Сисем-Ата зарыға күтіп

 

Іргелері мүжіліп, күмбездері жарылып, құлпытастары қисайып, бір сөзбен айтқанда шаңырақтары шайқала бастаған Сисем ата бізді зарыға күтіп жатырған секілді боп көрініп кетті. Сіздер басқаша ойлап қалмаңыздар, біздер оларға тірілей қажетпіз.

…Қай елге барсаң да (тіпті шағын ауылға да) адамдар  мінезінде бір ортақ қасиет бар екенін байқайсың. Барлығы да қонақтарына әуелі өз елінің көне мәдениетін, ескі ескерткіштерін көрсетуге тырысады, ал сонан соң өмірден өткен атақтыларымен мақтанады. Бұл тегін нәрсе ме? Әрине, тегін емес. Оларға солай еткізіп жатырған  жалғыз-ақ күш бар. Кез-келген ел мәдениетін сырт көзге бағалатар жалғыз көрсеткіш қалыптасқан.

Көрсеткіш аты – ел азаматтарының көне мәдениетке көзқарасы!.. Сондықтан да болар “өткенін ойламаған болашақтан үміт етпеуі тиіс” деген қанатты сөз өркениетті елдердің ұранына айналғанына біраз заман болған екен.

Осы мәселеге байланысты 1997 ж. 30 сәуірінде жарияланған Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасындағы Ұлы Жібек жолы бойымен туризм инфрақұрылымын дамыту жайлы Бүкілдүниежэұзілік туризм ұйымы мен ЮНЕСКО-ның Жобасын және Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының Ташкент Декларациясын іске асыру туралы” жарлығын орындау үшін “Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыра дамыту, туризм инфроқұралымын жасау” атты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік бағдарламасы дайындалды. Бағдарлама ғылыми-зерттеу жобалау, қалпына келтіру, қайта жаңғырту консервациялау, музейлендіру т.б. салалар бойынша ірі-ірі біраз жұмыстарды атқаруды міндеттеген болатын…

Біз бұл Бағдарламаларды тізбелей жазып отырғанда айтпағымыз – мемлекетіміздің тарихи ескерткіштерге деген көзқарасы анықталған, оларды сақтауды, қорғауды, рухани, тіпті экономикалық мақсаттарда пайдалануды міндеттеп отыр. Тек қана өкінішті жағдай Президентіміз, мемлекетіміз соншалықты мән беріп отырған осы мәселені орындау барысында жергілікті жерлерде кешеуілдеу бар. Маңғыстау – ежелгі адамдардан бастап күні бүгінге дейін қызған тіршілік ордасы болған мекен. Сондықтан да бұл жерде сансыз тарихи, сәулеттік дәрежесі жоғары пантиондар көп болған. Бірақ соңғы 100 жылда есіз қалған ескерткіштер қауымы өзінің тарихилығын, ескінің көзі деген атағынан айрыла бастады.

Қымбатты маңғыстаулықтар! Қинала отырып сіздерге Маңғыстаудағы әлі толық бүлдіріліп үлгерілмеген  жалғыз тарихи пантион қауым Сисем атаны бүлдіру жұмыстары соңғы кезде жеделдете іске асып жатырғанын жеткізгім келеді.

23-24 шілде күндері облыс әкімінің орынбасары С.Мәкежанов мырза  бастаған бір топ адамдар Сисем ата басына барып қайттық. Көпшілігі істеп жүрген қызметтерімен, кісілік парыздарымен осы мәселеге жауапты қызметкерлер болғандықтан әлі де болса өз пікірлерін баспасөз беттерінде айтар деп дәме еттік те аттарын атап жатпадық.

Маңғыстауға деген перзенттік парызымыз бұрын бізге “Сисем ата адайлар пантионы” атты мақала жаздырған еді. Сол мақаладан қысқаша үзінді келтірелік.

…Сисем-Ата бабалардан қалған бас енші!..

Өркениетті дейтін елдерде ата-бабаларының басына тас қойып, ол жерді құрметтеп, аса қамқорлап күтетін әдет бар. Олар әлгі қауымын “пантион” деп атайды екен. Пантионы бар ел басқаларға мақтана қарайды. Олар өздерінің ежелгі тарихы бар екеніне, текті ел екеніне мақтанады.

Ал олардың пантионы сәулеттік сәнін салыстырғанда да, еткен еңбектерін салыстырғанда да біздің Сисем-Атаның шаңына ілесе алмайды. Олардың түсінігіндегі нағыз пантион, ол – Сисем-Ата!..

Қауымның шет орналасуына байланысты соңғы кездегі адайлардың “бабалар басына күмбез тұрғызу” бәсекесі барысындағы тартыстан аман қалған жалғыз қауым осы Сисем-Ата еді… Енді “әттең”…

“Әттең” деп бекер айтпаған болып шықтық. Біздің көзімізше бір КАМАЗ таспен жаңадан жерленген бір адам басын қарайтпақ болғандар жұмысқа кірісіп те кетті…

Бабаларымыз бен аталарымыз тұрғызған Сисем атаны қалай сақтап қаламыз?

Сисем атаны қалпына келтіру, ресоврациялау және сол секілді барлық істелінетін шаруаларды екінші кезекте деп есептеп, ендігі жерде бір күн кешіктірмей Сисем ата қауымын облыстық әкімшіліктің, маслихаттың, аудан әкімшілігінің, Сай-Өтес ауыл әкімшілігінің қамқорлығына алынуы қажет деп есептейміз. Сол маңайды болашақ мемлекеттік қорық-музей болатын жер деп жариялап, 200-300 гектардай жер бөліп, ұрқсатсыз кісі жерлегендерге салынар айыппұл мөлшерін көрсетіп, заңдастырған дұрыс болар еді.

Сисем ата басында қорықшы ұстап, ендігі жерде қауымға, қауым маңайына бір де бір мүрде жерленбеуін қамтамасыз ету қажет. Ендігі жерде Сисем атада бір де бір ескерткіш жаңартылмауын жүзеге асыру қажет. Облыс әкімшілігі мәдениет министіріне Сисем атаға айрықша көңіл бөлу қажеттігін сұрап, хат жазса дұрыс болар еді деп есептейміз.

Осындай шаралар арқасында ғана Сисем ата өзінің пантиондық дәрежесін сақтай алады.

Мәдениет министірлігі мен Маңғыстау облыс әкімшілігінің Сисем атаны Бүкілдұниежүзілік сәулет ескертіштер дәрежесінде ЮНЕСКО-ның есебіне алуын сұрап өтініш жапсайтын кезі келген секілді.

 

         Ақтау. 27.07.2004 жыл.

 

Запись опубликована в рубрике Өнер. Кесенелер. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.