Тойлардан түйген ойлар

 

 

Алла тағала, Шыңғыс топырағынан, адам пендесiнiң бойына сiңе алар барлық қасиеттерiне ие етiп, ерекше махаббатпен жаратып, қазақ халқының маңдайына бере салған ұлылары -–Абай мен Мұқтардың ЮНЕСКО көлемiнде тойлаған мерейтойларының басымызға бостандық орнаған шаққа сәйкес келе кеткенi – елдiң елдiгiн, халқымыздың қасиетiн бүкiл адамзат алдында танытуға арналған көрнектi құралдай, өткiзiлген ашық сабақтай, әсерлi болды.

Абай тойы – дархан далада туып-өскен дархан елдiң пейiл-ниетiнiң шексiздiгiн, бейтанысына астындағы жалғыз атын түсiп беретiн мәрттiгi мен орынсыз шашпа қонақжайлығын көрсетуге арнайы ұйымдастырылған ашық сабақ секiлдi той болған-ды. Бұл той – ойланып iстемей опынып жататындығының, қасықтап жыйнағанын ожаулап төгер жөнсiз ысырапшылдығының, орынды жерiнде ойып берер жомарттығының, бiр сөзбен айтқанда “қазақшылығының” көрiнiсi iспеттес едi.

Абай тойы – қазақ халқының осы заманға дейiнгi бар өмiрi мен өнегесiнiң, бар мiнезi мен iс-әрекетiнiң, бар өнерi мен әдетғұрпының екi-үш күнге сыйғызылған үлгiсi, макетi секiлдi болып көрiнiп едi, бiзге.

Бiздiң пайымдауымызша бұл өмiрде кездейсоқ ештеңе де болуы мүмкiн емес…

… Шыңғыс ханның осы ауылда, Хан тауының басында хан көтерiлуi кездейсоқтық емес!…

… Жидебайдың Евразияның кiндiк тұсына сәйкес келуi кездейсоқтық емес!..

…  Жидебайдан екi бiрдей Ұлының шығуы, олардың мерейтойларының ЮНЕСКО дәрежесiнде қатар аталып өтуi, ал сол тойлардың ұйымдастырылуының да жер шарының екi полюсiндей қарама-қайшылығы – бұ да кездейсоқтық емес…

… Бұл бiзге берiлген сабақ!… Ғибрат аларлық белгi…

Алдыңғы той туралы көп айтылды, бiраз жазылды. Бiз соңғы той туралы аз ғана ой толғамақпыз.

Абай тойы мен Мұқтар тойына шақырылса бармай қалар қазақ баласы табылар ма, сiрә? Олай болса он миллион қазақты, он алты миллион қазақстандықтарды Жидебай маңы, Бөрiлi басы орналастыра алар ма?

Соңғы тойда алдыңғы тойдан қортынды шығарылғандай. Мұқаңның тойына – не туысқандық, не замандастық қақысы бар, не Мұқана шығармасын зерттеп еңбегi сiңген, не той дайындығына тер төккендер шақырылыпты. Той қонақтары: “тойға барсаң тойып бар”, “той дегенде қу бас домалайды” деген ата мақалдарын толық түсiнетiндерден таңдап шақырылғандай екен. Бұл тойда шапан кигiзбедiң деп шатасқан, төрге таласып абырой төккен, мас болып масқараға ұшыраған ешкiмдi де көрмедiк. Атақты академиктер мен атақсыз азаматтардың, құрметтi қайраткерлер мен қарапайым құрылысшылардың бiр автобуста қатар отырып сапар шеге алатынының қуәсi болдық. “Орамал тон болмайды, жол болады” қадесiмен тойдан тәберiкке берiлген былғары папканы кемсiнген ешкiм болмады. “Тойдан сарқыт” есебiнде үймiзге алып келген екi таяқ шұжық балашағамызға Мұқаңның өзi берiп жiбергендей әсер етiп, көршiлер шақырылып, барлығы да пiссiмiлласын айтысып, “Мұқаңа тие берсiн” десiсiп, бет сыйпасып жатты.

Бiр атап өтерлiк нәрсе, ол – екi күндiк тойдың барлық басты уақиғаларының бағдарламада көрсетiлген мезгiлiнде басталып жатуы болды. Ойлана берсе мақтауға тұрарлық кезеңдерi көп секiлдi. Тойдан алған жалпы әсерлердi тоқтата тұрып мен өзiм риза болған екi нәрсе туралы ерекше тоқталып, ел назарын аудармақпын.

Бiрiншiсi. Маған туа бiткен сараңдық па, әкеден алған үлгi – үнемшiлдiк пе, менi ерекше шаршататын нәрсе – орынсыз шашпалық, орынсыз ысырап. Арқа қазақтарының үйiне қонақ болып көрiп пе едiңiз – бiр адамға дайындаған асын он адам тауысы алмайды. Сол кезде мен алдымдағы қамыр да салмай қойылған табақ-табақ ет пен, табақ-табақ қазы-қартаның босына ысырап боларын ойлап қазағымыздың оңтүстiк өлкелерiндегi бауырларымыздың “қамыр ауқатына” аңсарым ауып кетедi. Мырза бол – кiм қарсы! Дастарханың мол болсын – кiмге зиян! Қонағыңа пейiлдi бол – кiм орынсыз дер! Бiрақ есеп керек емес пе?… Жоба деген өлшем қайда?…

Орынсыз шашпалық мырзалықтан гөрi ақымақтыққа жақын. Тойды ұйымдастырушылар осы мәселе бойынша менi қатты риза еттi.

Екiншiсi. Халқымыздың соңғы кездерде бойына сiңiп келе жатқан бос сөздiлгi!… Әсiресе тойлардағы тост!… Жаныңа берер нәрi жоқ, тойына берер сәнi жоқ, шексiз қайталанып жалықтырып жiберер жел сөздер… Бiз осы тойда “аз сөйлер де, көп тыңдар” дәрежесiне көтерiлген ағайындарды көрiп “иә, сәт!” деумен болдық.

Бұл тойдан бiз байқаған тағы бiр жақсылықтың нышаны, ол – осы тойда арақтың аз iшiлуi болды. Жәй халықтың ортасында жүрiп құлағымызға құйылып, санамызға сiңiп қалған ақиқаттай бiр ұғым бар. Ол – артистер мен жазушылардың шектен тыс араққұмарлығы… Бүкiл тұқым-теберiнiң, ауыл-аймағың, бота-тайлағың үлгi тұтып, өнеге алатын, ұқсап бағуға тырысатын осы кiсiлер мүмкiн өз бастарындағы парасат жүгiн түсiне бастаған болар, әйтеуiр осы тойда арақ аз iшiлдi. Менiң ойымша бұл да кездейсоқтық емес…

Абай өткен заман соңы болса, Мұқтар жаңа заман басы.

Абай – мәңгiлiкке құйып тастаған бiздiң қазақтық болмысымыздың тұрпатындай болса, Мұқтар – жаңаға бейiмделе алатын, керек кезде иiле салатын, тау мен тасты аттап өтпей солар арасынан жылға-жылға жол тауып, бұлақ құрап, сол тамшыларды бүкiл дүниежүзiлiк мұхитқа жеткiзе алар өмiршендiктiң басы секiлдi. Егер Алла тағаланың бар екенiн мойындасақ, онда кездейсоқтықтың болмайтынына сенемiз. Мұқаң тойы – алғашқы тойдан қортында шығарған, адам қарым-қатынасының бiр-бiрiне деген пейiлi тек қана қымбат сыйлық тартып, ерекше құрметтеуден тұрмайтынын, керiсiнше барлық нәрсенi өз жобасында бейнелеу екендiгiн, “көрпеңе қарай көсiл” деген бабаларымыздың экономикалық аксиомасын мойындаудың басы, солай түсiне жүрiп өз тегiндi құдай жаратқан күйiнде, ата-бабаң қалыптастырған қалпында таныстыру болды.

 

Екi той!… Екеуi де қазақтардың тойы!… Екеуi де бiр жерде өттi… Бiрақ бiр-бiрiне айырмашылығы аспан менен жердей!… Нелiктен?…

Мен қазiр, қымбатты оқушылар – Сiздерге, сол екi тойдан өзiм қуә болған бiр-бiрiне ұқсас екi уақиғаны әңгiмелеп бергелi отырмын.

Бiрiншi уақиға -  Абай тойынан. “Абай – Шәкәрiм” құрылысы ақталған кезi. Облыс басшылары кезектi бiр “планеркасын” салынып бiткен алып кесененiң үстiнде өткiзiп жатыр… Ендi бiр сәтте жыйып тақырыбы Абай тойы мен Семей малының ара қатынасына ауды. Облыс пен аудан әкiмдерiнiң арасында болған әңгiменi ешнәрсе қоспай өз күйiнде келтiрелiк.

Үлкен Ұлық: Сiзге Бөрiлi мен Жидебай арасында, жол бойында бiр де бiр мал болмасын деп тапсырылған жоқ па едi?

Кiшi Ұлық: Жидебай мен Бөрiлi арасын екi машинамен кезек күзетiп тұрмыз. Мал қарасын өшiрдiк.

Үлкен Ұлық: Олай болса Қасқабұлақ тұсында қалайша асфальт үстiнде жылқының жас тезегi жатыр? Бұйрық неге орындалмаған?

Кiшi Ұлық: Кедейсоқ жолды кесiп өткен жолаушының атынан түскен болар, әйтпесе бiз бұл бұйрықты орындау үшiн нақтылы шаралар қолданып жатырмыз…

Қазақ халқы өз билiгiн өз қолына алды деп күпiлдеймiз. Өз өнерiн, өз болмысын сақтай алдыңғы қатарлы ел қатарына қосылармыз деген үмiт бәрiмiздiң ойымыздан бiр сәт шығып көрген жоқ. Сонда қазақ халқының ноқтасы осындайлар қолына да ұстатылатын болса жаңағыдай асыл арман қалайша жүзеге аспақ?…

Бұл, әрине, қазақ тойын қазақ еместерге басқартудан туған оспадорсыздықтар…

Екiншiсi уақиға – Мұқтар Әуезов тойынан. Адам толы автобустар Семей – Қарауыл жолынан Бөрiлiге бұрыла бастады… Ғажап… Менiң жүрегiм, ауыл баласының жүрегi, қатты бұлқынып кеткен едi… Ұмытыла бастаған, әрқашан сағынышпен еске түсер, баяғы қазақ даласының, қазақ ауылының көрiнiсi… Жол жиегi (әдейi ұйымдастырылған) толған мал. Қора-қора қой!… Келе-келе түйе… Табын-табын сыйыр!… Үйiр-үйiр жылқы!… Автобуспен жарыса шауып келе жатқан, сәндi ұлттық киiмдер киген қазақ жастары… Тымағын бұлғап жолаушыларға қошамет көрсетiп жол жиегiнде қалып бара жатырған малшылар… Мен сол сәтте өзiмдi қатты бақытты сезiнген едiм!… Бiлегiмнiң қылшықтарынан бастап жан-дүниемдегi барлық сезiм бұлқына оянып, өз басым сол тойдан бұйырған ең үлкен үлесiме ие болған сәтiм едi…

Мiне екi уақиға, екеуiнiң арасы бiр-ақ жыл. Тақырыптары мал туралы болса, өткен жерi бiр жер.

Бөрiлiден Жидебайға жол тарттық (Мұқаң тойы). Жол бойында бiзбен бағыттас, жарасып бара жатырған салт аттылар… Сау болғыр автобус жүргiзушiлерi жүрiсiн сәл тежеп, аттарды жақсы көрiп отыруға мүмкiндiк жасады…Аттардың құйрық-жалы өрiлген!… Балалардың арқаларында сандық белгiлер… Байқап қарасақ, кәдiмгi – “Аламан бәйгi!”…

Автобустар “Еңлiк-Кебек” ескерткiштерiнiң маңына тоқтай бастады. Ұйымдастырудың  жоғарғы бағасындай боп  тойшылар бiр жоба жыйнақталып бола бергенде, жұлқына, қайда менiң бас жүлдем! – дегендей боп, екi көзi шарадай жанып, қара терге малынған жирен сәйгүлiк те жеттi. Жиреннiң үстiндегi “қара домалақ” баланың қолына автомашина кiлтiн ұстағандағы қуанышын көргенде:

-         Ей, Алла тағала!… Барлық бала бiткеннiң көзiн сондай қуанышты ете

гөр деген тiлек өз-өзiнен көкiрекке орала кетедi екен…

… Қасиеттi қазақ жерi!…

… Ұмытылмаған қазақ ғұрпы!…

… Озып келген арғымақ!…

… Баланың бақытты жанары!…

… Анаңның кимешегiн киген кемпiрлер!…

… Әкеңнiң шапанын жамылған қарт кiсiлер!…

… Көңiлi көтерiңкi ел!…

… Осылардың барлығы жақындап қалған жақсылықтың, баянды

бақыттың басындай боп, бүкiл ел болып тойлар Ұлы Тойдың хабаршысындай әсер еттi. Iштен елге тiлек тiлеп тұрдық…

-         Ең Ұлы Той жақын болғай!…

-         Бiз тек қана басымызға азаттық алған жоқпыз, бiз қазiр бақыттымыз

да! – дейтiн болалық…

-         Бiз тек қана тоқ емеспiз, бiз шетiнен баймыз да! – деп жар салар күнге

жетелiк!

         — Бiз тек қана өнерлi, бiлiмдi емеспiз, бiз бүгiн бүкiл дүние жүзiндегi барлық халықтардың алдыңғы санатындамыз! – деп, кеуде соғар заманға жетелiк!…

 

         … Мен осы мақаланы осындай жоғары нотада, дәл осы жерде аяқтағанды жөн көрдiм. Тек қана аяқталған мақалаға қоса кетерiм – тойды ұйымдастырушыларға, үй тiгiп, дастархан жаюшыларға деген ыстық ықыласты рақмет!… Тойларымыз көп болғай!…

 

                                                                                     28.09.1997 жыл

 

Запись опубликована в рубрике Ұлт болмысы. Ана тілі. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.