Актау-Сити жобасы

 

 

Құрметті Ақтау қалалық мәслихат депутаттары! Сіздерге осы сессия жұмысына қатысуға мені шақырғандарың үшін рахметімді айтамын және сессия жұмысына табыс тілеймін.

Сіздер Ақтау қаласы үшін көптеген пайдалы шешімдер қабылдап келесіңдер. Ал бүгінгі қарап жатырған мәселелеріңнің мәні ерекше деп ойлаймын. Мен “Ақтау-Сити” жобасын ерекше қуанышпен қабылдадым.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың басында туындап, жарты жылдан бері әлемнің көптеген сәулетшілерінің талқылауына түскен, әлемнің экономистерінің сараптауынан өткен “Ақтау-Сити” жобасы іске асырылған кезде тек қана Сіздер мен біздің емес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының мақтанышына айналатынына сенімдімін. Өйткені дәл осы секілді жобаның, біз бір топ ақтаулықтар, Дубай қаласында, араб теңізінің жағасында іске асқанын көріп, адам баласының тындырған ісіне бола, ерекше сезімді бастан өткізіп келдік.

Біз теңізіміздің жағасында болашақ өмірге келмек Әмірлер еліндегі “Дубай-Марияна” секілді жаңа қала үшін іштей мақтаныш сезіміне бөлендік.

Бұл мақтаныш – елінің жетістігі үшін азамат мақтанышы!

Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі ретінде, Ақтау қаласының жай ғана тұрғыны ретінде Қазақстанның Тәуелсіздігіне 15 жыл толар-толмаста біздің Отанымыздың бір облысы ғана әлемді елең еткізерлік осындай қимылға бара алуына деген мақтаныш сезіміне бөлендім!

Бұл біздің қаламыздың емес, облысымыздың үлкен жеңісі!

Бұл жоба – Қырымбек Елеуұлының саясаттағы да, экономика саласы бойынша да үлкен нәтижелі ісі болды. Мол шетел қаржысы Каспий теңізі мен Ақтау қаласы үшін еңбек ететін болды. Бір тиынын босқа шашпайтын, ақша санап үйренгендердің  озық технологиясы мен озық тәжрибесі біздің қаламызды әлем мойындаған озық деңгейге жеткізуге қызмет етпек. Осындай жолға  басылған қадамды қалай мақұлдамассың! Қалай “Сәт сапар саған, Ақтау-Сити” демессің.

Бұл біздің облыстың Елбасының Қазақстанды озық 50 ел қатарына қосу бағытындағы жоспарының Маңғыстаудағы көрінісі болмақ.

Енді бір-екі ауыз сөзді Әмірлік еліне, Дубай қаласына арнайтын болсақ, ол елде бар істелінетін шаруа жеке бір кісінің емес, тұтас қауымның көңілін табуға арналатын секілді. Ол елдің сәулетшілері адамдарына тәртіп бұзуға мүмкіндік қалдырмайды екен.

Мысалы әр түп гүлдің астына су тамызып жатқан система, сені үнемшілдікке баулымай қайтеді.

Екі миллион жұрты бар ел, бес миллион келімсекке жұмыс тауып беріп отыр. Барлығының өз орны бар, өз құқы бар. Бірін бірімен араздастырар сылтау қалдырылмаған. Бәрі шешілген. Қалай риза болмассың.

Қу медиен ақ шағыл құм далаға гүл жайнаған қала салып алыпты. Аяқ басар бос жер жоқ. Ғимраттар мен жолдар, олардан бос жерге көк шөп егілген. Біздердегі секілді “шөпті баспа” деген жазу жоқ. Бірақ шөпті бастырмаудың бар амалын істеген. Адам жүретін жерлерге тас төсеген. Орынсыз өтуге тырысатын жерлерге ағаш егіліп, араларына биік шарбақ салып тастаған. Амалсыз мәдениетті боласың.

Біз аралап көрген отыз, қырық қабатты он екі үй бір ауыл секілді. Үйлер арасын екі-үш қабатты құрылыстармен жалғастырған. Сол үйлердің екінші-үшінші қабаттарында автотұрақ, паркинг. Олардың тазалығы біздің мәдениет сарайынан кем емес. Әр машина қойылатын жерде машинаның шығаратын газын сорып алатын арнайы қондырғы. Бірнеше жүз машина тұрған жерде танауыңды жыбыр еткізер бір иіс жоқ. Бірінші қабатында ресторандар мен кафелер. Дүкендер мен клубтар. Спорт кабинеттері мен балалар ойнайтын алаңдар. Мектеп те, бала-бақшада, спорт алаңы да сол жерде. Теңізден 200-300 метрдей жердегі үйлерге канал арқылы теңіс суын айналдырып қойып және соның қасына бассейін де салып кетіпті. Кішкентай балалар ойнайтын алаңға бір машина құм төгіп тастапты. Балалар шашып тастаған құмды ауық-ауық қызметшілер жинастырып кетіп тұр. Бұл елде әлгідей ауылға бір септик салады екен де, кешке, адамдар ұйқыға кеткенде арнайы машиналар сорып алып кетеді екен. Бір ауылдың системасы бұзылып жөндеу керек болса, басқа ауылға зияны жоқ. барлығы бөлек-бөлек жобаланған. Құрылыс салу қарқыны соншама тез. Біраз елді көрген, қырық бес жыл құрылысшы атанған менің өзім өз көзіммен көрмесем басқаның сөзіне нанатын емес екенмін. Қалай қызықпассың.

Қытайға барған сапарымда қытай қазақтары “қытай көргенін істейді” деп қытай халқын келемеш ететінін естіп едім. Көргеннен үлгі алып, дүние жүзінде қандай жаңалық бар деп әлемді кезіп жүретін американдықтар мен ағылшындар, жапондар мен қытайлар, “көргенінен көз ақы алып”, бұ күнде бәрі озықтар қатарына қосылды.

Адам да, маман да көргенінен үлгі алады.

“Ақтау-Сити” жобасының еліміздің жалпы құрылыс мәдениетін дамытуға болашақ тигізетін пйадасының орасан зор екеніне көзім жетеді. Құрылысшы мамандарды айтпағанның өзінде Қазақстанның құрылыс, сәулет мамандықтары бойынша оқып жатқан мамандарының болашағына зор әсері болмақ.

“Ақтау-Сити”  жобасының адам психологиясына тигізер әсері де мол болмақ. Жақсыны адамдар сақтайды. Ақтау қаласының көшесіне гүл егіле бастағанда гүл тағдырын ойлағанбыз, тентектер жұлып тастайды-ау деп қынжылғанбыз. Жоқ, бәрі орнында, көз қуандырып өсіп жатыр.

Ол елдің аз ғана уақытта озықтар қатарына қосылуының басты себептері:

·        Елдің ауызбірлігі. Халқы патшасын пайғамбар дәрежесіне көтеріп тастаған;

·        Шет ел қаржысын пайдаланудың тиімді жолын тапқан;

·        Басқа ел ғалымдарының ақылын пайдалану, тәжрибесін пайдалану ең жоғары орында тұр;

·        Халқының жаңалыққа деген ынтасы қалыптасқан.

Осыларды зерделей келіп, біз ақтаулықтар үшін арнайы туристік сапар, Ақтау-Дубай маршрутын ұйымдастырса қалай болар еді деп ой тастаймыз.

Ол елдің ел басшысын қалай құрмет тұтатынын, қаласын қалай мақтаныш ететінін, өз қолдарымен және шет ел қаржысымен не тындырып жатқанын көріп келсе, сондай кісілердің қаламызға жақсы ықпалы болар еді-ау деп ойлаймыз.

Үлгі ала білген үлгі бола да біледі.

 

                            Сайын Назарбекұлы. Ақтау. 29.11.2006 ж.

 

Запись опубликована в рубрике Отан.Жер. Ел. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.