Көркем сөз — жан азығы

 

         Мағыналы ой мен көркем сөз адамның жан азығы болса, шабытанна шырайлы етiп сөйлейтiн тiл — өмiрiнiң ажары!

         Ата-бабаларымыз “өнер алды – қызыл тiл” деп мақал шығарып, өмiр салтанатын сөз өнерiне бастатырып қойыпты. Бұл жерде олардың “қызыл тiл” деп отырғаны аузымыздағы еттен жаралған тiлiмiздiң түсi емес. Қызыл тiл дегенiмiз – ауыздан шыққан сөздiң терең ойы мен бояуы, оның мағынасы мен көркемдiгi. Сөз қызықтаған сол бiр заманда олар мақал шығарып қана қоймай, қызыл тiлдi сайратып, талай-талай қызығын көрген де секiлдi. Секiлдi деп сезiктенерлiк жөнiмiз жоқ, құдайға шүкiр, жез таңдай жыршыларымыз бен құйма құлақ шайырларымыздың арқаларында бұ заманға аман-есен жеткен, жанымызға азық бола аларлық асыл мұралар жеткiлiктi. Кейбiреуiн  парақтап көрелiк…

         … Баймағамбет сұлтан қатаң ауырып жатып, көңiлiмдi көтерсiн деп, Абыл ақынды алдырыпты. Сонда Абыл: “Қызыл тiл Жиреншедей тiлiм, тақсыр, қызыл тiл — өнер алды, бiлiм, тақсыр…” – деп бастаған арнауын:

                   Ер өлдi деп етек бұлап жылайтұғын,

                   Бай-еке-ау, қай iсiң бар елге жаққан?! – деген жолдармен аяқтаған екен.

         Осы сөздер мағынасына ой жүргiртсек, ақын Абылдың айтпақ ойы өзiн алдыртып отырған мансапты сұлтаннан гөрi көкiрегiнде көркем сөз туындайтындар мен оны дер кезiнде ұтымды пайдаланатындардың, тiл  өнерiн меңгергендер мен бояуын келiстiре алатындардың өнерлi де бiлiмдi, ерекше жаратылған жандар екенiн сездiру болса керек. Ақын сондайларды Жиренше дәрежесiне көтерiп тұрған жоқ па?.. Сонда Жиренше кiм, Баймағамбет кiм?.. Абыл тiлдi тек қана өнер деп қабылдамаған болса керек, тiл Абыл ақын үшiн, ең алдымен, бiлiм бастауы, бiлiм бұлағы!.. Абыл айтып отырған қызыл тiл жаттампаздардың  заржақ тiлi емес, ол — көз алдыңа әсем суреттердi алып келе алар бояулы тiл, жан-тәнiiдi бусандырып жiбере алар құдiреттi тiл, ол – қарсыласын жер жастандырып жiберер уытты тiл!.. Аялағысы келгендердi алақанға сала алар, ардақтағысы келгендi аспандата алар сезiмi мен сенiмi, күшi мен қуаты жеткiлiктi тiл!..

Абыл ақынның:

-      Ақ маңдай, ителгi көз, алма мойын,

Қанды бет, жазық мандай, ыссы қойын,

Алыстан ат арытып келгенiнде,

Балқиды қорғасындай тұла бойың…  — деген төрт жол өлеңiн оқығанда, сөз

түсiнетiн кез-келген кiсiнiң көз алдына ғажайып әдемi ғалам елестей қалмай ма?…

         Жауынгер ақын Қалнияздың батырды сипаттағаны:

               … Сымбатыңа болайын мұнарлы қара төбедей!

               Қайратыңа болайын айдында жүзген кемедей!

               Айбатыңа болайын кiрiстен шыққан жебедей!… Ойпырмай, батырдың тұлғасының iрiлiгi сондай, көз алдыңа төбе басына биiк үйiлген үлкен қара оба елестемей ме?.. Ала-сапыран дүлей дауылда толқынға қарсы жүзген кеменiң күш-қуатын немен өлшестiруге болар?!… Ысқыра айбат шегiп, алыстағы ажалыңды құтыла алмас жылдамдықпен алып келе жатқан оқ алдында қалай дiрiлдемессiң?…

                Ұрандап жауға шапқанда,

                Атыңның басын тежемей,

                   Хан әскерi қаймығып,

                Тығылмас па едi бұтаға,

                   Қарақұс көрген шөжедей… Ал осындай батыр тұлғаны қалай қастерлемессiң, қалай жырға  қоспассың, осындай ерге қалай табынбассың?..

         Қалнияздың Төлеп батыр тұлпарын сипаттауы да таңдайынды қақтырмай, басынды шайқатпай қоймайды..

                … Астындағы құла аттың

                Танаулары талыстай,

                Құлақтары  қамыстай.

                Екi көздiң арасы

                   Салып қалсаң, қарыстай.

                   Омырауына қарасаң,

                Оралып жатқан түбектей.

                   Ерiнiне қарасаң

                   Қақтап соққан күректей.

                   Азу тiсi балғадай,

                   Бауырлары аралдай,

                   Қабырғасы шеңбердей,

                   Омыртқасы отаудай,

                   Шоқтықтары шоңқалдай,

                   Толарсағы тоқпақтай,

                   Жiлiншiгi жiптiктей.

                   Ту сыртынан қарасаң,

                   Суға жүзген сазандай.

                   Шекесiнен қарасаң,

                   Он алты тiлiк қазандай.

                   Басқан iзi аймақтай.

                   Құйқылжып-ақ келедi,

                   Жел аударған қаңбақтай… Қабағыңа қар қатып, жүрегiңе кек батып, құлаға мiнiп, құба қалмаққа қарсы шықпасаң да, әлгiдей етiп Қалнияз ақын ардақтаған, Аллатағала артық жаратқан жан иесi жануардың жалынан бiр сипар ма едi, шiркiн! Орынды теңеулер сан ғасырлар бойы ата-бабаларымызды бар халықтан үстем еткен жiбек жалды, қыл құрықты сол пырақтарды сағынтып-ақ жiберген жоқ па?!…

         Ендi бiр сәт Нұрым ақынға ерiп мекен даланы бiр шолып қайталықшы…

         …Жер реңi келсiн деп, жарқыратып көл берген.

         Көлдiң көркi келсiн деп, қаптай көшкен ел берген.

         Елдiң сәнi келсiн деп, қатар-құрбы тең берген.

         Теңнiң көркi болсын деп, сөйлесетiн сөз берген.

         Сөйлеп қызық көрсiн деп, оралған қызыл тiл берген.

         Жақсы мен жаман көрсiн деп, жарқыратып көз берген… Ұлы жаратылыс деген осы емес пе?!… “Құдайдың құдiретi-ай” деп таңданатын, құпиясына ой жеткiзе  алмай келе жатқан жұмбағымыз да осы емес пе!?..

 

         Ақтаннан бiр-екi жол көркем сөз келтiрелiк:

         Қалағандарың сөз болса,

         Мен жырлауға құмармын,

         Шұбалаң құйрық шұбармын.

         Шапқан аттай саулаймын,

         Жанған оттай қаулаймын.

         Не қылғанмен дер күнiм,

         Бұлдыраған таудаймын.

         Екi атысқан жау болса,

         Арасында панамын.

         Мен – ақ бауыр кер жорға,

         Әдемi басқан аяғын.

         Қарасаң көзiң талатын,

         Жылмиып жатқан даламын.

         Жортар атқа жеткiсiз,

         Ұзын бауыр саламын.

         Жоғарыдан құйған Жайықпын,

         Теңiзге құйған аяғын.

         Күн шығыстың күштi желiмiн

         Ылайлатып ағамын… Ақынның бұл теңеулерi шексiздiк туралы ұғымды еске салады… Әлем қандай шексiз болса, сөзде соншалық шексiз… Қалай таңданбассың!? Мен – ақ бауыр кер жорға, әдемi басқан аяғын…

         Арамыздан кеше ғана кеткен Сәттiғұл ақын тiптi тоқсан жасында да асыл сөзден өрмек тоқып, өмiрдi қызықтаудан, жыртолғауымен елге еңбек етуден жалықпапты…

         … Алқалы топқа көрiнбек,

         Өрен жүйрiк шабысы.

         Қиырдан көзге iлiнбек,

         Жүлдүлдiң аяқ алысы.

         Шарықтап ұшқан қыран құс

         Шабытпен көкке өрлесе,

         Тау да болса, өңгерер.

         Сұңқылдап бұлбұл сайраса,

         Дүниеге өң берер…

         …Мен ежелгi жүйрiкпiн,

         Алдына қара салмаған.

         Құрсанған қара бұлтпын

         Шықтаған жерiм жаураған.

         Қайнарлы көздi бұлақпын

         Ортаймаған қауғадан…

        

         Қазақ тiлiнде сөйлегендерден ой тереңдiгi мен тiл көркемдiгi жөнiнде дүние жүзiнiң қай зергерiмен де жарысқа түсе алар даналар аз тумапты.

         Көкiректе асыл сөз шер толқытса шығады.

         Көл түбiнде асыл тас су толқытса шығады.

         Ойланып қарасақ әлгiдей Ұлы кiсiнiң, Асан қайғы бабамыздың, ойы мен өзiн ұлылық дәрежеге жеткiзiп тұрған бiздер – қазақ халқы, бiздiң тiл – қазақ тiлi емес пе?

         Бiр-екi жолға сыйғызылған аз сөзбен, соншалықты ауқымды ұғымды бере алған не деген бай тiл, не деген көркем сөздi тiл деп, қазақ тiлiнiң байлығы, оның сәнi мен мәнi туралы талай шетел ғалымдары таңдай қаға жазған, тәнтi болған…

         Өмiр – үлкен көл,

         Заман – соққан жел.

         Алдыңғы буын – ағалар,

         Соңғы буын – iнiлер,

         Кезегiмен өлiнер,

         Баяғыдай көрiнер… деген Абай, адам пендесiнiң бар өмiрiн төрт жол ұйқасты сөзге сыйғызып жiбере алған.

         Мiне сөз құдiретi деген осы!… Ақылдының ауыздан шыққан көркем сөздiң көз алдыңа алып келер суретi дарынды суретшiнiң қыл қаламынан туған атақты шығармадан бiрде-бiр кем емес.

         Өнерлi тiл дегенiмiз:

-      Көркем сөзбен жеткiзiлген шынайы сезiмдер!…

-      Екпiндi де қуатты, шырайлы да бояулы тiл!..

-      Мағынасы мен сәнi ұлы табиғыттан бастау алып жатқан, тереңiне ой жетпес,

жиегiне көз жетпес – Шексiздiк.

Қазақтар ойлы да, ақын да халық болған… Қызыл тiлiн сайратып, талай-талай жиынды қызыққа батырса керек… Мiне осындай екен бiздiң Ана Тiлiмiз!…

         …Өткен ата-баба тiлiне бiраз таңдай қаққандай болдық. Сондай тiлдi мұралыққа қалдырғандарына рақмет сезiмiмiздi бiлдiрдiк. Ендi тiрiнiң тiршiлiгiне кiрiселiк.

         …Басымызға бостандық, елiмiзге егемендiк алған заманда, ал бiздiң сол мақтаулы тiлге не болған?… Қай баспа бетiн ашсақ та, оқитынымыз қамқоршысы жоқ жетiмек тiл…

         …Қазақ тiлiмен сөйлейтiндерге не болған?.. Қай тiл қамқоршыларын сөйлетсек те еститiнiмiз “қайран тiлiм” деп жетiмсiреген ел…

         … Қазақтарға, оның iшiнде “сенген серкелерiмiзге” не болған?.. Олжас секiлдi, қазақ елiнiң дана туған ұлы: “Қазақ деген халық әлi қалыптасып болған жоқ, олардың шала тiлiмен мемлекеттi басқара алмаймыз,” – деп, елiмiздiң “хабар” прогшраммасынан хабар таратып отыр. Ол мынау бiз өмiр сүрiп жүрген әлемге тым жоғарыдан қарағандықтан, қазақ мемлекетiне, қазақ халқына көзi түсе бермейтiн болар. Мүмкiн, сол сөзiмен қазақ тiлiнiң өркендеуi мен ел болашағына жаудан бетер қиянат жасап жүргенiн сезбейтiн де болар…

         Сондай белгiлi тұлғалардан қуат алғандар қазақтың тiлiмен жүниежүзiлiк экономика мен дипломатиялық қарым-қатынасты жүргiзу мүмкiн емес деген сәуегөлiк жасап, мәңгүрттер мен мақауларды адастыра түссе, көрдемшелер мен көлденеңдердiң аузына жем салып беретiн бопты…Экономика мен философия ғылымдары негiзiнен ескi латын тiлiн пайдаланады екен. Дүниежүзiнiң барлық мемлекеттерi пайдаланып отырған латынды бiзге пайдалануға болмайды деп кiм заң шығарыпты? Ешкiм де шығармаған.

         Қазақ халқының ұл-қыздарының iшiнде, құдайға шүкiр, елiнiң азаттығы үшiн, ұлтының жаны мен тiлiнiң тазалығы үшiн өз басын ойланбастан, бәйгiге  тiгетiн ұлтжандылар мен отанжандылар жеткiлiктi.

         …Ашығын айтсақ, бiз де солардың бiрi едiк. Бiз бар өмiрiмiздi ана тiл арқасында сүрген, бар тындырған iсiмiздi ана тiл көмегiмен тындырған, бар қуаныш-қайғымызды ана тiл құдiретiмен сезiнген жандардың санатынанбыз.  Осы мәселелер туралы тоқсан толғанғанбыз, отыз ойланғанбыз. Айтар ойымызды артқа қалдыра тұрып, бүгiнiмiз үшiн, әуелi, “шүкiршiлiк етелiк” дегiм келiп отыр.

         Кешегiмiздi ойласақ, бiздiң, түркi тұқымдастардың, жазба мәдениемiнiң кирилицадан 15 ғасыр, армян, грузин әрiптерiнен 10 ғасыр бұрын өмiрге келгенiн бар әлем мойындады.

         Бүгiнiмiздi ойласақ, елiмiзде ана тiлiмiздiң мерейiн өсiрерлiк жанға жайлы самалдың алғашқы лебi Қызылордадан бастау алып, байтағымызға тарай бастағандай. Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде мемлекеттiк тiл өз тағына ендi отыра бастар деген үмiт тудырғандай. Қазақ халқында ғаламат бiр мақал бар. “Қуанышта шашылма!” – деп өсиет етiптi бабаларымыз. Тап осы уақыт, тiлге деген бет бұрыс мезгiлi, нағыз шашылмайтын, қайта тас түйiн болып жинақтала түсетiн кез. Тiлiмiздiң күнделiктi өмiрiмiздегi, елiмiздi басқарудағы, шет елдермен қарым-қатынас жасаудағы заңды құқын талап ету, бiрте-бiрте өз күш-қайратын қайтарар шағы. Бұл шаруа басымызға алынған азаттықтың баянды болуын қамтамасыз етер жолдағы ең басты iс. Бiрақ бұл жолда әлi де болса, қауiп-қатерлер мол секiлдi.

         Бiздiң пайымдауымызша, маңдайы ашыла бастаған осы шағында қазақ тiлiнiң алдында бiрнеше кедергiлер тұрған секiлдi. Бiз солардың iшiнен ең қауiптi деген жетеуiн атап өтелiк:

1.   Қазақ тiлiнiң дамуына керi әсерiн тигiзген тарихи жағдайлар;

2.   Әлемдiк экономика тiлiнiң қазақ тiлiне тигiзер әсерi;

3.   Мемлекет тарапынан жiберiлген солақайлықтар;

4.   Жергiлiктi жердегi басшылар салғырттығы;

5.   Билiк басындағылардың заңсыз әрекеттерi;

6.   Орыс тiлдi қазақтардың қазақ тiлiне қарсылығы;

7.   Жалпы қазақ халқының бейқамдығы.

Көп айтылған, көп зерттелген әңгiме болғандықтан ең алғашқысын сол күйiнде қалдырып, әлемге билiк жүргiзiп тұрған басқа тiлдер туралы, мемлекет пен мекеме басшыларының солақайлықтары мен салғырттықтары туралы солармен аралас-құралас жүрген тiл жанашырларына қалдырып, билiк басындағылардың заңсыз әрекеттерi мен орыс тiлдi қазақтардың қазақ тiлiне қарсылығын өздерiнiң арлары мен намыстарына, аталары мен бабаларының аруақтарына тапсырып, бiз өзiмiздiң күнделiктi ортамызға, көшеде жаяу жүретiн көпшiлiк ортасына оралсақ па деп отырмыз. Мақаламыздың ендiгi арқауы – қазақ бейқамдығы туралы болмақ.

Иесiз қалған, күтiмi жоқ киiзге түскен күйедей, немесе қазiргi заман тiлiмен

айтқанда, компьютерге түскен жегiдей (вирустай) болып, жас өспiрiмдер тiлiн жайлап бара жатқан, ұялтқың келсе бетi жоқ, ұрғың келсе, етi жоқ бiр пәлекет пайда болды. Кездейсоқ көшеде естiгенде, төбе құйқанды шымыр еткiзер ерсi сөздер, ендi теледидар үнiмен құлаққа шалынып, баспа беттерiнен көзге түсiп қалатын болып жүр. Есiңнен тандырып жiберердей ерсi сөздерге қазақ журналистерi де көндiгiп болған болуы керек, бұрынғыдай сөйлесен кiсiлерiнiң сөздерiнiң iшiндегi “арам сөздердi” отап тастауды тоқтатқан секiлдi. Кейбiреуге мен пайдаланып отырған “арам сөз” деген теңеу ауырлау боп көрiнуi мүмкiн. Бiрақ, қазiргi жастар аузында жүрген тексiздiктiң паспортындай мына сөздер: “Бiздiң пахан”, “бiздiң махан”, “отырық”, “тұрық” (мен бәрiн бiрдей тiзiп отырмайын, өздерiңiз көп нүкте артына ойша жалғап, оқи берiңiздер) алам емес, немене? Арам болғанда да, iшкелi отырған адал асыңа жуынды құйып жiбергендей әсер етер сөздер.

         Халқымыз кейбiр асқа жарарлық жануарлар етi мен жеуге жарарлық көкөнiстердi “арам” деп жариялап, дастарқанына жолатпайтын едi ғой. Аузыңа қасықпен салар асың – тәнiңнiң азығы болса, көкiрегiңе құлағың арқылы жетер сөз – жаныңның азығы. Олай болса бiздiң жанымызды арамдатып қойғанымыз елдiгiмiзге жараспас. Кейбiреулер “махан”, “пахан” деген сөздердi баласының аузынан шыққанда бетi шiмiрiкмей қабылдап жатады. Сондай сөздi баласына айтқызып отырған ата-аналарды, мен, ессiз нәрестесiнiң аузына ит емшегiн салып емiзiп отырғандармен теңестiрер едiм. Сондықтан да ендiгi жерде “арам сөздер” тiзiмiн жасап, оларды рухани дастарқанымызға жақындатпаудың қамына кiрiсетiн, жаныңа “арам” боп дарып, бар кiсiлiк қасиетiңдi, қазақтық болмасыңды жоққа шығарар әзәзiлмен күресудiң жолын iздестiрер мезгiл жеттi. Ел болашағы, нәрестелерiмiздiң ана тiлдiң ақ уызымен алғаш ауызданар кезiнде, мектеп қабырғасында әлем есiгiн ашар мезгiлiнде ниетi мен  болмысын арамдалмаса екен. Ата-ананың сол мақсатта ерiнбей еңбек етер, мемлекеттiң қаржы шығындар дер шағы… Бұл басқа тiлден без деген сөз емес. Бiздiң балаларымыздың ұраны:

         Жетi мүшеңе жетi тiл, ең бастысы ана тiл! – болуы керек.   Сонымен бiрге, кәзiргi заманда қажетсiз нәрсе ретiнде пайдаланудан шығып қалған, кеше ғана көзiмiз көрген нәрселер секiлдi, тiлiмiздiң сөздiк қорынан түсiп қалып, немесе түп мағынасы көмескiлене бастаған қаншама сөздер бар. Олардың кейбiреулерi әлi күнге өздерiнiң күшi мен көркемдiгiн жойған жоқ. Мысалы: бұйда пышақ, наз бедеу, “маңғыт, аузыңа саңғыт”, күмiре (күлмей күмiре болғыр), атауыңды iшкiр, тырық… және тағы сол сияқтылар. Университеттiң қазақ тiлi кафедрасы сондай сөздер қорын жасақтап, елге оларды түсiнiктi етсе, ата-бабалар рухына еткен сүбелi еңбек болар едi.

         Сонымен қоса жоғары оқу орындарында көркем сөз мамандары дайындалып, барлық оқу орындарында “Көркем сөз және ақындық өнер” атты арнайы сабақтар өткiзiлгенi дұрыс деп есептеймiз…

         …Тарих қазақ халқының талай бейқамдығына кешiрiм берген…

         Тiл мәселесiнде бейқамдық болуы тиiс емес, өйткенi ол кешiрiлмейдi… Кеткен қате қайта түзеттiлмейдi… Тiлiнен айырылған ұлттың ендi қайтып ұлттық мемлекет бола алмайтыны секiлдi, тiлiнен айырылған азаматтың да ендi қайтiп үйiрге қосылуы қиын нәрсе. Олар өздерiнiң жеке басы мен отбасын бақытты ете алар, бiрақ рухани мәселеде қазақ халқына пайдасынан зияны көбiрек болатынына көз жеттi. Кеше ғана, сондай “кемеңгерлерiмiз” мемлекетiмiздiң атын “Қазақ елi” деп атауға қарсы болса, ендi мемлекетiмiздiң тiлiн қазақшаға аудартпауға бар күшiн салуда…

         Осы ғылыми конференцияны ұйымдастырып отырған Ш.Есенов атындағы университеттiң ұжымына, әсiресе “қазақ тiлi мен әдебиетi” кафедрасына, ана тiлiмiздiң жан ашырларына алға қойған барлық мақсаттарына аз кедергiмен жетулерiне тiлектестiк бiлдiремiн.

 

 

Запись опубликована в рубрике Өнер. Кесенелер. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.