Берекет аға туралы бірер сөз

 

         Абайдай асқардың ығында, көлеңкесiнде өзiрге өз бойымен, өз даналығымен көзге түсе қоймаған Шәкәрiм Құдайбердiұлы бiр сөзiнде:

         Өткен адам болады көзден таса,

         Өлдi — өштi, оны ешкiм ойламаса.

         Ол кетсе де белгiсi жоғалмайды,

         Керектiсiн ескерiп, ұмытпаса… дептi.

 

         Осы сөз еске түскенде:     “Адам баласы өлгеннен кейiн кiм?” – деген сұрақ ерiксiз ойға оралады.

         — Тiрiде не үшiн өмiр сүру керек?.. Егер: “Өлдiң-өштiң, құрыдың. Сайранды салып қал, былғалап қал, қайран жиырма бес…” деген сарынға бой алдырсаң, онда: “Тiрiде iшiп қал, жеп қал, өлдiң Мамай қор болдың”-болады да шығаджы. Ал егер Шәкәрiм ақсақалдың сөзiне ой жүгiртсек, не болмаса сол кiсiнiң пайғамбардай табынған, өмiрден өткенiне 100 жылға жуық уақыттан кейiн өз ұлтын бүкiл дүние жүзiне таныс қылған Абай сөзiне жүгiнсек: “Артында iсi қалған, сөзi қалған кiсiнi… Өлдi деуге сияма ойлаңдаршы…” дептi. Тарихта талай ұлылар болған. Со ардың бәрi де өлетiнiн бiлген болар. Бiрақ бәрi де атым өлмесе екен деп артында қаларлық iс iстеуге, сөз қалдыруға, ел билеуге, жоғары мансапқа, құрметтi атаққа құмар болған. Сол үшiн аянбай, өлiп-өшiп еңбек еткен. Ал кiсiге абырой-атақ тек қана ел үшiн еткен еңбекпен алынады. Тiрлiкте болған кез-келген кiсi ойлағанына жете бермейдi. Қазекең: “Жүзден жүйрiк, мыңнан түлпар” –дептi. Адам да табиғат жаратылысының бiр буыны. Жаратылыс асылды аздау жасап, басқалар алдында мәртебесiн асыра түскен. Тек қана асылыңды тани бiл. Бiрақ жаратлысты құраушылар жақсы бол, жаман бол, асыл бол жәй зат бол – қайталанбас құбылыс. Өсiмдiк пен жәндiк, тас пен топырақ, ұшатындар мен жүзетiндер, жүретiндер мен жорғалайтындар… санап тауыса аларсың ба?…

Аллатағала түсiрген кiтаптарда ғалам он сегiз мың делiнгенмен оның саны да шексiздiкке ұмтылатын сияқты. Барлығында бiр Құдiрет жаратқан дейдi. Аллатағала жаратқан дейдi. Ао сол Аллатағала адамзат жаратарда өтебiр iскерлiкпен кiрiссе керек. Барлығының да аты Адам болғанымен бiр-бiрiнен өзгешелiгi, қайталанбастығы ақыл жетпес таңғаларлық нәрсе ғой. Саусақ терiсiнiң таңбасы-өмiрде қанша адам бар сонша! Адам жаны, кiсi өнерi, пенде мiнезi, пақыршылық iстерi, даналық көзқарасы, ақымақтық әрекеттерi… бәрi-бәрi қайталанбас құбылыс. Бұларды адамның қасиеттерi деп атайды. Сол қасиеттерiне байланысты кiсiге жақсы-жаман, ғалым-надан, iзгi-қатал, ақылды-ақымақ, пысық-ынжық, шыншыл-су айт, ақкөнiл-тәкаппар, көпшiл-жекешiл… деген сияқты сөздердi таңып жатады, сонымен кiсiлiгiн анықтап, ортадағы орнын тағайындайды. Адамдардың кейбiрiн iзгi бiрақ ынжық деп, ал ен дi бiрiн әдiл бiрақ қатал деп жатады. Аталған мiнездердiң алдыңғы жазылғандарын тек қана бiр кiсi басынан табу мүмкiн емес сияқты… Қай танысымды ойға алсам да сол сөздердiң кейде алдыңғысың кейде екiншiсiн пайланып қалатын сияқтымын. Көп жылдар аға деп арқа сүйегендiктен бе, көп ағайыннан алыста жүргендiктен пайда болар татулықтан ба, жоқ әлде арамызда жоқтықтан ба мен кәзiр ойымда отырған кiсiге сол сөздердiң екiншiсiнiң бiр де бiреуiн таңа алатын емеспiн.

            …Алматыдағы маңғыстаулықтар тойға жиналып, не қонақ шақырылып бас қосқанда, бұдан жиырма шақты жылдар бұрын Мекең, жаны жаннатта болғыр Мекерия, той бастап, дастархан билеген шақтарында:

            Маңғыстау елiнiң тiлiне алғашқы аспирант деген сөздi айтқызған бiздiң бала Ленинградта оқып жүр деген мақтаныш сезiмiне бөленткен… деп, бiраз жақсылықты Берекет Жұмалыұлының басына үйiп төгетiн. Дүние алдамшы, бү күнде сол ағалардың екеуi де өмiрде жоқ…

         Шындығында да Берекет Жұмалыұлы түбегiмiздiң алғашқы мақтаныштарының бiрi едi  (әрине, елдiң қайта еңсе көтерген заманынан берi. Бекеңнен бұрын да талай-талай дарабоздарымыз болыпты ғой)…

            …Алғашықылардың бiрi боп Алматыға барып оқуға түсу мүмкiндiгiн дәлелдедi, орыс тiлiн жетiк бiлмей-ақ астанаға барып оқып, алға шығуға болатынына сендiрдi. Таушық қарасирақтарының да ғылым дәрежесiн игере алатынына көз жеткiздi, ауылда туғандардың да үлкен ортада қасиеттi ордада бас ұстауға, төрден орын лайық екенiн танытты, сонша бiлiмдi бiр басқа жинауға болатынын бiлдiрдi…

            …Бекеңнiң тығыны көп ортасына түскенде ерекше ағытылып кететiн. Бүкiл әлеуметтi таң қалдырар едi. Қай уақытта оқып үлгерген, бiлiп үлгерген, танып үлгерген, хаттап үлгерген… тандандыратын.

            …Ол тау мен тастың да сырын бiлетiн, мұнаймен газдың да сырын бiлетiн, геолог, инженер дегендермен терезесi тең түсiп жататын. Ол адам жаны туралы да дiн мәселесi туралы да сыр шерте алатын, тiптi дiни адамдардың өзi Бекең сөйлегенде тандана, таңырқап тындап отыратын. Ол өнердiң кез-келген тақырыбында кез-келген сол өнер мамандарымен сұхбаттаса алатын, сол кезде оны өнер зерттеушiсi ме деп те қалатынсың. Әңгiмесi әсерлi болу үшiн керемет-керемет теңеу тапқыш-ақ едi. Әзiл-шыны аралас болғаны да белгiсiз, болмағаны да белгiсiз, кейде жеңiл күлкiлi, кейде терең мағналы шағын әңгiмелердi ойдан шығарып, немесе болған сәл уақиғаға терең мен бере айтып кеткенде тыңдаулары бiрдеқыран-топан күлкiге батса, бiрде таңдайын қаға, басын шайқай таңданып жататын. Бiр (әзiлi, шыны белгiсiз) сөзiн еске сала кетейiн…

            …Ленинградта окып жүрген кезiмде аты әлемге әйгiлi Италияның жаңа өрлеу дәуiрiнiң атақты суретшiсi “пәленшенiң” еңбегiмен таныспақ болып /қараңыз, ол кiсi музей көруге бармайды екен, сол музейдi бiр тақырыбымен танысуға барады екен/  Эрмитажға бардым. Кәзiр менiң есiме түспей отыр, Микеланжело дедi ме, Рофаэль дедi ме, Леонардо да Винчи дедi ме, осы үшеуiнiң бiреуi екенi анық, сол "пәленшенiң" “түгенше” деген суретiнiң алдында тұрмын… дейдi…

            …Жалаңаш, сұлу, жас әйел: жан-жағына керемет шұғылалы жылу шашып жатырғандай. Әсерленгенiм соншалық бiрте-бiрте сол жылуды сезiне бастадым… Жалпы денесi терiс қарап жатқан сияқты болғанмен бетi көрушiлерге қарап қалып ты. Мiне, кәзiр бiрдеңе айтатын сияқты… Ай, кәзiр аузын ашады-ау!..  Алендi сөйлеге айналды… Ал ендi, ау қашан… деп қасында тұра берiппiн… Бiр уақытта бiр әйел келiп музейдi жапқалы жатырмыз, шығыңыз дегенi… Сөйтсем сол күнi көргенiм бiр-ақ картина болып шықты… деп опынатын.

            Бұл сөздердi Бекең жанын түсiнбейтiндер мақтанып отыр дер едi, өтiрiк айтты дер едi, алдады дер едi… бiз жоғарыда келтiрген синоним сөздердiң екiншiсiнiң бiрнешеуiн Бекең басына таңа салар едi.

            Бiрақ, бiз, үзеңгiлес iнiлерi, Бекеңдi жақсы түсiнетiнбiз. Ол — туа бiттi ұстаз болатын. Ол — туа  бiттi шешен болатын. Бекең кезкелген аудиторияны пайдаланып кез-келген жерде ұстаздық жұмысын жалғастыратын. Ол – алдында жүздеген тыңдаушысы бар аудитория ма, ондаған кiсiсi бар мереке ме, тiптi жалғыз-жарым бейтаныс кiсi ме, ретi келiп қалғанда өзiнiң бұл өмiрге ұстаздыққа келгенiн ұмытпай, бiрден жұмысына кiрiсiп кететiн. Бiрде екеумiз көшеде келе жатқанда бiзге түсiнiктi сөйлейтiн өзге ұлт өкiлi ыңғайсыздау әңгiме айтып қалды. Мен сияқтылар ажырая бiр қарап, пәленшекең сиятылар пәлесiнен аулақ деп зыта жөнелетiн, түгеншекең сияқтылар естiмегендей болып бұрынғыдан да паңдана түсiп өтiп кететiн жер. Бекең тұра қалды. Әлгiден оттық сұрады. Темекiсiн тұтатып алып рахметiн айтты. Ендi барлық тiршiлiгi сол кiсiмен әңгiмелесудей-ақ рахатқа батып әңгiме соғып кеттi… Қай жерде туғанын сұрап алып сол жер тарихына байланысты бiраз деректер айтылды тегiн сұрап жауап ала алмаған соң, тексiздiк туралы, қарi әкесiнiң атын бiлмегенi үшiн мәңгүрттiк туралы, не керек ақыры  әлгiнi түнде тостағанына сиiп шығып, тәнертең далаға төгiп, содан кейiн сумен шаймай-ақ таңғы асын құйып iше беретiн нас, арланбайтын қайыршы дейтұғын жандардың бiрiне айналдырды да жiбердi. Әлгiмiз ақыры кешiрiм сұрап қашып құтылғандай боп, зорға құтылған болатын…

            Бекең ертең тағыда өмiр бар ғой деп ешқашан ойламайтын сияқты жан едi. Қатенi көп кешiре бермейтiн, мүмкiншiлiгi болса дереу, тап сол жерде түзетiп жiберуге тырыстын. Балайша айтқанда шындап өмiр сүретiн. Шын сөйлеп, сөйлесiп отырған кiсiсiнiң сортына, формасына, дәрежесiне көп алаңдамай уақиғаға қатысты өз пiкiрiн шындап, әдемi  сөздермен әдiптей, шешен ойлармен оюлап,пiсiрiп, қайталап, қортындылап,кей-кейде ұтқыр әзiлмен қақ басыңа қойып-қойып қалып жеткiзетiн. Осы кезде тыңдаушының Бекең туралы терiс пiкiрге кетуi де мүмкiн болатын.

            Сөз басында келтiрген Шәкәрiм атамыз айтқандай Бекең бұ күнде көз ден таса болды. Егер оны ойлар жан болмаса… өлдi-өштi. Бiрақ Бекеңдi жоқтайтындар, оны сағынатындар, оны силайтындар жетерлiк. Артында қара-құрым мыңдап саналатын шәкiрттерi, кiсiлiгiн түсiнген замандастары, жанының ақтығын, тәнiнiң пәктiгiн түсiнiп өскен ұрпағы, қамқорлығын сезiп келген тума-тумаластары, қалың елi-қазағы қалды. Тындырып кеткен iстерi қалды. Жазып кеткен еңбектерi қалды. Берекет-Ағаның iстеген iсiнiң, сөйлеген сөзiнiң, жасаған қылығының iшiнде бiр де бiр жасандылық жоқ. Шәкәрiм қажы айтқандай:

            Ол кетсе де белгiсi жоғалмайды,

            Керектiсiн ескерiп, ұмытпаса – деп, барлық өмәрән шындап сүрген, адалдап сүрген, ақылмен сүрген Бекең белгiсi жоғалмақ емес.

            … Ауыл тентектерiнiң сыртта еңбек етiп жүргендерге қазақтың бiр дана мақалын орынсыз жерде айтып жүрекке жара салатындары бар:  “Ер туған жерiне, ит тойған жерiне” – деген, ауылға келмейсiң бе, далада не бiтiрiп жүрсiң дейдi. Ақталу үшiн емес кейбiреулердiң санасын аша кету туған жер деген сөз, ей пақыр пенделер, ол сенiң күнде деретiндi сындырып жүрген жерiң емес, ол – сенiң тiлiңде сөйлейтiн ұлан байтақ елiннiң жерi.

            Тек қана бүгiн әңгiме етiп отырған Бекең емес кешегi ғылым атағының жоғары баспалдағына көтерiлген Мекерия, құмырсқаша еңбек етiп бар мұраңның қоймашысындай болып отырған Қабиболла, ғылымға сiңiрген еңбегi өз елi аумағына симай түбi бiр түркi жұртының әрқайсысының ұлттық мұрасына айналған Ғұбайдулла қарт, бүкiл дүние жүзi адамдарының рухани дүниесiне қазақ халқының атынан нәр берiп жатқан Әбiштей данамыздың еткен еңбектерiне мақтанбай отыра алмаймыз…

            Туған жерiм, туған елiм деп өмiр бойы жүректерi сыздап, өмешектерi үзiлiп жүрген жандарға қарымта сезiм керек-ақ.

 

 

                                                                                  Сайын Назарбекұлы Тоқтамыс

                                                                                  22.03.1996ж.

 

Запись опубликована в рубрике Тұлғалар туралы. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.