Ел мен ел Елбасы

 

         “Балам дей алар жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шығады?” – деген екен, Ахмет Байтұрсынұлы.

Қазақ халқы баласын “балам” деп айта алған халық. Біз, сол секілді, “жұртым” деп жанын пида етуге дайын тұрар ұлдары да жетерлік болған халықпыз.

Қазақ халқының Алла тағала жаратқандағы негізгі болмысы –  мейірім мен бейбітшілік, шүкіршілік пен қанағат деген қасиеттерге малынған болмыс! Қазақ халқының сондай халық екенін әлімсақтан бері әлем мойындаған, саяқатшылары жазған. Еліміз солай бағаланса, ерлеріміз де батырлық дастандар мен ертегілерде кемелдеріне келтіріле жырланған.

Дейтұрғанмен, шындыққа жүгінсек, біздің қазақта да барлық ұлттарға, барлық жұрттарға ортақ бір қасірет бар. Ол – кейбір ұлдарының өмірге бірден шірене кіріп, жер-жаһандағы барлық жанды-жансыздан алажақ сезініп, бұлдана өмір сүретін жандар тобы болатыны.

Олардың бір ерекшелігі – тәні байлыққа тойымсыз, қанағаты дәрежеге тойымсыз. Жаны жалаға толы, жүрегі залаға толы болады. Аузы айқайдан, тілі өтіріктен босамайды.

Құдайға шүкір, бұ күндері (әлгі қанағатсыздарды қоспағанда) жұртымыз:

·        Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді, енді тек соның қызығын көрсеткей!;

·        Басымыз бостандық алды, енді тек соның рахатын көрсеткей!;

·        Аспанымыз ашық болғай, ұрпағымыз қайғысыз болғай – дейді бір ауыздан.

Кешегі бір одақта болған біраз елдер, басына қонған бақыты тәуелсіздік тұғырын орнықты ете алмай “әлгі қанағатсыздар” айтағына еріп айдың күні аманында өз азаматы өз еліне жау болып, әлем алдында туған жер мен туған жұртының абыройын төгіп, ел намысы мен ер намысын аяққа таптап жатырғанда қазақтар “қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар” деген бабалар өсиетін ұран етіп, Елбасы берген уәдеге сеніп, қауіпті кезеңдерден аман өтті. Үміт ақталды.

Елдің де Елбасының да үміті ақталды. Ақталғаны емей немене бұ күндері қазақстандық азаматтардың көпшілігі қарын қамын ойлауды қойған, ертеңім не болады деген қорқыныштан құтылған. Бір де бір қазақстандық шет жерден нан іздеп қаңғып жүрген жоқ.  Бұл еліміздің басты жетістігі, Елбасымыздың басты табысы десе болғандай құбылыс. Оралмандарды орналастыру, келімсектерді қудаламау, жалпы адам пендесіне адамша қарау еліміздегі басты рухани түсіністік десе болғандай. Бұл мәселені маңғыстаулықтар ерекше түсінеді. Дәл қазір Маңғыстау тұрғындарының жартысына жуығы аты аталғандар десек қателеспеспіз.

Елбасы өзінің осындай рухани қазына ұйымдастыра алғанына қуанатын, жетістігіне мақтанатын болар, ел де осы үшін Алласына тәубе дейді, Елбасына ризашылығын білдіреді.

Маңғыстау халқының саны он жылдарда екі еседей өсті.

Жаңа аудан пайда болды. Осындай қиын кезеңде көрші елдерге біздің Маңғыстау жері ата қонысындай пана, ана жұртындай қамқоршы бола алды.

Тек қана Маңғыстауда емес бұл мақтануға тұрарлық құбылыс тұтас Қазақстан бойынша етек алды. Басқа түскен сын сағатында еліміз өзінің елдік қасиетін жоғалтпады. Халқымыз табиғаттан талантты ел екенін танытып жаңа жағдайға тез бейімделе бастады.

Осы кезеңдерде тағы бір мақтануға тұрарлық нәрсе, ол – халқымыз бабаларының мұраға қалдырған ғажайып отанына, аталарымыздың ұрпағына мирас еткен сан салалы өнеріне, сонымен қоса әуелі Алласына қалды ата-баба рухына еңбек етуден айныған жоқ.

Әрине, елдің бұл табыстарын Елбасының ерекше еңбегінсіз елестету қиын.

“Елімнің табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін” дейтіндер қауымының қатарын аз күнгі қиыншылық соншалықты сиретіп кетті деп айта алмайтын болармыз. Қайта осы уақытта сол қауымға мүшелікке өткен саналы жандар қатары толыға түскендей, сапасы арта түскендей болды. Әрине, құжатталған ондай қоғам жоғы рас. Дегенмен Қағба қақпасының алдында тұрып қазақ халқына бақыт тілеген Елбасының сол қоғамның ең көрнекті мүшесі екеніне сеніміміз мол.

Өз халқын соңына еріте алған, кешегі қиын кезеңдерде бағыты белгісіз сан соқпақтар ішінен елін ел ететін жолға бастай алған, өзі салған сол соқпақты енді болашаққа жеткізер ұланғайыр даңғылға айналдыра алған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты әлем халықтары, әлемнің ел басшылары мойындап болды. Елбасы арқылы оның елін де таныды. Елбасына сол үшін, маңғыстаулықтар атынан айтар алғысымыз шексіз.

Елбасымыз елге басшы ғана емес, тәуеклшіл де, көреген де тұлға екенін танытты. Сөзімізді бірнеше мысалдармен дәлелдей кетелік…

…Елбасы жаңа Астана салалық, соған көшелік деді. Көпшілік ойланып қалды. Қарсыластары шошып түсті. Біз сол кезде Алматыда тұратын едік. “Түк бітіре алмай төрт-бес жылда Алматыға қайта оралады” деген сәуегөйлікті талай естідік. Бірақ олай болмады. Қазақ халқының жаңа мақтанышы, жаңа қаласы – Астана өмірге келді. Ол тек қана өмірге келіп қойған жоқ, басқа қалаларға үлгі де ала келді. Бұ күндерде барлық облыс орталықтары “болмаса да ұқсап бағуға” тырысып жатқандарын танытуда.

Астананың айбыны айқындала бастаған сайын бір кезде әлемді билеген ағылшындар мен бабаларымыздың данышпандығы еске түседі. Олардың бірі “Мен тым арзан нәрсе сатып аларлықтай асқан бай емеспін” десе, бірі “арзанның сорпасы татымас” депті. Бұ күндерде ел адамдарының санасы өз Астанасын көріп келуді арман етерлік, көріп келгендері мақтаныш етерлік дәрежеге жетті…

         Елімізде әлем жұртшылығы алдында мақтаныш тұтарлыры жеткілікті еді. Соған енді өзінің он жылдық мерейтойын атап өткен Астана қосылды.

…Әлем тәжрибесін үйренуде елімізде жаңаша ойлай алатын, жаңа істерге батыл кірісе алатын, әлем жұртшылығы жаңалықтарын жатырқамайтын, өздерін әлем жұртшылығы жатырқамайтын жаңаша тәрбие алған, жаңаша сана қалыптастырған ерекше қазақстандықтар тәрбиеленіп жатыр.

Көптеген күрделі эксперименттер арқасында жұртымыз кеңес өкіметінің адамдарды зорлап теңестіру саясатынан пайда болған жалқаулық болмысынан құтыла бастағандай. Бұ күндері ел санасына “еңбек ете білсең еңбек жемісін жейтін заман орнады” дейтін түсінік қалыптасты. Ел бойкүйездіктен арыла бастады…

Қазір «Мен – қазақпын!» деуге еш қазақ ұялмайтындай дәрежеге жеттік.

Осылармен қоса Елбасының өз еліне бере алған ең басты сыйлығы да, елінің санасына сіңіре алған ең басты рухани байлығы да көп ұлтты елде халықтар татулығын қамтамасыз еле алғаны болды деп ойлаймыз…

Ел санасы үшін күрес – басты мәселе еді.

Қазір «Мен – қазақстандықпын!» деуге еліміздің еш азаматы ұялмайтындай дәрежеге жетті!

Біздің балаларымыз бен немерелеріміз өркендей дамып келе жатқан Қазақстан Республикасы атты мемлекеттің азаматтары! Біз, жасы жеткен адамдар, сол үшін Алламызға тәубе, Елбасымызға рахмет дейміз!

Біздің жастарымыз қазір, саналы түрде, мақтанышпен жұрты үшін, Отаны үшін мақтана алады!

Қазақстан жетістіктері тек қана рухани бағытта емес, экономика саласында да айтарлықтай.

Мемлекетіміздің экономика саласындағы ұстанған бағыты мен саясатының Қазақстан халқын арман-мұратына жеткізетініне “Қазақстан 2030” бағдарламасы және Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары көзімізді жеткізгендей болады.

Елбасының осы ұлы мақсат-жоспарларына біздер, маңғыстаулықтар, өз үлестерімізді саналы түрде қоса білсек…

Әр азамат еліміздің бұдан әрі қарай дамый түсуіне, отанымыздың бірлік-берекелі болуына менің қолымнан не келеді деп, өзіне өзі сұрақ қоя алса…

Ел санасы – орынсызды ойдан шығаратындар мен қисынсызды қиялдан туғызатындарды ажырата аларлық, ел үшін деп еңірейтіндерді тани аларлық шамаға жетсе… 

Сондай сана тәуелсіздігімізді жылдан-жылға бекіте түсіп, ел санасы үшін күресте де жеңіске жетуге әсер етер еді.

Мемлекет экономикасы да, ел ырысы да молая бастады.

Біздің қоғам білімді қоғам, әрқайсымыз да өз ойымызды ашық айтып шыға алатын дәрежеге жеттік. Еліміздің болашағына жан ашу, сол болашақты бірте-бірте жақындатып келе жатқан Елбасы саясатына қолдау көрсету біздің ендігі жердегі басты міндетіміз деп түсінгенде ғана Қазақстан Республикасының жұлдызы бұрынғыдан да көрі жарқырай түспек. Соған сөзбен де, іспен де көмек көрсету әр азамат міндеті.

“Қазақстан 2030” бағдарламасы мен Елбасының Жолдауларының орындалу қарқыны мемлекетіміздің ұзақ жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес дамып келе жатқанына көзімізді жеткізе түсуде.

Енді біз елдің болашағы қандай болады деген сұраққа басымызды қатырмайтын дәрежеге жеттік.

Біздің бұ кездердегі басты мақтанышымыз – ілгері басып келе жатқан, өз даңғылына түскен Қазақстанның ұлы көші болса, басты қуанышымыз – осындай тарихи кезеңде көш бидасының Нұрсұлтан Назарбаев секілді кемеңгер адамның қолында болуы…

Ақын-жазушы ретінде біз Нұрсұлтан Әбішұлының  сөйлеген әр сөзінде, әр тынысында “қайткенде елімді ел етемін” деген бір ұлы сарынның лебін сеземіз… Сол сарыннан нәр алып, сол ниетке бағындырылған, ақылдан туған іс-әрекеттердің өмірге келіп жатқандығын анық байқаймыз…

Елбасы Қағба қақпасының алдында Алла тағаладан үш тілек тілепті…

Үшеуі де бір тілек екен…

Үшеуі де «қазақ халқына бақыт тілеймін» деген бір ауыз сөзден тұрыпты…

Бәрімізде елімізге бақыт тілейміз, сондықтан да ел бақыты дегеннің не екенін түсінгіміз келеді.

Ел бақыты деген не екен деген сұраққа жауап іздеп, біз бірнеше ауыл адамдарынан: “Сізге бақытты болу үшін не керек?” – деп сұрақ сұрап көрдік…

Ғажап!

Бір-бірінің ауыздарына түкіріп қойғандай:

·        Ел іші тыныш болып, ошақ басы аман болып, нан-шайымызға тарықпасақ екен! –  дейді.

·        Балаларымыздың өсіп-өнгенін, елге пайдасы тиер азамат болғанын көрсек екен! –  дейді.

·        Алла тағала жан-жағымызда болып жатқандай ұрыс-керістен сақтаса екен дейді.

 

Сондай тілектерге қоса қиын кезде елін бір белеске аман-есен

жеткізген Елбасына деген ризашылығымен, оған Алла тағаладан денінің саулығын бергей деген тілектер де айтылып жатады. 

Құдайға шүкір! Ойлап қарасақ ел адамдарының өз аузынан өздеріне тілеген бақыттарының барлығы да ел ішіне тамырын салып, жапырағын жайып жатырған тіршілік мәселелері екен. Енді тек сол тілектердің байтақ еліміздің сәнін келтіре тезірек гүл жайнауын күтеміз…                    

Ойлануға әр адамның да қақысы бар…

Осы мақаланы жаза отырып мен қазір өткен Президент сайлауы туралы ойға батып отырмын…        

Сайлау… Сайлаушылар… Сайлаушы қолында бір парақ қағаз… Қазір сайлаушы сол қағазға өз ойын түсіреді…

Ол ой оның өмір туралы өз түсінігі болмақ.

Ол Президенттік мәртебеден дәмелілер тізімін оқып ойға батып отыр…

Мынау біздің өз Президентіміздің аты дейді… Еліміздің алғашқы Президенті, ең алғаш егемен еліміздің бостандық туын көтерген, қиын-қыстау заманнан мүдірмей өткен, сын сағатта сыр бермеген кемеңгер адам дейді…

Ал мынау кім? Менің Президентім осы болсыншы дейтіндей оның елге еткен еңбегі нешік, менің өз басыма қандай пайдасы тиді?..

Біздер, қазақстандықтар, маңғыстаулықтар, сайлаушылармыз. Тікелей не қосымша дауыс беру арқылы біз еліміздің барлық басшыларының таққа отыруына әсер етеміз.

Сайлаушының осындай ойларға батып қабылдар шешімі оның Қазақстан Республикасының қазіргі даму қарқынын сақтай отырып өркендей беруі үшін қосқан өз үлесі болмақ.

Сайлаушының шешімі өз жеке басының Қазақстанда тұратын халықтардың достығы мен бейбіт өмірін сақтап қалу үшін істеген әрекеті, олардың бақытты болашағы үшін көрсеткен қолынан келер қамқорлығы болмақ.

Сайлаушы солар туралы өз ойын бір парақ дауыс қағазына түсіреді де жәшікке тастап жібереді… Ол бір-ақ дауыс…

Ойлап қарасаң ол бір дауыс. Бірді бірге қоссаң екі дауыс… Сосын қоса бересің, қоса бересің…

Комиссия мүшелері санай береді, санай береді… Содан барып көп дауыс алған кісі халық қалаулысы атанады… Ел иесі сол кісі болып шықпақ…

Ел өз тағдырын сеніп тапсырған кісісінің, болашақ ел иесінің қарсы жағынан бір-ақ дауысы артық болуы мүмкін. Бір-ақ дауыс!..

Егер сол бір дауыс менің даусым болса ше?..

Олай болатын болса ел тағдыры менің қолымда болып шықты ғой…  

            Ел тағдыры бір сайлаушының қолыңда…

Ел болашағы бір адамның шешімінде…

Әр қазақстандық өз санасын осы дәрежеге жеткізе алса…

 

«Қазақстан болашағы» атты, барлық қазақтар мен қазақстандықтардың   бүгінінің бары, ертеңінің қамы, өмірінің, саналы тіршілігінің мағынасы деуге тұрарлық сөзді естігенде біз Қазақстанның шығар шыңының биік екеніне, соған жету жолындағы алдына қойған мақсатының айқын екеніне сенімдіміз.

Сол мақсатқа жету үшін таңдап алынған жолдың бұралаң емес даңғыл екеніне, басқалардың таптаурын жолы емес біздің өз елімізге ғана тән жол екеніне көз жетті.

Осылайша арманымыз анықталған шақта, оған жетер даңғыл салынған шақта еліміздің өзіміз арман ететіндей ел болуы үшін әр қазақстандыққа бір ерекше құлшыныс, ерекше жігер керек секілді.

Ондай жігер мен талап тек қана Президенттің, өкімет басшыларының ғана емес, мына біздердің, қарапайым халықтың да іс-қимылынан сезіліп жатса ғой шіркін!..

Сонда ел тағдырының қолымызда екеніне көз жетер еді.

Ел тағдыры қолымызда болар еді дейтініміз, жұртымыздың бірлігі мен берекесі біздің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға тырысуымызға байланысты. Жан-жақты бақылай отырып біз өкімет басшылары мен ел азаматтарының сөзінен үндестік, саясатынан ауызбірлік күтеміз. Сол елімізді Нұрсұлтан Әбішұлы белгілеген межеге тезірек жеткізер негізгі қозғаушы күш болар еді десек қателеспейтін секілдіміз. 

Біздер бұрынғы заманда ойымызды біреу ойлап, сөзімізді біреу сөйлеп, біздер үшін барлық мәселелерді басқалар шешіп, өзіміздің ешкім емес екенімізге дағдыланған «бодан» болған елдің адамдарымыз. Қалыптасқан сол дағдымен әлі күнге әркімнің аузына қарап, өз ойын еркін ашып айта алмайтындар табылып қалады.

 Біз  сол әдеттен құтылатын уақыт жеткенін, тіпті өтіп бара жатқанын байқай бастадық.

Ендігі жерде біздер, қазақстандықтар, халқымыздың бақытына туған осындай ұлдар дарынын толығырақ ел мүддесі үшін пайдалана түсудің мүмкіншілігін пайдалануымыз қажет секілді.

Қазақ халқының өз ата-баба аруақтарына деген пейілі тым ерекше жаратылған халық. Соны түсіне білген еліміз, елін түсіне білген Елбасымыз “Мәдени мұра” жылдарын жариялап, елдің рухани аштығына әкеліп соқтырған, ата-баба мәдениетін менсінбеу, өз ұлтын басқадан кем санау, бір сөзбен айтқанда мәңгүрттену процесін тоқтатуға мүмкіндік жасап берді.

Ойлап қарасақ Отанды көркейтіп ұстауға тырысатындар да, ел билігін қолына алғысы келіп оларға қарсы шығатындар да өз елінің азаматтарының, сіз бен біздің көмегімізге зәру. Біздер арқылы олар ойлағанын жүзеге асырады. Бізге неге өз арман-мақсаттарымызды жүзеге асырмасқа…

Ел тірегі – ел азаматтары. Халық көзіне түсіп жүргендерінің бірі мемлекет тұғырын берік етуге тырысса, екіншілері соның неғұрлым тұрақсыздығына, шатқаяқатап тұруына қызмет етеді. Олар сондай сәтті пайдаланып өз байлығын арттыра түсуге, билік басына жақындай түсуге жағдай туғызады. Біздер сондайларды тануға тырыссақ…

Ел қуаты –  ел экономикасы. Елдің көпшілік азаматтары тапқан қаржысын ел игілігіне жұмсап жатса, енді бірі бар тапқанын билікке жету жолына жұмсап жатады. Сондайларға пейіл бермесек…

Ел берекесі – елдің ауыз бірлігі. Ел азаматтары мен ел басшылары ел тыныштығы үшін “жарғақ құлағы жастыққа тимей” еңбек етіп жүрсе, енді бірі билік жолындағы таласта, елді ереуілге шақырып жатады.  Сондайларға қарсы тұра алсақ…

 “Өсер елдің баласы бірін-бірі батырым дейді” депті бабаларымыз. Сондай батырлар еңбегін елемей кетуге болмас.

Кешегі аумалы-төкпелі заманда Қазақстаным үшін деп, қазағым үшін деп талай кісі қуаты мен күшін, талабы мен талантын сарқа жұмсап, елімізді осы дәрежеге жеткізді.

Соның арқасында қазақ халқының басына бақыт қонды. Сол үшін тағдырымызға да, азаматтарымызға да айтар алғысымыз мол.

Алғашқысы – Аллатағалаға аумалы-төкпелі қиын кезеңде ел басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрғаны үшін айтар алғысымыз!

Келесісі – қазақ халқының бақытына бола жаралған ұлдарына, қазақ халқының ең ұлтжанды, ең саясаткер, көргені мен білігі мол ұлдарына Президентіміздің қасынан табылып, Елбасының жоспарларын жүзеге асыруға еңбек еткені үшін айтар алғысымыз!

Сол азаматтарымыз Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздікті тұрақтандыруда. Бұ күндерде Қазақстанды әлем танитын дәрежеге жеткізді. Оларға осы еңбектері үшін, өзіммен пікірлес маңғыстаулықтар атынан шексіз рахметімізді жаудырамыз!

Нұрсұлтан Әбішұлының арманына үлес қосу деген сөз – Қазақстанды жуық арада ең жедел қарқынмен дамып келе жатырған елдердің алғашқы ондығына шығару үшін еңбек ету деген сөз!

Нұрсұлтан Әбішұлының арманына үлес қосу деген – Қазақстанды жуық арада ең бай елдердің алғашқы елулігіне шығару үшін еңбек ету деген сөз!

Нұрсұлтан Әбішұлының арманына үлес қосу деген – ол «Қазақстан 2030» бағдарламасының жеңістерін өз қолыңмен іске асыру деген сөз!

Аллатағала біздерге сондай санамен еңбек етуге жазғай, еңбегіміздің жемісін көруге жазғай!

Бәріміздің де сүйікті Қазақстанымыздың, Маңғыстауымыздың өркендей беруіне қосар үлесіміз мол болғай!

Елбасының атына сын айтушылар да табылып жатады.

Нұрсұлтан Әбішұлы бір кездесуде:

…1996 жылдары мемлекетіміздің жағдайы өте қиын болды. Оқытушылардың айлығын, зейнеткелердің пенсиясын төлей алмай жаттық. Бірақ Ақтау фортын салуға қаражат бөлдік. Міне енді соның арқасында Каспий теңізіндегі ең жасақталған фортымыз бар. Жұмсалған қаржы елге еңбек ете бастады, деп еді.

Ойлап көрелікші… Ақтау фортын салып шығуға (ойдан алынған сан) 15 млрд. теңге жұмсалды делік. Сол қаржыны Қазақстанның 15 миллион халқына бөліп берсек жан басына 1000 теңгеден келеді екен… Ондай ақшаман сол кезде тұрмысыңды түзетіп ала алар ма едің?..

Бюрократия неге құрымайды, дейді біреулер…

Сыбайлас жемқорлыққа неге тосқауыл жоқ?

Шенуініктер пара алады, неге тоқтатпайды?

Біз сол сұрақтарға қарсы сұрақ қойып көрсек…

Қытай ғұламасы Кофуций өз заманында осыларға қарсы күрес жолдарын ұсынған екен. Бұдан екі мың жыл бұрын бюрократия мен парақорларға қарсы күрес бастаған ұлы қытай елі сол күресін жалғастыруда. Толық жеңіске жете алған жоқ.

Сол межені қазақ халқы қалай он үш жылда аттап өтпек?..

Жастар тәрбиесіз, азып барады дейді…

Сол сөзді айтып отырған ақсақалдардың өздеріне олардың әкелері де айтқан. Бұдан екі жарым мың жыл бұрын Сократ ойшыл да солай депті. Әкенің балаға риза болмауы Асанқайғы заманында да, Құнанбай заманында да болған. Әкенің балаға риза болмауы адам жаратылысынан, Алланың әке бойына сіңіретін қасиеті болар, асылы.

Әйтпесе қазіргі жетінші сынып оқушысының білімі жетпістегі бізде жоқ. Олар ұғымын біздер ұға алмай кететін болармыз. Біздің ұрпақтың оларға деген өкпеміз олардың жаратылысты басқаша түсінуі, басқаша қабылдауы болса керек.

Адам баласы қолына қалам алып, ойын хатқа түсіргелі әлгі сұрақтарды қойып келеді, жазып келеді, күресіп келеді. Жайғдайды жақсартуға болатын болар, түпкілікті жойып жіберуге қай заманның да, қай ғасырдың да қолынан келмей келеді.

Қалай десек те біздің сүйікті Қазақстанымыздың ілгерілеуі де, білімденуі де қарқынды! Ол көрсеткіште Елбасының ерекше үлесі бар екені сөзсіз!

     Құбылмалы әлемдегі, соған бейімделіп отыруға тиіс еліміздегі құбылыстарға өз ойлы санамен, көкірек көзімен қарай алатындар атынан, Қазақстанның бірлігі мен берекесін аңсайтындар атынан, сондай маңғыстаулықтар атынан:

·        құранды ұлттарды құрап, ел татулығын қамтамасыз ете алғаны үшін;

·        әртүрлі дін өкілдерінің бір-бірімен  сыйластығын қалыптастыра алғаны үшін;

·        саясаттағы көрегендігі, соның арқасындағы ел тыныштығы үшін;

·        адамдарға кәсіп пен талапқа ұмтылдырар жағдай туғыза алғаны үшін;

·        лай суды тазартып, жаралы жондарды көгертіп жатқаны үшін;

·        ауыр кезеңнен аман өтіп, ел  еңсесін көтере бастағаны үшін…

·        шексіз даламызды  шекара қазықтарын қақтырып өз үйімізге, өз Отанымызға айналдырып бере алғаны үшін –

Елбасымызға, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа

зор ризашылығымызды білдіргіміз келеді.

         Сонымен қоса біз, маңғыстаулықтар, Нұрсұлтан Әбішұлының өлкемізге келген әр сапарынан ауқамды, маңызы әлемдік дәрежедегі жаңа бастамалардың хабарын естіп дәндеген елміз.

         Құрметті Нұреке! Сіздің тағы да ат басын Маңғыстауға бағыттағаныңызды естіп, еліңіз елеңдеп отыр.

Сіздің осы сапарыңызға, сонымен қоса болашақтағы елім деп басқан барлық қадамыңызға сәт сапар тілейміз!

         Жедел өркендеп, жаңа табыстарымен әлем назарына ілігіп отырған Қазақстан үшін, үмітке толы болашақ үшін рахмет, Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы!..

                           

                                                                           Астана. 20.09.2008 жыл.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Отан.Жер. Ел. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.