Жеті ата

 

         “Жетi атасын бiлмеген — жетесiз” – дептi аталарымыз. Бiрақ көбiмiз ата-бабамыздың “жетi ата” дегендегi ойына, кiсiнi бiр өлшемнен жетi өлшемге жеткiзетiн, сызықтық ұғымнан кеңiстiк ұғымға астастыратын, мағынасы ауқымды, азаматтығын кеңейте, арқалар жүгiн ауырлата түсетiн дана философиясына тар телпек кигiзiп жүрмiз. Өзiмiзге әкелерiмiз “жетi ата” мағынасын түсiндiргенде: “бiрiншi атаң — өз атаң, екiншiсi – нағашы атаң, үшiншiсi – кiндiк атаң, төртiншiсi — өкiл атаң, бесiншiсi – сүндет – қайын атаң” деп түсiндiретiн. Жадың жақсы болса, өз атаңды әкеңнен бастап, сонау Нұх пайғамбарға дейiн тарата бiлуiң парыз дейтiн, ал аталарыңды, ең болмағанда қыз алыспас жердегi туыстарыңа дейiн бала-шағаңның алдында әңгiме қылып отыру кiсiлiгiңнiң бiр белгiсi деп те қоятын.

         Былай қарағанда, үйренуге еш қиындығы жоқ осы азғантай ғана бiлiмнiң өмiрiңде атқарар маңызының өте зор екенiн бiз ендi жасымыз елуге келгенде бiлiп жүрмiз. Сапарлас болып қалған кез келген кiсiмен терең тамырлы тарихыңның бiр жерiнде тағдырың түйiсiп жатады. Осы арада аталарымыздың жүз, ру сұрасуы туралы ойымызды ортаға сала кетелiк.

         “Жүзге бөлiнгеннiң жүзi күйсiн”, — дейдi. Қандай ауыр сөз… Бiз аталарымыз ру сұрасқанда шетке тебу үшiн емес, керiсiнше жаңа танысының қандай да болмасын өз ұрпағына бiр жақындығын табу үшiн сұрайтынын ұмытқан сияқтымыз. Ал сұрасқандар қазақтың сан ғасырлық тарихынан екi ел арасында болған бiр жақсылықты тауып алып, “қарға тамырлы қазақпыз” деп шүкiршiлiк етiп жататын. Ендi бұл күнде: “Шырағым, руың кiм едi?” – деп сұрауға жаңағы ауыр сөздi айта сала ма деп қорқатын болдық. Халқымызды бiрлiкке шақырған сөздiң мағынасын түсiнбеген кейбiр мәңгүрттердiң өздерiнiң ұлттық үрдiсiн ұмытқанын байқатпау үшiн бiреу оны есiне салса маңдайын айырып жiберетiн сойылы қылып алды. Өзiмiзден басқа ешбiр елде кездеспейтiн төл мәдениетiмiздiң тамырына балта шабар бұндай бұра тартудың тигiзер пайдасынан зияны көп пе деп қаламын. Пиғылы арам адамдар ру таратып бiлмек түгiл, атасының атын бiлмесе де, қолына түскен билiктi есебiн тауып қарақан басына пайдалануға тырысады. Бiрақ ол жүзге бөлiнгеннiң қырсығы емес, пасықтықтың қырсығы.

         Адамды адамға бауыр ететiн дәстүрiмiздiң бiрi – “өкiл ата” мен “өкiл бала”. Жетiм-жесiрге қайырымдылық көмек көрсету мақсатымен, немесе бiреулермен жақындасу мақсатымен өкiл ағайын болғандар туған әке, туған баладан кем қатынаста болмаған. Өкiл ағайындардың бiр рудан болмағы мiндеттi емес. Кез келген кiсi жарлы – жақыбайға, жетiм-жесiрге өкiл әке болады да, өкiл баласының өз қолы өз аузына жеткенше қамқорлығына алады. Өкiл ағаындардың балалары бiр-бiрiне үйленуге болмайды. “Әкемнiң өкiл баласы едi” деп Сисембай деген кiсiнi әкем өмiр бойы қатты құрмет тұтып өтiп едi.

         “Пiр ата” деген сөз де кейбiр кiсiнiң құлағына тосын естiлуi ғажап емес. “Пiр ата” деген кiм? Ол –iс-әрекетiмен, адамгершiлiгiмен, кiсiлiгiмен өзiңнiң үлгi алған адмың. Көбiне жақсы көрген ұстазың. Мысалға мен өз басым жасы құрдасқа жуық болса да, алдымдағы бiр қарақшым сияқты, кiсiлiгi мен адал пейiлiне дана ақылы мен асқар талантына, бас имес ерлiгi мен баладай кiшiлiгiне, кейде қайыспас қаттылығы мен ақкөнiл, аңғырттығына бола қырық жыл бойы табынып келе жатқан мектептес бiр жолдасымды “пiр атам” деп есептеймiн.

         Қалған аталар бойынша түсiнiк айтудың қажетi бола қоймас, аттары айтып тұрғаны сияқты, әркiмнiң мiндетi де анық.

         Аспаннан түскен адам жоқ. Барлығымыз дп осы аты аталған жетi атаның, солардың ұрпақтарының арқасында кiсiлiк дәрежеге жетiп жатырмыз. Кiсiмiн деген кiсi жетi атасын бiлуi және олардың қуаныш, қайғысына ортақтаса өмiр сүруi өз басының парызы деп есептесе керек.

         Қазекемнiң: “Жетi атасын бiлген- жетi рудың қамын жейдi”,  — деп мақалдайтын себебi де осыдан.

 

                                                        Сайын Назарбекұлы Тоқтамыс.

                                                        құрылысшы-инженер, “Парыз” мәдени

мұра бiрлестiгiнiң төрағасы.

                                                        Ақтау қаласы

 

Запись опубликована в рубрике Ұлт болмысы. Ана тілі. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.