Маңғыстау мунайы жэне Маңғыстау кумбездері

 

Маңғыстау күмбездері

 

         Сүйікті Отаны үшін, қасиетті туған жері үшін қай заманда да тірліктегі  ұрпақтардың өз бабаларының алдында борышты сезінетіні белгілі құбылыс. Қазақтар да солардың бірі. Олай дейтініміз ата-бабадан ұрпақтарға мирас қалған жер үшін қаншама қырғын соғыстар болғанын біз тарихтан оқып біліп отырмыз. 200 жылдық жоңғар басқыншылығына қарсы күрес, 250 жылдан асатын шет ел бодандығынан құтылу үшін болған ұлт-азаттық көтерілістер – бұлар, тек қана соңғы 500 жыл уақиғалары. Ал оның арғы жағындағы осындай ұлан-байтақ жерді ұрпағына Отан ету үшін болған тартыстар қаншама десеңші… Қазақстан байтағының о шеті мен бұ шетін көз алдына елестете алатын әрбір адам өз аталарына деген құрметін жүрегімен сезіп, олар алдындағы борышын есіне ала отыратыны сөзсіз.

         Маңғыстау жарты аралы Қазақстанның ең мұнайлы өлкесі. Жер астында миллиардтаған мұнай қорлары жатыр. Соны игеру мақсатында бұ күндері Қазақстан мен шет елдердің миллиардтаған қаржылары осы өңірге жұмсалуда. Бұ күндері осы жерді мұраға қалдырғаны үшін аталарға айтар алғыстың мол екені сөзсіз. Сонан соң Маңғыстаулық бабалардың бізге қалдырғаны тек қана мұнайлы өлке ме?

Жоқ! Жер асты мұнайынан да қымбатырақ жер үстінде самсап тұрған мол дүниесі бар! Олар –  зираттық сәулет ескерткіштері!..

Біздердің ауызша айтқан алғысымыз бен ойша көңілге алған ізгі ықыласымыз ата-баба алдындағы парыз бен борышты қайтара ала ма?..

 

Маңғыстау мен Үстүрт немесе, Маңғыстаудың Ойы мен Қыры – үлгісі мен өрнегі, философиялық мағынасы мен атқарып тұрған жүгі бүкіл әлемде кездеспейтін құбылыс деп есептелінетін сапасы мен санына адам таңқаларлық ескерткіштерге толы…

Бұ күндерде Маңғыстау мұнайына    салынған әр бір теңге, әр бір доллар сол ескерткіштер ғұмырын қысқарта түсуде. Ірге тастары әлсіздеу ескерткіштерге маңынан жүріп өтіп өткен әр машнаның дүмпуі бір сызат түсіруде. Әр зауыт пен фабриканың ауаға жіберген газ қалдықтары улы жаңбыр боп ескерткіш тасының бетін мүжіп, сапасына нұсқан түсіруде…

Қарын да тояр, есімізді де жинармыз. Болашақ ұрпақ сол кезде “ой бауырым” атты жоқтау әнін салып қалмас па екен? Не істеу керек?..

Ол сұраққа жауап бар секілді.

Біріншіден: Маңғыстау, Атырау обылыстарының мұнайын игеруге жұмсалатын инвестицияның азғантай, келісілген бөлігін осы өлкелердегі тарихи ескерткіштерді қорғауға жұмсалсын деген заң керек.

Екіншіден: Ақтау қаласында Маңғыстау, Атырау облыстарындағы сәулет ескерткіштерін қорғау, рестарациялау бағытында жұмыс жасайтын мекемелер ашу қажет. Алматыдағы жобалау және реставрация мекемелері бұл міндетті өз дәрежесінде атқара алмай отыр.

Үшіншіден: Облыс пен аудан әкімшіліктері бұл мәселені мұнай өндіру мәселесінен ілгері қойып қарауға тиіс. Көптеген ескерткіштер заң жүзінде мемлекет қамқорлығына алынғанымен олар мемлекет қамқорлығына бөлене алған жоқ. Жергілікті әкімшілік, облыс басшылары бұл шаруаға немқұрайлылықпен қарауда. Соның әсерінен, жергілікті тұрғындар мемлекет қамқорлығына алынған қауымдарға жаңа жерлеулер және ескерткіштерді жаңғырту секілді жұмыстар  жүргізіп, қауымдардың тарихилығына нұсқан келтіруде.

Осы үш мәселені жанашырлықпен шешкен кезде ата-бабаларымыздың бүкіл әлемдік мәдениетке қосқан сүбелі үлестерінің бірі, зираттық сәулет ескерткіштері өз дәрежесіне сәйкес құрметті орнына ие болар еді.

Осы мәселелер шешілген сәттен бастап сол ескерткіштердің әлемдік туризмнің назарына ілініп, өзін өзі қамқорлай алатынына да сеніміміз мол.

 

 

         Сайын Назарбекұлы

                   Қазақстан Республикасы “Құрмет” орденінің иегері

                   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

                  Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

                   Ақын. Этнограф. Сәулетші.

 

 

Запись опубликована в рубрике Отан.Жер. Ел. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.