Мен кіммін

 

         Ұлы Абай бір сөзінде «Атаның баласы адамзат жауы» десе, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген екен екінші бір ой толғағанда. Абай дананың осы сөздерін зердеден өткізе отырып, «қай ұлттың баласы жақсы, қай ұлт әлемдік үйлестікке көп үлес қосып еді» деген ойға кетіп қалады екенсің.

         Әлемдік мәдениетке, әлемдік үйлестікке қай ұлттың қанша үлес қосқанын есептеп шығу мүмкін емес секілді. Бірақ осындай ой үстінде кейбір ұлттар адамзат баласына келтірген жақсылығынан бұрын келтірген қасіреттерімен еске түсе бастайды екен. Тарихта аттарын қалдырған кейбір зұлымдықтар туралы ойлап қарасаң мен сол елдің азаматымын деп айтуға жүрексінетіндейсің. Құдайға шүкір, әлемге сондай атын қалдырмаған мен қазақ ұлтының баласымын.

         …Мен ағылшын емеспiн…

         Құдайға шүкiр, әйтпесе Африка жағасынан кеме трюмiне мыңдап тоғытып, жолда жартысын қырып, Америкаға құл етiп сатқан жазықсыз жандардың қаны мен обалы, содан барып «Бұ дүние» мен «о дүние» алдындағы, ата-баба мойынындағы кешiруге болмас күнәсi менi тыныш ұйықтатпас едi…

         …Мен американдық емеспiн…

         Егер мен ол елдiң азаматы болсам – жерiн иемдену үшiн елiн жер бетiнен жоқ қылып жiберген, бұ күндерде жұрт есiнде заты түгiл аты да қалмаған сорлы елдердiң, жазықсыз мерт болғандарының рухы маған ой ойлатып қоймас едi…

         …Мен немiс емеспiн…

         Құдай сақтасын! Олар Жер бетiнде екi рет дүниежүзiлiк соғыс ұйымдастырған, жүздеген миллион жандар жанын жаһаннамаға жіберген, адамдарды көміп те, өртеп те, улап та үлгере алмай әлекке қалған ел емес пе еді. Ол елге арналған әлем қарғысы маған жұрт бетiне тура қарата қоймас еді …

         …Мен француз емеспiн…

         Олай болған жағдайда орыс ормандарында үсiп өлген ата-бабаларымның мұз денесiнiң ызғары менiң сай сүйегiмдi сырқыратып, жаныма тыныштық таптырмаған болар едi…

         …Мен орыс емеспiн…

         Әйтпесе аталарымның соңғы үш-төрт жүз жыл iшiнде қол астындағы 200-ден астам ұлттың тең жартысын  тарих бетiнен жоқ қылып жіберген ел өкiлi деген атпен өмiр сүрген болар ем…

         Жарайды басқалар мінін біраз шұқыладық. Сонда мен кіммін?

         …Мен – қазақпын…

         Мен сол үшiн мақтанышпен: “Мен – қазақпын!”, – деп кеудемдi соға аламын ба?.. Жоқ, соға алмайды екенмiн…

         Басқалар iрi жыртқыштардай басқаны жесе, мен қорқаулардай өзiмдi-өзiм жейтiндерден екенмiн. Бiреу айтақтаса болды, алдымдағы “қазақтың ханы ма”, “қазақтың қарасы ма” – маған бәрi бiр, жағасын жыртуға, өңiрiн айыруға даяр екенмiн.

Бұл сөздер, негiзiнен, “қазақ зиялылары” дегендерге арналып отыр. Олар iшiнен қазақ тiлiн менсінбейтіндер, қазақ елiн кемшін көретіндер  шығады да жатады.

Солар Елбасы мен Өкіметті, атағы шыққан жақсылар менен жайсаңдарды жазғырады да жатады.

Солай ойлап қана қоймайды, өздерінің ұлтқа деген сатқындық істері мен ойларын дәделдеу үшін халқымыздың не бір қасиетті әдеттері мен қағидаларын да қара есекке теріс мінгізуден жалықпайды.

Бiреулер  қазақ халқын елдiкке шақырған бiр мақаласын бастыра алмай, әлекке түсiп жатса, олар қазақты бiр-бiрiне айдап салудың неше түрлi айлаларын баспа сөз беттерiмен жүзеге асырып жатады…

Содан барын қазақ халқының ұлттық болмысы қайда, қазақ халқының ұлттық бет-бейнесі қандай деген сұраққа жауап іздейді.

«Ойлар, ойлар…» жалықтырып жіберсе, мен Сіздерге «Өлең-өмір» дәптерімнен бір өлең оқып берейін.

   

«Ойлар, ойлар…» дәптеріне қайта оралып, ойларымызды жалғастырып көрелік…

Халық ынтымағына сына қағушылар арқасында:

         …Алдына келгенге әкесiнiң құнын кешкен қазақтар ендi бір-бірімен ақыреттiк жаулыққа кетiскен…

         …Кеше ғана аталарымыз мәрттіктің шыңына шығып, жаяу келе жатқан бейтанысқа астындағы атын түсiп берген болса, ендi солардың ұрпақтары көршi қорадан мал ұрлайтын болыпты…

         …Сүйінбай ақын заманында “желiсiнде жетпiс аруана боталаса маңдайы тайпақ кедей деп күлетiндер” ендi қызы көркiн сатып, жiгiтi өнерiн сатып күн көрерлiк халге жетiптi…

         …Бiр ауыз сөз арына тиiп, өзінің қате басқан бір қадамына өкініп ұяттан ел асып, жер асып кететiн қазақты  ендi ел болып ұялта алмайтын халге жетiппiз…

         …Сонда мен “мен – қазақпын”, – деп қалай мақтануға болады…

         …Сонда ертеңгі ұрпақтың қазақылық болмысы мен ұлттық бет-бейнесі өз атақтарына сай болып қала ала ма?..

Осылар туралы ойланбай қалай тыныш ұйықтай аламыз?..

Ау қазақтар! Ау ағайындар! Ау қарындастар мен қандастар!

Осылар туралы неге ойланбасқа… Неге ой қоспасқа…

         …Мен – адаммын…

         Бiрақ «мен адаммын» дей алатындар бұ заманда неге бар жаратылысқа, мынау ғажап әлемге  жарқын жүзбен қарай алмайды?..

         Қалай қарасын? Өскен, өркендеген елдерiмiздiң тарихтағы iздерi әлгiдей болса, жетiсемiз дегендердiң бүгiнгi тiрлiгiнiң мысалы қазақтардай болса…

 

         Осыларды ойласаң Ұлы Жаратылыс алдында, Алла тағаланың алдында “Мен – қазақпын!”, – деп қазақ халқының перзенті екеніңді  алға тартып, көкірек соғуға әлі ертерек секілді.

         Осылар туралы ой қозғасаң “Мен – адаммын!”, – деп, Аллатағаланың махаббатпен жаратқан еңбегін адамгершілік қасиеттеріммен ақтап жүрмін деп те бұлдана алмайтын секілдіміз…          Біреуді біреу мақтағысы келсе “Кісі екен!” дейді.

         Сонда “Кісілік” дегеніміз не?

         Біздің ойымызша кісілік деген адам бойында көрсеткіш болмайды. Ол әр кісінің басқа кісілермен қарым-қатынасы арқылы анықталады, байқалады. Біз кісінің басқа кісілермен қандай қарым-қатынаста болатынын санап көрелік

 Біріншісі — кісінің мемлекет басшыларына деген көзқарасы;

Екіншісі — әкесі мен баласы арасындағы;

Үшіншісі — ағасы мен інісі арасындағы;

Төртіншісі –ері мен әйелінің арасындағы;

Бесіншісі — кісінің достарымен қарым-қатынасы;;

Алтыншысы -Кісінің бейтаныстарымен…

Жетіншісі – ең бастысы, кісінің өз мемлекетіне деген пікірі

Осы арақатынастардың мөлшері кісінің кісілігін анықтайды.

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Ойлар……. Ойлар…………. дәптері. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.