Кешегімізді зерделеп, бүгініміз бен ертеңіміз

 

Маңғыстау, 19.08 2006

        

         Өткенімізді зерделеп,

бүгініміз бен ертеңіміз туралы ойланамыз ба?

 

            “Біздер бүгініміз бен ертеңіміз туралы ойланамыз ба?” деп өзімізге өзіміз сұрақ қоя отырып кешегімізді де бір шолып өтпесек болмас.

Маңғыстау – талай-талай қямет кездерді де үмітке толы күндерді де басынан өткізген өлке.

Қиямет дейтініміз – ата ұрпақтың талай рет аштықтың аранына түсіп кеткенін бүгінгі біздер күрсіне еске түсіреміз. Күштінің қылышынан түскен бабалар мойынындағы жара зардабы әлі күнге біздің жанымызды сыздатады.

Үмітті күндер дейтініміз сондай қилы замандардың барлығынан халық керек кезде қайсарлығын қару етіп, амалсызда ерлік қимылға ерік беріп, жағдайсызда төзімінен төсек төсеп, арманынан жамылғы жамылып болашағына жол шеге білді. Халқымыздың сол үміттері мен ерліктері, төзімі мен  арманы осы заманға жеткізді.

Ескіні еске түсіре ойланынып көрелікші…

Біздің тап болғанымыз қандай заман?

Ел өз тағдырына, осы заманына разы ма?

         Әуелі көптің бірі ретінде өзім жауап берейін. Кеңес өкіметі кезінде жас шағым әкесі тірі жетім атанып өмір сүріп едім. Содан да болар мен қазіргі заманыма да тағдырыма да ризамын! Заманыма риза болатыным бұ заман еліме еркіндік әкелді. Еркіндік менің рухымды аспандатты! Қартайғанда ақын атандым! Тағдырыма риза болатыным ойым жеткенше ойлауға, аузым жеткенінше сөйлеуге мүмкіндік алдым. Жан-жағыма жалтақтамай қалағанымша өмір сүре аламын, қолымнан келген талаппен, адал еңбекпен отбасымды асырай аламын. Жастарымыз жетісіп келеді. Әлемдік деңгейде білім ала бастады. Жастарына әлемдік деңгейде білім берген елдердің барлығы да (Қытай, Жапон, Индонезия, Сингапур секілділер) тез өркендеп, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылды.

Ал жалпы ел өз тағдырына, заманына разы ма деген сұраққа жауап іздеп жатудың да қажеті жоқ болар, өйткені ел түсінігі туралы деректерді өткен сайлау қортындысынан таба аламыз. Еліміздің тағдырына да, заманына да, елді басқарып отырған Елбасына қаншалықты разы екендігін сайлау қортындысы көрсетті.

Әрине, кейбір өзге ойлы, басқа ниеттілер осы он бес жылда қара аспанды басымызға талай төндіргісі келген болатын. Олар “қазақ аштықтан қырылып жатыр”, “қазақ жұмыссыздықтан қаңғып кетті”, “қазақ мемлекет бола алмайды”, “қазақ тілі мемлекеттік дәрежеге көтеріле алмайды” деп байбалам салып, көшеге, көтеріліске де шақырған кездері болған. Олар сол  тәрізді жарапазандарын әлі күнге жалғастыруда. Жалғастыра да беретін болар. Бірақ олар халықты соңдарына еріте алмады. Халық олардың ұрандарына еріп көшеге де шықпады, көтеріліске де шықпады.

Сол байбаламдары өтірікке шыға бастағасын енді олар өз сөздерінің  қаймағы етіп: “ойбай жеп кетті”, “ойбай жұмысқа біздің қазақты қоймай басқа қазақты қойды” деген секілді жалаларға ауыстыра бастады.

Әрине, жоғары биліктен дәмелілер сол секілді жырын жалғастыра бермек. Ол олардың шаруасы.

Халықтың шаруасы ақым мен тәжрибеге сүйеніп ілгері жылжу. Тек қана өкінішті бір нәрсе әлгі айқайшыл топтың жетегінде жүрген кейбір  желбуаз ермелеріміз әлі күнге Қазақстан Республикасының әлемдік беделге ие болғанын өздерінің құрғақ дәлелдерімен жоққа шығармақ болады. Мемлекетіміздің озық елу мемлекет қатарына қосылу барысындағы шынайы бағдарламасының мазмұнын мойындағысы келмейді. Қазақстан азаматтарының уайым-қайғысыз өмір кешер заманға жеткенін көрмейді…

Бірақ біз солардың  жапқан орынсыз жалаларының  ел тыныштығын толқыта алмайтынына, көпшілік санасына сына қаға алмайтынына сенімдіміз. Олардың жүргізіп жатқан ашық та, жасырын да үгіттерінің елімізге келіп-кетер зардаптың жоқтығына сенімдіміз.  Өйткені халқымыз жаппай сауатты. Сауатты қалықты алдау оңай шаруа емес…

Ал заманымыз қандай деген сұраққа оралар болсақ оған да біздің өкпеміз жоқ секілді. Біздің дегенде біз көпшілікті айтып отырмыз. Еліміз (Аллатағала төбеден тастай салғандай болған) бостандығына қол жеткізіп, егемен елінің керегесін өз қолымен жайып, өз мемлекетін бірте-бірте ілгерілетіп келеді.

Бірақ адам жаратылысының сан түрлі екені тағы да бір рет дәлелденгендей. Саншалықты күткен азаттық орнаған заманда ел тыныштығын бұзғысы келетіндер, сол арқылы билікке жеткісі келетіндер табыла кетті. Қайтеміз, оған да көнеміз. Өйткені адамды Құдай әу баста солай жаратқан. Аллатағала өзінің алғашқы жаратқан Адамының баласы Абылды еңбекқор етіп жаратса, Қабылды күншіл, қызғаншақ етіп жаратқан. Сол Қабыл секілділер еңбекқор елдің жеткен жеңісін күндейді. Табысын қызғанады. Ал адамдар болса өз өмірінде алған тәрбиесіне, көрген өнегесіне, түскен орптасына байланысты не Абылдан, не Қабалдан үлгі алып өмір сүретін болса керек. Ал бұ тірлікте адамдардың көпшілігі қандай түсінікте болса бастарына сондай заман орнайды дейді.

Сондықтан да әр ұрпақтың өз бақытына, өз ниеттеріне тап болар, өздері орнатар замандары болмақ.

Кедейлерді желіктіріп “Байларды қамшылап қуып” орнатқан заманның да кедейге бергені шамалы болған. Жетпіс жыл еңбек етіп баспанасыз қалғандар,  еңбекке жарамсыз тәрбиеленгендер қаншама…

Бізге тап болған заман, біздің өзіміздің орнатқан заманымыз адал ниетті адамдар мен адал еңбеттің заманы. Қазақтың “еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” дейтіні.

Қазақ халқының бұрын бұндай заманды басынан кешірген кезі болмаған. Бұл заман халықтың армандаған заманы. Халық сан ғасырлық үмітіне жетті. Еңбек адамына адал еңбегімен барлыққа жету, одан артып байлыққа жетуден артық ештеңенің қажеті жоқ.

Баяғы замандарда ел-жұртты асыраған адамдарды байлар атаған. Олар еңбекқор, істің ретін білетін кісілер болған секілді. Сол байлыққа қазір кез-келген кісі жетіп жатыр. Мал бағам деген кісінің малы бар. Егін егем деген кісінің жері бар. Бақпаймын, екпеймін дейтіндердің қолына берер жұмыс бар. Бәрін қойып баспен істеймін дегендерге оқу бар.

Қазақстан Республикасы бүкіл Орта Азияның асыраушы мемлекетіне айналды. Маңғыстаудың өзінде жобамен жүз мыңдай адам елімізге заңсыз өтіп, заңсыз қызмет етіп тамағын асырап жүр. Тек қана тамағын асырап жүрген жоқ, табыс тауып, еліндегі отбасын асырап жүр.

Еңбек етпей күн көргісі келетіндер “басына іркіт төгілген заман” орнаса да оңбақ емес. Олар да, өз балаларына дұрыс тәрбие бермегендер де заманы мен мемлекетіне өкпелеуге қақысы жоқ. 

Біз бақытты ұрпақ екенбіз.  Өйткені біздің мемлекетіміз басына өмірдің барлық сынынан мүдірмей өткен көреген басшы тап болды. Ол бір қате жібермей елін осы дәрежеге жеткізді. Жеткізіп қойған жоқ, бақытты болашақтың мықты іргетасын қалап берді. Біздің болашақтан дәмеміз зор және бұл жолғы дәме өте зор. Олай дейтініміз мемлекетіміздің саясатының мінсіздігі. “Жауластырмақ жаушыдан, елдестірмек елшіден” дейтіндей, халқымыздың даналығын алға тарта, барлық елдермен достық қарым-қатынас орната алды..

Еліміздің саясатында бір де бір басқа елге деген алакөздіктің, ашу-ызаның жоқтығы. Біздің елдің саясаты – Сабыр мен Парасат саясаты!

            “Көрмес түйені де көрмес” дегендей: “Ойбай өзбек атып кетті, ойбай қытай алдап кетті, ойбай қырғыз қыдырып кетті, ойбай орыс оңдырмады” деп басталатын арандатуға да бір де бір рет ермеді.

Арандатушылар енді әлгі ұрандарын тастай сала: “Ойбай пәленшені орынсыз түсіріп тастады, ойбай птүгеншені басқа жақтан әкеліп қойды” детін жаңа әнге көшіпті.  Бұл сөздердің төркінінде не жатыр?

Бұндай сөзді тарататындар билік басындағылардың қай қадамын халыққа қате деп көрсетуге болады, қай сөзіне қалайша басқаша түсінік беруге болады деген мақсат ұстанатындар. Бұлар саясаттан пайда іздейтіндер… Бұл аңқау халықты алдаудың жолы… Ендігі жерде оппозиция өкілдері елдің даму процесінен мін таба алмай, басқа, осындай ұсақ мәселелерге мәселеге көңіл бұра бастағандай.

 

Қазір Қазақстан қарқынды даму үстінде. Сондықтан да халқымыз бүгінгі күніне разы, ертеңінен дәмесі зор! Бұндай қортындыға келуімізге Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа жолдауларының “Қазақстан 2030” бағдарламасының орындалған бір тараулары екеніне көз жеткізу және тынған істердің бағдарламадан сапасы жағынан да, саны жағынан да асып түсуі себеп болып отыр.

            Қазақстан Республикасының болашағы қандай деген сұраққа жауап беру үшін екі дерекке жүгініп көрелікші:

         Жақын жылдарда Қазақстан озық елу ел қатарына қосылады!..

1 шілдеден бастап біздің еліміз мұнайдан түсетін табыстарсыз өмір сүруде!..

Мемлекетіміздің әлемдік құбылыстарды зерттей тиімді жүргізген экономикалық саясатының арқасында біз ендігі жерде жер байлығына тәуелсіз өмір сүре алатын дәрежеге жетіппіз!.. Ендігі жерде бізді, мемлекетімізді, еңбекқорларымыздың табысынан түсетін салық та асырай алады! Демек, біз осылай даму қарқынын жалғастыра алсақ бір күндері ерекше дамыған елдердің көрсеткіштеріне жетеміз! Біз енді дамудың ғылым мен озық технологгия жетістігіне сүйену жолына бағыт алдық. Мұнайдан түскен қаржыны елдің наны мен тұзына жұмсамай жаңа өндірісті, жаңа технологияны дамытуға бағыттасақ аз ғана жылда біз 50 деген екі орынды емес, тіпті бір орынды санмен жазылар мемлекеттер қатарынан табылармыз. Біздерге, біздің халқымызға,  тек қана соны сезінетін сана керек, басшыларымызға өз басынан ел жайын көбірек ойлайтын отаншылық түсінік керек. Ел тоқтығы, жұрт  тыныштығы қажет.

Айта кетерлік, ескерте жүрерлік бір нәрсе бар, ол – біздің қол жеткен табысымыз да, елу ел қатарына қосылу барысындағы мақсатымыз да,  тек қана еткен еңбектің жемісі емес, ол көп ұлтты, көп дінді халықтарымыздың ауыз бірлігінің жемісі де.

Еліміздің қолы жеткен жеңістіктеріне қызғана қарайтындардың ел тыныштығына сына қағатын жері де, әлсіз тұсы деп ойлайтыны да осы жер.

Жақын арада теледидардан сөйлеген Россияның бір саясаткері “Ливандағы бір жеті соғыс Ливанды жирма жыл кейінге лақтырып тастады” деп еді… (Дүниежүзінің байлығына сүйенген Израиль мемлекетіне маңындағы араб елдерін әлсіретіп отыру күнделікті шаруа).

Осыған сәйкес сөздерді қырғыздарда болған бассыздық кезінде де естігенбіз…

Қандай қорқынышты сөз…

Біздің он бес жылдық еңбегімізді бір жетілік бұзақылық жоққа шығара ма сонда?..

Біздің сол елдерден қандай артықшылығымыз бар… “Бір күн ұрыстың қырық күн кесірі бар” деген екен бабаларымыз… Ойлана жүрелік бауырлар…

Осылар туралы ойланғанда ғана біз озық елу ел қатарына қосылуға дәмелі боламыз!..

Осы мәселелер туралы ойланғанда ғана біздер еліміздің мұнайдан түсетін табыстарсыз өмір сүре алатын дәрежесіне мақтаныш сезімін сезінетін боламыз.

Қазақстан Республикасының мақсаты анық, болашағы зор!

Республикамыздың болашағы әлгідей болғанда біздің Маңғыстау облысының даму қарқына қандай деген сұрақ та ойға орала кетері сөзсіз.

Жақын арада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуының 2006 жылдың бірінші жартысындағы қортындылары туралы есеп берді. Сол есептің екі жолын бөліп алып, мағынасына ой жүгіртіп көрелікші…

Біздің облысымыз облыстардың даму қарқыны бойынша бұрын төртінші группада екен. Енді біріншісіне көтеріліпті…

Бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша Маңғыстау облысы республика көлемінде екінші орынға шығыпты!..

Тек қана осы екі сөйлем Маңғыстаудың дамуы мен ел тұрмысының дәрежесін көрсетіп тұрған жоқ па!

Еңбекшілеріміз еңбең етіпті. Облыс басшылары жұртты жұмылдыра біліпті.  Біз бұл жетістікті бір кісінің еңбегі деуден аулақпыз.

Бұл жеңіс Қазақстанның аяғынан тік тұратынына сенгендердің жеңісі! Бұл қазақстандықтардың ел басшыларына деген сенімінің жеңісі.

Бұл облыс басшыларының халықты жұмылдыра білген, жұртшылықпен сенісе алған еңбегінің жемісі!..

Облысымызға басшы болып тағайындала сала Қырымбек Елеуұлы Маңғыстау өлкесін түгелдей аралап шықты. Жалғыз жүрмеді, әр сапарында қасына адамдар ерітті. Босына ерітпеді, олардың ойын тыңдады, пайдалысын жүзеге асырды. Бір сапарына бізді де сапарлас еткен еді. Сол сапарында Шопан ата басында біз маңғыстаулық азаматтардың жоғарғы билік органдарында жоқ екенін, әсіресе Президент аппараты мен Министір кабинтінде облыс басшылары арнайы жіберіп тәрбиелеген жастар жоқ екеніне шағынғанбыз. Бұл мәселеге көңіл аударылмай келе жатқанын әңгіме еткен едік.

Біздің сөзіміз себеп болды ма, әлде басшының өмірге көзқарасы солай ма, әйтеуір, билікті мекемелерге жергілікті жерден кадрлар жіберу жұмысы басталыпты. Бір өкініштісі Астанаға жұмсаған екі маманның бірі сылтау айтып, басқа жұмысқа ауысып кеткен секілді…

Қалай дегеменен де қазіргі билік басы қарапайым халықпен араласа жүріп, ақылдасатынын байқатуда.

 Келешегінен үміт күтерлік жастарды Астанаға жұмсаса, олар “ел билеу” атты ғылымның сабақтарынан дәріс алып жатса, ертеңгі күні ел басына келер ұрпақпен араласа төменнен бастап жоғары дәрежеге жету үшін еңбек етсе… Бұл басшылардың жастар болашағын ойлағаны емес пе?.. Ел аралап, ауыл ақсақалдарынан өзекті мәселелер жайын аңдаса, басшылықтың ел болашағын ойлағаны емес пе?..

Біз биылғы жылы Масат ата, Доллапа қорықтарында ескерткіштерді қалпына келтіру (реставрация) жұмыстарымен айналысып жүрміз. Таушық жұртымен кездесіп, жерін аралай жүріп облыс әкімі шілде айында біз қалпына келтіріп жатырған Доллапа басына да соқты. Кездесу кезінде сол жердің бір тұрғыны Ембі тауын көрсетіп бір кездерде сол тау басында арқардың шұбырып жүргендігін, кейінгі кезде сол тау етегінде Аралдан әкелінген құланның саны жүзден асқанын, бірақ қазір көзге түспей бара жатқанын, құрып бара жатқанын әңгіме етті. Оған басты себеп жүйрік жиптерге мінген, автоматпен қаруланған біреулердің, халықтың айтуынша билік пен күш органдары басшыларының әрекеті екенін арыз етті. Соған облыс басшысынан қамқорлық қажет екенін айтты.

Қырымбек мырза сол бойда маңайындағы жұртқа қасындағы облыстың ішкі істер басшысымен таныстырып, жауап беруін өтінді. Орган басшысы енді қайтіп ешкімнің, тіпті орган адамдарының қолына да автомат түспейтініне, бұл сұрақтың ішкі істер басшысының назарында болатынына уәде етті.

Біз сол уәдеге сенеміз.

Облыс әкімі қоғамдық ұйымдар арқылы біраз істер тындырып жатыр.

Облыс әкімі Көшербаевтың ынтасымен құрылған ақсақалдар алқасы атты қоғамдық кеңес елмен қарым-қатынас жасаудың ыңғайлы құралына айналған секілді. Облыс басшысы қатысқан ақсақалдар кеңесінде біз көптен бері шешімін таба алмай келе жатқан Сисем ата мәселесін облыс басшысының алдына тартқанбыз. Басшы бұндай күрделі сұрақты Сисем атаның басында тұрып шешу қажеттігін және сол жерге барлық жауапты адамдардың шақырылуы қажет екенін айтып, көмекшілеріне тапсырма берді.

         Көп ұзамай, 13.08.06-сы күні (жексембі болатын) қорық басына жиналдық.

Біз бұрын жазған “Сисем ата адайлар пантионы” атты мақаламызда: “Іргелері мүжіліп, күмбездері жарылып, құлпытастары қисайып, бір сөзбен айтқанда шаңырақтары шайқала бастаған Сисем ата бізді зарыға күтіп жатырған секілді боп көрініп кетті. Сіздер басқаша ойлап қалмаңыздар, біздер оларға тірілей қажетпіз” – деп жазған екенбіз. Әулие басы әлі со күйінде екен. Тек қана бірнеше баяғы шебер аталар қолтаңбасынан аулақ бірнеше жаңа құрлыстар пайда болыпты…

Бізді емес Көшербаевты зарыға күткендей екен…

Сол мақаладан үзінді…

…Қай елге барсаң да (тіпті шағын ауылға да) адамдар  мінезінде бір ортақ қасиет бар екенін байқайсың. Барлығы да қонақтарына әуелі өз елінің көне мәдениетін, ескі ескерткіштерін көрсетуге тырысады, ал сонан соң өмірден өткен атақтыларымен мақтанады. Бұл тегін нәрсе ме? Әрине, тегін емес. Оларға солай еткізіп жатырған  жалғыз-ақ күш бар. Кез-келген ел мәдениетін сырт көзге бағалатар жалғыз көрсеткіш қалыптасқан.

Көрсеткіш аты – ел азаматтарының көне мәдениетке көзқарасы!.. Сондықтан да болар “өткенін ойламаған болашақтан үміт етпеуі тиіс” деген қанатты сөз пайда болыпты… Міне ескерткіштер туралы ой қалыптастырар ұғымдар…

 

…Облыс басшысы сол жерде Сисем ата жағдайын өз көзімен көріп, аталар өнеріне жоғары баға берді. Ол бұл пантионның тек қана маңғыстаулық шеберлердің емес, тұтас қазақ халқының  өнері деп қабылдануы тиіс екенін баса айтты. Кесенелерді қалпына келтіру, сақтау туралы мәселелер туралы сұрақтарына жауап алғаннан кейін жауапты кісілерге тапсырма берді. Маңғыстау ауданының әкіміне “Адайлар пантионы” аталып келе жатқан бұл қорымға енді ешкімді жерлетпеу керек екені, бұрынғы ескерткіштерді жаңартуға болмайтындығын заңдастыру қажет екені ескертілді. Сол маңайдан жаңа қорымға жер бөліну қажеттігін, оның ескі қауым көрінісіне көлеңке түсірмеуін қадағалауды тапсырды.

Сисем атаны ЮНЕСКО мәртебесіне көтеру қажеттігін, бірақ мынадай азған-тозған күйінде емес, олардан көмек сұрау мақсатында емес ЮНЕСКО алдында аталар мұрасымен мақтану мақсатында ұсыну қажеттігін түсіндірді. Ескерткіштердің сапалы қалпына келтірілуін, бабаларымыздың қол өнерінің жоғары дәрежеде болғандығын көрсете алар күйінде көрсету қажет екенін баса көрсетті. Сисем ата толық жөндеуден өтетін болды…

Қырымбек мырзаның бастауымен құрылған “Сәулет кеңесі “(градсовет) атты кеңес те айтарлықтай жемісті еңбек ете бастады. Бұрын қала әкімі қол қойса болды, қалада жаңа құрылыс пайда бола кететін, теңіз жағалауында жаңа мерамхана бой кетер салатын болса, ендігі жерде Ақтау қаласында, қала маңында салынатын барлық құрылыс тағдырын сәулет кеңесі шешеді. Бұл кеңес қала сәніне сәйкес келмейтін, соған қоса теңіз жағасына тым жақын бірнеше жобаларды кері қайтарды.

Облыс әкімінің бастауымен “Сәулет кеңесі” қалада құрылыс салатын фирмаларға қосымша тапсырмалар беруді әдетке айналдыра бастады. Соның арқасында бір құрылыс мекемесі 850 метр теңіз жағалауын өз қаржысына жөнге келтіруді міндетіне алса, екінші бір мекеме сегіз орта мектептің шарбағын жөндеп беретін болды.  

Келесі бір фирмаға теңіз ішінде судан шығып келе жатқан “суын айғыр” жобасын іске асыру тапсырылса, енді біреулері теңіздің жартасты жағасынан төмен түсетін басқыштар орнатпақ.

Айта берсе істелініп жатқан да, ойдағы жоба да жетерлік…

Әкім Маңғыстау қазақ музыкалық драма театры салынуы тиіс, ол тек қана теңіз жағасынан салынсын деген шешім қабылдады. Теңіз жағасы бос емес. Сол үшін салынып қалған кейбір құрылыстарды бұзуға дейін баратындығы сөз болды…

         Облыс пен қала әкімшілігі әбден шегіне жетіп, бір-біріне қол жұмсауға дейін жеткен  саяжайдағы шатақты дұрыс шеше алды…

         Оралман мәселесі оңай мәселе емес. Қалаға шеттен ұрқысатсыз келетін адамдар қиындық туғыза түсетін секілді.

Кейбір шетел сарапшыларының болжалы бойынша Маңғыстау байлығын игеру үшін, кем дегенде Маңғыстауға 1,5 млн. тұрғын керек екен.

Бұл болжамдар бізді ойға батыруға тиісті.

Біз осындай өзгерістерге дайын болуымыз керек секілді.

Ертеңімізді ойлайтын болсақ Маңғыстаудан миллионнан астам адам жұмыс тауып істеп жатқанда, біздерге баламыз жұмыссыз еді деу ұят болатын болар.

Жастарымыздың ертеңін ойласақ ауыл балаларын тек қана жоғары оқу орыны емес,  мамандыққа оқыту қажеттігін түсінетін мезгіл жеткен секілді.  Жұмысшы мамандығын  игеру қазақ халқы үшін өте қажет мәселе екені талай айтылып келе жатыр. Ауылдағы жастарды жұмысшылар дайындайтын оқуларға жоспарлы түрде ұйымдастыру мәселесін қолға алатын, оларға түсіндіретін кез жетті…

Облысымыздағы жұмыссыздардың көпшілігі сондай жастар болғандықтан сол мәселемен айналысатындар ауыл жастарына арнайы мамандық алып беру бағдарламасын жасау керектігі өз-өзінен сұранып тұр… Бұл шаруа ауыл мен аудан әкімдерінің күнделікті ісіне айналса жарар еді…

Қазақ халқының керуен-көшінің сәні де, сапасы да түзеліп келеді. Бүгіні көңіл тойдырады. Бүгініміз кеше ойлағанымыздан, дәмемізден артық түсіп жатыр. Ертеңіміздің де солай болатынына сенім күннен күнге нығая түсуде.

Елімізді сол күнге жеткізер азаматтар аман болғай!

Сол күнге тек қана қалың дүрмекпен араласа жетпей, әрқайсымыз ұлттық санамен, азаматтық түсінікпен жетелік, ағайындар!..

 

Сайын Назарбекұлы

                   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

                            Қазақстан жазушылар одағының мүшесі

                                                        Ақтау. 15.08.2006 ж.

Запись опубликована в рубрике Бүгін. Ертең. Болашақ. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.