Заман да түзеліп келеді, адам да түзеліп келеді

 

 ЗАМАН ДА ТҮЗЕЛIП КЕЛЕДI, АДАМ ДА ТҮЗЕЛIП КЕЛЕДI
 
Ашылуы кем дегенде елу жылға кешiккен, “Күй анасы Дина” шешейге арналған ескерткiштің ашылу сәті!… Оны жұрт көзiнен тасалап тұрған аппақ жiбек перденiң бiр бұрышы бекiтiлген жiптi Атырау облысының Әкiмi Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов (аса сақтықпен, өмiрде болар кездейсоқтықты көп көрген кiсiлерге тән ептiлiкпен) там-тұмдап ақырын перде жібін тарта бастады. Бір кезде перде сыпырылып жерге түстi…
… Мiне, Дина шешемiз!…
Нағыз жасы жеткен аналарға тән отырыс!…
Мен – бала тапқан анамын, немере сүйген әжемiн, шөбере көрген кейуанамын деп тұр ғой мына мүсiн!…
Осы жердiң иесiмiн, жер иелерiнiң анасымын дегендей қазақы мол киiм киiнiп, өзiнiң туып-өскен жерiнде еркiн де жайлы орналасқан, жүзiнен шапағат нұры байқалатын келiстi әйел, мейiрiмдi ана…
Мен –  әлемге айтар ойымды домбыра арқылы ғана айтамын, тiршiлiкке қосар үлесiмдi тек домбыра арқылы ғана қосамын деп отыр ғой мына мүсiн!…
Мен – берерiмдi тек қана осы домбыра арқылы бере аламын дегендей, қолындағы өзiне емес немересiне жасатқандай шағын домбыраға, сол арқылы ұрпағына, аналық жылылықпен көз тастаған қамқор жан, өмiр үйiрiмiне түсiп ойлы бейне…
Мен – тек қана ұл мен қыз өсiрiп ана атанбадым, мен қазақ күйiнiң де анасымын деп тұр ғой мына мүсiн!…
Тұла бойы тұңғышынан домбырасын кем көрмейтiндiгiн байқатар, өнер атты перзентiне шаң тигiзбей, күн түсiрмей өбектей қорғар сезiмтал жан…
… Салтанатты жиын басталып та кеттi…
Кезiнде ана батасын алған қарт домбырашылар…
Ананы көзiмен көрген әжелер…
Болашағын ана күйiнен iздеген жас күйшiлер…
Құтты болсын айтып жатырған адамдар…
 
Сәтi түсiп ескерткiш авторымен де, қашап шыққан мүсiншiмен де тiлдесiп қалдық….
– Жобаны сызған, мүсiндi қашап шыққан бiздер, бiрақ ескерткiштiң негiзгiсiн бiз Иманғали мырзаның ойларынан алдық – деп, олар ағынан жарыла, тосын сырдың басын ашты.
 
… И. Жақанов ақсақал тебiрене сөйлеп: “Атырау – қазақ жұртының күй сандығындай, алып денесiнiң мойын омыртқасындай қасиетке толы бiр мүшесi едi. Ол – табиғи байлығымен де, тарихи салмағымен де ерекше көңiл аудартар өлке. Соны дәлелдеу үшiн бұл өлке осы уақытқа дейiн болашақтың сәттi шағынан дәме етiп, өзiнiң туын мақтанышпен желбiрете көтерер бiртуар азаматының тарихи аренаға шығуын шыдамдылықпен күтiп жатыпты. Мiне, бұл өлкенiң сол шағы туып, азаматы кезiккен секiлдi!… Соның дәлелi мынау болып жатқан жасампаз уақиғалар, Иманғали Тасмағамбетов бас болып Атырау халқы соңғы бiр-екi жылда тындырып тастаған үлкен-үлкен рухани iстер!…”
Орынды айтылған сөз болса керек, жұрт сөз бөлiп, дуылдата қол соғып жiбердi…
… Анаға ескерткiш!… Өнерге құрмет!… Ұрпаққа өнеге!…
Салтанатты сәтке жиналған кiсiлердiң әңгiмелерiне құлақ тоса бiз жиналған халықты аралап жүрмiз…
Барлығының аузында бiр әңгiме:  обылысқа басшы болып келген жас та жiгерлi, бiлгiр де iскер Иманғали Тасмағамбетовтiң қолға алған әр iсiнiң ел мүддесiнен туындауы, елдiң рухани шөлiне нәр бере аяқталуы…
Осыдан бiр күн бұрын сол өлкенiң рухани көсемдерiнiң бiрi Мақаш правительге көрнектi күмбез ашылған болатын. Жасы тоқсанға жақындап қалған бiр қарт сөз сұрап мiнбеге көтерiлдi…
– Қарағым Иманғали! Бұ жасқа жеткен шағымда менде арман мен үмiт еген сезiмдер жоғала бастағандай едi. Маған ендiгi жерде малдың да, мансаптың да қажетi жоқ деп ойлайтынмын. Мен ендiгi жерде ешкiмге жалбарынбай, ешкiмнен ештеңе сұрамай Құдай тағала бұйрық еткен өмiрiмнiң қалғанынын өткiзбекшi едiм. Бiрақ көңiлдi жүрген “әттеген-ай” дегiзер әр түрлi өкiнiштердiң орны кей-кейде жараңа тұз сепкендей тызылдататын. Солардың бастыларының бiрi –  осы өлкеге қырық жыл бойы даналықпен басшылық еткен Мақаш правительдiң рухының өз ұрпақтарының ризашылық сезiмiне бөлене алмауы болатын. Мiне бүгiн соны көзiм көрдi. Өмiрден өтер шағымда ойдағы орындалмай жүрген бас арманым жүзеге асты. Алла тағаладан ендiгi жерде сенiң жолыңды оңғара көр деп батама қосып тiлек тiлермiн, шырағым. Жолың болсын! Жолың халықпен бiрге болсын! Мынау мол жиналған елдiң бәрiнiң де көкiрегiнде сол тiлек тұрғанына сенемiн…
Шындығында да бiзге кездескен Атыраулықтардың сөзi мен жүзiнен iстелiнiп жатырған iстерге деген мақтаныш, сол iстердi тындырып жатырған ел азаматтарына деген алғыс сезiмнiң молдығын байқап жүрдiк.
Иманғали мырзаның өзi бiр сөзiнде: “Мен бұ күндерде қасымдағы көмекшiлерiммен мақтанамын. Соншама iс тыңдырылып жатыр деп менiң атымды атайды. Өздерiң бiлесiңдер бiр кiсiнiң қолынан не келушi едi. Атағы менiкi, еңбегi менiң қасымдағы азаматтардiкi. Ал бұл iстердiң негiзiне ой жүгiртсек бәрi де Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың Жарлықтарына сәйкес iстелiнiп жатырған, мiндеттi түрде iстелiнуге тиiстi жұмыстар” – деген-дi.
Осы мақала авторы, мен, өткен жылы Атырау өңiрiнде еңбек етiп, Қазақстан мұнайының 100 жылдық мейрамына қарсы “Хан Ордалы Сарайшық” атты мемориалдық кесене құрылысын, облыс басшысының сұрағы бойынша, дәл төрт ай мерзiмде аяқтап шыққан болатынмын. Жалпы жұмыс мөлшерi жылдан астам уақытта салынуға тиiс бұл құрылыс тек қана облыс басшысының елдi жұмылдыруымен және Нүрпейiс Мақашов, Рәшила Мурсалива сияқты әкiм орынбасарларының көмегі арқасында, құрылысшылардың күндiзгi күлкiнi, түндегi үйқыны ұмытқандықтарының арқасында жүзеге асқан болатын. Олар жалпы жұмысқа қатынасты мәселердi ғана емес тiптi бiздiң әр бiр ұсынысымыздың, әр бiр сұрағымыздың орындалмай қалмауын қатты қадағалап отырған-ды.
Бiз елде болып жатырған осындай iстер мен iс тындырып жатырған азаматтарды көре жүрiп қазiргi көптеген баспасөз беттерiнен байқалатын адамдардың азып бара жатқандығы, заманның тозып бара жатқандығы туралы байбаламдарға келiсе алмаймыз. Бiзге басқаша пiкiр бар… Бiздiңше…
… Заман да түзелiп келедi, адам да түзелiп келедi…
Оған келтiрер дәлелдерiмiз мол. Ондай дәлелдердi байтақ Қазақстанның кез-келген ауылынан алуға, кез-келген азаматының бойынан табуға болар едi. Бiрақ бiз негiзгi ойымызға Атырау өңiрiн арқау етпек болдық. Себебi бiз Атыраудан сол айтылғандарға қоса ерекше тағы бiр соны құбылыс, жаңадан ашылып келе жатқан, болашақта үлкен арнаға айналар бастаудың көзiн байқағандаймыз. Бұл өлкеде бiз жеке тұлғалармен қоса тұтас бiр қауым елдiң, тұтас бiр облысынң ұлтына, дiнiне, тiлiне қарамай ортақ мақсатқа бiрге ұмтылуын сезiнгендеймiз. Олардың рухани үндестiгiн сезiнгендеймiз. Олар бабалардың кешегiсiн балалардың бүгiнгiсiне жалғастыра алған секiлдi. Солай ете алғанда ғана ұлттық сана қалыптаспақ. Ал әр адам пендесiнiң өз өмiрiнiң тек қана ас iшiп аяқ босату үшiн еместiгiн түсiнушiлiк – ол әр адамның үлкен жеңiсi.
Атырау өлкесiндегi бұл жаппай серпiлiс, жеке-жеке Қазақстан азаматтарының бойынан табылып жатқан сан түрлi iзгiлiк пен қайырымдылық, iскерлiк пен бiлiмдiлiк, өткендi тану мен болашаққа болжам жасау секiлдi әр пенденi кiсi етiп көрсете қасиеттер бастауы қайдан нәр алып жатыр?… Бұл ойлануға тұрарлық сұрақ деп ойлаймын.
Өткен жыл Президент Жарлығымен бабалар рухын еске алу жылы деп аталса, үстiмiздегi жыл мәдениеттi қамқорлау жылы деп аталмап па едi?… Демек, бұл мәселеге басқа тұғырдан көз салсақ еш жаңалық та жоқ секiлдi. Тек қана Ел Басының Жарлығын ойдағыдай орындап шығу!…
“Аталар рухына бас ию жылы деп аталған шақта Атырау облысы Үстiрт үстiнен археологиялық қазба жұмыстарын қаржыландырып, алтын тауып жатса, Қазақ Хандығының алғашқы астаналарының бiрi Сарайшық басында Қасым Ханға, сонымен қатар Алтын Орда, Ноғай Орда Хандарының аттарын тасқа қашап ел есiне түсiрiп жатса, елiмiздiң мұсылман елi екенiн еске салып үш бiрдей мешiт салып жатса – Атыраулықтардың бұндай iстерi Президент Жарлығын бұлжытпай орындауға өз үлестерiн қосуға тырысқандығы деп түсiнуiмiз керек. Мәдениет жылы деп аталуына байланысты бiр музей салып (Сарайшықта), екi музейдi, екi мәдениет сарайын, бiр драма театырын күрделi жөндеуден өткiзiп (Атырауда), сақалы қырық құлашқа жеткен мектеп, университет ғимараттарын пайдалануға берiп жатса бұл да елдiң Ел Басының үндеуiне үн қосқаны емес пе” – дейдi облыс Әкiмi.
Бейбарыс сұлтан ескерткiшi, Құрманғазы мүсiнi, Дина шешей бейнесi – бұлар аз уақыт iшiнде елдiң ұлттық рухын ең жоғары сатыға көтерiп тастаған өнер туындылары болды. Бiздiң ойымызша дәл осы күндерi Атырау азаматтарының қолынан келмес ештеңе жоқ. Ел азаматтарының жоғары рухы, облыс басшыларының ел қамымен күнi-түнi ат үстiнен түспеуi – шешуi қиын ең күрделi мәселенiң түйiнiн тапқан секiлдi. Ол – басшылардың ел қамы үшiн тiршiлiк етуi, қосшылардың сол мақсатта бiрауызды болуы. Бiз осы құбылысты Атырау өңiрiнен байқағандай болдық. Бiз сондықтан да заман да түзелiп келедi, адам да түзелiп келедi деп сенiммен айта аламыз…
Тек бiздiң тiлегiмiз осындай толық қанды патриоттық серпiлiстер Қазақ елiнiң барлық жерiне тезiрек қанат жайса ғой!…
 
Атырау қаласындағы құрылысының тоқтап қалғанына он жыл болған 60 пәтерлiк тұрғын үйдiң тапсырылған сәтi менiң жадымда ұзақ сақталар деп ойлаймын. Ашылу рәсiмiне мектеп балалары мен, бала бақша сәбилерiн мол жинапты-ау деп ойлап қалғанмын… Кейiн түсiндiм, бұл пәтерлер көп балалы от басыларға берiлiптi… Балалар маңына жақындасам бiр-бiрiне өз терезелерiн көрсетiп, бөлмелерiнiң санын мақтаныш толы сезiммен айтып, тiптi үй қабаттарын да өздерi таңдағандай әсерленiп жатыр екен… Бала даусы бақыт болатын болса – бұл тұрғын үй маңынан ендi ешқашан бақыт арымас, бақытты бала үнi үзiлмес…
… Ел қамын ойлаған басшы…
Жалпы өмiрдiң барлық сыры да, мәнi де осы сөз астарында жатырған болар ма?…
Халықта “жаман қосшы жоқ, жаман басшы бар” дейтiн қанатты сөз болатын.
Қолдағы барды орынды жұмсап, бүгiннiң тiлегi мен ертеңнiң мақсаттарын ұштастыра, бүгiнгi тiршiлiк қамы мен кешегi ұлт тарихын астастыра, барлық iстелiнген iстi “ел қамы” деген бiр ауыз сөз аумағынан алатын басшыға тап болғалы Атырау өңiрiнiң өзгерiп сала бергенiн байқаймыз. Қаланың көркiнен сәндiлiк байқала бастаса, адамдарының жүзiнен нұр, көзiнен қуаныш, әңгiмесiнен үлкен үмiт сезiнесiз…
Мақаламыздың соңын аты тек қазақ халқына емес, барлық өнер сүйер адам баласына таныс Қаршыға Ахмедияр мырзаның оңаша әңгiмеде айтқан бiр ауыз сөзiмен аяқтағалы отырмыз…
… Ол кiсi кенеттен қатерлi дертке тап болып, Атыраулықтардың көмегiмен Қытай емханасына орналастырылыпты. Дерт азабын Пекин емханасында төрт ай бойы шеккен Қаршығаның үмiтi де сөне бастаған шағы болса керек, Қытай емшiлерiне жетуге жәрдемдескен Иманғали Тасмағамбетовке телефон соғып елге қайтқысы келетiнiн хабарлапты. Сонда Иманғали мырза: “Ақсақал, сiздi тек қана отбасыңыз емес бүкiл қазақ халқы күтiп отыр ғой, денсаулығын түзетiп келедi деп күтiп отыр ғой” – дептi.
Сол сөз менi жеңiске жеткiздi дейдi, — Қаршекең.
 
Облыс әкiмшiлiгiнiң алдына Бейбарыс Сұлтанға қойылған ескерткiш
қасында қазақша жарты күмбез орнатылып, сол гранит тасқа бұдан 1300 жыл бұрын Құлтегiн құлпытасына қашалған сөз ойылып жазылыпты…
… Жерiмiз бен суымыздың, елiмiз бен жұртымыздың қамы үшiн бастаған iсiмiз едi бұл…
 
… Әр басшының ойы мен iсi – ел мүддесi мен адам мұқтаждығынан туындап жатса ғой… шiркiн!…
“Үш қиян” газетiне басылған.
 
Запись опубликована в рубрике Бүгін. Ертең. Болашақ. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.