Ант суреті жөнінде

 

 

         1912 жылы орыс суретшiсi В.Орловъ – Петровъ салған “Присяга на княжне” деп аталатын бұл суретке техника ғылымдарының кандидаты Алтынбеков Тәуке Әнесұлы аспирант кезiнде Москваның бiр “алып-сататын” дүкенiнде кездесiп қалады. Сурет иесiнiң талабы бойынша ол тек қана музейге сатылуға тиiс екен. Тәуке мырза үш жыл бойы үзбей хабар алып жүрiп, ақыры сәтi түсiп, 1977 жылы, музей қызметкерi есебiнде суреттi сатып алады.

         Мамандардың айтуынша бұл сурет – “кардон”. Олай деп суретшiлер болашақ салынбақ үлкен полотноның бiр бөлшегiнiң эскизi ретiнде кардон қағазға сала салған алғашқы жоба суретiн айтады екен.

         Түркi тұқымдас халықтардың бiр кездердегi дәуiрлеп тұрған кезiн бейнелейтiн бұл тарихи сурет – бояулары шытынай жарылып, кейбiр жерлерi түсе бастаған, жақтау ағаштары қиюы қашып, өзiнiң ескiнiң көзi екенiне шек келтiрмейтiндей жағдайға жеткен күйiнде бұ заманға жетiп отыр. Сүреттiң сол жақ төменгi бұрышында В.Орловъ-Петровъ 912г. деген жазуы бар.

         Он төртiншi ғасырдың орта шенiнде Москва Ұлы кiнәздерi Алтын Орда мемлекетiнiң әскери көмегiмен орыс жерiн бiртұтас күштi мемлекетке айналдыра бастайды. Москва Ұлы кiнәзi Иван Данилович Калита (1325-40ж.ж.) Алтын Орда ханының Жарлығына (ярлық) тұңғыш рет ие болып, барлық бытыраңқы орыс кiнәздiктерiнен салық жинап, Алтын Орда мемлекетiне тапсыруға құқылы болды. Иван Калита Өзбек хан (1312-42ж.ж.) көмегiмен Тверь (1327), Смоленск (1340) княздiктерiн Москваға күштеп бағындырған. Орыстарды Москва қол астына бiрiктiру саясаты әсiресе Иван II (1353-59), Дмитрий Донской

 (1359-89) сияқты тарихи тұлғалар кезiнде мықтап қолға алынған. Бұл жұмыстарды Д.Донской ұлы Василий I, содан кейiн немересi Василий II, жалғастырады.

         Әкесi (Василий Темный) Алтын Орда ханы Барақтың (1422-27) iзiн сүйiп Москваның Ұлы кiнәзi атанған Иван III 1476 жылы хан “Жарлығын” жыртып, ендi Алтын Ордаға салық төлемейтiндiгiн жария етедi. Осы сәттi бейнелейтiн Н.Шустовтың “Иван III разрывает ханскую грамоту” атты суретi бар.

         “Присяга на княжне” суретi – Василия II (Василий Темный) Москва кiнәзiнiң (сол кезде ол жастау едi, мүмкiн оның орнында жасы толғанша ел басқара тұратын сенiмдi кiсiнiң) Алтын Орда ханының табаны басылған саз тақтайшаны сүйiп ант берiп, “Москва Ұлы Кiнәзi” болып тағайындалып жатырған кезi бейнеленген. Демек, бұл 1425 жылдар шамасы. Сурет – бiр тарихи уақиға желiсiне байланысты салынған.

         Алтын Орда мен Көк Орданы тұтас билеген, тарихтағы жалғыз адам, Барақ хан (1422-27) Москваның Ұлы Кiнәзiн тағайындау рәсiмiне келмептi. Бұрын Алтын  Орда хандары орыс жерiмен көршi жатқан астаналары Бату Сарай (Волгоград), Берке Сарай (Астархан маңы), Сарайшық қалаларынан қиналмай жететiн болса, ендi астанасы Көк Орда жаққа ауып кеткен  Бараққа бiреуге табанымды сүйгiземiн деп он мыңдаған шақырымға сапарға шығу оңай шаруа емес едi. Ант беру салтанатының ең негiзгi бөлiгi ол -  ханның жалаң табанын сүю. Мерекеге бара алмайтын болған Алтын Орда ханы (мүмкiн Барақ хан), суретте көрсетiлгендей, саз тақтайшаға өз аяғының iзiн түсiрiп берiп жiбередi.

         Кейбiр ауызша деректерде Василий II Алтын Орда ханының өзi келмегенiне қорланып, нағыз табан емес iз табан сүюге арланып ант беруден бас тартады да оның орнына (iнiсi әлде баласы) ант берiп таққа отырады. Өшiккен ол кейiн сарай төңкерiсiн жасап тақты тартып алады да, iнiсiнiң (не баласының) екi көзiн бiрдей ағызып жiбередi. Ол тарихта Василий Слепой деген атпен қалып едi деседi.

        

         “Москваның Ұлы Кiнәзi” атағын беру салтанаты екi бөлiмнен тұрған ба деп ойлаймыз. Бiрiншiсi – хан табанын сүйiп ханға құрмет көрсету әдетi болса, екiншiсi – хан тұлпарына құрмет көрсету әдетi болған секiлдi. Москва Ұлы Кiнәзi басындағы “Шапка Мономаха” деп атақ тағылған құрметтi тәжiне арпа толтырып, Алтын Орда ханының тұлпары жеп тауысқанша оның аузына ұстап тұратын болған. Ұзақ уақыт қолын созып тұрған кiсiнiң қолы талары белгiлi нәрсе. Осыдан барып (менiң жеке ойым) “насколько тяжела “Шапка Мономаха” деген мәтел шыққан болуы мүмкiн. Кейбiр тарихшылардың айтуынша ол бас киiмдi Д.Донскойге Өзбек хан сыйға  тартқан болса керек.

         Мономах (1057-1125ж.ж.) – Москва кiнәздерiнiң атасы. Смоленск, Чернигов, Киев кiнәздiктерiн (1113-25ж.ж.) басқаруға половцылар арқасында қолы жеткен.

         Ауыз бiрлiктерi азая бастаған Ұлы Алтын Орда мемлекетi ендi ұсақ хандықтарға бөлiнiп кетедi.

         Осы кезеңде Қазан, Сiбiр, Қырым, Ноғай хандықтары Алтын Орда құрамынан шығып, өз шаңырақтарын көтере бастайды.       

         Иван III (1462-1505ж.ж.) орыс мемлекетiнiң тұтастығын жүзеге асыру жолында ендi Алтын Орда емес Қазақ ханы Жәнiбектен айтарлықтай көмек алып тұрған. Ол 1476 жылы Алтын Ордаға салық төлеуден бас тартады. 1480 жылы Алтын Орданың соңғы ханы Ахмет мол әскермен Москваға аттанады. Бiрақ үлкен соғыс қимылдарын бастамай Угри өзенiнiң екi жағында екi ел бiр жаз бойы иық тiрестiрiп тұрып алады. Бұл уақиға тарихта “великое сидение” деп атақ алады. Ахмет артынан келер көмектi күтедi. Орыстар астыртын келiсiм бойынша көмек болмасын бiлсе де күшiн сақтайды. Көмек көрсетпегенi былай тұрсын, басқа ұсақ хандықтар Алтын Орда иелiгiне тиiсе бастайды. Ақырында Ахмет хан кейiн қайтады да, өш алу мақсатымен әлгi одақтас ұсақ хандармен болған соғыста күйрей жеңiледi. 1480-81 жылдардағы соғыс нәтижесiнде Алтын Орда ендi мемлекет атанудан қалып, аты мәңгiлiкке өшедi.

         Сол кезден бастап орыс саясатшылары Ұлы Дала мемлекеттерiн бiр-бiрiне айдап салып, өздерiн-өздерiне қырғызып, өз мақсатына жетудiң ең ұтымды жолын табады. Сол ұтымды саясат арқасында бiр кездегi Ұлы мемлекет Алтын Орда бөлшектенiп құлайды да, жеке-жеке ұсақ кiнәздiктерден тұратын орыс елi Ұлы Империяға айналады.

 

 

 

Запись опубликована в рубрике Өнер. Кесенелер. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.