Сисем-Ата адайлар пантионы

 

Маңғыстау, 27.07.2004

 

Адам пендесінің табиғаты – ізденіс, қозғалыс.

Тіршілігі – көш-керуен, о да ізденіс пен қозғалыс.

Осы аксиоманы толық пайдалана білгендердің бірі адайлар тайпасы болса керек. Әлемді бес ғасырдай шарлап келіп ата қонысы Маңғыстауға оралған адайлар Маңғыстау мен Үстүртті, немесе жергілікті ел тілімен айтқанда Ой мен Қырды мекен еткеніне бірнеше ғасыр жүзі болды Үстүрттен Ойға құлайтын санаулы қия жолдардың ең теріс жағындағысының басынан Бозашы түбегі алақандағыдай көрініп жатады. Сол маңайға орналасқан  Сисем-Ата атты ежелгі қауымға ұзақ жылдарға созылған ұлы сапарынан оралған көшпелі адайлар елге еңбегі сіңген адамдарын жерлеуді әдетке айналдырған. Үстірттен Ойға құлағаннан кейін де біраз заман Сисем-Атаға жеткізіп жерлеуді өздеріне мұрат, өлілеріне құрмет деп есептеген. Ел өсе түскен болар. Уақыт өте бұл әдет елге ауырлау тие бастаған секілді. Содан барып әр ру өздерінің орныққан жерлерінің маңындағы ескі қойылымдар мен бос жатқан төбелерді жаңа қауымға айналдыра бастайды. Әуелден таспен тарих жасауға құмар бабаларымыз бес ғасырға созылған туған жерге деген сағынышына арнап, сол жерге жеткізіп барып өз жамбастары жерге тиген аталарға деген құрметін бейнелеп ғажайып туындыларды, зираттық сәулет ескерткіштерін, өмірге әкеле бастаған екен.

         Ел басының өскендігі соншалық Маңғыстауда басы бос төбе қалмауға айналады… Малдың басының өнгендігі соншалық Жем өзені адайлардың бір байының жылқысы жабыла су ішкенде қамшының сабындай ортайып қалады екен дейді…

         Біздің бұ күндер мен аталардың со бір күндерінің арасында бүкіл әлемді бір ғасырға жуық лас тулақтай сілкіп-сілкіп алған, ата мен баланың, бар мен жоқтың, әйел мен ердің, саналы мен ойсыздың арасындағы ежелгі мәселелерді шешуге тырысқан төңкеріс атты құбылыс болып өтті. Ел “Байтал түгіл бас қайғы” кезеңіне жолықты да, тоз-тоз боп “тұрымтай тұсына, балапан басына” күнін кешті. Төбелер де төбе басындағы ғажайып ескерткіштер де есіз қалды. Масат-Ата бауырайындағы жайылып жатырған бір отар қойдай “қошқартас” мүсіндерден бұ күндері арық тоқтыдай бес-алтауы ғана  қалыпты. Кеңес үкіметінің айтақтағанына ерген атеис ағайындарымыз  өз бабаларының басындағы сағаналары мен күмбездерін бұзып үйлеріне от жағатын пеш салды. Тарихи ескерткіштерді бұзып колхоз қорасын салу мақтаулы іске айналды. Шеттен келген экспедиция шопырлары алып келе жатқан тұрбалары кейін кетсе, күмбезге тіреп түзейтінді шығарды. Археолог дейтіндер Маңғыстау тастарын Ресей мұражайларына машина-машина етіп жөнелтіп жатты. Мола қазып, қазына іздеушілер де ата-баба мұрасына орны толмас ойранын әкелді…

         Бұ күндері, құдайға шүкір, заманымыз бен билеушіміз де, ойымыз бен сөзіміз де өзіміздікі. Не істейміз десек те еркімізде. Алла тағала ұзағынан бергей…

         …Осы арада көңілге “әттең” деген ойдың оралатыны қандай өкінішті. “Бабалар мұрасы” атты қасиетті сөз мағынасына бірден мән бере алмай көп нәрселерді бүлдіріп үлгердік. Маңғыстау -  бағасы жер астындағы мұнайынан бірде-бір кем емес жер үсті сәулет ескерткіштеріне бай өлке. Бірақ біздер әлі күнге өнер туындыларының бағасын біле бермейтіндер қатарындамыз. Өнер туындыларының бағасының адам санасы жетпес қымбаттылығы соншалық, мысалы Сисем-Ата секілді бір пантион жақсы ұйымдастырылған жарнама мен саяхатшыларға керек тұрмыс жағдайы жасалған жағдайда бір елді асырай алатындай қаржы түсіруі мүмкін мұра. Сисем-Атадай пантион емес, сәл нәрсемен дүние жүзінің саяхатшыларының назарын өздеріне аудара алған елдер бар. 

         Біздер әуелі пайда жайын ойламай тұра тұрып (ақылды пайдаға асырғыштар мен ұрымтал сәтті пайдаланғыштар сәтті шақ туса босына қарап қалмас) кісілік түсінікке жүгінсек. Ата-баба аманаты жөнінде ойлансақ. Бабаларымыз “ештен кеш жақсы” деген екен. Кеш қалғанымыз рас. Маңғыстаудағы біраз қорымдарды тарихи атағынан айырдық. Сәулет мұрасы деген беделін жойдық. Әкем атасының қасына жатсын деп, екі-үш ғасыр бұрын жерленгендер мүрдесін баса-жанша, тыққылап жатырмыз. Қолымыздан келгенін шоқпыттап, салып жатырмыз, бүлдіріп жатырмыз. Басында белгі жоқ болса ештеңе емес, бұрыннан барын бүлдіріп  жаңадан тұрғызамыз (масқара ғой)… Осы мақала авторының бесінші бабасы Әзберген де Сисем-Атада жатыр. Сонда мен не үшін төртінші бабам Тағыбердінің өз қолымен қалаған, үшінші атам Сәрсен басына барып қолымен сипап, маңдайын тигізген қасиетті тастарды алып тастап, өзеннің ақ тасынан бірдеңе қалқитады екенмін… Әр барған сайын ана қара тастармен сырласып, өзіңе дейінгі алты бабаның аруағымен тілдесіп, рухымен үндесіп қайтқаның қаншама рухыңа азық береді… “Мен тұрғыздым”  дегенде мақтаншақты ісіріп-кептіріп жіберер жалған атақ, жалған сезімнен гөрі әлгі сезімдер адам жанына рух пен қанағатты көбірек егері сөзсіз. 

         2002 жылы Сарайшық кесенесіне соғып, Атырауға жетіп қонған түні түсімде Сисем-Ата басын аралап жүр екенмін… Оянып кетіп, бабалар басына барғым келгендей, соларды сағынғандай бір сезімге бөленіп, сол түнде бір өлең жазып едім. Таныстыра кетейін.

        

Еншi

 

Еркiңнен тыстау асықсаң Сисем Атаға,

Бабалар рухы жол бастап саған жата ма?..

Өрiстеп ойың, бусанып бойың кетедi,

Алғандай малып, болмысты мейiр, батаға…

 

…Пантион-қауым шежiре шертiп кеткенде,

Жетедi хабар Жерден де, сонау Көктен де…

…Байғызға ұя, жыланға сая күмбездер,

Иелiк етпес көрiне тiптi еш пенде…

 

…Елестер сол кез шексiздiк жолда керуен,

Мың ғасыр жасы, толассыз неткен шеру ең?..

…Шақырдың менi не үшiн, неге, дедiң бе,

Ғаламды кезсiн, салсын деп аз күн серуен?..

 

…Рзамын, жетем, жетектет бiрiн түйенiң,

Аударман жүгiн, қалғанша қурап сүйегiм.

Құлың боп көнем, ботаң боп ерем – керуен,

Бола алсам – панаң, болмасам жанам, күйемiн.

 

…Қай жерден, қашан орнықтың келiп Алтайға,

Ат берiп түгел кетiпсiң жыра, сай-сайға.

Жетiсу, Арқа, Қаратау, Жайық, Маңғыстау,

Аралап түгел алмайсың тауса алты айда.

 

Алтайдан аттап, Едiлге жеттiң қозғалып,

Жыртылды жағаң, тоның да тозды жолда анық.

Мың жылдық сапар – ұшпаққа шықтың сан рет,

Шарпылдың талай жалынға, өртке ол да анық.

 

Кездер бар заман, басыңа бақыт орнаған,

Бiрлiк боп қонып, ел-жұрттың сәнiн қорғаған.

Ойға алсам соны өртейдi оты өкiнiш,

Ой деген жауым, ой деген ылғи сор маған.

 

Кiл мәрттер – қасиет, дауа сөзiнде,

Уәде құлы, билетпей бойын сезiмге.

Менсiнбей тiптi Стамбол, Мысыр, Ұрымды,

Қап тауы жайлау, Азаулы қыстау кезiнде.

 

Едiлдi бойлап керуен көшкен шағында,

Ордалар салып шалқайған хандар тағында.

Сарайшық, Сарай, Түркiстан – кезек астана,

Әлемнен бабам асырған байлық, бағын да…

 

…Тынығып ендi жатыр ма екен бабалар?..

…Өкпесi бар ма, шыға алмай ойдан балалар?..

…Шаңырақ кейде шайқалып кеткен кезi бар…

…Қолымен iнi жыртылған талай жаға бар…

 

…Кешiршi қауым аласа түссек шамадан,

Кеттi ме кемдiк iнiден, кейде ағадан.

Шуылдап бiр кез жатамыз үйде бүлiнiп,

Кездесiп қалып, замандас иттей, қабаған.

 

Дегенмен елiң тiлейдi жалғыз бiр тiлек –

Қазақ боп туып, қазақ боп өлер ұл тiлеп.

Бiрлiк боп басқа, үлгi боп боп жасқа өтсе деп,

Сiздерден қалған сөнген жоқ әлi бұл тiлек…

 

…Өшпегей дағы бабадан жеткен сарын, үн,

Кетпегей кемiп екпiнi асау арынның.

…Бастысы солар бабамнан алған еншiмнiң,

Арқауы солар ардақтар бойда барымның…

 

                            21.03.2002 ж. Атырау.

 

         Ие, сол түні пенде басындағы біраз ойлар маған да келген секілді…

         Өлеңді “Енші” атаппын… Міне бүгін өзімнің сол күнгі сезіміме өзім риза болып отырмын.

…Сисем-Ата бабалардан қалған бас енші!..

Өркениетті дейтін елдерде ата-бабаларының басына тас қойып, ол жерді құрметтеп, аса қамқорлап күтетін әдет бар. Олар әлгі қауымын “пантион” деп атайды екен. Пантионы бар ел басқаларға мақтана қарайды. Олар өздерінің ежелгі тарихы бар екеніне, текті ел екеніне мақтанады.

Ал олардың пантионы сәулеттік сәнін салыстырғанда да, еткен еңбектерін салыстырғанда да біздің Сисем-Атаның шаңына ілесе алмайды. Олардың түсінігіндегі нағыз пантион, ол – Сисем-Ата!..

Қауымның шет орналасуына байланысты соңғы кездегі адайлардың “бабалар басына күмбез тұрғызу” бәсекесі барысындағы тартыстан аман қалған жалғыз қауым осы Сисем-Ата еді… Енді “әттең”…

Марқұм Ізбасар Шыртанов (Алла тағала жанын жәннәтта еткей) бас болып, қауым басында жатқан атақтылар атын елге танытқанда осылай болар деп ойлады дейсің бе?..

…Енді Сисем-Ата қауымын тарихилығынан айыру, сәулеттік сәнін бүлдіру ісі басталды. Қас қылып жатырған ешкім жоқ. Ғажайып сәнді үш құлпытасты бүлдіріп, бетін балталап аталарының атын (жаңылысып) жазғандар да, бабасының басына күмбез тұрғызғандар да, енді тұрғызбақ болып хабарландыру бергендер де, Сисем-Атаға жамандық ойламайды. Тек қана сол істерінің әлемдік тарихтан хабары бар, әлемдік құндылықтың не екенін түсінетін, бағалай білетіндердің жаңа тұрғызған алтын сарайдан бабасының басындағы жай қара тастың мың есе, миллион есе құнды деп баға берерін түсінбейді, сезінбейді…

Ал енді ойланалық. Адайлардың өздерінің осындай надандығынан, өздерінің осындай бәсекшілдігінен Маңғыстаудағы тарихтық бағалылығы мен сәулеттік сәнінен әлі айрыла қоймаған бабалардың бас пантионы Сисем-Атаны қалай құтқарып қаламыз?

Не істеу керек?..

Амал бар секілді…

Біріншіден: Тез арада аудандық әлде облыстық әкімшіліктің Сисем-Атаны қорғау жөніндегі, ол маңайға енді адам жерлеуге болмайтындығы, сол маңайдың мемлекеттік қорыққа айналдырылатындығы туралы қаулысы қажет. Қаулыда ұлқсатсыз кісі жерлегендер мен бұрынғы салынғандарды жаңартатындарға салынар айып пен  ол әрекеттің қылмыстық болмысын көрсетер мемлекеттік заң тармақтарына сілтеме жасалынуы керек.

Екіншіден: Қаражат тауып, Сисем-Ата басына қорықшы, шырақшы деген секілді адам ұстау мүмкіндігін қарастыру дұрыс болар еді.

Үшіншіден: Сисем-Ата басына жерленген өз ата-бабасына құрмет көрсетем деушілерге айтар ақыл бар. Өз бабасына құрмет көрсетем деушілерге айтар ақыл – өз аулында, өз мекенінде мүмкіншілігі келгенше, сол тұрғызар күмбезінің жобасында шағын болса да мешіт тұрғызу. Құран Кәримде мұсылман қауымы үшін бір мешіт тұрғызған кісінің тірідегі бар күнәсі кешіріледі делінген… Өз аулыңда шағын да болса (мысалы 12 х 12 метр жобада) бір мешіт тұрғызсаңыз, сол мешітке бабаңыздың атын берсеңіз, баба рухы да, Алла тағалада разы болар еді.

Ал өзіңіз – мешіт тұрғызғаннан алған абырой мен атақтан басқа о жақтағы жұмақ үйінен дәме мен үміт сезіміне иелік етер едіңіз…

 

Запись опубликована в рубрике Өнер. Кесенелер. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.