – дөңгелек болып келмей ме! Киiз үй – дөңгелек! Дүние – дөңгелек! Осы философияны түсiнген халық – қазақ. Өзiнiң басына бұдан артық үй салмайды. Себебi, бұл өткiншi өмiр. Бұл – жалған өмiр. Қазақ мәңгiлiк мекенге  мәңгiлiк үй салады. Ата-анасы жалған дүниеден бақи дүниеге көшкенде ұрпағы, бала-шағасы басын қарайтуға ниеттенедi. Мәңгiлiк өмiрде жайлы жатсын деп. Ұлы деп жүрген үндi халқы мәйiттi өртеп, күлiн суға шашады. Басқа халық басқаша жасайды.

         Бiздегi Алтын адамның мәйiтiмен бiрге тарих тiрiлiп жатыр. Мiне, мен сондықтан да қолымнан келгенiнше, ата-бабаның мәңгiлiк, әрi бiздiң халыққа ғана бiткен төл өнер – сағана (кесене, құмбез…, тiзе берсе 100-ге тарта аты бар – үштас, бастас, көктас, бесiктас, дулығатас, құлпытас…, ең үлкенi күмбез) тұрғызуға бел байладым.

         — Бәлкiм, аңыз, ақиқат болуы, о да мүмкiн. Сыртқары жерде “қазақ деген қай халық?” деп сұраса, келесi бiреуi “өлгендерiне қала салатын халық дейдi екен” деген сөз де бар халық арасында.

         — О! Мiне, оған арланбау керек! Мақтану керек! Маңғыстаудағы қазақтар мекенiне 1950 жылдары ғана орыстар  барған. Мұнай ашылғаннан кейiн. Әйтпесе, бұрын өздерiнiң қаймағын бұзбай, қаспағымен тұрған қазақ едiк. Сол қазақтың ерте заманнан берi ата-бабаларына, аруақтарына салған, тастан ойған, нетүрлi әдемi, сәндi ғимараттары бар. Ендi сол қазақ халқына осы ғимараттардың сәулет өнерiнiң үлгiсi екендiгiн, ол – қазақтың рухани байлығының бiрi екендiгiн үгiттейтiн қалай болғанда да бiр кiсi керек қой. “Ол кiсi мен едiм” деп ешкiм шықпайды. Оны заман тудырады. Оны тарих тудырады.

         …Бүгiнде республика өз қамқорлығына алған 25-27 мындай ескерткiш бар екен. Соның 67%-i Маңғыстауда. Ал осындай ескерткiштерге қамқоршы болатындай кiсi Маңғыстаудан шықса, оны жаратқан маған сәйкестендiрсе, ол кездейсоқтық па?!

         1829-1876 жылдары өмiр сүрген Досан батырға 1997 жылы кесене тұрғыздық. 1777-1864 жылдары ғұмыр кешкен Абыл ақынға 1992 жылы кесене салдық. Екеуi де Маңғыстау топырағында жатыр.

         1990 жылдан бастап Маңғыстаудың ақ тасынан бұлардан өзге бiрнеше кесене, сағанатам салдық. Мысалы, әсiресе, Семей өңiрiнде бiрқатар ескерткiштер тұрғызылды. Мен өз қаражатыма 1993 жылы Дiлдә мен Әйгерiмнiң сағанатамын салып тарттым. Сол жылы Аралтөбе мекенiнде Ақылбай Абайұлына сағанатам салдық. 1994-95 жылдары Мұхтар Әуезовтiң ата-анасының басына орнатылған Бөрлiдегi “Омархан-Нұржамал” кесенесi салынды. Ал 1997 жылы Жүрекжота маңында ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақ халқы атынан берген халық ақыны Шәкiр Әбеновке де өз қаржыммен сағанатам салдым.

         — Ал, Жидебайдағы Абайдың 150 жылдығына арнап салынған “Абай-Шәкәрiм” кесенесiнiң бас архитекторы Бек Ибраев құрылыс жүргiзуге сiздi өзi таңдады ма?

-      Бек екеумiз Маңғыстау ескерткiштерiн барып көрдiк. Бiрден: “Сәке, мен

Абайдың 150 жылдығына арналған конкурсқа қатысып жатырмын. Ұтып алсам, құрылысын жүргiзiп бере аласаң ба?” дедi. Мен: “Құрылысқа не пайдаланбақшысыз?” дедiм. “Маңғыстаудың ұлутасын”. “Жоқ, мен онымен жұмыс iстей алмаймын. Себебi онымен кесене жұмысын өндiртiп жүргiзе алмаймыз”. “Неге?”. “Себебi, оны iске жарату үшiн асықпай ондаған жыл жұмыс iстеу керек. Маңғыстауда Өзен дейтiн жерде ақтас бар. Өзi сүттей аппақ сазбалшық сияқты иленiп, даяр жатыр. Керек қалыбынды тез келтiре аласың. Ауға,желге шыққан соң қата бередi. Әрi кез-келген бояуды бойына тез сiңiрiп алады”. Осындай ақтаспен 1000 жыл бұрын салынған Римнiң үйлерi әлi тұр. Бұл ақтас табиғатта 2 жағдайда пайда болады. Бiрi – вулкан әсерiнен. Екiншiсi – табиғаты төмен ойпаттарда тұнбадан түзiледi. Ол бiздiң Маңғыстауда. “Олай болса, мен жобамның алғашқы нұсқасын өзгертейiн” дедi. Ақырында конкурска түскенде өзгертiлген жобаның нұсқасына орай, ұтып шықты. Бай құрылысшы болып мен бекiтiлдiм.

         Уақыт таяп қалды. Бек жобаны 2-3 бет қағазға түсiрiп қолыма бердi. Ал мұндай аса iрi құрылысты жүргiзу үшiн нешетүрлi жобалар жасалуға тиiс. Өндiрiстiк жоба, технологиялық карта, жұмысты ұйымдастыру жобасы, календарьлық жоспар, т.б. Оның бiрi жоқ. Ал мен Б.Ибраевты түсiнiп, iстi қалай бастауды жоспарлап үлгердiм.

         Жобадағы кесененi ұлутаспен көмкерудiң орнына ақтас пайдалану есебiнен бiрталай ақша үнемделдi. Б.Ибраев бастапқы жобаны да соған бейiмдеп, “құрылысшы С.Назарбековтiң сұрауы бойынша құрылыс жұмысының қаражаты осыншама кемiтiлсiн” деп қол қойды.

         Әрине, үлкен жұмыс болған соң, уақыт тар болған соң бiраз әттеген-айлар болды. Бiрақ мындаған, он мындаған адам сен салған кесенеге сонау жақтан келiп, қолын, бетiн тигiзiп, рухани тазаланып жатқанын көргенде бүкiл шаршағаның, сенiң өз өмiрiндегi қателiктерiң, бiреуге ренжiгенiң – бәрi-бәрi тазарып, сенiң iақытың, өзiңнiң жасаған iсiң халықтың мұқтажына асқанын көргеннен артық бақыт жоқ. Кесенеге қарай ағылған халықты көрiп тұрып, ананы мен салдым, менiң еңбегiме келiп жатыр дегенi көрген кездегi бақыт – бақыттың биiк шыңы.

-      Дегенмен, осы жолы өкiнiшiңiз бар ма?

-      Өкiнiшiм, әрине, бар! Үлкен өкiнiшiм – бұл кесене қазақы ұлттық нышан

Үлгiсiнде жобаланбады. Бiрақ, қуанышым да бар. Сол жолғы еңбегiмдi елеп, “Құрмет” орденiн алдым. Абай тойына келiп, кесененi көрген шымкенттiк жiгiттер Домалақ ананың кесенесiн салғызу үшiн маған қолқа салды. Бiр жылдан кейiн бардым. Домалақ ана кесенесiн өзiмше бiр құлшыныспен салдым.

         Мен Абай кесенесiн салып жүргенде туған балаларға Абай деп ат қойдым. Қызымнан туған жиенiмнiң атын да Абай деп қойдым. Ал Домалақ ана құрылысын салғанда 7-8 қыз баланың атын Нұрила деп атадым. Бұл, бiрiншiден, Алланың нұры деген сөз. Со жол ғой Абыл деген кiшкентай: “Ата, ендi сiзге “қызыма Нұрила деп ат қойып берiңiзшi?” деп келетiн болар, ә?” деп едi.

         Өз балам Нұрлан, ақын Темiрхан Медетбековтiң дарынды сүретшi баласы Заңғар және Есберлi деген жiгiттер салуға қатысты бұл жұмысқа.

         Жалпы, менiң өз әкем – шебер, әкемнiң әкесi Сәрсен шебер болған. Менiң әкем Әбiш Кекiлбаев оқып оқып бiтiрген Ұштаған 10 жылдық мектебiн табиғи кiрпiштен қалап, салып шыққан. Сонда қасында мен жүрдiм. Қазiр мен жоба сызып берсем, құрылысын өз ұлым Нұрлан менiң көкейiмдегiден де артық етiп салып шығатынына көзiм анық жетедi. Негiзi бұл құрылыс Нұрланның қолынан шықты.

-      Ал Домалақ ана кесенесi кедергiсiз жақсы бiттi ме?

-      Негiзi, ұлттық жобамен, өз ойымдағыдай, рахаттанып, тамаша салдым. Бiрақ

мұнда да пендешiлiктер болмай қалған жоқ. Қаржысына да, құрылысына да бiрде-бiр көмек бермеген со күздегi облыс басшылығы бұл кесененiң ашылуына мiндеттi түрде мемлекет басынан лауазымды адам келiп қатысады деп аттай 2 жыл күттiрдi. Ашылады деп шақырып, Маңғыстаудан 2 рет келдiм.

         Ақыры Әбiш Кекiлбаев келiп ашты. Мен кейде ренжiсем айналамдағылар: “Ей, сен не дейсiң? Баяғы заманда шеберлердiң қолын шауып, көзiн ағызып жiберген. Ендiгәрi мұндай құрылыс салмасын деп. Сен тiрi жүргенiңе қуанбайсың ба, қайта” дейдi әзiлдеп.

         Ә.Кекiлобаевтың “Махаббат мұнарасындағы” шебердiң де көзiн ағызып жiбермей ме! Мына жалған, уақытша өмiрде солай, қызым. Шебердiң, өнер адамдарының өмiрдегi орны қиын, тар… қай-қайсысының да.

         — Бiр өкiнiш, бiр қуанышқа орай, ол рас… Сiз өнерiңiздi, әсiресе, “хан ордалы Сарайшық” кесенесiнде, оның мемориалдық күмбезiнде ерекше көрсеттiңiз. Бұл нешiншi туындыңыз?

         — Бұл, өзi, тағы да кездесоқтық емес шығар. Арқаның данасын – Абайын, Қаратаудың анасын – Нұриласын, Атыраудың тарихын – Сарайшығын салдым. Үш жүзге үлкен-үлкен үш ескерткiш тұрғызыппын.

         Сарайшық – Алтын орданың астанасы, Сарайшық – Ноғай ордасының астанасы, Сарайшық –қазақ хандарының астанасы!

         Сарайшық дегенi – кiшi астана деген сөз.

         1997 жылдан бастап жоба жасап, әркiмдерге барып, Мәдениет комитетiне, Премьер-министрге апарып жүрдiм. “Осыған ақша бөлiндер, кесене салайық”. Бұл әңгiмеден Иманғали Тасмағамбетов хабардар едi. Қаражат мәселесi шешiле қоймады. Иманғали Атырауға алғаш әкiм боп келгенде бiрден менi шақыртты: “Ал, ақсақал, баяғыдан берi айтып жүрген нәрсеңiз Сарайшық едi ғой. Алда мұнай мерекесiнiң 100 жылдығы келе жатыр. Анау қолыңыздағы жоба тым көлемдi, үлгермеймiз. 1-мамырдан қыркүйектiң 1-iне дейiн 4 айдың iшiнде бiтетiн болсын, кiшкентай мешiт, кiшкентай мұражай жетедi. Әрi ол зират басында емес, қаланың iшiнде болу керек, халыққа рухани қызмет етсiн” дедi. Содан мен айтамын: “Сарайшықтың бас архитекторы — Тасмағамбетов”деп.

         … Бiр күнi Иманғали кеп қалды. “Сәке, анау археологтар қазба жұмыстарынан керемет бiр жаңалық тауыпты, барып келейiк” дедi. Атыраудан 40 шақырым жердегi нағыз Сарайшыққа бардық. Қасымда немерем – Абайым, ұлым Нұрлан бар, төртеумiз бардық. Кiшкентай Абайды сыртта қалдырып, үшеумiз төменге түстiк. Iшi сондай керемет шеберлiкпен өрiлген, төбесiнде шақыраты бар, төменде 2 мүрде жатыр екен. Иманғали толқып: “Қасымхандiкi емес пе екен мынау” дейдi.

         Қарасаншы, со жерде қазақтың 9 ханы жерленген. Әз Жәнiбек хан, Қасымхан сонда жатыр.

         Кезiнде Ермактың бандылары Сарайшықты қиратып, құлатып, өртеген ғой. Со жерде хан зираты деген арнайы әдемi қалашық бар екен. Қанша талқандап құлатқанмен, мәңгiлiк мекендегi мүрделер бұзылмай жатқан.

         — Жер шарындағы адам қолымен жасалған алапат, демек, ешқайда кетпейдi, адамның өзiнiң көз алдына айналып, үйiрiлiп қайта келедi де, көрiнедi де отырады, солай ма? Ал бiз жаратушының сол құдiретiн қандай түйсiкпен сезiне аламыз?

         — Алла тағала 18 мың ғаламды жаратқанда 6 мының өсiмдiк, 6 мының жануар етiп, оның барлығының iшiнен адамды саналы, өзiне жақын етiп, бәрi соған қызмет ететiндей жаратқан . 7 қазына туралы көп пiкiр айтылады. Бiз естiген бойынша 7 қазына: аспан мен жер, ай мен күн, жел мен ауа және ақыл. Ал анау қақпаның да, қатының да, тазың да, мылтығың да – бәрi де сол жердiң iшiне кiредi.

         Күн системасындағылардың бәрiн Алла тағала адам үшiн жаратқан. Мiне, адамға соншалықты керемет қасиет бергенде адам баласының бойында ғаламның бiр нышаны – моделi болуы керек қой. Ол қай жер екен деп ойлап жүретiнмiн. Бiр күнi ойда жоқта немеремнiң төбесiнен иiскейiн деп еңкейгенде байқадым: баланың дәл төбесiнде үйiрiлген орай – тура көктен түсiрiлген таңғы бұлттың суретi! Аумаған тек!

         Ә-ә! Мiне, сонда менiң ойыма келдi. Бұл жаратылыс, айналмалы емес, үдемелi, үйiрiлмелi қозғалыс. Айналмалы болса – мәңгi болар едi ғой, мәңгi тек Алла тағала одан өзгесi мәңгiлiк емес. Тек жаратылыс, ғалам, галактика шексiз. Бiзден басқа планетада да тiршiлiк болуы мүмкiн. Нострадамус айтады: “Бiз өмiр сүрiп отырған цивилизация – 5 – цивилизация. Бұған дейiн төртеуi жоқ болған” дейдi. Сонымен, сол цивилизацияның қозғалысы, үйiрiлiсi – адам басындағы орайда!

         Ал адамның жаны шексiздiкке кетедi.

         — Мына кеңiстiкте артық-ауыс ештене жоқ. Бәрi де өлшеулi. Санаулы. Дүние-кезек. Ауысып келiп отырады деседi. Ендеше. Мына қоғамда сәл қиналып, қысылып қалған әрбiр халық иығын өзгелермен теңестiрiп қатар тұрсам екен деп тiлейдi.

         — Заманында Алтын орда хандары сол кездегi өзге мемлекет басшыларын тағайындаған. Дүние жүзiн билеген ғұн заманындағы дәуiрден кейiн құлдырап, бүгiнгi кез синусиудтан көтерiлiп келе жатқан кезiмiз шығар.

         Бүгiнде халық бұрынғыдай дағдарыстан сансырап қалған жоқ. Бiрте-бiрте шығып келедi. Иә, рас. Бұл дөңгелек дүниеде ешнәрсе ешқайда кетпейдi. Жақсы адамның сөзi ешкiм тыңдамаса да ешқайда кетпейдi, ауада, кеңiстiкте тұрады. Сәтi түскенде нысаналы жерге қонады. Ауыздан шыққан сөз түгiлi ойға алған ой да солай. Қазақта ниет, пиғыл деген болады ғой. Ниетi жаман адамға да, пиғылы жақсы адамға да ойындағысы, санасындағысы өзiне қайтып келедi, жоғалмайды.

         Бата тиген, тiлегi орындалған деген бар. Бекер емес. Мәселен, Алла тағала Жердi жаратқанда қолына қайла, күрек алған жоқ қой. Ойлады – жаралды. Демек, ойдың, ниеттiң құдiретi керемет. Адамды да өзiне ұқсатып жасады. Адам ойындағысын орындайды. Ой – ұлы күш.

         “Өлi – риза болмай, тiрi — байымайды” дейдi. Ол рухани байлықты төмендетпеу мақсатында шыққан ой. Аруаққа да рухани еңбек етсең, ниетiң игi болса, жарлы болмайсың.

 

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Ұлт болмысы. Ана тілі. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.