Қазақ болмысын қалай қалыптастырамыз

 

 

“Ұлтымның ұлы боламын!” деген ұлы сезімнен нәр алған, сол сезімнен қуат ала арманы мен өмірлік мақсаты қалыптасқан кез келген азаматты, қазақ елінің көкірегін қуаныш пен қауіпке толтыра келген осы тарихи кезең, ой бостандығы мен сөз бостандығын сыйлаған, еркін еңбек пен қалаған кәсіпке айналысуға мүмкіндік тудырған кезең, ұлт болашағы туралы  да толғандырмай қоймайды.

Өзіңе-өзің сене алмай жан қинайтын, шешімі біреу емес (дұрыс шешмдерінің өзі) бірнешеу болып келетін мәселелер көп. Сол мәселелер ойлаушыны ойға батырады, ал ойлар сұраққа жетелейді.

Ойларға көбірек батыратын, сұрақтарды көбірек қойдыратын мәселелердің бірі:  “Болашақта қазақ халқын, демек өз ұрпағыңды, қандай түрде көргің келеді?” – деген сұрақ,  сол сұраққа жауап іздеу барысында туындар сан түрлі ойлар…

…Жыр-дастандарымызда жырланатын, ауызша әңгімелерде айтылатын, саяхатшылар мен ғалымдардың жазып қалдырған, өз жазба әдебиетімізде қағазға түсіп белгілі болған   қазақ халқына тән мiнездер мен қасиеттер бiздердiң болмысымызға туа бiткен бе?

Туа бiтетiн болса, тарихи кезеңдер мен төңкерiстер, уақиғалар мен заман әсерлерi сол қасиеттердi өзгерiске ұшырата алды ма?

Әлде оларды (сол қасиеттерді), қазақ халқының (басқа да кез-келген халықтың) болмысын қоршаған орта қалыптастыра ма?

Бiздер, кәзіргі қазақтар, ата-бабамыздың бізге мұра етіп  қалдырған бет-пiшiнiні мен жан-дүниесіне, салты мен дәстiрiне, өнері мен тіліне көңіліміз тола ма, ризамыз ба? 

Көңіліміз толатын болса, көкірегіміз риза болатын болса онда  қалыптасқан қазақ болмысын сақтап  қалғымыз келе ме?

Кәзіргі заман қазақтарын осы сұрақтар толғандыра ма?..

…Осындай қадау-қадау сұрақтарға жауап беру үшiн ғұламаларымыз бен оқымыстыларымыз археология мен этнографияны, ұлттардың болмысы мен тұрмысын, тілі мен дінін зерттейдi. Айта кетуге тұрарлық бір нәрсе бұл сұрақтарға жауап іздейтіндер тек қана атақты ғұламалар мен оқымыстылар емес. Өз ұлтының тағдырына немқұрайлы қарай алмайтын әр зерделі адам бұл сұрақтарды өз санасынан өткізеді, ойланады, қолынан келгенінше іс тындырады.

…Бiздiң ойымызша ұлт болмысы туа бiтпейдi, оны бірте-бірте заман мен қоршаған орта қалыптастырады. Болмысынан туа бітпей бірте-бірте қалыптасқан қасиет заман талқысына түсіп, шеттетілген кезде, қоршаған ортасына қажетсіз боп көрінуі, соның қырсығынан  күрт  жоғалуы мүмкін. Өзгеріске ұшырған, немесе ұмытылған әдет пен ғұрып, кісілік пен кішілік, парыз бен борышты сезіну сезімдері, жоғалтқан ұлт өкілінің болмысына ешқашан өздігінен оралмайтын секілді. Осындай кезеңдер, әр қилы замандар бұрындар да қазақ халқының біраз табиғи қасиеттерінен айырған болар.

Міне, қазақ халқы тағы да сана мен әдет мәселесін талқыға салар нағыз өтпелі кезеңге тап болды. Бұл кезеңнің жақсылығы – қазақ елінің, оның әр азаматының қай жолға түсемін десе де сөз бен ой еркіндігі өз қолында.  Осындай кезеңге тап болған екенсің – ойлан да  толған, қалаған дұрыс жолыңды тап.

Бірақ… Қазақ халқының “ақылды ойланамын дегенше тентек ісін бітіреді” деген дана мақалы бар болатын. Сол даналық сөз бұл жолы да расқа шықты. Қазақ зиялылары “не істейміз” деп ойланып, толғанып болғанша орыс тілді бауырларымыз бен соларды айтақтаушылар өз шаруаларын тындырып та тастады.

“Қазақ орысқа қосылмаса ел бола алмайды”, “қос тілді пайдаланбаса тілі тіл бола алмайды”, “қазақтың қолынан қой баққаннан басқа не келеді?”… деген секілді, жауыңнан бетер жаулық жасайтындар бірден басын көтеріп, айқай шуға батырды да кетті.

Сөз ең қасиетті нәрсе. Қазақ халқының кеңес заманында беттеріне ұстаған ең көрнекті азаматтарының аузынан шыққан бұл сөздерді қуаттаушылар табылып та жатты. Сан ғасырлар бойы басқа түскен ауыр зардаптардан басы мен санасы босап, ойланар сәтте ел болмысына, әлгілер әсер етіп, қате пікірлер орнай бастады.  Кейбір билікке таласу тартысы әсерінен, бостандық атты қасиетті ұғымды болмашы атаққа айырбастау, демократия деген сөзді сатқындық пен опасыздық мағынасына дейін төмендету секілді, жек көрінішті процестер жүріп жатты. Кейбір мәңгүрт, нигилист жандар арасында өркениетті саналатын елдерге шексіз еліктеу, сол жолда барлық ұлттық құндылықтарды талақ етуге дейін бару етек алды.

 Демек, осы кезеңде қазақ зиялыларының, қазақтардың қазақ болып қалғысы келетін өкілдеріне сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлт болмысын революциялық өзгерiске ұшыратпау жағын қамқорлау қажеттiлiгi туады.

Ондай әрекет жаңа ойлар мен жаңа сұрақтарды туғызары заңды нәрсе. Солар ішіндегі ең батысы:

Болашақ қазақтарды қазiргi тiршiлiк селері (қазақтар) қандай түрде, қандай санада көргiсі келедi?.. Осындай ойлар шытырманының бір жерге тоқайласар, бір түйінге түйілер жері болады екен. Ол түсінікті болды…

Болары болған, бояуы сіңгендерді қайта тәрбиелеймін деп тырысу босқа төгілген тер. Әуелден дұрыс жолға бағытталмағандарды енді даңғылға шығарамын деп тырысу қажет бола қоймас. Ендігі барлық жұмыс жас балалар санасы үшін күрес.

Болашақ үшін күрес деген ол – жастар санасы үшін күрес!

Жастар санасы үшін (ел болашағы үшін) күрес біріншіден төменде қойылмақ сұрақтарды төтесінен қойдыруға амалсыз мәжбүр етсе,  екіншіден: қазақ халқының ұзақ бодандық кезеңдегі жоғалғалтқандарының шамадан тыс көптігі әсер етеді. Ойланып көрелік…

        …Ел-жұртымыздың өзiмiз бiлетiн қонақжайлығы мен қайырымшылдығынан кәзiр бойымызда қаншасы қалды? …Iзгiлiгi мен аңқаулығының бұ кездегі жобасы қандай? …Қазақ есігіне құлып салмаған ел еді, енді құлып емес темір есік жасататын жағдайға жетті. …Үлкен кісі алдын кесіп өтпейтін әдетпен тәрбиеленетіндер  ішінен енді әкесін қарттар үйіне тапсыратындар табылып жатыр. …Былтыр жоғалтқан түйесін биыл тауып алатын жұрт, енді көрші қорасынан мал ұрлайтын болды.        

Жоғалтқандарымыз көп секілді…

Жоғалтқандарымызды ендi қайтарып орнына келтiру мүмкiн бе?..

Жоғалтылғандардың бәрін бірдей қайтаруға тырысу қажет  пе?..

Жоғалта қоймағандарымызды бойда сақтап қалу үшін не істейміз?..

Ауыл қазақтары «асфальт қазақтары» деп атаған қалада туып, таза қалаша тәрбие алғандар мен ауылда туып  таза қазақша (қазақшылықтың кәзіргі деңгейінде) тәрбиеленіп, қалалық қазақтар «мәмбет» атап кемсітетін ауыл қазақтарының араларын қалай жақындатуға болады?..

Бұл сұрақтардың әр қайсысының өз тағдыры бар. Бұл сұрақтардың туындауына себеп болған әр кезеңдерде өткен тарихи кезеңдер мен әдейі ұйымдастырылған саясат қортындылары жатыр…

Біз осындай ойлардан туар сұрақтарға жауап іздеу барысында көңіл тоқтатқан, дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқаттардың бірнешеуін атап өтпек болдық:

 

·        ұлт атанып, егемен ел боламын десе қазақтардың  ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық қасиеттерін, елдік, кісілік құндылықтарын сақтап қалуға тырысудың қажеттілігі;

·        қазіргі ерекше күш алып тұрған, әлсіздер болмысынан ұлттық қасиеттерді еріксіз зорлап ығыстырып шығарып бара жатқан, батыстық және еуропалық –  қатыгездік пен әлімжеттікке, өзімшілдік пен тексіздікке арқа сүйеген өмір сүру үлгілерінің қуатты тегеурініне, қазақтың өз болмысындағы ұлттық, азаматтық қасиеттерін қарсы бағыттап, қарсылық көрсету қажеттілігі;

·        әлі жоғалтып үлгере қоймаған, әлі бойда сақталған ұлттық құндылықтардың керектерiн ұстап қалу үшiн, бағзы заманнан берi сол қасиеттермен бiрге жасасып келе жатқан, сол қасиеттерді қалыптастыруға жағдай жасаған ұлттың төл заттары мен әдет-ғұрыптарын, өнері мен өнегесін заман ыңғайына бейімдей отырып сақтаудың даусыздығына келiсу керектігі.

       

Жалпы адам боп жаратылғандардың бұ тірлікте жалғыз-ақ міндеті бар деп ойлаймыз, ол артына ұрпақ қалдыру. Ұрпақ қалдырғанда да жақсы ұрпақ қалдыру.

Сонымен не тындырып үлгердік?.. Не тындырмақпыз?..

Сонымен не бүлдірдік?.. Қалай түзетуге болады?..

Тындырған мен бүлдіргенді қатар алып жүрер болсақ…

Жұма намазына барып, айлапат мешіттің ішіне адам сыймағанын көріп, оның көбі жастар екенін байқағанда қалай қуанбассың. Біз бұл мысалды діндарлық сезіммен емес адами сезім арқылы айтып отырмыз.

Адам болып жаратылып, қазақ болып қалыптасып, өз мәдениетін, өз әдет-ғұрпын  өзге ұлттардан кем емес оздыра дамыта алған қазақ халқы бостандығынан айрылған күннен бастап, егемендік алғанына дейін талай рухани құндылықтарын жоғалтқан еді. Енді өз билігі өзіне тиген шағында жоғалтары бұрынғыдан кем болмайды ма деген қауіп туындай бастады. Сөзіміздің басын осындай көптеген мәселелерді қамти бастағанмен бүгінгі әңгіме желісі етіп біз тек қана мектеп жасындағы балалар туралы сөз етпек болып отырмыз.

Мен өз басым көшеде келе жатып бір топ қазақ жастарының даурыға сөйлесіп келе жатқанын көргенде “құдайға шүкір” деп, қанағат сезіміне бөленетін жанмын.

Біз секілді егдерген кісілерге сондай сезім сыйлайтын жастарымыз шағын аудандарға, мектептерге бөлініп жақ-жақ боп қақтығыс ұйымдастыратынын естігенде сүрген өмірің, сөйлеген сөзің босына ма деп те қаласың.

Кісілік жолындағы баспалдақтарды бір-бірлеп аттап, өзінің өмірге деген болашақ даңғылын анықтау жолында жүрген жастарды көріп, олардың жетістіктеріне бола мақтаныш сезіміне бөленсең, теледидар көрсететін жезөкшелік жолға түскен қазақ қызы туралы естігенде бүкіл тіршілік иелерінің бетіне қарай алмастай намыстанасың.

Қазақ жастары әлемдік жарыстарға қатысып бірі әлемдік деңгейде шахмат жүлдесін жеңіп алып, бірі скрипкадан Поганини жүлдесі үшін жарыста Италияда “қазақтың ғажайып қызы” атанып жатса, енді бірі олимпияда жеңіскері, енді бірі Қарақұм мен Сахара шөлін жаяу жүгіріп өтсе… санай берсе құдайға шүкір сан беттерді шимайлап шығуға болады, ал енді бір бауырларымыз арақкештік пен нашақорлық жолына түсіп, ошақ жағып, от басын құрып үлгермей жатып, ел бетіне жағылған күйедей болып жатады.

Әлгідей жағымсыз қылықтар біздің заманның еншісі ме, әлде сан ғасырлар бойы әрбір кісі санасы үшін айқасқа түсіп, бір-бірін жеңе алмай, жарысып келе жатқан құбылыстар ма?..

         Не істеу керек?

         Біздің қазіргі кезде анық көзіміздің жеткені енді қол қусырып қарап отыруға болмайтыны.

         Жақында бір ошақ басында осындай әңгімені өрбіттік. Ел сыйлайтын бір қартымыз бірден қазіргі жастардың бұзылып бара жатырғандығын уайым қылып, мектеп тәрбиесін, мұғалімдерді түкке тұрғысыз етіп, лауазымды адамдар атына сын айтып, өкіметтің дәрменсіздігін дәлелдемек болды.

         Ойланбай тыңдайтындарға ол кісінің сөзінің бәрі рас көрінуі де мүмкін. Бірақ біз өзінен арнайы сұрастырып, жалпы жағдайды  анықтағанымызда барлығымыздың басымыздағы ортақ кемшілігіміз сыншы бойынан да сес беріп шыға келді.

         Бәрімізге ортақ кемшілік дегеніміз не?

Ол кісі де, бәріміз секілді, кемшіліктер туралы бәрін ауызбен айтқанымен,  қолдап ештеңе жасамайды екен. Бел шешіп ештеңеге кіріспейді екен. Оның ойынша оның немерелері мен шөберелерін біреу тәрбиелеп, дұрыс азамат етіп беруі қажет екен.

Біз сол жерде отырып осындай мақала жазу керек-ау, тек жазып қоймай бел шешіп бір іске кірісу қажет-ау деген ойға қалдық. Әлгі әңгімемізді жалғастыралық.        

Ақсақалға біз бір қарсы мысал келтірдік. Оған жасы отыздан асқан танысымыз (Алматыда)  бар екенін айттық. Сол кісінің үйінде қонақта болғанымызды, сонда  көргенімізді әңгіме етіп бердік.       Сіздерге де айтып берелік…

…Сол үйде қонақта отырмыз. Кешкі қонақ асымыз сәл ұзаққа созылып кеткен болуы керек, әлгі үйдің тоғыз жасар баласы (аты Тоқтамыс) әкесінен кешірім өтініп құптан намазын оқығысы келетінін айтып, дастархан басынан ұлқсат сұрап тұрып кетті… Алпыстан асқан жасымызда алты жасар баладан үлгі көріп, бетіміз қызарып, көкірекке солайша ой түйген едік.

Қонақтық мезгіліміз аяқталып тарамақ болып жатырған болатынбыз. Ең кіші үш жасар қызы  (аты Мамыр, қонақтар алдында мақтанғысы келген болуы керек) “ән ұранды айталықшы” деп, сұрап қоймады.  

Бес баласын орын-орындарына тұрғызып, отыздан жаңа асқан бақытты әке мен шеше жеті адамдық хормен бірнеше қазақ өлеңдерін  айтып көңілімізді көтерді. Ең соңынан Қазақстан Республикасының ән ұраны айтылды. Қонақтарға қатты әсер еткені соншалық тыңдап отырған бес-алты қонақ орындарынан тұрып, үй иелеріне, балаларына, ән ұранға құрмет көрсетті…

Сонда жастар санасы үшін күрес дегеніміз не?

Оны жүзеге асыру кімнің қолында?

Мақаламыздың басында: “Жастар санасы үшін күрес, ол –  болашақ үшін күрес” –  дедік.

Міне, балаларының санасы үшін, халқының болашағы үшін қолдарынан келгенінше іс тындырудың бір мысалы.

Міне, қазақ болмысын қалыптастыруға еткен еңбек!

 

 

                                      Сайын Назарбекұлы

                                               Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

                                               Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

 

 

 

 

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Ұлт болмысы. Ана тілі. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.