Арқа сүйер абзалым-ай

 

 

Арқа тұтар абзалым-ай…

 

                                                                  Сайын Назарбекұлы

 

Әрбір қоғамда, ортада жалпы көптен ерекшелеу, арқар құлжасындай тұлғалар кездеседі. Жаратылысынан ба, тәрбиесінен бе, тіпті өзінің алға қойған мақсатының анықтығынан ба, әйтеуір сондай адамдардың болатынын, олардың ойы мен сөзі де, ісі мен әрекеті де өздеріне жұрт назарын аударып тұратынын байқаушы едім.

Тұрар да сондайлардың бірі болатын. Жұрт әуелі оның келісті жаратылған келбетіне таңырқай қарап қалатын. Ол қасиетін Тұрардың өзі байқамаған болуы да мүмкін. Назары оған ауған кісіні оның көрікті де әдемі жүзі, нұрлы да жылы күлкісі өзіне тартып, жақынсыратып жіберетін. Содан соң барып оның байсалды болмысы, келісті сақалы еріксіз басқаның еркін билеп, өз еркіне бағынышты ете бастайтын.

Батыр пішінді жүзі, нар тұлғалы денесі келісті-ақ еді. Оның үстіне ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтер атқарғаны, ел билегені, адам тәрбиелегені оның сұсын да асыра түсетін.

Билеп-төстеп қалыптасқан оған кең үнді даусы да көмекке келіп, ерекше тұлғаның өзіне сенімділігін сөзінен де, қыймыл әрекетінен де әйгілеп тұратын.

Оның сондай жан екенін, өз ісіне мығым маман екенін сырт көз бір көргеннен-ақ байқап қалар еді…

 

Біздің бұл сыйпаттауымыз Тұрардың сыртқы пішіні болса, оның ішкі пішіні: адамдық, азаматтық болмысы сыртқы түрінен бір де бір кем соқпайтын…

 

Ол әуелі қазақ халқын жақсы көретін. Адай деген елдің абыройлы болғаны оның бар өмірінің негізі секілді еді. Мүмкіндігі болып жатса Тоқтамыс аулының бір тойынан, бір садақасынан қалыс қалмайтын.

Бәріміз де солай болуға тырысатын шығармыз. Бірақ ол істеген ісіне де, ұғынған ұғымына да ерекше сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен берілетін. Қолына алған шаруашылығын байтақ көлемінде алдыңғы орынға шығарғаны секілді, аталарының аттарына да кір шалдыртпады. "Адай жары – мен Жары!" дейтін Жарының Тоқтамысы болатын.

Тоқтамыстан Тілеке, одан Доспамбет. Доспамбет бабамыз Қаратөбеде жерленген. Тоқтамыс әулетінің Маңғыстауға жетіп жамбасы алғашқысы болып жерге тиген Доспамбет бабасының басын көрнекті ету бір мақсаты болатын. Айтып, ақылдасып жүретін.  Доспамбеттен Қамысбай, одан Қожамұрат, одан Масақбай. Масақбайдан Селбай.

Селбайұлы Қалиды біз өз көзімізбен көре қалдық. Баяғы жоқшылық заманда, әкелерімізді соғыс жалмап жатқан зұлмат заманда колхоздың азғантай дүниесінің кілтін ұстаған адам болатын. Сәл қате қадам үшін итжеккенге сапар шегіп жатқан уақытта Қалекең жетім-жесірлерге көмек көрсетуден қорықпаған кісі. Малдың емшегінен басқа дәметері жоқ Маңғыстау тұрғындарының сауарға сауыны болмай қалған жылдары жағдайы өте қиындайтын. Жерден алар үлесі жоқ, мәпахана іздер қаласы мен базары жоқ, ең жақыны Бесқаланың базары бес жүз шақырым болатын елдің колхоз қоймасынан басқа үміті де жоқ болатын. Жоқшылықтан тарыққан, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағына жеткендерге Қалекең қолдан келген көмегін аямаған. Бір уыс ірімшік, бір тостаған астықты бастықтардан жасырып, былайша айтқанда ұрлап қарызға бере алатын батырлығы болыпты. Оның сол көмегі, Тиген, Құлбырақ маңында туған, біздер тұрғылас біраз баланың әлі күнге жарықта жүргеніне септігін тигізген де болар.  Күйеулері мен азаматтыры соғыста жүрген аналарға, келіндері мен қыздарына қамқор болған жан еді.

Жаны Жәннәтта болғыр Қалекеңнің сол қасиеттері баласы Тұрарға да дарыған секілді. Тұрар да маңына қамқар бола алған, жақын-жуыққа шапағатын тигізген кісі.

Ол тек қана шаруаның адамы болмайтын. Естігендері де, оқығандары да оны ойландыратын, толғандыратын. Ойлана білген, толғана білген кісі ойын елге жеткізе де біледі. Ол көпшілік жиналған жерде өз ойын ортаға салуға жасқанбайтын.

Шаруашылық туралы, азаматтық міндеттер туралы ойлары баспасөз беттерінде көлемді, көлемді мақалалар түрінде жарық көріп жататын.

Біздер бір руданбыз. Қазақтар мен жоңғарлардың үш жүз жылдық соғыста атағы шыққан қаһармандарының бірі Тоқтамыс батыр Тұрар інімнің пір тұтқан әруағы еді. Батыр атасы туралы деректер жинақтап, ел аузынан құрастырған бейненің өзіне ұқсастығын мақтаныш тұтатын. "Мен Тоқтамыс бабама ұқсас екенмін" деп мақтанатын. Сол сенім арқылы батыр атасының суретін салғызып, қастерлеп жүретін.

Тоқтамыс руының бас көтерген, елге қадірлі болған, өзіміздің көзіміз көрген ақсақалдары Айдарбек молда, Төлесін молда, Тұрсымбай палуан секілді тұлғалары өмірден өткен кезде маған "енді біздің Тоқтамыста кім бар?" деген ой  келген еді. Сол кезде ең бірінші болып мен Тұрар інімді есіме түсіріп едім.

Әлгідей кезде оның ойға бірінші оралуы тегін емес екен. Содан бастап мен оған шындап назарымды аудара бастадым.

Тұрардың алпысқа толар-толмас жасында, "Ел ақсақалы", "Ел азаматы" болып қалыптасып үлгергеніне көзім жетті.

Бар пенденің бұ тіршіліктегі басты армандары: бастың амандығы, қарынның тоқтығы болса, сонымен қоса жақсы атаққа ие болу да. Солардың қай-қайсысына да қол жеткізген адам  Тұрар еді.

Тұрар "Ел ақсақалы", "Біздің ағайын", "Қамқоршымыз" делінетін, басқалардың өзі туралы мақтанышпен айтар құрметті теңеулерін, бір басына тұрақтата бастаған шақта тағдыр құрығына ілікті…

Менің өкінішімде шек жоқ болды.

Біріншіден оның өте жастай кеткеніне өкіндім…

Екіншіден жасы кіші болса да арқа сүйер тірегімнен айрылғаным өкіндірді…

Ел, басшы болып қалыптасқан, бір ұлынан айрылды…

Мен ең бір жақсы көрген інімнен айрылдым…

Тұрар қазасына өкіне жүріп тағы бір өкінішім бар екенін байқадым…

Мен оған тірі кезінде өзі туралы не ойлайтынымды ашып айта алмаппын…

Сол сезімдерімді, Тұрардың өз бейнесін мәңгілеп, қондырып кеткен тұғыры, ошағының үш бұтындай ұлдары Айбек, Асылбек, Алтынбекпен, бар тоқтамыс аулына сүйікті келін атанған Тұрардың жан жары Ырысханның шығарғалы жатқан осы кітабы арқылы жолдағалы отырмын…

Айналайын Тұраржан!

Мен сені өте жақсы көрдім!

Мен сені қатты сыйлайтынмын!

Аға болсам да мен сені арқа тұтатынмын!

…Біздің қолымыздан енді не келеді?..

…Ештеңе де. Тек қана қолдан келері: "Ей, Алла Тағала! Інім Тұрар жанына Жәннәттан жай бере көр!" –  деп жалбарыну ғана…

 

Запись опубликована в рубрике Тұлғалар туралы. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.