Ар

 

Маңғыстау, 21.07.2006

 

Алпыстан асып жетпіске жақындағандар жастар  өмірін көп біле бермейді. Қылықтыры мен киімдеріне де көп назар аудара қоймайды. Олардың “мода” деген індетінен де хабары аз. Дегенмен, анда-санда төсі мен кіндігі жылтылдап келе жатқан жастар ішінен қазақ қызына көзіміз түсіп кетсе амалсыз назарымызды басқа жаққа аударуға тырысатын болыппыз…  Немерелерімізбен шамалас сол балалар қылығы бізді кәдімгідей  арландырады…

…Баяғы, солардың жасындағы заманымызда, біздердің құрдас қыздарымыздың бойжете бастаған заманында, тізесі емес тобығын жасыруға тиіс қос етек қысқартыла-қысқартыла бұ заманда кіндігінен екі елі жоғары шығып кетіпті… Қыз денесін қызықтай да қызғана да қамқорлайтын қазақ арланбақ түгіл ұяттан өліп кетуге тиіс еді… Ұяттан өлмейтін болыппыз?.. Жастарға не болған?.. Бізге не болған?..

Шалбарларының ышқыры ышқырлық қасиетінен айрылып, иесінің артқы жырмаштарын жасыра алмай жылтылдатып бара жатады… Соны көрген кезде денені дір еткізе шаншып өтетін бір ауру пайда болыпты… Ол балаларды жек көргеннен емес, жалаңаштанған жастарға деген аяныштан туған сезім дірілі секілді…

Жаңа бойжетіп келе жатқан қыз баланың анары мен кіндігі, күнтимесі – осы үш мүшесі, сол баланың  ары! Тек қана сол баланың емес ата-анасының да, қала берді халқының да ары. Бала денесінің бұл үш жері әу баста Алла тағала қасиет беріп жаратқан ерекше мүшелері. Қызды аяулы қылыңдық ететін де, қалыңдықты ардақты ана атандыратын да осы мүшелері. Кіндігі арқылы құрсақта жатып ана нәрімен нәрленетін болса, күнтимесі болашақ ұрпағын әкелмек, анары сол баласына ақсүтін аузына тамызары…

Діні мен ділі инабатты халықтар денені жалаңаштауға, әсіресе қыз бала денесіне басқаны сұқтандыруға тыйым салады.

            Біз инаббатты атанған қазақ халқың өкілі емеспіз бе?

            Қазақпыз десек, қазақтар “қызға қырық үйден тыйым” салған халық емес пе едік?..

         Біз “ата” деген сөзді айтардың алдында үш рет “ана” дегізіп алатын мұсылман қауымынан емеспіз бе?..

Мұсылманбыз десек, олар аналары мен қыздарын арсыз көз бен пасық ниеттен сақтандыру үшін бетін жауып ұстамаушы ма еді?..

Абай “Атым адам болғасын…” деп, адамдықты  мақтан тұтқан адам емес пе едік?..

         Адамбыз десек, сайтанның азғырғанына еріп күәкер атанғанда, алғаш адамдық қасиетке ие болғанда Адам-Ата мен Хауа-Ана Жаратушыдан ұялып ұятты жерлерін жасырыпты деуші еді ғой…

         Ақша табудың сан түрлі арсыздығына, қатігездігіне баратын теледидар мен кино әрекеті балаларымыздың санасын улауға, абыройын төгуге сан түрлі амалдарын қолданып жатыр. Кейбір киноларда абыройын ашып жүргендері бақытты жандардай етіп көрсетіп те жатыр. Қазақ жастарының абыройын ашқызғалы сол тажал жақындап та қалды. Қамданбасақ ашқызады да. Аталарымыз тым ерте қамданған. “Жеті Жарғы” заманында қыздың арын төккенге өлім жазасы кесілген…

Ер жігіт бір замандарда “Құдай қосқан жарынан” ажырасуды ойға алмаған.  “Атың жаман болса сатып құтыларсың, қатының жаман болса қайтіп құтыларсың” деп тағдырына көнген…

Бұл ғасыр ойланбасаң опық жегізер ғасыр болатын түрі бар…

            Ал сонда не істеу керек?.. Балаларымыздың азып бара жатқанына бақырайып қарап отыра береміз бе?..

         Әуелі өз тұрмысымызды шолып өтелік…

Масқара!… Той жалаңаш қыздың биінсіз өтпейтін болыпты…

Кешкі ресторан дейтін жерде қызыққұмар байлар жалаңаш қыздың екі елі лыпысының астына қол жүгіртіп, доллар қыстыратын болыпты…

         Қалталы еркектер қыз арын таптауды, өмір ләззатының шыңы деп ойлайтын болыпты…

         Бұндай сорақылық бірте-бірте өршіп келеді?..

         Қателік қайда?..

         Кемшілік өзімізде, үлкендерде секілді…

Біздің басты кемшілігіміз сол адасып жүрген қыз балаларымызға, оларды аздырып жүрген еркектерімізге адам мен қоғамның олар туралы пікірін, азғындық қылықтарын жария етіп отыруды, жұрт алдында пысын басып отыруды  ұмытыппыз…

“Қырық үйден тыйым” атты сақтықты тек балаларға емес, соларды аздырып жүргендерге де пайдалану керек екенін ұмытыппыз. Біреудің жеке өмірі деп есептеппіз…

Жоқ, бұл біреудің жеке өмірі емес екен, ол қазақ халқының өмірі мен болашағы, намысы мен ары екен…

Осындай талдаулардан ой түйдік…

Міне, біз, үлкендер атынан қыз балалар мен оларды сол жолға итермелейтіндер қылықтарын адасқандық, дұрыс тәрбие көрмегендіктен туындаған әдепсіздік деп баға беріп отырмыз…

Қауымымыз осыған үн қосса екен дейміз…

Баспасөз бен теледидар беттерінде сондайлардың аттары аталып, беттеріне күйе жағыла бастаса екен дейміз…

Бұл істе ең басты үміт сол қыздарымыздың қасында жүрген жігіттерде… Жігіттеріміз саналы түрде оларды биге шақырмайтын болса…

Көшеде қол ұстасып жүруге ұялатынын білдірсе…

Ондай қызды тойға ерітіп баруға арланатын болса…

         Өлімнен ұят күшті деген екен бабаларымыз, ел болып ұялта бастасақ, олардың ұят сезімі еліктеу сезімінен басым түсетініне сенімдіміз…

 

         Біздің бұл сөздеріміз қазақ қыздардың бәрі сондай деген ой тудыруға тиіс емес.

Құдайға шүкір, Алласы берген өнері мен ата-анадан көрген өнегесін қатар дамытып келе жатқан жастарымыз жетерлік.

         Әлгіде айтқандай адам пенделері Алласы берген санасына басшылық ете бастағалы әуелі жапырақпен әбиүрін жапқан екен деседі. Ол болжамның дұрыстығына әлі күні қалың орманда, өркениет пен цивилизация деген түсініктерден хабары жоқ жабайы адамдардың сол жерлерін жабарлық лыпы жасап алуы дәлел.

Соған қарағанда ол ұятты жерлерді жасыру жоғарының, Жаратқанның бұйрығы болар ма?..

Адам баласына ұят деген сөзді айтқызар, ұят деген ойды ойлатар адамның пенделерінің әлгі мүшелері болар ма?..

Қалай дегенменен де біз жас басымыздан әйел адамның, әсіресе қыз баланың өз етегіне ие болуы қажет екенін естіп өстік. “Төсі” түгіл мойнын жасырып, “топайы” түгіл тобығын жасырып жүрген қыздардың өтпей қалғанын, отырып қалғанын көрмеп едік. 

Бұ заманда тұрмыс құрған қыздардың үштің бірі ғана берекелі отбасын сақтай алады дейді.

Міне, бұл құбылысқа жаны ауыратын тек біздер, қарттар емес екен. Олар үшін олардың замандастары да қиналады екен.

         Біз бұл мақалаға, әлгі қыздарға арналған аянаш сезімге қоса, бастауы мөлдір бұлақтай таза сезімді жырларға арналған мақтаныш сезімді де сыйғызбақ болдық.

 

“Маңғыстау” газетінің 10 маусымда шыққан санының соңғы бетінде көрнекті әдеби, мәдени қайраткеріміз Әзірбайжан Қонарбаевтың “жол болсынымен” жарық көрген  “Жырлайды маңғыстаулық ақын қыздар” атты топтама өлеңдер менің денем емес жүрегімді дір еткізе, баяғы сезімге толы балғын балалық шағыма, тура солардай ойлайтын шағыма жетектей жөнелгені…

Қызан аулының ақын қызы Роза Нұрдәулетованың ары мен намысы  замандастары үшін бізден кем қиналмайтын секілді…

Оның ақын жүрегі құрбы қыздарының қылығына бей-жай қарай алмайды екен…

 

Кей құрбым бар, киім кигіш “модылы”,

Сырт көзге ол жуастың бір қоңыры.

Ал тіл қатса сұғып алар “тікенін”,

Таудан биік көкті сүйген көңілі –деп, біз сөзге тиек етіп отырған қыздар образын дөңгелете қойыпты.

 

Кей құрбым бар, кет әрі емес шараптан,

Айқай дырду, тепкі бимен таңы атқан.

Жүреді олар қолтығында әркімнің,

Бәлкім оны тағдыр солай жаратқан – деп, жирма жылдай шараппен күресіп келе жатқан атасына көмекке келіпті…

 

Жастық шақ та бір кез сауал сұрайды,

Жұлдыз болып өте шығар сыңайлы.

Өкініш-ау қасиетін жоғалтып,

“Қыз” деген сөз үнсіз кейде жылайды..!

 

Азаматтық пен абырой деген атақтардан байлық пен барлық дегендер озған шақта, ар мен адалдық атты қасиеттерден азғындық пен жағымпаздық ілгері шыға бастаған шақта, кісінің кісілігі екінші, тіпті одан кейінгі баспалдақтарға түсіп кететін секілді.

“Батыс мәдениеті” атты жалмауыз адам баласын адам етіп келген ұят пен әдеп деген қасиеттерді жалмай бізге де ауыз сала бастапты.

Табыс көзін адамның адамгершілік қасиетін ақсату арқылы көздедейтіндер, жастарды ақша құрбандығына шалып жіберді.

Сан ғасырлар бойы отбасының беріктігімен атақты болып келе жатқан талай ұлттар, батыстық мәдениетті қабылдап, көйлегінің етеген кіндігінен қанша жоғары шығарса да, ышқырын мықынынан қанша төмендетсе де дұрыс ошақбасы бола алмай, қазақша айтқанда өтпей, ал өткендері ажырасып тынады екен.

Бірақ арланып жатқан олар жоқ. Қандай ортада да көрсең де алшаңдай басып, ыржаңдай күліп келе жатады.

         Бұрын, Кеңес замаындағы арақ ішу науқанында, ақындар мен артистердің басшылар мен байлардың сол шаруаға қосқан мол үлесін жақсы білетінбіз.

         Енді мына жалаңаштану науқанында, жастардың ұятсыздану науқанында асаба дейтін жаңа өсіп келе жатқан беделді қауым және соларға еліктеушілер ел болмысына, ел мәдениетінебірте-бірте өз таңбаларын адырайтып басып жатқанына куа бола бастадық…

         Бірақ той иелері де, қонақтары да оларға қой дейтін емес.

         Сондай мәдениет қызметкерлері, асаба деген жаңа дәрежеге ие болған атақты әртістеріміз тойда жалаңаш қыздарды билетіп “қол соқсаңдаршы” деп қиылып тұратын болыпты. Ал сонан соң  олар жиналыста трибунадан, теледидарда экраннан қазақ халқына ақыл айтудан, ұлттық әдет пен ғұрыпты сақтау жолында еңбек етуге үгіттеуден жалығар емес.

         Айтар ақыл өз кісілігіңнен, ұлттық болмысыңнан туындап жатуы қажет, әйтпесе алқаштардың халыққа арақ ішпеңдер деген үгіті секілді үгіттің нәтижесі қаншалық…

 

         Маңғыстаулық ақын қыздардың бірі бір сөзінде: “Сөз айтсаң жүрегіңдегі сырыңды айт” десе, келесі жолы

 

         Жыр дегенім сен емес пе аяулым,

Өзіңменен ғашық жүрек күлегеш… деп,

 

Ән шырқаймын өзің үшін түсінші,

Сен жанымда жүрсең-дағы сағынам… дейді, Бақытнұр Отаралиева, Маңғыстау аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері.  Бұл теңеулерді ойшылдардың ойы, ақындардың аузы ғана айта алмақ. Біз бұндай ғашықтыққа, бұндай күлкіге сенеміз…

 

Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінен Н.Жұбаев атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Фариза Еселбаева деген бала:

         Сыбырлайды көктем жастық желегі,

Жеткізбейді жырдың асқар белеңі.

Өлең сөзді өрге сүйреп өзіңдей,

“Фариза” боп жырлай бергім келеді… десе, біз оның арманға толы мақсатына бола: ”Айналайын қарылғашым! Фариза болуды арманда!  Жеткізбейтін жырдың асқар белеңіне жетуді арманда. Жыр белеңі ешкімге де жеткізбеген. Мұқағалидың өзі “күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын” деп, торыққан… Бірақ ақын болудан асқан бақыт жоқ! Арманда!” —  дейміз…

 

11 сынып оқушысы (Шетпе, № 3 мектеп) бізді сырласуға шықырып, арамыздағы елу жылдық асуды өнерімен бір сәтте жоғалтып жібере алған.

 

         Үміт. Арман. Осы екеуі бірлесіп,

         Алма кезек самал болып тұрды есіп.

Екеуінің ерке тілі екеулеп,

         Келешекпен келе жатыр тілдесіп… дейді ол.

 

Көңін-әуен, күлкім-гүл,

Бойым нұрға тұр батып.

Кім біледі мүмкін бұл,

Маған келген бір бақыт… Шыны да солай! Бұл саған келген бақыт,. Ақынның бақыты!

 

Сіздердің, өнер жолына түскендердің, бәрі бақытты!

Барлықтарың да бақыттысыңдар, айналайындар. Алғашқы жарық көрген өлеңдеріңмен, содан сезінген бақыттарыңмен құттықтаймын!…

 

         Етегі мен ышқырынан ада болған қыздарының қылығына нала шегер замандастарыма нағыз қазақ қыздары олар емес, басқалар, мына өнер иелері  деп жұбатқалы отырмын.

Сіздерді де, елін сүйетін, елінің өнерін сүйетін замандастарымды да өнерлі қыздарының, өміршең ұрпақтарының, қазақ халқының болашақ сүйікті аналарының шығармашылық табыстарымен құттықтаймын!..

         Осылар аман болса, халық аман!

         Осыларға бақ тілесек, ұрпаққа бақ тілегеніміз!..

         Аман болыңдар ақын қыздарым!

         Алла тағала сіздерге таудай талабын да, бармақтай бағын да аямағай!

Бақытты болыңдар, халқыңды қуанта беріңдер өнерлі жастарым!..

 

 

                                      Сайын Назарбекұлы

                                               Ақын

                                               Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

                  

         Құрметті “Ар” газетінің ұжымы!

Құрметті Рахат інім!

         Осы мақаланы жазып тастап, қайда жіберемін, кім басар екен деп ойланып жүрген болатынмын.

Өзің телефон соғып, “Ар” атты гәзет ашқаныңды, басуға тұрарлық шығарма болса басуға даяр екеніңді білдіргесін жазылған дүниелерімді аралап отырып, осы мақалаға кезіктім. Аты сәл басқаша екен, бірақ сіздің газетке берген көрімдігім болсын деп, газеттеріңнің атына сәйкестендірдім.

Кез-келген гәзетті халық ойының, халық парасатының, халық мінезінің айнасы деп қарау керек. Егемен елімізді ел етіп отырған да, қазақ халқын халық етіп отырған да адамдар, кәдімгі өзіміздің қазақтар. Солай дейтін болсақ гәзеттер мінезі де сан түрлі болатынына көнуіміз керек секілді.

Тұсауын Әбіш Кекілбаев секілді кемеңгерге кестіріп жатыр екенсіңдер, қуанып қалдық! Батасы қабыл болғай деп тілейміз!

“Ар” гәзетінің алғашқы қадамы құтты болсын дейміз!

Болашағынан жеке кісі мен бір ұжымның қамы мен сөзі емес, тұтас халықтың арын қорғайтын, желсөзді желікпеліктен аулақ, саралы ойлар мен салмақты сөздердің қордаланар мекеніне айналса ғой деп дәме етеміз.

 

 

Запись опубликована в рубрике Өнер. Кесенелер. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.