Серікбол және қазақ мифологиясы

 

Қазақтардың: “Кісі қартайғанда бала болады,” –  дейтін дана пікірі бар. Жаңа жетісіп келе жатқан жас ұрпақ тіршілік басы өздеріндей-ақ (бізде сондай болғанбыз) айналасының бәріне менсінбей қарап,  өздері істесе бұлардан тәуірлеу тындыратын секілді боп, қате пікірде жүретін кезеңі болады. Жас ұрпақтың сондай кезеңіне тап болған, бастан ой, білектен қуат кеткен ол пақырлар (үлкендер)  балаға айналмағанда қайтсін. Адам басында қайталана беретін осы құбылыс адамзат өркениетінде де кездесетін болса керек. Әлемдік даму процесінде жоғары дәрежеге жеткен ел бірден маңындағы елдерге менсінбей, асқақтай қарап, тарих көрпесін өзіне қарай тарта бастайды.

Тәніндегі күші кетіп, жанындағы ауызбірлік атты сезімі өшіп “бас-басына би болғысы келген” шақта ұлттардың да қажитын (тіпті алжитын) кезеңі болуы мүмкін ғой. Қаулай өсіп келе жатқан жас ұлттар ортасында ол да өзін қауқарсыз қарттай, қамқоршысыз баладай сезінетінін біз өзіміздің қазақтар басынан өткен замандар арқылы пайымдаймыз.

Біздің ойымызша түркі нәсілді ұлттар әлемдегі ең қартаң ұлттардың бірі. Оған келтірер дәлелдер көп. Алла тағаланың пайғамбарларына түсірген төрт кітабында да алғашқы жаратқан кісінің аты Адам екенінің өзі бұтартпас айғақ. Адамның адам атын сақтап қалғандар тек қана түркі нәсілділер. Сол түркі нәсілділер ошағына әлі күнге иелік етіп, сол бесікке әлі күнге баласын бөлеп өсіріп отырған қазақ халқының жасын қандай әлімсақтан бастасада зерттеуші ағат кетпейді. Кейбір центроеуропалық және солар іліміне еліктеуші зерттеушілердің: “Қазақ халқы әлі ұлт болып қалыптасып үлгерген жоқ,” – дейтін пікірлеріне біздің қарсы қояр уәжіміз бен дәлелдеріміздің шеті жоқ. Егер қазақ ұлтының кейбір еуропалық стандартқа сәйкес келмей жатқан жерлері болса жоғарыда келтірген  мақалымыздың айтқанындай қартайғанда балаға айналғандығының кесірінен болар, болмаса әлемдік дамудың дәл осы шағанда барлық қуатты қаруы мен уытты қаламын ұстап тұрғандар ниетінен дер едік.

Бірақ, ең ежелгі мәдениет ошағына от жаққан шумерлердің сөздігіне ең жақыны қазақ тілі болса, табылған, шашылған адам мүрдесі емес жерленген, қазып алынған адам мүрдесінің ең қартамыстары қазақ даласының қорымдарында жатса, басқа жұрт жалаңбұл жүрген заманда бабаларымыз көсемдеріне алтыннан сауыт кигізсе, жаңа жетісіп келе жатқан ғалымдарымыздың арқасында біз түркі тұқымдастардың, қазақ халқының ежелгі тарихтағы өз орнына барып отыратынына сенімдіміз.

Еуропалық ғалымдар тарих еншісінен түркі нәсілділерге ештеңе де қиғысы жоқ. Өздеріне бұра алмайтындарын парсыларға немесе әлемде аты сақталмаған, біреулерге сыйлай салады. Әйтеуір тіркі нәсілділерден аулақтатса болғаны…

Кейбір ғалымдардың пікірінше адамдарға ең алғашқы дін теориясын ұсынушы, осы бізің даламыздың перзенті Заратуштра пайғамбарды бұрын Еділ-Жайық маңында туып-өскен деп келсе, енді оның мекені Маңғыстау болған екен деген пікірге мойын бұра бастапты. Сонда қазақ халқының ата-бабаларының осы даланы мекендегеніне ондаған мың жылдар болып шығады. Бір кездерде айтпақ түгіл ойлаудың өзі күнә делінетін осы ойларды жария еткенде біздің айтпағымыз не?..

Еуропалық білім алып, сол теориялардан нәр алып өскен көптеген ғалымдар (оның ішінде кейбір қазақ оқымыстылары да бар) пікіріне осы айтылған ойларға сүйене тұрып қарсы тұру, нақты дәлелдер келтіріп ғылыми дәлелдеу әлі ешкімнің қолынан келе қойған жоқ. Қазақ халқы әлі ұлт болып толық қалыптасып үлгермеген, тайпалық дәрежедегі, тілі мемлекеттік жүкті арқалап жүре алмайтын… мысалы көп халық ішіндегі  жеткіншек…

Дат ғалымы Вилгелм Томпсонның Орхон-Енисей жазуларын оқып шығуынан басталатын түркілердің мойындалу, тарихта жаңадан туу  кезеңі басталды. Талай ғасыр төрткүл дүниеде үнсіз тұрған жартастар мен құлпытастар сөйлей бастады. Олардың айтары көп болып шықты. Түркілер (қазақ жанды кісілер қазақтар деп те оқуына болады) әлемдегі ең алғашқы әріптерді ойлап тапқан екен. Жұрт табанын тоздырып жаяу жүргенле олар жылқы жуасытып атқа мініпті. Ал басқалар атқа мінуді үйренген кезде олар арба үстіне киіз үй тігіп, күймеде отыратын дәрежеге жеткізіпті. Әлемді билеген Шыңғыс ханның құпия тарихы өздерін мақтағысы келгенде “көркем сұлу ханшаны қазақ күймеге мінгізіп” деп мақтаныпты. Көшпелі елдер әлемдік мәдениетті көшіп жүріп бір-біріне таратыпты. Тек қана бір айыбы (ең үлкен айыбы) жазған жазуын архив етіп сақтаудың тиімді әдісін таба алмаған (көшпелі болғандықтан сақталмаған). Гранит тасқа жазып қанша тарих қалдыра аласың? Саз кітап беттеріне (шумерлер) қанша белгі түсіре аласың?

 Түркі жазуларын алғашқы оқыған В.Томпсон да, Түркі тұқымдастардың тарихтағы сыбағасының мойындалып жүрген жобадан әлде қайда мол екені туралы ғылыми томдар жазған Л.Н.Гумилев те әлемдік деңгейде атақты болды.

Бірақ олардың қай-қайсысы да түбегейлі тексерілген деректер арқылы (“соқырға таяқ ұстатқандай” етіп) түркілердің әлемдік даму процесіндегі орнын көрсетіп бере  алмаған болатын.

Осы мақаланы жазу үшін дайындық барысында беттерін бір шолып өткен, алдымызда бір автордың ойынан туындаған, қаламынан шыққан бірнеше кітап жатыр.

Серікбол Әділбекұлы Қондыбаев мырзаның сол кітаптарының аттарын санап шығуға ерінбелік:

“Маңғыстау географиясы, 1996 ж.”,

“Қазақ даласы және герман тәңірлері, 1998 ж.”,

“Қазақ мифологиясына кіріспе, 1999 ж.”,

“Маңғыстау мен Үсттірттің киелі орындары, 2000 ж.”,

“Есен-қазақ, 2002 ж.”,

“Гиперборея: түс көрген заман шежіресі, 2003 ж.”,

“Арғықазақ мифологиясы. Бірінші кітап. 2004 ж.”.

 

Серікболдың тағдыры, тұрмысы, ғылыми жұмыстары туралы хабардар адам ретінде біздің ойымызда осы алдымызда жатқан кітаптар аттарына жалғасып, баспада басылып жатқан, енді бір ай шамасында жарыққа шығып үлгеретін:

“Арғықазақ мифологиясы. Екінші кітап. 2004 ж.”.

“Арғықазақ мифологиясы. Үшінші кітап. 2004 ж.”.

“Арғықазақ мифологиясы. Төртінші кітап. 2004 ж.” атты кітап атаулары да тұрды.

 

“Маңғыстау географиясы”  мен  “Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары” атты еңбектері Серікболдың өз мамандығы алдындағы парызын өтеу жолында жасалған кісілігі болса керек. “Атым адам болғасын қалай адам болмайын” деген секілді, географ деген мамандық алып шығып, оқушыларға географиядан дәріс берген кісі,  жарытылысында табиғат сыйлаған зерттеушілік қасиеті бар жас ғалым өз існің алғашқы зерттеу жұмыстарын географиядан бастамай неден бастаушы еді. Осылайша аты аталған екі кітап жарық көрген. Серікбол алған мамандық пен туған жерге деген парызын осылайша өтеп тастайды да енді мида сақылдап қайнап жатқан, әлі қағаз бетіне түсіп үлгермесе де бас қазанында пісіп үлгерген негізгі шаруасына кіріседі.

Тың жерге түрен салғандай қакйсарлықпен кіріскен Серікболдың бұл тәуекелін біз оның тек қана отандастары алдындағы емес бүкіл адамзат баласы алдындағы негізгі міндетін түсінуі деп атар едік. Табиғат берген ерекше дарын ол тек қана дарын иесінің меншігі емес, ал әуелі елдің, қала берді бүкіл адазаттың еншісі. Серікбол сол жобада түсініп, сол мақсатта еңбек еткен деп ойлаймыз.

Көп зерттеушілер, сол секілді шығармашылық соңында жүрген адамдар өз шығармасына кірісіп жаза бастаған кезде оның қалай аяқталатынын біле бермейді. Еңбек ету барысында піседі, мүшеленеді дейді. Серікбол мырзаның шеберханасы басқаша.

Ол әлі жазыла қоймаған, басында дайындығы жүріп жатырған  “Арғықазақ мифологиясы” аталмақ төрт томдық кітаптарға алғы сөз ретінде бірнеше томдық кітап жазады. Болашақ кітаптар мағынасын түсіне алуы үшін, зерделей алуы үшін ерте бастан келешек оқушыларының санасы мен түсінігіне әсер ете бастайды. Автор өзінің алғы сөз секілді сол еңбетерін ғылыми еңбек деп те ойламайтын болуы керек. Негізгі жұмысына алғы сөз деп қараған секілді.

 Ол 1999 жылы жарық көрген “Қазақ мифологиясына кіріспе” атты еңбегінде: “… Бұл кітаптың тағы бір мақсаты – “қазақ мифологиясы” деген түсінікке оқырманның да, зерттеушінің де “құлағын, бойын үйрету”,  –  деп, ашып айтады. Бұл кітапты зерттеуші мифтік аңыздар мен оларды зерделеу барысында кездесер сөздерге оқушының құлағы мен бойын қалыптастырмаққа арнаса, “Есен-қазақ”атты еңбегінде Маңғыстаулық мысалдар арқылы әлгі “құлақтар мен денелерді” миф деген құбылысты  қалай зерделеу керек екенін үйретеді.  Осы кітаптың 14 бетінде: “… Екі-үш сүйегі арқылы динозаврдың бейнесін көз алдына келтіретін палентолог, екі-үш метостанцияның мәліметтерімен қателік ауқамын жылдан-жылға кеміте отырып, ауа райын болжайтын климатолог, бірнеше жерді аршу немесе ойып қазу арқылы шөгінді жыныстар қабатының сұламасын айқындай алатын геолог сияқты тарихшы  да этнологиялық әдістемені қолдана отырып, ұлы немесе кіші империялардың, кнәздіктер немесе еркін қалалардың құрылуы мен талқандалуы процесін суреттей алады” –  деп, ғалым В.И.Вернадскийдің ойынан үзінді келтірілген екен. Атақты ғалымның осы ойы арқылы біз де Серікбол Қондыбаевтың мифтік аңыздар мен жырларды ой елегінен өткізуі, пайдаланылып жүрген жеке сөздер мен  басқа тілдерге ауысып кеткен сөз түбірлерін зерделеу барысында осы “Қазақ мифологиясы” атты зор ғылыми еңбектің пайда болғандығын, оқушыларға осы еңбекте келтірілген тұжырымдардың ғылыми шындығының, тарихи тамырының бар екеніне көз жеткізгенімізді айтпақ болып отырмыз. “Қазақ мифологиясы” кітабынан бастау алып, “Арғықазақ мифологиясы” атты төрт томдықта ғылыми арнаға айналған “Абақ таңба” өзіне амалсыз сендіреді. “Абақ таңба” ортасында нүктесі бар шеңбер болатын болса, ол Серікбол зердеханасынан өткенде  жаратылыстың негізгі заңы екені жай көзге де байқала қалады. Содан барып қазақтың “төр” және “төре” сөздеріне біз осы уақытқа дейін қалайша баға бермей келдік екен деген таң қалу сезімі де өзінен өзі туындай қалады. Енді бізге: атақты “Туран”, “Түрік”, “Төр” және солардан туындап тараған “ар, “арилер”, “арыс (үш арыс)” сөздері біздің осы уақытқа дейінгі соқырлығымыз үшін мысқылдай қарап, “ақыры зердеңе жетті ме” деп тұрғандай. 

Ғалым біз әңгіме етіп отырған төрт томдық “Арғықазақ мифологиясы” атты кітабының біріншісінің 58-61 беттерінде Ұлы Жаратушының шексіздік атты кеңістігіндегі адам баласының өсіп жетілуіне, бүгінгі күнге дейінгі эволюциялық сапарының іздерін оймен шолып қайтады.

…Нұрды, құдайы құдіреті (көрілместі) оның нәтижелерімен (көресіндерімен) бірге абақ таңба (кіндігінде нүктесі бар шеңбер), шоғым таңба (кіндік нүкте мен одан бастау алған сәуле векторы) түрінде символдауға болатындығын атап көрсеткен болатынмын. Ал, Ілкі Төр – осы Нұрдың эманациясы (“сорпаның сорпасы”)…

Келесі үзінді…

…Уақыттық тұрғыдан, ол (Ілкі Төр, С.Н.) ерте тас ғасыры (палеолит) мен орта немесе кейінгі тас ғасырының (палеолит немесе неолит) аралығында, шамамен б.з.д. 12-10 мыңжылдық уақытты көрсетеді. Міне, осы тұста, адамзаттың дамыған дәстүрі – “Ілкі Төр” өмір сүрген деп топшылаймыз…

…Зерттеушілер “Ілкі Төрді” көбінесе “Гиперборея”, “гиперборейлік дәстүр” немесе “гиперборейлік Төр” деп атайды… 

Тағы бір (258 бет) үзінді…

…”Темір таяғы тебендей, темір етігі теңгедей” сөзі, әдетте қаһарманның жоқ (бір нәрсені) іздеуімен байланысты. Бұл жерде көрсетілген бұйымдардың өзгеру процесі қаһарманның жүрген жолының және сол жолға кеткен уақытының шектен тыс ұзақтығын көрсетеді. Ал, “ертегілік сапардың” астарында инициациялық (мақсатқа жету әрекеті, С.Қондыбаев түсініктемесінде инициациялық – жетпектік деп түсіндіріледі С.Н.) әрекеттердің де, “Ілкі Төрді” іздеудің де жатқандығын басқа әңгімелерімізде айтып өттік, сондықтан… темір теңге мен темір тебеннің “Ілкі Төр” символдары екендігін де айта аламыз. Шеңбер пішінді теңге мен сызық пішінді тебен бізге абақ таңбадағы шеңбер мен оның кіндігіндегі нүктені бере алады. Тек бұл жердегі тебен – жай ғана нүкте емес, ғаламдық өзек (ғаламдық өс) болып тұр…

 

Біз С.Қондыбаев еңбектерін ежіктеп оқи отырып осы уақытқа дейін өз  тегімізге заңды түрде мақтанып жүргенімізді сезінеміз, олардың тіршіліктің қай тереңіненен болса да өз тамырларымен нәр алып, өз тарихынан қуат алып жатқанына сенімді боламыз. Бұл еңбек сонысымен құнды. Сол қасиеттері оны ешуақытта ескіртпейді, бағасын төмендетпейді. 

Қазақы мифологиясы ғана емес тіпті дүниежүзілік мифология астарларына ғалымдар әлі көз салып, ой жүгіртіп үлгеріп болған жоқ. Қазақ ғылымдарының мифология жөніндегі бұл еңбегі көшпелілер туралы центроеуропалық менсінбеушіліктің қалың тоңына қаққан қазықтай болатынына сенгіміз келеді.

Қазақ халқының бір туар азаматтары Қойшығара Салғараұлы мен Ақселеу Сейдімбек Серікбол Қондыбайдың “Арғықазақ мифологиясы” кітабына жазған алғы сөздерінде: “…ғылым мен өнердегі пассионер тұлғалар ең алдымен дүйім жұрттың санасы мен сезімін баурап, мыңдардың жүрегіне шапағат нұрын ұялатады. Нәтижесінде сол мыңдардың таным-түйсігі мүлде жаңа сапаға көтеріліп, қоғамдық ой-сананың өресі биіктеп, өрісі ұзарады.

Мұндай ойдың жосығы білікті де білімдар азамат Серікбол Қондыбайға қатысты тілге оралып отыр” – дейді.

Адамға өз еңбегі үшін осындай тұлғалардың аузынан шыққан осы бағадан артық ештеңе қажет те емес болар…

С.Қондыбаев дарынды жаратылған тұлға. Оның ойлау қабілеті, уақиғалар мен сөздерді зерделеу әдісі (методикасы) оған кез-келген тақырыпта еңбек етуіне мүмкіндік беретін еді-ау деп ойлаймыз. Бірақ ол  өз ұлтына еңбек етудің, оны өз әлінше әлемге танытудың жолы деп мифология тақырыбын таңдапты. Оның неге миф туралы ғылымды таңдағанын өзінің мына жолдарынан аңғаруға болар…

Миф – адам баласы үшін барлық уақытта да бейне бір өзгермейтін, тұрақты нәрсе. Мифте бар жалпы модельдер, сюжеттер, тіпті ұсақ детальдар барлық жерде, затта кездеседі. Бұл былайша түсіндіріледі: миф – ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан біздің ата-бабаларымыздың естелік мұраларының жиынтығы. Миф тіпті біздің түйсігіміздің (подсознание) құрылымына кіреді. Ол тіпті, сірә, біздің қанымызда, генімізде таңбаланған (закодирован) болуы керек…

Серікбол Қондыбаев санасына соншалықты таным, жігеріне соншалықты талап берген Тағдыр (Жаратушы) оның пенделік болмысына келгенде сәл қаттылау да кеткен секілді. Жаратылыста бәрі есептеулі дейді ғой. Барлық жерде тепе-теңдік заңы сақталады екен. Мүмкін Серікболды төсекке таңып, жүріп-тұру мүмкіндігінен айырған табиғат сол қуаттарынан алынғандарды ойына, сезім түйсігіне қосып берген болар. Олай болған жағдайда біз, Серікболдың жанашырлары, ол істі қатеге санамаймыз. Қалай дегенмен біз осы өмірімізде ғалымдар ішінде қол-аяғы балғадай боп, астында тағы, басында бағы бар бола тұра жетпіске келіп докторлығын қорғаған, өліп-талып қартайғанда бір монографиясын жарыққа шығарып, бар әлемді жаратып шыққан өзіндей боп той жасап жататындары да бар екенін көрдік.

Серікболдың ғылымдағы, өмірдегі орны адам таңқалғандай. Ол әлемдік сыбаға бөлісінде өз сыбағасына тиген 10 шаршы метр бөлмесінде “мен” деп айқай салмастан, ешкімге міндетсіместен, ешкімнен ештеңе сұрамастан Алла тағала әлі әлемді жаратпай тұрғанда бір нүкте болып тұрған (кіндік), жаратқаннан кейін “абақ таңба” деп Серікбол ат қойған тіршіліктің негізгі заңына дейін ой жүгіртіп, ойымен Көкке жетсе де аяғымен есікке жете алмай жай ғана пенделік тіршілігін жалғастыруда. Оның бақытына бар тірлігін баласына бағыштаған қарылғаш ана Тәрбие мен қамқоршы апа Балсұлу бар. Елі бар, елдің азаматтары бар.

Ол әлі де болса таныла түседі деп ойлаймыз. Оның әлемдік ақпарат беттерінен атын оқитын кездеріміз алыс емес секілді.

Адал еңбек қашан да бағаланбай қалмайды. Оған төзім мен қанағат сезімі жеткізбек. Елі бар, елдің азаматтары бар дедік қой жаңа. Серікбол еңбегі қазақ өнері мен тарихының үлкен жанашыры Иманғали Тасмағанбетов мырзаның назарына ілігіп, соның арқасында  төрт томдық “Арғықазақ мифологисы” жарық көрді.

Соңғы жылдары өнерге, өнердегі талантты жандарға көңіл аудару Маңғыстау обылысында айтарлықтай жақсара бастады.

Маңғыстаулық Серікбол Қондыбаевтың тұрмысына, ғылыми еңбегіне қомқорлық жасау мәселесін обылыс басшысы Болат Палымбетов өз назарында ұстуда. Басшының шешімімен жақын арада ғалымға Ақтау қаласынан төрт бөлмелі пәтер бөлінді.

 Ғалымның тұрмысына жайлы болу және де басқа жағдайларын ұйымдастыру мәселелеріне, Серікбол Қондыбай пәтерін қайтадан күрделі жөндеуден өткізуге қала әкімі Серік Оспанов мырза да үлкен үлес қосуда. Ғалымға тұрақты діргерлік көмектер көрсету жұмыстары ұйымдастырылуда.

Елім деп еңбек еткен еріне елі риза болып жатса, сол елдің елдік дәрежесінің көрсеткіші сол емес пе!..

 

 

                   Сайын Назарбекұлы

                            Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

                            Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

 

Запись опубликована в рубрике Тұлғалар туралы. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.