Адам көркі

 

Маңғыстау, 11.11.2003

 

 

Адам көркі

 

         “Адам көркі шүбірек, ағаш көркі жапырақ” деген екен бұрынғының даналары. Қандай сыйпатты сөз. Осы бір ауыз сөз сәукелелі қалыңдықты, ақ желеңді келінді, сыпайы шапанды ақсақалды көз алдыңа келтіре қоймай ма? Сәукелелі қалыңдықтан көрікті кім бар, бұ ғаламда.  Шіркін, ақ желеңі желбіреп бара жатқан жас келіннен аяулы кімді атай аласыз, бұ дүнияда. Адам көркі шүбірек екені рас.

Дегенмен, жазбақ болып отырған мақаламыздың тақырыбы театр туралы болғандықтан біз өз мақсатымызға қарай ойысалық…

Адам көркі тек қана шүбірек пе? Мәдениет деген не? Мәдениетті адам деген кім?

Талай кісінің ойына келген сұрақтар. Талай адам жауап берген мәселе. Біз де солардың біріміз.

Маңғыстау төлі болғандықтан туған өлкеміздің тағдыры өз тағдырымыз екеніне сенімдіміз. Маңғыстаудың атағына айтылған әр теріс сөз біздің жүрегімізді тесіп бойлай өтіп жатса, әр бір жақсылық хабар ұшпаққа шығарып кетеді.

Бұдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік радио өзінің таңғы хабарында бүкіл қазақстандықтардан сүйінші сұрап, өкіметіміздің Ақтау қаласында “Маңғыстау музыка драма театырын” ашуға шешім қабылдағанын хабарлады. Қуанып кеттік. Жалма-жан облыс мәдениет басқармасының бастығынан бастап бүкіл ниеттестерімізге хабарласып, қуанышымызға ортақтастырдық. Бірақ театр ашылмай қалды. Облыс басшылары қаражат жоғын алға тартып, бұл мәселеге қолдау жасамаған. Осы жылға дейін Маңғыстау облысы Байтағымыздың бір де бір театры жоқ жалғыз облысы болып келген еді. Құдай сәтін салған үстіміздегі жылы сол сағынышты театрымыз да ашылды.

Бардық, театрда көпшілікпен жүздестік.

Қойылымды көрдік, сезімімдерімізді ояттық.

Сөз тыңдадық, ой түйдік.

 

Сонымен театр деген не нәрсе?

Театр адамға қандай әсер ете алады?

Адам өмірінде театрдың қандай орны бар?

 

…Біз бұл сұрақтарға өткен дәуірлерден қалған бұ заман адамдарына үлгі боларлық бір мысал арқылы жауап беруге тырысып көрелік…

…Ежелгі гректер өз қаласына басқа бір театр коллетиві (труппа) келіп жаңа қойылым қоятын болса, түрме басшылары сол күні барлық тұтқындарға театрға баруға (бақылаусыз) ұрқсат етеді екен. Ал қылмыскерлер театрдан кейін бір адамдай түрмелеріне қайтатын болыпты.

Адам-Ата балалырының өнерді өркендету жолындағы еңбегімен, артына қалдырған мұраларымен дүние жүзіне әйгілі елдің тек қана осы әрекеті театрдың адам өміріндегі орны мен адамның театрға деген көз қарасына ешқандай қосымша түсініксіз жауап бере алады.

…Сонымен Маңғыстауда театр ашылып өз қойылымын көрсете бастады. Біз де бардық. Алғашқыларына да, соңғысына да (“Махамбет”) бардық. Театрға уақытынан сәл ертерек бардық. Шынында да “адам көркі шүбірек” деген рас екен. Жайнаң қаққан жастар. Араларында барын киіп алған біздің құрдастар, шалдар мен кемпірлер. Жастары гү жайнап, үлкендері шетінен жасарып кеткен. Театрдың әр жерінде әңгіме-дүкен соққан адамдар. Барлығының да кісілермен араласу, ағалармен сәлемдесу бақытына ие болғандары байқалып-ақ жатты. Сәнқой келіншектердің айна алдында талай сағат жоғалтқаны, шаштараз маманының олардың шашына қалдырған қол таңбалары да көзден таса қалмады.

Көпшілікке сәлемдесіп те жүрміз, сөздеріне құлақ та түріп бақтық. Бүгін бұлар басқаша секілді. Қысыр сөздер қысқарған. Мәдениет туралы, театр туралы білгендерін айтып жатыр. Баяғы жас кезіндегі, студент кезіндегі барғандарын, көргендерін естеріне алысып, тап осы сәтте рухани тірліктің ағыс-арнасына түсіп кеткендерін байқатып жатыр. Өңдерінен парасаттылық пен зиялылық бой көрсетіп жатса, сөздерінен адам пендесінің бойындағы ең асыл қасиеттер – мәдениеттілік пен рухани тірліктің иістері байқала бастаған.

Бұларға не болған?

Бұлардың санасына кенеттен қандай құдірет әсер ете қалды?

Ол құдірет – театр атты құдірет еді. Театр есігін адамдардың кез келген киіммен аша алмайтыны секілді, оның ішіне еніп кеткендер кез келген ойға да беріле алмайды. Бұл театр құдіреті. Театр аяғыңды сәндеп бастыртады, сөзіңді аңдап сөйлетеді. Театрдың сондай қасиеті бар!..

Жарықтық Маңғыстаулық Мәтжан би: “Менің көже қарынымды тойдырған бір жер бар, ол –  Харазымның ойы, Әмударияның бойы. Менің көңіл қарынымды тойдырған бір нәр бар, ол – ескілердің сөзі, Ерменбет бидің өзі” – деген екен.

Күнде көрісіп жүрген адамдарды танымай қалғандаймыз. Сөздері мәнді, ойлары мағыналы. Қылықтары сыпайы, мінездері сырбаз. Кейбіреулері кемпірлерінің қолтығынан демеп баспалдаққа көтерілуіне көмектесе қалыпты…  Міне ғажап!.. Аяқ астынан “көже қарынның қамынан көңіл қарынның” қамына ауыстырып жіберген не құдірет?.. Ол –  тағы да театр құдіреті!.. Сөз жоқ театр құдіреті!..

Театрлы болып, осылайша  маңғыстаулықтардың бағы ашылғаны  секілді, Маңғыстау театрының бағы да жана бастады. Алғашқы қойылымымен-ақ (Томирис) республикалық байқауда лауреат атанды. Осы жақын арада Орал қаласында өткен республикалық театр фестиваліне қатысып, төрелер алқасынан ең жоғары мақтау сөздер естіп қайтты. Театр бас режиссері Гүлдана Мерғалиева жас режиссерлер арасындағы “ең озық режиссер” аталып, фестиваль лауреаты атағын алып қайтты. Екі қойылымының да аворы бір кісі – ақын, драматург Б.Беделханұлы. Көп жылдар бойы Маңғыстаудың мәдениет саласына тер төгіп келе жатқан Нұрнияз Мұхановтың театрға басшылық етуі де театр бағын аша түскендей.

Әрине, театрды, оның директоры мен көркемдік жетекшісін қанша мақтағанмен, театр мен режиссерді атақты ететін де, көрермендерін сан түрлі сезімге бөлейтіндер де артистер. Солардың еңбегі мен таланты.

Біздің театр артистері – биыл ғана Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген жастар. Осы мақала авторы Оралда өткен театр фестиваліне қатысып, республикалық барлық театрлардың қойылымдарын көріп, театр мамандарының пікірін естіп келген кісі. Жюри:

Қадыр Мырзалиев – жюри төрағасы; мүшелері:

Сания Дүйсенханқызы, өнертану ғылымының докторы;

Әшірбек Сығай, өнер академиясының профессоры, ғылым докторы, театр сыншысы;

Есмұхан Обаев, өнер академиясының профессоры, ғылым докторы, театр сыншысы;

Маман Байсеркеев, өнер академиясының профессоры;

Бағыбек Құдақбаев, өнер академиясының профессоры, ғылым докторы;

Ақұштап Бақтыгереева, ақын;

Мұрат Ерғалиев, мәдениет министірлігінің театр бөлімінің басшысы.

Қойылымдарды талқылауға мәдениет министірлігінің өкілі Сәулебек Асылханов қатысып отырды.

Біз енді сол, атақты театр мамандарының Маңғыстау театрының қойылымын талдау кезінде ауыздарынан шыққан сөздерді есімізге түсіріп, үзінді келтіріп көрелік.

Е.Обаев: Біздің кейбір сыншыларымыз Қазақстанда режиссерлік мектеп қалыптаспаған, театр режиссурасы кенже қалған деуден жалықпай келеді. Сол пікірдің қате пікір екенін мына жап-жас Гүлсина дәлелдеп берді.

М.Ергалиев: Массовкадағы адамдар қалай орындарын тапқан. Өңдері де, фактуралары да жарасып тұр.

А.Бақтыгереева: Адай елінің әдеті, жылауы, зары, әні қойылым желісіне айналған.

Ә.Сығай: Қазақ халқы талантты халық. 150 млн. халқы бар Россияда ауызға ілінерлік жалғыз-ақ режиссер әйел бар еді. Біздің азғантай елімізден Гүлсинадай таланттың шығуы халық мәртебесі.

М.Байсеркенов: Қойылым сәтті шыққан. Арманшыл қыз (Бану Манкеева) болашағының зор екенін көрсете білді. Біз бұл пьесада Махамбеттің алды ор, арты төр адам екенін толық түсіндік.

Сәулебек Асылханов: Бір қуанарлық нәрсе режиссер мен драматургтің шығармашылық одағы, достығы.

Енді біз мәртебелі жюрилердің пікіріне, Гүлсина қойған бұл пьесаны Оралда да, Ақтауда да көрген көрермен ретінде, бір-екі ауыз сөз қосалық. Бізді қуантқан ең басты жетістік, ол – Махамбеттің Маңғыстаулық Махамбет болып шығуы. Қойылым ұдайы Жылкелдінің “Құнан нар” әнімен әдіптеліп, көркемделіп отырады. Майра Бақбердиеваның (азалы кейуана) “Құан нары” ән болмысын, ән әуенін сақтай отырып зарлы сазда орындағанының өзінде Махамбеттің трагедиялық сценасына желімдей жабыса кеткен.

Арманшыл қыз (Бану Манкеева), қуанышты қыз шыға келгенде амалсыз шаттығына ортақтаса кетесің.

Негізгі ролдерді орындаған Кенен Ақүрпеков (Махамбет), Медғат Өміралиев (Жәңгір хан), Кенжебек Башаров (Баймағамбет сұлтан) секілді жас артистер Маңғыстау театырының болашағының зор екенін дәлелдеп берді.

Театрда орынсыз айқай-шу жоқтың қасы. Әйелдер зары, жылау таза ұлттық үрдістен алынған.

Жас театрдың республика деңгейінде атақты бола бастауына, біз, облыс басшыларының театрға, өнерге деген көзқарасы, жас артистерге деген қамқорлығы да әсер еткен болар деп ойлаймыз.

Әр адамның өз пікірі болатыны заңды құбылыс. Біз енді айтпақ сөзімізді сынау мақсатында емес, өз ойымызды әрі қарай дамыту мақсатында келтірмекпіз.

Сыншыларымыз театрды қозғалыс, қайшылық, өмір тартысының орны деп, соларға көңілді көп бөлуді талап еткенімен режиссерлердің қазақ халқының “өнер алды қызыл тіл” деген даналығын естен шығармағаны жөн. Режиссердің басты міндеттерінің бірі әр артис аузынан шыққан сөздің тұтасымен көрермен құлағына жетуін, және оның түсінікті түрде жетуін қамтамасыз ету деп білеміз. Қазақ халқы үсті-үстіне бастырмалатып сөйлейтін ел емес. Көпшілігі асықпай сөйлейтін, сөзінің тыңдалғанын жақсы көретін жұрт. Сол жағы есте болғаны дұрыс. Өз сөзіне өзі шашалып, асығыстық жасалмаса дер едік.

Әйелдер образында ханшаның бүлікшілер ортасына елші болып келуі нанымсыздық туғызса, соғыс алдында сарбаздардың ыза-кегін туғызар, бойларына күш-қуат бітірер, атақты жырауларға айтқызар ұран сөздері жылау айтып жатырған әйелдердің аузынан естілгенде “әттеген-ай” дегізерліктей.

Сонымен, әлгі гректер түрмедегі қылмыскерлерді театрға босына босатпайтын болса керек. Театрдан шығып келе жатқан адамдар түсіне, өңіне қарап біз осындай сезімге бөлендік.

Адам көркі тек қана шүбірек емес, іштен тысқа теуіп тұрған, жаныңа жаңалық ала келген бір өзгеріс, соған сезімденген шағың да болса керек. Біздің театрымыз біздерді сол сезімдерге бөлей бергей.

 

Запись опубликована в рубрике Өнер. Кесенелер. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.