С.Қондыбаев — қазақ халқының рух күші…

 

         Серікбол Қондыбаевтың шығармашылық еңбектеріне арналған ғылыми теориялық конференцияға жиналған құрметті қауым!

Құрметті қонақтар!

Байтағымыздың қиыр шетінде өмір сүріп, аты әлі толық талылып болмаған, еңбектері әлі толық зерттеліп болмаған Серікбол Қондыбаев шығармашылығына республика дәрежесінде ғылыми-теориялық конференция өткізілуі еліміздің озық елу ел қатарына ұмтылуының тегін еместігін байқатқандай. Мақсатына жететінінің дәлеліндей.

Жұмыстарыңа жеміс тілеймін.

Серікбол Қондыбаев кім еді деген сұраққа жауап іздеп, оның қазақ халқының рух күшінің символы ма еді деген ойға баттым.

Қазақтардың: “Кісі қартайғанда бала болады,” –  дейтін дана пікірі бар. Жаңа жетісіп келе жатқан жас ұрпақ тіршілік басы өздеріндей-ақ, айналасына менсінбей қарап, өз пікірін ақиқатқа жорып жүретін кезеңі болады.

Адам пендесінің басында қайталана беретін осы құбылыс адамзат өркениетінде де кездесетін болса керек. Әлемдік даму процесінде экономикалық жоғары дәрежеге жеткен ел бірден маңындағы елдерге менсінбей, асқақтай қарап, тарих көрпесін өзіне қарай тарта бастайды екен.

Тәніндегі күші кетіп, ұлттық рухындағы ауызбірлік атты сезімі өшіп “бас-басына би болғысы келген” шақта ұлттардың да қажитын, алжитын кезеңі болуы мүмкін бе деп қаласың. Қаулай өсіп келе жатқан, жан-жағын жапыра биікке, ұлылыққа ұмтылып келе жатқан басқа ұлттар ортасында ол өзін қауқарсыз қарттай, қамқоршысыз баладай сезінетінін біз өзіміздің қазақтар басынан өткен замандар арқылы пайымдаймыз.

Осындай кезде жарылғағысы келсе елге – Ұлы Тәңірі Ұл береді. Ұл болғанда да ел бақытына бола жаратылған ұл береді. Өткен ғасырдағы Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақ көгін жарқыратқан шоқ жұлдыздар солар болатын.

Бұ ғасырдағы Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған: Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Бекболат Тілеуханов секілді Ұлы Құдіреттің қазақ халқының бақытына бола жаратқан тұлғалары қазақ аспанын жарқырата, ел мақтанышына айналса, сол шоғырдың ішіндегі Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбеков, Мұрат Әуезовтер осы конференцияға арнайы шақырылды.

Осындай тұлғаларды, әрқайсысы бір ел аспанына жарық болар тұлғаларды біздің Ақтау қаласына жинаған құдірет – не, ол Серікбол Қондыбаев атты құдірет!

Серікболдың он жылдық еңбегінің жемісі.

Тап қазір Мұрат Әуезов пен Қойшығара Салғариннің біздің ортамызда отыруы Серікболдың өз топырағына төккен терінің жемісі.

Ұл туған елдің ұлынан көрер құрметі.

 

Қазір жаңа заман, жаңа кезең.

Ендігі кезең – ежелгі тарих тақырыбында еңбек еткендер еңбегі өз бағасын алатын кезең.

Түркі жазуларын алғашқы оқыған В.Томпсон да, түркі тұқымдастардың, солардың бірі қазақ халқының тарихтағы сыбағасы мойындалып жүрген жобадан әлде қайда мол екенін дәлелдеп, ондаған том ғылыми еңбек жазған Л.Н.Гумилев те әлемдік деңгейде атақты болды. Өзіміздің Олжас Сүленйменов пен Қойшығара Салғаринде сондай деңгейге шықты.

Осы баяндаманы жазу үшін, осы сөздерді айту үшін дайындық барысында біздің алдымызда атақты авторлардың ойынан туындаған, қаламынан шыққан бірнеше кітаптар жатырған болатын.

Сол авторлардың бірі Серікбол Әділбекұлы Қондыбаев. Біз Серікбол мырзаның кітаптарының аттарын санап шығуға ерінбелік:

“Маңғыстау географиясы, 1996 ж.”,

“Қазақ даласы және герман тәңірлері, 1998 ж.”,

“Қазақ мифологиясына кіріспе, 1999 ж.”,

“Маңғыстау мен Үсттірттің киелі орындары, 2000 ж.”,

“Есен-қазақ, 2002 ж.”,

“Гиперборея: түс көрген заман шежіресі, 2003 ж.”,

“Арғықазақ мифологиясы.  Төрт том. 2004 ж.”.

 

Ойпырмай! Қыршын жасын қырыққа жеткізе алмау, ғылыми ғұмырын он жылға соза алмау деген қандай өкінішті. Өкінішті болғанда Серікбол Қондыбаев секілді біртуарларға қандай өкінішті. “Өлді деуге сыйама ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған” деп данышпан Абай айтпақшы, Серікбол да артына мол мұра қалдырды.

Серікбол қандай жағдайда еңбек етті? Осынша мол дүниені, бар болғаны он жыл еңбек етіп, қалай ойланып, қалай жазып бітірді?

Ол рахаттанып жатып демін де ала алмайтын. Арқасы ойылған жаралар болатын.

Ол отыра да алмайтын. Қоңдарында жазылмайтын, балалай беретін алақандай, алақандай аузы ашық жаралары болатын.

Ол апатқа ұшырағаннан кейін жүруді армандап та көрген жоқ.

Сонда ол қалай еңбек етті?

Бұл сұрақтардың кейбіріне Серікболдың маған жазған хаттарынан, қолтаңбаларынан, демек өз аузынан естіп көрелік…

 

         Серікболдың өзі туралы да, еңбектері туралы талай ойланып көргенбіз. Оның өзі туралы не десек те, қандай мақтау айтсақ та олқы соғатынын сеземін. Серікболдың ғұмырбаяны туралы қаламы мен тілінің ыңғайы бар біреу табылып, биографиялық туынды жасаса біздің жастарымызға үлгі боларлық дүние болар еді. Мен Балсұлуға осындай кітапты жазу қажет екенін бұрын да айтқанмын. Серікболдың Николай Островский секілді обрыза жасалса сол кітапты өз қаржыма шығарып беруге де дайынмын.

Балсұлудың жазуға қолы тимейтін болса, диктофонға жазылған естелікпен жұмыс жасап, Балсұлуға соавтор болуға дайын екенімді білдіремін.

Енді Серікболдың шығармашылығы туралы сөз етер болсақ, онда біздің ойымызға оралатыны, ол алғашқы “Маңғыстау географиясы”  мен  “Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары” атты еңбектерін өз мамандығы алдындағы азамат тұлғаның өз парызын өтеу жолында жасалған кісілігі болса керек дейміз. “Атым адам болғасын қалай адам болмайын” деген секілді, географ деген мамандық алып шығып, оқушыларға географиядан дәріс берген кісі,  жарытылысында табиғат сыйлаған зерттеушілік қасиеті бар жас ғалым өз ісінің алғашқы зерттеу жұмыстарын географиядан бастамай неден бастаушы еді. Аты аталған екі кітап жарық көрген. Серікбол алған мамандық пен туған жерге деген парызын осылайша өтеп тастайды да енді мида сақылдап қайнап жатқан, әлі қағаз бетіне түсіп үлгермесе де бас қазанында пісіп үлгерген негізгі шаруасына кіріседі.

Тың жерге түрен салғандай қайсарлықпен кіріскен Серікболдың бұл тәуекелін біз оның тек қана отандастары алдындағы емес бүкіл адамзат баласы алдындағы негізгі міндетін түсінуі деп атар едік. Табиғат берген ерекше дарын ол тек қана дарын иесінің меншігі емес, ал әуелі елдің, қала берді бүкіл адазаттың еншісі. Серікбол сол жобада түсініп, сол мақсатта еңбек еткен аты үлкен әріппен терілер азамат деп ойлаймыз.

Көп зерттеушілер, сол секілді шығармашылық соңында жүрген адамдар өз шығармасына кірісіп жаза бастаған кезде оның қалай аяқталатынын біле бермейді. Еңбек ету барысында піседі, мүшеленеді дейді. Серікбол мырзаның шеберханасы басқаша.

Ол әлі жазыла қоймаған, басында дайындығы жүріп жатырған  “Арғықазақ мифологиясы” аталмақ төрт томдық кітаптарға алғы сөз ретінде бірнеше томдық кітап жазады. Болашақ кітаптар мағынасын түсіне алуы үшін, зерделей алуы үшін ерте бастан келешек оқушыларының санасы мен түсінігіне әсер ете бастайды. Автор өзінің алғы сөз секілді сол еңбетерін ғылыми еңбек деп те ойламайтын болуы керек. Негізгі жұмысына алғы сөз деп қараған секілді.

 Ол 1999 жылы жарық көрген “Қазақ мифологиясына кіріспе” атты еңбегінде: “… Бұл кітаптың тағы бір мақсаты – “қазақ мифологиясы” деген түсінікке оқырманның да, зерттеушінің де “құлағын, бойын үйрету”,  –  деп, ашып айтады. Бұл кітапты зерттеуші мифтік аңыздар мен оларды зерделеу барысында кездесер сөздерге оқушының құлағы мен бойын қалыптастырмаққа арнаса, “Есен-қазақ” атты еңбегінде Маңғыстаулық мысалдар арқылы әлгі “құлақтар мен денелерді” миф деген құбылысты  қалай зерделеу керек екенін үйретеді.  Осы кітаптың 14 бетінде: “… Екі-үш сүйегі арқылы динозаврдың бейнесін көз алдына келтіретін палентолог, екі-үш метостанцияның мәліметтерімен қателік ауқамын жылдан-жылға кеміте отырып, ауа райын болжайтын климатолог, бірнеше жерді аршу немесе ойып қазу арқылы шөгінді жыныстар қабатының сұламасын айқындай алатын геолог сияқты тарихшы  да этнологиялық әдістемені қолдана отырып, ұлы немесе кіші империялардың, кнәздіктер немесе еркін қалалардың құрылуы мен талқандалуы процесін суреттей алады” –  деп, ғалым В.И.Вернадскийдің ойынан үзінді келтірілген екен. Атақты ғалымның осы ойы арқылы біз де Серікбол Қондыбаевтың мифтік аңыздар мен жырларды ой елегінен өткізуі, пайдаланылып жүрген жеке сөздер мен  басқа тілдерге ауысып кеткен сөз түбірлерін зерделеу барысында осы “Қазақ мифологиясы” атты зор ғылыми еңбектің пайда болғандығын, оқушыларға осы еңбекте келтірілген тұжырымдардың ғылыми шындығының, тарихи тамырының бар екеніне көз жеткізгенімізді айтпақ болып тұрмыз.

“Қазақ мифологиясы” кітабынан бастау алып, “Арғықазақ мифологиясы” атты төрт томдықта ғылыми арнаға айналған “Абақ таңба” өзіне амалсыз сендіреді. “Абақ таңба” ортасында нүктесі бар шеңбер болатын болса, ол Серікбол зердеханасынан өткенде  жаратылыстың негізгі заңы екені жай көзге де байқала қалады. Содан барып қазақтың “төр” және “төре” сөздеріне біз осы уақытқа дейін қалайша баға бермей келдік екен деген таң қалу сезімі де өзінен өзі туындай қалады. Енді бізге: атақты “Туран”, “Түрік”, “Төр” және солардан туындап тараған “ар, “арилер”, “арыс (үш арыс)” сөздері біздің осы уақытқа дейінгі соқырлығымыз үшін мысқылдай қарап, “ақыры зердеңе жетті ме” деп тұрғандай. 

Ғалым біз әңгіме етіп отырған төрт томдық “Арғықазақ мифологиясы” атты кітабының біріншісінің 58-61 беттерінде Ұлы Жаратушының шексіздік атты кеңістігіндегі адам баласының өсіп жетілуіне, бүгінгі күнге дейінгі эволюциялық сапарының іздерін оймен шолып қайтады.

 

Біз С.Қондыбаев еңбектерін ежіктеп оқи отырып осы уақытқа дейін өз  тегімізге заңды түрде мақтанып жүргенімізді сезінеміз, олардың тіршіліктің қай тереңіненен болса да өз тамырларымен нәр алып, өз тарихынан қуат алып жатқанына сенімді боламыз. Бұл еңбек сонысымен құнды. Сол қасиеттері оны ешуақытта ескіртпейді, бағасын төмендетпейді. 

Қазақы мифологиясы ғана емес тіпті дүниежүзілік мифология астарларына ғалымдар әлі көз салып, ой жүгіртіп үлгеріп болған жоқ. Қазақ ғылымдарының мифология жөніндегі бұл еңбегі көшпелілер туралы центроеуропалық менсінбеушіліктің қалың тоңына қаққан қазықтай болатынына сенгіміз келеді.

Қазақ халқының бір туар азаматтары Қойшығара Салғараұлы мен Ақселеу Сейдімбек Серікбол Қондыбайдың “Арғықазақ мифологиясы” кітабына жазған алғы сөздерінде: “…ғылым мен өнердегі пассионер тұлғалар ең алдымен дүйім жұрттың санасы мен сезімін баурап, мыңдардың жүрегіне шапағат нұрын ұялатады. Нәтижесінде сол мыңдардың таным-түйсігі мүлде жаңа сапаға көтеріліп, қоғамдық ой-сананың өресі биіктеп, өрісі ұзарады.

Мұндай ойдың жосығы білікті де білімдар азамат Серікбол Қондыбайға қатысты тілге оралып отыр” – дейді.

Адамға өз еңбегі үшін осындай тұлғалардың аузынан шыққан осы бағадан артық ештеңе қажет те емес болар…

С.Қондыбаев дарынды жаратылған тұлға. Оның ойлау қабілеті, уақиғалар мен сөздерді зерделеу әдісі (методикасы) оған кез-келген тақырыпта еңбек етуіне мүмкіндік беретін еді-ау деп ойлаймыз. Бірақ ол  өз ұлтына еңбек етудің, оны өз әлінше әлемге танытудың жолы деп мифология тақырыбын таңдапты. Оның неге миф туралы ғылымды таңдағанын өзінің мына жолдарынан аңғаруға болар…

Миф – адам баласы үшін барлық уақытта да бейне бір өзгермейтін, тұрақты нәрсе. Мифте бар жалпы модельдер, сюжеттер, тіпті ұсақ детальдар барлық жерде, затта кездеседі. Бұл былайша түсіндіріледі: миф – ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан біздің ата-бабаларымыздың естелік мұраларының жиынтығы. Миф тіпті біздің түйсігіміздің (подсознание) құрылымына кіреді. Ол тіпті, сірә, біздің қанымызда, генімізде таңбаланған (закодирован) болуы керек…

Серікбол Қондыбаев санасына соншалықты таным, жігеріне соншалықты талап берген Тағдыр (Жаратушы) оның пенделік болмысына келгенде сәл қаттылау да кеткен секілді. Жаратылыста бәрі есептеулі дейді ғой. Барлық жерде тепе-теңдік заңы сақталады екен. Мүмкін Серікболды төсекке таңып, жүріп-тұру мүмкіндігінен айырған табиғат сол қуаттарынан алынғандарды ойына, сезім түйсігіне қосып берген болар. Олай болған жағдайда біз, Серікболдың жанашырлары, ол істі қатеге санамаймыз. Қалай дегенмен біз осы өмірімізде ғалымдар ішінде қол-аяғы балғадай боп, астында тағы, басында бағы бар бола тұра жетпіске келіп докторлығын қорғаған, өліп-талып қартайғанда бір монографиясын жарыққа шығарып, бар әлемді жаратып шыққан өзіндей боп той жасап жататындарды да көрдік.

Серікболдың ғылымдағы, өмірдегі орны адам таңқалғандай. Ол әлемдік сыбаға бөлісінде өз сыбағасына тиген 15 шаршы метр бөлмесінде “мен” деп айқай салмастан, ешкімге міндетсіместен, ешкімнен ештеңе сұрамастан Алла тағала әлі әлемді жаратпай тұрғанда бір нүкте болып тұрған (кіндік), жаратқаннан кейін “абақ таңба” деп Серікбол ат қойған тіршіліктің негізгі заңына дейін ой жүгіртіп, өз ойымен Көкке жетсе де, өз аяғымен есікке жете алмай жай ғана пенделік тіршілігін жалғастырған болатын. Оның бақытына бар тірлігін баласына бағыштаған қарылғаш ана Тәрбие мен қамқоршы апа Балсұлудай қамқоршылары болды.

 

Адал еңбек қашан да бағаланбай қалмайды. Оған төзім мен қанағат сезімі жеткізбек. Елі бар, елдің азаматтары бар дедік қой жаңа. Серікбол еңбегі қазақ өнері мен тарихының үлкен жанашыры Иманғали Тасмағанбетов мырзаның назарына ілігіп, соның арқасында  төрт томдық “Арғықазақ мифологисы” жарық көрді.

Елім деп еңбек еткен еріне елі риза болып жатса, сол елдің елдік дәрежесінің көрсеткіші сол емес пе!..

         Серікболдың ұзақ ғұмыры енді басталды деп ойлаймыз.

 

Запись опубликована в рубрике Тұлғалар туралы. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.