Махамбет және Маңғыстау

 

Көкірегі Маңғыстау энциклопедиясы деуге тұрарлық Әбілқайыр Спан мен Әбіш Кекілбаевты тану даңғылының алғашқы сүрлеуіне із  салушы ғалым ретінде танылып, ел құрметіне бөленген Жанбибі Дүйсенбаеваның “Махамбет және Маңғыстау” атты, аты да әдемі, заты да әдемі кітабы қолға тиген бойда жүгірте бір парақтап шығып, Есенбай Дүйсенбайұлының алғы сөзін оқығаннан-ақ бұл кітап құнын жобалап қалдық.  Басқа құндылықтарын былай қойғанның өзінде Есенбай мырза: “…Махаңның географиялық кеңістігін біраз кеңейте түсуімен де құнды” – деп, бұрыннан да сүйікті Мақаңның Маңғыстауға жақындай түскеніне ризашылығын білдіргенін байқатыпты.

Біз бұл мақаламызда Маңғыстаудың қатпар-қатпар тарихының біраз беттерін парақтап шыққан авторлардың жанкешті еңбегі туралы ойлана отырып, олардың сол парақтар бетінен ұлы да қасиетті әріптермен терілген қазақ халқының Ұлы Махамбетінің іздері мен сөздерін, ойлары мен армандарын көре білгеніне басымызды иеміз. Мен ең бір маңызды нәрсе ретінде Махамбет ақынның пайдаланған көптеген архаизм секілді сөздерінің маңғыстаулықтар тілінде күні бүгінге дейін айтылатынын атап өтер едім. Осы кітап арқылы адайлар тайпасының жүрегіндегі арман отын танығандай болдық.

Маңғыстаулықтардың, анықтай түссек адай тайпасының соңғы 140-150 жылғы ғұмырындағы: 1869-1870 жылдары орыс империясына қарсы, 1917-1918 жылдар мен 1928-1931 жылдары арасында Кеңес өкіметіне қарсы, 1988 жылы коммунистер империясына қарсы бірнеше дүркін қарсылық қозғалыстары олардың өздеріне ұлт-азаттық тәуелсіздік жолындағы ұлттық намысына, ерлік даңқына, батырлық атағына атақ қосудың орнына адайлар  “банды”, “ақкөз”, “жабайы” атты, жасанды тон жамылдырып келді. Ол түсінікті. Бұндай тағдыр тек қана адайлар басында болмаған. Заманында өсіп-өнген, дәрежесі өздерінен бірде артып, бірде тең түсіп тұрған сақ тапаларын қытай елі де “жабайы”, “кекшіл құл” деген секілді сан түрлі кемшін мағыналы атаулармен тарихқа енгізіп кеткен екен.

Еркіндік, бостандық сүйгіштігімен көзге түскен адай тайпасының Пугачев көтерілісіне де, Сырым батыр мен Исатай-Махамбет қозғалыстарына да белсене араласқаны патшалық Ресей мен Кеңес көсемдерінің  назарларынан тыс қалмады. Сондықтан да тарих тереңіне көз салған тарихшылар, әдебиет әлеміне сапар шеккен жазушылар соңғы ғасырларда адай тақырыбына аяқ басуға мүмкіндігі болмады.

Еліміз егемендігіне ие болғалы Маңғыстау мен маңғыстаулықтар жұлдызы зорлықшыл күштілер түсірген шаң-тозаңнан сүртіліп, қолдан жаққан күйе-кірден тазартылып, өзінің табиғи сәулесімен жарқырай түсті.

Ә.Спан мен Ж.Дүйсенбаеваның “Махамбет және Маңғыстау” атты еңбегі Маңғыстау тарихының жаңа парақтарын ашып көрсетіп, оның  бостандық жолындағы ерлік күрестерінің әлі толық зерттелмей келе жатқан, әлі дұрыс бағаланбай келе жатқан тарауларына өз сәулесін түсіргендей болыпты.

Атақ-даңқы адайлар үшін “ұсынсам қолым жетер ме” дейтіндей биікте, айбыны тура қарауға сескеніретін құдіретті, бақ жұлдызы ерлік пен өнерге суарылған Махамбет пен кәдімгі өзіміздің маңғыстаулық бабларымыздың тарихқа түсірген іздері қатар сайрап жатыпты. Олардың жүректері де басқыншы ел зорлығына шыдамай тәуелсіздік деп бірге соқса, армандары қазақтың қара баласын хан ұлына теңгермек боп, қолдарына қару ұстатқан екен.

Тек қана соларды көре білер көз керек екен. “Махамбет және Маңғыстау” атты кітап біздердің сол көзімізге айналғанын түсінгендей болдық.

Міне енді маңғыстаулықтар ақын бабаның 200 жылдығына да айтарлықтай еңбек етіп, қолдарына қалам атты қару ұстап, өз үлестерін қосыпты. Әбіш Кекілбаевтың “Шандоз” атты көлемді еңбегі, Сайын Назарбекұлының “Махамбеттің бір күні” атты өлең сөзбен жазылған пьесасы, Ә.Спан мен Ж.Дүйсенбаеваның “Махамбет пен Маңғыстау” атты  зерттеу, зерделеу бағытындағы құнды кітаптары соның айғағы.

Осы еңбектерге қосымша ретінде біз Махамбет ақынның ата тегіне қатысы бар деген болжаммен сан ғасырлар бойы маңғыстаулықтар аузында сақталған жаңа деректер келтіргіміз келді.

 

Мәлі мен Мәті және олардың апасы

 

                   …Сонда Нәдірше және оның  балалары деген не әңгіме осы…   (Әбіш Кекілбайұлы Шандоз: Махамбет және қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы. 175 бет. Атырау-Баспа. 2003 ж.)     

 

Бұдан 250 жылдай бұрын Маңғыстау жұрты көзі тірісінде “әулие” деп дәріптеген Мәті атты жұмбақ жаннан өсіп-өнгендер бұ заманда Мәтінің сегізінші-тоғызыншы ұрпақтарын өмірге әкеліпті. Адайлар қолына бала кезінде түскен Мәті “Нәдірше ханның баласы едім” дейді екен…

Адай тайпасының Жары Тоқтамыс деп аталатын руында Мәтіден өрбіген біраз ауылдар бар. Солардың кейбір мақтаншақтары әлі күнге  “Біз Нәдірше деген ханының тұқымымыз” деп көкірегін қағады.

…Әбіш Кекілбайұлы өзінің  “Шандоз: Махамбет және қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы” атты кітабының 175 бетінде: “Сонда Нәдірше және оның  балалары деген не әңгіме осы” –  деп, өзіне-өзі сұрақ қойып алып, соған жауап береді… Сол кітаптан біраз үзінділер келтірелік.

…18 ғасырдың басынан ауған тайпаларының үстемдік жолындағы күресі күшейе түсті. 1722 жылғы 22 қазанда Сұлтан Хұсейін шах басындағы тажын ауғандар көсемі Махмудқа кигізуге мәжбүр болды. Жеңімпаз ауғандар талап-тонау мен қырып жоюды шектен асыра бастады. Ел ішінде қарсылық күшейді. …Қаһарына мінген Махмуд 1723 жылы 25 қаңтарда Хусейн шах пен қызылбас жайсаңдарын тойға шақырып, сол арада 300 иран ақ сүйегін жайратып тастайды (М.С.Иванов. Очерк истории Ирана. М. 1952. 84-85-беттер).

…Атыраудың түстік жиегі Мазендеранда ауғандарға қарсы күрес қозғайды. Оны Хусейн шахтың ұлы Тахмасп басқарады. Оған әуелі болашақ Қаджар билікші әулетінің негізін салушы Фатих Әли хан Қаджар көмектеседі.  1726 жылы орасан мол әскерімен Нәдір Афшар да оған қосылады. Бұның тегі түрік еді. Сыр бойынан Маңғыстауға, одан Еділ бойындағы Хазарияға, одан Әзірбайжанға ауып барған аусары (афшар), апсар тайпасының Қырықұл руынан шыққан оғлан еді (Маңғыстауда Аусары деген елді мекен, бұлақ әлге дейін бар — Ә.К.). Сефевилер өзбектерден қорғану үшін афшарларды Әзірбайжаннан Хорасанға көшіріп апарады. Нәдір сол Хорасанда 1688 жылы туыпты.

Жас кезінде малшы, кіреші, дихан, әбзелші болыпты. Жол тонаушылықпен де айналысып көріпті. Нәдір Сеистан билікшісі Мәлік Махмудтың қол астына өтіп, талантты әскер басы болып танылады. Сондай адамның Тахмасп жағына өтуі оның Мәлік Махмудқа қарсы жорыққа шығып, Хорасанды бағындыруына мүмкіндік берді. Хорасанның астанасы Мешхедке шабуыл барысында Нәдір Фатих Әли хан Қаджарды қастандық ұйымдастырып жүр деп, Тахмасптың қолымен өлтірткізеді. Сосын-ақ ол Тахмасп шахтың оң қолына айналады. 1729 жылы ол Гератты алып, абдалдарды түгел бағындырып береді. Сол жылдың 29 қырықүйегінде Ашрафтың ауыр қолы Нәдірден күйрей жеңіліп, қашып құтылады. Тағы да сондай бір жойқын соққы беріп, Ашрафты Испаһаннан қуып, Тахмаспты шах тағына отырғызады. Нәдір желтоқсанда Фарсқа аттанып, Ширазды паналаған Ашрафты әуелі Ларға, сосын Белуджстанға бездіреді. Сол арада 1730 жылы Ашраф қаза табады. Сөйтіп, Нәдірдің арқасында ауғандар 1730 жылы Ираннан түпкілікті қуылады.

         Нәдір Иранның шын билеушісіне, Тахмасп әншейін “қуыршах патшаға” тақ иесіне айналады. Афшар тұсында түрік қолына кеткен біраз жерді қайтарып алады. Тебризді алып тұрғанда, абдалдар көтерілісі шығып, Исфаһанға қайтып оралады. 1731 және 1732 жылдары Нәдір сол абдал көтерілісімен алысады. Сол кезде Ереван мен Нахичеван үшін болған соғыста Тахмасп тұтқынға түсіп қала жаздайды. Алдында ғана Нәдір қайтарған жердің біразын Тахмасп түріктерге қайтадан беріп жібереді. Бұны естіген Нәдір Исфаһанға оралып, Тахмаспты тағынан түсіріп, сегіз айлық баласы Аббасты шах деп жариялайды. 1732 жылы Түркияға қарсы соғыс ашып, 1733 жылы Бағдат бітімін жасасады. Ол бойынша Иран соңғы он жыл ішінде Түркияға кеткен жерін қайтып алатын болады. Бірақ түрік үкіметі бұл келісімді бекітпей, 1734 жылы соғыс қайта жанданады. Бұл кезде түріктермен соғысып жатқан Ресей 1732 жылы Реште бітім жасасып, Тахмасп берген Гянжі  бітімі бойынша, егер Түркиямен бітім жасаспайтын жағдайда, Бау мен Дербентті қайтып беруге келіседі. Алайда 1736 жылы Түркиямен ондай бітім жасалып, баяғы Бағдат келісімі күшіне енетін болып шешіледі.

Түріктермен жасалған бұл бітім Нәдірдің өзін шахпын деп жариялауға мүмкіндік береді. 1736 жылғы 8 наурызда Нәдір Иран тағына отырады. Сол бойда 80 мың әскермен шығыс жорығына аттанып, Кандаһар, Қабыл, Балқыны алып, Пешавер мен Лахор арқылы Делиге аттанады…

…1747 жылы маусымда Хорасанда түн жамылып келген дұшпандары Нәдірді өз шатырында бауыздап кетті.

Нәдір шах өлген бойда-ақ ол құрған мемлекет бет-бетіне ыдырай бастады… (Шандоз. 175-179 беттерден.)

Біздің ата-бабаларымыздан жеткен аңыздар желісі бойынша Нәдір шахтың Нәдірше атты баласы болса керек. Нәдір шах өлгеннен соң ұсақ хандықтарға бөлініп кетіп, соларды билеп отырған Нәдір шах ұрпақтары билікті қолдарына ұстап тұра алмайды. Кезекті сарай төңкерісі кезінде Нәдірше хан да тағынан тайдырылады, о да өлтіріледі. Ұрпақтары түгелдей  Хиуа базарында құлдыққа сатылады…

Әкелеріміз Айдарбек, Назарбек қарттардың айтулары бойынша, Мәті Тоқтамыстың Доспамбетінің қолына келгенде, жастау болса керек.  Баланың ақылын, қасиетін байқаған, “хан баласы” деген дәрежесін сыйлаған Доспамбет, тоқалы Таңсықтың бұтының арасынан өткізіп, өзіне “көйлекті бала” етіп алады. Бұндай, кәмелетке толмаған текті баланы “көйлекті бала” етіп алу әдісі қазақтардың барлық руларына тән қасиет.  Бірақ одан Мәтінің “құл” аты жойылып кете қоймайды. Содан бері, өткен 250 жыл бойы, Мәтіге телінген  “Құлмәті”, “Қызылбас” деген атақтарын жергілікті ел өз жадтарынан әлі өшіре алмай келеді. Сонымен осы мақала авторының аталық тегі: Мәті-Әзберген-Тағыберді-Сәрсен-Назарбек-Сайын болып таратылады.  Біз Мәтіні – парсы (қызылбас) елінің билеушісі Нәдір шах немересі, Нәдірше ханның баласы деп ойлаймыз. Ә.Кекілбаев деректеріне сүйеніп Мәтінің өз басы түркі тұқымдас, афшар руының Қырықұл деген атасынан деп есептейміз.

…Ақиқатын кім білген, мүмкін солай да шығар… 

Шах баласы ма, хан баласы ма, кім болса да Мәті өз ұрпақтарына шах тұқымы, хан ұрпағы деген атақтан гөрі “құл” атағын молырақ мұра етіп кеткен кісі. Көпке дейін ауыл адамдары Мәтіден өнген ұрпақтарды әзілдегісі келсе “қызылбас” деп, кемсіткісі келсе “құл” деп те  атай беретін. Тоқтамыс аулының шежірешілерінің пікірі Мәті әулиенің тегін таратарда ұдайы екіге бөлінеді. Біреулері Мәті жас күнінде Доспамбет тоқалы Таңсық шешеміздің бұтының астынан өткізілген “көйлекті бала” есебінде, Доспамбет баласы десе, енді бір тобы Мәтіні Доспамбеттің  ағасы Еспембеттің баласы дейді. Тоқтамыстан – Бабеке, Тілеке. Тілекенің Өтембет (Абыл ақын атасы), Еспембет, Доспамбет атты балалары болғанын, Еспембет батыр жастай өліп, артында ұрпақ қалмағанын, оның айттырулы қалыңдығына, Таңсық шешемізге тумаласы Доспамбет үйленгенін, сондықтан Еспембет атағын жоймау үшін, Мәті Еспембет шаңырағына ие болу керектігін дәлелдейді. Біз де сол пікірге қосыламыз. Соныменен: 

8. Еспембеттен – Мәті (Мәті әулие). Сегіз саны Еспембеттің шежіре бойынша адайдан сегізінші ұрпақ екендігін көрсетеді.

9. Мәтіден – Әзберген (Мәтіден жалғыз).

10. Әзбергеннен – (Бәйбішесі Мұңсыздан) Жайлы, Қожабек, Оразбай, Ахмет, Егізбай; (тоқалы Дарайыннан) Тілеуберді, Алдаберді, Тағыберді.

11. Тағыбердіден – Жексен, Сәрсен.

12. Сәрсеннен – (бәйбішесінен) Жұмабек, Мұрзабек, (тоқалы

Дәметкеннен) – Нұрлыбек, Айдарбек, Найзабек, Назарбек.

13. Назарбектен – Сабыр, Сайын (1941), Дайын.

14. Сайыннан – Нұрлан (1969).

15. Нұрланнан – Досан (2004).

         Соңғы алты ұрпақ арасының орта санын шығарғанда жобасы 31 жылдан келетініне сүйеніп, Мәтіні 1746 жылдары өмірге келген адам болар деп жобалауға болар…

         Нәдір шах 1688 жылы өмірге келіп 1747 жылы өледі. Нәдірше ханнан (не оның баласынан) өрбіген Мәті Хиуа базарында құлдыққа сатылғанда (1757-60 жылдар шамасында) он шақты жастар шамасындағы бала болуы әбден мүмкін.

Мәті адайлар арасында тірілей әулие атанады. Артында “Мәті – аурудың келді сәті” деген мақал қалады. Каспий теңізінің солтүстік шығысындағы Тасорпа құдығының батыс бетіндегі екі шақырымдай төбе басына жерленеді.

Ауыл ақсақалдарының естелігіне сүйенсек Мәті тұқымынан қасиеті байқалған көріпкел, ақындығымен көзге түскен, палуандық, шеберлік өнерлерімен елге танымал болған кісілер баршылық.

Әзбергеннің бәйбішеден туған Қожабек қасиетті кісі болыпты. Асауды мінбей жуасытатын ерекше қасиетіне қоса, есепсіз қара күш иесі де болса керек. Елге атақтары жайылған палуандарды жыққандығы жөнінде аңыздар сақталған. Төлесін молданың естелігінде оның қасиетіне сенген  тоқтамыстар Сүйінғараның асығыс қол жиып, Хиуа әскерінің соңынан қуған сәтсіз жорығында Қожабекке (Мәті-Әзберген-Алдаберді-Қожабек) Әтембектің атақты атын мінгізіп, тоғыз тоқтамыс аулының жігіттеріне бас етіп, жорыққа аттандырған екен дейді. Сол қанды жорықтан Қожабектің қайраты мен қасиетінің арқасында тоғыз тоқтамыс жігіттері түгел аман оралған…

…“Сонда Нәдірше және оның  балалары деген не әңгіме осы” – деп, Әбекең айтқандай, Нәдірше ханның баласы едім дейтін тағы бір бала беріштер аулында тәрбиеленіп, қазақ халқына бостандық жолындағы күрестің символына айналған Махамбет ақынды сыйлапты.

Олардың да (беріштердің) дәл Мәті (Құлмәті) аңызы секілді Мәлі (Құлмәлі) туралы аңызы бар екенін алғаш рет біз Әбіш Кекілбайұлынан  естіген едік. Біздің аңыз тарихымызға бала кезінен құлағы қанық Әбіш үлкен жазушы шағында Махамбет Өтемісұлы тарихын зерттей жүріп кездескен бір-біріне соншама ұқсас аңыздарды зерделей келе “Мәлі мен Мәті тумалас адамдар болар” деген тұжырым жасайды. Алғаш рет 1991 жылы Әбіш Кекілбайұлының Мәлі мен Мәті туралы әңгімесін естіп, мүмкін солай да болар деп ойлағанбыз…

         …Халел Досмұхамедұлының “Махамбет батыр” мақаласынан…

…Махамбет беріш руынан, Жайық арысынан. Махамбеттің атасы –  Өтеміс, Өтемістің атасы – Құлмәлі. Мәлі деген кісі жауда қолға түскен тұтқын екен. Беріш Тумаш деген адамның балалары еншілес қылып алған. Өзін-өзі қызылбастың Нәдірше деген патшасының тұқымымын дейді екен. Құлмәлі деген бұ күнде Гурьев уезінде Тайсойған деген жерде бір бөлек ел. Құлмәлінің тұқымынан би де, шешен де, әулие де шықты деп қазақтар ұлықтайды…. (Исатай – Махамбет, Алматы 1991 жыл, 72 бет).

Ә.Кекілбайұлы Мәлі мен Мәті тумалас адамдар болуы керек деген болжамына Махамбеттің 200 жылдық тойына арналған өзінің “Шандоз” атты кітабында қайтадан оралып, егжей-тегжейлі әңгіме етіпті.

Махамбеттің 200 жылдық тойына біз де атсалысып,  “Махамбеттің бір күні” атты пьеса жазған едік. Махамбет өмірін, тарихи деректерді біршама зерттеген болатынбыз. Сол кезде Әбекеңнің әлгі ойына қызыға ортақтастынбыз…

…Енді Мәлі мен Мәті тумалас адамдар екен деген жорамалға біз де толық сеніп болғандаймыз. Оған екі түрлі дерек себеп болды.

 

Бірінші дерек. Мұсылманның ұлы мейрамы “Ораза-Айт” күні, 2004 жылдың 14 қарашасының таңында үшінші сынып оқушысы немерем Жәмиләның парақтап отырған “Махамбет елі” кітабындағы бір суретке кездейсоқ көзім түсіп кетіп, әкемді көргендей қатты әсер алдым. Аты аталған кітаптың соңғы бетінде Махамбеттің Махмұтының қызы Нұрбикеден  тарайтын Есболай қарттың суреті беріліпті. Махамбеттің ұлы Махмұттан Нұрбике, Нұрбикеден Еңсеп, Еңсептен Есболай, Есболайдан Мамай деген жолды оқыдық… Суреттен көз алмай қарап қалыппыз. Қараған сайын әкем Назарбектің, әсіресе әкемнің ағасы Айдарбектің бейнесі көз алдыма елестей берді. Кейін әкемді танитын біраз кісілерге Есболай суретін көрсеткенде біреулері Айдарбек деп (әкемнің ағасы) таныса, біреулері өз әкеңді танымай отырсың ба деп өзімді келеке етті.

Махамбет ұрпақтары Мәліні апатқа ұшыраған кемеден жағаға шығып қалған бала екен деп таныстырады дейді. Осы аңыздарды зерделей келе біздің түйгеніміз апатқа ұшырап елге сіңіскен кісінің, не асырап алған жас баланың қазақ тілінде қай заманда да өз аттары бар болатын. Ел ондайларды жасы жеткендер болса “кірме”, жастау болса “көйлекті бала” атандыратын. “Құл” атағы жауласып жүріп қолға түскен тұтқанға, не құл базарында сатылып,  пенде болғандарға таңылатын атақ.

Мәлі мен Мәті жастарының бір-біріне замандастығын анықтау үшін біз Мәліні Тоқтамыс руынан шыққан Абыл ақынмен, Абылды Махамбетпен  шендестіріп байқадық.

Туған жылдары белгілі Абыл ақын мен Махамбет замандарын салыстыру және рулық таралым бойынша әрі тумалас, әрі заманы шамалас Мәті мен Абылды салыстыру арқылы Мәлі мен Мәтінің өмір сүрген уақыттарын зердеден өткіздік.

Салыстыру үшін жасаған осы тізбектен Мәті мен Мәлінің замандас болғанын оңай байқауға болады.

Мәлі мен Мәті ұрпақтарын салыстыра тексергенде  Мәлі ұрпақтарынан жасы біршама жасқа келген Есболай тұсына Мәті тұқымының 1969 жылы туғаны сәйкес келуі Мәті ұрпақтарының ылғи аталардың жас әйелдерінен кенже бала болып өмірге келуінен түсіндіруге болады. Тағыберді Әзбергеннің екінші әйелінен туып сегіз баланың кенжесі болса, менің әкем де Сәрсеннің екінші әйелінен алты бала кенжесі болып өмірге келеді.

Ауызша аңыздарда біреулер Мәтіні Нәдір шахтың баласы десе, біреулері Нәдірше ханның баласы екен дейді. Айта кететін бір нәрсе олар Нәдір шах пен Нәдірше ханды бір кісі деп ойлайды. Егер тарихта Нәдір   шахтың Нәдірше деген баласы бар болған болса Мәтінің Нәдірше хан баласы  едім деуі дұрыстыққа келетін секілді.

“Махамбет және Маңғыстау” кітабының авторлары Есболай ұрпақтарының айтуымен Еңсеп құда түсіп, Есболайға Нұрбикені алып береді деп жазады. Бірақ олардың туған жылдарын салыстырып қарасақ ойлануға тұрарлық қисындар бар секілді. Біріншіден авторлар Нұрбикенің туған жылын бірде 1841 десе, бірде 1861 дейді. Махамбеттің Махмут атты баласы жастай 24 жасында өліп еді деген дерек береді. Махмут Махамбеттің 20 жасында өмірге келді деп қабылдасақ онда Махмут жобамен 1823 жылдар жобасында туған болады. Ал Махмут 20 жасында Нұрбике атты қыз балалы болған шығар десек, онда Нұрбикенің жасы басына қойылған құлпытасындағыдай (1861-1941) емес (1841-1941) болып шығады. Егер осы қисынды дұрыс деп есептесек онда қасиетті Нұрбике анамыздың Байғалиды 63 жасында өмірге әкелуі екіталай жағдай. Олай болғанда Нұрбике Есболайдың әйелі емес шешесі болуы мүмкін. Біздің ойымызша Нұрбике шешеміздің күйеуі Еңсеп болуы мүмкін. Ата тек пен шежірені ұмыттырған заман Нұрбике әжелерінің қай бабасының әйелі екенін ұмыттырған болар. Нұрбикенің 1961 жылы шынында да тууы мүмкін емес. Оған себеп оның әкесі Махмут ол уақытта өліп қалған болатын.

Екінші дерек. Хиуа базарында сатылып, адайлар қолына түскен Нәдірше ханның баласы еді деп Маңғыстау аңыздарында бұрын Мәліні әңгіме етсе, енді оған Махамбет тарихы жарыққа шыққалы Мәлі аты қосылды. Енді олардың саны үшке толатын секілді. Мәлі мен Мәтінің апасы Нәдірше ханның Хиуа базарында күңдікке сатылған тағы бір қызы адайлар қолына өтеді…

 

 

 

 

Мәтіден тараған

Тоқтамыс ұрпағы

 

 

 

Абыл ақын

ұрпағы

          Мәлі ұрпағы

 

 

Медет Еңсеп

ұрпақтары

“Махамбет елі”

кітабынан

“Махамбет және Маңғыстау” кітабынан

Тоқтамыс

Тоқтамыс

 

 

 

Тілеке

Тілеке

 

 

 

Еспембет

Өтембет

Жаубасар

 

Медет

Мәті,1746 т.т. (жоба) 

Тілеу

Мәлі

 

Байбол

Әзберген, 1783 ж.т.(жоба)

Абыл

(1777-1864)

Өтеміс

 

Арғынбай

Тағыберді

(1820-1903)

Арыстан

Махамбет

(1803-1846) 

 

 

Қадірше

Сәрсен

(1862-1916)

Саржан

Махмұт

Махмут

(1823-1847)

Еңсеп

(1867-1954)

 

Назарбек

(1909-1989)

Бөлтек

Нұрбике

 

Нұрбике

(1841-1941)

(1861-1941)

Есболай

Сайын

1941 (ж.т.)

Дегбір

Еңсеп

Байғали

(1904-1988)

Байғали

(1904-1988)

Нұрлан

1969 (ж.т)

Әбдіхан

Есболай

 

Орақ, Мамай,

Хұсайын1960 ж.т.

Досан (2004 ж)

 

Мамай

 

 

 

Осы арада біз қазақ халқын атақты азаматтармен толықтыра түсуге үлес қосқан тағы бір Нәдір шах ұрпағының, дәлірек айтсақ Маңғыстау адайларының бір бұтағының  жапырағын жайған, бір қызының рухын тірілткіміз келіп отыр… Бұл аңыз-ақиқатты сол анамыздың алтыншы ұрпағы Басшы Әзірхановтың өз сөзімен келтіре кетелік…

 

…Менің алтыншы атам Қожаберген ауқатты, әрі төңірегіндегілерге қайырымы мол, бірақ жуастау кісі болыпты. Жас ортасына келгенше бала көрмей қам көңіл жүрсе керек.

…Бір жолы біраз адайлар (ішінде Қожаберген атамыз бар) Хиуа базарына соғады. Хиуаның құл базарында тағынан, бағынан айрылған қызылбас елінің билеушісі Нәдір шахтың Нәдірше деген баласынан тараған ұрпақтары сатылып жатады. Не ойлағанын кім білсін біздің атамыз құл базарынан (шалдардың айтуы бойынша “хан тұқымы екен деп”)  естирақтау болып қалған бір қызды сатып алады.

Қожаберген атамыздың бәйбішесі “күңім” деуге аузы бармай, “қызым” деуге көзі қимай жүргенде есіктегі парсы қызының “аяғы ауыр” екенін байқайды. Бұрын ерінің тоқал алуына ыңғай танытпай жүрген шешеміз ауыл-аймағын жинап, жас иіс аңсап жүрген отағасысына рұқсат беріпті.

Атамыз Қожаберген құл базардан сатып алған парсы әйелінен көрген алғашқы ұлын “жаман кұңнен” туды деп Жаменке атаса, екінші ұлын Дос атаған екен. Сөйтіп қазақ жеріне күң боп келген парсы падишасының қызы атамыздың жапырағын жаяды. Содан бастап біздің туыстардың көпшілігіне тән қалың қабақ пен қошқар тұмсық сол шешеміздің ұрпақтарына қалдырған еншісіндей болады.

Жаманке атамыз аса зор қайрат иесі болған кісі екен. Бәубек Жаманкенің қайраты туралы ал аузында біраз аңыздар сақталған…

…Мәтіге қайта оралалық. Адайлар қолына түскен Мәті қайсар мінезі мен қайраттылығының, көріпкелдігі мен түс жорығыштығының, ең бастысы емшілік қасиетінің арқасында ел алдында үлкен беделге ие болады.

Мәтінің емшілік қасиеті оған көзі тірісінде “Мәті – аурудың келді сәті” деген мәтел шығарарлықтай абырой алып беріпті. 

Мәті емшінің босана алмай жатқан әйелдерге тигізген көмегі туралы біздің заманымызға көптеген аңыздар жетті. Оның қасиеті алғаш рет бес-алты кісі боп бір алыс сапарға кетіп бара жатқанда жолда байқалған екен дейді…

…Бір топ адайлар жолда бір бай ауылға жақындайды. Кенет Мәлі атын борбайлай қамшылап ауылға тұра шабады. Бір киіз үйді айнала: “Сал орнына, сал орнына” деп, айқайлап, арпалысады. Бір уақытта аттан түсіп үй есігін ашқан бойда өмірге келген бала даусы да шығады.

Бірнеше күн босана алмай, енді өлдіге санап бетін жауып оң жаққа қойылған әйел тіріліп, аман-есен ұл табады. Жас келіншек ауылдың басты адамының келіні екен. Сол кісінің үлкен сый-құрмет көрсетіп, “әулие адам” екенсің деген сөзі Мәтіге жұғымды болып, Мәті бабамыз тірілей әулие атаныпты. Мәтінің босанғалы жатқан әйелдерге қастық ететін пері, малғұндарға құдіреті жеткен кісі еді дейтін, ауыл ақсақалдары…

         Мәті өзінің емшілік қасиетін  “құл” атағынан құтылу үшін де пайдаланыпты. Алыс жолда жүріп бір ауылда есік алдындағы ауру, жағдайсыз баланы көріп, сұрап алады.  Аулына алып келіп емдеп жазады. Сол баланы өз орнына Доспамбетке әкеліп беріп, құл атағынан құтылғысы келеді. Әлгі ауру баланы Доспамбет құл деп қабылдамай, баласы Мұстафаға беріп: “Баймұратың жаңғыз еді. Мына бала соған іні болады, аты Аймұрат болсын,” – деп, бауырына салады. Мәтінің басы сыйлы болғанымен әлгі атақтан өзі түгіл ұрпақтары да құтыла алмайды. Осы сөз жөнінде әкем маған: “Құл атағынан ешкім де жетінші ұрпаққа дейін құтыла алмайды екен,” – деген еді. Сол айтқан, бала күнімізде аздап біз естісек те, біздің балаларымыз, Мәтінің жетінші ұрпақтары, ондай сөзді естімей өсіп келеді.

         …Доспамбет бабамыз көп сөйлейтін, кейде орынсыздау мыжып кететін кісі болса керек. Мәті өзіне айтылған бір сөзіне бола  Тасорпа жаққа (әкелеріміз Мәтінің қайын жұрты сол жақтың ақботалары болса керек деп отыратын) өкпелеп көшіп кетіпті… 

         …Айы-күні жеткен Доспамбет тоқалы босана алмай Мәтіге шапқыншы жібереді. Реніші қайта қоймаған Мәті хабаршыны: “Доспамбет аруақты риза етемін десе Асауторыны байласын, сонда барамын “ – деп хабаршыны кері қайтарады. Досекең келісімін береді. Әрлі-берлі шапқылап жүргенде үш күн уақыт өтіп кетеді. Ел анамыздан күдер үзе бастаған шақта Мәтекең де жетіп, есіктен аттар-аттамаста нәрестенің де даусы шығады. Қатты қуанған Доспамбет бабамыз кенжесінің атын Қуан қойған екен…

         …Әкем Назарбек естеліктерінен… Біздің әулетіміздің біз білетін буыны Мәті атамыздан басталады. Аңыздарға сенсек Мәті қасиетпен періні бағындырған кісі болыпты. Елге  “Мәті әулие” атаныпты. Тұтқын болып қолға түсіп, әулие атанып өмірден өтті. Жастау кезінде тоқтамыстар ортасына келіп, Доспамбет маңында тұрақтаған секілді. Қызылбас ханы Нәдірше ханның баласымын дейді екен. Ел аузында “Мәті – аурудың келді сәті” деген мәтел сөз қалды. Құлағымызға шалынған аңыз әңгімелер мен уақиғаларды санадан өткізгенде біздердің, қазіргі Мәті ұрпақтарының өз аталарына өкпесі болуға тиісті емес…

…Айдарбек әкем естеліктерінен… Құдайберген жары, Құлжұмырұлы Нұғман сұфы біздің үйге жиі келетін. Ертелеу келіп қалса:

– Ау, хан баласы тұрды ма? – деп үй сыртынан дауыстайтын. Әкем Сәрсен ұйқышыл кісі еді. Мен ол кезде балалау болатынмын. Әкемнен: “Біреуі хан баласы дейді, біреулері құл дейді, ол қалай? – деп сұрасам – бәрі рас деп күлетін”… Өмірінің соңғы жағында (төңкеріс алдында) әкем Сәрсен кедейленіп, егін екті, шеберлік, зергерлікті кәсіп етті. Соның арқасында шаңырағымыз төңкеріс заманының қуғын-сүргінінен аман қалды. Әкелеріміз Сәрсен шебер болыпты дейтін. Бірақ шебер аты қандай өнерімен шықты деп біз сұрамаппыз, олар айтпапты.

         Әкем Назарбек те, оның ағасы Айдарбек те кәсіп етпегенмен өлең құрастыратын кісілер еді. Арттарында бір-бір дәптерлік өлеңдері қалды…

 

 

Запись опубликована в рубрике Тұлғалар туралы. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.