Сардарлар ұйымы құрылса

 

         Ендi-ендi оңала бастаған, ендi-ендi жаңа сана пайда бола бастаған шақта қоғамдық жаңа төңкерiс (бағымызға қарай бейбiт төңкерiс) жерiмiзде, елiмiзде мiнез-құлқы, iс-әрекетi, салт-санасы өзгеше жаңа ұрпақты өмiрге әкеле жатыр.

         Таңертеңнен кешке дейiн көлеңкелеп отырар тарапсыз қарттар, iшiмдiк андыған бозбалалар, ала дорбасын мойнына салып бүкiл дүние жүзiн кезiп кеткен келiншектер, амалсыздықтан айнуандыққа аяқ басқандар… Санаған сайын, атаған сайын жаның түршiгетiн, бұрын көрмек түгiл естiмеген сан түрлi қылмыстар мен қылықтар…

         Не iстеу керек?..

         Елдiң елдiк пiшiнiн қалай сақтап қалуға болады?..

         Бұл мәселелердi қалай жүзеге асыру дұрыс?.. Қазiргi көзi ашық азаматтардың бұл сұрақтарға жауап тауып беру негiзгi мiндетi. Осы үш сұраққа жауап тапса, онда ұлттың ұлттық формасын сақтап қалу жөнiнде iстелiнер жұмыс жоспарын айқындап, оны кiмдер iске асыра алатынын дәл басу мүмкiндiгi пайда болар едi.

         Бiздiң естiмiш әңгiмелерден жақсы бiлетiн бiр нәрсемiз, ол –аталар әртүрлi өнерге жастарын әдейi дайындаған және жарыс өткiзiп отырған, тiптi мешкейлер мен өтiрiкшiлер бәсекесiн өткiзетiн болған. Елдiң – сасқанда арқа сүйерлiктей сүйеуi, ерегесте қарсыласын қақ бөлiп тастар сенiмдi алмас қылышы, қара басының қамынан ел мүддесiн жоғары қоятын сенiмдi жандары болған Бұлар кiмдер едi?… Ел аоасынан кездейсоқ тәрбие алып шыққандар ма?…

         Әлде табиғи дарындарымен көзге  түскендер ме?…

         Бiздiң пайымдауымызша ата-бабамыз өз өнерлерiмен мәртебесiн биiктете, ауыртпалығын арқалап кете алатын, ел басына күн туғанда етiгiмен су кеше, ауыздықпен су iше алатын, керек болса “малым жаным садағасы, жаным арым садағасы” дейтiндей қимылға бара алатындарды ел iшiнен кездейсоқ iздемеген, оларды дайындаған.

         Октябрь Революциясы, одан арғы екi жүз жылдық орыс отаршылығы кезiнде бұл  әдiстер жойылып, тек қана кейбiр жекелеген элементтерi сақталып қалған.

         Мысалы:   хан, төре тұқымдарын қамқорлауды қорғауды мойнына көтерген төлеңгiттер суыт хабар кезiнде күндеп емес айлап аттан түспейтiндер, болашақты болжайтын жұлдызшылар, бақсылар, кұсбегiлер, атбегiлер… не түрлi тұқым қуалаған өнерлiлер мен қасиеттiлер… бұлардың барлығы да ұлттық тамырдан нәр алып, дами берген, жетiле берген.

         Тек қазақстанда ғана емес, әрбiр ұлтта, ұлт дiңгегiндей,   рухани өзегiндей атпал азаматтар, сондайларды тәрбиелейтiн қауымдар болған. Орыс дворяндары, поляк шляхтерi, жапон самурайлары, қазақ сардарлары – соның дәлелi.

         Көп жылғы отаршылық саясат қырсығынан мәңгүрттене бастаған қазақ халық ендiгi жерде өздерiнiң ұлттық үодiстерiн еске түсiрiп, жақсы жағын жаңа заманға лайықтап ала алса, ондай iс болашақ ұрпақ  қамы болмақ. Ол үшiн мектеп жасындағы балалар мүше бола алатын ұйым құрған дұрыс деп есептеймiз. Абырой-атағын жоғары ұстау үшiн ұйымға ең үздiк ең тәртiптi, ең кiшiпейiл, ең iзеттi, ең қайырымды, ең отансүйгiш жастар қабылданса…

         Ұйым атын – “Сардарлар Одағы” деп атаса.

         “Сардарлар Одағына” мүшелiкке 13 жастан бастап қабылданып, аталарымыздың “он үште отау иесi” деген қағидасын негiзге алса… Бастауыш мектеп балалары 13 жасқа дейiн соған дайындық барысында тәрбие алса… Мектеп бiтiргендер сардарлықтан кетпей жаңа барған аймағында мүшелiкке тұрса… Бұл Одақты әрбiр аудан аймағында құрып, бiрақ есепсiз көбеймеуiн қадағалауды өмiрге әкелсе:

         Сардарлыққа қабылдауды мына құжаттар арқылы iске асырса:

1.   Мемлекеттiк тiлдi бiлетiнiн және 4 пен 5-ке оқығанын растайтын куәлiк.

2.   Iзгiлiгiн, мiнезiн растайтын ауыл, не аудан ақсақалдарынан растама, мiнездеме.

3.   Үш сардардан кепiлдеме.

4.   Спорттық жетiстiктерi туралы анықтама.

5.   Ұстазының кепiлдемесi.

6.   Денсаулығы туралы анықтама.

7.   Өзiнiң арызы мен ата-анасының келiсiмi.

Сардарға өткен тарапты жасқа бүкiл өмiр брйы тындырған iстерi тiркелетiн iс

Қағазы ашылады да, iскерлiгi мен iзеттiлiгi, бiлiмi мен отансүйгiштiгi және басқа қасиеттерiнiң негiзi сол құжатта жазылады.

         Сардар куәлiгi – ел үшiн құрметтi. Рндай куәлiк иесi – денi сау, жаны iзгi, еңбекқор, талантты, батыл, қайырымды жан оетiнде қабылданбақ. Сардарға мүшелiкке жас бойынша шек жоқ. Елге сiңiрген еңбегi, iзгiлiк ниетi кез-келген адамды сардар ете алады.

         Сардарлар ұйымы өздерiнiң сенiмдi мүшелерiн әр түрлi мансапты жұмыстарға ұсына алады.

         Алғашқы қауымдасу кезiнде ұйым жұмысын ұйымдастыруды,  уақытша, бiр жауапты Отансүйгiш, ұлтжанды, жан-жақты бiлiмi бар кiсiге тапсырады. Ұйымның басшылығына сөз өнерi мен бiлiмi, iзеттiлiгi мен қайырымдылығы, iскерлiгi мен талабы, Отансүйгiштiгi мен дiни түсiнгi озық адамдар таңдалады.

         Сардарлар бiлуге тиiс (жастарына байланысты) мiндеттi түрде бiлiм, өнер көлемi белгiленедi. Мысалы орта мектеп бiтiрген әрбiр сардар он мың жол өлең бiлуi, тарих, география, тағы басқа пәндерден мектеп программасынан тыс әдейi жасалған программаны игеруi тиiс.

         Мүшелiкке қабылдау Қазақтанның бостандық алған күнi өткiзiледi. Сардарларды әскерге шығарып салу бүкiл Одақ үшiн негiзгi жұмыс. Қызметке араласқан сардарлар мүшелiк жарна төлейдi. Сардарлар мемлекеттiк қаулыларға, Республиканың негiзгi заңына қарсы шықпайды.

         Сардарлар Қазақтан Республикасының Конституциялық мемлекетiне оппозициялық ұйымдар мен партияларға мүше болмайды. Мүше болғысы келген жайдайда ұйымнан өз еркiмен шығады.

         Бұл мақала көпшiлiктен қолдау тауып жатса “Сардарлар” мен “Сардарлар Одағы” ұйымының жарғысын дайындауға негiз бола алады деп ойлаймыз.

 

Мақсат бiреу-ақ  — бұлшық ет сiңiрiндей қайратты, омыртқа жұлынындай қасиеттi, не iстерiн бiлмей қысылғандар “Сардарлар не дейдi?” деп ақыл сұрар, ұлт өзегiндей ұрпақ өсiру.

 

Тоқтамыс Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ.

 

 

Запись опубликована в рубрике Ұлт болмысы. Ана тілі. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.