Ана тілің тек қана … немере мен шөбере

 

                                                        Жиында сөйленген сөз

 

         Құрметті ана тіліміздің жанашырлары! Осы мақаланы арнайы Сіздерге бағыштап жазғалы отырмын.

         Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ана тілі” газетіне берген сұхбаты “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!” деген бір ауыз сөзбен өрнектелген екен. Біз бұл нақыл сөздің ендігі жерде мемлекетіміздің ұлттық идеологиясына, қазақ халқының ұлттық ұранына айналып кететініне сенімдіміз. Шіркін, сол сенім бізді алдамаса ғой!

Осы тақырыпта сіздердің алдарыңда сөз сөйлемек болып, біразды көрген, біраз жасаған адам ретінде, осы уақытқа дейін ана тілім үшін не бітірдім, неге ризамын, нендей өкінішім бар деген сұрақтарға жауап іздедім.

Біз сол сұрақтарға өз санамыздың, өзіміздің ана тілге деген сүйіспеншілігіміздің жобасына сәйкес жауаптарды таптық та…

Солардың бірі “сен қазақи айналайынмен ауызданып өскен ауыл баласы едің” дейді.  Елу жасқа шыққанға дейін жиындар мен алқалы жерде өз ойыңды ана тілінде айта алмай, “іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ ережесімен өмір сүрмеп пе едің?” деп ескіні еске салады. 

Дегенмен олар: “Сен жолың болған адамсың!” –  дейді маған.

Еліңнің еркіндікке қолы жетіп, жасың елуге келгенде еңсең көтерілмеп пе еді! Содан бастап ана тіліңде сөйлеп айбындана бастамап па едің! Енді баяғыша бұғып қалмай, әлемге ана тіліңмен жар салуға жарасаң, жазушы-ақын атансаң,  маңғыстаулық Сейіт би бабаңша толғанғанда, “Бақыт одан асып не болсын!” –  дейді, маған…

         Мен аса құрметті де адам екенмін. Президент сайлауында 100 сайлаушының 90-нан астамы өз ризашылық сезімін білдірген, ел сүйіктісіне айналған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Маңғыстауға келген сапарында менің дастарханымнан ас ауыз тиіп, немерелерімнің маңдайынан сыйпап, батасын берсе, қарапайым азаматқа көрсетілер “Құрмет одан асып не болсын!” –  дейді…

         Мен қайраткер азамат екенмін! Байтағымыздың ғұламалары Абай, Шәкәрім, Мұхтар шыққан, қасиетті Шыңғыстаудағы Абай ауданының Құрметті азаматы атансам, орақ тілді, жалын жүректі Махамбет ақынның атағымен аталатын  Атыраудағы Махамбет ауданыны мені құрметті азаматым деп қастерлесе, Маңғыстау облысының құрмет грамотасын екі рет алсам, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері атансам “Қайраткерлік одан асып не болсын!” – дейді…

         Бұл сөздерді мен тек қана өзімді-өзім мақтау үшін емес, қазақ халқының әдеті мен ғұрпына, тілі менен сеніміне еңбек еткен адам елімізде қалай бағаланып жатқанын айтқым келіп отыр.

Ойланып қарасам, мен осы атақтар мен құрметтерге ана тіліме еңбек еткеннің арқасында, ана тілімде сөйлейтін халқыма еңбек еткеннің арқасында жеткен екенмін.

         Мен осы сөйлемдер арқылы бұғанасы қатып үлгермей жатып егемен еліміздің ана тіліне еңбек еткендерге қалай құрмет көрсеткеніні туралы мысал келтіргім келді. Әйтпесе кейбір есепқор жандар қазақша сөйлесем желсөзім жұрт жадына жетпей қала ма, іс басындағылар елемей тастай ма деп қауіптеніп, тіпті орынды жерінде жарап тұрған жорғадай ана тілін пайдаланбай, ордаң-ордаң орысшасына басатынын қайтерсің!

         Мемлекетіміз егемендігін алғалы, Елбасымыз Қазақстанның жан-жақты даму процесін эволюциялық жолмен ілгері дамытып келеді. Бұл саясатты оппозиция өкілдері мен билікке таласушылар, талай рет найзадай тілдерінің ұшына ілген, қылыш жүзіндей тілдерімен қидалаған. Бірақ уақыт Елбасының ұстанған саясатын ақтап шықты.

         Экономиканы дамытуға да, сол секілді тіл мәселесі бойынша ілгері басуға да сабырлық керек екен. “Жауластырмақ жаушыдан, елдестірмек елшіден!”. Жауласуға сылтау таппай отырған бір жағыңда өзіңнен 20 есе ормандай орыс қоршап тұрса, бір жағыңда өзіңнен мың есе қытай қамап отырса… Елбасы амал ойламай қайтеді…  Ел амалсыздан сабыр сақтамай қайтеді…

         Көптеген ана тілдің асығыс жанашырлары ”өз төрімізде, өз елімізде отырып неге жалтақтаймыз. Бәрін де қазақша сөйлету керек, көнбейтіндер жөнін тапсын” дейтін, күш көрсету саясатын үгіттейді. 

         Әртүрлі ұлттардың өкілі мекен ететін Қазақстан Республикасы секілді елде ұлтаралық қатынастарды,  діни түсініктерді, тіл мәселелерін революциялық жолмен күштеп шешу, өзге тілділерді зорлап қазақшаға үйрету керек дейтіндер – меніңше халқымызға халық жауынан да қауіпті адамдар деп ойлаймын.

Елбасымыз ел мен елді жауластырмай, ұлт мен ұлтты дауластырмай елімізді аман-есен ілгері бастырып келеді. Жылдан-жылға барлық мәселелер бойынша дамып келеміз, болашағымызға сеніміміз арта түсуде. Оқу орындарын бірте-бірте қазақшаландырып, мектептер мен бала-бақшаларға назар аударылуда. Бұны ана тілге қамқорлық емес деп, қазақ халқына қамқорлық емес деп  кім айта алады?..

Ешкімді ренжітпейтін саясатпен реттеліп республикамызда қазақ саны басым көпшілікке айналды. Бұны ана тіл қамы емес деп кім айта алады?..

Бірнеше облыстарымыз, сол секілді біраз мекемелеріміз іс қағаздарын ана тілде жүргіземіз деп шешім қабылдады. Қолынан келгенін атқарып та жатыр. Бұл ана тілдің ілгері басқаны емес  пе?..

Біз осындай жетістіктерімізді алға тарта халқымызды шүкіршілік пен қанағатқа шақырамыз. Қазақ даналары “асықпаған арбаға мініп қоянға жетеді” дегенде қазақтардың тап қазіргі тарихи мезгіліне, әсіресе ана тіл туралы мәселелерге арнап айтқандай.

Қазақстан Республикасының құрылғанына 15 жыл болды.

Сарапшылар Ана тілінің өз дәрежесінде мемлекеттік тілге айналуына әлі де 10-15 жылжай мерзім керектігін дәлелдейді.

         300 жыл бойы біреуге тәуелді бола жүріп болмысы мен рухын сақтап қала алған халқымыз, қажет десе тағы да 10-15 жыл күтуге шыдамы жетеді деп ойлаймыз. Қазақ халқының тек қана сол мезгілге емес, бойдағы бары мен арын мәңгі сақтай алатынына   сеніміміз мол.

         Біздің бұл шүкіршілігіміз ана тілі алдында тұрған мәселелерге тұсау болу үшін айтылып тұрған жоқ.

Ана тілдің дәрежесін тек қана заң жүзінде емес іс жүзінде де мемлекеттік тілге айналдыру,  дамыту, оның пайдалану аясын кеңейту мәселелері барлық уақытта да мемлекеттің алдына қояр бірінші шаруасы болуға тиіс. Бұл мәселе тек қана мемлекет басындағылардың емес әрбір қазақтың да мүддесі. Сонда ғана тіліміз бәріміз армандаған биіктен көріне алмақ.

Сондықтан да біз бірден екі сұраққа жауап іздегеніміз дұрыс.

Біріншісі, мемлекетіміз ана тіл беделін бар қазақ армандаған биікке көтеру үшін не істеуі қажет?

Екіншісі, біздер, қазақтар ана тіл беделін арманды межемізге жеткізу үшін не істеуіміз қажет?

Міне, бір-бірінен туындайтын ағалы-інілі, немесе әкелі-балалы осы сұрақтар бір-біріне қамқорлық етсе ғана, ана тіл үшін еңбек етсе ғана Қазақстан мен қазақтар ойлаған мақсатына жақындай түспек..

Мемлекет ана тілін дамыту туралы шешім қабылдағанда өзі де орындай алатын, қоғам мүшелері де орындай алатын, ең бастысы мемлекетіміздің тыныштығы мен жұртымыздың татулығын қамтамасыз ететіндей заңдар мен ережелер қабылдауы тиіс.

Мемлекет бағдарламалар қабылдағанда, сол бағдарламаны, жоспарды іске асыру үшін халыққа жағдай жасауды ұмытпауы тиіс дейміз.

Мысал келтірелік. Мемлекет және мемлекеттік баспасөз журналистері ата-аналарға ”балаңды қазақша оқыт деп, қазақша тілге үйрет” деп ұрандатып жатады. Егер менің ауданымда сол баламды орналастырар қазақ бала бақшасы болмаса, немеремді апарар үй жанында мектебім болмаса ол ұранды мен қалай жүзеге асырмақпын?

Тілді жасы жеткендерден емес, бесіктегі балаға үйретуден бастау қажет. Қазақша мектеп пен бала-бақшалар саны бүгінгі жобаны емес, болашақты қамтамасыз ете алатындай  болғанда ғана, мемлекеттің қазақтарға қазақша сөйле деп бұйыруға, балаңды қазақша оқыт деп халыққа бұлдануға қақысы болмақ.

Мемлекетіміздегі барлық оқу, тәрбиелеу мекемелердің 80-90 пайыздай жобасы қазақ тілді болғанда ғана ана тілдің өресі өз-өзінен биіктей бастамақ.

Ақшамыз мол деп жар салып жатырмыз. Ақшаны жұмсайтын ең қажетті орын осы. Бір сыныпта отыз емес он бес бала оқығанда ғана білімнің сапасы көтерілмек. Қазір өзіміз қатарынан орын алу үшін еңбек етіп жатқан кейбір озық елдер мемлекет қауіпсіздігі мен оқу-ағарту жұмыстарына бірдей қаржы бөледі екен.

         Ана тілін ардақ тұту, қазақы болмысты сақтап қалу жұмыстары  жастармен үздіксіз еңбек етуді қажет ететін шаруа.

         Бірнеше жылдан бері “Ана тілі” газеті ұйымдастырып келе жатқан “арулар сыны” секілді тамаша бастама қазақ халқының өнері мен әдет-ғұрпы, тілі мен ұлттық болмысы тақырыбындағы жарыстар аудандық, облыстық, республикалық дәрежеде бала-бақша, мектеп, гимазия, жоғары оқу орындарында  жыл сайын өте жоғары марапатталып өтіп жататын болса, олардың жастар тәрбиесіне тигізер әсері мол болар еді.

         Сондай жарыс қортындысы анықтаған жеке-дара білімпаздары бала-бақшада тегін бағылуға, ақылы мектептерде тегін оқытылуға, жоғары оқу орындарына түсуге құқық беретін мемлекеттік гранттарға ие боларлық сый-сыйапа алып жатса, ондай жарыстар аны тіліміз бен әдет-ғұрпымыздың тамырына тамызған су емес  бал болып шығар еді.

         Бұндай шаралар жоғарыдан шешім күтпей, әр облыстың оқу, тәрбие жұмыстарымен айналысатын басқармалаларының  іске асыра алатын шаруасы секілді.

         Біз қазақтарға ана тілін ардақтаудың, оның беделін көтерудің жаңа сатысына, шешуші сатысына жеттік деп ойлаймыз.

Біз осындай сөздерді бұдан 15 жыл бұрын дәл осылай ашық айта да алмаған болар едік. Ол кезде сәл нәрсеге шамданып қалатындар мол болатын. Саясаткерлеріміздің ақылмен амал қылғандығынан аман-есен бұ күндерге жетіп отырмыз.

Жақын арада Елбасымыз “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деп ұран тастады. Демек, он бес жылғы “ақырын жүріп, анық басқан” қадамдарымыздың біздерді бір жобаға жеткізгені. Дегенмен қауіп жоқ десек қателескен болар едік.

         Жақында ғана Владимир Жириновский деген нақұрыстың Қазақстан туралы, Россия қарауындағы ұлттық республикалар туралы айтқан сандырағын естіген боларсыңыздар. Естімесеңіздер татарыстан, башқұртстандеген атаулар болуға тиісті емес. Бізде тек қана Россия деген бір атау болуға тиіс. Қазақстан деген ел ойдан шығарылған мемлекет деп орталық теледидардан жар салып тұрды. Осындай тек қана біздерге емес, әлем қауіпсіздігіне нұсқан келтірер қауіпті ойлар біз жеке Жириновскийдің айтып отырған ойы деп ойламаймыз. Оны айттырып отырған күш бар екенін, айтақтап отырған саяси салмақты тұлғалар бар екеніне сенімдіміз. Жириновский сенат мәжілісінде депутат әйелді сабағыны үшін, тағы бірде бір депутаттың бетіне түкіргені үшін кезінде бір ай бойы дауыс беру құқығынан айрылмап па еді. Сол есерсоқ жақын арада Ресей мемлекетінің ең дәрежелі орденімен марапатталды… Оның қай еңбегіне бола орден алып отырғанын кім білсін?..

         Осындай құбылыстарға сана жүгірткенде шұғыл шаралар арқылы қазақ тілін революциялық жолмен шешіп тастауды ұсынатындардың тіл мен елге тигізер пайдасынан зияны көп секілді.

         Біз бұл мәселе туралы бұрын да өз ойларымызды айтқанбыз. Тіпті “Ана тілі” газетінің бетінде осы сұрақпен айналысып жүргендерге пайдасы тиер ме екен деп өз бағдарламамызды да ұсынған болатынбыз. Ол “Ана тілі” газетіне басылып та шыққан.

         Тіл тағдыры туралы әңгіме еткенде, балаларымызды оқытқанда біздер ана тіліміздің, қазақ ұлтының нәр алып жатырған тамырлары тым тереңде жатқанынан бастауымыз керек деп ойлаймыз. Өз тегіне деген мақтаныш сезімі – ол ең абзал сезімдердің бірі! Біздер жастардың сондай сезімдерін оятуға тырысуымыз қажет.

         Тарих тылсымының деректері менің өз басымда қазақ болып туғаныма деген мақтаныш сезімдерін оятады. Қалай мақтанбассың!.. Біздің эрамыздан 6 мың жыл бұрын әлемдегі ең алғашқы жазуларды ойлап тауып, артына күйдірілген саз тақтайшаларға жазылған кітап қалдырған шумерлер біздің қазақтардың бабалары екен! Сол саз кітаптардағы сөздердің ең көп өзгермей сақталғаны қазақ тілінен табылады екен. Біздің эрамызға дейін 6 мың, одан кейінгі 2 мың жыл, сегіз мың жыл бойы біздің ана тіліміз әлемді аралап, өз мәдениетін үгіттеумен келіпті…

         Профессор, жазушы Әбілфайыз Ыдырысовтың “Шумерлер мен түркілер” (“Дала мен қала”, 20 қаңтар, 2006 ж.) атты мақаласы, Асан Бахтидың “Шумеры. Скифы. Казахи. (Древняя история происхождения тюрков)”. атты кітап деректері, дүниежүзілік турколгтардың, Гумилев пен Олжас Сүлейменовтің зерттеулері бұ күндері кез-келген түркі тұқымдас елдердің өз тегінің тарихымен мақтануына дәлелдер тауып берді.

         Сөйтсек, түркі тұқымдас елдер, солардың ошағына от тұтатып отырған біздер, қазақтар, ең ежелгі ел өкілдері екенбіз. Жер бетінде алғашқы қалаларды салып, ең алғашқы жазуларды ойлап тапқан көне түркілердің бабалары екен. Ал көне түркілер кімдер деген сұраққа Мырзатай Жолдасбеков өзінің “Орхон ескерткіштері” деген кітабында: “Ал көне түркі дегенді көбіне қазақ тайпалары деп ұққан жөн болады” – деп жауап береді. Ал Асан Бахти болса өзінің “Шумеры. Скифы. Казахи” атты еңбегінде шумер сөздігінен тек қана қой малы туралы 200-дей қазақы сөз тауып отыр.

Ефрат пен Тигр өзендерінің бойында ондаған қалалар салған, алғашқы әріптерді, сына жазуды ойлап тапқан, артына саз кітаптарын қалдырған шумерлер кейін арий, каспий, кассит сынды протүркі тайпалар болғанын, одан кейінірек олардың сақ, скиф, одан да кейінірек массагет, сармат, конгуй, дай, дах, болып атанып өмір кешкендігін тарихшылар, бұлтартпас деректерге сүйене дәлелдеп берді…

         Сол ең ежелгі шумерлер тіліне ең жақын тіл біздің ана тіліміз боп шықты. “Шумерлер, сақтар, қазақтар” деген кітапта келтірілген салыстырмалы сөздіктен ғаламдардың байқағаны олар, шумерлер сүтті сүт депті. Қойды қой, ешкіні ешкі деп атаса, сан сануда да бірнеше сандары әлі күнге біздің тілімізде сақталып қалыпты. Көптеген жер мен су аттарын тарих толқындары әлі шайып кете алмаған секілді.

         Біз ұрпақтарымызды бабаларының жақын, алыс ерлік дастандарымен де таныс етуге тиіспіз.

         Мысалы, Күлтегін жырларындағы:

Соноу бастан, о бастан

Бір-біріне жарасқан

Жаралғалы Қара Жер,

Жаралғалы Көк Аспан

Естеби мен Бумынның

Адамзаттан бағы асқан.

Төрт бұрышы дүниенің

Соларменен санасқан.

Бүкіл түркі әлемі

Екеуіне қарасқан.

Апақ-сапақ,  іңірде

Олар салған дүбірден

Қаптап жатқан қалың жау

Шыбын жаннан түңілген.

Дырдай болып келгенмен,

Бордай болып үгілген.

Басы барлар иіліп,

Тізесі бар бүгілген… деген секілді образды жолдар жастар түгіл біздердің делебемізді қоздыра бастайды.

         Осыларды оқып отырып өзіңнің ескі түркі тұқымы екеніңе қалай мақтанбассың.

Міне, бұл деректер бастауыш мектептердің “Ана тілі” оқулықтарының, жоғары сынып оқушыларының “Әдебиет” кітабының алғашқы беттерінен орын алуға тиіс деп ойлаймыз. Соларды оқып, мақтаныш сезіміне бөленген балалар өз аталарының ұлы болғандығын, тілдерінің дүниежүзі тілдеріне 15-20 пайыз (Олжас ағаның деректері) сөз қосқанын білуі қажет. Ең алғашқы әріпті өздерінің бабаларының ойлап тапқанына мақтана өмір сүруі қажет. Сонда ғана біз орыс тілді бауырларымыздың бетін бері қайтара аламыз. Өз ұрпақтарымызды қазақша білуге құмар ете аламыз.

Билік басындағылардың көпшілігі балалары мен немерелерін тәрбиелеуде әлі күнге орыс тілін ілгері тұтынады… Олар сол арқылы ұзақ уақыт билік басында болуды армандайды. Әзірге бұл саясат жартылай іске асып келеді де.

Сондықтан да еліміздің болашақ азаматтарын қазақ тілді етіп дайындау – ең маңызды мәселе!

Бала-бақшалар мен мектептердің 80-90 пайызы қазақ тілді болғанда,  орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқыту сағаты бар сабақтан жоғары тұрғанда ғана балалар қазақ тілді болып тәрбиеленеді…

         Қазақ тілінде сабақ беретін облыстық пединституттарды әр облыста қалпына келтірмей, бастауыш мектептер мен орта мектеп мұғалімдерінің статусын көтермей, жұмсауға орын таба алмай жатырған қаражаттарды сол жерлерге салмай, қазақтар екі жақ боп дауласқаннан түк те шықпайды…

Қазір ана тілімізді арман биігіне жеткізу үшін мемлекетімізге ақылға бағынған сабыр, тәжрибеге бағынған есеп, соларға жұмсар мол қаржы керек, тілге  мемлекеттік қамқорлық қажет.

Ал екінші мәселе бойынша, ана тіл беделін арманды биікке көтеру үшін, әр қазақ не істеуі қажет?        

Біз кез-келген қазақтың “Ана тілінің – тек қана анасы емес, оның немересі мен шөбересі де”  екенін сезіне білуі қажет деп ойлаймыз.

Содан барып біз: “Баласы мен немересі ана тілінде сөйлемейтіндер – бұл өмірден ұрпақсыз өткен жандардай!” –  деген ойымызды, біреулер арына тиетін сөз болса да айтқымыз келіп тұр.

Ана тілді қорғау – Отаныңды сыртқы басқыншы жаудан қорғау секілді нағыз патриоттық сезім іске асырар іс.

Бұл іске нағыз Отаншылдық сезім керек!

Болғанда мәдениетті патриотизм – ешкімді қорламайтын, ешкімге күш көрсетпейтін потриотизм керек. 

Отан деген сөздің – отбасы сөзінен шыққанын қазір біраз кісілер мойындап, біраз ғалымдар дәлелдеп болған.

         Отаншылдықты әуелі әркім өз отбасынан бастаса…

         Ошақбасында орысша сөйлеу түгілі, сөйлеміне өгей сөзді кірістіріп жібергенді ұятқа санайтындай жобаға жеткізе алса… Сонда ғана әр қазақ ана тілі алдында өз борышын өтеп шығады деп ойлаймыз.

         Осылармен қоса айтылуға тиіс, бірақ айтылмай келе жатқан бір ақиқат бар.

         Ол көпшілік орыстар мен орыс тілді адамдарының елу жыл тіпті жетпіс жыл қазақ арасында өмір сүріп, қазақша сөйлемеуі, мойындамауы, менсінбеуі…

         Ендігі жерде олардың жетпіс жасқа келген қарттарының жетпіс жыл бойы өз Отаным деп есептейтін Қазақстанды Отаным деп сүйе алмауы, қазақтарды отандастарым деп қадірлей алмауы туралы әдепті түрде ескертіле бастауы қажет. Өздері Отаным деп отырған елінің ана тілін үйрене алмаған дарынсыздығымен ұялту қажет.

         Орыс тілділердің әлгі кемшіліктері беттеріне кемшілік ретінде жасырылмай, күл-білтеге саланбай айтыла бастауға тиіс. Мәдениетті түрде, олардың арына тимей қазақша, орысша басылымдарда жазыла бастауы дұрыс дер едік. Айтылмағасын олар өздерінікін дұрыстыққа санауда. Айтылмағасын, естімегесін олардың ұрпақтары да солай тәрбиеленуде.

Баяғыдан бері қазақ тілін қолдап келген Терещенко мінезі біздің бұл ойымыздың дұрыстығын дәлелдейді.

Бірақ жасы жеткендерді, оқы деп, біл деп зорлау орынсыз деп ойлаймыз.

         Ал қазақ жастарына айтарымыз олар бір-бірімен білім жарысында бәсеке ретінде қабылдайтын бір түйсікті бойларына сіңіру, тырысу қажет секілді… Мектеп бітіретін әр қазақ жасының ешкім біл деп зорламаған, ешкім оқы деп бұйырмаған, бірақ оны өзі ішкі сезімімен, түйсік санасымен қабылдаған бір мақсаты болуға тиіс… Олар, қазақ жастары, орыс пен ағылшын тілдерін де ана тіліндей біліп шығамыз деп талпынатын болса…

         Олар, біздің бүгінгі ұрпақтарымыз, егемен еліміздің болашақ иелері, осы үш тілді қатар жарыстыра сөйлейтін азаматтар болса…

         Сонда біз болашақ Қазақстан үшін де, болашақ қазақтар үшін де, ана тіліміз үшін де уайым шегіп, қайғы жемеген болар едік…

 

                                                                  Ақтау. 23.06.2006 ж.

 

 

Запись опубликована в рубрике Ұлт болмысы. Ана тілі. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.