Арындаган аргымак мінген азамат

 

Заманды заман ауыстырып жатады дейтін. Рас екен.

Бақсақ, бар болғаны жетпіске енді жеткелі жүрген біздердің өзіміз қаншама заманды бастан өткізіппіз. Солардың бірі еңбекші жұртының еңбегіне ақы төлемейтін сараң заман болатын. Өз адамын азаматым еді-ау деп қамқорламай, өгейсітіп ұстаған қатыгез, азаматын азамат дегізер қолына құжат бермейтін, безбүйрек еді. Міне  козхоз заманы дейтін заман сондай болды. Ол заман Ресей империясының 1861 жылға дейін шаруаларды басыбайлы құлдықта ұстаған заманның егізі секілді еді.

Одан кейін ұранға толы бесжылдықтар заманы келді.

Тоқырау дейтін заманын да басымыздан өткіздік.

Одан құтылып едік, қайта құру басталды.

Бәрі де келді, бәрі де кетті.

Уақыт жүйрік болып шықты. Ол бәрін де артта қалдырып бізді егемендік пен еркіндік туын желбіреткен қазақтар заманына жеткізді! Енді бұ заманнан бар қазақ болашағым Сен деп, келешегім ең деп үміт етеді.

Бұл уақыт – қазақ халқының өз тұлпарына мінген уақыты!

Бұл заман – Қазақстан Республикасы!

Қай заманның өз адамдары болады екен.

Қай заманға да қажетті ерекше тұлғалар болады екен.

Заман адамдарды өз қолымен тудырып жатады екен. Бірақ, бірін илемей, жөндемей домдай салса, енді бірінің сегіз қырын мінсіз етіп жасап жатқаны. Замана адамдарының ішінде заманына бейімделгіш, “заманын түлкі болып шалып қалудың” неше тәсілін меңгергендер де баршылық.

Ал зуылдаған уақыттың заманыңда да, адамыңда да шаруасы жоқ, өз ісін тындыра беретін секілді.

Бұрынғы үлкендер уақытты өздерінің сол уақыттағы өлшеммен бағалап, көзімен көріп, арғымақ тұлпарларына теңестірере сөйлепті. Біз де солардың теңеуінен артық теңеу таба алмадық.

Біздің айтарымыз сол арғымақ уақыттың төрт тұяғының астында қалып тапталып, өмірден зым-зия жоғалып жататындардың болатыны. Не сол тұяқтар қаупінен аман қалып, жан сақтап кейінгі ұрпақ есінен орын алуға таласқа түсетіндердің де аз еместігі. Мақсаты сондай заман атты, адам атты нәрселер атақты болуға, мәңгі тірі болуға құмар-ақ!

Шыныменен де уақытты аталарымыз бұрын арғымақ аттың екпініндей жылдамдықпен зулап жатады десе, бұ заманда ракета жылдамдығымен адамдар қауымын өз болашақтарына (болашағы емес жетер жеріне) жақындата түсуде.

Әр заманның өзіне лайық өз адамдары болады екен дедік. Сол адамдар өз заманының бір-бір тұғырын бас білдіріп алып, біразға дейін тепеңдеп, уақытпен жарысып байқайды. Бірақ уақыт бірте-бірте ұзай береді, оза береді, ал адам ұтыла береді, қала береді. Біз адамдар өз тұғырына мініп дейміз, тіпті тұғыр түгіл есекті де бас білдіріп міне алмай, бас мақсатына қара жаяу шығатындары қаншама. Олардың ғұмыры жүзден де асуы мүмкін, жас шамасы арғымаққа мінгеннен де ұзағырақ болуы мүмкін, бірақ өмірдегі тындырар шаруасы “қозы көштік” бопып қана қалады екен.

Өйткені арғымақ заманға жаяу да, тұғырға мінген де ере алмақ емес. Білімсіз, ойсыз жандар заманға ере алмайды. Көргенін ақиқатқа санайтындар, естігенін білім деп есептейтіндер өзін өзі жетілдіре алмайды, санасын жаңарта алмайды.

Олар уақыттан да заманнан да жеңіліп тынады.

Уақыт пен заман егіздер секілді. Олар бірінсіз – бірі жарыққа шыға алмайды.  Сол секілді заман мен адам да бір-бірінсіз өмір сүре алмақ емес.

Заман адамдарға өмір береді,

Адамдар заманға өмір береді.

Заманға өмір берер адам қандай болса заманы да сондай.

Заманы өзіне ұнамаған ойлы озықтар өз заманын түзетпекке еңбек етеді. Заманымен арпалысып өтеді. Кейбір заманның бақытты адамдары  өз еңбектерінің жемісін терін, заманының қайта түлеп, туған халқына еңбек ете бастағанын да көріп жатады.

Сол адамдар ішінде заман пиғылына әсер ете алар қуаты мен білімі бар керметтер әлемді таң қалдыра, тірілей жан-жағына сәулесін шаша ғұмыр кешеді екен. Олардың ішінде, тіпті, уақыт атты ғажап жаратылыстың өз жалына жабысып, уақыттың мінез-құлқын дәл танып, содан барып өзін – уақытқа, уақытты –  өзіне тәуелді ете алатын данышпандар мен кемеңгерлер де кездесіп қалатынын қайтерсің!

Әбіш Кекілбайұлы –  солардың бірі. “Кемегер Кекілбаев” деген лайықты ат оған “Кемеңгер” сөзі мен Кекілбай сөзінің ұқсастығынан туындамаған секілді.

Өнер мен білім, көрегендік пен көсемдік Әбіш Кекілбаевқа туа біткен қасиет дедік. Әбіш табиғат сыйлаған сол қасиеттерді сыйлай білді, ардақтай білді. Әбіш оларды мәпелеп, аялап, солардың еркіне бағынып өмір сүрмеді. Оларға тыныштық таптырмай, қызметшісіндей жұмсады. Ол,  жалғызына көше сыпыртып нан тапқызар қатал миллионер әкедей  қамқорлық жасады. Дарыны мен талантын таудай талапты етті, қыздай қылықты етті. Күнделікті тынымсыз оқу мен ойдың арқасында жетілдіре білді. Жоғары биікке көтере білді. Ол соның арқасында баяғы колхоз заманының да, бүгінгі техника мен технология заманыныңда болмысы мен заңына, сол замандардың адамдарының жүрегі мен тілегіне  сәйкес тұлға болып қалыптасты. Ең бастысы ол барлық уақытта да еліне елеулі, халқына қалаулы азамат қалпын сақтай алды.

Ол тек қана қазақ халқының сүйіктісі емес, бүкіл адамзаттың ардақты ұлына айналды.

Солай болуға тиісті де еді.

Өйткені ол “Бір шөкім бұлт” атты алғашқы көлемді шығармасынан бастап адам жанының тереңіне үңіле алды, түсіне алды. Адам қасіретін сезіне алды. Ол тек қана біліп, түсініп қоймай, солардың себеп-салдарын  көрсете де білді.

Әбіш Кекілбайұлының заман талаптарын зерделей зерттеп, өз жазушылық мақсатына көндіре, ыңғайына бағындыра  отырып еңбектенуінің арқасында, әр заман адамдарының жаны мен тәнінің сұранысын дәл баса, олардың адами, пенделік сұрақтарына жауап бере білуі – оның шығармаларының өміршеңдігін арттыра түсті. Әйтпесе колхоз заманының біраз жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің ғұмыры өз заманымен бірге аяқталып қалса, бесжылдықтың жаршылары өз ұрандары секілді, өздері салған айқай шумен дауылдатын өтті де кетті. Шығармашылық еңбектерін бұ күнде өзі де оқуға ұялатын авторлар тобы табылып қалатын болар.

Біз білетін жазушы Кекілбаев қандай заман туса да өз шығармалары үшін ұятты сезінбейтін автор. Өйткені оның іс-әрекетінде, шығармашылық еңбектерінде, ойы мен сөзінде жасандылық пен бейімделушілік жоқ болатын. Ол барлық уақытта адам болмысын, заман шытырманын, өмір шындығын жаратылыс ақиқатына жеткізе алған суреткер.

Осындай тұлға қалай пайда болды?

Қайдан пайда болды?

Бұндай сұрақтарға Айекеңнің (анасының) сөзімен жауап беруге тырыссақ біз Әбіш баланың балалық кескінін көз алдымызға елестете алармыз деп ойлаймын. Ананың бұл сөздері бұдан он бес жылға жуық бұрын жазылып алынған екен.

Мен: Айеке! Айтыңызшы, Әбіш бала кезінде қандай болатын?

Айекең: Әбіште бала мінез болмады. Бала болып балалармен жағаласып, жарысып ойнамайтын. Ойнап жатқан көп баланың бір шетінде аңырып тұратын.

Мен: Сабаққа қалай болды?

Айекең: Сабаққа жақсы болды. Көзі қара танығаннан бастап қолына түскен қағазды: бас алмай, талғамай, таңдамай оқи беретін. Жасы онға толғаннан бастап колхоз басшысының көмекшісіндей, мектеп мұғалімдерінің біріндей адам болатын.

Жиналыс болса тақылдап сөйлейтін де  менің балам!

Сауық кеш болса саңқылдап тақпақ айтатын да менің балам!

Бар қызық пен шыжықтың  басында жүретін де сол  болатын.

Көп алдына шығуға тайынбайтын.

Жұрт өлең шығартып, мақала жаздырып алатын

Мен: Достары көп болды ма?

Айекең: Ауыл балаларының бәрі дос, бәрі бірге жүреді ғой. Бірақ, менің баламның бір мінезі өзі біреуді іздеп қыдырмайтын. Бала біткеннің барлығы Әбішті іздеп келетін. Сол қасиеті жігіт болып, ержеткенде де өзгермеді.

Айекеңнің өз баласы туралы айтқан осы пікірлерінен аңдайтынымыз Әбіш оқып жетісіп, өмір тәжрибесінен тәлім алып толысып дарын иесі болған адам емес, туа біткен талант иесі секілді.

Мен Әбіш Кекілбайұлы алпысқа толар шақта оның балалық шағынан алынған алпыс қысқа әңгіме жазып, шағын кітабымды “Менің Әбішім” деп атап едім.

Ал енді менің сол дос Әбішім, менің Пір тұтқан Әбішім жетпіске жақындап қалғанда, балалық дәуірден алыстап, кісілік кезеңнің жүгін аудармай даналық кезеңге өткен шақта,  ол халық пен үзеңгілес замандастарының пайымдауынша ерекше қасиеттерімен елге танымал болды.

·        Ол туа біткен талантын өмір бойы іздену арқасында бойында ұстап тұра алған, өмір бойы жетілдіре алған, ерекше –  Еңбекқор жан! Әзірге бар болғаны 12 том болып басылған еңбектері соның куәсі…

·        Әбіш Кекілбайұлы – жақсы менен жайсаңға айтылар барлық киелі тілек пен көсем сөзді түгендеп үлгерген –  Көмекей!

Халқымыздың аты қасиетке айналған тұлғаларына, жұртымыздың көзі тірі ардақты азаматтарына арнап жазған жан тебірентер мақалалары соның айғағы…

·        Ол адам баласының аруақ пен атақты аталарға  айтар  ризашылық сезімдерін өз басынан өткізген тірі –  Машайық! Бұл сөзімізді Әбіштің тек қана “Бекет Ата” қасиетіне арнаған мақаласы арқылы да сезінуге болады…

·        Әбіш Кекілбайұлы – бағзы заманға барып қайта алатын, келешек заманды көріп келе алатын – Көреген! Ойлап қараңдаршы, бір алманың ортасынан бір құрт шығыпты. Зерделі (автор да, кейіпкер де) туған сол бір жан бір жәндіктің жыбыр ете қалғанынан бар дүниені ой елегінен өткізіп, уақиғаларын шолып шығады.

·        Ол тек қана Әбіш Кекілбайұлы емес – ол жебедей өткір –  Тіл!

·        Ол қажет кезде қиып түсер қылыш –  Жақ!

·        Ол жай ғана адам пендесі емес – көш бастар –  Көсем!

·        Ол жай ғана жазушы емес – адам жаны мен тәнін аралап шыға алар –  Құдірет!

Міне, Ол – осындай!

 

 

Запись опубликована в рубрике Тұлғалар туралы. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.