Мен айтпасам кім айтады

 

                                                        

Ұлтты ұйымдастыру мәселелеріне

           

            Қазақ халқының далалық, дарқандық болмысы өзінің ұлдарын асықпауға, ертеңге сенімді болуға дағдыландырған. Олар “ертең де күн бар ғой” мәтелін өте жиі айтып, үнемі пайдаланып үйренгендер. Ол сенімі кезінде оларға жақсы, бейбіт өмір сүруге, сәл нәрсеге тарылмауға көмегін тигізген де болар. Бірақ біздің дәуіріміз басқа дәуір. Сондай сенімдер мен нанымдарға арқа сүйеуге болмайтын дәуір. Егер осыдан жиырма жыл бұрын қазақ тұрмысында осындай өзгерістер болуы мүмкін екендігін болжай алғандар бар ма десе мен “жоқ” деп жауап берер едім. Біздің жастарымыз айшылық жолды алты аттап өтетін дәуірге кезікті. Сондықтан “ертең де күн бар ғой” философиясы пайдаланудан шығып қалуға тиіс.

            Біздер бұ күндері ата-баба өнегесін жоғалта бастағанымызға өкінеміз.

Ана тілімізді ардақтай алмағанымызға ұяламыз.

Ұтымызды ұлт есебінде жоғары баспалдаққа көтере алмағанымызға намыстанамыз.

Мүмкін, қалпымызға қайта келерміз деп, ертеңімізден үміттенеміз, жөндемек боламыз.

Ертең жөндуге уақыт жоқ, өйткені аранын ашып жаһандану атты айдаһар келеді. Жаһан айдаһары сен орыссың ба, қазақсың ба, шұршітсің бе таңдап жатпайды, жұта салады.

Оның демі бүгін-ақ сезіле бастады. Оның аузына қазақтың біраз білікті азаматтары жұтылып кетті.

Ұлттық намысы оянбаған кісілерге әлемдік жаһандану процесі нағыз таптырмайтын, арман етері болып тұр. Олар тілін де, дінін де, болмысын да өзгерте салуға қиналмайды. Олар отансыз да өмір сүре алады екен.

Ал ұлтжанды азаматтар – кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол қағидасын ұстанатындар.

Уақыт туралы түсінікті, өлшемді бүгінгі өлшемге сәйкестендіру – саналар әрекеті. Елбасы айтқандай: “Кеше ертеулеу болса, ертең кеш болып қалуы мүмкін” – өлшемі болуға тиіс. Бүгін істеуге болатын бір де бір шаруаны ертеңге қалдыруға болмайды. Өйткені заман басқа. Келе жатқан заман, егер ел ұйымдаса алмаса, ұрпақ ниетін бір бағытқа бағыттай алмаса, ұлтыңды да, жұртыңды да жұтып кетер заман.

 

 

 

 

 

 

            Ұлтты қалай ұйымдастыруға, бір ниетті етуге болар?..

         Әрине, бұл орынды сұрақ. Бірақ қандай да болмасын, бір шешімі бар деу қиын болар.

Дегенмен бұл мәселені шешу үшін ұлт адамдарының ортақ сүйікті нәрселері мен сәйкес көзқарастары, ортақ пікірлері мен қимас құндылықтары анықталуы керек секілді. Адамдар солар маңына топтасып, солар туралы пікірлесіп біріге түспек. Осы мәселелер туралы ойланатын ұлтжандылар сондай ортақ нәрселер мен құбылыстарды табуға ниеттенсе еңбектері жемістірек болар ма еді?..

Біз солай деп ойлаймыз.

Барлығына бірдей ортақ қызық болып көрінетін, бірдей қуаныш сыйлай алатын көріністер ғана адамдар басын бір жерге жиып, бір мақсатты ете алады.

Барлығын бірдей табынта алар қасиеті бар нәрсе ғана ұлттық намысты оятып, ортақ іске үлес қосуға ынталы ете алмақ.

Ұлт рухы мен жігерін жаңғырта алар қимылдар мен ұрандар ғана ел басын біріктіре алмақ.

Қазақ халқының жанашырлары, халқымыз осындай жол айырықта тұрған шақта, бұларды тек қана өздерінің ұлттық әдет-ғұрыптарынан, қазақты қазақ етіп қалыптастырған ұлттық болмысын еске түсірер үлгілер арасынан іздегенде ғана,  жоғына кездесер деп ойлаймыз.

Іздеп тапқандары баршаға ортақ қуаныш болып, ортақ сезімге бөлене алса жұрт бірін-бірі көргісі келер, қызықты бөліскісі келер, бір-бірін іздеп жүрер.

Әр сұраққа мың жауап, әр қимылға сансыз сын айтылар болса кездесе қалса ел бірігіп емес ұрысып тараспақ.

Қазақ халқы тойшыл халық дейді. Бабаларымыз неге тойшыл болды екен? Жауап дайын сыяқты. Той – елдің басын қосады.  Басы қосылғанда мәселелер шешіледі. Той – елге ортақ қуаныш сыйлайды. Қуаныш жандарын жақындата түседі. Ал біз не істедік. Сол тойды зерігу мен жабығу орнына айналдырдық.

Сондықтан да, тойлар жаппай  жабығу мен ортақ зерігу орны емес, ортақ қуаныш пен шаттық жиынына айналдыру керек.

Шапан сыйлап, телпек кигізіп кісі көңілін көтере алмайсың, сезім сыйлап көтересің.  Тост деп, тілек деп аталатын жалғанға жуық әсем сөз арқылы емес, ұлттық намысты қозғар ортақ қажеттілік арқылы адамдарды бір-біріне жақындата аласың, ұлт бірлігіне қарай қадам бастырасың.

Біз осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатындағы ізденістерден туған ойларды, той бағдарламасын және бір ортақ мұра бола аларлық қасиет белгісін көпшілік назарына ұсынып көрмекпіз.

 

 

1. Ұлттық намыс қақында

 

“Қазақ халқы ежелгі халықтардың бірі еді” дейді тарихшылар…

“Бар ғұмыры жермен бірге жасасып келеді” дейді енді біреулері… Рас болар… Өйткені қазақтар болмысының табиғатпен үндестігі, қазақи адамдардың ешкімді жатсынбайтындығы сол болжамдарды растап жатқандай… Әттең…

Қазақтар бұ дәуірге әдет-ғұрпы мен мәдениетінің түп нұсқасын емес, сұлбасын зорға жеткізе алды…

Қазақтар бұ заманға тілі мен өнерінен де жұтаң тартып, арып-ашып жеткен халық… Қазақтар Европа мен Азия кеңістігін тұтас елге толтыра, бір кезде айдындай шалқып, теңіздей толқып жатқанменен бұ күнде аз халықтар санатындағы халық… Ана тілін қалпына, ұлттық әдет-ғұрпын салтына келтіре алмай жатқан халық…

Сондықтан да “Мен – қазақ едім” дей алар кез келген азаматтың ұрпақ рухын көтеруге еңбек етуі, ұлт ынтымағын қалыптастыруға, мағыналы өмір сүруге жағдай туғызуға, қазақтық намысын оятуға тырысуға, береке-бірлік тәрбиесіне, жалпы алғанда ұрпағын “Мен – қазақпын!” деп мақтанышпен айта алар жағдайға жеткізуге  еңбек етуі қажет. Осы айтылғандарды парызым, борышым, өмірінің мағынасы деп түсінер кез жеткен секілді…

Бұл іс барлық қазақтың, барлық өнердің, барлық басшылардың міндеті. Ел үшін істелінген әр іс осы мақсаттармен тамырланып, ұлттық дәстүрден нәр алып жатса, қазақ ұлтының намысы жандана түспек.

            Алдарына осындай мақсат қоя алғандарға оған жетудің сан түрлі жолдары сайрап шыға келеді.

Солардың бірі тұтас қазақ даласын, әр ауыл мен қаласын, әр көшесі мен жол жиегін ұлттық нақыштар, нышандармен өрнектеп тастау…

Өзіміз бен қонағымызға, тұрғынымыз бен саяқатшымызға әлгі ұлттық нақыштар мен нышандар өзінің қазақ елінде жүргенін, қазақ даласында келе жатқанын амалсыз есіне түсіріп тұратындай етсе… 

            Бұл нақыштар мен нышандар ең алдымен қазақтардың өзі үшін еңбек етеді. Қазақтың ұлттық намысын қозғайды…

Ұлттық намысы жоқ адам бір қазақтың өзіне орысша сөйлегенін қайтсін…

Ұлттық намысы оянбаған жас өз тілін білмегеніне арланбаса не дерсің…

Ұлтым деп жаны ашымайтын адам ауыл қазағын көріп көріп, келекелеп күлмегенде не істесін…

 

 

2. “Рухани бірлестік Ордасы”

Көшпелі елдер символы, сан ғасырлар бойы әр қазақтың кие тұтар қасиетіне айналған қазақ киіз үйін осы еңбек авторы әлі де халқымыздың рухани бірлесуіне еңбек ете алады деп ойлайды.

 

         Егемендік алдық…

          Мақтан тұтар еліміз бар!

Қасиет тұтар Елтаңбамыз бар!

Қосылып айтар Әнұранымыз бар!

 

            Әрине, Елтаңбамыз бен Елұранымыздың, мемлекетіміздің  басқа да рәміздері мен белгілерінің  Қазақстан халықтарының рухани тұтастығына еңбек етері сөзсіз.

Солармен қоса барлық уақытта естен шықпауға тиісті бір ақиқат бар, ол мемлекетімізді Қазақстан Республикасы атандырып тұрған – қазақ халқы екендігі!

Олар, қазақ халқы, сан мыңдаған жылдар бойы “ағаш керегелі, киіз туырлықты” жарты жұмыртқадай, жарты жер шарындай үйлерімен байтақ даласын көріктендірумен келеді.

Дархан даласын бір сәтке де егесіз қалдырған емес.

Ағайындарын өкпеге қиса да, өлімге қиған кезі болған жоқ.

Тентектерін тезге салғанмен түрмеде шірітпеді.

Бас иіп алдына келгенге атасының құнын кешті.

Қонақжай еді!

Бауырмал еді!

Кешірімшіл еді!

Оған себеп – баяғы кезде байтақ далада тарыдай шашылып жатқан қазақтарды біріктіріп тұрар бір-біріне сәйкес қазақтық туыстығы, рухани үндестігі бар болатын. Солар бір-бірін іздетіп тұратын, бір-бірін сағындырып тұратын. Кездесе кеткенде бір-бірін жатсындырмайтын ортақ тілі мен мәдениеті, діні ділі болатын.

Қазақ халқы бауырмал ел еді. Кешірімшіл ел еді. Қонақжай ел еді. Тек қана бір-біріне емес жалпы адамзатқа тілектес ел еді.

Тұрмыстан тарыққанға “жарты құртын жарып” беретін!

Шаңырағы шайқалғанның уығын шаншып, үй көтеріп беретін! Перзентке зарыққанға өз бауырынан суырып бала салатын!

Содан барып қазақ халқы рухани үндес болды!

Содан барып бір-бірінің тілегін тілегіш болды!

Аузын ашса “шаңырағың шайқалмасын” деп бата беретін!

Шаңырағының шайқалмауы үшін шаңырағын көтерісіп, уығын шаншысып көмек көрсететін…

Цивилизация мен техника ғасыры қазақтардың киіз үйінің тұрмыстық қажеттілігін шектей бастағанда киіз үй де қазақ тұрмысынан, қазақ болмысынан алыстай бастады.

Сондай өзгерістердің біразы жиналып жалпы қазақ ұлтының болмысына өзгерістер енгізуі заңды құбылыс та шығар. Өйткені қазақтар ондай өзгеріске дайын болмайтын. Содан барып қазақ халқының қазақтығы көмескілене бастады…

Біздердің міндетіміз –  осы құбылыс туралы ойлану, болмысқа түскен жарықшақты  одан әрі ұлғайтпауға тырысу…

Жаратушының құдіретімен тіршіліктің сан ғасырлар бойы ауыр да, тауқыметті жүгін арқалап өткен бұ халықтың өз бет-бейнесін, өз ұлттық болмысын сақтап қалуы тек қана қазақтарға емес дүние жүзілік тарих пен әлемдік мәдениетке де керек.

Осындай пікір мен толғаныстардан әртүрлі ойлар туындайды.

Сондай ойлардың бірі – барлық қазақ қабылдай алатын, қазақ халқының болмысына тән үрдіс, ырым бола алатын бір ауыз сөз қажет, қасиет тұтар зат керек…

Сол сөзді айтуды, сол ырымды орындауды әр қазақ өздеріне міндет, парыз санайтындай болса…

Әр қазақ соны орындағаннан ләззат сезіміне бөлене алса…

Соны істеуге тәуелді болғандай болып жүретін, бірақ дүниелік емес, рухани түрде тәуелді болып жүретін іс болса…

Осы ой бізді ұлтымыздың болмысына жақын, бар қазақтың ұлттық әдеті бола аларлықтай, бәріне ортақ, бір істі қалай тауып беруге болады деген сұраққа жауап іздетті.

Қазақтар бір-бірін іздеп тұруы үшін, күткен кісісі келмесе ол үйдің бір кемдігі болып, бір нәрсесі жетпей тұратындай болса?.. Сол күткен кісісінің бір ауыз тілегі мен әкелген заты сол үйге бақ пен береке әкелетіндей болып күтетін болса?

Соны жалпы халық өз үрдісіне сіңіріп, санасымен қабылдап, ұлттық әдет-ғұрып ретінде орындап отырса?..

Осындай ойлардан барып біз әр отбасы (семья, жанұя) пәтерінде, үйінде “қазақтың қасиетті қара шаңырақты киіз үйінің шағын макеті тұрса қалай болар еді” деп ойладық…

Солай болғаны дұрыс деген ұсыныс жасаймыз…

Сол ортақ тілек: “Шаңырағың шайқалмасын!” болса…

Сол қасиетті нәрсе қазақ киіз үйінің макеті болса…

…Жеті қанатты киіз үй: жеті керегеден, шаңырақты көтеріп тұрған жеті уықтан (уақытша), есік пен босағадан, маңдайша мен табалдырықтан тұрса дейміз. Қазақтың жеті қанатты киіз үйінің бір керегесінің жайылғандағы ұзындығы 300 см болатынын ескеріп, біз оны он есе кішірейтіп, жайылған бір керегесінің ұзындығы 30 см болса дейміз. Сонда ондай киіз үйдің диаметрі жобамен 80 см, биіктігі 50 см болмақ.

Шаңырақ фаврикадан жеті уықпен бекітілетін болып шығарылады. Үй иесі жеті уықты өзінің жеті атасының атымен байланыстырады. Сонда бұл киіз үйдің шаңырағын жеті атасы шанышқан жеті уық ұстап тұрғандай әсер етеді деп ойлаймыз. Балалар жеті уық арқылы өздерінің жеті атасының аттарын біліп, өз үйлерінің, өз шаңырақтарының сол адамдар арқасында үй болғанын есіне алып өседі. Олардың үлкендерге деген, өткен ата-бабаларға деген құрметі жүрекке орнығып ержететін болады.

Жеті қанатты үйге 126 кереге уығы, жеті маңдайша уығы қажет. Үйдің шаңырағының шайқалмауын, жел-мен дауылға мықты  болуын қамтамасыз ететін нәрсе – оған шаншылған уықтар саны.

Осындай үй макеті мен уықтары арнайы жасақталған дүкенде сатылатын болады. Үй сүйегі алтыннан, күмістен, алтын-күміс жалатылған басқа бұйымдардан, ағаштан, пластмассадан жасалатын болады.

Үй алғаш сатылғанда тек қана жеті уығымен сатылады. Болашақ сол үйде болар қуанышта (мысалы нәрестелі болды делік) сол үйдің жақын адамдары, достары, құдалары мен жекжаттары сол үй қуанышына құтты болсын айта келіп, өздерінің сый құрметтерімен қоса әлгі үйдің шаңырағына бір уық шаншып кетуі міндет болады. Шаңыраққа уық шаншып жатқан әлгі үйдің жанашыр адамы “шаңырақтарың шайқалмасын!” деген сөзбен  өз тілегін білдіретін болады.

Үйдің сүйектерінің өлшемдері стандартталған болады. Пластмассадан жасалған үйді сатып алғанмен құтты болсын айтушылар ол үйге алтын жалатқан уық қадап кетуі мүмкін. Киіз сүйегін, уығын сататын дүкеннің уыққа жазып беретін маманы болады. Уықтағы жазулар арқылы кейін қай уықты кімнің шаншығаны әңгіме болып, сол үй тарихын жасақтайтын болады…

Әр отбасы қонағы “шаңырағың шайқалмасын” деп, сыйлық ретінде бір уықты шаңырағына шаншып кеткенде әлгі сөз батадай қабылдап, әлгі шаңырағына шаншылған уық тірлігіне тіреу болардай сезінер, мүмкін…

“Мына уықты біздің үйге Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы шаншыпты!”; “Мына уықты біздің үйге кемеңгер Әбіш Кекілбаев қадап кетіпті!”,  “Мына уықты біздің үйге Ақселеу Сейдімбеков сыйға тартыпты!”,  – деген секілді болашақ ұрпақ мақтанышы туралы ойланып көрелікші…

Бұл үрдіс қазақ халқын ұлттық мұрасы, әлемдік мәдениеттің тамаша туындыларының бірі киіз үй мен өздерінің арасындағы мәңгілік махаббатын сақтап қалуға ықпал ететін болады деп дәметтіреді.

Бұл үрдіс қазақтың қазақ болып қалуына да, қазақтық болмысын сақтап қалуға өз үлесін қосатын болады деп ойлаймыз…

 

 

Тойлар туралы осы жерде келтірген дұрыс па?

 

Запись опубликована в рубрике Бүгін. Ертең. Болашақ. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.