Жаратқан мен жан туралы толғаныс

 

…Жаратқан шексіз әлемді жаратады… 
…Жаратқан шексіз әлемінің бір тозаңынан пенделеріне Жер жасап береді…
…Жаратқан адамды өзіне ұқсатып жаратыпты дейді…
 
Жаратқанның жаратқан барлық жансыз нәрселерінің әр қайсысының өзіне тән қасиеті болады. Ол қасиеттер басқада қайталанбайды.
Жаратқан жаратқан барлық жаны барлар да солай.
Жаратқан жандылар мен жансыздарды жаратарда шексіздік ұғымының барлық мүмкіншіліктерін толық пайдаланған секілді. 
Жанды жәндіктер мен өсімдіктерге өздерін-өздері сақтай аларлық, өсіп-өерлік "сана" береді. Олардың түрлері де, қылықтары да, қасиеттері де адамдарға шексіздік мағынасын түсінуге еңбек етіп жатады.
Жаратқан Ұлы Табиғаты секілді Адам құлқы мен мінезін де шексіздік дәрежесіне дейін түрлендіреді. 
Жаратылыс сол ісімен әр пендені әлемде қайталанбас жекеге айналдырады.
Жаратушыны адамдар әр тілмен әр түрлі атайды.
Алла!.. Құдай!.. Тәңір!.. Жаратылыста қанша тіл бар, Жаратушы құдіреттің сонша аты бар.
 
…Жаратқан Алла Тағала адамды өзіме ұқсатып жараттым депті…
…Жаратқан біздерді өзіне ұқсатып жаратқан болса, онда адам пенделерін негізге ала отырып, Жаратқан туралы ой толғауға болатын болар… Ей Алла! Күнәларымыз бен күпірліктерімізге кешірім ете гөр!..
 
…Біздер – адам жан мен тәннен тұрады дейміз. 
Адам тәні тозады, өз ғұмырын таусады. Адам уақытша тіршілік иесі. Тән уақытша екенін білеміз де, сеземіз де.
…Жан мәңгі, Жан Алланікі дейміз де, ары қарай көп ой жалғастырмаймыз. Адам жанының қартаймайтыны, жан иесінің "бәрі баяғыдай көрінетін" қасиеті соның дәлелі.
Жаратушы – Мәңгі! Оны барлық ғылым да, дін де, адам да мойындайды. Демек оған тозатын тәннің қажеті жоқ.
…Адам жаны – Алланікі…
…Жан Алласына қайтып кетті…
…Өзі берді, өзі алды…
…Әлемдегі барлық құбылыс Алланың бұйрығымен…
 
Осы тұжырымдар туралы ойланып, "Жан Алланікі" деген сөзге баса назар аударып, мағынасына терең бойлауға тырысып көрелікші… 
…Барлық жан иелеріне Алла Тағала уақытша (қарызға) жан бөліп беретін болса, Жан бере тұратын болса, Онда Алла Тағала дегеніміздің өзінің Жан болғаны! 
Бүкіл шексіз әлемнің барлық жаны бір Құдіреттің, (адам соған ұқсатып жаратылған) бойында! Ол Құдірет аты тілге байланысты, құдірет туралы түсінік түрлілігіне байланысты сан түрлі. Алла дейміз, Құдай дейміз, Тәңір дейміз…
Олай болса Жаратушы дегеніміз шексіз әлемнің жаны шығар, асылы!..
Ол жаны барларды жаратады, соған уақытша өз жанынан "үзіп" береді. Сонда бар тіршілік жандары арқылы Құдіретпен, Жаратушымен біртұтас болады. Егер уақытша жан иесі өз жанын жақсы күте алса, жаратушы риза боларлық нәрселер істесе Жаратушы қуанышта болады. Егер уақытша жан иелері теріс қылықта болса, олар үшін Жаратушы қиналады. 
Жаратушы бәрін біліп тұрады дейтіні де осыдан болар…
 
Жаны тамұқта шырылдап жатқандар сезімін Жаратушы да сезінеді. Себебі жан өзінікі. Жаратушы Жан қиналады. Бірақ шыдайды.
Жаны Жұмақта рахат сезімін кешіп жүргендер сезіміне Жаратушы Жан қуанады. Өйткені жан өзінікі. Оларға риза болады.
 
Жаратушы мен Жан туралы, Жаратушы махаббатпен жаратқан адам пенделері туралы осындай түсінік –  қазақ баласының, сол секілді барлық ұлт өкілдерінің сеніміне, ұлттық болмысына жат  түсінік деп ойламаймыз…
Жаратушы менЖан туралы, Жаратушы махаббатпен жаратқан адам пенделері туралы осындай түсінік –  мұсылман үшін де, басқа дін өкілдері үшін де діннен ауытқытар, сеніміне нұсқан келтірер түсінік деп ойламаймыз… 
 
Адам "Бұ жақта" Аллаға жағымды болып, "О жақта" Жұмаққа тап бола алса Алла ұлылығын мойындап, Әлем сырын түсініп, Құдірет күшін сезініп Жұмақта шексіз рахат сезіміне бөленетін болар… 
Өзінің жердегі тіршілігінде істеген қайырым мен ізгі қылықтары еске түсіп, Жаратылыс пен адамдарға арнаған пайдалы істеріне қуана мәңгілік ләззәтқа бөленетін болар… 
Жұмақ дегенміздің бір парасы сол болар ма!..
Сол секілді Тамұқ дегеніміз де, әлгілерді түсінген шақта Аллатағала жазасына қоса адамның өз қатесін мойындаудан тұратын сұрапыл өкініші де емес пе екен?..
 
Аллатағала адам адамшылығына қуанып, сайтандар жетегінде кеткен адам қатесіне өкінеді дейді…
Алла адамды өзіне ұқсатып жаратыпты дейді…
Жан Алланікі дейді…
Осы секілді ұғымдар кейде бізді Алла мен Жан туралы ойға батырады…
Алла деп, Жан деп бөлік айтатынымыз, екі құбылыс деп түсінетініміз бір Құдірет емес пе екен?..
Барлық жанның тұрағы Алла болмысы емес пе екен?.. 
Олай болса Алла Жанның өзі ме?.. 
"Әр адамның Алласы өз бойында" дегеніміз содан емес пе?..
 
Жұмаққа барған жандардың жердегі жақсылығы Алланы қуантады дейді…
Олай десек жаны дозаққа түскендер үшін Алла да әлгі күәкәр үшін қосыла азап шегуі де мүмкін-ау?..
Алла әр пендесіне:
қарызға, 
күтіп ұстауға, 
жақсылыққа пайдалануға 
уақытша өзінің бір үзім, бір бөлшек жанын беретін секілді?..
Қарызға берілген жан Алласына қайтарылған күні адам тәні тіршілігін тоқтатады. Сол сәтте бізге қарызға берілген жан өз тұрағына, Алласына қайтып кететін болар…
Содан барып сенің тірлікте істеген зұлымдығың Алланың жанын қинайтын болса, сені о жаққа барғанда Алланың тамұққа салып өшін алуы түсінікті құбылыс емес пе?..
 
Тәнді де біз Жерден қарызға алады екенбіз. Оны бізге Аллатағаланың өзі "әу баста" қарызға алып берген секілді. Ол туралы діни аңыздарда анық айтылады.
Алла періштерерге Жерден бір уыс топырақ әкеліңдер, мен Адам жасаймын деді. Жер періштелерге бір уыс топырақ бермей жібереді. Жер: егер менің бір уыс топырағымнан адам жасап оны маған жіберсе олар мені аздырады, тоздырады дейді. Алла Жебірейілді жібереді. Жер бір уыс топырағын адамдарға қарызға берсін, тегін бермесін. Мен оларға жан қарыз беремін. Мен олардан жанды қайтарып алған сәтте олар Жерден алған қарызын қайтарар депті…
Көкте Алла бар дейміз…
Алла жан иесі дейміз…
Сонда көкте Алла бар да оның қамқорлығында Жан деген нәрсесі болатын секілді…
Алла дегеніміз – әлемді жаратушы Құдірет деп бәрі мойындайды. Бірақ Жан жөніндегі түсінік әлі күнге санаға толық жетіп, орнығып болмаған ұғым.
Жанның орны қайда?..
Тұрағы бар ма?..
 
Алла пендесіне жанды өзі береді, өзі қайтып алады дейді…
Берерде Алла Жанды қайдан алады?.. Қалтасынан ала ма?.. Сандығынан ала ма?.. Өз болмысынан ала ма?..
Жан адам атты уақытша иелерін тастап, өз иесіне қайтқанда қайда барып қосылады?..
Сонда ол мұхит секілді жаратылыстан алынатын бір қасық су секілді нәрсе болып, шалқар мұхитқа қосылып бір тұтас нәрсеге айнала ма?..
Жоқ әлде ол Жер секілді жаратылыстан алынатын топырақ тозаңы секілді болып, өзінің тозаңдық қасиетімен қосыла ма?.. 
 
Осындайда бізге бір ой келеді… 
 
Өлген күні адам Алла мен Жерден алған қарыздарын қайтарады дейді… Жан Алласына кетеді, тән Жер анасына қайтады. Адам қарыздарынан құтылады…
 
Егер біз Алланы жан иелеріне (мысалы адамдарға) өз денесінен уақытша бөліп алып пендеге қарызға жан беретін Жаратушы деп қабылдасақ, Жан жегеніміз Аллатағаланың өзі, соның денесінің бір үзігі деп мойындасақ, Жаратылысты, Табиғатты, Жаратушы құдіретті түсіну оңайлау болатын секілді…
 
Егер біз оларды бір-бірінен бөлек қарастырсақ (Алла мен Жанды) біздің жанымыз бізді тастап кеткен сәтте Көктегі Алла құзырындағы жан сақтайтын сандыққа барып түсетін секілді болып көрінер еді… Олар енді мені қашан, кімге берер екен деп кезек күтіп жататын секілді болар еді…
Ал егер біз Алла мен Жанда біртұтас Құдірет ретінде сезінсек онда біздің жаратылысқа да, өз жанымызға көзқарасымыз әлдеқайда өзгермек. Біз жанды өз меншігіміздей сезінбейтін боламыз. Жан – ол Алланың өзі!  Сонда Алла секілді біз де кішкентай құдіретпіз! Діни кітаптардағы "Адамды Алланың өзіне ұқсатып жаратқаны" туралы өсиеті түсінікті болмақ. Бізді тастап кеткен Жан, ол әуелдегі өзінің ортасына (Жаратушыға) қайта қосылады. Мысалы мол сүттен бір қасық сүтті іліп алып ішіне қайта төгіп жібердік делік. Адам өмірінің ұзақтығы да сол секілді, мағынасы да сол секілді болуы әбден мүмкін… 
Бізге берілген Жан Жаратушыдан бір сәтке бөлінді де, өз орнына қайта қосылды…  
Жан иелері жандарын жақсылыққа бағыттаса, пайдаланса Алла да қуанатын, жақсы сезімде болатын болар… 
Аллатағала өзін жақсы сезімдерге бөлеген пенделерін Жұмаққа жібермегенде қайда жібереді…
Жан иелері жандарын жамандыққа бағыттаса, Құдірет те өкінетін болар, жаны да қиналатын шығар… Өзін осындай сезімдерді бастан кешуге мәжбүрлегендердің орны Тамұқ болмағанда не болмақ?..
Бұндайлар тірлікте тым көбейіп бара жатса, Құдіреттің жаны өзі махаббатпен жаратқан тіршілік иелерінің қылығына өкініп, жаны қиналса, әлгі өзінің қарызға берген жандарды қайтып алу үшін соғыстар мен зұлматтарға жол беретін болар…
Сегіз жұмақ та, жеті дозақ та Алла тағаланың өзі болар ма?..
Жұмаққа барған жандардың жердегі жақсылығы Алласын қуантады ма екен?..
Олай десек жаны дозаққа түскендер үшін Алласы қосыла азап шегетін болуы да ғажап емес қой?.. 
 
Жұмаққа барғандар әлем сырына түсініп, Алла ұлылығын түсініп шексіз бақытқа бөленер… 
Алла барлық жанның тұрағы, жанның өзі ме…
 
Әлемді қызықты ету үшін өзінен басқаның бәрін жұп жаратып, әлемді тартыс пен таластың ордасына айналдырған болар…
Содан барып періште мен сайтан, қуаныш пен қайғы қосарлана жүреді ме…
Содан барып ақыл мен надандық, азап пен ләззат кезектесе ме…
Содан барып жұмақ пен дозақ жаратылды ма…
 
Запись опубликована в рубрике Ойлар……. Ойлар…………. дәптері. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.