Оғландыдағы Бекет Ата мешіті

 

          Маңғыстаудың Ойында 360, немесе 362 Әулие деген сөзбен рухымызды ұшпаққа шығарып, көп ортасында бұтқа тола, сол әулиелердің біріндей-ақ қоқиланып келген Маңғыстаулықтар – мына мақаланы жазып отырған біз бен оқып отырған сіздерсіздер.       

         “Әулиелі Маңғыстау” сөзі бұ күндері қазақ халқының, әсіресе, қазақ зиялыларының көкірегіне мықтап орнығып, сол әулиелерді түгендеп бас-аяғына бармаса да, ең болмаса біріне соғып зиярат етіп кетуді алдындағы өмірлік бір мақсатындай санайтын халге жеткен.                                  

         Аруаққа бас иіп құрмет көрсетушілер басы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болып, атын кез-келген қазақ баласы білетін Байтағымыздың барлық атақты азаматтары қасиетті Маңғыстау топырағын басқан.

         Сол қасиет тұтқан бабалар ортасында Бекет Ата аты біздерге ерекше естіледі. Бекет Ата атымен біздің бар жақсылығымыз өмірге келіп, бар сәттілік қадамымыз басылып жатқандай. Заманның ала-құйын кезеңіне тап болған бұл ұрпақ, Жаратқанға жалбарынуға алған тәрбиесінің олқылығы әсер етіп, ана сүтімен жан-тәніне сіңген тәрбие-білімі назарын басқа жаққа бұрып кетіп, ал ештеңеге сенбей-ақ өмір сүруге кейде жасырын, кейде ашық үгіттеліп келген жоғарыдағы Ұлы Күш иесі барлығы және күнде ата-аналары аузынан тастамайтын “Бекет” аты ғана тағы бір жолға бастағандай болып әрі-сәріге түскендей болған жағдайы бар. Қалай болғанда да Адайларды Маңғыстаудан, Мағыстаулықтарды Бекет Атадан бөліп қарау мүмкін емес. Енді бұ күндері Бекет Атаны бүкіл қазақ баласынан, бүкіл мұсылман дүниесінен ажырата алмас дәрежеге жеткендейміз.

         Атамыздың кіндік қаны тамған жер – Ақмешіт. 1998 жылы сол жерде Ақмешіттегі жаңа ескерткіштің ашылуына байланысты үлкен ас берілді. Ата туралы жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

         Мен Қазақстанның біраз жерлерінде болып, көптеген әулиелер басында болған жанмын. Әрине, Қожа Ахмет бабамыз үлкен жолдың бойында орналасқан, данышпан ғұлама, артында жазба өсиеттері мен асыл сөздері қалған қасиетті жан. Бір сәтке де басы құрғамайды. Арнайы келгені бар, жолшыбай соққаны бар – зиярат етушілер жетерлік. Ал Бекет бабамыздың – Хорезм мен Түркмен жерінен 400 шақырым, Атырау мен Нөкістен – 500, Ақтау мен Ақтөбеден 300 шақырым жол жүріп, Орал, Қызыл-Орда, Шымкенттен, тіпті шет елден сапар шегіп, тек қана “Желей гөр Ата, жебей гөр Ата” деп жалбарынып қайту үшін соншама шығындануы еш жерде кездеспейтін жағдай.

         1992 жылы Бекет Ата басына ас беріп жатқан кезде маңғыстаулық емес бір молданың “Елдің жағдайын ойласақ, жол жағдайын ескерсек Атаға берілер ендігі асты Ақтауда ұйымдастырғанды дұрыс деп есептеймін” – деген жанашырлық сөзінің арты үлкен дауға айналған болатын.

Елдің Бекет Ата басына баруға құмарлығы неліктен?..

Неге адамдар осы жолдағы шығын мен жол ауырпалығынан қашпайды?..

         Бұл құбылыс себебін дәл басып айту қиын болар. Тек қана барлық пендеде болатын “жан” деген нәзік заттың, ертеңгі күні Алланың өзі қайтып алар, көзге көрінбейтін, ертеңгі күнi рухқа айналып кетер, пенде билігіндегі емес Жаратқан билігіндегі бір құпия, адам үшін ерекше тәтті, ерекше қажет нәрсе бар екенін мойындай қажет болар.

         Қарын қамын жақсылы-жаманды күн сайын қамдап жатырмыз. Ал сол рух, сол жан қамын қалай қамдауға болар?.. Бұл сұрақ, әрине, сәл қиындау.

        

         Жан мұқтажын әр адам әртүрлi қамдайды. Бiрi жоғары мансапқа жетiп, сол арқылы жанын рахат сезiмiне бөлесе, екiншiлерi сол мансап арқылы елi мен жерiне көбiрек тер төгiп, содан жан мұқтажын өтейдi. Бiреу жинаған миллиондарын қызықтап, соның буына мастана, жанына ендi ештеңенiң қажетсiздiгiн сезiне рахат тапса, ендi бiреулер қолынан келген сәл қайырым көмегiн аямай, сол арқылы жанына тыныштық тауып жүр. Бiреулер қатыгездiктен тапса, бiреулер қанағаттан тауып жүр.

         Бәрi де қолдарынан келгенше жан қамын жасайды, өз мүмкiндiгiнше жолын табады. Ал жанын қамдаудың жолын таппаған кiсi -  ол болашақсыз жан. Олар өздерiн өздерi өлтiрiп тынады.

         Осындай қиын кезде жанға медеу болар бiр Қасиет, бiр Құдiрет бәрiне де керек. Мәселенi осылай алып қарағанда Бекет-Ата мешiтiнiң бұ күндерi бүкiл елге тигiзiп жатқан рухани әсерiн, олардың жан-қоржындарына әрбiр барған сайын қаншалықты азық толтырып жiберiп жатқанын есепке алу мүмкiн бе?…

         Жақын арада мен Бекет-Ата басына екi күн қонып қайттым. 5 наурыз күнi бiз түнеген үлкен бөлмеге 52 адам қонып шықса, келесi күнi 34 адам жайғасыпты. Күндiз зиярат етiп қайтып жатқандары қаншама?…

         Аруаққа бас иушiлер – олардың адам рухына қайрат берерiн, адам жанына iзгiлiк нәрiн дарытып, пендедегi қалғып кеткен қанағат сезiмiн оятар күшiн байқағандар. Ең болмағанда Ата басына барамын деп ниет еткеннен бастап барып қайтқаннан алған әсерлерi тарқағанға дейiнгi оншақты күн бойы сол кiсiнiң жанындағы сезiмi өзiне үлкен олжа емес пе?…

         … Ендi, бiздерге әлгi айтқандай күш берiп жатқан Атамыздың мүрдесiне пана болып тұрған, бiр заманда Бекет Ердiң, Бекет Пiрдiң, Бекет Әулиенiң қолына қайла алып, Оғландының шыңынан құлап түскен бiр жартастың денесiнен ойып жасаған мешiттiң, құран сөзiмен айтқанда “жердегi Алла үйi”-нiң жағдайы қандай?… Пiр Бекет қолымен тұрғызылған Алла үйiне адамдар қандай қамқорлық жасап жатыр?…

         …Мүмкiн, менi, төмендегi айтылар сөздерiм жақпай қалған бiреулер, жалған жоба жасап, Ата мешiтiне төнiп тұрған ешқандай қауiп жоқ деп анықтама берiп жүргендер, тiптi сол бiр табиғаттың бiр шоқысының құлаған құламағанында шаруасы жоқтар.

-         Сайын деген қай жақтан шыққан пәле?…

-         Елдiң үрейiн алғандағы мақсаты не?…

-         Өз басына пайда iздеп жүрген бiреу ме?… деуi де мүмкiн.

Бiрақ, маман  ретiнде көзiм жеткендiктен, құлап түсуi мүмкiн тастың орнына қайта қойылмайтындығын түсiнгендiктен, тарихи құжаттардың, тарихи сәулет ескерткiштер бағасының ешқандай ақшамен өлшеуге болмайтынын  бiлгендiктен, бәрiнен бұрын астындағы тiреу топырағы мүжiлiп таусылған жартас-мешiттiң ғұмыры, бiздер үшiн, Маңғыстаулықтар үшiн ең қымбат нәрсенiң бiр-ақ сәтте жойылып кету қаупi болғандықтан, мен:

-         Аттан, аттан, Маңғыстаулықтар!… Ата мешiтi соңғы сызығына

 жақындап қалыпты! Ендi кешiксең кеш қаласың! – деп ұран саламын.

         -   Егер тез арада ақылға сияр шара қолданбаса Бекет-Ата мешiтiнiң жақын арада 150 см –дей жерi үзiлiп түседi…

         Мен Ата басына үш жылдан берi соқпаған екенмiн. Сол үш жыл iшiнде мешiт жартасына тiреу болып тұрған кебiр топырақ iргесi тағы да бiр метрге жуық  жалаңаштанып, бұрынғы iрге тас қызметiн атқарып тұрған кебiр астынан жаңа тасқа айнала бастаған саз қабаты көрiне бастапты. Бұдан үш жыл бұрын iргетас (фундамент) қызметiн атқарып тұрған кебiр топырақ бойында жарқашақ жоқ едi, ендi әртүрлi бағытта сызаттар түсiптi.

         Мен құрлысшымын. Бiр кездерде Москва Үлкен айналым жолының бойында қалған, сәулет ескерткiшi деп есептелiнетiн төрт этажды үйдi 450 метр жерге жылжытылғанын өз көзiммен көргенмiн. Жаңа Өзен қаласының iргетасы мүжiлiп, отырып кеткен үйлердiң iргетасына қосымша күш берiп, бiраз үйлер ғұмырын ұзартқан құрылысшымын. Түрiк құрлысшылары Қожа Ахмет Яссауи ғимаратының iргетасын қайта жасағанда әдейi екi күн қасында болғанмын. Маған сенулерiңдi сұраймын.

         Бекет-Ата мешiтiнiң басында екi бағытта жұмыс жүрiп жатыр.                  Бiрiншiсi – қонақтарға жағдай жасау. Бiздiң бұл жұмыстарды ұйымдастырып жүрген кiсiлерге айтар рахметiмiз мол.

Екiншiсi – Иманғали Тасмағамбетов Мәдениет Министiрi кезiнде Бекет-Ата мешiтiне бөлген 40,0 млн. теңге қаржыны iске жарату шаралары. Бұл қаржының қаншасы жұмсалды, не iстелiндi – бiлмеймiз. Бiрақ құрлысшы ретiнде мен сол қаржыдан мешiт ғұмырын ұзартарлық әлi күнге бiр де бiр теңге жұмсалмағанын дәлелдей аламын.

 

         Жасалынып жатырған барлық iзгi ниеттi қайырым көмектер, жұмсалып жатырған мемлекеттiк қаржылар, жеке адамдар садақасы – бәрi де күндiк шаруаға, уақытша тiрлiкке жұмсалып жатыр.

         Менiң осы мақала арқылы елге айтпақ ойым, ойым емес, жан айқайым, ендiгi жерде барлық шаруаны, барлық ниеттi, барлық Бекет-атаға арналған қаржыны бiр мақсатқа арнау. Ол мақсат аты-мешiт ғұмырын ұзарту…

 

Запись опубликована в рубрике Өнер. Кесенелер. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.