Егемен еліміз өсірген ең тәтті жеміс

 

 

Егемен еліміз өсірген ең тәтті жеміс

 
Егемендік алған еліміздің өсірген ең тәтті жемісінен ауыз тигізе, алғаш басқан сәтті қадамдарымен барша жұртты қуанта қозғалған “Мәдени мұра” керуені мәртебелі сапарына аттанғанына екі жылға жуықтады. Нұрсұлтан Әбішұлы аумалы-төкпелі кезеңде ел бағына Елбасы сайланып ұлт бостандығын қауіпсіз еткен еді. Енді ұлт болмысын қалыптастырар мәдени керуеннің бас ноқтасын да өз қолына алды.  Елдің рухани жорығына бағыт алған бұл сапарда қазақ тарихы мен мәдениетінің не бір қағыс қалған қырлары мен ұмыт болған сырларының анықтала түсері сөзсіз.  
Бұл керуен-көш қозғалысының  үшжылдық та емес, бесжылдық та емес  мәңгілік екеніне сенімдіміз.
Мәдениет керуенінің бұ заманнан о заманға, сондай-ақ бұ заманнан болашаққа сапарының жолы мен бағы ендігі жерде лауазымдылардың “Мәдени мұра” бағдарламасын қаншалықты шын жүрегімен мойындауына, әр қазақтың санасы мен зердесінің қаншалықты ұлтжанды екендігіне байланысты. 
“Мәдени мұра” бағдарламасы – егемен еліміздің өз қолымен өсіріп шығарған ең тәтті жемісі болды!..
Халқымыздың “Мәдени мұра” бағдарламасынан күтері көп:
“Мәдени мұра” – қазақ халқының шаңырағын ұлт дәрежесінде көтеріп тұра алар алтын бақанға айналды дейді, көпшілік қандастарымыз.
“Мәдени мұра” – жауапты істерге жауапкершілікпен қарау керек екенін түсіндірген және қалай еңбек етудің жолын  анықтап берген құжат болды дейді, іскер адамдар.
“Мәдени мұра” –  кейбір лауазымы зор биліктілер мен басшылардың, қалталылар мен қаражатты жұмсайтындардың  мәдениетке дегенде алақанын аштырмайтын құлыптың ашқышы секілді болды дейді, кейбір мәдени  қызметкерлер. 
“Мәдени мұра” – Маңғыстау өлкесі үшін арнайы дайындалған бағдарлама секілді деп таң қалады, көпшілік маңғыстаулықтар. 
“Мәдени мұра” – менің жаным мен болмысымның сұранысы болып шықты дейді, осы мақала авторы. 
Осындай шаруаның соңында жүргендер бұрын қалтасы барға қол жайған тіленшілік, билігі барға бас игіш мүләйімшілдік хал кешіп келген болса, ендігі жерде бұл бағдарламаға сүйенгендер әлгі биліктілер мен қалталыларға мәдени мұра жоқтаушыларының еңбегі елге қажет нәрсе екенін сездіре, міндет арта сөйлесе алар дәрежеге көтерілді.
 Сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа: 
құранды ұлттарды құрап, ел татулығын қамтамасыз ете алғаны үшін; 
әртүрлі діндер сыйластығын қалыптастыра алғаны үшін;
саясаттағы көрегендігі үшін; 
адамдарға кәсіпкерлікке ұмтылдырар жағдай туғызғаны үшін; 
лай суды тазартып, жаралы жондарды көгертіп жатқаны үшін;
ауыр кезеңнен аман өтіп, ел  еңсесін көтере бастағаны үшін…
ен далаға шекара қазықтарын қақтырып даламызды Отанымызға айналдырып бере алғаны үшін; 
Қазақстанның бірлігі мен берекесін аңсайтындар атынан 
рахмет айтқанымыз орынды деп ойлаймыз.
Рахмет, Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы!..
 
Қазақтар ес жиып етек қымтайтын жобаға жеткеннен бастап-ақ:
алдымен әлемді жаратқан Ұлы Жаратылыс алдында;
содан соң дархан ел мен байтақ жерді мирасқа қалдырған ата-баба алдында кішілік сезімде болу бар қазаққа жарасар қасиет деп есептеген халық.
Қазақ халқы ғажайып қанағатшыл халық… 
Қазақ халқы ешкімге ұқсамайтын мәдениет пен әдебиетті мұра еткен ел. Сол ата-бабаларымыздың біздерге, ұл-қызына, әдеті мен салтын ұғындырғанын, ұрпақ жүрегіне діні мен сенімін дарытқанын  сезіне өмір сүру бабалар рухы алдында мойында борыш, жүректе парыз барын мойындай бастаудың, ержету мен саналылы өмір сүрудің басты белгісі. 
Осы парызды ойлай, осы борышты сезіне еңбек ету адамды “Азамат” атандырар құрметті сатыға көтермек.
Сондай парыз бен борыш бар екенін ұмытқандардың есіне түсірерліктей, есіндегілерге еркін еңбек етуге жағдай туғызарлықтай халқымыздың азаматтық болмысын қалыптастыруға, жастарымыздың ұлтжандылық санасын сомдауға “Мәдени мұра” бағдарламасы қабылданған күнінен бастап кірісіп кетті. Енді тек қана бір сәттік абырой-атақ үшін жанталасатын жалған патриоттар мен  мәдени мұраның әуейі жанашырларынан сақтану керек екенін ұмытпау қажет.
Қазақ халқының ең басты мәдени мұрасы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіреміз деп ұрандаған ұлтымыздың жалған  жанашырларының қазақ халқының сан ғасырлар бойы нағыз даналары мен дараларына, көсемдері мен шешендеріне көрсеткен  құрметтерін жоққа шығарып берген “жақсылықтарын” ешқашан естен шығаруға болмайды.
“Мәдени мұра” бағдарламасы – қазақ халқын рухани азықтандырудың, “біз де ел екенбіз ғой” деп мақтаныш сезіміне бөлендірудің, ел санасын жоғары сатыға көтерудің бағдарламасы!..
Президентімізге сол үшін де өзімді мәңгілік борыштымын деп есептеймін.
Фәриза Оңғарсынова айтқандай “Ол тегін адам емес!”… 
…Нұрсұлтан Әбішұлының анасы Әлжан жасы отыз жетіге жеткенше перзентті бола алмаған екен дейді. Жаратқан Алласына табынып, қасиетті әулиесіне жалынып,  Әбіш ата мен Әлжан ана Райымбек әулиенің басына түнейді. Райымбек әулие Әлжан ана түсіне еніп, аян береді. Содан, қазақ халқының бақытына бола жаратылған, Нұрсұлтан Әбішұлы өмірге келеді… 
Халқымыз аңыз түбі ақиқат десе, міне мынау ақиқатқа айналған аңыз о кісінің тегін адам еместігін ескертіп-ақ тұрғандай…
Президентіміздің тегін адам еместігін тек қана қазақ халқы емес дүниежүзінің елдері де мойындап болғандай. Әлемдегі ең алып елдер басшыларының қайта-қайта Астанада бас қосуы соның дәлелі секілді.
Нұрсұлтан Әбішұлы қарапайым қазақстандықтармен де кездесіп, елдің хал-ахуалын сұрап тұрады.
23-24 мамыр күндері Елбасы Маңғыстау өңірінде болып, осы мақала авторының шаңырағына бас сұғып, дастарханынан ас ауыз тиді. Президентпен болған сол уақыт біздің отбасымыздың қымбат мұрасына айналды. Біз ендігі жерде заты мен түрі белгісіз “уақыт” деген ғажаптың да мәдени мұраға айнала алатынын көзіміз жетті. 
Менің бір жасар немеремді қолына алып “бұ батырдың аты кім?” деп сұрады Президент. Біз бұ баланың аты Досан, бірақ олай деп атауға именіп Досеке деп атаймыз дедім. Сонда Нұрекең “Досан болғанда орыс патшасын састыратын Досан батыр ма?” деп қарсы сұрақ қойып, ел тарихына өте жетік екенін сездірген еді. 
Нұрекең немерелерімізге көңіл бөліп, олардың қабілеттерін байқап қарады. Немерем Жәмила өзімнің Нұрсұлан Әбішұлына арнап жазған “Қазақ халқына бақыт тілеймін!” деген өлеңімді оқып берді. Президенттің аузынан естіген “мына бала дайын актриса ғой” деген мақтауы мүмкін оның арманына айналар. Астанадан келген жиен немерелерім: төртінші сынып оқушысы Абай домбырадан күй тартып, Айман Мусахожаеваның музыка академиясының екінші класын бітірген Арайлым пианинода Европа саздарын ойнап берді. Президенттің “ойнағаның қандай саз?” деген сұрағына басын көтермей пианиноға қараған күйі “Бах” деп жауап бергені Нүрекең көңілін көтеріп тастап еді. 
Нұрекең балалар өнеріне сүйсініп “Міне қараңдаршы, балаларымыз қалай тамаша өсіп, жетіліп келеді!” деп риза болғанын білдірді.
“Қазақстан 2030” бағдарламасы мен  Президенттің биылғы Жолдауы туралы да пікір алыстық. 
Біз “Қазақстанның болашағы қандай?” деген сұраққа ендігі жерде қиналмай жауап бере алатынымызды, ал биылғы Жолдаудан кейін ауыл адамдарының өз ертеңіне, ел болашағына деген сенімдерінің нығая түскенін айттық. 
Президенттің әр жылғы Жолдауларының ойдан алынбайтынын, олардың “Қазақстан 2030” бағдарламасының орындалып жатқан тармақтары екенін түсінгенімізді, содан барып “Қазақстан — 2030” бағдарламасы еліміздің жарқын болашағы екеніне көз жеткізгенімізді әңгіме еттік. 
Әңгіме тақырыбы халықтың әлеуметтік жағдайына ауысқан кезде біз Маңғыстау өңірінің Жары Мәтжан аттты бір биінің сөзін еске алдық. Ол би адам тіршілігінің мағынасын бір ауыз сөзге сыйғызып: “Менің көже қарнымды тойдырған бір жер бар, ол – Хорезмнің ойы, Амударияның бойы. Менің көңіл қарынымды тойдырған бір нәр бар, ол – үлкендердің сөзі, Ермембет бидің өзі” дейді екен. Біздің “Мәдени мұра” деп жүргеніміз Мәтжан бидің “көңіл қарын” атты теңеуі болып шықты.  
“Мәдени мұра” бағдарламасы – ұлтжанды қазақтың арманы мен үмітінен өріліп есілген киіз үйінің белдеу арқаны!..
“Мәдени мұра” бағдарламасы – қазақ халқын қазақ болып өмір сүре алатынының кепілі!.. 
Осы бағдарлама арқасында, облыс әкімшілігінің көмегімен, жақын арада Тобықты ойындағы Бекет-Атаның төртінші жер асты мешіті халықтың рухани сұранысына еңбек ете бастайтын болады.
“Мәдени мұра” Маңғыстау өңірі үшін арнайы дайындалған бағдарлама секілді болды деген сөзді біз бірнеше маңғыстаулық жерлестеріміздің аузынан естідік… 
Дәл осындай ойды өз аймағына сәйкестендіріп еліміздің басқа өлкеде тұратын өкілдері де айтып жатырған болар.
Бұ күндері өзім еңбек еткен: 
Шыңғыстау өңіріндегі Абай-Шәкәрім мұнаралары, Омархан-Нұржамал, Тоқтамыс батыр күмбездері, Ділдә, Әйгерім, Ақылбай, Шәкір Әбенов сағаналары;
Қаратау өңіріндегі Домалақ-Ана кесенесі;
Атырау өңіріндегі “Хан ордалы Сарайшық” кесенесі;
Маңғыстау өңіріндегі Абыл ақын (1777 – 1864 жж), Досан батыр (1829 – 1876 жж) күмбездері менің көзіме бұрынғыдан да көрі жарқыраңқырап елес беретін болды…
Сегіз томдық “Қазақ халқының шежіре тарихы”, он екі томдық “Маңғыстау мұралары” атты кітаптар осы “Мәдени мұра” бағдарламасының арқасында жарық көрмекші. 
Біздің “Қазақтың киіз үйі” атты еңбегіміз  де үстіміздегі жылы халық қолына тиіп қала ма деген дәмеміз бар.
Президенттің үстіміздегі жылғы Жолдауы мен “Мәдени мұра” бағдарламасының арқасында менің бұл өмірден, өзімнің тындырған жұмыстарымнан қанағат табуымның шамасы арта түсті. Бұл бағдарлама менің көңіл қарынымды тойдыру үшін, менің рухани сұранысыма нәр беру үшін, менің баяғыдан бері істеп келе жатқан істерімнің дұрыстығына, түскен соқпағымның елге қажет болып шыққанына көз жеткізу үшін жасалғандай болды…
Өмірде қанша адам болса сонша пікір бар. Менің ойыма келіспейтіндер де табылар. 
Бір әкеден өніп, бір ананы еміп өскен, бір шаңырақтың астында тұрып, бір төсектен өріп жатқандар ішінде де көзқарастары сәйкес келе бермейтіндер кездеседі.
Коммунистік партия үндеулерін бойға сіңіре (біз де солардың бірі едік), қыр астындағы коммунизмен дәмете өмір сүргендер ішінде нақтылы іс пен нақтылы сөз заманы келгенде өз орнын таба алмай қалғандар баршылық. 
Басқалар еңбегін пайдалана өмір сүретіндер мен сүргісі келетіндер әлі күнге өз ойларынан қайта алмай жүр. 
“Битке өкпелеп тонын отқа салып” жүргендер қаншама десеңізші. Олар Президенттің көрегендігін мойындайды. Егемен елінің тындырып жатқан істеріне қуанады. Бірақ биліктің төменгі сатысында отырғандар неге өкімет шешімін дұрыс орындамайды? Неге бір бет қағаз алу үшін жеті жерден анықтама жинауым керек? Неге, неге… атты сұрақтарға жауап іздеу барысында олар ақыры үйірінен адасып, басқа қауым ортасынан шындық іздемек болады… 
Өмір бойы өз басының кемшілігі біреуден көретін, бар жетпесіне бола билік басына барғандарға өшігіп жүретін жандар да кездеседі…
Жай халық ішінде өздерінің барлық пікірлерін біреудің үгітімен қалыптастыратын адамдар қаншама…
Соларға әйтеуір біреуге қарсы пікір айту үшін жаратылғандар тобы қосылады… 
Жекешелендіру заманында есебін тауып зор байлыққа ие болып, содан “Алла тағаланың сүйіктісі біз екенбіз” деп, өздері  ойлап тапқан қиялға сене бастағандар, билікте болып шеттетілгендер, Президенттік тақтан дәмелілер – біз жоғарыда тізіп шыққандар басын біріктіріп ел жасамақ. Егемен елінің болашағына сенген, Қазақстанның тұңғыш Президентінің соңына ерген еңбекші халқына қарсы қоймақ, оппозициялық күш жасамақ. 
Олар ел сеніміне ие болу үшін жаңа мемлекет тұрғызып жатқандардың жіберген әр қатесін, әлі орындалып үлгермеген болашағын өз үгіттеріне пайдаланбақ болады.
“Билік қолда, байлық жетеді, біз неге қазақ халқының басына “қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман” орнатпаймыз” деп, елді Президентімізге, жұртты өкіметімізге қарсы өшіктірудің сан түрлі амалдарын ойлайды. Бұлардың көпшілігі сауатты адамдар. Қазақ тарихын да әлемдік тарихты да жақсы білуі мүмкін. Бірақ олар ата-бабаларының бір кездерде “қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған” замандар орнатқанын,  бірақ өздері секілді билікке таласушылар қырсығынан алып империялар мен Қағанаттардың, Ордалар мен Хандықтардың ұсақ ұлыстарға бөлініп тынғанын, ақыры жауларына жем болғанын естеріне түсіргісі келмейді.
Ертедегі бабаларымыздың қытай қамалынан Балқан тауына дейінгі жерлерде еркін көшіп, еркін жайлаған заманы болған. Түркілердің сондай алып империяларын өздері құлатқаны туралы, бастарынан ауызбірлік кеткен күні өздері талан-таражға салғаны  туралы әңгіме етпейді…
Қазақ халқы кешегі Алтын Орда, Ноғай Орда заманында да жаман өмір сүрмеген болуы керек. Әйтпесе Қарға бойлы Қазтуған “Еділім, менің Еділім” деп зар жыламаған болар еді. Ақтамберді сол күндерді аңсап “күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер күн қайда” деп, армандамас еді. Сол Ордалардың да түбіне хан тағына талас жеткен болатын…
Қазақ хандығы заманында да ел билеушілері елді үш жүзге бөліп алып халықты “ақтабанға” ұшыратып тынған. Қара халық билеушілердің  оңай билік жүргізуі үшін ойлап шығарған марапатына сеніп, “жүзсің” дегенге шаттанып, “русың” дегенге баптанып, соның қырсығынан елдігін ұмытқан болатын. Оларға сендер жүз де емес, ру да емес “елсіңдер”, “елміз деп мақтаныңдар” деп ақыл айтқан даналар өз түсініктерін өткізе алмаған болатын. Содан барып Бұхар жырау “әттең дүние қайтейін, баста бірлік болмады-ау” деп көкірегі қарс айрыла күрсінген еді…
Ел берекесінің алтын ұясы елдің ауызбірлігі екендігін Мұрат Мөңкеұлы сөзінен де аңғарамыз:
…Әттең, бір қапы дүния-ай,
Мынау Нарын деген қонысың
Нарынбай байдың қонысы еді.
Сарыкөл, Самар – санды су,
Самарбайдың қонысы еді…
…Қабыршақты, Қарасу
Ол – Қазтуғанның қонысы еді.
Алтыатаның аржағы, 
Телөкпенің бер жағы
Мынау Самар деген суыңыз
Ол – Едіге бидің қонысы еді…
…Қоныстың бәрін жоғалтқан
Ноғайлы, қазақ надан жұрт
Бірлігінің кемісі.
Ақыр түпке келгенде
Бәрін де алды түп-түгел
Көкала шекпен, жез түйме
Аузы түкті орысы… демеп пе еді… 
Билікке талас елде алалық туғызбақ. Оның ел берекесін кетірер тірлік екеніне тағы бір мысал келтірелік.
1917 жылғы төңкерістен кейін ел сөзін ұстағандар “Алашорда” мемлекетін құрмақ болған заманды алалықшы. Соншалық аңсай күткен бостандыққа, тәуелсіздікке жету мүмкіндігі туған шақта қазақ жерінің әр түкпірінен жеке-жеке “Алашорда” құру кімге қажет еді? Қазаққа ма? Халыққа ма? Жоқ, оларға қажет емес еді. Ол тек қана билікке таластан туған, өзімшілдік запыраны жанын өртеп бара жатқандықтан ел арманы “береке-бірлікті” жоққа шығарғандар қылығы еді. 
Сол “билікке талас” дейтін дерттің тамыры әлі қурамапты, сабағы әлі солмапты. Ғасырлар бойы күткен тәуелсіздік ел басына қайта оралған шақта, елдің бірлігіне жабыла қызмет ету орнына биліктен дәмелілер енді бас-басына партия құрып, көкпарға қазақ халқының бақыты мен арманын  тігіп жатыр.
Биліктен дәмелілер Нұрсұлтан Назарбаевтың “Мен қазір сауатты елді билеп отырмын” деген сөзінің астарына ақыл жүгірте алмайтын секілді. Ол сөз Президентіміздің өз еліне толық сенуінен туған сөз. Қазақ халқы қазір сауатты. Сауатты халық өз мемлекетінің қозғаушы күші – заң мен ақыл екеніне көзі жетсе, тұрмысы тарықтырмаса ешқашан да өз мемлекетіне қарсы шықпақ емес…
Елбасының  ұлттар мен діндер арасына сенім орната алған саясаткерлігі, ел тұрмысын жақсарту жолындағы еңбегі ел ауызбірлігін күшейте түсті. 
Нұрсұлтан Әбішұлы Қағба қақпасының алдында Алладан қазақ халқына бақыт тілеген екен, Аллатағала тілегін беріп келе жатқан секілді. 
Нұрсұлтан Әбішұлы “қазақта бірде бір кедей шаңырақ болмаса!”  деп арман етеді екен, сол арманына тезірек жетсе деп біз де Аллатағаладан тілек тілелік. 
Бұ күндерде көпшілік жұрт Президенттің жақтасы екенін мақтана айтатын дәрежеге жетті.
Билікке ұмтылмайтын, ұлт болмысы үшін әр адамның қолынан келетін, жанына жақын істермен айналысқаны дұрыс екеніне, сол арқылы еліне көбірек пайдалы болатынына сенетіндер баршылық. Біз де солардың санатынанбыз. 
Қазақстан Республикасының егемендігіне, қазақ халқының бірлігі мен берекесі үшін ештеңеден тайынбайтын, керек болса жанын құрбан ететіндер тобынанбыз. 
Жасымыз жетіп қалған шақта еліміз тәуелсіздігін алған болатын. Біз қолдан келген жұмысымызды жақсы атқару арқылы ел егемендігіне, Қазақстан болашағына өз үлесімізді қоссақ болды деп жайына жүре берген жандардың бірі едік…
Бірақ соңғы кезде оның қате пікір екеніне көзіміз жеткендей болды. Тек қана өз қолынан келер шаруаны тындыру ұлтжанды адам үшін аз екен. Әр ұлтжанды адам өз ұлтының санасы үшін де күресуі қажеттігін түсіне бастағандаймыз. Зейнеткер едік деп жан тыныштығын іздеп жатып алу ұрпағымыздың ертеңі не болады деген сұрақты ұмыту болып шығады екен. Саналы адам олай етпеуге тиіс екенін сезіне бастадық. Барлық болашақ, елдің ертеңі тек қана ел санасына, ұрпақ тәрбиесіне байланысты. 
Ел берекесі отансүйгіштік сезіммен аузбірлікте екенін түсіне білу балаға ана сүтімен бірге бойына сіңірілуге тиісті қасиеттер.
“Әзір астың атасы, піскен астың қожасы” болуға құмарлар қай заманда да ұрымтал жерден қосылып қалуға, есебін тауып асап қалуға дайын тұратын болса керек. Ел жағдайы жақсара түскен сайын, ел шаруашылығы түзеле түскен сайын саясаткерлер мен билікке таласушылардың ел ноқтасын ұстауға ынтасы, содан барып ел санасын өз пайдасына бұру үшін күресі күшейе түсетін секілді.
“Өтірікті шындай, шынды жымдай” дегендей, “түймедейді түйедей” етіп жіберетін баспасөз құралдары бар екенінен бәріміз де хабардар болармыз. Біздердің ақылымыз жетпейтін бір нәрсе – барлық көпшілік орындарда тек қана оппозиция сөзін сөйлейтін басылымдар сатылатыны. Ал “Ақжол” секілді газеталар ауыл-ауылға, үй-үйге тегін таратылады.
Сондай шақта ұрпағы қапы қалмасын деген болуы керек аталарымыз “Ақылды ойланамын дегенше тентек ісін тындырар” деп мақал шығарып беріпті. 
Мемлекетіне, халқына жақсылық тілейтіндер көпшілік. Содан барып олар еліне жаны ашығандықтан көптеген сұрақтарға жауап іздейді.
Біз де жай халықтың бірі есебінде, халық ішінде жүрген адам болғандықтан, оппозиция өкілдерінің ел санасын бұру үшін пайдаланатын бірнеше сұрақтарын бөліп алып және осы мақала арқылы сол сұрақтарға жауап беруге тырысып көрсек пе дедік…
Алғашқысы етіп оппозиция өкілдерінің халық аузына салып қойған “Қазақ халқының тұрмысы мұнайлы араб елдерінен неге төмен? Олар жаңа туған бала атағына ақша салып қояды екен, біз неге солай істемейміз?” деген сұрақты алалық.
Кез-келген төңкеріс кезінде сол елдің басқа елдермен қарым-қатынасы үзілетіні, содан барып жаңа өкіметке шаруашылықты қайтадан жасауға, ұйымдастыруға біраз уақыт керек екенін сауатты қауым жақсы біледі. Мысалға Сауд Аравиясын алатын болсақ біріншіден ол елдің қазіргі билеушілері өкімет басына келгелі қаншама жыл болды. Екіншіден ол елді мекендейтін халықтар тұрмысы мен санасын біздің қырық құрам халқымызбен қалай теңестіре аламыз. Біз де Мекке, Мединеде болдық. Дүкендері толған қытай мен корейдің, түрік пен иранның заттары. Өздері шығарып сатып жатқандары басқа ел заттарының аз ғана мөлшерін құрайтын секілді. Сонда олардың күні мұнай қажет болмай қалған жағдайда не болмақ?.. Мемлекет өз затын шығарып өзі пайдаланса, өзге елдерге сатса ғана күшті мемлекетке айналады.
Мемлекет жағдайы түзелмей ел жағдайы түзелмек емес. Соны біздің ауыл адамдарына дейін түсінеді екен. Өткен сайлауда мұнайдан түскен ақшаны үй-үйге бөліп берелік деп ұран тастаған партия өкілдеріне көкірегі ояу, көзі ашық адамдарымыз “қамқорлық балық үлестіруде емес, балықты қалай ұстауды үйретуде” дегенін естігенбіз. “Өкімет елге ақша бөліп бермесін, жұмыс тауып берсін. Жақсы еңбекақы төлесін” дейді. 
Ал Маңғыстаудағы жұмыссыздық пәлен пайыз деген статистикаға айтар жауабымыз Түркіменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Тәжікстан, Әзірбайжан елдерінің көптеген азаматтары (қанша екенін ешкім санап шыға алмас деп ойлаймыз) осы өлкеден тамағын асырап, тапқанын еліне жіберіп жатады.
Қазақстанымызбен бірге қарқынды өркендеп келе жатқан Маңғыстау өңірін алатын болсақ салынып жатқан заводтар мен өндіріс орындары жақын арада мемлекет алдына жаңа мәселелер туындатар реті бар. Жұмыссыздық емес жұмыс күші жетпейді атты мәселені шешуге тура келер. Өкіметіміздің қазір соған дайындық бастағаны, салынып жатқан заводтар мен өндіріс орындарына қай маман қанша мөлшерде қажет деген зерттеу жұмыстарын жүргізіп, соған жастарға мамандық алып беру жағын қамдаған дұрыс болар еді…
Әрине, жеке адамдардың басында болып тұратыны секілді мемлекет алдын да, әсіресе жаңадан құрып жатқан мемлекет алдында, қиыншылықтар кездесері заңды нәрсе.
Президентіміздің мамырдағы Маңғыстау сапарында облыс интелегенциясы өкілдерімен кездесуінде айтқан бір сөзі мені қатты толғантты.
…1996 жылдары мемлекетіміздің жағдайы өте қиын болды. Оқытушылардың айлығын, зейнеткелердің пенсиясын төлей алмай жаттық. Бірақ Ақтау фортын салуға қаражат бөлдік. Міне енді соның арқасында Каспий теңізіндегі ең жасақталған фортымыз бар. Жұмсалған қаржы елге еңбек ете бастады, деп еді. Ойлап көрелікші… Ақтау фортын салып шығуға (ойдан алынған сан) 15 млрд. теңге жұмсалды делік. Сол қаржыны Қазақстанның 15 миллион халқына бөліп берсек жан басына 1000 теңгеден келеді екен… Ондай ақшаман тұрмысыңды түзеп кете алмамысың?..
Бюрократия неге құрымайды?
Сыбайлас жемқорлыққа неге тосқауыл жоқ? 
Шенуініктер пара алады, неге қойдырмайды?
Біз сол сұрақтарға қарсы сұрақ қойып көрсек…
Кофуций заманында да (бұдан екі мың жыл бұрын) бюрократияға қарсы күрес жүргізген қытай мемлекеті әлі күнге бюрократтарды жеңе алған жоқ екен. Олар соларға қарсы күресін әлі жалғастырып жатыр… Сол межені қазақ халқы қалай он үш жылда аттап өтпек?.. 
Жастар тәрбиесіз, азып барады дейді… 
Сол сөзді айтып отырған ақсақалдардың өздеріне олардың әкелері де айтқан. Әкенің балаға риза болмауы Асанқайғы заманында да, Құнанбай заманында да болған. Әкенің балаға риза болмауы адам жаратылысынан, Алланың әке бойына сіңіретін қасиеті болар, асылы. Әйтпесе қазіргі жетінші сынып оқушысының білімін біздер әлі ұғынып болған жоқпыз ба деп күдіктенемін. Біздің ұрпақтың оларды кем көретіні олардың жаратылысты түсінуі, жан-жақтағы қабылдауы өзгерек. 
Егемендіктің арқасында ұрпағымыз музыка әлемінде дүниежүзін таң қалдыруды әдетке айналдырды емес пе!
Ең дарынды халықтардың маңдайына жазылар шахмат өнері де қазақ баласына тағын ұсынбады ма!..
Олимпиаданың чемпионы, әлемдік жарыстардың жеңімпаздары шығып жатқан жоқ па!
Сағыз сатып бастап миллиондарға қолы жеткен іскер жастарымыз қазір өз алдына бір қауым құрады емес пе!..
Киношыларымыз голливутпен қарым-қатынас жасаса, ұлдарымыз ғарышқа көтерілді емес пе?
Әлемдік мәдениет ақындарыңды ардақтап, жазушыларыңа жастық қойып жатқан жоқ па?
Әлемдік саясаткерлер ішінде Президентіңіздің оқ бойы озық келе жатқанын барша жұрт мойындап отырған жоқ па?..
Әрине, кемшіліксіз адам да, қоғам да болуы мүмкін емес. Адам мен қоғам барлық кемшіліктерінен ада болған күні аруақтарымыз аңсай күтіп жатқан ақырзаман орнайды дейді. Жер офат болып, адамдар жұмақтар мен тамұқтағы орындарына жайғасатын болса керек… Аруақтар заман ақырын зарыға күткенімен тірілер “мың күн жұмақтан бір күн тірлік” деп, тіршіліктегі өміріне қанағат етеді екен.
Дегенмен ұлттық тәрбие мәселесінде мемлекеттік саясат ел алдында үлкен беделге ие бола алмай келе жатыр дегендер сөзінің жаны бар секілді. 
Кешегі Кеңес заманындағы отансүйгіштік тәрбие мен октябршілдер, пионерлер, комсомолдар деген ұйымдар орнына жаңа қоғамдық бірлестіктер тезірек ұйымдастырылса…
Оны ұсынуды мәдениет пен тәрбие мәселелерін қамдайтын институттарға жүктесе…
Олардың ғылым мен білім негізіне сүйене ұсынылған қортынды ойларын халық талқылауына, оқу орындарының талқысына салса…
Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық тәрбие деген заңдар қабылданса…
Жас кезінде адам баласы өнеге мен тәрбиені қабылдағыш болады. Жастардың қиял мен арманға толы сол уақытында оларды көше тәрбиесі мен тентектер қолына түспеу жағына күресу қажет екені кезек күттірмейтін мәселе. 
Егер тәрбиелі жастар басынан да кемшілік көріп жатсаңдар онда оған басты себеп жаһандану процесінің қазақ даласына ендей де бойлай да жайыла бастағаны…
Тек қана қазақ халқына емес, дүниежүзілік мәдениетке қауіп төндіріп келе жатқан  жаһандану (глобализация) құбылысы елдердің ұлттық болмысын жоғалтып тынуы мүмкін екендігі мойындалған.
Сан ғасырлар қалыптастырылған қазақ мәдениетіне оның қауіпті құбылыс екенін шалдарымыз баяғыда-ақ айтып кеткен. 
…Бәленшедей ұлың болар, түгеншедей қызың болар. Заманың анадай болар, адамын мынадай болар деп философтарымыз бен дала даналары елді баяғыда сақтандырған. Сол сөздерді көпшілік көріпкелділікке сыйғызады. Олай болмаса керек. Шет елдерге бара жүріп, басқа жерлерді көре жүріп жаратылысынан байқампаз, кемеңгер  аталарымыз қортынды шығара алған болар… 
Олар сол заманның өзінде-ақ дүниежүзілік жаһандану процесінің етек алып келе жатқанын сезгендер… Содан барып елін ерте сақтандыра бастаған көрегендер…
Сондықтан да жаһандану (қашып құтыла алмайтын) кезеңінде ұлттық болмысты жоғалтып алмау мәселелерін ойластыру мемлекет пен халықтың ат салыса атқарар қызметі.
Енді “неге халықтың тұрмыс жағдайы түзелмей жатып Астана қаласын саламыз?” деген сұраққа жауап беріп көрелік. 
Біріншіден: Өз еліміздегі кейбір оппозиция өкілдері “жұрт аштан өліп жатыр, халық болашағына сенбейді” деп қағаз бетін күйелеп, халық көңілін қаралауға тырысқан уақытта Президент Н.Назарбаев дүниежүзі елдерін аралап, үлкен қаржы иелерімен сөйлесе жүріп Қазақстанның болашағы зор екеніне сендіре білді. Қазақстан жұртшылығына “Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі” екенін түсіндіре алды. Астананың және сол сияқты қалалардың қазақтануы Қазақстанда халықтар татулығын, діндер келісімін ұйымдастырудың бірден-бір дұрыс жолы екеніне көзі жеткен Президент кейбір қарсылықтарға қарамастан, әдейі істегендей қақаған боранда өкіметті Астанаға көшірді. 
Дана бабамыз Абай “Болмасаңда ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз” деген екен. Сол сөз растығын бұ күндері Қазақстан қалалары дәлелдеп жатыр. Барлығы да Астанаға ұқсауға, Астана жобасымен үй салуға әуестенуде. Қалаларымыздың сәні арта түсуде. 
Астана тек қана Қазақстанда емес дүниежүзілік өлшемде халықтар достығы мен дінаралық келісім қаласына айналды. Астананың сәні мен көркі арқылы қазақ халқының даму қарқынына  баға берілетін болды. 
Астана құрылысы халық тұрмысын төмендеткен жоқ, керісінше жақсарта түсті. Алғашқы кезде Президентіміз ел аралап елін танытса, енді шет ел байлары Астананы бір көргеннен Қазақстанға инвестияия салуға даяр екенін мәлімдей бастады.
Жарты халқы Астанаға көшіп кеткен Алматының бұ күндерде үйге халқын, көшеге машинасын сыйғыза алмай жатырғанын көргенде Алматы астана болып қала бергенде күйі не болар еді дегізеді. Астананы Астанаға көшіру де үлкен саясат пен көрегендіктің жемісі болды. Енді: 
Астана – бар қазақ мақтанышы! 
Астана – қазақ елінің болашақ бейнесі!..
 
Біз бұл мақала арқылы қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін елдің бас байлығы деп есептейтін Қазақстанның бір азаматының “Мәдени мұра” бағдарламасына, Республике Президентіне деген көз қарасын білдірмек болдық. 
“Баланың өзі өскендей, келіннің өзі түскендей” демекші, Егемен Қазақстанның бүгінгі дейінгі жолы туралы ұмытып, жетістіктеріне көз жұма қарап, түбінде орындалуға тиісті, бірақ мерзімі жетпей жатқан шаруаларды өкімет жұмысының кемшілігі ретінде алға тартатындарға ой салмақ болдық.
  Іскерлігі мен саясаткерлігін дүниежүзі мойындаған, елімізді қауіпті өткелден аман өткізіп, енді үмітті белге жеткізген Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел бірлігін сақтау жолындағы еңбегіне тәнті екенімізді, басқаларға “ешкім өз елінде пайғамбар аталмайды” мәтеліне сыйғызылған мағына туралы да ойлану қажеттігін ескертпек болдық.
Мақалымызды 12-13 ғасырда өмір сүрген Майқы би данамыздың бір ауыз сөзімен аяқтамақпыз…
…Ұл жаман болса ұрыншақ,
Сүргенің өмір бекер-ді.
Жаман айғыр қашанда,
Жатырына шабады.
Иттің-дағы тегі бар,
Тексіз болса ол шіркін
Иесін де қабады.
Жақынның бәрін жатсынған
Туысқан қайдан табады?
Жанның ұлы Ар мен Хұн,
Тартқызбас бізге зар мен мұң.
Түбі бірге түртпейді,
Одан болмас тұл мен күң.
Бектен жалғыз Алшын-ды,
Біз үшін қанға малшынды.
Жауды көрсең жаныңда,
Сойылың соғар қамшың-ды…
…О, Тәңірім табынам!
Біріге қалсам шамығам,
Бер бесеуге береке!
Арыс атам атынан,
О, Тәңірім табынам!
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Бесеу біріксе, берместі алады,
О, Тәңірім табынам!..
 
 
 
Запись опубликована в рубрике Бүгін. Ертең. Болашақ. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.