Актау Сити — арман қала

 

 

Қазақ халқының аузында “жақсылық хабар!” деген әдемі сөз тіркесі бар. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған “Ақтау-Сити жобасы” атты әңгімемізді сондай хабарлар қатарына қосқалы отырмыз. Басқа да хабарлар болып жатады. Солардың бірі біздің өлкемізге осы жылы  “жаңа әкім тағайындалыпты” деп жетті. Әрине бұл хабар ел үшін де, жер үшін де ең басты уақиғалардың бірі. Өйткені сол өлке мен сол жерде тұратын халықтың тағдыры сол күннен бастап әлгі тағайындалған кісінің қолына өтеді. Өзінің ел алдындағы азаматтық міндетін түсінген жанға одан өткен ауыр жүк жоқ болар. Ал еңбегін халыққа бағалата алса, халықтың рахметіне бөлене алса әкім атанған жанға бұдан өткен құрмет бола қоймас…

Ал әлгідей хабар жақсылыққа болып елді жаңа жетістіктерге бастайды ма, әлде өз орнынна сәйкес келмеген жан әкім болып келіп ел берекесін кетіре ме, не болса да ел тағдыры сол кісінің қолында… 

Сайланғанның қайта сайланатыны секілді, тағайындалған әкімнің ауыстырылатыны да белгілі. Содан болар “жаңа әкім  елімізге не  әкелер екен, кетерінде жерімізге не қалдырар екен” деген ой бәріміздің де басымызды бір аралап шығары сөзсіз…

Маңғыстау өлкесіне жаңа әкім тағайындалғанына бір жылға жуықтап қалды. Құдайға шүкір, осы бір жыл Маңғыстау үшін ерекше өрлеу кезеңі болды десек асырып айтқан бола қоймас.

Біздің бір байқағанымыз соңғы келген жаңа әкімнің жұмысқа деген ынтасы мен жұмысты жүргізу екпіні, маңындағы қызметкерлерді “ақырын жүріп, аңдап басу” әдетінен шығарып жіберген секілді.  Облыста тындырылып жатырған істер туралы жұртшылық хабардар. Сондықтан да бүгін біз осы мақаламыздың желісі етіп жеткен жетістіктерімізді емес, баршамызды елең еткізген жаңа жоба туралы, өзіміздің Ақтауды әлемдік Ақтау еткелі тұрған “Ақтау-Сити” жобасына, Ақтаудың болашағына арнамақ болып отырмыз…

Сан ғасырлар бойы біздің қасиет қонған осы өлкеміздің төсінен дүбір арылмай қойған болатын. Жердің қасіреті қалыңдай түссе ұлдарының намысы да ширыға түсетіне белгілі. Бірақ олар қанша тырысса да басына төнген тоқпақтан құтыла алмай-ақ қойды.  Еліміз сол тағдырға талай қайрат көрсете жүріп, амалсыз шыдаған. Жаратқаннан жақсылық күтуден жалықпаған. Қанағатымен қарнын тойғызып, болашағынан үміт күткен. Ауыр тағдырдың ақыры бір өтеуі болуға да тиіс болатын.

Міне мынау, 15 жасқа толғалы жатқан егемендігіміз, әлемге көз тігіктіріп отырған  өлкеміздің өркендеу қарқыны халық үмітінің ақталғаны деп ойлаймыз.

“Ақтау-Сити” жобасы да халқымыздың талай ауыр кезеңде қанағат пен шүкіршілік еткенінің өтеуі секілді.

Аз уақытта тындырған істерімен аты зор құрметке бөлене бастаған Маңғыстау облысының жаңа әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев кәдімгі ертегілерде  кездесетін қиялдағы батыр тұлғаға айнала бастады…

Бір жобадан соң бір жоба… Бір істен соң келесісі…

Тоқтау жоқ…  Қарқын бар…

Тоқырау жоқ…  Ізденіс бар…

Демалыс жоқ…  Қортынды бар…

Тындырылып жатырған істер мен туындап жатқан жаңа жобалар әкім маңында сембісіз, жексембісіз жүргендердің көкірегіне мақтаныш сезімдерін оятып, осы істе менің де үлесім бар дегізуде…

Біздің ойымызша солардың ең шоқтығы биігі “Ақтау-Сити” жобасы болмақ.

Облыс әкімі Қырымбек мырзаның басында туындап, жарты жылдан бері әлемнің көптеген сәулетшілерінің талқылауына түскен, әлем экономистерінің сараптауынан өткен “Ақтау-Сити” жобасы іске асырылған кезде тек қана ақтаулықтардың емес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының мақтанышына айналатынына сенімдіміз. Оған дәлел ретінде өзіміз араласпасақ та Астанада тындырылып жатырған істерді өзіміз тындырғандай сеніммен қабылдап, іске асқан жобалар үшін мақтаныш сезіміне бөленіп жататынымызды алға тартуға болады…

Барлық адам пендесі адамзат баласы тындырған жақсы жетістіктер үшін мақтана алады. Жаратылыстың адам баласының адамгершілігі атты дәрежесіне сыйланған сол қасиет арқасында Гагарин космосқа ұшқанда жер шары боп қуанышқа бөленгені  соның дәлелі.

Біз бір топ ақтаулықтар Дубай қаласында, араб теңізінің жағасында тындырылып жатқан істер мен салынып жатырған ғимраттарды көріп, жалпы адамзат баласы үшін, олардың өнері мен ақылына деген ерекше сезімді бастан өткізіп келдік… Адам баласының қандай істі де тындыра алатынына көз жеткізіп қайттық…

Сондықтан да “Ақтау-Сити” жобасын біз ерекше қуанышпен қабылдап, болашағынан үміт күтудеміз.

Оған бірнеше себептер бар.

Біріншіден, біз бұл жоба арқылы озықтардан өнеге алатын болдық. Ақтау Сити қаласы салынса жалпы сәулет пен құрылыс өндірісіне айналысатын бар маманға қажетті көрнекті құрал  етіп пайдаланатын ғимраттарымыз болмақ… Жұмыс жасау әдісіміз болмақ…

Екіншіден, бұл жоба іске аса қалған күнде ол беті ашық оқулық құралына айналмақ. Бұл жоба ұзақ жылдар бойы “құрылыс өндірісін ұйымдастыру және технологиясы” атты пәннен сабақ берген біз секілді ұстаздың түсінігі бойынша  құрылыс салудағы теория мен тәжрибенің әліппесіне айналмақ…

Үшіншіден жастар тәрбиесіне, олардың (құрылысшы жастардың) еңбекке көқарасы мен сапа туралы түсінігіне әсер ететін болады… Бұл ерекше нәрсе. Жастардың, жалпы адам баласының өзінің көріп өскенінен артықты, жақсыны арман ететіні табиғи құбылыс. Ендігі жерде (Ақтау-Сити салынып болған кезде) біздің жастарымызға “Ақтау-Сити” жобасы бойынша салынған ғимраттар, жетістіктер үйреншікті нәрсе болып қабылданады. Болашақ сәулетшілеріміз бен құрылысшыларымыз одан да оза түсуге тырысатын болады…

Бұларға қоса жаңа технология мен ғылым жетістіктерін пайдалану, жарасым мен әсемдікті қабылдау, ақыл мен ой өрісің дамуы… тағысын тағылар…

Ендігі жерде біздің жасымызға да, жасамысымызға бұл жаңа қала әсемдік пен мәдениеттің, өнер мен ақылдың туындысы ретінде тәрбиелік әсер бере бастайтыны сөзсіз. Бізге бұрын құрылыс деген шашылып жатқан шеге мен қатып жатқан бетон болып елестейтін болса, ендігі жерде құрылыс алаңы дегеніміз ең таза үйдің ауласындай,  ең ұқыпты қожайынның шаруашылығындай деген түсінік қалыптастырмақ. Оның қиын нәрсе емес екенін мойындатпақ… Содан барып ұрпағымыз “бізге ондай қайда?” дегізер кертартпалықтан құтылатын болады…

Төртіншіден “Ақтау-Сити” алаңының өндірістік тәжрибе алаңына айналатыны сөзсіз…

Бесіншіден… Санай беріп қайтеміз, бұл жобаның бізге берер үлгісі де, біздің бұл жаңа қаладан үйренеріміз де мол болатынына сенімдіміз…

Біз Дубайдағы “Дубай-Марияна” атты салынып жатқан жаңа қаланы аралап көрдік. “Ақтау-Сити” қаласы соның көшірмесі болмақ. Біз соларды көре жүре Ақтаудың болашағын көзімізге елестете, болашақ жаңа қала үшін, болашақ Ақтауымыз үшін іштей мақтаныш сезіміне бөлендік.

Бұл жай мақтаныш емес, бұл өмір көрген, өмір сүрген адамның өз елінің жетістігі үшін азаматтық мақтанышы!

Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі ретінде, Ақтау қаласының жай ғана тұрғыны ретінде Қазақстанның Тәуелсіздігіне 15 жыл толар-толмаста біздің Отанымыздың бір облысы ғана әлемді елең еткізерлік осындай қимылға бара алуына деген мақтаныш сезіміне бөлендім!

Бұл біздің қаламыздың емес, облысымыздың үлкен жеңісі!

Бұл жобаны біз Қырымбек Елеуұлының саясаткерлігінің,  экономика саласындағы білімпаздығының арқасында тындырылған үлкен нәтижелі ісі деп есептейміз.

Олай дейтініміз миллиартаған доллар шетел қаржысы Каспий теңізі мен Ақтау қаласы үшін, Қазақстан мен қазақ халқы үшін еңбек ете бастайды.

Бір тиынын босқа шашпайтын, ақша санап үйренгендер өздері де пайда табады, сонымен қоса  олардың әлемдік озық технологиясы мен озық тәжрибесі біздің қаламызды әлем мойындаған озық деңгейге жеткізуге қызмет ететін болады. Біздің болашақ істерімізге үлгі бермек. Біз бүгін олардан үйренерміз, мүмкін ертең олардан асып та түсерміз.

Осындай жолға  басылған қадамды қалай мақұлдамассың! Қалай “Сәт сапар саған, Ақтау-Сити” демессің!..

Бұл Елбасымыздың Қазақстанды озық 50 ел қатарына қосу бағытындағы жоспарының Маңғыстаудағы көрінісі болмақ. Маңғыстаулықтардың сол үндеуге қосқан үлесі болмақ!..

Енді әңгімемізді Әмірлік еліне, Дубай қаласына қарай бұратын болсақ, ол елде бар істелінініп жатырған шаруа жеке бір кісінің емес, тұтас қауымның көңілін табуға арналатын секілді.

Мысалы көшеде өсіп тұрған әр түп гүлдің асты жеке-жеке қопсытылатын көріп өскен бала қалай еңбек етуге үйренбесін?..

Қолдан егілген әр пальма ағашының тамырына су тамызып жатқан система, сені үнемшілдікке баулымай қайтеді.

Адам көшеде өсіп тұрған әр пальма ағашын мемлекет жеке адамдардан он мың долларға сатып алатынын біле тұра қалай жапырағын жұла алмақ?!

Олар, екі миллион жұрты бар ел, бес миллион келімсекке жұмыс тауып беріп отыр. Барлығының өз орны бар, өз құқы бар. Бірін бірімен араздастырар сылтау қалдырылмаған. Бәрі шешілген. Қалай риза болмассың.

Ол елдің сәулетшілерінің қабылдаған жобалары, мемлекет басындағылар шығарған заңдары ел адамдарына тәртіп бұзуға мүмкіндік қалдырмайтын секілді.

Еске түсіп отырған бір мысалды жұрт назарына ұсына кетелік. Ол елде автокөліктер номерінің қатар саны кісінің қоғамдағы орнын білдіреді екен. Әріптеріне көңіл бөлінбейді. Мысалы бір орынды саны бар машина кездесіп қалса сіз олмашинаны бір шейхтың машинасы деп ойлайсыз, және атағына сәйкес құрмет көрсетесіз. Ал екі не үш орынды сандарды көбіне мансаптылар мен қалталылар иеленетін секілді. Оларға жай адамдардың шамасы жете қоймайды. Төрт орынды, бес орынды номері бар машиналарда кездеседі. Бір таңқаларлық нәрсе барлық номерлер аукцион арқылы сатылады. Бір орынды номерлер бағасы кейде машинасынан үш-төрт есе қымбатқа түседі екен. Ең керемет машиналар бағасы 80 мың доллар болатын болса, сол машинаға тағылатын номер аукционда 300 мың долларға дейін көтерілген кезі болған. Жай халық төрт не бес орынды  номерлерді аукционда ең төменгі бағаларға сатып ала алады. Олардың заңы номер беретін қызметкерлердің өз жұмысын жеке бас пайдасына асыру мүмкіндігінен айырған. Тағы бір қызығы сіз номерді бір-ақ рет аласыз. Машинаңыз ескірсе сол номеріңіз келесі машинаға қалады. Екі машиналы болғыңыз келсе аукционға барып тағы бір номер сатып аласыз. Арабтардың басқа заңдары да осы секілді. барлығы да мемлекет қазнасына еңбек етіп жататын болса керек.

Эмират арабтары қу медиен ақ шағыл құм далаға гүл жайнаған қала салып алыпты. Аяқ басар бос жер жоқ. Ғимраттар мен жолдар, олардан бос жерге көк шөп егілген. Біздердегі секілді “шөпті баспа” деген жазу жоқ. Бірақ шөпті бастырмаудың бар амалын істеген. Адам жүретін жерлерге тас төсеген. Орынсыз өтуге тырысуы мүмкін жерлерге ағаш егіліп, араларына биік шарбақ салып тастаған. Амалсыз мәдениетті боласың.

Бүкіл елінде көшеде тұрған бірде бір ГАИ қызметкері кездеспеді. Барлық қозғалыс бағдаршаммен және жол бойындағы көпірлер мен жол айрылықтары арқылы реттелген..

Үйлердің тұрмысқа бейімділігі адамды таң қалдырады. Біз аралап көрген отыз, қырық, елу қабатты он екі үй бір ауыл, не шағын қала секілді. Үйлер арасын екі-үш қабатты аласа үйлермен жалғастырған. Сол үйлердің екінші-үшінші қабаттарында автотұрақ, паркинг. Автотұрақ тазалығы біздің мәдениет сарайынан кем емес. Әр машина қойылатын жерде машинаның шығаратын газын сорып алатын арнайы қондырғы. Бірнеше жүз машина тұрған жерде танауыңды жыбыр еткізер бір иіс жоқ. Далада 40 градус ыстық, автотұрақ іші қоңырсалқын. Бірінші қабатында ресторандар мен кафелер. Дүкендер мен клубтар. Спорт кабинеттері мен балалар ойнайтын алаңдар. Мектеп те, бала-бақша да, спорт алаңы да сол жерде. Теңізден 200-300 метрдей жердегі үйлерге канал арқылы теңіз суын айналдырып канал жүргізіп қойып, оған қоса бассейін де салып кетіпті. Кішкентай балалар ойнайтын алаңға құм төгіп тастапты. Балалар шашып тастаған құмды ауық-ауық қызметшілер жинастырып кетіп тұр. Кешке қарай әсем сазды фонтандар аспанға маржанын шаша шапшығанда қарай бергің келеді. Бұл елде әлгідей ауылға бір септик салады екен де, кешке, адамдар ұйқыға кеткенде арнайы машиналар сорып алып кетеді екен. Бір ауылдың системасы бұзылып жөндеу керек болса, басқа ауылға зияны жоқ, барлығы бөлек-бөлек жобаланған. Құрылыс салу қарқыны соншама тез. Біраз елді көрген, қырық бес жыл құрылысшы атанған менің өзім өз көзіммен көрмесем басқаның сөзіне нанатын емес екенмін. Қалай қызықпассың?!

Далада дем алдырмастай ыстық, ал бір алып ғимраттың ішінде арабтар тау басынан төмен қарай ызғытып шаңғы теуіп келеді. Далада тынысыңды тарылтар ыстық, ал әлгі алып құрылыстың ішінде 20 градус аяз. Адамдар суық сібірдің тұрғындары секілді тұмшаланып киініп алған. 

Дубайда үйлер өте биік салынады, тіпті 180 қабат үй салынып жатыр. Екі жылдың ішінде 80 қабатын бітіріп тастапты…

Біраз үйлер бір ауылға біріктірілген, сырттан ешкім өзбетінше келе алмайды. Өйткені сырттағы қақпа ашылу үшін сен алақаныңды электрон жүйге басып, “сен” екеніңді білдіруің қажет. Электрон жүйесі сені “сен” деп таныса есік алдындағы қарулы әскери күзет ішке кіргізеді. Бұл маңайда да тәртіп бұзуға, ұрлық қылуға мүмкіндік қалдырылмаған.

1994 жылы Қытайға барған бір сапарымда қытай қазақтары “қытай көргенін істейді” деп қытай халқын келемеш ететінін естіп едім. Көргеннен үлгі алып, дүние жүзінде қандай жаңалық бар деп әлемді кезіп жүретін американдықтар мен ағылшындар, жапондар мен қытайлар, “көргенінен көз ақы алып”, бұ күнде бәрі озықтар қатарына қосылды.

Адам да, маман да көргенінен үлгі алады.

“Ақтау-Сити” жобасының еліміздің жалпы құрылыс мәдениетін дамытуға тигізетін пайдасының орасан зор екеніне түсіну үшін арнайы білімнің қажеті жоқ деп ойлаймын.

Сол секілді “Ақтау-Сити”  жобасының адам психологиясына тигізер әсері де мол болмақ. Жақсыны адамдар сақтайды да, құрмет тұтады. Ақтау қаласының көшесіне гүл егіле бастағанда гүл тағдырын ойлағанбыз, тентектер жұлып тастайды-ау деп қынжылғанбыз. Жоқ, бәрі орнында, көз қуандырып өсіп жатыр.

Біз сұрастыра жүріп ол елдің аз ғана уақытта озықтар қатарына қосылуының басты себептерін анықтауға тырыстық. Сұрақтарымызға алған жауаптарымыздан түйгенімізді баяндап көрелік, басты себептерін атап өтуге тырысалық…

·        Ең алғашқысы – елдің ауызбірлігі. Бұдан қырық жылдай бұрын ол елдің бір данасы ел басын біріктіре алған. Енді халқы сол патшасын пайғамбар дәрежесіне көтеріп, атын аңызға айналдырып алып, ел бірлігіне еңбек еткізуде;

·        Ел басшылары шетел қаржысын өз жеріне тартудың, дұрыс пайдаланудың тиімді жолын тапқан;

·        Басқа ел ғалымдарының ақылын, тәжрибесін пайдалану ең жоғары орында тұр;

·        Халқының жаңалыққа деген ынтасы қалыптасқан. Ел басшыларының, депуттатарының, мемлекеттік органдарының қабылдаған шешімдерін талқыға салып жатпайтын секілді…

Біз Маңғыстау облыс әкімінің жанындағы “Градсовет” мәжілістерінде Жаба ауқамын, оған кететін ондаған миллиарда АҚШ доллары жобасындағы қаржы мөлшерін, үйлердің көп қабаттылығы мен құрылыс уақытының қысқалығын естігенде көңілге күдік кірген кездері де болған. 100 мың халық тұратын қаланы бірден жобалап, бірден бастап, осыншама аз уақытта салып болуға болатынын бұрынғы өз тәжрибеміздің қортындыларына сүйене, құрылысшы ретінде, біз қиялымызға сыйғыза алмайтын едік.

Дубай сапары осы күдіктерден айықтырды.

Өздері сайлаған ел басшысына сене білген олар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, өркендеудің дүние жүзінде жоқ қарқынын туғызып, көптеген өндірістік істерде, құнарсыз, сусыз далада тіршілік ету жолдарын тауып барша дүниеге бейбітшілік пен ауызбіршілікте өмір сүрудің, еңбек пен ақылға сүйенудің қортындысының қандай нәтиже беретінін дәлелдеп берер үлгілер ұсыныпты.

Шетелдік инвестиция мен шетелдік ақыл бұлар дамуының басты құралы болғанға ұқсайды. Басқа елдерді қоя тұрып, олардың Қазақстан азаматын қалай пайдаланғаны туралы бір мысал келтіре кетелік. Өзімен келісілмегендіктен ол кісі атын атауды жөн көрмедік.

Қазақстанның бір талапты да білікті жігіті өз ақылы мен қуатын 1990 жылдары Қазақстанда пайдалану мүмкіншілігін таппай жаңа қарқынмен дамып келе жатқан Эмираттар еліне барыпты. Ол елде іскер кісілерге жол ашылғаны соншалық, әлгі қазақ он шақты жылда өндіріске миллиардтаған қаржы жұмсай алатын дәрежеге жетіпті және ел өндірісіне салатын қаржысының мөлшері арқасында сол ел королінің сүйіктілерінің біріне айнала алыпты. Біздер әлгі қазақтың самолетімен Алматыдан Дубай ұштық, сол кісінің ел басшысынан сұрап алған тік ұшағымен араб эмираты астанасы Абу Дабиді аспаннан байқауға мүмкіндік алдық. Сол кісі қаржысына тұрғызылған үйлерді тамашалап, сол кісі қатысқан жобаларға таңдай қақтық. Сол кісінің арқасында көптеген кісі сыртынан ғана қарай алатын ғимраттардың жертөлесіне дейін тамашаладық. Теңіз астындағы ресторан мен 44 тонна алтын жұмсап салған, бір мезгілде 44 елдің елшілігін қабылдай алатын сарайды көрдік.

Қырымбек Елеуұлының фантазиясынан туындаған “Ақтау Сити” жобасын қолдаған Біріккен Араб Эмираттарының королі елінің біраз мамандарымен бірге сол қазаққа да осы жобаны іске асыру үшін еңдек етуді тапсырыпты.

Бұл күндері Әмірлік елінен жаңадан дамып келе жатқан елдер түгілі Америика бастаған ең дамыған елдердің де үйренетіні жетерлік екен.

Бар болғаны екі миллион елі бар бәдәуй көшпенділер, бес миллион келімсектерінің, миллиардтаған шетел қаржысының күшімен қу медиен даласын гүлстанға айналдыра алыпты. Басқаларға дандайсый қарайтын ағылшындар мен француздарды сол шөл даланы бір көріп қайтқанын өздеріне мақтаныш ететіндей дәрежеге жеткізіпті.

Ақтау-Сити қаласының жобасы кәзір Америкада дүниежүзінің көптеген атақты сәулетшілерінің (88 ел сәулетшілері тартылған) қатысуымен іске асырылуда.

Бұдан жарты жыл бұрын Қырымбек Елеуұлының басында туындап, нақты ұсынысқа айналған бұл ой түйіні жақын арада, соншалықты аз уақытта, өз жемісін бере бастамақ.

Әлемдік жаңа технология мен алдыңғы қатарлы жетістіктерді, әлемдік ақыл мен адам күштерін пайдалаудың ұтырлы әдістерін пайдалану бір кездерде жапондар мен американдықтарды, кейін еврейлер мен арабтарды алға шығарса, ендігі жерде сол әдістерге біздің Қазақстанымыздың да бет алғаны байқалады. Соның айқын дәлелі осы Ақтау Сити жобасы болмақ. 

Бұл елдің халқы өздерінің шөл даласына іскерлігінің арқасында, әлемдік жаңалықтарды пайдаланудың арқасында жайқалған орманды жолдар мен гүл жайнаған қалалар салып ала алды.

Олар адамзат мәдениетінің соңғы екі мың жылдық ғұмырында теңдесі жоқ, “Әлемнің сегізінші кереметі” атала бастаған Дубай пальмасын, жеті жұлдызды қонақжай ғимратын өмірге келтіре алыпты. 

Біз өз ұлтының діні мен ғұрпын сақтай, өз қаражаттары мен өзге ел капиталдарын ұтымды пайдалана өз елінің адамдарына “жұмақ жай” және сол елде еңбек етіп жүрген басқа ел адамдарының адал, сапалы еңбек етулері үшін барлық мүмкіншіліктерді ұйымдастыра алған елді көріп келдік.

Біз Каспий жағасында “Ақтау Сити” қаласының аз ғана жылда бой көтеретініне сенімді болып қайттық.

Өйткені бұндай қарқын біздің ел дамуында да толық байқалуда. Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік дамудың озық үлгілерін Қазақстанның дамуына тиімді пайдалануы елімізді бар болғаны 15 жылда қарқынды дамып келе жатқан елдер қатарына көтерді.

Әлем сәулетшілерінің фантастикалық ойларынан туындаған жобалардың Астанадағы үлгілері біздің мақтанышымызға айналды.

Сол үлгілер секілді “Ақтау-Сити” жобасы да  Қазақстанның  зор қарқынмен дамитынына, жарқын болашағына көз жеткізе түседі.

“Ақтау Сити” тек қана маңғыстаулықтардың мақтанышы болып қалмай біздің байтақ Қазақстанымызға да үлгі бола алады деп сенеміз.

Абай атамыз “болмасаңда ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз” деп тегін айтпаған екен.

Отанымыздың қазіргі даму қарқыны біздерді тек қана жақсыға ұқсап емес, жақсы да бола аларымызға сенімді етеді.  Біз тек жақсы болып қоймай басқаларға үлгі де бола алармыз…  Неге болмасқа…

Екі миллион ғана халқы бар Әмірлік арабтар теңіз ортасына өздерінің ұлттық белгісі пальма түрінде жасанды аралдар салып, қала тұрғызады. Теңізге диаметрі 20 шақырым әлемнің картасы түріне келтіріп аралдар салады да, әр елге сол аралдарға өз мәдениетімен аралды мекендеуге ұрқсат етеді. Олардың осы еңбектерін  әлем ғалымдары “әлемнің сегізінші кереметі” деп бағалайды…

Біздің олардан неміз кем?.. Арман деген сөз мағынасы қандай ыстық… Армандап көрелікші…

Екі миллион халық ауыз біріктіріп, соның арқасында әлемді таңдандырып жатса, жирма миллион талантты да, өнерлі жастары бар, шетсіз-шексіз жері бар, Жаратқан аямай берген байлығы бар, егемен ел атанған, жарқын болашағы бар,  біздер, қазақтар  елі неге әлемді таңдандырмасқа!.. Неге біз әлемге әлемнің тоғызыншы кереметін сыйламасқа!..

Ниетімізді қанағатқа, аузымызды бірлікке жеткізе алсақ,  өнеріміз бен талабымыздың ол атаққа жеткізеріне мен кепілдік берер едім!..

Ақтау-Сити жобасы градсоветте талқылаған кезде сәулетші ағылшындарға біз жобаны нақтылау барысында салынатын үйлердің бейнесінде қазақ ұлтының сәлеті мен болмысын ұмытпауды сұраған едік. Ендігі жерде жобаның өндірістік нұсқаларын талқылаған кезде осы мәселеге баса назар аударылса екен дейміз.

Дүние жүзінде Ситилер көп секілді. Біз болашақ ғажайып қаламызға қазақша ат қойған дұрыс болар еді-ау деген ұсыныс жасаймыз.

Маңғыстаулықтарды болашақ Ақтау-Сити қаласының қазақша атын табуға атсалысуға, ұсыныстар түсіруге шақырамыз..

Ал өзіміз “Арман Қала” деген ат ұсынамыз…

Жолың болсын Ақтау-Сити!..

Ел-жұртыңа бақыт пен байлық ала кел, Арман Қала!

Іске сәт!..

                                               Сайын Назарбекұлы

                   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

                   Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

                Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі

 

 

 

“Ақтау-Сити” жобасы

 

Құрметті Ақтау қалалық мәслихат депутаттары! Сіздерге осы сессия жұмысына қатысуға мені шақырғандарың үшін рахметімді айтамын және сессия жұмысына табыс тілеймін.

Сіздер Ақтау қаласы үшін көптеген пайдалы шешімдер қабылдап келесіңдер. Ал бүгінгі қарап жатырған мәселелеріңнің мәні ерекше деп ойлаймын. Мен “Ақтау-Сити” жобасын ерекше қуанышпен қабылдадым.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың басында туындап, жарты жылдан бері әлемнің көптеген сәулетшілерінің талқылауына түскен, әлемнің экономистерінің сараптауынан өткен “Ақтау-Сити” жобасы іске асырылған кезде тек қана Сіздер мен біздің емес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының мақтанышына айналатынына сенімдімін. Өйткені дәл осы секілді жобаның, біз бір топ ақтаулықтар, Дубай қаласында, араб теңізінің жағасында іске асқанын көріп, адам баласының тындырған ісіне бола, ерекше сезімді бастан өткізіп келдік.

Біз теңізіміздің жағасында болашақ өмірге келмек Әмірлер еліндегі “Дубай-Марияна” секілді жаңа қала үшін іштей мақтаныш сезіміне бөлендік.

Бұл мақтаныш – елінің жетістігі үшін азамат мақтанышы!

Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі ретінде, Ақтау қаласының жай ғана тұрғыны ретінде Қазақстанның Тәуелсіздігіне 15 жыл толар-толмаста біздің Отанымыздың бір облысы ғана әлемді елең еткізерлік осындай қимылға бара алуына деген мақтаныш сезіміне бөлендім!

Бұл біздің қаламыздың емес, облысымыздың үлкен жеңісі!

Бұл жоба – Қырымбек Елеуұлының саясаттағы да, экономика саласы бойынша да үлкен нәтижелі ісі болды. Мол шетел қаржысы Каспий теңізі мен Ақтау қаласы үшін еңбек ететін болды. Бір тиынын босқа шашпайтын, ақша санап үйренгендердің  озық технологиясы мен озық тәжрибесі біздің қаламызды әлем мойындаған озық деңгейге жеткізуге қызмет етпек. Осындай жолға  басылған қадамды қалай мақұлдамассың! Қалай “Сәт сапар саған, Ақтау-Сити” демессің.

Бұл біздің облыстың Елбасының Қазақстанды озық 50 ел қатарына қосу бағытындағы жоспарының Маңғыстаудағы көрінісі болмақ.

Енді бір-екі ауыз сөзді Әмірлік еліне, Дубай қаласына арнайтын болсақ, ол елде бар істелінетін шаруа жеке бір кісінің емес, тұтас қауымның көңілін табуға арналатын секілді. Ол елдің сәулетшілері адамдарына тәртіп бұзуға мүмкіндік қалдырмайды екен.

Мысалы әр түп гүлдің астына су тамызып жатқан система, сені үнемшілдікке баулымай қайтеді.

Екі миллион жұрты бар ел, бес миллион келімсекке жұмыс тауып беріп отыр. Барлығының өз орны бар, өз құқы бар. Бірін бірімен араздастырар сылтау қалдырылмаған. Бәрі шешілген. Қалай риза болмассың.

Қу медиен ақ шағыл құм далаға гүл жайнаған қала салып алыпты. Аяқ басар бос жер жоқ. Ғимраттар мен жолдар, олардан бос жерге көк шөп егілген. Біздердегі секілді “шөпті баспа” деген жазу жоқ. Бірақ шөпті бастырмаудың бар амалын істеген. Адам жүретін жерлерге тас төсеген. Орынсыз өтуге тырысатын жерлерге ағаш егіліп, араларына биік шарбақ салып тастаған. Амалсыз мәдениетті боласың.

Біз аралап көрген отыз, қырық қабатты он екі үй бір ауыл секілді. Үйлер арасын екі-үш қабатты құрылыстармен жалғастырған. Сол үйлердің екінші-үшінші қабаттарында автотұрақ, паркинг. Олардың тазалығы біздің мәдениет сарайынан кем емес. Әр машина қойылатын жерде машинаның шығаратын газын сорып алатын арнайы қондырғы. Бірнеше жүз машина тұрған жерде танауыңды жыбыр еткізер бір иіс жоқ. Бірінші қабатында ресторандар мен кафелер. Дүкендер мен клубтар. Спорт кабинеттері мен балалар ойнайтын алаңдар. Мектеп те, бала-бақшада, спорт алаңы да сол жерде. Теңізден 200-300 метрдей жердегі үйлерге канал арқылы теңіс суын айналдырып қойып және соның қасына бассейін де салып кетіпті. Кішкентай балалар ойнайтын алаңға бір машина құм төгіп тастапты. Балалар шашып тастаған құмды ауық-ауық қызметшілер жинастырып кетіп тұр. Бұл елде әлгідей ауылға бір септик салады екен де, кешке, адамдар ұйқыға кеткенде арнайы машиналар сорып алып кетеді екен. Бір ауылдың системасы бұзылып жөндеу керек болса, басқа ауылға зияны жоқ. барлығы бөлек-бөлек жобаланған. Құрылыс салу қарқыны соншама тез. Біраз елді көрген, қырық бес жыл құрылысшы атанған менің өзім өз көзіммен көрмесем басқаның сөзіне нанатын емес екенмін. Қалай қызықпассың.

Қытайға барған сапарымда қытай қазақтары “қытай көргенін істейді” деп қытай халқын келемеш ететінін естіп едім. Көргеннен үлгі алып, дүние жүзінде қандай жаңалық бар деп әлемді кезіп жүретін американдықтар мен ағылшындар, жапондар мен қытайлар, “көргенінен көз ақы алып”, бұ күнде бәрі озықтар қатарына қосылды.

Адам да, маман да көргенінен үлгі алады.

“Ақтау-Сити” жобасының еліміздің жалпы құрылыс мәдениетін дамытуға болашақ тигізетін пйадасының орасан зор екеніне көзім жетеді. Құрылысшы мамандарды айтпағанның өзінде Қазақстанның құрылыс, сәулет мамандықтары бойынша оқып жатқан мамандарының болашағына зор әсері болмақ.

“Ақтау-Сити”  жобасының адам психологиясына тигізер әсері де мол болмақ. Жақсыны адамдар сақтайды. Ақтау қаласының көшесіне гүл егіле бастағанда гүл тағдырын ойлағанбыз, тентектер жұлып тастайды-ау деп қынжылғанбыз. Жоқ, бәрі орнында, көз қуандырып өсіп жатыр.

Ол елдің аз ғана уақытта озықтар қатарына қосылуының басты себептері:

  • Елдің ауызбірлігі. Халқы патшасын пайғамбар дәрежесіне көтеріп тастаған;
  • Шет ел қаржысын пайдаланудың тиімді жолын тапқан;
  • Басқа ел ғалымдарының ақылын пайдалану, тәжрибесін пайдалану ең жоғары орында тұр;
  • Халқының жаңалыққа деген ынтасы қалыптасқан.

Осыларды зерделей келіп, біз ақтаулықтар үшін арнайы туристік сапар, Ақтау-Дубай маршрутын ұйымдастырса қалай болар еді деп ой тастаймыз.

Ол елдің ел басшысын қалай құрмет тұтатынын, қаласын қалай мақтаныш ететінін, өз қолдарымен және шет ел қаржысымен не тындырып жатқанын көріп келсе, сондай кісілердің қаламызға жақсы ықпалы болар еді-ау деп ойлаймыз.

Үлгі ала білген үлгі бола да біледі.

 

                                   Сайын Назарбекұлы. Ақтау. 29.11.2006 ж.

 

 

Запись опубликована в рубрике Отан.Жер. Ел. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.