СIЗ БЕН БIЗ ЖӘНЕ “МЕН”

 

         Адам балалары өздерiнiң ғұмырларының ұзақтығын Табиғат пен Жаратылыс мөлшерiмен мөлшерлеп, солардың өлшемiмен салыстырып байқаса онда олар өздерiн өмiрге босына келгендей көрiп, осыншама шексiздiк деген ғаламаттың ортасында өздерiнiң болмашылығын сезінгеннен туынар, “әттеген-ай, неге бұлай” дегiзерлiк өкiнiшке бой алдыруы да мүмкiн. Сондай өкiнiш арты ойсыздықтан туар “бес күн тiрлiкте былағай салып қалу”, “бiр күн бура болып қалу” тұрғысындағы мақалдар шығартпақ. Ал өмiр соларды iске асыратындарды жарыққа шығарады. Бiрақ, Жаратушының сол әттеген-ай орнын толтырарлықтай, адам пендесiнiң аз өмiрiн кейбiр жағдайда салыстырмалы шексiздiкке айналдырып жiбере де алар ерекше қасиеттерге ие етiптi…

         Жаратушы (рахмет Оған) – Адамдарды бұл ғажайып жаратылыстың сәнi мен мәнi етiп жаратыпты…

         Жаратушы (рахмет Оған) – Адам балаларына Ой ойлай алатын қабiлет берiптi…

         Жаратушы (рахмет Оған) – Адам ұрпақтарына сөйлей алатын тiл бiтiрiптi…

         Кемеңгер ойшылдың басына пiсiп шыққан қортынды пiкiрдiң мәнi мағынасы туралы ойланып көрелікшi… Талантты туған жанның ерекше бiр сезiмдi кезде әлгiндей ойларды сөзге айналдырып жiберген сәтi басқаларға қаншама сезiм сыйлайды десеңiзшi… Мiне осындай – саналы ойдан, сапалы тiлден туындаған, тек қана адамдар өмiрге келтiре алар ерекше табиғат құбылысы санамен өмiр сүрер барлық жан иелерiнiң тiршiлiк мағынасы болуға тиiстi емес пе?… Адам балаларының өз бастарына келiп-кетер сондай ойлары мен сөз толғаныстары салыстырмалы мөлшерде авторларын мәңгiлiк тұғырына көтерiп тастай алады. Бiреулердiң ойында тереңдiк қуаты мүсiндегендей асыл ой, асыл қазына пайда болып жатса, бiреулер тiлiнен сол асыл сөздерден маржан моншақтары тiзбектеледi. Ал “қауым”, “халық” атты адам балаларының негiзiн құрайтын көпшiлiгi алдыңғы айтылғандардың ойлары мен толғаныстарына сусындаумен күн кешпек…

         Адамдар көкiрегi негiзiнен “Мен” деп соғады. Әркiмнiң өзiн бүкiл Жаратылыстың темiрқазығындай сезiнетiндiгi де сондықтан. Табиғат ерекше жаратқан кейбiреулерi тiптi өздерiн Аллатағаланың өзi ерекше iстерге жаратқан жалқыдай сезiнiп, қолдағы билiктерiн не табиғатты, не қалыптасқан коғам заңдылықтарын өзгертуге тырысады. Өзiн жаратылыстың жеке туындысы деп ойлауға бейiм…

         … “Жалғыздық – тек қана Аллаға жарасқан!” – дептi, қазақ халқының даналары.

         Ойлана алатындар да, толғана алатындар да егiз, екеуiнiң де сыңарлары бар. Егер Бiз алдыңғы аталғандардың ойлары мен толғаныстарын “Жердiң қамы, елдiң мұңы” жолында шығындалады деп алсақ, онда олардың сыңарларына “Қарын қамы,  Қара бас мұңы” боп қалады. Сонғылары тiршiлiкте сан жағынан аз болса да көп жағдайда iске тез бел шешiп кiрiсiп кететiндерден, жеңiл уәде бергiштерден, әсiресе өзiмшiл жандардан көбiрек шығады және олар көбiне ойлағандарына жетiп тынады.

         Сондықтан да: “Ақылды ойланғанша тентек iсiн бiтiредi”- деп, тұжырымдаған, қазақ халқы…

Бiз өзiмiздi алдыңғы топқа қосып, тағы да азғана ойға батып көрелiк…

         …Адам атты Жаратылыс туындысының сол Жаратылыс сыйлаған азғантай ғана ғұмырының мағынасындай боп алдынан “мен мұндалап” ынтықтырар асқақ-асқақ армандары тұрмаса, басында қатпар-қатпар ойлары жатпаса, ауық-ауық ет жүрегiн ерекше күйге бөлер сүйiспеншiлiк сезiмi шарпып өтпесе, болмысына өзi iстеген iзiлiк атты мейiрiмнiң нұры нәрiн тамызып тұрмаса, артында қайырым атты қасиеттi iзi қалмаса – онда бұ дүниеде саналы өмiр сүрген, бiлiм мен ғылымды игерген адамның тек қана өз қарнын тойғызу үшiн жаратылған хайуаннан айырмасы қандай болмақ?… Саналы өмiр мен санасыз тiршiлiктi бiр-бiрiнен қалай ажыратамыз?…

         …Талай-талай осындай сұрақтар Бiздiң басты мекен еткен. Олар сол жерден керегiн тапты ма, жоқ болмаса босына келiп, босына кеттi ме, оны сол сұрақтардың өздерi бiледi… Ал Бiз бүгiн қаңғып жүрген, артында iз қалмас бұралқыларын тоқтата тұрып, өзiмiз таңдап алған үш сұрақты әдейi өз басымызға қонақ еткелi шақырып отырмыз.

         1. Адам болмасында кездесер қатiгездiк пен қайырымсыздық, мәңгүрттiк пен мейiрiмсiздiк атты қасиеттер Бiз ғұмыр сүрген жылдар iшiнде бiрте-бiрте Бiзге өз пiшiндерiн анық таныта, айқындала түстi. Олар осы кезеңдерде бұрынырақ өмiр сүрген пенделер санасы жетпес жобаға жеттi (қазақ халқы мысалында айтылып отыр). Бұ заманда сол құбыжықтардың жеке адамдардың көзiне заңды құбылыс түрiнде көрiнетiнi былай тұрсын, тiптi күнделiктi тiршiлiк құралы ретiнде бар iс-әрекетiнiң қожасы болуға айналды. Билiк пен байлық жолындағы күрес пен жарыста әлсiздер мен әдiлдер жағы шексiз қиянатқа ұшырап келе жатыр… Ондай жағдай ғасырдан ғасырға, билеушiден билеушiге ауысуда. Сондай жылдар мен ғасырлар тiзбегiнiң адам пендесi үшiн шетi мен шегi болар ма екен?… Болатын болса – қалайша сол күндi тезiрек жақындата аламыз?…

         2. Заман аталатын, бiрақ тек қана Жеке кiсiлердiң әлсiздер мен қарапайым халықтарға қарсы қолданатын қатiгездiк пен қайырымсыздығына, мәңгүрттiк пен мейiрiмсiздiгiне адам балаларының озық ойлылары өздерiнiң ақылымен қарсы тұра ала ма?… Көпшiлiк санасына өз ойларын сiңiре, бейбiт жолмен халықты соңына ерiте ала ма?…

         3. Жер шарының көптеген байлары мен билеушiлерiне тән ортақ қасиет – қатiгездiк пен қайырымсыздық, мәңгүрттiк пен мейiрiмсiздiкке арқа сүйеген, тiршiлiк етудiң адамгершiлiк жолымен емес арандату жолымен, қайырым көрсету жолымен емес қан қақсату жолымен байлық пен билiк бәсекесiне түскен кезде кез-келген ұлт өзiнiң табиғи болмысын қалай сақтап қала алады?… Сақтап қалу үшiн сол ұлт үшiн, басқа елдер үшiн, Сiз бен Бiзге пайдалы ма?…

        

         Ендiгi жерде бұл сырласу әңгiмесiндегi Сiз деп отырғанымыз: ол – дәл кәзiр осы әңгiменi оқып отырған Сiз… Бiз деп отырғанымыз: ол – дәл кәзiр осы сырласуды жазып отырған Бiз, немесе автор. Ал ендi “Мен” дейтiндер тәрбиеге бағынбайтын, айтқанға көнбейтiн, тек қана өзiмдiкi дұрыс дейтiн “Мен-Мен” – дер: ол – осы сiздер мен бiздердiң өзiмшiлдеу, менмендеу кез-келгенiмiз…

         Сiз бен Бiздiң сұхбатымызды бастамас бұрын және “Мен” туралы ойымызды ортаға салмай тұрып әуелi Бiздiң бас деген сандығымызды ақтарып қаралық, ой деген теңiмiздi шешiп көрелiк.

         …Дүние жүзiнiң небiр атақты данышпандары мен ғұламалары өздерiнiң барлық табиғи күш-қайратын, ақыл-ойын жұмсап Жаратылыстың қаншама жұмбақтарын ашып, оларды адамзатқа еңбек етуге мәжбүр еттi. Әрине, бiздiң мәжбүр еттi деген сөзiмiз бұл жерде дәл тауып айтылған сөз емес. Адам Жаратылысты (Бiз Жаратылыс пен Табиғат деген ұғымды көбiне Құдай, Алла деген түсiнiкпен де алмастыра беремiз) өзiне қызмет қылуға мәжбүр ете алмайды. Дұрысы – Адам пендесi Аллатағаланың адамға деп әдейi жаратқандарының кейбiр сырларын ашып пайдасына асыра алады. Мойындай кетер бiр қатал заңдылық – олар (адамдар) осы жаңалықтарды көбiнесе өзiндей бiреуге қастық ету үшiн ойлап табатыны, оны оларға қарсы қолданар күш ретiнде құпия сақтайтыны… Ел елге, адам адамға көптеген зиянын тигiзiп барып, есiн жинайды да содан соң барып әлгi табиғат күшiн ел игiлiгiне айналдырады… Мысалдар келтiре кетелiк…

         1945 жылы адамдар көзге көрiнбейтiн атомдар мен электрондар қуатын Херосима халқына өлiм сәтiн жақындатар бомба етiп тастаса, кәзiр сол атомдар мен электрондар Аллатағаланың әуелдегi берген қасиеттерiнiң күшiмен өз иелерiне, адамдарға, шапағатын тигiзе бастады.

         Жаратылыстағы зәрлер мен улар әуелi қастандық құралы, жауыздық күшi терiнде табылып талайларды қыршынынан қиса, ендi өз иелерiне жанға сая, дертке дәрi түрiнде пайдаға асатын болыпты.

         Үш деген қасиет қонған сан. Сондықтан мысалымызды да үшке жеткiзiп аяқталық. Дүниедегi ең құдiреттi нәрсе – сөз!… Ұлы Сократтан бастап, күн сайын аты сан миллион рет қайталанатын Шекспир мен Пушкиндi, Эйнштейн мен Сахаровты,  кеше ғана бар әлем атап өткен қазақ халқынан шыққан Абайға дейiнгiлердi де, тiптi алысқа  бармай-ақ өз аулымыздағы Шыңғыс Айтматов пен Әбiш Кекiлбаевты, дәл осы арада аты аталмай жатқан бар ұлыларды ұлылық дәредеге жеткiзген, сүйiктi еткен, құдiреттi қылған – тек қана сөз қуаты, сөз қадiрi, сөз күшi!…

         Бiрақ, Адам балаларының бақ пен таққа ие болғандары сол құдiреттi сөздiң әзiрге қарапайым халыққа пайдасыз жағын көбiрек пайдаланып, ал жалпы адамзаттың пайдасы мен құқығын қорғар жағына көп салмақ салмауға тырысып бағуда… Билiк пен байлық иелерiнiң аузынан шыққанда Сөз көбiне басқаларға зиян келтiрерлiк дәрежеге жетiп, не жеке бiр елдiң, не жеке  ұйымның, не жеке бiр кiсiнiң мүддесiне қызмет етуде…

         Сiз бен Бiз және “Мен” атты бұл ой толғанысының негiзгi мақсаты – “Ой” құдiретiн, “сөз” қасиетiн Адам балаларының пайдасына қалай асыруға болады деген (бұл жерде Бiз Адам балалары деп көпшiлiктi айтып отырмыз), сұрақтарға жауап iздеу… Осы ойымыз көпшiлiктiң де ойынан шығады ғой деген дәмемiз бар… Сондықтан Бiз осы ойға келiсуге болады ғой деп ойлаймыз… Егер келiссеңiздер онда Бiздiң басты көбiрек пайдаланатын ойлардың тағы бiрiне көшелiк…

         Адам баласының сан мыңдаған жылдар бойғы ғұмырындағы ең басты жетiстiгi не екен?

         Мүмкiн, ақыл ойлап, ойға бата алатындығы болар…

         Мүмкiн, тiл сайратып, сөйлей бiлетiндiгi болар…      

         Мүмкiн, өз қолымен қалаған нәрсесiн жасап алатыны болар…

         Адам баласының сан мыңдаған жылдар бойғы ғұмырындағы ең басты кемшiлiгi не екен?

         Жаман ой ойлай алатындардың барлығы болар…

         Сөз қадiрiн түсiнбейтiндердiң барлығы болар…

         Жаман қылыққа баратындардың барлығы болар…

         Адам баласының ақылы жетпей, жетседе дұрыс шешкiсi келмей жүрген, түсiне алмай, түсiнсе де келмей жүргендерi бар ма?

         Ондайлар өте көп секiлдi. Солардың iшiнен айрықша бiреуiн атап өтуге болар.

         Адам баласы Ой құдiретi мен Сөз қасиеттерiн көбiне бiр жақты пайдаланып келедi… “Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесiн!” ұранының әрдайым “Бас кеспек болса да тiл кеспек жоқ!” мақалынан жоғары дәрежеге қойылуы… Алдыңғы мақал өмiр сүру заңына айналса, соңғы мақал демократия деп аталатын ойынның барлар мен билiктiлердiң көпшiлiк назарын керек кезiнде негiзгi мәселелерден аудару құралына айналып отыр. Бұл – Бiздiң пiкiр… Бiз осы сырласу – сұхбатымызды осы сұрақтар мен осы ойлар маңында өрбiтпек болдық…

         Ол үшiн ендi Бiзге естiгенiн есiнде сақтар құйма құлағы бар, көп қоқыс iшiнен асылын таңдап ала алар талғамды ойы бар, ой қортындысын өрнектi сөзiмен жеткiзе алар тiлi бар бiр бас керек…

         …Егер сол Сiз болсаңыз, онда Бiз Сiзбенен сөйлесiп көрелiк.

 

         Ой құдiретi…  Сөз  қадiрi…

         Бiздiң ойымызша Ой мен Сөз – Жаратылыс пен Табиғаттың өз құдiреттiлiгi мен қасиеттiлiгiн таныту үшiн Адам балаларына берiлген айрықша белгi.

         Асыл Ойдан туған жоспар (Жаратылыс секiлдi) Сөз араласқаннан соң нақты нәрсеге айналады (Табиғат секiлдi). Олай болса Бiз ойдағы сұрақтарымызға жауап iздер жолда әуелi Ой мен Сөз деген құдiреттiң тiршiлiктегi орнын анықтап алуға тырысып көргенiмiз дұрыс шығар.

         Дiни кiтаптар: “Жаратқан – Жер болсын – дедi, Жер пайда болды” – деп жазады. Сонда Құдай “жаралсын деп” тұр ғой. Демек ойлағаны, сөйлегенi… Сол бiр ауыз құдiреттi Сөз арқылы өзiмiз тiршiлiк етiп жүрген Жер пайда болыпты… Бұл мысал – Ой мен Сөздiң құдiреттiлiгiнiң дәлелi!..  Жоғарғы Сот: “…атылсын”-  деп, үкiм шығарып едi, жазықты кiсi атылды… Мысалымызды үшке жеткiзелiк… Сөзiнiң құдiретi бар билеушi: “… соғыс жариялаймын!” – деп едi, екi ел соғысты, қырылды… Бұл мысалдардың бәрi де Ой мен Сөздiң құдiретi бар екенiн анықтай түседi…

         …Сөздi қадiрлейтiндер бар… Ант берiледi. Айнымайды. Уәде етiледi. Орындалады. Содан барып оларды: “антына берiк”, “уәденiң құлы” деп марапаттап жатады. Ондай адамдар бiрден кiсiлiк тұғырына мiнiп туады да, өмiр бойы парасат иесi болып қала бередi. Олардың Сөзiне куәнiң немесе нотариус мөрiнiң қажетi жоқ. Олар үшiн “ айтылған Сөз – атылған оқ!”… Берген антын бұза алмайды, тiптi сол жолда басын өлiмге қия алады. Дар ағашында тұрған Сөз иесiнiң кiсiлiк болмасы – оған берген сертiн бұзу, өз антынан аттау қорқынышы мойнындағы өлiм тұзағынан да қорқыныштырақ!… Демек, кейбiр жандар үшiн Сөз өлiмнен де құдiреттi… Сөз құдiретi алдына әлемге (не ықпалы жетер аймаққа) үстемдiк ету мақсатын қойғандар мен шексiз байлық жинамақ болғандар үшiн де ең құдiреттi құрал. Мысалдар келтiре кетелiк…

         … Бүкiл Әлемдегi бақтылар мен тақтылар Сөз құдiретi арқылы өздерiнiң ойлағанындай мәртебелi таққа көтерiлiп және Сөздiң барлық құдiретiн тек қана өз пайдаларына еңбек еткiзiп келедi…

         … Мемлекеттiң заң шығаратын институттары заңдарының кейбiр тармақтарын жеке кiсi мүдделерiне бағындырады…

         …Баспасөз орындары Сөздi жеке кiсi беделiн көтеру мақсатында пайдаланып, халыққа өтiрiктi шын ретiнде әдейi бұрмалап айтады, жазады… Болып жатқан зиянды қылмысты iстердi ел санасына басқаша мағына берiп жеткiзедi… Мысалдарды осы жерден тоқтаталық.

         Демек, Сөз өз құдiретiмен Жер бетiндегi “қауым”, “халық” атты көпшiлiк үшiн де, “Мен-Мен” атты жекешiлдер үшiн де қызмет атқарып келе жатыр. Бiрақ, нақты себептерi әлi толық анықталмаған табиғат заңдылығы бойынша ол көбiне Сiз бен Бiз-дерден гөрi Мен-ге көбiрек қызмет етедi.

         Бiздiң ойымызша осыншама ұзақ ғұмырында Сөздiң дұрыс пайдаланылмауынан Адам балалары жеткiлiктi азап шектi. Атом бомбасының зардабынан қасiрет көрiп барып игiлiкке айналдырған ақыл иелерi секiлдi Адам балалары ендiгi жерде Сөз құдiретiнiң игiлiгiн Адам балаларының мұқтажына жұмсар заман туғанын түсiнулері қажет. Әйтпесе “пақыр” адамды да, “ақыр” заманды да өмiрге әкелер Сөз екенiн дәлелдеудiң қажеттiгi жоқ болар деп ойлаймыз… Бұл мәселелердегi алғашқы қадамды кейбiр қоғамдар iске асыра бастаған секiлдi. Олар сансыз зұлымдық әрекеттерден (құлдық пен бодандық, ұлттарды кемсiту мен құрту, кедейлiк пен аштық) соң барып “демократия” деген желеумен “адам құқы” деген атақпен адам пенделерiне қамқорлық жасамаққа әрекеттенiп жатқан сыңайы бар. Жақсы талпыныс. Бiздерге дейiн де Жаратылыстағы ең құрметтi тұғырға Адам балаларын қондырмақ болғандар, ең алдыңғы орынға адам баласын шығарғандар болған. Бiрақ әлi күнге сол мағыналы талпыныстар ешкiмдi де дегенiне жеткiзе алмады. Оның жалғыз-ақ түсiнiгi бар секiлдi…

         Неғұрлым Адам балаларын марапаттаған сайын соғұрлым адамдар эгоизмi семiре түседi. Соғұрлым Жаратылыстан сұрағы, талабы көбейе түседi. Жалпы Адам балалары алғаш жаратылғанынан бастап әртүрлi нәрселерге табынумен келедi…

         …Алтын таққа табынады…

         … Билiкке бағынады…

         … Байлыққа құмартады…

         … Бiрақ жаратылыстағы ең құдiреттi, тiршiлiк мәселесiнде өзiне ең пайдалы нәрсеге табыну ойына келмептi…

         … Ол құдiрет аты – Сөз!!!

         Адам балаларының Сөз құдiретiне табынуын саналы түрде ұйымдастырылуы қажет. Ол тек қана бөлек алған жеке бiр мемлекет идеологиясы емес, бүкiл адамзат арманы болуға тиiс.

         … “Ердiң екi сөйлегенi — өлгенi”…

         … “Таяқ еттен өтедi, Сөз сүйектен өтедi”…

        

         “Сөз” атты қасиеттi де құдiреттi Жаратылыс ғажайыбын өз тағына отырғызбай, сөйлейтiндер де, ымдасатындар да, ештеңесiз түсiнiсетiндер де ұшпаққа шыға алмақ емес…

 

         Сұрақ:      Айтыңызшы, сонда адамдар қателесiп жүр ме?… Қателесiп жүрсе қате бастауы қайда жатыр?…

         Жауап:     Қателер бастауы дейсiз бе …

 

 

 

 

         Қателер бастауы қайда жатыр?…

         Кез-келген өзен мен дария арналарының сандаған бұлақ бастаулары болатыны секiлдi, адам адамгершiлiгi мен адам адасуының да өз бастаулары болады. Бiздердiң басты қатемiз сол басты бастаулар тұнық па, сол басты бастау ел мейрiн қандырып жүр ме – оны ойламаймыз … Мысалы, шешен халқының қайсарлығын мақтағысы келгендер “басынан бiр ауыз сөз асырмайтын ер жiгiттер” деп мақтайды. Басынан бiр ауыз сөз асырмайтын қасиет мақтауға, не мақтануға тұрарлық қасиет пе?… Неге сол сөз орнына “бiреу сенi таспен ұрса сен оны аспен ұр” деген қазақ даналығынан сусындамасқа?… Бiз бiр жолы көршi шешен жiгiтiнiң басқа бiреумен төбелесiп қалғанының куәсi болдық. Төбелесiп жатқан күйеуiн көрген әйелi үйiнен ерiнiң қанжарын алып шығып қолына ұстатпаққа тырысты. Әйел қолынан суық қаруды тартып алып: “Ол кiсi өлтiрмей ме?… Сотталып кетпей ме?… Қанжар әкелiп берген сен де себепкер болмайсың ба?” – деген сұрақтарға ол әйелдiң берген жауабын естiп, Бiз таңданғаннан басымызды шайқаған едiк. …Ерi төбелесiп жатқанын көрген шешен әйелi ерiне қаруын әкелiп бермесе, ол өлiм жазасына бұйырылады екен… Ал арты не болатынан ешкiм де ойлап жатпайды…

         Бiз осы арада тағы да қазақ халқының бiр мақалын еске түсiрелiк… “Оң қолың ұрыс бастаса сол қолың арашашы болсын”… Ғажап емес пе… Бiздiң жас кезiмiзде екi бала төбелесiп жатса екеуiнiң ортасына түсiп “араша” дейтiнбiз… Жанжалдасқандар ортасына арашашы түссе төбелес тоқтауға тиiс. Тоқтатпағаны арашашыны өзiне қарсы қойып алады. «Араша» деген Сөздiң қадiрi, қуаты өте үлкен болатын…

         …Сөздiң өте құдiреттi, өте қадiрлi болған уақыттары болған… Еске сала кетерлiк бiр нәрсе, ол барлық әдет-ғұрып пен өнегенiң, жақсылық пен жамандықтың ұрпақтан ұрпаққа тек қана Сөз арқылы жететiнi…

         …Сөзiм – Сөз!.. Ант етемiн!..

         Мiне, осындай сөздер бiр замандарда көпшiлiк үшiн нотариус куәлiгiнен де сенiмдiрек болған. Нағыз жiгiттер тек қана өзiнiң берген анты емес, әкесiнiң алмай кеткен ант сөзiн орындау жолында бар ғұмырын өткiзген.

         Осындай кiрiспе сөздермен Бiздiң айтпақ ойымыз соңғы замандарда Адам балалары Сөз құдiретiне бас июдi азайта бастады, ал Сөз өз қасиетiн жоғалта бастады. Соның салдарынан бiр-бiрiне сенбестiк пайда болды. Алдаған адам болды. Адамгершiлiк атты басты қасиет кiсiлердiң кемшiлiгi санала бастады.

 

         Сұрақ:      Айтыңызшы! Адам балаларының адамгершiлiк қасиеттерден ауытқуына ең алдымен қандай себептердiң ықпалы көбiрек тиедi деп ойлайсыз?…

         Жауап:     Ең алғашқысы деп Бiз адамдардың нәресте шағындағы тәрбиесiн еске түсiрер едiк. “Баланы бетiнен қақпай өсiру” – баланды жақсы көру емес!… Ол – жiгерсiздiк, қолынан iс келмейтiндер ережесi. Бала тәрбиесiне сол ниетпен қарау бұ дүниедегi “Мен” – дер мен “Мен-Мен”-дер қатарын толықтыра түседi.

 

         Сұрақ:      Айтыңызшы!  “Мен” дегендер мен болып қала ала ма?…

         Жауап:     Әрине қалады, егер iстеген iсi iзгiлiк соқпағына дәл келсе. Мысалы Сахаров қоғам мен адам мүддесi үшiн өзiн жалған “Мен” еткен атақтан бас тартып iзгiлер соқпағына түсiп едi, ендi бүкiл адамзат болып оның атағын зор құрметпен еске алуда. Қоғам да өмiр сүрiп, мыңдаған мендер ортасында жүрiп менмен болып қалу мүмкiн емес. Бұ тарихта iзгiлiк iс iстегендерден басқа ешкiм үлкен “Мен” болып қала алмаған. Ондай жалған “Мен” – дердi “Мен” етiп жүргендер өздерi де “Мен” болуға құмарлар. Iске асырған теориясы бүкiл жер шарын дүр сiлкiндiрiп, жолына сан миллиондарды құрбан еткен Ленин тарихта “Мен” болып қала алды ма?… Қала алса, ол марқұмды өз елi жатқан моласынан шығарамыз ба, шығармаймыз ба деп күнде таласпас едi… Миллиондарды өздерiнiң үлкен “Мен” болулары үшiн құрбандыққа шалған Гитлер мен Сталин арты не болды… Гитлер кiшкентай “Мен”- дер зорлап у iшкiзсе, Сталиндi сондайлар моласынан сүйреп шығарып тастады…

 

         Сұрақ:      Сонда не iстеу керек?

         Жауап:     Не iстеу керек дейсiз бе…

 

         Не iстеу керек?…

         Адам жаратылысының бар артықшылығы тек қана Ой ойлап, Сөз сөйлей алатындығында… Сондықтан да ең басты мәселе сөздiң құдiреттiлiгiн мойындау… Ең қасиеттi дiни кiтаптар да, ең озық ойлы пiкiрлер де тек қана Сөз қуаты арқылы өзiнiң қасиеттiлiгiне ие болады. Ең құдiреттi бұйрық та Сөз арқасында құдiреттi екенiн мойындатады.

         Олай болса:

– Желсөз ғой…

– Айтса ауыз өзiнiкi…

–  Айта берсiн, оның сөзiнен кiм зардап шегiп жатыр… — деген, аса қауiптi, басқалар сөзiне немқұрайлы қарау қылықтарының бар адам баласы санасына тигiзер зияны бар екенiн санамен сезiну қажет… Босына сөйлемеу, бос сөзбен уәде етiп, ант iшпеу керек екендiгi әркiмнiң жан сұранысы ету қажет…

Әркiм өз Сөзiн желге ұшырмау қажет… Сөз құдiретiн мойындау қажет… Сөз қасиетiн жоққа айналдырмауға тырысу қажет…

         Адам баласының бойындағы ең бiр өкiнiштi әдет –  әр ата-ана өз перзентiн жарыққа шыққаннан бастап, нәресте аузына ана емшегiнiң орнына жалған резинка емшек салғаннан бастап, баласын да өзiн де алдай бастайды, Оған олар ұялмайды да, қате деп ойламайды да… Бала жастайынан Iс пен Сөздiң көбiнiң өтiрiк екенiне дағдыланады. Өзi өтiрiк айтуға ұялмайтын дәрежеге жетедi. Сондай ортадан шығып қолы ел билеуге жеткендердiң көбi уәде бергiш-ақ, бiрақ Сөзi кейiн орындалмай жатады. Өтiрiкке үйренген халық, дағдыланған ел оған кеше неге өтiрiк  айттың деп талап қоймайды да. Талап қоюға қақысы да жоқ. Себебi Сөз қасиетiн қорғайтын заңды ондай ел әлi шығарған жоқ. Мемлекет жер байлығы ретiнде далада жатқан құм мен топырақты қорғайтын заңдар жазады. Ал соларды бүлдiретiн, жоқ ететiн Сөз екенiн ойлап та жатпайды.

         Абай айтқандай, “… мен қолымда билiгiм бар кiсi болсам…” мемлекеттiң негiзгi заңының бiрiншi тармағын адам құқын қорғаудан емес Сөз құдiретiн қорғаудан, Сөз қасиетiн сақтаудан бастаған болар едiм…

         … Бiр мемлекет адам құқын теңестiрмек болады…

         … Ендi бiреуi қылмысты азайтпақ жолында еңбек етедi…

         … Тағы бiреуi керемет заң ойлап таппақ… Бәрi дұрыс… Бiрақ әуелi Сөз деген Жаратылыстың Ұлы жетiстiгiнiң құдiретi мен қасиетiн мойындамай, соған дiндар жандардың Аллатағалаға табынғанындай, оның алдында Табиғаттағы санасыз жандылардың Табиғат қаһарынан қорыққанындай қорқып дiрiлдеп тұрмай адам балалары ештеңе тындыруы мүмкiн емес. Бәрiн тындыратын да, бәрiн бүлдiретiн де – Сөз!… Сондықтан да оқу, тәрбие жұмысы шәкiрттер сабақ үйретуден бұрын шын айтуға баулуы қажет. Өтiрiк үшiн қолданылар жаза екiлiк алғаннан әлдеқайда жоғары болмағы шарт…

         … Мемлекеттiң Негiзгi заңы Iс басындағыларға бiр ауыз өтiрiк сөз айттырмайтын болса. “Артын көрiп алармыз, оған дейiн кiм бар, кiм жоқ” атты тәуекелмен ел басқарып жүргендердiң тындырған iстерiнiң жартысы ел пайдасынан аулаққа жатады, немесе тек қана шағын топтардың мүддесiн қорғайды…

         Билiк басындағы адам өзiнiң айтқан өтiрiгi үшiн тартар жазасы iс тындыра алмай  қалғаннан әлдеқайда ауыр екенiн бiлер болса, оған өтiрiк айтып құтылу тиiмсiз. Мемлекеттiң негiзгi заңдары Сөз деген құдiреттi Жаратылыс туындысына, адамды адам етiп тұрған бiрiншi көрсеткiшке, бар Әлемдi бiр-бiрiмен дос та ете алатын, қас те ете алатын құдiреттi де қасиеттi құралға өз дәрежесiн бермей, өз тағына отырғызбай адам баласының iстеген iсiнiң бәрi де нәтижеге жетпек емес…

         Абай айтқандай… –  iстеген iстiң бәрi бос…

        

         Келесi қадам … Әрбiр өмiрге жаңа келген “Мен” (ол мiндеттi түрде өмiрге тек қана “мен-мен” болып келедi) ерекше, ортаға сыйымсыз “Мен-мен”-ге айналып кетпей тұрып Жаратылыс тiршiлiкке шығарған әрбiр саналы жан иесiнiң менмендiк эгоизмiн қанағаттандыру арқылы мәселенi шешу – ол болашағы зор қоғам мiндетi!… Ол үшiн қоғамға сол жас “Мен”-нiң болмысын, екершелiгiн зерттеп, оны өзiнiң қолынан келер, тындырған iсiнен өзiне қанағаттану сезiмiн туғызар нәрсеге бағыттау қажеттiгi туады. Осындай бағыттағы зерттеулердi қоғамның басты мiндетi деп санағанда ғана қоғамда бiр-бiрiмен үндестiк өзiн де өзгенi де сыйлаушылық қасиеттерi пайда болмақ. Ең басты мақсат — әрбiр “Мен”-нiң өз эгоизмiн қанағаттандыра алатын жағдайға жеткiзу… Сонда ғана барлық пенде тыныштық табар… Мемлекеттiң ата-ана мен мектепке, арнайы оқу орындары мен жұмыс орындарына бағыттаған осы мақсатқа жұмсаған адамды адам етер, елдi ел етер…

 

         Сұрақ:      Айтыңызшы! Сiз жастар тәрбиесi туралы не ойлайсыз?..

         Жауап:     Бiз өмiр сүрген қоғам көбiне бұзылғандарды түзеуге әуреленедi. Біздің ойымызша, дұрысы бұзылмағандарды көбiрек қамқорлыққа алу, олардың бұзылғандар қатарына қосылмауына күрес жүргiзу. Мектеп тәрбие жұмысында әр баланың ертеңi туралы ешқандай жұмыс жасалынбайды. Кез-келген мекеме, кез-келген мектеп басшылары өз менмендiгiн қанағаттандыру мақсатында барлық уақыттта тек қана мың iшiндегi жалғыз үздiгiн алға тартады. Олар жалғыз “Мен”-дi эгоист менмен етiп шығарады. Ол сол қоғамды құрап тұрған мыңдардың ойынан шыға бермейдi.

 

         Сұрақ:      Айтыңызшы! Адам мен қоғамның сiздiң ойыңыздағыдай болып шығуы үшiн не қажет?…

         Жауап:     Адам “Адамға табын Жер ендi” деп көкiрек соғатын менмендiнен арылған күнi, адам Табиғаттың қожасы емес оның туындысы екенiн мойындаған сәтiнен бастап Адам мен Жаратылыс арасында үндестiк пайда болмақ. Ал Адам мен Адам арасындағы үндестiкке келетiн болсақ ол басқа мәселе. Жалпы адамзат космос пен ракеталарды, техника мен технологияны игеруден бұрын, сұрапыл күшi бар табиғат сырларын ашпас бұрын Адам мен Адам арасындағы үндестiктi тудыру жолдарын iздестiруi қажет. Жер жүзiндегi барлық мемлекеттердiң негiзгi ұлттық табысы заңды түрде осы сұрақтарды шешуге бағытталғаны, көптеген мәселе жұмбағын шешу құралы болған болар едi. Жалпы Адам балаларының бойындағы кездесер қатыгездiк пен қайырымсыздық, мәңгүрттiк пен мейiрiмсiздiк қасиеттерiнен қанағат пен қайырым, iзгiлiк пен кiшiлiк сезiмдерi басым бола бастағанда барып қана Адам пендесiне күш-қуат болар Жаратылыс пен Табиғат сырларын толық адам игiлiгi үшiн игеруге кiрiсуге болар. Әлемдiк үстемдiк жүргiзу саясатының буына елтiген бiр қуатты қаруы бар, озық технологиялы елдiң ноқтасы жаңа бiр Александарлардың, Наполеондардың, Гитлерлердiң қолына тимесiне кiм кепiл?.. Олай болған жағдайда бiздiң жұдырықтай Жерiмiз өзiнiң ақырзаманына жарық жылдамдығымен жақындай түсуi мүмкiн.

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Ойлар……. Ойлар…………. дәптері. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.