Азамат шөлі

 

 

         Кеңес үкiметiнiң кезiнде бiр аңқау әкемiз: “Осы үкiмет орнағалы бүiрiм шығып бiр тоймадым” дегенi үшiн бiраз жылға өз әкелерiнiң бiр кезде ит жегiп “серуен” салған жағына барып қайтса керек.  Осы тәрiздi әр түрлi әңгiмелердi естiгенде, апырым-ай, сол кездегi кiсiлер ойын қайда сиғызды екен? Жалпы халық қамының ұраны емес, қарынының қамы туралы бiр ауыз сөз қалай бағаланған? Ол кезде: ел қамын жеген-халық жауы, барлықты мақтаса-тап жауы, аузыңа алла түсiп кетсе – партия жауы, жұмсамақ болсаң – ұл жауы, ұзатпақ болсаң – қыз жауы, жан-жағың түгiл өз ошағынан жау iзде деп үйреткен заманда даңғойлау ағайындар да өз ортасынан жау  iздеп сабылған сияқты, талайлар iстеген iсi емес жақпай қалған бiр ауыз сөзi үшiн “өмiр мектебiнен” өтсе керек. Ал нағыз кiсi елi туралы ойланбай отыра ала ма? Ойланса көкейдегi ойды көмейдегi сөзге айналдырмас па?

         Кәзiр құдайға шүкiр, ойланамыз да, ойымыздағыны айтамыз да. Көп кiсiлер өзiн ұлтынын жанашыры санайтын шығар менде өзiмдi солардың бiрiне санаймын. Қасымдағы кәзiргi  тiрiлердiң емес, қазақ халқының кешегi  қылығына ұяламын, мың жыл бұрынғы iстеген ұлы iсiне мақтанамын, ақтабан заманы үшiн көзiме жас келедi. Болашақтағы шығар дәмелi шыңымыз менi iлгерi жетектейдi. Келешекте өзiнiң ұлттық мәдениетiмен, дарынды ұлдарымен дүние жүзiне белгiлi болған, мыңғырған малымен өркендеген өнеркәсiбi бүкiл әлемге мен мұндалап қол былғап шалқып жатқан Қазақ елiн көзiме елестетiп, кейде осы күндерде-ақ төбем көкке жетедi.

         Елiмiз мынау арман жолға – көп ғасырлық бодандықтап кейiн өз бұйдасына өзi ие болып шыққан ең Ұлы жолына шыққанда, келiңсiз қылықтары үшiн бетiм қызарады, өзiмдегi үшiн өртенiп кетуге бармын.

         …Аңқа кептiрген аңызақ. Кiтапты қолға алып байтақ Қазақ елiнiң шексiз-шетсiз жерiнiң көп жерiнде жиi кездесетiн аңқаңды кептiре аңызақ желдердi, тыныс тарылтар лепсiз қапырық түндердi еске ала оқи бастадық. Бiрақ кiтапта табиғат туралы әңгiме кездесiп жарымады. Аңызақ та, қапырық та, ұйтқыған құйын да, сықырлаған аяз да – бәрi де адам жаны, кiсiнiң кiсiлiгi маңында болып шықты. Кiтапты Темiрханмен бiрге күйзеле, бiрге мұңдаса оқи бастадық. Аңқа оқиған сайын, апырым-ай, туған жерге менен де гөрi жаны ашыңқырайтын, қайғысына менен де ғөрi қабырғасы сөгiңкiрейтiп, мың-мұқтажын менен де гөрi таныңқырайтын кiсi бар екн-ау деген ойға қалдым. (Тiптi бойымды азғана  қызғаныш сезiмi бiлегендей ме?)… Оқыған сайын жандағы шөл күшейе түстi. Өзiмiздiң рухани шөлiмiз. Бiзге де көптеген шөл бар болатын, сөйтсек Темiрхан да шөлдеп жүрiптi, айырмасы бiз жай шөлге тап болсақ, ол аңқа кептiрер аңызаққа тап болыпты. Жанымыз ашып кеттi.  Соданда ма, шөлге  шөл қосылды, ендi бiзде аңқа кептiрер аңызаққа тап болдық.

         Бұл кiтап өлеңдерi нәрлi сөздерiмен, табиғаттай шындығымен, нәресте күлкiсiмен, нағашы-жиен қалжыңындай өткiрлiгiмен, қайын жұрт қабағындай сыншылдығымен арбап, алғашқы бетi келесi бетiне, келесiсi соңғысына қарай жетелей бердi.

         Оқыған сайын көп нәрселерге басқаша көз қарас пайда болды, кейбiр өлеңдердiң нәрлi сөздерiнен рақатқа батсақ, кейбiр өлеңдер өзiмiз бiлетiн аралазы қылықтардан жеркендiре түстi. Ал кiтаптағы кейбiр кiсiлерге жұдырық жұмсағың кеп кетсе, ендi бiрiне жаныңды ортаға салып ара түскiң кеп кетедi… Кiтаптың кез-келген бетiнен адамның жеке  бас мәселелерiмен қоса, елдiк, тiптi дүние жүзiлiк талқыға салуға тұратын ойларды  оқуға болады…

         …Бұл уақыт бiр ұяға қарай ма?

         Машинаға жүру керек қалай да!

         …Шофер жiгiт, машинаңда ұя бар, абайла ендi, абайда!

         Маған осы жолдар – халқымыздың тағдырындай болып көрiнедi. Кез-келгенiмiз шофермiз. Бәрiмiз де абай болуымыз керек. Елiмiздi, ұямызды айлапат тарих дөңгелегiне iлiнiп бара жатқан ұядай қылмайық. Елiң дәрменсiз балапандай жаутаңдап қалмасын деп тұрғындай байбалам салады.

                   …Көмейiңе тас тығылып тұншығып,

Кетесiң ғой мың бүгiлiп,

Мың сынып –

шыр-шыр етiп,

шыр-шыр етiп барады

машинаның бауырында тiршiлiк!

         …Аңқасы кепкенi былай тұрсын, шыбын жаны шығып кеткенi тұрған жоқ па?

         Мiне ақын деген осы. Ақындар болмаса бұл дүниенiң нәзiк сырларына жаныңды елжiретiп жетпай-ақ, трактор сүйрейтiн темiр арқан бойымен тiп-тiке тарта беруге де болар ма едi. Онда өзiмiздiң тракторге айналып кеткенiмiздi байқамай қалар ма екенбiз. Онсызда кейбiр кiсiлерiмiз Америка видеосындағы басқа планетадан келген роботтардан аумай барады.

         Жүздеген жыл iрiлiктен қорлық көрiп, запы қылып тастаған заманнан туған, бiрақ сәл сүрiнсе пiлдi де талап, түйiр-түйiр етiп тасып алып кететiн – уақ мiнездi, уақ тiстi, уақ iстiлердiң қоғамға қаншалықты қауiптi екенiң мен тек қана Темiрханның “Кiшкентай адам” деген өлеңiн оқығаннан кейiн түсiндiм.  Солардың арқасында орталарындағы азылылардың азуын қағып, ақылдылардың басын алып, арғымақтардың тiрсегiн қиын, жемiстiлерiне бекiту салып, шабандарын қамшылап бiр тобырға бiр үйiрге жиып алғаннан соң қамшы батқан, есi кеткен ол үйiрдi қалаған жағыңа айдау қиын емес болса керек.

         Олар (кiшкентай адамдар) – елiн халық жауы деп қырып жатқанда қабағын шыта алмайды, бұрын қазақ болсаң ендi кеңсе боласың десе басын изей салады, бүгiн дiлiңдi, ертең тiлiңде дегенде де ашып ештеңе демейдi. Бар айтары “бiз кiшкентаймыз” дейдi.

                   “Қауiптi айтсаң жердiң үстiн торлаған”

                   “Кiшкентаймын!” –

                   деп тайқиды оңбаған.

                   Тоқ керiлiп кетсiн, мейлi, дүние,

                   Өзi бiрақ аман болса болды оған.

         Бiрақ сол “кiшкентайлар” төбенi жер еттi, жердi тозаң еттi. Ердiң есесiн, елдiң еңсесiн түсiрудге көмек еттi. Кәзiр ел болып сол тозаңды жер етуге, елдiң еңсесiн көтеруге еңбек етiп жатырған кезде олар әлi  “кiшкентай”. Тек сырттан сөз айту, барлық iс iстегендердi де, iстелген iстi де жамандау, ал өзiнен сұраса: баяғы кiшкентайлық. Бұл iс әрине ел болам дегенге керек-ақ, ал “кiшкентайларға” – керек емес – оған көктем бүртiгi, керек емес оған ел мен жұрт үнi…

         Осыдан артық қандай дәл анықтама керек!…

         “Сталин өлген күн” атты өлеңдi оқығанда менiң есiме талай пiкiр таластырған көптеген замандастарым мен аға ұрпақ өкiлдерi еске түсе кеттi.

         Сталин бiлмей қалды деп ақтайтын және неге екенiн бiлмеймiн, өздерi ақталатын да сияқты едi.

         Менiң туған аулымнан “полуторка” машинаға бiр түнде он тоғыз қойшыны тиеп кетiптi. Бiреуi де қайтқан жоқ. Қаттылықты қалай  ақтауға болады, қанiшердi қалай жақтауға болады?

         Немесе Темiрханның поэмасы – 1937 жыл.

         … Менiң есiме 1967 жылы сұхбаттас болған, сол кезде Жоғарғы сот мүшесi, жаны жаннатта болғыр, Сақбаев Сапы ақсақалдың бiр әңгiмесi түсе кеттi…

         Ұрлап мал сойып жедi деген қылмысты iстi тексеруге тергеушi жүрiп кеттiк. Елде аштық. Қонаға жолда тұрған жалғыз киiз үйге түстiк. Көшуге көлiгi жоқ, екi баласымен жұртта қалған аш әйел..

         … Қайтарда тағы да жол ортасы сол үйге түстiк. Әйел ет асып отыр екен, бала жалғыз. Бiз ол үйге тоқтай алмадық.

         …Не деуге болады? Қырылып жатқан елдiң есебi ешкiмге қажет емес, бiр бос малды жоқтап екi күндiк жолға екi адам жол жегiптi…

         …Бiр ошақты емес, тұтас бiр елдi, бiр ел емес дүние жүзiнiң алтыдан бiрiн апатқа ұшыратқан қаталдықты, қанiшерлiктi адамдар қалай аузы барып ақтауға болады. Баланы әкесiне күдiктене қаратып қойса оны қалай жақтауға болады?

         …Сезiк кiрдi саңылаулардан сыналап. Күдiк тұрды босағандан сығалап…

         Ол заман бiр-бiрiнен өш алудың таптырмайтын құралы болды. Бар болғаны жала жаба салса  болушы едi, соны сұп-сұр үндеместер iске асыра салатын.

         “Пайда болды үндемейтiн күлмейтiн бетi сұп-сұр, iшi күнгiрт адамдар, қаптап өрiп бара жатты жер үстiн жал-жала, жала-жала, жалалар”.

         Төмендегi сөздердi тек қана Абай айтқандай ата баласы емес адам баласы айта алар.

                   Ағытып бар iштегi зар тиегiн

                  Өртке айналып өртенемiн,

                   Күйемiн.

                   Мынау зарлы,

                   мынау сұмдық жоқтаудан

                   үгiтiлiп бара жатар сүйгiң – деп,

немесе:   Көмей бiтiп шығара алмай үндi өзге,

                   Қорғасын жас балқып ерiп тұр көзде –

айту үшiн ақын жанына өзге деген өзiм, деген сөзден онша қашықта тұрмауы қапи болады.

         Өзiнiң өзге үшiн өртенiп тұрған өзегiне, өзiмшiлдiң сұсты түрi су сепкендей болады, сол кезде төбе шашы тiк тұра:

                   …Оны көрсең тiк тұрады шашыңыз,

                   беттен қақты кәрiмiздi жасымыз.

                   …Ең болмаса қасiреттi күнде де –

                   о, құдай-ай –

                   пiспей қойды-ау басымыз! -  деп шошиды.

 

                   … Жүрсе бiреу қалт-құлт етiп амалдап

                    Кертартпалық жатып алса табандап

                   тұрса бiреу қауiр күтiп алаңдап…

                   …Күдiкпенен қарап бiреу заманға,

                   — арсыз бiреу басса арлыны табанға…

                   ақиқаттан үстем шығын қаралық

                   бiреу жүрсе қабақ ашпай қабарып,

                   …көзiнен-жас,

                   жүрегiнен қан ағып.

         Ақын қалай бақытты бола алмақшы? Дүниелiк өмiрiнде осылай сөйлеген кiсiде, және сүрген өмiрi тоқырау заманы мен қайта қүру болса ақын жандылардың рухани, қуанышының қаншалықты болғанын болжау қиын.

         Темiрхан Медетпек:

                   Өмiрем қап та өл дейтiн

                   Қызғаныш көрiп, жылады-ай!

                   Жанының жасын көрмейтiн

                   Безбүйректерге шыдамай,

         Жарылды ақын жүрегi! – деп өзi айтқандай, заманына, түсiнбейтiн, немесе түсiнгiсi келмейтiн замандастарына өмiр ақықатын түсiндiремiн деп жүрегi қинала бiр емес мың өлiп мың тiрiлетiн болар, қиналатын болар.   Ел басындағы, жеке кiсi-басындағы торгышарлық, тоқмейшiлiк, тоқыраушылық, топастық қасиеттерге бола өзiн өзi бақытсыз санайтын да болар.

         Бiрақ ол бақытты ғой.

         Ол өзiн бiрде өлтiрiп, бiрде тiрiлткен, бiрде су сепкендей сабасына түсiрiп, бiрде дауыл үрлеген өрттей жалындатқан, бiрде тұңғиық мұңға батырса, бiрде ұшар ұшпаққа шығарған, бiрде ең соңғы бимазадай ұсақ-түйектi терiп бетке бастырса, бiрде ауқамына әлемдiк мәселе алдырған айтқызған өлеңдерiмен бақытты ғой…

 

                                                                  Сайын Назарбекұлы

                                                                  Тоқтамыс

                                                                  06.12.1994

                           

 

Запись опубликована в рубрике Тұлғалар туралы. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.