Казакы кош-керуен

 

         Барлық адам пенделерінің ортақ мекені, асыраушы атасы, аялаушы анасы Жер-анамызда алғашқы ошақ құрып, отбасын түзеген  Адам Ата мен Һауа Ана дейді. Құдірет бұйрығымен олар ұрпақтарын өсіреді. Кейінірек, көбейген кезде әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен еді дейді…

         Қазіргі біздің аузымыздан түспейтін, ойымызды онға бөлетін Жаһандану құбылысы сол кезде басталған секілді. Бірақ о кез – адамдардың әлемді игеру мақсатындағы бір-бірінен алшақтау кезеңі болса, бұ кез – әлемді игеріп болғаннан кейін бір-біріне жақындасу, араласу кезеңі секілді. Бұл құбылысқа "Жаһандану" деп ат тағыпты.

         Жаһандану кезеңінде адамдар мен ұлттардың ала білсе алары да мол, сақтанбаса, жоғалтары да баршылық секілді.

Әлем игергенін, тапқанын ортаға салады, тәжірибе алмасады. Ғылым дамиды. Мәдениет араласады. Бұлар халық тұрмысының жақсаруына, жоғының табылуын тездетуге көмектеседі.

Әлгідей пайдасын тигізер жаһандану құбылысының зиянды да әсері бар секілді. Әр адам бұ құбылыс әкелер қатерді санамен сезіне отырып, ел болып қауымдасып, ұлт болып ұйымдасып дайындық жасамаса, онда ондай ел елдігінен, ұлт ұлттығынан айрылып қалу қаупі де бар дейді.

         Жаһанданудың көзге анық көрініп, ауызға ілініп, тарихта таңба қалдыра бастаған шағында адам баласына зор қасірет әкелген кезеңдері көп болды. Басқаша айтқанда: тіл мен тіл тайталасып, дін мен дін бақталасып, адам мен адам бәсекелесіп, ақыры бір-бірін күштеп бағындыруды, тартып жеп несібе айыруды, бірінен бірі озуды әдетке айналдыра бастағаннан бастап жаһанданудың сорақы жағы өкінішті нәтижелерін таныта бастады.

         Қазіргі заман сәулетшілері солардан қортынды шығаруға тиіс деп дәметеміз. Ендігі заман бұрыстан қортынды шығарар, дұрыстан өнеге алар заман болады деп болжануда.

Жалпы жаһандану құбылысы қазаққа жат құбылыс емес.

         Біздің бабаларымыз "аты барда жер танып, асы барда ел танып" жүріп, бұл құбылыстан ала да білген, өз үлестерін аз да қоспаған. Өздерінің ойлап тапқан үзеңгісі мен арбасын әлемге таныстырып, құдіреттің жалғыз екеніне баршаны сендіріп, өзге тілге өз сөздерін ендіріп, Адам ата ұрпақтарының бір-біріне жақындай түсуіне еңбек етіп еді дейді, тарихшылар.

Көшпелі тайпалар Пекинді Парижбен, Үндіні Ұрыммен жалғастырды дейді, білетіндер.

         Солай басталған жаһандану құбылысының бұл кездегі мінезі өзгеріп, бір кездегі күш көрсетер басқыншы түрінен біздің заманымызда "түйені түгімен жұтатын жалмауыз" түріне   айналып бара жатырғандай. Адам онымен тіл табыса алмаса жұтылып тынатын реті бар. Жеке кісі түгілі, бейімделе алмаса, жаһанданудың тұтас елді жоқ етіп жіберер қауқары бар секілді. Бұ заман жаһандануы тәніңді қорламауы мүмкін, бірақ пенделік жаныңды, ұлттық рухыңды өзгертіп жіберуі мүмкін құбылыс секілді. Бұл – сонысымен қауіпті. Әр қоғамдағы аз күн тән мұқтажын қанағаттандыруға құмарлар көпшілікке айналған шақта тұтас ел тәуелсіздігіне қауіпті жағдай туатын секілді.

Содан барып әр пенде алдында басын аман сақтап қалу, ел алдында елін аман алып қалу мәселелері туындамақ. Әлемдік жаһандану құбылысымен қалай болғанда да тіл табысу керектігі, оған бейімделу қажеттігі түсінікті бола бастады. Сол түсіністікті, сол ымыраны ұлттық намысқа зиянын тигізбей қалай іске асыруға болады деген сұраққа жауап іздеу – бұ замандағы басты мәселе. Ол ұлтшылдың да, халықшылдың да, өзімшілдің де кешіктірмей шешуі қажет мәселесі. 

Жаһандану құбылысына қарсы тұра алар құрал – білім мен ғылым, тіл менен сауда делінеді.

Білектің заманы кетіп, біліктің заманы орнаған бұ ғасырда кім көп біледі, соны ел пайдасына асыра алады – заман сонікі. Кім әлеммен сауда жасай алады, елін байыта алады – заман сонікі. Бірақ Сен осы шаруаларды өз ұлттық рухың сіңген білім мен ғылым арқылы, тек қана ана тілің арқылы игеруге тиіссің.

Тіл мәселесінде кейбір біздің "ұлтжанды" қайраткерлеріміз: "Ойбай, жастарымыз орысша оқып қойды, ойбай ағылшынша үйреніп жатыр" — деп байбалам салып, ана тілінің жоқтаушысы болып көрінуге тырысады. Біз ондай адамдарды қазақ халқына жауынан бетер қауіпті дер едік. Жаһандану құбылысынан қашып құтыла алмайтын болғандықтан оны тек қана білімменен қарулана өз тілінде, өз теңіндей дәрежеде, санаменен түсініп қарсы алу қажет.

Сана жөнінде:

 

"Елің мен тілің теңдік ала алмай тұрып, қанша жерден дүлдүл болып кетсең де, өзің теңдік алып, көгере қоймайтыныңа – сол күндер куә. Ал сана кемелденбей тұрып, заңның да кемеліне мініп, дегенін жүргізе алмайтынына – содан бергі жылдар айғақ" – дейді.        Әбіш Кекілбаев.

"Тіл және Тәуелсіздік". "Егемен Қазақстан. Тамыз, 2006 ж.

 

 

"Ұлттық санасы оянып, ұлттық намысы жетілген елдер күрес нәтижесін тәуелсіздігін баянды етуге жұмсаса, ал ұлттық намысы оянбаған, құлдық санадан арылмағандар ұлт мүддесі игілігі жолында біріге алмай, әр түрлі ағым ығында өзара қырқысып, азапты күндер тізбегін жалғастыра береді екен" – дейді, Қойшығара Салғараұлы.

«Елдік негіздері». Астана 2007 ж.

 

Жаһандану құбылысына бізді ұлт ретінде араластырар негізгі құрал – ана тіліміз! Қазақтарға бұ кезеңде тіл мәселесінде: "Ана тіліңді жетік біл, әлем тілінің бәрін біл!" – деген ұран жарасады.

Жаһандану құбылысын өз әдісімен қарсы алып, сол әлемге өз үлесіңді қоса кіруің қажет. Әйтпесе олар сені өгейситін болады.

Ойымызды мысалмен түсінікті етелік: егер біздің халқымыз ұлттық мәдениет пен ұлттық құндылықтарды бүкіл адамзат пайдасына жарата алар дәрежеге көтеріп, әлем халықтарын қазақ тілінде: "көкпар", "ірімшік", "құрт", "қазақша күрес", "шұбат", "қымыз", "бауырсақ", "тоғызқұмалақ",  "балқаймақ", "түйе жүн көрпе", "Алматының апорты", "қазақ жабысы", "қазақ тазысы", "қазақ қазысы" "ғарыш" деп сөйлете бастады делік.

Әлемдегі озық елу елдің санатына қосылғалы еңбек етіп жатқан елдің өндірісі мен экономика саласы да әлемге қазақ сөздерін айттыра бастайды деп дәметеміз…

Сол секілді әлем мәдениеті қазақтардың ұлттық ұрдісі, ұлттық ерекшеліктері туралы айта бастады делік. Олар: "киіз үй", "текемет", "амансыз ба", "қош болыңыз", "рақмет", "қазақ қонақжай жұрт", "Қазақстан бейбіт ел", "ұлттар достығы" деген сөздерді біздің елден  үйреніп кетеді делік…

Қазақстанға келген саяхатшылар өз еліне "Көкшетау", "Жұмбақ тас", "Түркістан", "Бекет ата", "Шерқала", "Ертіс", "Жайық", "Балхаш" деген сөздерді әлем жұртшылығына тарата бастады делік…

Қазақтар өзіне осындай жағдай туғыза алса, тек қана өздері емес тұтас әлем амалсыз қазақша сөйлей бастайды, онда олар қазақтарды да Қазақстанды да жатсынбайтын болады…

Бұл ретте тындырылған біраз шаруалар бар. "Бәйтерек", "Астана", "Қашаған", "Теңіз", "Ақтау сити", "Қазмұнайгаз", "Қорғас" деген сөздер әлемді қазақша сөйлете бастады. Бірақ олар үлесі әзірге тым аз. Қазақтардың жаһандау құбылысына қосар үлесі де, соған қарсы тұрар қайраты да міне осылар секілді істері болмақ.

 

"Қазақы болмысқа, яғни қазақтың халықтық қалпына оралу – сан ғасырлар бойы қазақты қазақ қылып әлемге танытқан, азамат қауымының өзге халықтарынан ерекшелеп, "қазақ халқы" деген киелі атауды иелендіріп, қазақтың тек өзіне тән қасиеттеріне, ұлттық құндылықтарына, рухани тұтастығына оралу, басқаша айтқанда, қазақ халқының ұлттық дәстүрін, ұлттық мәдениетін, ұлттық санасын қалпына келтіру" – дейді, бұл салада аса құнды тарихи еңбектерімен танымал болған Қойшығара Салғараұлы

(Елдік негіздері». Астана 2007 ж).

 

 Қазақтар алдында, ендігі жерде, әлемдік жаһандану құбылысына  бейімделе жүріп, өз үлесін қоса жүріп өмір сүру міндеті тұр. Ол ұлт алдындағы, жұрт алдындағы міндеті.  Жаратушының алдындағы міндеті.

Үлес қос, қосқан үлесің "мені қазақ баласы қосты" дей алатын болсын. Жаһандануға қарсы тұрма, бейімдел, бейімделе қазақы болмысыңды сақта.

"Қазақ халқы атты көш-керуенді" (қазақ халқының бүкіл әлемдік қозғалыстағы болмысы деп түсін) табиғат қалыптастырған қазақылық қалпында көздерімен көріп, салтанатты сәнімен көшкен кезінде қызықтаған,  еріксіз босқан кезінде ыстығына күйіп, суығына тоңған ұрпақтарының соңғы тұяқтары,  қазіргі алпыс-жетпіс жастағылардың  аталары мен әжелері, аналары мен әкелері болатын. Олар қазақы көш-керуеннің сән-салтанатын болмысымен сезініп, бар қызметін қолдарымен атқарған, сол заманда өмір сүріп, заман өзгергенде өмір бойы көш-керуенін жыр етіп, өкініштерін зар етіп өткен жандар еді. Жыр етіп дейміз-ау, олар жырлай да алмаған-ды. Қайдан жыр етсін. Сыбырлап айтатын, жасырып айтатын. Қорқатын. Амалсыз заманына бейімделетін. Қорыққандары, бейімделгені жақсы болыпты. Өздері аман қалыпты. Біздерді өмірге әкеліпті.

Айтарлықтай салтанатты  болмағанмен, "қазақы көш" дегенді бала кезімізде біздер де көрдік. Көш біздер үшін қуаныш болатын. Жаңа жұрт, жаңа табиғат. Бір жазда екі-үш рет жұрт аударып қону  ауылдық жерлерде жирмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін жалғасты.

Өркениет пен техника дейміз, цивилизация мен жаһандану дейміз, солардың лебі елуінші, алпысыншы жылдар шамасында қазақ ауылдарына өз самалын да, салқынын да тигізе бастады.

Шалғай жатқан ауыл қазақтары қазақ елінен басқа да ел болатынын, қазақ тілінен басқа да тіл болатынын сезіне бастады. Автомашина түйені ауыстырды. Жат жұрттықтар саны ауыл адамдарынан көпшілікке айнала бастады.  Ауыл қазақтарының ана тілінен басқа тілді пайдалана білмесе, тіршілік етуі қиындайтынына көздері жетті.

Адам да, жер де, тіл де мидай араласты. Алғашқыда зардабы байқалмады. Бірақ қазақтың дәстүрлі көш-керуені, басқалар көшіне ығыса жол бере жүріп, ақыры аясы тарылып қозғалыссыз қалған шақта, ата-баба жолы, қазақшылық әдет-ғұрып надандыққа балана бастады. Сол кезден бастап, ұлттық сананы ұлттық нәрмен нәрлендіру   тоқтағаннан бастап, қазақтың өмірі де, тілі де, болмысы да күрт нашарлады.

Қазақ халқының болмысында өзгеріс басталды… Жаңа заманға бейімделу басталды. Бірақ бұл құбылыс ұлттық болмысты, ұлттық үрдісті, ұлттық тілді жоғалту есебінен жүзеге асты. Қазақ өз ұлтынан алшақтай бастады.

Қазақ халқы талантты, үйренгіш, қабылдағыш халық. Көргеніне еліктегіш халық.

Сол еліктегіштік пен мұқтаждық қазақ халқын түгелдей орыс тілді етті.

Сонымен қоса, қазақ – бейқам да халық. Сол таланты, сол бейқамдығы өзіне қарсы жұмыс жасап жатты.

Ақселеу Сейдімбек «Ұлттық идея» атты мақаласында  қазақ бейқамдығын былайша бейнелейді…

 

"Біздің, қазақтардың бұл тараптағы тірлігі, бейнелеп айтқанда, мынадай: жаһанданудың ақ жал толқынында қалт-құлт етіп бір бесік ағып барады; бесік ішінде қазақ деп аталатын бір жас ұлан қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр; … осындай ахуалда біз бір ғана жағымсыз тірліктен бас тартуға тиіспіз. Ол – беймәлімсіздікте ғұмыр кешуден бас тарту"…

(Қазақ әдебиеті, 15.08.200)

 

Халық ұзақ уақыт ана тілін (әсіресе ауыл қазақтары), өз қалпын, өз болмысын сақтап қала алғанмен ақпарат тілі мен өкімет тілі қолдан жасаған амалсыздық заңына көнді. Қалалықтар тілі шұбарлана бастап, ақырында орыс тілділерге айналды.

Бар білімнің басында орысша білу, жиындарда "орысша судай" ағып тұру дәрежелі болатын болды. Жаттампаздар мен жағымпаздар дәуірі туды.

Мемлекет қазақтарды емес, өз құлқына ыңғайлы адамдарын тәрбиеледі, соларға билік берді.

Бұған қарсы тұрам дегендер атылды, асылды.

Үлкен алдында әдепті болуды бала парызы деп есептейтін жастар (қазақ жастары), енді бұзықтығымен көзге түсуге арланбайтын болды.  Қыздардың тапсынып тұратыны мәдениетке саналды.

Қазақи сана өзінің қалыпты арнасынан ауытқыды. Басқа елдер мәдениетіне тәуелсіз дамуын тоқтатты.

 

"Бұдан шығатын қортынды сол – ұзақ жылдар бодандық бұғауда болған елдің Азаттыққа қандай жолмен жетсе де, сана тәуелсіздігі болмай, елдің шынайы тәуелсіздігінің болмайтындығы; қиылған жанның, төгілген қанның, аққан жастың зая кететіндігі" – деген,  Қойшығара Салғараұлы, сана тәуелсіздігін, рух тәуелсіздігін бар шаруадан ілгері оздырады.

Қойшығара Салғараұлы. "Елдік негіздері»" Астана 2007 ж.

 

Жер де, адам да, тіл де қазақшылық болмысынан айрылып, өз тегіне өгейлік танытатынды шығарды.

Жерді басқалар меншіктене бастады.  Қазақ енді жерге ие болудан қалды.

Ел көшуді тоқтатты. Көшу тоқталып еді, елді мекен маңын адыраспан басты. Ол маңайға басқа шөп шықпайтын болды.

Сол секілді "көш-керуені" қозғалыссыз қалған қазақ санасына да адыраспан шыға бастады.

Ел санасы "пәленше" арақ ішіпті, мас болыпты дегенді ерсі көрмейтін дәрежеге жетті..

Ерлер құлқы бұзыла бастады. Ішімдік іздегіштер қыдырымпаз, сұрамсақ, жағымпаз деген жегілерге өзегін алдыртты. Жұрт ішімдіксіз дастарқан жаймайтын болды. Қазақ тойы мен жиыны болмысын жоғалтты.

Үйленген жастар ажырасқанына ұялмайтын дәрежеге жетті.

Ана тіл бетіне таңба түсті. Тіл сәнінен айырыла бастады.

Жүйрік тіліміздің ұшына сүйел шықты, сүріне бастады.       

Шешен сөйлесуге, мақалдатып тапқыр айтуға құмар халық жаппай тост айтуды, тілек тілеуді, жаттандылықты әдетке айналдырды. Қазақ халқы енді өз болмысына да иелік ете алмады.

Біраз қазақ өз ана тіліне астамшылықпен қарайтынды шығарды. Тіл қазаққа ана болудан бастарта бастады.

Өз тілін "ана тілі" атандырған, ардақтаған да солар еді. Мұқтаждық пен амалсыздық қыстаған қазақтар ана тілін ардақтауға халі жетпеді. Жүзі отырып біреудің бетіне қарап жәутеңдеді, соған түсінікті болсын деп орысша сөйледі.

Ұзаққа созылған амалсыздық пен дәрменсіздік  қазақтың қазақтық сапасына әсер ете бастады.

Бір ғасырға жуық озбыр өкіметтің құлы болдық, жат десе жаттық, тұр десе тұрдық. Дым шығарма десе дем шығармадық. Өл десе өліп, тіріл десе тірілдік. Бәрі рас. Мойындаймыз.

Адамды аздырдық. Даланы тоздырдық. Көлді кептірдік. Бұлақты құрғаттық. Өзенді ластадық. Ауаны уға айналдырдық. Суды тұзға айналдырдық. Аңды қырдық. Баланы мәңгүрт еттік… Шындықты  мойындамауға бола ма. Мойындаймыз. Бәріне өкінеміз.

Арақпен тәнді уладық. Құдайсыздық жолына түсіп жанды уладық. Бұ да рас. Мойындаймыз.

Анаңдай әлпештер аяулы сөздер ұмытыла бастады.

Анаң тірі. Бесік жырын он беске келгенде, кітаптан оқып үйренеді деген не масқара? Тәрбиенің ұлттық болмысын жоғалттық.

Атаң тірі. Алпамыс ерлігін бақшадағы басқа тілді тәрбиешіден естиді деген не масқара? Ұлтымыз ұлттық тамырдан алшақтатыла бастады.

Халқымыз ақын халық еді, жырау халық еді. Батырлық дастандарымызды ұмыттырды. Қазақтың соншалықты бай мұралары туралы институт, университет студенттері ғана естиді екен, оқулықтан ғана оқиды екен деген не масқара? Бәрі де рас. Мойындаймыз.

"Басың жарылса бөрік ішінде, қолың сынса, жең ішінде " деген шүкіршілікке бағына өмір сүрдік. Көндік. Көндіктік. Күттік.

Дегенмен асықпаған арбаға мініп қоянға жетті…

Ақыры, арман орындалды.

Арманға жетіп Тәуелсіздігіміз бен Егемендігімізді тойлап жатырмыз. Тойымыз тойға ұласқай!

Ата-баба аруақтарына ас беріп жатырмыз. Садақамыз қабыл болғай!

Елімізді ел етпекке ұмтылып еңбек етіп жатырмыз! Еңбегіміз жемісті болғай!

Тәуелсіз өмір сүрген он бес жылдан астам уақыт осылай өте шығыпты. Жетістігіміз аз болмапты. Қатарымыздан озыппыз. Озықтар қатарына жетуді мақсат етіппіз. Жететінімізге сенімдіміз де. Бәрі рас! Мақтанамыз! Қуанамыз!

Арманымызға жеттік. Аллаға рақмет!

Тәуелсіздік алдық! Тағдырға рақмет!

Егемен ел болдық! Ел серкелеріне рақмет!

Жаратылыс – егіз. Жаратылыс жақсыны да жаратқан, жаманды да жаратқан. Бұл өмірде шындық та бар, өтірік те бар. Қуаныш қуантып жатса, өкініш өкіндіріп жатады.

·        Тәуелсіздікке қол жетіп, мемлекетіміз экономика мен өндірісті өркендете, халықты теңестіре  алған осы жылдар тіл теңдігін қамтамасыз ете алмады деп ашық айтамыз…

·        Бұл жылдар ұлттық рухты көтеретіндей іс тындыра алатын ұлтжандыларды билік басына жеткізе алмағаны несі деп өкінеміз…

·        Байлық пен билікке қолы жеткендер ел мүддесі, халық қамы деген шаруаларды екінші орынға ысыра берген жоқ па деп күдіктенеміз…

Тәуелсіздік жылдарында,  бәріне қол жеткізе жүріп, қазақ халқының жан-дүниесін жаңадан, қайтадан қалыптастырарлық, "Мен – қазақпын!" деп мақтануға тұрарлық, рухани рухты қалай қалыптастыра алмадық деген өкініш күнәліні өз басыңнан емес өзгеден іздете береді.

Бірақ әлемдік атағы бар көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев бәріне кінәлі сана төмендігінен дейді.

            Демек,  біздің қоғамымыздың да, қоғам мүшелерінің де ұлттық санасы, осы өмір сүрген тәуелсіздік жылдарында өз армандарынан, өз тындырылған істерінен кем түсіп жатыр екен-ау деген ойға итермелейді. Біздің жетістіктеріміз сананың сені жетектеуінен емес, тарихи жағдайдың дүрмегіне еруден туындаған жетістіктер болуы мүмкін секілді.                            

Әбекең мақаласынан тағы да бірнеше үзінділер келтірелік:

 

…"Сананың солқылдақтығы… Әлдеқашан мемлекеттік статус алған тіліміздің әлі күнге мәртебесіне сәйкес пәрмен ала алмай жүргендігі де содан еді… Тіліміздің жұтаңдығынан емес, өзіміздің кісілік жұтаңдығымыздан еді"…

…Сол солқылдақтық, сол жұтаңдық әлі күнге білім беруді, тәрбие беруді, тарих оқытуды ана тілде жүргізуге бөгет болуда…

…Тіл теңдігінсіз мемлекет теңдігін, мәдениет теңдігінсіз азамат теңдігін көзге елестету мүмкін емес…

…Ең алдымен, туған тілімізді жұмыла үйреніп, жабыла меңгеріп, жан аямай дамытып, нағыз осы заманғы білім алу мен зейнет көрудің ең шешуші құралына айналдыруымыз қажет…

 

Қазақ халқының көрнекті ойшылдарының бірі – Ақселеу Сейдімбек:

"Қазақ идеясы, яғни сол мәндегі қазақстандық немесе ұлттық идея өзара шендескен екі бастаудан нәр алуға тиіс. Біріншісі – қазақ халқының тарихи тағдыры қалыптастырған мейірім, шапағат, парасат, жарасым, бақыт туралы арман-аңсары (идеялы). Яғни кең мағынасында, ондай идеялдың мәдениет пен өнер, тіл мен діл, салт пен дәстүр түріндегі өмірлік көріністері. Екіншісі бүгінгі тарихи кезең аясындағы нақты бастан кешіп отырған ахуал", – дейді.   

("Ұлттық идея", Қазақ әдебиеті, 15.08.2003)

 

Тарих пен тарихи кезеңді шендестіре отырып, бүгінін қамдау, болашағын ойлау, елді ел ету жолындағы басты жұмыс екенін сеземіз.

Ел болып ес жия бастап едік. Жетістігіміз бен қоса кемшілігіміз де бар болып шықты. Соларға сын көзбен қарап, "әттеген-ай" дейтін болыппыз. Бұл да рас. Өкінеміз. Қазақтардың қазақ халқы алдындағы борышы туралы ойланамыз.

 

Әбіш Кекілбаев:

"Түптеп келгенде, ана тіліңді құрметтеу – басқалардан артық тұрудың құралы емес, туған анаң мен атаңды сыйлағаның сияқты өз халқың мен мәдениетіңді қалтқысыз қадірлеудің ең басты қағидасы болуға тиісті…" деп, кез-келген қазақтың мойнындағы борышын анықтап береді. (Егемен Қазақстан». Тамыз, 2006 ж).

 

Біздің арғы-бергі өткен және келешек ұрпақтар алдындағы перзенттік парызымыз Әбіш Кекілбайұлының жоғарыда келтірілген ойларын түсіне білгенде, ұсыныстарын іске асыруға атсалысқанда ғана ақталмақ. Сонда ғана "Қазақстан болашағы – қазақ тілінде" екендігін іс жүзінде дәлелдеп шыға аламыз.

 

"Өйткені тіл мерейі – ел мерейі. Бабаларымыз баяғыда ескерткендей, адамзат трихына қарасақ, тілі мақұрым қауымдардың өздері де мақұрым болыпты. Ал тілдерін дамытып, кемелдеріне келтірген халықтардың өздері де дамып, кемелдеріне келіпті"…

                                                           Әбіш Кекілбаев "Тіл және Тәуелсіздік"

 "Егемен Қазақстан". Тамыз, 2006 ж.

 

Тәуелсіздігіміз баста. Егемендігіміз елде. Иманымыз жүректе. Төрт жағымыз төрт Құбыла! Тек қана өздеріміз, қазақтар, сол төрт Құбыланы бағдар ете алсақ болғаны. Өз көзімізді өзіміз тырнап аша алсақ болғаны. Адасқан сананы даңғылына қайтара алсақ болғаны. Тат басқан жүректі тазарта алсақ болғаны. Жанымыз бен болмысымызға басқалар егіп тастаған сенімсіздік пен күдік атты жегіден құтыла алсақ болғаны…                                   

Әбіш Кекілбаев "Тіл және Тәуелсіздік"

                                               "Егемен Қазақстан". Тамыз, 2006 ж.

 

Ойға салып саралап қарағанда, әлгі санап шыққан теріс әдеттер мен қауіптерден құтылу үшін бізге ешкімнің көмегінің қажеті жоқ екен.

Бәрі өзіміздің қолымызда. Бұл рас нәрсе. Бірақ асықпаса, болмайтын секілді. Толғақ қысып тұр. Ол енді кімді өмірге әкеледі? Ендігі басты сұрақ сол.

Толғағы жеткен сол мәселе қазақ халқының шаңырағына мәңгүрттер мен бейқамдар тобырын тудыруын жалғастыра бере ме?

Жоқ әлде болмысы қазақтікі, тілі ананікі, пиғылы елім, жерім деп бұлқынып тұрған жаңа ұрпақтар өскінін тудыра бастай ма?

Елімді ел қылымын, жүртымды қазақ қыламын дейтіндердің мақсаты әуелден де анық. Ол – елдік, ұлттық мәселе.

Қазақ халқы үшін бар шаруашылық мәселелер шешілген дедік. Тек қана ендігі жерде қазақты толғандырары, ол – қалай қазақшылық болмысымызды сақтап қала аламыз деген мәселе. Бұл мәселені қазақша тілге аударып қайталайықшы… 

·        Қалай ана тілімізді сақтап қала аламыз?

·        Қалай ата-баба салтын сақтай, дәстүрін ұстана өмір сүреміз?

·        Қалай ұрпағымызға қазақылық болмысты сіңіре аламыз?

·        Қайткенде жастарды "ел Азаматы" атты қалыпқа құйып шығара аламыз…  

 

Осы шаруаны іске асыру үшін екі нәрсені мойындау қажет:

Бұл іс – ұлы іс! Бұл іс – ел үшін еңбек етем деушілердің бар жұмысының арқауы, бар тіршілігінің негізі!

Бұл шаруа мемлекеттік бағдарламалар арқылы ғана іске асатын орасан күрделі рухани жұмыс.

 

Бұл шаруаны орындап шығу мақсатында:

Жастар тәрбиесінің барлық сатыларына арналған, "Ең болмаса осыны біл!" деп талап қоя алатын, орындалуын тексеруге болатын бағдарламалар жасалынуға тиіс; 

Сол бағдарламалар жастар білімінің ең төменгі дәрежесін (минимумын) белгілеуі қажет;

Сол минимумда ата-аналар мен ұстаздар үлесі, мемлекет үлесі анықталуға тиіс;

Оқушылар мен ұстаздардың, адамдармен мемлекеттің міндеттері мен құқтары заңмен  бекітілген болуы тиіс;

Тәрбие жұмысының сатылары бала туғанан бастап, азамат боп қалыптсқанға дейінгі кезеңдердің бәрін заңмен қамтуы қажет…

Адам туады, ержетеді. Ол түсінікті нәрсе.

Бірақ қоғамға адамнан гөрі Азамат қажетірек. Азаматты тәрбиелеп шығару қоғам борышы, міндеті. Өйткені қоғам болашағы адамдарының, Азаматының санасына байланысты.

 

Азамат тәрбиелеу бағдарламалары (стандарттары):

·        Отбасы мектебінің бағдарламасы;

·        Балабақша мектебінің бағдарламасы;

·        Бастауыш мектеп бағдарламасы;

·        5 – 9 сынып оқушыларының бағдарламасы;

·        10 – 11 сынып оқушыларының бағдарламасы;

·        Кәсіби оқу орындарының бағдарламасы;

·        Орта оқу орындарының бағдарламасы;

·        Жоғары оқу орындарының бағдарламасы;

·        Өз бетінше оқып жетілу мектебінің бағдарламасы…

 

Біріншіден, осындай "баланы бастан" тәрбиелейтін, кемі болса "азаматты соңынан" жетілдіруге қам жасайтын жүйелі" бағдарламалар қабылдауы қажет. Ол заңдандырылған болса, нәтижеге тезірек жетеді деп есептейміз.

Әр отбасы мектеп жасына дейінгі сәбилерін мемлекет бекіткен бағдарлама жоспары бойынша жұмыс жасап және баласы бақшаға берілмген жағдайда балабақша бағдарламасын өз беттерінше орындап шығуға міндетті болса. Бұл бағдарламалар тек қана әріп үйрету, санды қосып алу бағдарламасы болып қалмай, баланы қазақ етіп қалыптастыру бағдарламалары болуға тиіс.

Екіншіден: Бала тәрбиесі деген сөз айтылған жерде анаға қамқорлық сөзі қатар жүрмесе барлық шаруа жел сөз болып  қала бермек.

Үшіншіден: Абай айтқан «толық адам» деген кісіні дайындап шығуға «толық Ана» дейтін кісінің керек екендігі. Бұл мәселеде кейбір саясаткерлердің дауыс үшін ойлап тапқан «гендерлік» деп аталатын саясатының қазақ халқына тигізер зияны пайдасынан әлдеқайда асып түсетінін ескере жүрген абзал.

         Балаларды тедидар тәрбиесі мен көше тәрбиесінен мүмкіншілігінше шеттетіп, ана тәрбиесіне, әке қомқорлығына бейімдеп өсіру қажет. Сонда бала ата-анаға борышты ғана болып емес, баршаға сүйікті болып та жетілмек.

 

"Алайда не жасыратыны бар, болашақты көздеген айқын, түбегейлі ұлттық мақсат болмағандықтан, ол мүмкіндікті уақытында пайдалана алмадық. Бұлай істеуге кезінде қоғам да, билік басындағылар да қажетті икемдік таныта алмады… Сөйтіп қазақ ұлтының ұлттық құндылықтарын қалпына келтіру кейінге ысырылып, күнкөрістің қамы  өңмендеп алға шықты.

Ең өкініштісі – кезінде кейін ысырылған ұлттық құндылықтарға оралу арқылы халықтық қалпымызды қайта қалыптастыру мәселесі сол күйі біржолата ұмыт болып, назардан тыс қалды".

Қойшығара Салғараұлы "Елдік негіздері". Астана 2007

 

Әл-Фараби бабамыз бұдан мың жыл бұрын ескертіп, «Адамға бірінші тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілетін білім адамзаттың қас жауы. Ол келешекте адам өміріне және қоғамға үлкен апат әкеледі», — депті… Баба өсиетін орындау – қазақы тәрбие, еуропалық білім…

Бала тәрбиесіне, ананы қамқарға алуға жұмсалған қаржы – банкіге салған қаржыдан ел үшін әлдеқайда пайдалы, өсімді болмақ.

Бұл қазақ халқының аталар рухына оқыған батасы, өз өмірін сәндендіруі, өз болашағын қамқорлауы  болмақ.

Ана тәрбиелеу бағдарламаларында:

Қыздардың міндетті түрде бітіретін курстары;

Қыздардың мектепте, оқу орындарда өтетін қосымша пәндері;

Әйелдердің зейнеттік мезгілі;

Үш балалы әйелдерге кенже баласы үш жасқа толғанша айлық тағайындау мәселесі;

Бес балалы әйелдерге өмірлік пенсия тағайындау мәселесі…

Қазақстанда ұлтаралық, дінаралық түсіністік орнатудың дүние жүзілік озық үлгісі бар деп мақтанамыз. Көптеген ұлт өкілдері достық пен ынтымықтың арқасында тату-тәтті өмір сүруде дейміз.

Біздің сол даналығымыздың, көрегенділігіміздің, көсемдігіміздің екі қазақты татуластыруға, ортақ мәмілеге келуге жұмылдыра алмауы өкінішті-ақ. Екі қазақ деп отырғанымыз тілі бірі қазақша, бірі орысша шыққан қазақтар.

Тіл мәселесіндегі патриоттық сезім мен нигилизмдік шайқасында әзірше нигилистер жеңіске жетуде. Өйткені олар кеңес өкіметі кезінде билік басында болды да, ел байлығын жекешелендіру кезеңінде жіліктің майлы жағы қолына түсті. Енді олар әрі билікпен, әрі байлықпен үстемдік құруда.

Қоғам олардың қолындағысына таласпауға тиіс. Бола берсін. Алғаны ас болсын.

Бірақ қоғам солар ағымында кете бермей жаңа замандағы жаңа Қазақстан рухына сәйкес ұрпақ өсіруге бағыт алуға тиісті.

Мемлекетке, қоғамға азамат дайындап беру ата-ана мен мектеп міндеті дейміз. Бірақ оларға міндет беріледі де, соны іске асырар құрал берілмейді.

Біздің ойымызша ондай міндет – мемлекет міндеті!

Мемлекет әлгілерге маған Азамат дайындап бер деп жолына қаржы, қолына құрал ұстатсын!

Мектеп пен ата-ана кез-келген мемлекеттің негізі. Олар орасан құдіретті күш! Сол күш – потенциалын қоғамның негізгі қозғаушы күші ретінде пайдалану – мемлекет міндеті. Оны іске асыру үшін олардың қолына адам тәрбиесін, бала тәрбиесін қозғай аларлық құрал беру қажет.

Осы мақсатта біз "Болашаққа сапалы Азамат!" атты жобаны ұсынамыз. Бұл өте тиімді құрал болмақ.

"Болашаққа сапалы Азамат!"  атты жобаны іске асыру үшін, "Ұстаздар Кеңесі", "Мектеп Кеңесі" атты екі Кеңес құруды ұсынамыз.

"Мектеп Кеңесі"  "Сынып Кеңесі" мүшелерінен жасақталады.

Соларға құқық беру арқылы, тәрбие жұмысы жолға қойылады.

Соларға құқық беру арқылы оқуға, болашақ билікке білімді де талапты  балалар жолдама алатын болады. Кеңестер жұмысын жолға қою арқылы, олар мемлекеттің бір басқару тетігіне айналады.

Тұтас халық тәрбие, басқару саласына жұмысқа тартылады.

Бұл Жоба халықтың өз азаматын қалыптастыру жобасы болмақ.

Бұл Жоба –  Халық Билігі!

Бұл Жоба мектеп пен мұғалімдердің, ата-аналардың оқушылар алдындағы беделін көтеретін болады.

Ұрпақ тағдыры халық қолына көшеді. Халық өз қоғамына өгей бала емес, қожайын ретінде сезініп, елдің рухани күшін жоғары дәрежеге көтеретін болады.

Бұл Жоба арнайы бағдарламалар арқылы іске асатын болады.

Жоба бойынша әр сынып ата-аналарынан 7-9 кісіден тұратын "Сынып Кеңесі"  атты кіші кеңес құрылса дейді…

Барлық кіші кеңес мүшелерінен "Мектеп Кеңесі" таңдалынып алынады. Мектеп оқытушыларынан "Ұстаздар Кеңесі" жасақталады.

"Мектеп Кеңесі" мен "Ұстаздар Кеңесі" әрқайсысы 15-17 адамнан іріктелініп алынады.

Бала тәрбиесі, білім сапасын анықтау билігі осы кеңестерге беріледі.

Мысалы: Тоғызыншы сыныпты бітірген балалар тағдыры осы Кеңестердің қолына өтеді. Олар балалардың тәртібіне, оқуына тағы басқа қабілеті мен жағдайларына қарап одан әрі оқуын жалғастыруына мүмкіндігі бар оқушыларды анықтайды. Қалғандарына колледждер мен басқа мамандық алу оқуларына жолдама береді.

Орта мектепті бітіріп шығып, жоғары оқу орнына түскісі келетін талапкерге жолдама беру құқығы да тек қана сол екі Кеңеске тапсырылады. Ал жоғарғы оқу орындарына түсу үш сатылы сынақ ұйымдастырылатын болса…

·        Бірінші саты: "Мектеп Кеңесі" мен "Ұстаздар Кеңесі" өз шешімімен оқуға қабілеті бар дегендерге жолдама береді. Жоғары оқу орындарында оқи алады деген оқушыларды іріктейді. Олар мектептік тестіден өтеді.

·        Екінші саты: Осы Кеңестер  жолдама берген оқушылар мемлекеттік тест сынағына түсе алатын болады.

·        Үшінші саты:  мемлекеттік тест сынағында жақсы көрсеткішке жеткендер негізгі пәндер бойынша мемлекеттік тілде арнайы ауызша сынақтан өтеді. Бұлар облыс орталықтарында, ірі қалаларда ұйымдастырылады.

Бұндай сынақ сатылары бірыңғай тестілеу кемшіліктерінде кездесетін олқылықтар орнын толтырмақ. Болашақ ел тағдыры қолдарына өтетін жауапты азаматтың білімі толық болуы, сөйлей білуі, сөйлесе білуі, адамдармен қарым-қатынас сапалары арқылы іріктеуге мүмкіндік туғызады.

Қоғам: осындай үш сатылы сынақтан өткен, үш сатылы таңдаудан өткізілген балалардан білімді де, тәртіпті Азамат дайындап шығара алады.

 

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2004 жылдың 3 қазанында Парламентте сөйлеген сөзінде:

"Жапония мен Кореяда өздерінің жоғары оқу орнын бітіргендер, сырттан білім алғандарға қарағанда, жоғары бағаланады. Біз үшін өнеге аларлық мысал", — дегенде, Қазақстанның жоғары оқу жүйесіне берген тапсырма деп түсінуіміз қажет секілді еді.

 

         Бұл Кеңестер біздің мемлекетіміздің ұрпақ өсірудегі зор қызметіне халықты жұмылдыра алар еді. Халық потенциалы басқарудың тиімді тетігіне айналдыра алар еді.

"Болашаққа сапалы Азамат!" жобасы мемлекеттік, халықтық идеологияға айнала алар еді.

 

"Өкініштісі, қазір Қазақстанда саяси-әлеуметтік өмірдегі көптеген жетістіктерге қарамастан, қоғам үшін ұзақ мерзімді идеал болатындай идеология қалыптаспай отыр…"

Ақселеу Сейдімбек «Ұлттық идея» (Қазақ әдебиеті, 15.08.2003)

 

Ана тілдің мәртебесі, азаматтың сапасы артар еді.

 

"Қазақстанда қазақтан басқа бірде-бір ұлттық диаспора идеяға ұйытқы да, тірек те бола алмайды.

Ақселеу Сейдімбек «Ұлттық идея" (Қазақ әдебиеті, 15.08.2003)

 

Ұрпақ тағдыры әділетке бір табан жақындай түсер еді. Мемлекеттің басқару жүйесіне әуелден қабілеті бойынша таңдалып алынған оқушылардан екшеліп шыққан қызметкерлер ғана көтеріле алар еді.

Осындай таңдау арқылы ел жауапкершілік мағынасын түсінер еді.

 

"ХХ ғасырда ғылымның барлық саласынан оқулықтар түзген қазақ тілінің, әлемдік классикалық сөз өнерін негізінен сөйлетіп үлгерген қазақ тілінің, тіптен Маркс пен Ленин шығармаларының толық жинағын дүние жүзінде орыстардан кейін бірінші болып сөйлеткен қазақ тілінің, енді келіп, тәуелсіздік алып, Республикадағы қазақтардың саны 30 пайыздан 60 пайызға жетіп, түркі тілдес халықтардың саны 70 пайызды құрап тұрғанда, қазақ тілінің қағажу көруін немен түсіндіруге болады?! Оның себебі, турасын айтқанда, қазақ тілі Қазақстан Үкіметі мен Парламентінің тілі бола алмай отыр. Одан да гөрі ашып айтар болсақ, Қазақстан Үкіметі мен Парламенті ұлт тағдырына қатысты осынау тарихи жауапкершілікті терең сезіне алмай отыр…

Ақселеу Сейдімбек «Ұлттық идея» (Қазақ әдебиеті, 15.08.2003)

 

"…қазақ тілінің құнікері де, құтқарушысы да бүгінгі жер басып жүрген ұрпақ болатынын терең сезінетін мезгіл жетті".

Ақселеу Сейдімбек «Ұлттық идея» (Қазақ әдебиеті, 15.08.2003)

 

         Барлық мәселе жастар біліміне ғана байланысты екенін толық сезінетін мезгіл жетті.

 

"Бұл орайда кешегі екінші дүниежүзілік соғыстан титықтап шыққан Жапонияның жағдайларын түзету үшін, білім керек екен деп еуропалық білімге жалаң ұмтылмай, ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөліп, ұлтқа: «жапондық дәстүр, еуропалық білім» деп ұран тастауының үлкен мәні барлығын ескерген жөн. Ұлттық дәстүрге негізделген ұлттық тәрбие өнегесін алған жастар ғана игерген білімін ұлт тағдырының дұрыс шешілуіне жұмсай алады. Әлемнің дамыған елдері тәжрибесі дәлелдеген осы ақиқатты біздің де мойындап, ұлттық тәрбиені мемлекеттік білім беру стандартының тұғырына айналдырып, «қазақы дәстүр, әлемдік білім» ұранын ту етіп көтеруіміз қажет".

Қойшығара Салғараұлы «Елдік негіздері». Астана 2007 ж.

"…Қазіргі қазақта шамдану бар да, шамырқану жоқ; кіжінісу бар да, қышқыл таныту жоқ; ұрандасу бар да, ұйымдасу жоқ; халқым деу бар да, оның қамын жеу жоқ".

Қойшығара Салғараұлы «Елдік негіздері». Астана 2007 ж.

        

         Бұ кезеңде қазақтардың да, Қазақстан Республикасының да бақытты өмір сүруі үшін барлық қажетті алғы шарттары орындалған. Тек қана олардың мемлекетімізді – Қазақстан Республикасы дегізіп тұрар, халқымызды – қазақ халқы етіп ұстап тұрар, көш-керуенін арман-биігіне жеткізер үш бағытқа, үш шаруаға мықты бола алса болғаны. Олар:

·        Көштің көлікті болуын қатамасыз ету, демек ел экономикасын табысты ету;

·        Көштің қазақтық болмысын сақтау, демек рух тәуелсіздігін қалыптастыру;

·        Көштің әні мен сәнін қамтамасыз ету, демек тіл тәуелсіздігін қамтамасыз ету…

 

Халқымыз "бәрін айт та, бірін айт" деген екен. Бәрін айтуға тырыстық. Бәрінің – бірі де, тоқсан сөздің тобықтай түйіні де – ұрпақ санасы үшін күрес!

 

Немесе мына ойды саралап көрелікші…

 

"Отаны Қазақстан екенін мойындар болса, онда тек қазақ халқы ғана, сол ұлттық диасфоралардың бастарын біріктіріп, олардың жарастықты өмірлеріне ұйтқы бола алатын бірден-бір тірек ұлт екенін де мойындауға тура келеді".

Ақселеу Сейдімбек "Ұлттық идея" (Қазақ әдебиеті, 15.08.2003)

 

Қазақстанды ел етіп ұстап тұрар басты тұлға қазақтар болатын болса, қазақтарды қазақ етіп ұстап тұрар ұстаздар қауымы.

Мемлекеттің басты байлығы банкідегі қаражаты деп ойлайтындар бар. Біздің ойымызша, мемлекеттің басты байлығы ұстаздар қауымының көйлегінің көктігі, тамағының тоқтығы, уайымының жоқтығы.

Сонда ғана ұстаздар атты "Жаратушылар" қоғамның басты байлығы – жастар тәрбиесін қалпына келтіре алады, рухани тәрбиені қалыптастыра алады.

Ұрпақ санасының қалыптасар кезеңінде олардың дүниелік, руханилық жағдайын жасап, өсіп келе жатқан ортасына ризашылық сезімін оятып өсірмей, санасы қатайып кеткен шағында "ақылды бол" деу, "патриот бол" деу, "қазақы бол" деу – басшылар мен биліктілерге, байлар мен барларға, ата-аналар мен үлкендерге, зиялылар мен ақылдыларға жараспайтын қылық.

 

Бұл мақаламызды біз Әбекеңнің (Әбіш Кекілбайұлы) алғашқы тіл заңының республика Жоғарғы Кеңесінде қаралып, өзге тілділер мен қазақ тіл нигилистері бой бермей бара жатқан бір шақта айтқан:

 

– Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарқанымызды жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңызға ұстағанда, біз күндердің күнінде, бүгінгідей демократия орнатып кемелденеміз деп жатқан заманда, өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?! –  деуге мәжбүр болғанын еске түсіре аяқтамақпыз…

 

Біз де Әбекеңнің сол сезіміне беріле, жылап тұрып:

 

Немене, сонда біздер, елді ел қылам, адамды адам қылам, қазақты қазақ қылам дейтіндер қауымы! Жастар санасының дұрыс қалыптасуына шынымен жағдай жасай алмаймыз ба? – дегіміз келеді…

 

Сол мақсатқа жұмсалған қаражат ең адалымыз болмақ!

Осы жолға төгілген тер шамасы әркімнің адамдық парасатын анықтамақ!

 

Мемлекеттің де, адамдардың да мақсаты біреу болса:

Балабақша мен мектепке бала сыймай жатпаса, қайта дайын балабақша мен мектептер бөбектерді күтіп тұратын болса!..

Бір сыныпта отыз бала емес, соның жартысы оқыса!

"Ұстаз" деген сөз бен "жоқшылық" деген сөз қатар тұруы мүмкін болмасын!

Балалардың иіні бүтін, қарны тоқ, көңілі шат болса!

Аналар мен ұстаздар мемлекет қамқорлығына алынса!

Сонда ғана олар есірткі мен қылмысқа құмар болмайды!

Сонда ғана біздердің үгітіміз жолдан тайдырушылардан басым болмақ!

 

Сонда ғана ел алдына шығамыз!

         Сонда елу ел емес, алғашқы ондыққа жетеміз!..

         Сонда ғана сана тәуелсіздігін қалыптастыра аламыз!..

         Сонда ғана қазақ болып туғанымызға мақтана алатын боламыз!..

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Отан.Жер. Ел. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.