Маңғыстаудың ойында 360 әулие

 

         Маңғыстау… Осы бiр қасиеттi мекендi жергiлiктi тұрғындары Ой, Қыр деп екiге бөледi. Ойдың Оң жаға, Терiс жаға деп аталатын жағалары Атырау айдынын жиектей, ал шығыс жағы Өлi қолтық сорынан ұшпа жартас болып басталып, сонау Түрiкменстан шекарасында қыратты төбеге айналатын, құмды адырлар мен қыземшек төбелi жазықтар, шақпақтасты ақтаулар мен қақапақтасты қаратаулар, қойтасты қоныр қыраттар мен жұмыртқа тасты сайлар, мәңгiлiктi мойындатар мүлгiген жартастар мен баянсыздық белгiсiндей шағылдар, қаншама сұп-сұр боп жатса да шiлдеде әдемi қызғылт рең пайда болатын  емдiк сорлар мен тәттiлiгiн балға теңеген тұздар… Әйтеуiр не керек, ой дегенiмiз қарама-қайшылық пен үндестiктiң өзi ме дерсiң. Ал Қыр дегенiмiз бiр-ақ ауыз сөзбен сипатталар тақтайдай тегiстiк. Түйелi түгiл жүрдек машиналы жолаушыға да күнi бойы бiр төмпешiк кездеспес ұлы дөң, қыр. Қырдың бiр аты – Үстiрт.

         Ой мен Қыр немесе Маңғыстау мен Үстiрт бүкiл әлемдiк тарихтың талай-талай тоғысқан жерi.

         …Ең байтақ Хорезм мемлекетiн билеген Мұхаммед Ала-Ад-дин 1220 жылы Шыңғысханнан жеңiлiп, Маңғыстауға қашып тығылғанмен құрығы ұзыннан құтыла алмапты.

         …Ұлы Жiбек жолының бiр тiнi – Ноғай жолы, осы Маңғыстау, Үстiрт арқылы өтiп, орыс пен үндiнi, Париж бен Пекиндi жалғап жатыпты…

         …Маңғыстау отаршыл Россияға ең соңынан бағынған қазақ жерi.

         Дүниежүзiлiк тарих пен мәдениетке осы бiр үш түбектен тұратын (Түпқараған, Бозашы, Исан) бiр түбек (Маңғыстау) сан ғасырлар бойы азды-көптi өз үлесiн қосып келiптi…

         Абыл ақын бастаған Ақтан, Нұрым, Қашаған, Сәттiғұл сияқты сөз зергерлерi осы топырақ тозаңынан жаратылып, арқа сүйер асқар тауына айналғандар.

         Әлем мәдениетiне “Қырымның қырық батырын” жеткiзген Мұрын жырау осы өлке перзентi.

         Есiр, Абыл, Құлшар, Өскiнбай, Мұрат Өскiнбайұлы… күйшiлер саны қаншама!…

         Қосай, Қармыс, Төлеп,Атағозы, Құлбарақ, Балуанияз, Ер Бекет, Тәжiұлы Досан, Сүйебайұлы Исатай… батырлар саны қаншама!…

         Шақпақ-Ата, Қараман-Ата, Сисен-Ата, Қаңға-Баба, Темiр-Баба,Кентi-Баба, Мыңкiсi әулие, Саназар әулие, Қарағашты әулие…

         Маңғыстаулықтардың табынғанда да, сиынғанда да алдымен еске алатындары әулиелерi. Айтысып отырып қысылған бiр ақыны: “Маңғыстаудың ойында үш жүз алпыс әулие, қысылғанда ұлыңның қолтығынан бiр сүйе” деп сиынған екен. Ақсақалдар да ас қайырып отырып екерше бiр сарынға салып сай-сүйегiндi сырқырата: “Түрiкстанның ойында Арыстанбап әулие, Қожахмет әулие, Хорезмнiң ойында Шiкәбiр-ата әулие, Маңғыстаудың ойында үш жүз алпыс әулие: Бекет-Ата әулие,Шопат-Ата әулие; Саназа әулие, Мәтi әулие…”  деп  шұбырта жөнелетiн кездерi болатын. Балалау кезiмiз, кейде тыңдауға жалығып кететiнбiз. Ендi мынау есейген шағымызда өткен тарихқа көз жүгiртсек жарықтық сол әулиелер осы түбек перзенттерi екен. Бiрi табиғат берген қасиетiмен, екiншiсi екерше өнерiмен, елiне еңбек етсе, ендi бiреуi бiлегiнiң күшiмен, қолдан келген iсiмен елiне қадiрлi болған. Келе-келе басына ел түнеп, аттары аңызға айналған. Тек қана бiз бәрiн бiрдей бiле бермеймiз.

         Қобыланды батыр жырын тындамаған (қазiргi жастарды қоспағанда) бiрде-бiр қазақ жоқ шығар, Жырда-Тоқтарбай деген бай болған, бiр перзентке зар болған. Жаратқаннан бала сұрап елi мен жерiнен, малы мен жанынан безiп, ел кезiп, ақыры Баба-Түктi әулие мен Шашты Әзiм әулиеге келiп түнейтiн едi ғой. Түсiнде Баба-Түктi әулие тiлегiнiң қабыл болғанын айтып аян беретiн едi ғой. Содан барып Аналық анамыз елiне пана болған Қобыланды батырды өмiрге әкелетiн едi ғой… Осы әулиелер (Әкесi мен қызы) Маңғыстау ауданындағы Ұштаған деген жердiң маңындағы Жабағы Саздыдан үш шақырым жерде бiр төбенiң басында нағыз әулиелердей болып елеусiздеу ғана жатыр.

         Аты көп жерде қайталанатың Бекет-Ата көзi тiрiсiнде аты адай руының ұранына айналған көрiпкел, емшi, әрi аса батыр адам болған екен. Бекет Оғландыдағы мешiтiн жартастан ойып салып жатырғанда маңайдағы ел адамдары да көмектеседi екен. Жағдайы жеткеншебiреуi бес күн, бiреуi он күнде деген сияқты ауысып тұрса керек. Тек қана Жеменей Бокен руынан Байсал дейтiн кiсi басынан аяғына дейiн үн жоқ, түн жоқ тасын шаба берген екен. Өңi жабырқау осы кiсiге Бекет-Ата да назар аударып жүрiптi. Бiр күнi Бекет-Ата Байсалға: “Назарыңды сындырған қайғыны таныдым. Алла-тағаланың көзiме көрсеткенi – мың кiсiге татырлық бiр ұлың болар, атын Мыңкiсi қой, ендi елiңе қайт” – деген екен. Бұл күндерi Мыңкiсi әулиенiң атағы бар алшынға белгiсi, оның ұрпағының сынық ұстамайтыны кемде-кем. Маңғыстауға атағы шыққан Ақжiгiт сынықшы қазiр жүзден асты, Ақшымырауда тұрады. Ол Мыңкiсiнiң немересi. Ел Мыңкiсi әулиеден тараған ұрпақты  Мыңкiсi ұрпақтары деп бiр-ақ атпен атайды.

         Мыңкiсi қасиетiмен белгiлi болса Қара Жүсiп  елге шеберлiгiмен қадiрлi болған адам екен, Маңғыстаудағы мәдени, тарихи мұралар қатарындағы көптеген сағана, күмбез тамдардың бiразын сол кiсiден тараған ұрпақтар салған. Қара Жүсiп баласы Оңғалбай зергерлiк құрған және көрiк ұстаған екен. Сол кiсiнiң көрiгiнен шыққан күл бiр төбешiк болып Форт-Шевченко қаласының маңында бүгiнгi күнге дейiн сақталған. Сол күл төбенi қасиет тұтып басына халық тәубе етедi екен. Қара Жүсiптен таралғандар да бiр атпен Қара Жүсiп балалары дей салынады.

         Қасиеттi кiсiлердi, елiне еңбегi сiңген қымбатты азаматтарын, жалпы өлi аруақтардың кәдесiне келгенде маңғыстаулықтар еш шығыннан қашпаған.

         Жем өзеңiнiң бойындағы Ақкиiз-тоғай деген жерде Жаңайұлы Қожаназарға берiлгенаста 1000 киiз үй тiгiлiп, 2000 қой сойылған. Бәйгеге 500 ат қосылып, байрағына 100 жылқы тiгiлген, Ата алғысына бөленген бұл ауыл қазiр бiр тайпа ел.

         Сондай үлкен астың бiрi – Назарұлы Тәстемiрге берiлген ас. Оған да мыңнан астам үй тiгiлiптi. Бәйгеден аты келген Шотан батыр 100 түйе байрақ алған. Адай руының iшiнде қазiр Тәстемiр өз алдына жеке ру, өскен, өнген ауыл. Ата-баба аруағы желеп-жебеп жатады деген осы болар.

         Сол қасиеттi ата-бабалар қазiр жер астында. Жарықтықтардың зиратына бара қалсаң – мыңдаған көздер менi таныдың ба, менi де “тiрiлтсейшi” деп жалынып тұрғандай…

         Әр тас бiр тағдыр. Әр тас сәулет өңерiнiң бiр ескерткiшi. Тек шiркiн, бәрiн бiрдей “тiрiлте” алсаң ғой!… Барлық тарихымыз сонда. Ал өз тарихынды бiлуден асқан бiлiк бар ма?… Содан да болар елiмiз: “Өсер ел тарихын таспен жазады, өшер ел тарихын жаспен жазады” – деген екен. Аталарымыз таспен жазып кетiптi. Ал бiздер… Тек осы арада амалсыз “әттеген-ай” деген сөз қыстырыла қалады. Оған себеп бiздiң заманымызда, көз алдымызда сол тарихтың күнiне бiр әрпi тозаңға айналып, жылына бiр жолы сүртiлiп жатыр. Турасын айтсақ ескерткiштер құлап жатыр, бұзылып жатыр, орны жоғалып жатыр.

         Сан ғасырлар бойы мiнi құрамай тұрған бұларға кенеттен не болып қалды?..

Зерттеу нәтижесi күнәлiнi де тапты. О заманның шеберлерi бұ заманда бiздердiң табиғаттың еркiнен тыс қолдан жасап жатырған динамикалық тербелiстердiң әсерiн есептемептi ғой. Әртүрлi экспедициялардың жердi жаруы (бар болғаны бiрнеше ғана сынақ болғандықтан атом сынақ бомбасын сынаған жарылыстарды есепке алмадық), қауым қасынан күнi бойы тербелiс туғызатын магистралды асфальт жолдар – мiне олардың құрт ауруы. Құдай мен иманнан безiндiрген идеологияның перзенттерi де өз үлестерiн қосып жатса керек. Кейбiр ескерткiштер Кеңес өкiметiнiң бульдозерiне шыдай алмаса, кейбiрi алтын iздеушiлердiң сүйменiне шыдай алмаған. Осындай әртүрлi себеп пен көптеген тарихи мұралар, сәулет өнерiнiң туындылары iзсiз-түзсiз жоқ болды.

         Құдайға шүкiр, Маңғыстауда ескерткiштер көп. Олардың iшiнде құлағалы тұрғандары да, әзiрге шыдайтындары да жетерлiк. Ендi өзiмiзге бiр сұрақ қойып көрсек – құлағалы тұрғандарын құтқаруға болама?

         Күрделi жөндеу және реставрация жұмыстарынан хабары аздарға құрылыс тәжiрибесiнде тарихи құндылығы үшiн жарығын өшiрмей, тұрғынын көшiрмей, газы мен суын ажыратпай-ақ шақырымға жуық жерге жылжытылып қойылған көп қабатты монументалды үйлер бар десек сенер ме? Егер сенсе бұл ескерткiштердi сақтап қалу оңшалықты қиын шаруа емес кекнiне көзi жетер ме?

         Айта кетер ең басты мәселелердiң бiрi бұл ескерткiштердiң ендiгi жерде уақыт сыйға тартқан шенi бар, ол – көненiң көзi осы ғимараттардың дүниежүзiлiк мәдениеттiң бiр бөлшесi екендiгi.

         Ол ескерткiштерде өткен ғасырлар бейнесi, аталар өнерiнiң қолтаңбасы, атасына күмбез тұрғызған ұрпақтың имандылығының куәсi сайрап жатыр. Мiне, бiздер ден көмек күтiп тұрған сиқырлы да сәндi осы өнер туындыларына, өткен тарихымызға бiздер сондай түсiнiкпен, сондай көзқараспен қарай алатын болсақ, онда олардың ғұмыры да ұзара түспек.

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Өнер. Кесенелер. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.