Домалақ ана кесенесі

 

Қазақ халқына ең көп таралған аңыз-ақиқатардың бірі Домалақ-Ана әулие (Нұрила) туралы әңгіме-аңыздар.

         Нұрила Қожа Ахмет Яссауи ұрпақтарымен кіндіктес қожалардың қызы екен дейді. Әкесі Ақсақ Темірдің әскери қолбасшыларының бірі болса керек. Батыс жақтағы көп соғыстардың бірінде мерт болады. Анасы да ерте қайтыс болып Нұрила атасы мен әжесінің тәрбиесінде қалады. Атасы Түркістандағы бір мешіт имамы екен. Сол кезде салынып жатқан Қожа Ахмет Яссауи мешіті құрылысын жұмыс күшімен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге көп еңбек сіңірген Үйсін Бәйдібек деген адаммен достасады.

         Түркістанға келген бір сапарында Бәйдібек Нұриланың атасын Қаратауға қонаққа шақырады, ал  содан кейін олар сол Бәйдібек аулына тұрақтап қалады. Мешітте бала оқытады.

         Атасы, әжесі өмірден озып, Нұрила Бәйдібек аулында ержетеді. Қанша кісі құда түсіп айттырса да ешкімге тұрысқа шығуға келісімін бермеген қыздан он сегізге толғанда ауыл әйелдері себебін сұрайды. Сонда Нұрила атасына берген анты бар екенін, егер тұрмыс құратын болса онда оның ерінің тек қана Бәйдібек болатынын, әйтпесе ешкімге де шықпайтынын айтады. Нұриланың атасы өмірден озарда “Сен қасиет қонған жансың. Білегіңнен ең алғаш ұстаған ер кісіге тұрмысқа шығарсың” деп Нұрилаға соңғы тілек, батасын берген екен…

         Бұл аңыздың жалғасы былайша жалғасады… Нұрила жастау кезінде мал суарып жүріп құдыққа түсіп кетеді. Сол құдық маңына келіп алғаш білегінен ұстап, тартып шығарып алған Бәйдібек болады…

Екі әйелі бар Бәйдібек ауыл ақсақалдарының зорлауымен осылайша Нұриланы да алады.

Бәйдібек ата ұрпақтары:

Сары бәйбішеден – Сарыүйсін.

Зеріптен – Шапырашты, Ысты, Ошақты.

Нұриладан – Албан, Суан, Дулат.

Нұрила тірілей қасиеттерімен танымал болып, байтақ елге аты жайылады. Домалақ-Ене, Домалақ-Ана аталады…

ЮНЕСКО дәрежесінде 150 жылдығы тойланған Абай Құнанбайұлының меретойына арнайы салынған “Абай-Шәкәрім” кесенесін салып шығу маған тапсырылған еді.

Абай құрылысы аяқталар жылы Семей облысының әкімдері ауыстырылды да біз Лукин деген кісімен келісіп жұмыс жасай алмадық. Сол келіспеушілік құрылыстың сапасына да біраз салқынын тигізді. Семей облысы миллиард теңгеге той жасап жатып біздің иығымызға бір шапан да жаппай, той кезінде де шеттетіп еш жерге шақырмай абырай, атақсыз қалдыруға тырысты. Біз ол тойдан Жақиянов пен Лукинге өкпелі аттандық. Сол елдің арыстан азаматы Төкен Ибрагимов мені жолға шығарып саларда жылап отырып “Сайын өкпесіз аттан. Жердің тесігі болса кіріп кетердей өртеніп отырмын” деген еді. Мен Ділдә анамызға өз қаржыма сағана тұрғызып кетпек болып Төкенмен ақылдасқанда ол менімен достығын алға тартып, азаматтық борыш атты кісілік қасиеттер арқылы тор құрып ақыры мені тұзаққа түсірген болатын. Сонымен біз  Төкен Ибрагимовтың жеке өтініші бойынша Әйгерім, Ақылбай сағаналарын тұрғызып кеткенбіз. Соңғы екеуін қаржыландырамыз дегенмен, сәті түспеген.

Сол жылы (1995 ж.) Жидебайдағы кесенелерді өз көзімен көрген Атымтай Омаров деген Шымкенттік азамат кәсіптес ағасы Алтынбек Төлепбековке “аға, осындай тастан біз неге Домалақ-Анамызға кесене тұрғызбаймыз” деп, ақыл салады. Алтынбек те келіседі. Сонымен олар мені Ақтаудан іздеп табады. Мен келісімімді бердім. Оған себеп жеткілікті еді.

Біріншіден Домалақ-Ана бар қазаққа аты белгілі, бар жұртымыз мойындаған қасиет иесі болатын. Ол кісіге еңбек ету Алла тағаланың жақсы қабылдайтын ісі деп ойладық.

Екіншіден шынын айтсақ, бәріміз де пендеміз. Атақты болғымыз келеді. Жұрт мақтаса екен дейміз. Менің болмысымдағы осындай өзімшіл сезімдеріме алғыс орнына Семей облысының басшыларынан көрген қорлықтарым әсер етіп, ылғи жүйкемді ширықтырып жүретін. Еңбегімді бағаламады деп, іс істей алатынымды дәлелдегім келіп, тағы бір істе өзімді сынап көрмек болып жүрген сәтіме осы Домалақ-Ана кесенесі кездесе кетті. Мен арманыма жеткендей боп қатты қуандым.

Үшіншіден жақсы табыс табамын деп ойладым.

Сонымен Мен Шымкентке ұштым. Самолет үстінде отырып егер келісе алсақ, болашақ кесене қандай болар екен деген ойға батып отырғанда, Домалақ-Ананың қазіргі сұлбасы көз алдыма елестеді. Ұмытып қалмауға тырысып қойын дәптеріме үш бунақ күмбезді кесенені сызып алдым. Төменгісінің диаметрі сегіз метрлік дөңгелекке іштей сызылған сегіз сегмент, екінші бунақ 16 сегмент, үшінші бунақ күмбез отыз екі сегменттен тұратын еді. Екінші, үшінші бунақтар диаметрі қазір есімде қалмапты.

Күмбез алдында екі мұнара болады деп ойладым.

Аты аталған екі жігітпен 25 миллион теңгеге келістік. Бірақ олар ақша орнына көбіне сауда айналымынан түскен қант, вермишель секілді тамақ бұйымдарын берді де, менің оларды ақшаға айналдыруға уақытым да, тәжрибем де жеткіліксіз болып шықты.

Ақырында менің жеті миллиондық заттарымды Украинаға жіберген “орыс достарым” бойына сіңіріп кетті.

 Сондай олақтықтарымнан “Парыз” атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігімнің есеп шотындағы 17 миллион теңгемнен де ештеңе қалмады. Кейін орны толады ғой деп “Парыз” есепшотындағы ақшаны құрылысшылар айлығына жұмсап жіберген едім. Оған әлі күнге еш өкінішсіз келемін.

Мен Домалақ-Ана кесенесін қалай болғанда да бітіріп шығуым керек болатын.

Семей облысы әкімінің орынбасары, сол кездегі премьер-министр Қажыгелдиннің бажасы Лукин Абай құрылысынан кетірмек болып көрсеткен зорлығы маған қатты әсер етті.  Мен Домалақ-Ана құрылысына бар өнерімді салуға да, бар дүниямды аямауға да дайын болатынмын. Сондықтан да өзімді-өзім тану үшін, өзгелерге таныту үшін Домалақ-Ана кесенесін көрнекті етіп шығаруым қажет болатын.

Құрылыстың бас шебері өз ұлым Нұрлан болды. Ол Бөрлідегі Омархан-Нұржамал кесенесін салып шыққан шебер болатын.

Домалақ-Ана басы адам аяқ алып жүргісіз тастар мен бетондардың үйіндісі екен.

Облыстың бас сәулетшісінің ойлап тапқан көптеген кедергілерінен құрылысымызды бастай алмай төрт ай жүрдік.

Мен “Маңғыстау, Шыңғыстау, Қаратау, Ұлытау, Атырау” атты кітап жазып жүрмін. Егер биылғы жоспар орындалып, Райымбек бабаның кесенесіне қол тигізсек бұл кітап атына Алатау сөзі де қосылатын болады. Осы кітап менің асықпай жазатын кітабым болмақ. Кітапта кесенелерді сала жүріп өзімнің кездескен кісілерім арқылы, олардың мінез-құлықтары арқылы менің өмірге деген көз қарасым, түсінігім анықталатын болады.

Ақыры Кесене құрылысын бастап кеттік.

Домалақ-Ананың жатқан жеріне жеткізер жер асты жол қалдырылды. Кесененің төрт жағында төрт түнемел орындар бар. Шығыс – өмір. Шығыс жағындағы түнемел орын аналардың Алла тағаладан перзент сұрап түнейтін орны. Батыс – деген “о дүние” символы. Бұл орын пенделердің Алла тағаладан біліп-білмей істеген күналарына кешірім сұрайтын түнемел орны.

Оңтүстік жақ қасиетті Қағба, Мекке жақ. Бұл орынды діни тұлғаларға арнадық. Терістік жақ түнемел барлық адамдарға, өз ойындағы тілектерімен келгендерге арналды.

Домалақ ана мүрдесі жерленген жердің топырағын ашық қалдырдық. Мүрде басына барған кісілер алақанын топыраққа тигізіп, содан кейін алақанын маңдайына тигізіп жатады. Сол жерде Бәйдібектің жеті баласының атынан (Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Албан, Суан, Дулат) жеті шырақ жағылған. Сондай электр шырақтар кесененің үстіңгі жағында Домалақ-Анаға Н.Назарбаевтың қойған мрамор қойтас маңында да бар.

Домалақ-Ана құрылысы 1996-97 жылдары негізінен салынып бітті. Негізінен дейтін себебім кесенені айналып шығатын төменгі жолға және кесенені айналып шығатын жоғарғы жолға жергілікті жердің ақтасын төсемек болып кейінге қалдырғанбыз. Бірақ жергілікті жігіттер ол жерлерге мрамор төсейміз деп тас астының гидроизоляциясын сапасыз орындап, енді түнемел бөлмелер төбесіне ылғал кетіп тұр.

Осындай уақиға Абай кесенесінде де кездескен болатын. Мені бас құрылысшы дәрежесінен ығыстырған Лукиннің (кейін Өскемен қаласының әкімі болып жүріп үстінен қылмысты іс қозған) әкелген бригадасы Абай кесенесі мұражайының төбесін жапқанда өте сауатсыз жұмыс жасап жатты. Мен араға түсіп ештеңе тындыра алмадым. Сол қателіктер қырсығынан мұражай үстінен әлі күнге су сорғалап тұрған болар. Егер мені сол жерге апарып сұраса қай жерде қате кеткенін осы күнге дейін айтып бере аламын.

1997 жылы құрылысы бітіп, енді ашылу тойын тойлаймыз деп жүргенде облыс басшысы ауысып кетті де (тура Абайдағы тағдыр) Халық Абдуллаев деген кісі облыс әкімі болды. Ол кісі екі жыл бойы Домалақ-Ана кесенесін аштырмай ұстап, ақыры 1999 жылы ғана кесене лентасы қиылды. Кесене алдындағы мұнараларға кесенені қаржыландырған Алтынбек пен Атымтай аттары, сәулетшісі Сайын Назарбекұлы, бас шебері Нұрлан Сайынұлы деген мрамор тақтайшаларды алдыртып тастады.

Абдуллаев кесенені Президентке аштырып атақ алмақ болып қанша тырысса да сәті түспеді. “Аққа Құдай жақ” дегендей кесенені менің досым, әрі пірім Әбіш Кекілбаев келіп ашты.

Домалақ-Ана кесенесі бұл күндерде елдің нағыз рухани байлығына айналды. Күні-түні басы зияратшылардан босамайды. Бірақ бұл кесенелерді өмірге әкелген Алтынбек Төлепбеков пен Атымтай Омаров деген азаматтарға халық атынан, мемлекет атынан әлі күнге алғыс та айтылған жоқ, құрмет те көрсетілген жоқ.

Алтынбек пен Атымтайға (мені де қоса салуға болар) Бәйдібек ауданының құрметті азаматы деген атақ лайық-ақ болар еді.

Біз Абай кесенесін салып жатқан кезде кесене құрылысын көруге Абилов Болат деген кәсіпкер келді. Абай ауданының әкімдері сол кісіге “Абай ауданының құрметті азаматы” деген атақ беріп, ресторандарында той жасағаны бар.  Сонда біз аңғалдықпен жай көруге келген Бутяға соншалықты құрмет көрсетілгенде, құрылысты салып шыққасын біздердің атағымызды аспандатар деп ойлаған едік. Бірақ олай болмады, бірақ біз әлі күнге дәмемізді жоғалтқан жоқпыз.

Алыста жүрсек те Біз Алтынбек Төлепбеков деген азаматтың елге, елге еңбек еткен тұлғаларға деп жасап жүрген қайырымдылық көмектерін естіп жатамыз.

Қазақстан халықтарының бар аналары мен қыздарының, бар азаматтарының сүйікті журналы “Қазақстан әйелдері” арқылы айтарым мен өзімнің тағдырымды Алтынбек пен Атымтайдай азаматтармен тоғыстырғаны үшін Алла тағалаға рахметімді айтумен келемін.

Егер менен бір құдіретті күш тірлікте не бітірдің, өмірде не тындырдың? Тек қана бірінің атын ата! десе, мен мақтанышпен: “Ұлым Нұрлан екеуміз “Домалақ-Ана” кесенесін салдық!” деп жауап берген болар едім деп ойлаймын.

 

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Өнер. Кесенелер. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.