Қазақ деген ел едік

 

         Әлемде: "Қазақ Даласы" деп, "Ұлы Дала" деп аталған жер бар…

         Сол жерді мекен еткен халық бар…

Олардың "Ана тілі" атты тілі бар…

Біздер: сол даланы мекен еткен, сол халықан өрбіген, сол халықтың тілінде сөйлейтін –  қазақ деген ел едік…

         Қазақтың "Ұлы Дала" атанған сол даласы жермен бірге жаратылса, қазақ бабаларының аттары да адам тарихының алғашқы шежірелерінде сақталған.  Сан мыңдаған жыл бұрынғы жазба деректер мен жартас жазулары, археологиялық қазбалар деректері соны айғатай түседі.

         Қазақтың жері де, өзі де, тілі де ежелгі жаратылыстан, ежелгі бастаулардан тамыр тартып жатыр.

         Бағзы замандардан қазақ халқын жаратылыстай дархан, нәрестедей аңқау, табиғаттай пейілді деп аты қалса, ал олардың тілі шешен сөйлеуге, өлең сөз құрастыруға, "әлқисса" деп жіберіп, дастандар мен аңыздарды желдірте, жеделдете айтуға жартылғандай дейді.

Біздің тіліміз әлемдегі ең бай, ең әдемі тілдердің бірі. Қазіргі бар әлемді тұтастырып тұрған ағылшын тілінің өкілі Ұлы Шекспир өзінің өмір бойы жазған барлық шығармасында он бес мың сөз қорын пайдаланса, қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов "Абай жолы" романын жазғанда қазақтың он жеті мың сөзін пайдаланыпты. Не деген бай тіл!

Сондай дәрежедегі әлемдік мәдениеттің ең бір ғажап туындысына соңғы бірнеше ғасырда қауіп туа бастапты…

         Өйткені бірнеше рет қазақ басына соққан тарихи апат ұлттық мемлекетінен айырды…

Сан ғасырлық орыстандыру саясаты қазақты ұлттық сананасынан алшақтатты…

"Дудар-ай!, келер болсаң тезірек кел, орныңа орыс, қазақ таласып жүр!" дейтін жалыныш кезең қазақ тілінің, өзімізше "Ана тіліміздің" басына туды. Мариям Жагор қызының бір ауыз сөзге сыйғызған жан айқайын ана тіліміздің жан айқайына ауыстыра, көпшілікке түсіндіре айтсақ былайша болып шығар еді… "Қазақтар тезірек қазақша сөйлеңдер, әйтпесе ана тіліңнің орнына басқа тілдер таласып жүр"…

Бірақ, біздің қазақтар Мариям Жагор қызының зарын түсініп, құлақ түргенмен, әлі күнге ауыздан түсірмей Мариям сезіміне аяныш тудырғанмен, туған тілін, туған еліне, ана тілінің зарына құлақ түре алар емес…

Кейбір қазақтар ана тілін білмейді. Бұл шындық. Бұл өкінішті.

Ана тілі мәселесінде кейбір қазақтар қазаққа жауынан бетер қауіпті болып шықты. Бұл да шындық. Бұл қорқынышты.

"Өкінішті" деп өкініш білдіре отырып, "қорқынышты" деп қорқыныш барын мойындайтын себебіміз – ұлт тәрбиесі мен ұрпақ тәрбиесі, ел болашағы мен қазақ болашағы деп аталатын барлық шаруаны қамқорлау мен қаржыландыру, шешім қабылдау қабылданған шешімді орындату тетіктері  солардың, қазақ тілін білмейтіндердің, білсе де жаны ашымайтындардың еншісінде екендігінде.

Бұл мәселе қазіргі кезеңде қалыс қалып қойған, ендігі жерде кезек күттірмейтін, мемлекеттің де, қазақ тілі жан ашырларының да көңіл аударатын басты мәселесі болуға тиіс кезең.  Бұдан әрі созбұйдаға салу қауіпті.

Қазақ тілін білетіндердің бәрі  қазақ емес екені қандай шындық болса, ана тілін білетіндердің бәрі қазақтың «айналайыны» емес екені де сондай шындық.

Тіл білгеннің бәрі қазақи кісі болып, қазақтың арын арлап кетпейді екен.

Сондықтан да қазақ тілін білу және қазақ халқының ұлттық болмысын сыйлау және оны қалпына келтіру мәселесі қатар айтылуы, қатар қамдалуы қажеттілігі түсінікті бола бастады. Бұлай дейтініміз қазақ тілін уағыздағанымызға жиырма жылға жақын уақыт өтсе де, жоғары лауазымды чиновниктердің, қалтасы қалың байлардың балаларының барлығы дерлік шет елдерде оқытылып жатыр. Біз осы жерде ана тілін білетін қазақтардың орысша мен ағылшыншаны да туған тіліндей білетін болғанына қуана отырып, олар білімінің тек өз басына емес мемлекетіміз бен халқымыздың да мүддесіне пайдалы болса екен дейміз. Жасыратын несі бар, ел билігі ертең-ақ солардың қолына өтеді. Сондықтан да, бар қазақтың, бар қазақстандықтардың, әсіресе, билер мен байлардың балаларының бар білімнің басында ана тілі тұруы қажет.

Бұл мәселе – мемлекеттің қауіпсіздік органдарының есінде болуға тиісті мәселе.

Егемен ел болғалы тіл мәселесін жалау еткен бір ұрпақ қартайды.

Тағы бір ұрпақ ержетті.

Бір ұрпақ сол ұранды ұран етіп өсіп келе жатыр.

Бірақ тындырылған іс жоқ, даурыға мәселе көтеруден басқаға бара алмадық.

Біздер, ана тілін ардақтайтын қазақтар, өзімізді өзіміз алдап, сол даңғаза даурықпалар мен жел сөзді айқайшылар жетегінен шыға алмадық. 

Қазақпыз деп жүргендердің бәрі қазақ мүддесінен шыға бермеді.

Қазір Қазақстан Республикасының, қазақтардың алдында болашағында ұлт араздығын туғызар, қазақты екіге, не одан да көпке бөліп кетер, қазақтардың өз қолынан туындатып жатқан, бір кезде басына сор болып қонар мәселелердің алдын алу міндеті тұр.

Бұндай араздық қазірдің өзінде бар. Бірақ қазақтардың Елбасы Назарбаевтың өз басына деген құрметі, оның көптеген күрделі мәселелерді түйінге жеткізбей шешу шеберлігін көрсетіп келе жатқан кемеңгерлігіне деген сенімі осы мәселені қалайда қазақ тілділер пайдасына шешер-ау деген дәмеге айналдыруда. Сол дәме әзірге қазақтардың тіл мәселесіндегі бір-біріне   деген түсінспеушілігін тудыруына кедергі (Құдайға шүкір) болып тұр.

Бұл мәселелер асықпай, ұрандатпай, ақыл мен парасатқа жүгіне жүзеге асырылар іс. Орысша сөйлейтін қазақтар өздігінен орысша сөйлеп кеткен жоқ. Оларды орысшаға үйретті. Міндеттеді. Мүдделі етті. Олар – заман мен билеушілер ырқына бағындар. Басқа амал болмаған еді.

Ендігі жерде халыққа қазақша үйретеміз десек қазақша білмейтін қазақтарға да сол баяғы әдісті қолдану қажет. Міндетті ету қажет. Мүдделі ету қажет. Санасы барлар, сауасы барлар өзі үйренеді.

Не істеу керек деген сұрақтың жауабы осы.

Бұл шаруаны тындыруға әуелі ошақ басы, сосын үкімет, содан кейін бүкіл ел болып атқара аламыз.

Қазақ мемлекеті үшін қазақ тілінің қаншалықты қажет екенін біз тірі адамға секунт сайын жұтатын ауаның қажеттігіндей деп түсіндірер едік.

Үкіметіміздің қазіргі орыс тілді чиновниктерді қазақ тілін үйрету курстары – ол уақыт созудың тәсілі. Олардың өзінің кеңсесіне кірген қазақ қартына "сәләматсыз ба" деген сөзді сызыла айтуы қазақ тілін ілгері бастыра алмайды. Тек қана әлгі қарттың басын айналдырады. Ол кісіні талай айтып келе жатқан "Құдайға шүкір" атты қазақты қанағатшылдық сезіміне бөлендіреді. Тілі қатып кеткен өзге тілділерді оқыту – ақшаны далаға шашу болмақ. Олардың төрт-бес ауыз сөз үйренгенінен қазақ тіліне келер пайда жоқ.

Біздің айтарымыз орыс тілділерді қазақшаға үйретеміз деп далаға шашып, желге ұшырылып жатырған ақшаларды қазақ тілді балабақшалар мен мектептер ашуға жұмсау қажет.

Қазір Қазақстан мемлекеті қанша қазақ тілді балабақша мен мектеп ұстай алады, ол барлық балабақшасы мен мектептің қанша пайызын ұстайды, қазақ тілінің болашағы дәл сол пайызға тәуелді.

Жеке мекемелер мен жеке адамдар балабақша мен мектеп, медресе мен басқа оқу, діни, тәрбие орындарын ашып, адам тәрбиесімен, білімімен айналысатын болса онда олар мемлекеттік және діни органдардың бағдарламасынан ауытқымауын қатал бақылануы тиіс деп ойлаймыз.

Айтпағымыз: Ел бетіне ұстар басшыларымыздың,  ел сөзін сөйлер  азаматтарымыздың тек қана қазақ тілді болуы аз. Ол шын мағынасында жүрегімен қазақ азаматы болуы керек дегіміз келеді. 

Олар "қазақтық стандарт", "адамдық стандарт", "азаматтық стандарт" атты көрсеткіштер сұранысына толық сәйкес келуге тиіс.

         Жаһандану атты әлемдік құбылыс жер шарына түгел жайылып келеді. Ол процесті батыстан бізге келе жатыр деу тарихқа жасаған қиянат болар еді. Ол құбылыс біздің бабаларымыз атқа мініп дүние жүзін шарлап кеткен кезден басталған болатын. Сол процесс енді батыстан шығысқа бет алды. Көшпелі елдер бұрын аттың аяңымен жаһандану құбылысын бастаса, енді автомовильдің, ракетаның жылдамдығымен кері тарай бастады. Одан сақтанғандар ғана, өзін сыйлата алғандар ғана аман қалмақ. Аман қалғанда жаһандану құбылысынан жалтарып кетіп емес, қайта құшағын жая қарсы алып, бірақ өз мәдениеті мен өз тілімен, өз әдет-ғұрпымен қарсы алып. Жаһандану құбылысы – мәдениетті жалмауыз. Ол өз мәдениетін сақтай алатындарды қуана-қуана бауырына басады. Басқаларға үлгі етеді.

         Жаһандану кезеңінде өз мәдениетінен, өз тілінен адасып қалмаудың жалғыз жолы ол – жаһандану құбылысына өз мәдениетіңмен, өз тіліңмен ену. Соған дайындалып үлгеру. Біз кешігіп келе жатырмыз. Оған бір ғана мысал келтір жеткілікті. Біздің аналарымыз аталарының алдында тобығын жалаңаштауды ұят санаса, енді біздің қыздарымыз кіндігі мен тағы бір жерлерінің шетін жылтыратып мектепке бара береді, университетке кіре береді.

         Қазақстан Республикасының Негізгі Заңы мемлекеттік тіл дәрежесін бергенімен қазақ тілі әзірге Негізгі Заң бекіткен мәртебесіне лайық өз орынын ала алмай келеді. Қазақ тілі өз күшіне кірмей қазақ халқының әдеті мен ғұрпы, мәдениеті мен әдебиеті де кенжелей бермек. Бұлардың өркендеуі, қалыптасуы тек қана тілге байланысты.

Республика тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін қазақ халқы өз ана тілінің мемлекеттік тілге айналуына жеңілдік туатындай секілді боп көрінген. Бірақ олай болмай шықты. Осы жағдай республика жұршылығына «неліктен?» деген сұрақ маңында ой ойлауға итермелейді. Сонымен:

·        басты кедергі не?

·        қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдыруды тежеп тұрған қарсылық қалай туындайды және кімдер туғызады?

Қазақстанда қазақша тілді игеруге, пайдалануға кесірін тигізіп жатырған кедергілер мен қарсылықтар түрін бір-бірлеп емес он-ондап санап шығуға болар еді. Бірақ оларды санап шыққаннан да соларды туындатып жатырған себептер маңайында ой қозғаған дұрысырақ секілді.

Республикамыздың бірнеше облыстары сондай кедергілерді аттап өтіп (“шешіп емес аттап өтіп” деп айрықша ескертеміз) жиналыс тілдері мен іс қағаздарын қазақ тіліне көшіруге шешім қабылдай тұрса да, сол аймақтардың әрекеттері іс жүзінде қазақ тілінің пайдасына тындырылып жатырған жұмыс емес екені, олардың тек қана қазақ тіліне жаны ашығаннан туған амалсыз әрекет екендігін байқата бастады.

Солай болуға тиіс те еді. Өйткені жойылып кету қаупі төне бастаған қазақ тіліне мемлекет болып, ел болып тұтастай бет бұрмай, бүкіл елді, барлық оқу орындарын, барлық өндіріс, шаруашылық мекемелерін қамтитын арнайы бағдарламалар жасап, олар жүзеге асырылмай, сан салалы өндірістер мен шаруашылықтар ерекшеліктері ескеріле дайындық жұмыстары жүргізілмей, балалар тілі мен  іс жүргізушілерді машықтандырмай, бұның бәрін мемлекет қаржыландырмай қазақ тілін мемлекет тілі ету үшін жасалынып жатқан қазіргі шаралар босқа төккен тер, босқа шашқан қаржы болып қала бермек.  

Қазақ тіліне көшкен мекемелердің жұмыстарымен таныса, тындырған істерін зердеден өткізе келе қазақ тілін толық қанды мемлекеттік дәрежеге көтеру үшін көптеген дайындық жұмыстары жасалынуы қажет екенін мойындау қажет секілді.

Ең алдымен мойындалуға тиіс жағдайлар:

·        арнайы дайындық шараларсыз, мемлекет тарапынан жұмсалар мол қаржысыз қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге көтеріле алмайтынын мойындау;

·        жүздеген жылдар бойы қалыптасып қалған тарихи жағдайлардың елге және тілге тигізген кері әсерлерін сарапқа салу, одан құтылу жолын анықтау керектігі;

·        шеттен кірген сөздерді сараптау жұмыстарын жүргізу;

·        адамдар санасын бағыттау жұмыстары;

·        тіл аясын кеңіту барысында дайындық жұмыстарды жүйеге келтіру;

·         қазақ тіліне көшуге орыс тілді мекемелерді дайындау;

·         қазақ тіліне көшуге қазақ тілді мекемелерді дайындау;

·        қазақ әдебиеті мен ел тарихының, ана тілі мен әдет-ғұрпының қазақ халқының болмысы екенін мойындау;

·        қазақ тіліне көшу деген мекеме аралық хаттарды қазақшалау емес, барлық өндірістік, мәдени, шаруашылық, оқу, тәрбие мекемелерінің айлық тоқсандық, жылдық есептерін қазақша дайындауға көшу деген түсінікті қалыптастыру.

Осы мәселелерді ел болып зердеден өткізіп, зердеден өткізгенді санамен қабылдағаннан соң қазақ тілі мемлекеттік тілге іс жүзінде пайдаға аса бастайды,  істелген жұмыс  өз нәтижесін бере бастайды деп ойлаймыз.

Қазақ тілін толыққанды мемлекет тілі етіп шығару Президенттің, өкімет басшыларының қолдауымен, соған бүкіл ел болып кіріскенде ғана орындалып шығатын шаруа. Сондықтан бұл шаруа ең алдымен қазақ халқы бір адамдай өздерінің ұлттық намыстарын оятып іске кіріскенде, сонымен қоса барлық қазақстандықтар осы шаруаға ниеттене атсалысқанда ғана оңынан оралмақ. Сонда ғана қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріле алады деп ойлаймыз.

Ол үшін бар қазақ баласы, бар қазақстандықтар бұл іске саналы түрде кірісуі қажет.

Мемлекетіміз бен мемлекет тұтқасын ұстап отырғандар сол сананы қалыптастыру жолында біраз жылдар бойы нақтылы бағдарламаларды жүзеге асыруы тиіс деп ойлаймыз.

Сондай дайындықтардан кейін ғана өндіріс пен шаруашылықты дайындау, ел мен тілді бейімдеу және соған жүйелі түрде соларға дайындық жұмыстарын жоспарлау қажет екені түсінікті бола бастайды.

Қазақ тілі мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатының, шаруашылық пен экономиканың, әрбір қазақстандық пен тұтас ел санасының сұранысына айналғанда ғана мемлекеттік тілге айналуы қолға алынады. Ал ондай сұранысты үлкен дайындықсыз жүзеге асыру мүмкін еместігі түсінікті нәрсе.

Сол уақытта барып ел қазақ тіліне деген қарсылықтар мен кедергілердің қазақ халқына, не қазақ тіліне қарсы әрекеттен туындап жатырмаған нәрсе екеніне көз жеткізіле бастайды.

Қазақ тіліне деген қарсылықтар мен кедергілерді бірте-бірте (бірден емес, бірте-бірте екеніне назар аударамыз) жою мемлекеттік дәрежеде орасан зор қаржы  жұмсау арқасында, арнайы дайындалған бағдарламалы шаралар өткізу арқылы, ғылыми  пайымдар мен тәжрибелік тұжырымдар қортындыларын зерделеу арқылы іске асырыла алады.

Асыра сілтейтін баспасөздер мен асыға сөйлейтін қазақ тілінің жанашырлары жазғырып келе жатқандай қазақ тілінің мемлекеттік тіл есебінде бірден іске асып кетуіне негізгі кедергі – тек қана кейбір іс басындағылардың қазақ тіліне деген қарсылығынан емес.

“Мемлекеттік тіл” атты дәрежесі бола тұра қазақ тілінің өз мәртебесіне көтеріле алмауына негізгі себептердің бірі – жалпы қазақстандықтардың (орыс тілділердің де, қазақ тілділердің де) қазақ тілін іс жүзінде дұрыс игере, пайдалана алмайтындығы.

Қазақ тіліне негізгі кедергілердің тағы біреуі – іс басындағылардың мемлекетіміздің қазіргі деңгейінде қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдыра алмайтынына көзі жеткендіктен, содан барып әзірше басқаша жан сақтай тұру амалы. Қазақ тілін іс жүзінде пайдалана алмайтынын сезгеннен барып туындайтын  тіл алдындағы қорқыныш салдарлары. 

Құрылыс мекемесінде кездесетін жай бір мысал арқылы жоғарыда айтылған тұжырымдарымызды дәлелдеп көрелік.

Жауапкершілігі шектеулі бір серіктестік іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізбек болды екен делік. Алғашқы кедергі сол серіктестік қызметкерлерінің сан жылдар бойы пайдаланып келген шетел сөздері мен техникалық атауларын өз беттерінше қазақшаға аудара алмайтындығынан туындайтын болып шықты. Дегенмен олар өз беттерімен аудармамен айналыса бастады делік. Бір маманы өз бетімен «плита перекрытия» деген сөзді қазақшаға аудармақ болсын… Плита перекрыия?.. Қалай аударамыз… Жапқыш тақта дейміз бе?.. Төбе жапқышы… Төбелік… Мекеме маманы ойлана келе ақыры бірнеше қазақша балама сөз табатыны сөзсіз… Бірақ соның төл баламасы қайсысы болмақ?.. Қайсысы көпшілікке ұнамақ….  Бірінші кедергі…

Басқа жақтағы мыңдаған құрылыс мекемелері дәл осындай жұмыс жасап жатуы, қаржы шығарып жатуы мүмкін ғой… Оның дұрыс деп қабылдағанын басқалар қабыл ала ма?.. Белгісіз… Себебі пайдаланар ортақ сөздік жоқ… Екінші кедергі…

Тіл білімінен хабары жоқ о кісілердің аудармасы әлгі сөздің қазақшасы болып шыға ала ма?.. Оны басқалар қабылдай ма?.. Тағы кедергі…

Содан барып қазақ тіліне өтпек болған мекеменің қазақ тілі алдындағы қорқынышы туындайды, содан барып қазақ тіліне өтуге деген енжарлығы пайда болады.

Өз мекемелерінің жағдайын ілгері қоятын мекеме басшыларының қазақ тіліне деген амалсыздықтан туындайтын қарсылықтары өмірге келеді.

Содан барып қазақшаға өттік деген мекемелердің іс қағаздарында:

Плита  перекрытия – 10 дәне

Іргетас блоктары – 10 дәне

Колонна – 1 дәне… деген секілді пайдалануға жарамсыз қойыртпақтар пайда бола бастайды.

Осы секілді іс қағаздарға көз жүгірте отырып сол мекеменің қазақ тілінде сөйлейтініне, іс қағаздарын қазақша жүргізгеніне қуана аламыз ба?..

 Қазақшаға көшу үшін жалпы мемлекеттік дәрежеде дайындық шаралары жүргізілмегендіктен қазақ тіліне көшкісі келетін барлық мекемелер осындай кедергілерге кездесетіні сөзсіз. Бірақ халық “ана тілімізге көшелік” деген талабын үдете түсуде. Содан барып жоғары орындар алдында ақталу үшін, халық алдында ақталу үшін «пәлен мекеме іс қағаздарын қазақша жүргізеді» деген жалған ақпарлар жасақталады.

Қоғамымыз үшін ең маңызды мәселелердің бірі ретінде, нақты шешімі әлі табыла қоймаған бұл аса күрделі емі табылмай келе жатқан жанды түйінді (халық жанымен жандас) шешу және іске асыру мақсатында, біз, қазақ тілінің жанашыры ретінде өз бағдарламамызды, «Қазақ тілін толық меңгеру және пайдалану аясын кеңіту бағдарламасын» ұсындық.

Бағдарлама балабақша мен мектеп, орта және жоғары оқу орындарында, кәсіпорындар мен өндірісте, шаруашылық пен экономикада, мемлекеттік басқару мен іс жүргізу барысында қазақ тілін толық меңгеру және пайдалану аясын кеңейту жолындағы жүзеге асырылуға тиісті басты шараларды қамтиды.

Осы мақсатта автор Республика Президентіне тікелей бағынатын “Ана тілі” атты "Тіл комитетін" және оның құрамында бірнеше комиссиялар құрылуға тиіс деп санайды.

Тіл комитеті

         Тіл комитеті Қазақстан Республикасының қазақ тілін толық меңгеру жолындағы және қазақ тілінің пайдалану аясын кеңейту бағытындағы тындырылатын  жұмыстарын ұйымдастырады. 

Тіл комитетінде тілімізде пайдаланылып жүрген шетел сөздері мен техникалық және басқа кәсіби терминдердің қазақша аудармалары және қазақшаға аударылмай пайдаланылғаны дұрыс деп табылған шетел сөздері мен  басқа кәсіби терминдердің тізімі бекітіледі.

Сөздік қор жасақтау комиссиясы

Сөздік қор жасақтау комиссиясының саны жұмыстарының бағыты және мөлшеріне байланысты бірнеше болуы мүмкін. Өндіріс және басқа да мамандық иелерінен жасақталатын әр комиссия өз өндіріс бағыты бойынша төрт түрлі сөздік қорын жасақтайды.

1.   Сөздік дайындалып жатырған сала (кәсіби мамандықтар, мысалы құрылыс өндірісі, авиация т.б.) бойынша сол салада жиі пайдалыналтын қазақ тілінің сөздік қоры.

2.   Өндіріс пен шаруашылық салалары бойынша пайдаланылып, ел санасына сіңіскен (қазақшаға аударылған) шетелдік сөздік қоры.

3.   Өндіріс пен шаруашылық салалары бойынша қазақшаланып пайдалануға болады деген шет елдік сөздер қоры.

4.   Өндіріс пен шаруашылық салалары бойынша қазақшаланбай-ақ пайдалануға болады деген шет елдік сөздер қоры.

Комиссия дайындаған сөздік қорларды, аудармаларды қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясына тапсырып отырады.

Бұл төрт бағыттағы көп томдық сөздік қорлар әр мұғалімнің (әр баланың) қолында жүруі, әр мекеменің жұмыс столында жатуы негізгі мәселенінің шешілуін тездете түспек.

 

Қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясы

Тіл мамандарынан жасақталған бұл комиссия өздеріне түскен сөздіктерді салыстыру, зерделеу арқылы жоғарыда аталған төрт түрлі қазақша (энциклопедиялық) кәсіби сөздік қорларын жасақтап шығады.

Білім министірлігі

Қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясы қабылдаған құжаттар негізінде білім министірлігі:

·        Бала бақшаларда қазақ тілі мен ұлттық ойындарға көңіл бөлінеді. Бала бақшадан бастап әр қазақ білуге тиісті деп қабылданған азаматтық, ұлттық, ритуалдық болмыстар қалыптастырылады.

·        барлық қазақ, орыс мектептерінде қазақ әдебиеті мен қазақ тілі, қазақ халқының тарихы мен үрдістері атты сабақтар сағатын көбейтеді;

·        барлық мектептерде «қазақша іс қағаздарын жүргізу» атты сабақ кіргізеді. Бұл сабақтарда балаларға қазақша іс қағаздарын жүргізу үйретіледі.  Жасақталған төрт сөздік қоры жаттатылады. Олармен жұмыс жасау тәжрибелері үйретіледі.

·        кейбір жоғары және орта оқу орындарында “қазақша іс қағаздарын жүргізу” мамандығын ашады;

·        “Қазақша іс қағаздарын жүргізу” атты мектеп, аудан, облыс, республикалық жарыстар ұйымдастырылады.

Министірліктер мен өндірістік бірлестіктерде

Министірлік пен өндірістік бірлестіктерге қарасты оқу орындарына білім министірлігіне   жүктелген міндеттер жүктеледі.

Қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясы қабылдаған құжаттар негізінде:

·        қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту басқармаларын құрады;

·        қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясының дайындаған ресми құжаттары негізінде өндіріс және шаруашылық мемелелері «қазақша іс қағазын жүргізу» атты курстар ұйымдастырады.

·        қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясының дайындаған ресми құжаттары негізінде “Қазақша іс қағаздарын жүргізу” атты мектеп, аудан, облыс, республикалық жарыстар ұйымдастырылады.

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Отан.Жер. Ел. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.