Сисем Ата бабалар … бас енші

 


Маңғыстау  және адайлар

Адайлар ата мекені Маңғыстаудан Жошы, Бату замандарында ығысып, екі-үш ғасырға жуық Қап тауының батысында мал жайып, Азау теңізінен балық аулап біраз сайран салған секілді.

Алтын Орда құлағаннан кейін қазақ хандығы шаңырағын көтерісіп, екі жүз жылға созылған жоңғар-қазақ соғысы аяқталған соң Алатау, Сауран айналып, әлемді бес ғасырдай шарлап, заманнаң сәті түскен шағында ата қонысы Маңғыстауға қайта оралған сыңайы бар.

Адайлардың Маңғыстау мен Үстүртті, немесе жергілікті ел тілімен айтқанда Ой мен Қырды мекен еткеніне бірнеше ғасыр жүзі болды.

Үстүрттен Ойға құлайтын санаулы қия жолдардың ең теріс жағындағы Өрмелі жолынан Қырға шыға келсең тау басынан Бозашы түбегі алақандағыдай көрініп жатады. Сол маңайға орналасқан  Сисем-Ата атты ежелгі қауымға ұзақ жылдарға созылған ұлы сапарынан оралған көшпелі адайлар елге еңбегі сіңген билері мен батырларын жерлеуді әдетке айналдырған. Үстірттен Ойға құлағаннан кейін де біраз заман Сисем-Атаға жеткізіп жерлеуді өздеріне мұрат, өлілеріне құрмет деп есептеген. Ел өсе түскен болар. Уақыт өте бұл әдет елге ауырлау тие бастаған секілді. Содан барып әр ру өздерінің орныққан жерлерінің маңындағы ескі қойылымдар мен бос жатқан төбелерді жаңа қауымға айналдыра бастайды. Әуелден таспен тарих жасауға құмар бабаларымыз бес ғасырға созылған туған жерге деген сағынышына арнап, сол жерге жеткізіп барып өз жамбастары жерге тиген аталарға деген құрметін бейнелеп ғажайып туындыларды, зираттық сәулет ескерткіштерін, өмірге әкеле бастаған екен.

         Ел басының өскендігі соншалық Маңғыстауда басы бос төбе қалмауға айналады… Малдың басының өнгендігі соншалық Жем өзені адайлардың бір байының жылқысы жабыла су ішкенде қамшының сабындай ортайып қалады екен дейді…

         Біздің бұ күндер мен аталардың со бір күндерінің арасында бүкіл әлемді бір ғасырға жуық лас тулақтай сілкіп-сілкіп алған, ата мен баланың, бар мен жоқтың, әйел мен ердің, саналы мен ойсыздың арасындағы ежелгі мәселелерді шешуге тырысқан төңкеріс атты құбылыс болып өтті. Ел “Байтал түгіл бас қайғы” кезеңіне жолықты да, тоз-тоз боп “тұрымтай тұсына, балапан басына” күнін кешті. Төбелер де төбе басындағы ғажайып ескерткіштер де есіз қалды. Масат-Ата бауырайындағы жайылып жатырған бір отар қойдай “қошқартас” мүсіндерден бұ күндері арық тоқтыдай бес-алтауы ғана  қалыпты. Кеңес үкіметінің айтақтағанына ерген атеис ағайындарымыз  өз бабаларының басындағы сағаналары мен күмбездерін бұзып үйлеріне от жағатын пеш салды. Тарихи ескерткіштерді бұзып колхоз қорасын салу мақтаулы іске айналды. Шеттен келген экспедиция машиналары алып келе жатқан тұрбалары кейін кетсе, күмбезге тіреп түзейтінді шығарды. Археолог дейтіндер Маңғыстау тастарын Ресей мұражайларына машина-машина етіп жөнелтіп жатты. Мола қазып, қазына іздеушілер де ата-баба мұрасына орны толмас ойранын әкелді…

         Сисем-Ата бабалардан қалған бас енші!..

     Өзінің географиялық орналасуы Сисем-Ата қауымының сақталып қалуына пайдасын тигізіп еді.

…Бірақ Сисем-Ата қауымын тарихилығынан айыру, сәулеттік сәнін бүлдіру ісі енді басталды. Қас қылып жатырған ешкім жоқ. Ғажайып сәнді үш құлпытасты бүлдіріп, бетін балталап аталарының атын (жаңылысып) жазғандар да, бұрынғысын алып тастап бабасының басына күмбез тұрғызғандар да, енді тұрғызбақ болып хабарландыру бергендер де, Сисем-Атаға жамандық ойламайды. Тек қана сол істерінің әлемдік тарихтан хабары бар, әлемдік құндылықтың не екенін түсінетін, бағалай білетіндердің жаңа тұрғызған алтын сарайдан бабасының басындағы жай қара тастың мың есе, миллион есе құнды деп баға берерін түсінбейді, сезінбейді…

 

 

Запись опубликована в рубрике Өнер. Кесенелер. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.