Ана Тілі созін бас аріппен жазалык

 

 

         “Отан” деген сөз бас әріппен жазылады.

“Отан” сөзі құлаққа шалынып, санаға жеткенде кісіге ерекше әсер етер қуаты мол сөз…

“Отан” сөзін естігенде өзін әке құшағына енгендей сезінетін жастар қауымын тәрбиелей алсақ… “Ерікті Отаным бар, егемен елім бар” деп өзін ерекше бақытты сезініп жүретін азаматтарымыз көп болса, шіркін…

         “Ана Тілі” деген сөз “Отан” деген сөзбен астасып жатады…

“Ана Тілі” атты сөзге еркелегісі келіп кететін, содан бір жылылық пен мадақ күтіп тұратын да бақытты жандар бар болар…

“Ана Тілі” сөзі анаң секілді кешірімді де, мейірімді ғой, шіркін…

 

Осындай ойларға беріле келе біз қазақ халқына ендігі жерде: “Ана Тілі” деген сөз тіркесін қазақтар  бас әріппен жазатын болсын!” –  дегіміз келіп отыр…

Осылайша, біз қазақтардың Ана Тілін қалай құрметтейтінін, оған қандай мәртебе беретінін көрсетсек!.. Өз аты-жөнімізді бас әріппен жазып құрмет көрсеткенде қалайша Ана Тілін сол құрметтен шеттетеміз?..

Сан ғасырларға созылған бодандық заманында намысымызды қамшылап, болашақтан үміт күттірген Ана Тіліміз емес пе еді!..

Батырларға ұран, діндарға құран болған да Ана Тіліміз емес пе еді!..

Қабыл болған бабаның батасы да, тілекші болған ананың алғысы да Ана Тіліміз емес пе еді!..

Қарындастың сыры, ақынның жыры бола алған да Ана Тіл болатын!.. 

Ата-баба аруағы боп желеп-жебеп келген де, бір-бірімізді жұбатып көмек берген де осы Ана Тілі болатын!..

Абыройымызды асқақтатқан да, дұшпанымызды қан қақсатқан да Ана Тіліміз еді ғой!..

Енді мынау егемендік алған шақта, пысықтар жаппай намыс емес қалта қамына кіріскен кезде, Ана Тіліміздің қасиеті мен қуаты кеми бастапты…

Ана Тіл өзін өгей шешедей сезінетін болыпты…

Немерелері мен шөберелеріне ардақты атасы болып емес, бейтаныс шалдай боп көрінетін тағдырға тап болыпты…

Содан барып енді Ана Тіл атты қастерліміз көзі жәутеңдеп әркімнен көмек дәмете бастайтын халге жетіпті…

Олай болса, осы шақ бар қазақтың өз намысын қамшылайтын, Ана Тілін арашалайтын кезі!..

Айналайын, ағайындар! Ел болып кірісіп, ұлт болып ұйысып “Ана Тілін” демеп жіберетін кез – осы кез!…

Қалай демеп жібере аламыз?.. Қолымыздан не келеді?..

Жауап біреу. Әркім қолынан келгенін істесе жеткілікті…

 

Әр отбасы шағын Отан екенін түсінсін, отбасында отырып Отан қамын ойлайық… 

Бар қазақ Елбасы сұрағын орындап, бір-бірімен тек қана қазақша сөйлессін…

Ұрпағымды қазақ етемін дегендер балаларын қазақ мектебіне берсін…

Бір ошақта кем дегенде қазақша үш газет пен жорнал оқылатын болсын…

Ел сөзін ұстағандар дәрежелі жиында қазақша сөйлесін…

Құжаттар мен жарнамалар қазақша дайындалсын, қажетті деген жағдайда басқа тілде аудармасы берілетін болсын…

Көше аты, көше көркі, көше жарнамалары қазақ тілі қоғамымен бекітіліп, бір де бір қате жіберілмесін…

Қалталы азаматтар ауыл-ауылға мыңдаған қазақ газетін жаздырып берсін…

Мемлекет!.. Ал мемлекет болса қазақ мектептері мен бала-бақшаға ерекше көңіл бөліп, онда білім алу дәрежесін көтерсін…

Өзінің Ана Тілі үшін өзінің қолынан келетін осы секілді амалдарды іске асыру  республикамыздың Қазақстан атын мәңгілік сақтап қалуына ықпал етіп, Қазақ деген халыққа бақыт, азаматтарына кісілік сыйлар еді-ау деп ойлаймыз…

Тіпті жазу ережемізге қайшы келетін болса да біз әлгі сөздерді бас әріппен жазатын болайық…

Бұндай ойды жарыққа шығаруға итермелеген себептер  жетерлік.

 

Қазақтар Ана Тілін білетіндер, білмейтіндер болып бөлінеді.

Ана тілін білетіндер қазақ халқының көпшілігі екені ақиқат.

Біздің бүгінгі сөзіміз Ана Тілін білмейтіндер туралы болмақ…

Ана тілін білмейтіндерді әуелі бірнеше топқа бөліп алалық. Олардың атын атап түгендей алмасақ та кейбіреулерінің затын болжап байқалық:

·        Ана Тілі туралы ойланбайтындар (онша көп болмас);

·        Ана Тілін білмегенмен білуге ынтасы барлар, оның ілгері басқанын қалайтындар (біз бұларға тіл білмейтіндердің көпшілігін жатқызамыз);

·        Ана Тілін білуге ұмтылмайтындар мен ілгері басуына кедергі жасайтындар (бұлар аз, бірақ олардың ортасында биліктілер мен қалталылар көбірек).

 

Өз ұлтының тағдыры туралы, Ана Тілі тағдыры туралы толғанбайтын, ойланбайтын кісілерге қандай ат беріп, айдар тағу керек екенін біз ойлап таба алмадық.

Ана Тілін білмегенмен білуге ынтасы барлар мен ілгері басуына ниеттілер туралы мәселе басы ашық. Білмесе білуге, сөйлемесе сөйлеуге тырысып жүр. Ана Тілін білмегенін өздеріне кемшілік көреді. Қолдарынан келгенін істеп, шама-шарқынша қарылғаш көмегін аямауда…

“Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты” демекші, біздің де “жұртымыздан жік шықты екі құлағы тік шықты” болып тұр.

“Он бес жылда аю да бірдеңе үйренуші еді ғой” деп Елбасымыз айтқандай, ұлттық мақтанышымыз, Абай мен Мұхтардың арқасында біздерді әлемге танытқан Ана Тілімізді он бес жыл түгіл отыз жылда да үйренгісі келмейтіндер тіл мәселесінде әлі күнге үстемдік етуде.

Өсекке сенсек қазақ атын жамылған қазақтар бар дейді. Олар Ана Тілін білуге ұмтылмайды, ұмтылмақ түгіл Ана Тілінің ілгері басуына қарсы әрекет етеді дейді…

Тәні қазақ, жаны жат қазақтар  бар дейді, Қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріліп кете ме деп зәресі кетеді дейді…

Олар Атазаңның, Елбасының, Қазақстан Республикасының Ана Тіл туралы шығарған қаулыларының орындалмауы үшін күш салады, қолынан келгенінше кедергі келтіреді дейді…

“Халық қалаулылары” аталатын біраз депутаттарымыз “Ана Тіл” үшін дайындалған шешімдерге қарсы дауыс береді дейді…

Бұл қалай?.. Қалай ойға батпассың?..

Келесі ойлар бізге ондайларды осындай әрекетке дейін жетуге итермелеген қандай күш дегізеді… Ойға оралған бұ сұрақтарға берер жауабымыз шындық аулынан алыс жатпайтын болар деп ойлаймыз. Демек олардың қазақ халқының мүддесіне сәйкес келмейтін өз мүдделері бар. Сонда олар кім мүддесін қорғайды, кімге еңбек етеді?..

Өздерінің қолы жеткен мансап мүддесіне ме…

Қалтасына түспек ақша мүддесіне ме…

Басқа ұлт өкілінің мүддесіне ме…

Надандық па?..

Мәңгүрттік пе?..

 

Біздің тілімізде қазір “зиялылар” “зиялы қауым” дейтін сөздер қалыптасты. Осы сөздер маңында да ой қозғап көрсек “зиялылар” деп атайтындарымыздың кейбіреуі зиялы істерімен ел мүддесіне еңбек ететіндер емес, ондай атқа билік басында отырғандықтан қол жеткізгендер секілді. Бір ғажабы олардың көпшілігі іс басында.

Солардың бірі  өзін жақтайтын жеке баспасөз құралына сүйеніп сөз билігін жүргізсе, бірі мансап билігін пайдаланып, халық ойына әсер етеді. Бірі мол ақшасының арқасында ел бетіне кісі боп көрінсе, бірі ақша мен мансапты қатар пайдалана отырып ел санасына әрекет етеді… Олар өз ойларын іске асырып келеді.

Біздердің мойындайтын бір ақиқатымыз бар. Ол – біздің бұл жұмыста кешіккеніміз!

Қазақтың “ақылды ойланамын дегенше, тентек ісін тындырады” философиясынан туындайтын өмір шындығы бұл жолы да өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді. Еліміз егемендігін алып біраз қазақтар бақытқа мас болып, той әсерінен құтыла алмай жүрген шақта, қазақ даналарының әлгі мақалындағы “тентек” атап отырғандары істерін тындырып тастаған секілді. Уақытты тиімді пайдалана алған. Олардың көбі орыс тілділер болатын. Ал орыс тілділер кешегі өкімет кезінде іс басында болды. Содан барып іс басында болған барлық орыс тілділер халық байлығын өз мүддесіне пайдалана, икемдей алды.

Өзге тілділердің жанын қазақ қайғысы азаптамайды. Тәнін қазақ қасіреті түршіктірмейді. Олар жау болмаса да, бауыр болып кете алмайды.

Ана Тілге ниеті жат біреулер әлі күнге Қазақстан Республикасының билік дастарханының басында билік айтатын секілді, қара қазанының құлағына қожалық ететін секілді. Өздеріне қажет болған  жағдайда “саламат па, кал калай?” деп қойып, ел байлығынан алған мол ақшасынан азды-көпті шығын шығарып, ұлт жанды, ел жанды кісі боп көрінуге тырысып келеді.

 

Қазақы дәстүрдің бесік жырынан нәр алмаған, Ана Тіл емшегінен уыз ембеген олардан біздер әлі күнге аңқаулықпен жақсылық күтеміз. Олардан қазақ тіліне ешқашан ізгілік те, қайырым да болмайтынын мойындағымыз келмейді. Солар ішінен біреулерінің бір ауылдағы мектепті жөндеп бергенін, біреуге бір кітап шығарып бергенін тілге тигізген шапағаты деп қарап, қателесумен келеміз. Сондықтан да қазақ тілінің бүгіні мен болашағы туралы ойлана отырып, ақиқатты сезіне  отырып іске кірісетін мезгіл жетті.

Не істеу керек?..

Біз сойыл соғуға, шоқпар көтеруге қарсымыз. Оларды (тіл білмейтіндерді) жазғырып та, ұялтып та қажеті жоқ. Өйткені Ана Тіл жөніндегі іс пен ой ел бірлігіне, ел тыныштығына қызмет етуге тиіс.

Бұл жұмыс өкімет басшылары мен халық қалаулылары бір жағадан бас шығарғанда ғана, ел мен ел қамын жейтіндер бір жеңнен қол шығарғанда ғана өз жемісін пісіре алмақ.  Бұл бағыттағы негізгі шаруа өкімет мойнына түсуге тиісті. Ал ел болса өкімет қарарларын жүзеге асыруға жұмыс жасауға, жәй жұмыс емес, “Отанға, от басына қауіп туған кездегідей” ұран салып, “аттандап” кірісуі қажет.

Алдымен үкіметіміз Ана Тілге жаны ашитын үкімет болуы қажет. Ол үкіметке халықты асырау, жұмыспен қамтамасыз ету, ел тыныштығын сақтау қаншалықты басты мәселе болса, қазақ жастарының қазақтық болмысын қалыптастыру, қазақша сөйлеуін қамтамасыз ету әлгі шаруалардың да алдында тұруы қажет. Әйтпесе мыңдаған жыл бойы қазақ жұртын қалыптастырған ата-баба еңбегі не үшін?.. Республикамыздың Қазақстан аталуы не үшін?..

Бұл мәселе біздің еліміз, біздің ұлтымыз үшін кезек күттірмейтін басты шаруа. Сондықтан да “Ана Тіл” тағдырын заңды түрде заңдастып, жоспарлы түрде орындалуын қадағалауды қажет ететін шаруа.

“Мәдени мұра” және “Ана Тіл” атты бағдарламалар мемлекетіміздің ұлттық идеологиясының өзегіне айналғанда ғана Қазақстан Республикасының, қазақтардың болашағы болмақ.

Өкімет өз қаулысымен жыл сайын мемлекеттік ұлттық табыстың бір мөлшерлі жобасын (ең жоғары пайызын) қазақ халқының мәдениеті мен тілін өркендетуге, этнографиясы мен археологиясын зерттеуге, әдет-ғұрпы мен салт-санасын қалыптастыруға, жастарының сапалы білім алуын, бір сөбен айтқанда “Мәдени мұрасы” мен қазіргі жастардың ұлттық рухын қалыптастыруға жұмсамай бұл бағытта жеңіске жетуге болмайды.

Сол секілді жаңа құрылысқа бөлінетін, күрделі жөндеуге бөлінетін қаржының негізгі бөлігі балабақша мен мектеп салуға (басқа барлық басқа құрылыс нысандары келесі кезекте тұратын болсын) бөлінуге тиіс.

Біздің мектептерімізде қалыптасқан, бір сыныпта 30 бала оқитын мектептен бала толық білім алып шықпайды. Олардың ішінен тек қана табиғат ерекше қасиет берген “құймақұлақтар” ғана, онда да өз бетімен оқып білікті болып шыға алады. Басқалары қазақша айтқанда “әріп танып” шықпақ… Ана Тілі сабақтары оқытылатын сынып он бес орыннан көп болса ондай мектептен кереметтей жетістік күтуге болмас. Оқушыға білім алып шығуға мүмкіндік жасау қажет.

Ұстаздардың тұрмысы мен айлығы “Ұстаз” деген аттарына, ұстаздық жолдағы жетістіктеріне сәйкес болуға тиіс. 

Әзірге тіл мәселесінде “біз жетістік, жеттік” деп ақпарат беріп жатқандар бастықтар алдында берер есеп үшін ғана дайындалар деректер. Жазушы болғандықтан кездесуге барамыз, балалармен, ұстаздармен араласамыз. Немерелеріміз мектепке барады. Содан барып әлгідей ойлар түйіндейді.

Қазіргі мекемелерде жаппай орыс тілділерді қазақша оқыту науқанынан айтарлықтай нәтиже күтуге болмайды.

Орыс тілді чиновникті “кал калай?” дегізу үшін, сөйтіп аңқау халықты тағы да бір алдап жұбату үшін жұмсалып жатырған қаржылар, қайырымы жоқ шығындар. Соңғы кезде баспасөз бетінде “сең қозғалды”, “тілді үйретіп жатыр”, “пәлен кісі таза қазақша сөйлеп кетті”, “пәлен маман қазақша іс қағаздарын толтыратын жағдайға жетті” атты деректер елді бағыттан адастырар ақпараттар. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері қазақ ортасында өскен жастар. Амалсыз үйренгендер. Енді біз оларды “Ана Тілі” мәселесінде жетіскендік ретінде пайдалана бастадық.

Ендігі жерде іс басындағы отырған орыс тілді министірдің теледидардан бір қазақ шалының қолын қысып “сәләматсыз ба” деген сөзін көңілге жұбаныш ету аңқаулық мінез, аңқаулық емес қазақ тіліне деген сатқындық деп бағалауға болатын мінез.

Қазақтар соңғы бірнеше жүз жыл бойы өз елінде азшылықтың зардабын шегіп келе жатырған ел.  Соның қырсығынан тілі де әдейі кекетіліп, кемсітіліп келе жатырған тіл.

Егер біз  өз билігіміз өзімізге тиген кезде Қазақстан Республикасында тұратын қазақтардың ұлттық тәрбие алуына көмектесе алмасақ, жастарымыз болмысына ұлттық болмыс қалыптастыруға “атасы тегін желсөзді” емес қомақты қаржы бөле алмасақ біз қашан, қай уақытта қазақтарымызға, Ана Тілімізге көмектесе аламыз?..

 Қазақтар жан-жағын қоршаған алып мемлекеттер әсерімен, өз ортасындағы көп ұлт өкілдер әсерінен ұлттық болмысынан айрылу қаупі бар ел.

Бұрын халқымыз сыртқы күш зорлығымен өзінің ұлттық болмысынан айрыла бастаса, енді басқа тілде оқыған қазақтар мен басқа елде тәрбиеленгендер өздерін басқа ұлттармен кіріктіріп, араластыра бастады. Мынау келіп қалған жаһандану кезеңінде өздерін өздері орыстандырып, ағылшындандырып, не қытайшаланып кететіндер өз ұлтының ұлттығына қауіп туғызбақ.

Сондықтан да біздер, ұлтжанды қазақтар, мемлекеттен, өкіметімізден, билік басындағылардан қазақтардың ұлттық болмысын сақтап қалуына, олардың өз тілі мен әдеп-ғұрпын қалпына келтіруге, тарихын зерттеуге, ертеңгісін қалыптастыруға ерекше жағдай жаса деп сұрауымыз қажет.

Әрине, бүгінгі әңгіме етілген ойлар еліміздегі тындырылған істерді жоққа шығаруды мақсат етпейді.

Дегенменен, біздің ойымызша, “Ана Тіл” атты ерекше заң керек.

Сонда ғана күш біріктірілмек, Ана Тілінің көш керуені мақсатқа жетер даңғылға түспек.

Тұтас мемлекет қабылдаған бағдарламаға сүйенбей, әркім қолынан келгенін істеп, ойына оралғанын орындайтын болса жетеріміз діттеген асқақ шың емес әркімнің өзінің жеткен төбесі болып қалмақ. Ел еңбегінің еш кетуі, тәуелсіздік қортындысының ештеңеге айналып кетуі де кәдік.

Зорлап оқытып, амалсыз тіл білдіргендердің болмысы қазақ болып өзгермейді. Тіл білдірдім деп, олар болмысынан қазаққа деген жанашырлық күту аңғалдық болмақ.

Тіл туралы қатаң талапты заңға сүйенген бағдарлама мен сол бағдарды іске асырар жеткілікті қаржы жоқтықтан өткен он бес жылымыз айтарлықтай іс тындыра алмады.

Отанды сүю, Ана Тілді ардақтау әр азаматың азаматтық қасиетінің көрсеткіші! Парызы мен борышы! Азамат осы екеуінің арқасында ғана азамат! Сондай азаматтары мол болса, ол ел бақыты!..

Егемен елі болса, Отанын сүйер жүрегі болса, соларды жырға қосар тілі болса – адам бақыты деген сол емес пе!..

Елді, бізді сол бақытқа жеткізер біздің Ана Тіліміз!!!

 “Ана Тілі” деген сөз тіркесін қазақтар  бас әріппен жазатын болсын!!”

 

 

                   Сайын Назарбекұлы

 

                            Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР Жазушылар одағының мүшесі

ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі

                            Абай ауданының (Семей) құрметті азаматы

                            Махамбет ауданының (Атырау) құрметті азаматы

 

Запись опубликована в рубрике Ұлт болмысы. Ана тілі. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.