Шотан батыр есімі құрметке лайық тұлға

 

         Ұлы Отан соғысы қазақ халқының басына әлi күнге орны толмай келе жатқан ауыр-ауыр қасiреттер арқалатқан уақиға болды. Сонымен қоса тигiзiп кеткен бiр пайдасы да бар болатын. Коммунистiк партия соғыс басталысымен халық бойындағы ерлiк пен батырлықтың рухын ел жадына оралту, әр кiсiнiң жанындағы күштеп жоғалтылған ерлiк пен батырлықтың ұлттық дәстүрлерiн қалпына келтiру қажеттiгiн байқады. Ол қазақ халқының эпостық шығармалары мен батырлар жыры арқылы ғана iске асатын шаруа едi. Сол сәттi өте тиiмдi пайдаланған Мұхтар Әуезов бастаған бiр топ ұлтжанды патриоттар бүкiл Қазақстан бойынша ерлiк дастандарды қағазға түсiрте бастады. Осылайша Мұрын жыраудан “Ноғайлық” жырлары деп жырланатын “Қырымның қырық батыры” жазылып алынды. Сонда бастап жыршылар цензурадан өткен жырларды айтуға мүмкiндiк алды. Қазақ халқы тек қана ұлы мұраға ие болып қалған жоқ, жыраулық өнерiн сақтап қалуға да мүмкiндiк алды. Талай-талай қазақ халқы үшiн қаны мен жанын құрбан еткендер ел есiнде сақталып қалды. Әлi есiмiзде, сол кездегi ел тек қана сол дастандарды айтқызумен рухани дем алатын.

         Осындай қасиет дүние жүзiнiң барлық халықтарына тән керемет қасиет. Ол – уақыттың ерекше елегi өзiнiң сүзгiсiнен өткiзгеннен соң барып елдiң табынары мен  сағынарларын тандап алу қасиетi. Ел ондай жандарды:

-         ел билеген хандардың,

-         сөз саптаған билердiң,

-         қол бастаған батырлардың,

-         ел рухын сақтаған ақындардың,

елдiң төрт құбыласы секiлдi, тiрi кезiнде-ақ жұрт сүйiспеншiлiгiне бөленiп, артына өшпес iз қалдырғандардың iшiнен iздеген. Осы дәстүр елiмiз егемендiгiн алғаннан соң жақсы жалғасын таба бастады. Қазақстанда ондаған, тiптi жүздеген бабалар аты жұрттың жабырқау назарына жылылық берер нәрге айналды, елдiң табынары мен сағынарлары екшелiп шыға бастады. Бiз бүгiн тек қана Маңғыстау өлкесiн жеке алып қарайтын болсақ ең көрнектi  жерлерде елдiң қасына барып, тәубе етерлiктей  ескерткiш тұғырлары пайда болды.

 

         … Бiрiнде ел тiзгiнiн ұстаған Тобанияз атамыз тұр…

         … Ендi бiрiнде елдiң ақындық рухы iспеттес Қашаған бабамыз…

         … Ендi батырлар мен билер кезегi де келген секiлдi…

 

         Жақын арада қаламыздың көрнектi жерiнде бiр ескерткiш тұғыры босап қалды. Түбек тағдырын, Маңғыстаудың рухани тiршiлiгiн өз өмiрiм деп есептейтiн жандардың “Ол жерде кiмнiң бейнесiнiң тұрғаны дұрыс?” – деген сұраққа жауап iздейтiнi анық… Бiз де сондайлардың бiрi едiк…

         … Маңғыстау өңiрiнен Жошы мен Батиға ерiп (мүмкiн амалсыздан) батысқа қоныс аударған, Қырым, Кавказ, Едiл, Жайық, Алатау, Түркiстан, Сайран сапарында 500 жылдай  ғұмырын өткiзiп, тарихтың не бiр тауқыметiн бастан кешiп ата-бабасының құтты қонысына қайта оралған елдi бабалар мекенi Маңғыстауға бастап келген Шотан батырдың аты мен iзi тек қана ел есiнде емес қазақ халқының тарихында да сайрап жатыр. Бiр мысал келтiре кетелiк…

         Тарихшы Әбдiкәрiм Хасенов (қазақ тарихының бес мың жылдық баяны, Мектеп, 1996ж.) былай дейдi…

         … Тәуке хан Ордасы тұрған Түркiстан қаласын айнала Матай, Алтай, Төртқара, Адай, Шанышқылы, Шыпырашты,Дулат сияқты жауынгер руларды қоныстандырды. Соның арқасында 1710 жылы жоңғарларды Iле басына дейiн шегiндiрдi… Алшындардың сол кездегi Аға Батырлары Берiште Ағытай, Адайда Назар, Шотан, Есенқұл, Сабытай…  батырлар едi…

        

         … “Ертеде ерлер көп өткен…” деп, Сәттiғұл қарт жырлағандай, батырлары қаншалықты көп болса да Адай тайпасының Алтын Орда, Ноғайлық мырзалар кезi мен Қазақ хандығы заманындағы Маңғыстаудан шетте жүрген жылдардағы қасиет тұтар бабаларының есiмдерi ел жадынан өшiп кеткен. Олардың бұ заманда құрмет тұтар есiмдерi мен тәу етер зираттары текқана Ата мекен- Маңғыстауға соңғы оралуынан басталады, сол бес жүз жылдық ұлы сапардан өз жиделiбасынына оралмақ болғанда, өз темiрқазығына бет түзегенде жұрт ноқтасын қолына ұстатып, ел тағдырын сенiп тапсырған Шотан батыр ел сенiмiн ақтап шықты деп ойлаймыз. Маңғыстауда жерленiп қалған бауырлас елдермен үлкен қан төгiске бармай, Ұлы даланы бiр айналып шыққан, сол кездерде "Ұлын Ұрымға (Римге) “ апарып үйлендiрiп, “қызын Қырымға” жеткiзiп тұрмысқа берiп, өздерi “Балқан, Балқан, Балқан тау, о да бiздiң барған тау” деп, жүрген жерлерi туралы географиялық кендiктi сездiре мақалдатқан бабаларымыз, өзiнiң қасиеттi мекенiне қайта оралды…

 

         … Ендi бiз, Алла тағалаға, Маңғыстауды ұрпақтарымызға мәңгiлiк мекен ете көр! – деп, жалбарыналық…

 

         … Басына бақ қонған ел басшыларынан – Маңғыстауды ғасырлар бойы жұрт iздеген “қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған” мекенге айналдыра көрiңдер! – деп, тiлек тiлелiк…

         … Содан соң барып әуелi Алла тағаладан, қалды ел басшыларынан босап қалған тұғырға осы ұрпақ ата-бабасын осы жерге жеткiзген, Шотан батырдың, сол арқылы тұтас адай тайпасының арпалыс жылдарды басынан өткiзген, ат үстiндегi өмiрiн бейнелейтiн ерлiкке толы жылдарының бейнесiн көзге елестетер ескерткiш туындысын өмiрге келтiрерлiк мүмкiндiк жасай көр деп сұралық…

         … Алматыда 1994 жылы бiр суретшiнiң көрмесiнде дәл осы ойды көзге елестете алар мүсiндi көрiп те едiм…

 

 

                                                                           9 мамыр 2001 жылы

 

 

Запись опубликована в рубрике Тұлғалар туралы. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.