Республика куні

 

 

         Қазақстан Республикасы, бүкіл әлемде жер көлемі бойынша Россия, Америка, Қытай, Индия, Бразилия, Мексика секілді алып мемлекеттерден кейінгі тоғызыншы орында тұрған ел.  Біздің сол сүйікті Отанымыз, бүгін өзінің ең бір қуанышты мейрамын, Республика күнін, он бесінші рет тойлап жатыр!

         Кеше ғана біреудің айдауына көне, айтқанына бағына тәуелді жүріп, Жаратқаннан да, тағдырдан да ел басына тәуелсіздік тілеген біздің жасымыздағы адамдар үшін бұл мерекенің ерекше екенін түсінуге тырысыңдаршы деп сұрар едім, мен, жастарымызға!

Қандай қуаныш – біздердің тәуелсіз Отанымыз бар!

Қандай мақтаныш – біздердің  ұлан байтақ жеріміз бар!

Қандай шүкіршілік – кейбір көршілеріміз бас-басына би болмақ боп, ордаларын ойрандап, қасиет тұтарын арамдап, дұшпанға таба досқа күлкі боп жатқанда, біздердің басымыз бүтін, іргеміз берік!

Біз – жеріміз байтақ, мемлекетіміз тәуелсіз деп, еліміз ерікті, халқымыз қанағатты деп мақтана алатын жағдайдамыз.

Тек қана, жеріміз байтақ еді дегенде, Ұлы Жаратушының оны бір тарының хауызына сыйғыза алатындығын ұмытпасақ екен!..

Тек қана, еліміз тәуелсіз дегенде, оның кеше ғана біреудің боданы болғанын ұмытпасақ екен!..

Дүние жүзі тарихшылары Ұлы Дала деп ат берген біздің қазақтың ен даласында – бірде сақ боп бірде қыпшақ, бірде дах боп бірде скиф, бірде  массагет аталса, бірде кайсак аталып келген қазақтар осыдан 15 жыл бұрын, біз енді Қазақстан Республикасы деп аталамыз деп бүкіл әлемге өз аттарын жария еткен еді.

Сол бір жылдары менің құрдастарым елуде болатын.

Елу жасқа жеткен шақ ата-баба салты мен әдетін ұлтым мен жұртымның болмысы деп қызықтап үлгерер,  баласы мен немересінің балдай тәтті ана тіліне мейірін қандырып үлгерер жас болуы керек еді. Бірақ, өмірге саналы оймен, қарақты көзбен қарайтындар, біз атап өткен әлгі қызықтарды өз дәрежесінде қызықтай алмастан өтті…

Бала піштіріп той жасау надандықтың бір түріне есептелінетін. Әке мүрдесін ақ жауып, арулап қою мемлекетке қарсы қастандық жасағанмен бірдей саналатын. Келіннің бетін беташармен емес арақпен ашатын. Содан барып мен қазақпын дейтіндер ұмытылып бара жатқан ата-баба салтын ойлап жүректері жараға, жандары налаға толы болатын.

Нәресте тілі бабасының сөйлеген тілінде емес, басқарушының  сөйлеген тілінде шығатын.

Біздің – өмір қызығына тоймайтын жастық шағымыз да, елім-жерім деп құлшына еңбек етер қайрат пен жігерге толы есею жылдары  да жалған ұранды, жалған арманды, Кеңес мемлекетінің сойылын соғып, бос ұрандатумен, мақсатсыз өтті.

Ақыры Аллатағала қазақ халқының тілегін қабыл етті. Құдірет күші халқымызға алтын күнді, ақиық қыранды, аспан түстес аңсаған бостандық туын қолға ұстатты.

Сол кезде ел билігі қолында болған азаматтарымыз тарих берген сәтті шақты босына жібермеді. Қазақстан халқына қабілеті мен талантын пайдаға асыра еңбек ететіндей жағдай жасады.

Міне мен де солардың бірімін. 15 жыл бойы тәуелсіз елім мен жеріме, халқым мен өз қара басыма деп еткен еңбегімнен шексіз  рахат, шексіз қанағат табумен келемін.

Ел-жұртым да еңбегімді ескерусіз қалдырмады.

Абай-Шәкәрім кесенесі үшін ең алғашқы Маңғыстаулық боп егемен еліміздің орденін алып, Абай ауданының Құрметті Азаматы атандым. Семей Университетінің Құрметті профессорымын.

Домалақ ана кесенесі үшін “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” деген құрметке ие болдым.

“Хан Ордалы Сарайшық” кесенесі үшін Махамбет ауданының Құрметті Азаматы атанып, Махамбет сыйлығына ие болдым.

Екі рет Маңғыстау облысы Әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталдым.

Халқымның өткені мен болашағына арналған шығармашылық еңбектерім маған ақын, жазушы, драматург, этнограф деген атақтарын да жапсырып жатты. Мен бұларды мақтану үшін айтып тұрған жоқпын. Мен бұларды осы 15 жылда мен секілді талайлардың, осы алаңда тұрған сіздердің төккен терлерің елімізді ел қылды деу үшін айтып тұрмын.

“Өсер елдің баласы бірін-бірі батырым дейді” депті бабаларымыз. Сол бір аумалы-төкпелі заманда Қазақстаным үшін деп, қазағым үшін деп талай кісі қуаты мен күшін, талабы мен талантын сарқа жұмсап, елімізді осы дәрежеге жеткізді.

Соның арқасында қазақ халқының басына бақыт қонды. Сол зор бақыт қалай баянды болды дегенде, Аллатағалаға айтар зор рахметіміз бар. Ол – аумалы-төкпелі қиын кезеңде ел басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болғаны үшін айтар рахметіміз!

Қазақ халқының ең ұлтжанды, ең саясаткер, көргені мен білігі мол ұлдарының, қазақ халқының бақытына бола жаралған ұлдарының Елбасшысының қасынан табылғаны үшін айтар рахметіміз!

Сол азаматтарымыз Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Бұ күндерде Қазақстанды әлем танитын дәрежеге жеткізді.

Халқымыз “Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын” деген екен. Әлем саясаткерлері Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясаткерлігі мен мемлекет істеріндегі даналығы туралы тамсана да, таңдана  жазудан жалығатын емес.

Германия Сыртқы істер министірі Ганс-Дитрих Геншер “Президент Назарбаев қиын-қыстау кезеңде қарама-қарсы екі жақтың басын қосу үшін батыл бастамалар ұсынды.

Бұл өте үлкен мәселе, мұның өзі Қазақстан Президентінің жауапкершілігі мен мемлекеттік даналығының жоғарғы деңгейін тағы да дәлелдеп отыр”, деген екен, 2002 жылы.

БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннан: “Қазақстанның ТМД-ның басқа елдерінен айырмасы сонда, бұл елде бейбіт өмір мен тұрақтылық орнап, экономикалық өрлеу байқалады. Қазақстан түрлі ұлттар қатар өмір сүріп жатқан, этникалық саналуандық тартыстың емес, қайта татулық нышанына айналған мемлекеттің үлгісі бола алды” дейді.

Осыдан бір жеті бұрын Генри Киссенжер Американың Ричард Никсон атындағы орталығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Жыл Адамы” деп танылғанын, ол атақ алдымыздағы жылдың қаңтар айында ресми түрде Нұрсұлтан Әбішұлына тапсырылатынын жеткізу үшін Қазақстанға келіп кетті. Әлемнің ең сұңғыла саясаткерлерінің бірі Генри Киссенжер соңғы жылдарда Қазақстанда зор экономикалық серпіліс пен саяси ілгерілеушілік бар екендігін әлем мойындап отырғанын айта келіп, журналистерге берген сұхбатында “Мен сіздердің Президентіңіз бен халқыңызды үлкен жеңісімен құттықтаймын” деген еді.

Сол үлкен жеңіс біздердің шүкіршілігіміз бен қанағатымыздың арқасында орнап отыр. Міне бүгін өмір бойы басқалардың тарихын оқып тамсанып,  әдет-ғұрпына табынып, солар тойын тойлап қуанып келген Қазақ даласы енді өз төл мейрамдарын қарсы алатын болды. Бүгін   еліміз шексіз қуанышқа бөлене, байтағын шаттықа толтыра  мынау алаңға жиналып жатыр.

Қазақ халқының қанағаты мен шүкіршілігі өз нәтижесін беруде. Жеріміз де, еліміз де жылдан жылға ілгерілеу сатысына өтті.

Қай заманда да елі үшін басын қауіпке тігетіндер болатыны секілді, билікке құмар жандар да кездесіп жатады. Ел бақыты өздерінің сондайлардың қайсысының соңына еретініне байланысты. Кейбіреулері “елім-жерім” дей тұра, дұрыс жол таңдай алмай адасып та жатады.

Ел басына бостандық алған шақта, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жас мемлекетіміз алғашқы жеңістерін тойлап үлгермей, кейбір азаматтарымыз билікке талас атты, саяси ойындарына кірісіп кетті.

“Елімнің табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін” дей алатындарға өкініштісі  билікке құмарлардың билікке таласуы емес, солардың желсөзіне кейбір санасы қалыптаспаған жастарымыздың еретіні.

Бір-екі мысал келтіре кетейін. Өткен жылы Парламент сайлауы кезінде еліміздің ең жоғарғы басшылық баспалдағының үшінші баспасында тұрған Мәжіліс басшысы Жармақан Тұяқбай, Маңғыстауды аралап, елмен кездескен жиындар кезінде жалынды сөздерін айтып, “Отан” партиясының ұсынған кандидаттарына дауыс беруге шақырып, елді алауыз болмауға шақырып кеткен болатын.

Дәл бір айдан соң Жармақан мырза өзінің кім екеніне өзге түгіл өзі де баға бере алмайтын мінез көрсетті. Өзін өмірге келтірген халқына, өзі құрысқан партиясына, соншама жылдар бойы нң жоғары лауазымда қызмет атқарған мемлекетіне қарсы шықты. Олардың сенімінен аттап кетті.

Сол қылығымен ол нені дәлелдеді? Сол қылығымен ол бізге бар өмірін жалғандықпен сүріп келе жатқандай боп көрінді. Осы уақытқа дейін сөйлеген сөздерінің  ешқашан сеніммен емес ішкі бір есеппен айтып келе жатқандай боп көрінді. Ондай кісілерге ел ноқтасын қалай сеніп тапсыруға болады?..

11 қазан күні  “Орталық сайлау комиссиясы” барлық Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға, оларды қолдау жөніндегі сайлау алдындағы штабтарға “Үндеу” жариялады. Үндеу барлығымызды да сайлауды заңға сәйкес өткізуге, біреуді орынсыз қараламауға, бір-бірімізге күш көрсетпеуге шақырды.

Елімізді демократия мен заңдылыққа, халқымызды бейбітшілік пен келісімге шақырған сол үндеуге Жармақан Тұяқбай жақтастары өз үндерін қоса алмайтындығын мойындады.

Бұл не деген сөз?

Бұл олардың өздерін жақтаушылар мен сөзіне еріп алданушыларды арандатудан, бей-берекетке апарар қозғалыстар ұйымдастырудан тайынбаймыз дегенді сездіргісі келгендігі болар деп ойлаймыз.

Міне осы айтылғандар ел ішіндегі азаматтық, саяси санасы қалыптасып үлгермеген, азғыруға ергіш адамдарды өз мүддесіне пайдаланғыштар, елді көбік сөзді көпіртіп айдап салушылар халықты өзіне-өзі қарсы жұмсатуға дейін апаруға мүмкін екендігінің мысалдары.

Сондайлардың қырсығынан бауырларымыз қырғыз бен өзбек елдері әлі күнге тыныштала алмай отыр. Кеше ғана көшеге шыққанын ерлікке санаған украиндар мен грузиндер өкінішпен сандарын соғуда.

Біздің “Ақжолшылар” Киев алаңынан “Украиндар, қазақ халқы сіздермен бірге!” деп ұран тастағанда, мен әлгі даңғазаның өтірік те, көпірме сөзі үшін ұяттан жарала жаздағанмын. Оған менің атымнан, сіздердің атыңыздан, қазақ халқының атынан сөйлеу құқын кім беріпті?

Бүгін осы алаңға, “Ынтымақ” алаңына жиналғандардың көпшілігі жастар екенін пайдаланып, жасымның ақыл айтар жобаға жеткенін бұлдап, мынау Ұлы мерамымызда, айналайын жас ұрпақ, адал ниеттеріңмен Аллатағаладан Отанымызды мекен ететін халықтардың татулығын тілей жүріңдер демекпін!

Саяси өмірге ең дұрыс көзқарас – “Республика тәуелсіздігі мен халық тыныштығы, Қазақстанды мекендейтін ұлттар достығы үшін еңбек ету, байтағымызды мекендеп отырған сан түрлі дінге табынатын ұлттардың бір-біріне төзімділігін мойындау дер едім.

Айналайын ағайын! Саясат шатағы мен діни қақтығыс ұйымдастырудың басты мақсаты соларды уағыздаушылардың үкімет билігін алу жолындағы ең бір масқара құралдары екенін түсінсеңіздер екен деймін.

Қазақстанда дінге табынушылардың алғашқы сьезі өтті. Бір жеті бұрын “Төзімділік арқылы – рухани келісімге!” ұранымен діни ғылыми-практикалық конференция өтті.

Президентіміз Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында Қазақстанымыз тек қана экономикада емес, дін аралық түсіністік мәселесінде үлкен жетістіктерге жетті. Оны бар әлем мойындап отыр.

Елбасымыз будда мен мұсылман арасын, христан мен католик арасындағы мәселелерді рухани келісімге келтіремін деп қаншама тер төгіп, әртүрлі діндегілерді жарастырып әлек болып жүргенде, кейбір азаматтарымыз Қазақстан мұсылмандарының діни түсінігін тәлккеке салып, рухани араздық жолына, түсініспеушілік жолына, сол арқылы діни алауыздық жолына іліктіруге тырысуда.

Сондықтан да құрметті бауырлар! Жолдарың болғыр жас ұрпақ! Еліміздің тәуелсіз туы мәңгі желбіресін десек “Халық бақыты – елдің ауыз бірлігінде”  деген қаситті түсінікке ойымыз бен санамызды бағындыра тірлік етуіміз қажет.

Ел тұрмысының жақсаруы, мемлекет қуатының артуы революцияда емес, эволюция жолымен дамуда екенін тарих дәлелдеп берген. Революция төңкеріс, барды тәркілеу деген сөз.

“Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді” деген қазақ халқының ғажап даналығын мойындағандар ғана, “Береке-бірлік” деген рухани қазынаға құмарлар ғана ұлттық мейрамдарын бүгінгідей салтанатпен, бүгінгідей жарқын жүзбен қарсы ала алатын болады.

Құрметті жерлестер мен қала қонақтары!

Республика күнімен тағы да құттықтап, барша халқымызға бірлік, тұрмыс-тіршілігімізге береке, өздеріңізге  денсаулық тілеймін!

 

 

                            

 

Запись опубликована в рубрике Ұлт болмысы. Ана тілі. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.