Наурыз мейрамына

 

Әлемде сан түрлі ел бар. Сол елдерде сан түрлі халық бар. Солардың өздеріне тән сан түрлі мейрамдары да бар.

Солардың ішінде, біздің ойымызша,  ең орынды, ең қасиетті мейрам – Наурыз мейрамы болар!

         Табиғат пен тамырлас, жаратылыс пен үндес нәрселердің бәрі де қасиетті. Сондықтан олар халық көкірегінен мәңігі орын алады, ешқашан жадынан жоғалмайды.

         Біздің түркі халықтарының, жалпы шығыс елдерінің көпшілігі Жаңа Жыл деп қабылдайтын Наурыз мейрамы солардың бірі. Табиғат пен тамырлас, жаратылыс пен үндес жатқан құбылыс.

         300 жылдай бұғауда, 70 жылдай құрсауда болған еліміз егемендігін алған шақта, қазақтығымызды қалпына келтіреміз деп алғашқы есімізге алғанымыз 22 Наурыз болуы тегін емес болар.

         Әлі есімізде: Алғашқы тойлар… Наурызға тігілген алғашқы қазақтың киіз үйлері… Аламан бәйгілер…

         Содан бері 15 жылдай уақыт өтсе де Наурыз күннен күнге, жылдан жылға өз қадір-қасиетін арттыра түсуде.

         Міне Қазақстанымызға сол Ұлы Мейрам, қазақтың ең Ұлық күні Күн мен Түннің теңелген күні, жарықтың қараңғыдан ілгері түсер кезі тағы да елімізді қуанышқа бөлегелі келіп қалыпты.

         Мейрам құтты болғай, бауырлар!

         Наурыз  шаңырағымызға шаттық ала келгей, ағайындар!

         Биылғы Наурыз қазақстандықтар үшін ерекше кезеңге сәйкес келіп отыр. Ерекше кезең дейтініміз, Президент сайлауының нәтижесі көрсеткендей, халқымыз – ауызбірлік деген қасиетті межеге бет алғанын байқатты!

Қазақстан халықтарының – Елбасына деген сенімі мен болашаққа деген үміті бір арнамен қосыла ағар шағына жетіпті!

100 кісінің 90-нан астамы өздерінің бақытты болашағын тек қана Елбасының саясатынан іздеуде!

Бұның аты –  елдің ауызбірлігі!

Сондықтан да мен бүгін осы ұлы мейрам күні барлығыңызды сол ауызбірлікке бет алғанымызбен де құттықтағым келіп отыр!

Аузы бірлер Алла Тағаланың рахымына бөленбек!

Елі тыныш болмақ, халқына бақыт орнамақ!

Әр пенденің де арманы сол болар!

Жаңа Жылымыз қуаныш пен шаттықтың, келісім мен ауызбірліктің  жылы болғай!

                                               Сайын Назарбекұлы

                                                        03.03.06. Ақтау.

 

8-Наурыз әйелдер күні!

 

         Жас кезімізде 8-Наурыз күнін асыға күтіп, сол күнге орай бір кісіге алыста болса сағынышты хат жолдап, жақында болса бар құрметімізді көрсетіп жататынбыз.

         Енді жас жетіп әйелге деген сүйіспеншілік сезімінің орнын басқа сезімдер ала бастаған шақта біз “ана бақыты” деген сөз тіркесіне мән беретін болдық.

         Ана атына қай заманда да құрмет көрсетіген.

·        3 қыз өсіріп, отау тіккізген ана ұжмаққа барады дейді…

·        Бала анасын Қағбаға үш рет арқалап барса да ана сүтін өтей алмайды дейді.

·        Әуелі кімді құрмет тұтқан дұрыс деп сұраған кісіге Пайғамбарымыз “әуелі анаңды” деп үш рет қайталап барып, сосын “әкеңді” деген екен.

Барлық жігіттердің, барлық әкелердің, барлық нәрестелердің сүйіспеншілік сезімінің қозғаушысы болып тұрған, соны оятып берер Ана деген халық қашан да, қай елде де құрметті.

Мейрамдарыңыз құтты болғай ардақты аналар!

Көктем мейрамдарың сіздерге де зор сезімдер сыйлағай құрметті қыздар!

Елімізде ерсілеу естілетін бір мәтел бар. “Қапияда қатын табады” депті бабаларымыз. Бірақ қатын сөзі ол заманда басқашалау түсінілген болар. Сол сөздің растығын кеше ғана еліміздің басына түскен аз күнгі қиыншылық дәлелдеп берді. Сол кезде аналарымыз бен қыздарымыз ала қапшығын арқалауға арланбады. Бізді, ерлері мен балаларын аман-есен қиын кезеңнен алып шығуға еңбек етті.

 Осы Ұлы мейрам қарсаңында мен ұл-қыз өсіріп отырған барлық аналарға, ұрпағымыздың болашағы қыздарымызға сүйіспеншілік сезімімді білдіре отырып, ей, Алла Тағала оларды бақытты ете гөр деп тілек тіледім!

Өсірген ұрпақтарының бақытын көрсете көр деп тілек тіледім!

 

                                                   Сайын Назарбекұлы

                                                            03.03.06

                                                            Ақтау

 

 

Запись опубликована в рубрике Ұлт болмысы. Ана тілі. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.